Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Е. Н. Дауенов Дәстүрлі қазақ этнографиясы оқу-...doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Жұмалық

Жұмалық (дәстүр). «Оқымаймын молдадан, Екі иығын қомдаған, бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан» (Жамбыл). Бұрынғы кездерде дәріс алып жүрген балалар молдаға арнап жұма күндері оған арнаулы сыбаға (ет, қымыз, май, кұрт., т. б.) әкелетін болған. Мұны «жұмалық» дейді. Жамбыл айтқандай молдалардың жұма күні «жұмалық» дәметіп отыратындары да болған.

Зікір салу

Зікір салу. (діни салт). «Міне бүгінгі кеш зікір сала бастамақшы». (С. Торайғыров). Бақсылар адам емдегенде қобызын тартып, жынын шақырып, ауруды айнала ойнақтай жүгіреді, яғни зікір салады. Бұл бақсының өзіндік ерекшелік белгісі. Сөйтіп, ол осындай ерекше кұбылыс, қимылдары арқылы ауруды қуып шықтым деп елді сендірген. Бақсылардың қобызбен жын шақыру, зікір салу кезінде өзіндік сарындары болған.

Зекет

Зекет (діни ғұрып). «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер, ғибадат етушілермен бірге бас иіңдер» («Құран кәрім»). Исламның төртінші шарты — зекет беру. Бұл малына алған өнімінен құдай, дін жолына, жетім-жесірлерге берілетін үлес. Зекет алтын, күміс қорынан да, ақшалай табысынан да беріледі. Малдан алынатын зекет мөлшері мынадай: 40 қойдан бір қой, бес түйеден біреу, отыз сиырдан біреу тағы сол сияқты. Әр жыл сайын зекет беру — әр адамның адамгершілік және мұсылмандық борышы.

Естірту

Естірту (салт). «Хабаршылар Ғалидің үйіне, Жамалдың үйіне кісі салып естіртті» (М. Дулатов). Ата-анасы, баласы немесе жақын-жуығы қайтыс болған жағдайда оны айтып жеткізуді «естірту» дейді. Естіртуші адам әлгі кісіге сыпайылап, тұспалдап жеткізіп, тоқтам айтып, оны бекем болуға шақырады. Қайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Халқымызда естіртудің үлкен философиялық, классикалық үлгілері бар. Мысалы «Жиреншеге Қарашаш сұлуды естірту», «Шыңғысқа Шоқан өлімін естірту», «Абылайға Бөгембай батырдың өлімін естірту» сияқты. Естірту қазаға байланысты жерде ғана қолданылады.

Ұлы өлмеген руда жоқ,

Қызы өлмеген Қырымда жоқ,

Қатыны өлмеген халықта жоқ,

Ағасы өлмеген аймақта жоқ

Інісі өлмеген елде жоқ

Әкесі өлмеген әлемде жоқ,

Шешесі өлмеген пенде жоқ,

Аққу ұшып көлге кетті

Дуадақ ұшып шөлге кетті,

Кұдай сізге бір гауһар тас беріп еді,

Оны иесі өзі әкетті.

Шоқан деген балаңыз

Бәріміз баратын жерге кетті...

Жандос ұлы Келдібек Шоқан өлімін Шыңғысқа осылай естіртіпті.

Көңіл сұрау

Көңіл сұрау (дәстүр). «Соңғы кездерде Базаралы науқас дегенді естіп, көңілін сұрай барысты (М. Әуезов). Ауырып жатқан адамның көңілін сұрау — адамгершіліктің белгісі. «Аурудың емі — саудың сәлемі» дегендей аталы сөз бар. Қөңіл сұрай барған адамның науқасты жұбатып, «ауырып тұрдың — аунап тұрдың», «ауру батпандап кіріп мысқалдап шығады», «дертіңізге шипа берсін» деген сөздермен оның жазылуға деген сенімін арттыра түсуге тиіс. Бұл да адамға деген құрметтің бір түрі.

Құдайы

Құдайы (діни ғұрып). «Құдайыға боз дөненді лайықтап еді» (Қ. Сәрсекеев). Қездейсоқ апаттан аман қалғанда, азамат қиын сапардан оралғанда, немесе амандық жолына берілетін діни ғұрыптық дәстүр. «Құдайыға» мал сойып, көпшіліктің батасын алады.