Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Концепция каз_23_02_2013.doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
159 Кб
Скачать
☆
  1. Қазіргі жастардың өзекті проблемалары

Қазақстан жастарын әлеуметтендіру мәселелеріндегі қауіптер мен тәуекелдер мемлекеттік жастар саясатының өзекті күн тәртібін қалыптастырады, мемлекеттік органдардың, корпоративтік сектордың және азаматтық қоғам институттарының бәрінің күш-жігері соның айналасына шоғырлануға тиіс.

1. Дәстүрлі құндылықтар жүйесіне жаһанданудың қысымы

Жаһандану процесі экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени даму деңгейі әртүрлі мемлекеттердің ұлттық шекараларын ашады. Жаппай тұтыну мәдениетінің қысымымен дәстүрлі құндылықтардың аражігі жойылып бара жатыр.

Бүгінде бүкіл әлемде ұлттық мемлекеттер жас ұрпаққа ашық әлем шарттарында қоғамның дамуындағы сабақтастықты сақтап қалуға мүмкіндік беретін құндылықтардың сенімді жүйесін ұсынуға мүдделілік танытып отыр.

2. Еңбек құндылықтарының доминантты емес дәрежесі

Қазіргі уақытта жастар арасында прагматикалық бағдар күшейіп келе жатыр. Өмір құндылықтарының қатарында материалдық игіліктерге ұмтылу анағұрлым маңызды болып отыр. Бұл ретте көбінесе өмірдегі жетістік, әлеуметтік жоғары мәртебеге қол жеткізу өз қабілетімен еңбек етумен, алға қойған мақсаттарға қол жеткізумен, қойылған мақсатқа біртіндеп жетумен тікелей байланыстырылмайды.

3. Патернализм және әлеуметтік инфантилизм

Экономикалық өсу қоғамда әлеуметтік межелердің ұлғаюымен қоса жүретінін, мемлекетке деген патерналистік көңіл-күйдің тарауына және инфантильді азаматтардың ұрпағын қалыптастыруға ықпал ететінін әлемдік практика көрсетіп отыр. Мұндай құбылыстар Қазақстанда да байқалады. Социологиялық зерттеулер бүгінде Қазақстан жастарының 58 %-ы өз мәселелерін шешуде мемлекет тарапынан болатын көмекке толықтай сенім артатынын, бозбалалар мен бойжеткендердің 92,5 %-ы тікелей қолдауды және жұмысқа орналасуда әлдекімдердің қол ұшын беруін күтетінін растап отыр.

4. Тұтынушылыққа құштарлық

Жастардың дүниетанымдық дағдарысының бір көрінісі – жаппай тұтынушы қоғам дағдарысының бір бөлігіне айналған тұтынушылыққа құштарлық болып табылады. Жастардың қазіргі өмір сүру тәсілінің ерекшелігі болып табылатын тұтынушылық тәжірибе олардың тек қана материалдық байлыққа ие болуын көздейді.

5. Жастар арасындағы радикализм қаупі

Өмірлік тәжірибесі мен білімі жоқ жастар өзінің саяси мақсаттарын іске асыру үшін жастарды айналдыратын сыртқы және ішкі ыдыратушы күштердің ықпалында қалу қаупіне ұшырайды. Экстремистік көзқарастар мен идеялардың жастар арасына енуі, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге итермелеу қоғамдағы этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімдерді бұзу қаупін туғызады.

6. Жастар маргинализациясы

Мемлекет атқарып отырған жедел әлеуметтік жаңғырту жағдайында мінез-құлқы жалпыға бірдей қабылданған, қалыптасқан нормалардан көбінесе ерекшеленетін, қайта құрудан «артта қалған» әлеуметтік топтар пайда болады. Әлеуметтік аутсайдерлердің немесе маргиналды жастардың пайда болуы қоғамға кірігудің және жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімделудің қиындығына байланысты.

Сонымен қатар, жастардың әлеуметтену процесі, оларды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыру мынадай құндылықтарға негізделеді:

Патриотизм

«Патриот болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату» - Мемлекет басшысы бұл құндылықты осылайша айқындап берді. Жас қазақстандықтар үшін Елбасының өмірі мен еңбек жолы - өз елінің патриоты болудың жарқын үлгісі болып табылады.

