Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Е. Н. Дауенов Дәстүрлі қазақ этнографиясы оқу-...doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Құлақ тесу

Қыздың құлағын тесу – дәстүрге енген ежелгі ғұрыптың бірі. Әдетте бойжеткеннің немесе балиғатқа толған қыздың (9 жас, кейде одан да ертерек) құлағын тесу үшін қыздың шешесі, жеңгелері, апалары жиналады. Құлақты уқалап, жанын кетіріп, қыздырылған жуан инемен немесе кәдімгі тарымен теседі. Ол үшін екі тарыны құлақтың екі жағынан бірінін тұсынан бірін дәл келтіріп қысады. Бір қызығы тесілген құлаққа қызыл иттің жүнін есіп өткізеді. Үлкен кісілер иттің жүнін өткізсе «құлақ іспейді, қотырланбайды, жара түспейді» дейді. Халық ұғымында қыздың құлағын тесу – оны сүндеттеумен бірдей деген қағида бар.

Мүше алу

Мүше алу (салт, дәстүр). «Мүше алып қашып жеңгеден, Бозбала ерке қызға апар» (Ғ. Қайырбеков).

Ойын-тойда, мерекеде жас жігіттер атпен келіп мүше сұрайды. Жеңгелері оған орамал, сақина, айна т.б. мүше береді. Алған жігіт оны ала қашады. Басқа жігіттер оны қуып алып қалуға тырысады. Қашқан жігіт мүшені өзі ұнатқан қызға апарып береді.

Сатып алу

Сатып алу (ырым, салт). Біреудің баласы туысымен шетіней берсе, яғни баласы тұрмаса, онда одан кейін туған баланы "сатып алатын" ырым бар, бұл ырым былай жасалады. Елдегі бақсы, балгер, кемпір әлгі үйге келіп, "менің баламды ұрлап алыпсыздар, өзім аламын" деп нәрестені ата-анасының наразылығына қарамастан алып кетеді. Бір-екі күннен кейін баласының әке-шешесі әлгі кемпірге барып, "бала сатып алады". Кемпір баланы керегенің астынан алып береді. Сөйтіп, бұл бала "сатып алынған бала" болып саналады. Баласы тұрмай жүргендерге бұдан басқа да жасалатын ырым бар. Мысалы, әлгіндей "баланың өмірі ұзақ болсын" деп жеті кемпірдің екі аяғының арасынан өткізіп алады.

Серке

Қыс айларында жылқышылар бір мықты айғырды немесе мініс атын бауырынан жаратып, құнтита ерттеп алады да, таңдаған бір үйге "серке жегелі келдік" деп түседі. Асы қашанда дайын тұратын қазақ "серке" деп келген соң, жылқышыларға мол етіп ет асады. Дәмі басталғаннан-ақ жаңағы жылқышылар сайлап келген айғыр қазан көтерген үйдің иесінің еркіне тиеді. Дәстүр бойынша серке атын қамап жылқышылар аттанғанша, қалай қинап мінем десе де, қайда барып келем десе де еркінде. Әдетте, жылқышылар түскен үйдің баласы мұндайда серке атын мініп алып, ойқастап, мақтанышпен қыр көрсетіп, бір мәз боп қалады. Жылқышылар ет жеп, мал қамын, қыс жайын дуылдаса әңгімелесіп, аттанарда серке атын өздерімен бірге ала кетеді. Сырт көзге бұл да бір парыз-қарызы жоқ, жарастықты рәсім болып көрінеді.

Селт еткізер

Селт еткізер (салт). «Ұйқыашар» дайындап өздеріне қызмет етіп, құрмет еткен, көңілі қалаған қыздарға жігіттер жеңіл-желпі ескерткіш, сый-сияпат ұсынады. Мұны «селт еткізер» деп атайды.

Сүйіндір

Сүйіндір (салт). Келіншек босанғаннан кейін оның анасы кәде, жорасын алып әдейі келуге тиіс. Бұл қалыптасқан салт және ананың міндетті парызы. Мұны қызын қияға қондырған әр қазақ әйелі білуге және орындауға міндетті. Ана болған өз баласының (қызының) қасында болып, оған рухани күш беріп, сенім туғызу, күту жолдарын үйретеді, ақылшысы, сүйініші, қамқоры болады. Құда құдағиларының немерелі болған қуанышына ортақтасады, нәрестеге арнаған бұйымдарын, сәлем-сауқытын ұсынады. Құрметті қонағы да болады.