Құқық ұғымы, мәні және ерекшеліктері
Құқық дегеніміз мемлекет орнатқан және оның күшімен қорғалатын, жалпыға бірдей қоғамдық қатынастарды реттейтін тәртіп ережелерінің жиынтығы.
Құқық мазмұнының негізгі элементтері:
қоғамның және адамдардың мүдде-мақсатын қорғау, орындау;
қарым-қатынастарды реттеп, басқару;
қоғамды дағдарысқа ұшыратпай, экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдениеттік, бағытын дамытып, нығайту;
мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың құзыретін, ара-қатынасын реттеп, басқару;
халықаралық қатынастардыреттеп, басқару.
«Құқықты кім жасайды және ол кімге қызмет етеді?» деген сұраққа жауап беруге талпынудан құқықтың мәні білінеді. Құқықтың мәнін түсіндірудің екі жолы қалыптасқан: таптық және жалпыәлеуметтік. Құқықтың таптық мәні – құқықты қоғамдағы экономикалық жағынан басым, үстем болып отырған таптың еркі деп түсіну. Құқықтың жалпыәлеуметтік мәні – құқықты қоғамды ұйымдастырып, татулықта, бірлікте ұстап отырған және адамдардың барлық топтарының еркі деп түсіндіру.
Норма дегеніміз – бір қатынасты реттеп, басқаратын ереже. Нормалардың қоғамда қалыптасқан екі түрі бар: әлеуметтік және техникалық нормалар. Қоғамда көптеген қарым-қатынастарды реттеп, басқарып отыратын негізгі құрал - әлеуметтік нормалар. Әлеуметтік нормалар адамдардың іс-әрекетінің, мінезінің, тәртібінің қоғамдық ережесі болғандықтан қоғамды басқарудың, қатынастардың құралына айналды.
Техникалық нормалар адамдардың табиғатпен, техникамен дұрыс қатынас, байланыс жүргізу ережелері. Қазіргі заманда ғылыми-техникалық прогресс уақытында техникалық нормалардың маңызы өте зор.
Құқықтық нормалардың белгілері:
1. Норма мемлекеттік органның қабылдаған, бекіткен актісі, оның заңды күші бар. Мұндай нормалар қоғамдағы тәртіптің үлгісіне айналады, өйткені ол нормаларды халықтың басым көпшілігі дұрыс орындайды.
2. Нормада субъектілердің құқығы мн міндеттері, орындалу жолдары толық әрі нақты көрсетіледі.
3. Норма ерікті түрде орындалмаса, мемлекет орындатуға мәжбүр болады.
4. Құқықтық нормалардың жүзеге асырылуын, орындалуын мемлекет қамтамасыз етеді.
5. Құқықтық норма адамдардың, қоғам тәртібінің кепілдігі ретінде жұмыс істейді.
Құқық функциясы деп- қоғамдақ қатынастарға құқықтың ықпал етуінің негізгі бағыттары. Құқық функциялары ішкі және сыртқы болып екіге бөлінеді. Ішкі (жалпы) функцияларға мыналар жатады: саяси, экономикалық, әлеуметтік, тәрбиелік, Сыртқыларға мыналар жатады: реттеуші және қорғаушы. Құқықтың реттеушілік функциясы арқылы мінез-құлық ережелері белгіленеді және олардың жүзеге асырылуы үйлестіріледі. Құқықтық қорғаушылық функциялврф аса маңызды қоғамдық қатынастарды қорғауға, сақтауға бағытталған.
Құқық қоғамдық қатынастарды реттеу мен тәртіпке келтіруде маңызды рөл атқарады. Құқық қағидаттары – оның мән-маңызын айқындайтын және білдіретін негізгі бастаулар. Негізгі қағидаттарына: құқық теңдігі, құқықтар мен міндеттердің бірлігі, гуманизм, әлеуметтік әділеттілік, демократизм жатады.
Құқықтық реттеу заңдық жүйе арқылы жүзеге асырылатын қоғамдық қатынастарға нәтижелі түрде құқықтық ықпал етуді білдіреді. Құқықтық реттеу әдістері біріңғай сапалы қоғамдық қатынастарды реттеуді жүзеге асыратын амал-тәсілдер ретінде ерекшеленеді. Құқықтық реттеудің негізгі әдістеріне мыналар жатады:
- императивтік (авторитарлық, өзара қатынасты берік ұстау, билік пен бағыныштылық), мұны пайдаланған кезде бір тараптан билік жүргізуші субъект ретінде мемлекет, екінші тараптан – оның ерік-жігерін орындауға міндетті құқықтың басқа субъектілері әрекет етеді;
- диспозициялық (автономиялық, үйлестірушілік, тепе-теңдік), мұны пайдаланған кезде өзара келісім негізінде субъектілер өз қалаулары бойынша құқықтар мен міндеттерді белгілейді, өзгертеді және тоқтатады.
Құқықтық қатынас дегеніміз қажет болғанда мемлекеттік-биліктік сипаттағы мәжбүрлеу шараларымен қамтамасыз етілетін, субъективтік құқықтары мен заңды міндеттері бар, құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынасқа қатынасушылардың арасындағы тұрақты заңды байланыс. Кез-келген құқықтық қатынастар қоғамдақ қатынастарғы жатады, керісінше кез-келген қоғамдық қатынастар құқықтық қатынастар бола алмайды. Құқықтық қатынастың субъектілері өзара субъективті құқықтар және заңды міндеттермен тығыз байланысты. Осындай субъективті құқықтар мен заңды міндеттерді атқарушы жақтар құқықтық қатынастың субъектілеріне жатады. Құқықтық қатынастың субъектілері: жеке, заңды тұлғалар,мемлекет органдары, әкімшілік бөлімдер жатады.
