Көтерілісшілердің Хан ордасын қамауға алуы
Исатай Тайманұлы бастаған көтерілісшілер 1837 жылғы қазанның аяқ кезінде Хан ордасына он шақырымдай жақын келді. Жәңгір хан да, оның төңірегіндегілер де қоршауда қалды. Көтерілісшілердің жалпы саны екі мың адамнан асатын еді. Алайда Исатайдың Хан ордасын күшпен басып алғысы келмеді. Көтерілісшілер Жәңгір ханнан Балқы және Қарауылқожа билерді өз төңірегінен қуып жіберуді, билікті ру старшындарының қолына беруді талап етті.
Жәңгір ханда үрей қалмады. Ол көтерілісшілермен келіссөз жүргізуге көшті. Ханның қолына жаңа талап-петиция табыс етілді. Онда, егер ханға қойылып отырған талаптар орындалмайтын болса, көтерілісшілердің бүкіл ауыл-аймағымен Ішкі Орданы тастап, көтеріле көшіп кететіні ескертілді. Оған халық арасында ықпалды 300 рубасы мен старшын және батырлар қол қойды. Бұл жағдай Жәңгір ханның жағдайын күрт нашарлатып жіберді.
Патша үкіметінің әкімшілігі де қатты алаңдады. Көтерілісшілер Жайықтан бұзып-жарып сыртқы бетке көшетіндей күн туа қалса, оған қарсы алдын ала шұғыл шаралар қабылдауға кірісті. Шекара бекінісі күшейтіле бастады.
Исатай Тайманұлы ханмен екі арадағы шиеленісті жағдайды бейбіт келіссөздер арқылы шешуге болатынына патша әкімшілігін сендіруге тырысты. Батыр уақыттан ұтуды ойластырды. Қыс түсіп Жайықтың мұзы қатқан бойда оның сол жақ бетіне көшіп кетпек болды. Ал бұл екі арада Орынбор әкімшілігі мен Жәңгір хан қазақтардың әскери күштерін шұғыл түрде топтастырып үлгерді. Жазалау шараларын жүзеге асыратын Жәңгір хан жасақтары да әзір болды. Сөйтіп қысқа мерзімнің ішінде көтерілісшілерге қарсы 1000-нан астам адам шоғырландырылды.
Тастөбе түбіндегі шайқас
Шиеленістің қан майданда шешілетін уақыты таяп келді. 1837 жылғы 15 қарашада Тастөбе деген жерде көтерілісшілер мен жазалаушы отрядтар арасында кескілескен қанды шайқас болып өтті. Көк сүңгіні шебер пайдалана білудің, жарамды жақсы аттарды тандап мінудің, шайқас өткен жер жағдайымен бес саусақтай жақсы таныс болуының нәтижесінде көтерілісшілер ұрыстың алғашқы жартысында басымдық танытып, едәуір жеңіске жетті. Алайда көтерілісшілерді жазалаушылар зеңбірекпен толассыз атқылай бастады. Көтерілісшілер бұған шыдай алмай, кейін шегінуге мәжбүр болды. Олардың соңынан бірнеше шақырымға дейін қуғын жасалды. Ондаған адам қаза тапты. Қуғын кезінде көтерілісшілердің біраз малы жау қолында қалды.
Тастөбе түбіндегі жеңілістен кейін көтерілісшілер шағын топтарға бөлініп, Ішкі Орда аумағына тарап кетті. Көтерілісшілердің күші әлсіреп, моральдық рухы да төмен түсті. Жазалаушы әскер барлық күшті көтерілістің басшысын қолға түсіруге жұмсап бақты. Исатайдың басына 500 сом күміс ақша тігілді.
1837 жылғы 13 желтоқсанға қараған түні көтерілісшілер Жайық өзенін кесіп өтті. Сарайшық бекінісінен сұлтан Баймағамбет Айшуақұлы 80 қазақ және өзінің адамдарымен көтерілісшілердің соңына түсті. Қуғын кезінде бірнеше көтерілісші тұтқынға алынды. Сұлтан Айшуақұлы қанша әрекет жасаса да көтеріліс басшысын қолына түсіре алмады. 1838 жылдың бас кезінде Исатай Тайманұлы өзінің қасына ерген жасағымен бірге Үлкен Борсықты құмындағы Шекті руының шетіне ілікті. Бұл жерде оған басқа да қазақтар топ-тобымен келіп қосылды.