Отан өз жеріне, оның тарихына, мәдениетіне, онда тұратын халыққа, мерекелері мен күнделікті тірлігіне, мемлекеттік нышандарына деген айрықша тұлғалық қарым-қатынас қалыптасатын отбасыдан басталады.

Жастардың санасына патриотизм – өзің, отбасың және біздің Отанымыз үшін ұлы жауапкершілік екенін сіңіру ерекше маңызды.

Халық бірлігі

Тұрақтылық – Қазақстанның 20 жылдық дамуындағы табысының негізі және басты нәтижелерінің бірі. Көп этносты және көпконфессиялы Қазақстан халқының бірлігі – абсолюттік құндылық және барша ұрпақтың міндеті – осы құндылықтарды қорғау және елді көркейту жолында оны дамытып, орнықтыра түсу.

Мәдени саналуандық – бұл адамдарды бөлмейтін, керісінше біріктіретін құндылық. Этникалық алуандыққа негізделген қазақстандық дүниетаным әлемдік мәдениет ағынына батып жоғалып кетпеуге тиіс, оны жас ұрпақ бірегей ұлттық игілік ретінде сақтауы керек.

Жастарды адамгершілік жағынан қалыптастыру процесіне әсер ете отырып, мемлекет мәдениеттің жалпы деңгейінің өсуіне, коммуникациялық технологияларды дамытуға назар аударуы тиіс.

Жастардың даму деңгейінің үшінші мыңжылдықтың талаптарына сәйкес болуына қол жеткізу қажет. Ар-ождан және діни сенім еркіндігін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз ету жұмыстың маңызды бағытына айналуға тиіс.

Толеранттылық

Елбасының этносаралық және конфессияаралық келісімінің теңдессіз үлгісі жас ұрпақтың толеранттылығын қалыптастырудың, олардың этностық және діни ерекшеліктерді түсіністікпен қарауының және құрметпен қабылдауының негізіне айналуы керек. Мәдениеттер, діндер мен өркениеттер диалогының түйіскен орны, Шығыс пен Батыс арасындағы көпір болып табылатын елдің жастары басқаларға қарағанда бейбітшілік пен келісім мәдениетін таратуға мүдделі болуы тиіс.

Заңға мойынұсынушылық

Заңға бағынатын азаматтар ғана демократияны жетілдіруге және шынайы құқықтық мемлекет құруға қабілетті екені айқын. Заңды бұлжытпай орындау жастардың өмірлік дағдыларына айналуы керек. Бұл өсіп келе жатқан буында әсіресе, «ересек» өмірдің дағдылары жаңа қалыптаса бастаған кезеңінде маңызды болып табылады. Құқықтық сананың өсуі, белгіленген тәртіп ережелері мен қағидаларын құрметтеуді қалыптастыру барлық әлеуметтік институттардың ерекше назар аударатын нысанасына айналуға тиіс. Заңның беделді болуы қазақстандық жастардың санасында қазіргі кезеңнің дамуының базалық құндылығы ретінде мығым орнығуы қажет.

Білім

Жастардың дәстүрлі құндылықтары – білім мен мансап білім беру жүйесінің еңбек нарығына айқын бейімделуді, анықталған қажеттіліктер мен технологиялық жаңалықтарды ескере отырып, білім беру мен кәсіптік даярлау жүйесінің экономикалық, әлеуметтік және кәсіпкерлік болмысқа сәйкестігін қамтамасыз етуді назарға ала отырып, қайта қаралуға тиіс. Жастар арасында ғылымның мәртебесін арттыру және оларды инновациялық жобаларды әзірлеуге тарту жастар саясатының негізгі бағыттарының біріне айналуы қажет.

Еңбекқорлық

Жалпыға ортақ еңбек қоғамында жастардың аса маңызды негізгі құндылықтары жастарды экономикалық-еңбек қызметіне тартуға негізделген еңбексүйгіштік пен ерекше еңбек этикасы болуы керек. Осыған байланысты, «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам», Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламаларын жастарға өздерін көрсетуге айрықша мүмкіндік беру үшін ұсынады.

