Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
1178_aza_1179_tili_6_kredit (1).doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Қазақ тілі – мемлекеттік тіл

Қазақ тілі –қазақ халқының ана тілі. Ол өзінің сан мыңдаған ғасырлық дамуы барысында рулық тіл дәуірін де, тайпалық тіл дәуірін де, халықтық тіл дәуірін де басынан кешірді.

Бертін келе қазақ тілі сұрыпталып, жалпыға ортақ әдеби тіл қалыптасты. Қазіргі қазақ тілі өркендеген мәдениеттің тілі, ғылым мен публицистиканың, ресми іс қағаздарының тілі болып, стиль жағынан жан-жақты сараланды. Ол- сөздік жағынан мейлінше байыған, грамматикалық құрылысы барынша дамыған оралымды тіл.

1989 жылы 22 қыркүйек күні ҚР-дағы тілдер туралы заңы қабылданып, қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл статусына ие болды.

1997 жылы Тіл Заңы Парламентте қайтадан талқыланып, ол ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілді.

4- бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі- қазақ тілі. Мемлекеттік тіл- мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекет басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.

Қазақстан халқын топтастырудың маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру- ҚР-ның әрбір азаматының парызы.

14- тапсырма. Төмендегі сұрақтарға мәтіннен жауап іздеңіз.

  • Қазақ тілі қай мемлекеттің тілі ?

  • Қазақ тілінің мәртебесі қалай бекіді?

  • Тіл заңы қай жылы қабылданды?

  • ҚР азаматтарының парызы не?

15- тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқып, жаттап алыңыздар.

Анамның тілі - ардақтым менің

Қымбат маған ана тілім, бал тілім,

Қымбат маған дана тілім, ар тілім,

Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,

Ана тілім- ардақ тұтар алтыным.

Ана тілін жырлап өткен талайлар,

Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.

Қасиетті менің ана тілімде

Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.

(Мәрия Төлегенқызы)

16- тапсырма. Тіл туралы мақал-мәтелдерді өз сөзіңізбен түсіндіріңіз.

  • Ат жүйрігі асқа,

Тіл жүйрігі басқа.

  • Бас кеспек болса да,

Тіл кеспек жоқ.

  • Жаман шайқап сөйлер,

Жақсы байқап сөйлер.

  • Тіліңмен жүгірме,

Біліміңмен жүгір.

  • Шешеннің сөзі мерген,

Шебердің көзі мерген

  • Тіл буынсыз, ой түпсіз.

  • Кісі көркі-жүз, жүздің көркі-көз, ойдың көркі-тіл, тілдің көркі-сөз.

Грамматикалық тақырып.

Мағынасы бір-біріне қарама-қарсы сөздерді антоним дейміз.

Мысалы; ақ-қара, жаман-жақсы, үлкен-кіші, жылы-суық, ескі-жаңа.

Сыртқы тұлғасы, дыбысталуы бірдей болғанмен, мағынасы басқа-басқа сөздерді омоним сөздер деп атаймыз.

Мысалы: Жаз деген сөздің мына сияқты омонимдік мағыналары бар:

1.жылдың төрт мезгілінің бірінің атауы;

2.жазу ісімен байланысты қимыл атауы;

3.бүктелген нәрсені жаю мақсатында;

4.адасу (көз жазып қалды);

5.кінә, қателесу мәнінде (мен саған не жаздым);

6.аурудан айығу, тәуір болу (ол ауруынан жазылды).

Жаз сөзінің бұл мағыналарының араларында ешбір жақындық жоқ.

Мағынасы бір-біріне жақын,айтылуы басқа-басқа сөздерді синоним дейміз. Синонимдер екі я одан да көп сөзден тұрады да, синонимдік қатар түзейді.

Мысалы: мықты, берік, күшті, қуатты. Келбет, кескін, көрік, кейіп, ажар, рең, жүз, түр т.б.

17-тапсырма. Төмендегі өлеңнен антонимді табыңыз.

Мұны тапсам ойланып ,ақын деңіз,

Таба алмасам,ақылды болар неміз,

Қыс пенен жаз,күн менен түн,тақ пенен жұп

Жақсылық пен жамандық-болды сегіз. ( Абай )

18-тапсырма. Синонимдердің қай сөзбен айтылуы дұрыс ?

Момын, жуас (адам, бала, қой, түйе, ат) Мосқал, кәрі, қарт (адам, ат,бура, ағаш, жартас) Ескі, көне, ежелгі (әдет, кітап, дос, жау).

1.4

Сабақтың тақырыбы: Л.т. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл.

Сабақтың мақсаты: Студенттердің тілін дамыту. Тәрбиелік мәні бар мәтіндер арқылы таным-түйсігін кеңейтіп, сабақ барысында орфография, орфоэпия ерекшеліктерін сақтауға төселдіру.

Пайдаланылған Ш.Бектұров, М.Серғалиев. Қазақ тілі

әдебиеттер: хрестоматиясы

Ж. Нығмет. Қазақ тілі

Н.Егіншібаева. Қазақ тілі сабақтары, 38-39 бет

Тіл туралы заң.

А.О.Мұса, І.М.Төленов Қазақ тілі.

Ж. Н.Нығмет Қазақ тілі хрестоматиясы.