Жастардың іске жұмыла білуінің экономикалық құндылығы аса жоғары. Зерттеулерге сәйкес жастардың үштен бірі жұмыс үшін елдің кез келген өңіріне баруға әзір. Кез келген жағдайда әлеуметтік бейімделуге әзірлік, жастардың өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп беруге табиғи ұмтылысы өсу нүктелері – Астанада, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде, Ақтауда ішкі көші-қон мәселесін шеше алады.

Инновациялылық, ғылым және инновация

Инновациялық экономикаға өту – қазақстандық жастардың инновациялық мінез-құлқын қалыптастыру міндеттерін өзекті етеді. Жастар өткен күнмен астасқан дүниенің бәріне құштар емес. Сондықтан барлық жаңаны айрықша қабылдағыш, өмірдегі өзгерістерге бейімделгіш, мол әлеуеті мен шығармашылық зияткерлік энергиясы бар және әлеуметтік белсенді қызметке дайын жастар тәжірибеге жаңа идеяларды, бастамалар мен технологияларды жылдам ендіретін жолбасшы. Онымен қазақстандық ғылымның өсуі, әсіресе жаратылыстану, техникалық ғылымдардың өсуі байланысты болуы керек. Жастардың ғылымға бет бұруы – бұл болашаққа айқын жол.

Отбасы

Қазақстанда отбасы әрқашан әлеуметтің аса маңызды құраушы элементі ретінде қарастырылып келеді. Ол қоғам болмысының, мемлекеттің негізі, адалдық, адамгершілік және рухани үйлесім жүйесіндегі маңызды буын болып табылады.

Қарттар мен балалар ерекше қамқорлыққа бөленуге тиіс, бұл Қазақстан халқында бұрыннан бар қасиет. Өзі және өз жақындары үшін әлеуметтік жауапкершілік сезімін қалыптастыру отбасындағы тәрбиеден бастау ала отырып, жастар саясаты мәселелерінде негіз болуы қажет. Өмірдің құндылығы, қауіпсіздігі және оны жалғастыру отбасымен тікелей байланысты.

Денсаулық және спорт

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясына денсаулық пен спорттың құндылығын насихаттау мәселесі енгізілуі тиіс. Өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілік қағидасы, зиянды әдеттерден бас тарту, салауатты өмір салтын ұстану бұрынғыша маңыздылығы жоғары болып қалады.

Қазақстандағы спорт бүгінгі әлеуметтік лифтілер жүйесінде анағұрлым үйлесімді жұмыс істейтін сала болып табылады. Қазақстандық спортшылардың ғаламдық табыстары жігіттер мен қыздарға өздерінің жарқын талантын, ерік-жігерін, мінезі мен еңбексүйгіштігін көрсете отырып, жоғары нәтижелерге, сонымен бірге даңқ пен құрметке бөлене алатындығын, материалдық игілікке де қол жеткізуге болатындығын көрсетіп берді.

Спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды дамыту жастар саясатының ерекше басымдығына айналуға тиіс.

Оң мұрат-мақсаттар

Нарық экономикасы мен Қазақстанның индустриядан кейінгі дамуы жастардың әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқының жаңа стратегиясын қалыптастыру қажеттілігіне себепші болады. Кәсіпті таңдай білу, мансапқа дұрыс жолмен жету, еңбек саласындағы ықпалдастыққа және табысқа жету жастарды әлеуметтендірудің маңызды тетігі ретінде қарастырылуы қажет.

Сонымен қоса, жастарда меритократия қағидасын («лайықтылар билігі») ұстануды қалыптастырудың маңызы зор. Заманауи кәсіби мансаптың нышаны деңгейлік, кәсіби, еңбегіне қарай қызметтік сатылық өсу болуы керек. Жастар оң идеалдар мен өз талантына, жұмыс істеу қабілеті мен жеке жауапкершілігінің нәтижесінде табысқа жеткен үздіктерге теңесіп, алға жылжуы тиіс.

Жаңа экологиялық этика

«Жасыл экономиканы» дамыту индустрияландырудың негізі ретінде «экологиялық сұрақтардың маңыздылығын арттырады. Жастар жаңа экологиялық этиканы ұстанушылар болуы керек, туған жері мен оның табиғи байлықтарына жанашырлықпен қарауы тиіс.