Жаңа сабақ:

19-тапсырма. Төмендегі сөз тіркестерін қатыстырып сөйлем құраңыз.

Сөз өнері, туған тіл болашағы, ана тілді қадірлеу, қасиетті мұра, рухани байлық, мәдениеттіліктің биік шыңы.

20- тапсырма. Төмендегі өлең шумағының тыныс белгілерін қойыңыз.

Ерлік елдік бірлік қайрат бақ ардың

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп

Нұрлы жұлдыз бабам тілі сен қалдың

(С. Сарғасқаев)

21- тапсырма. Керекті сөздер мен сөз тіркестерін тауып орнына қойыңыз.

(Кім жылдам?)

1. ...қарай кісіні ал, кісіге қарап ... алма. (Абай)

2. Тіл қаруы ..., сөз қаруы – ...

Ақылды ой ... сөз адамның ең жоғары ... .(Ғ.Мұстафин)

3. Өз тіліңді ... ... тұрып, ... – сүйе алмайсың. (К.Г. Паустовский)

4. Халықтың ... ғұмыры – оның тілінде.

Әрбір ... өзінің ... үшін Ұлы. (Ш. Айтматов)

Керекті сөздер: қадір тұтпай, мәңгі, ой, сөз, алғыр, тіл, ел-жұртыңды, сөз, қасиет, сөзіне, халқы.,

22- тапсырма. Бітеу буынды сөздерді тауып, сөйлем құраңыз.

Заң, ат, ән, қол, бұлт, нан, аға, зор, баға.

23-тапсырма. Орыс тіліне аударып, көшіріп жазыңыз.

Адамның бір-біріне лебіз білдіруі сәлемнен басталады. Сәлем – сөз анасы, сөздің қасиеті, сондықтан оның мағынасына мән беру әдептіліктің, адамгершіліктің белгісі.

Кішінің үлкенге сәлем беруі – үлкенді құрмет көруі, жастың ізеттілік білдіруі деп түсіну керек.

Сәлемді селқос қабылдау, қолының ұшын ғана беріп кекірею, жақтырмаған кейіп таныту – инабатсыздық, тәкәппарлық – көргенсіздік белгісі.

(«Әдеп» Ұлықман Асылов).

24- тапсырма. Ашық және тұйық буынды сөздердің астын сызыңыз.

Қадірлі халайық!

Құрметті ағайын!

Құрметті мырзалар мен ханымдар!

Уа, ел-жұртым!

Құрметті Қазақстан халқы!

1.5

Сабақтың тақырыбы: Л.т. Тіл мәдениеті

Г.т. Буын түрлері

Сабақтың мақсаты: Суденттерді дұрыс, мәдениетті сөйлеуге баулу.

Грамматикалық тақырыпты жаттығу жұмыстары

арқылы меңгерту.

Пайдаланылған М.Исаев. Қазақ тілі. А., 1994 ж

әдебиеттер: М.Аққозин. Қазақ мақал-мәтелдері. А., 2000 ж

Ш. Бектуров, М.Серғалиев. Қазақ тілі. А.,1994 ж

Ш. Бектуров, А. Бектурова. Қазақ тілі для

начинающих. А., Рауан., 1994 ж.

Н. Егіншібаева, Б.Рақымбаева. Қазақ тілі

сабақтары.

Жаңа сабақ:

Тірек сөздер: Әлемдік тәжірибе, қанатты сөздер, тілді игеру, тілді терең түсіну, жандүниенің айнасы, мәдениеттің алғы шарты.

Г.т. Буын

Сөздегі бір дауыстының немесе дауысты мен дауыссыздың бөлшектеніп айтылуын буын деп атаймыз.Сөздің буынға бөлінуі дауысты дыбысқа байланысты. Сөзде қанша дауысты дыбыс болса, сонша буын болады, өйткені дауысты дыбыс қана буын жасайды. Дауыссыз дыбыс буын жасай алмайды, ол дауысты дыбыспен бірге буын құрамына кіреді.

Қазақ тілінде үш буын бар.

Ашық буын. Тек дауыстыдан ғана болған немесе дауыссыздан басталып, дауыстыға аяқталған буынды ашық буын деп атаймыз. Мысалы: а-ға, а-ғе-ке, ба-ла, ба-ға, бо-са, т.б.

Тұйық буын. Дауыстыдан басталып, дауыссызға аяқталған буынды тұйық буын деп атаймыз. Мысалы: ат, аз, ақ, ән, әр, өс, ор, оз, ұқ, үк, ық, ін т.б

Бітеу буын. Дауыссыздан басталып, дауыссызға аяқталған, екі жағынан дауыссызбен қоршалған дауыстысы бар буынды бітеу буын деп атаймыз. Мысалы: бақ, бел, бол, бұлт, бұр, жоқ, жент, дат, зор, қол, көл, соқ, тоқ, паң,

таң, заң, мен, нан, т.б.

25-тапсырма. Мына сөздерді буынға бөліп көшіріп, ашық буынның астын сызыңыздар.

Ата, әке, әне, әлі, әрі, әуе, әуен, баба, бәсеке, дарын, қараша, мәлімдеме.

26-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнын айтыңыз.

Тіл үйренушілерге кеңес

Көп тіл білудің кілті- өз қолыңда. Данышпандар «Көп тіл білу Құдайдың құдіретінде емес, әркімнің қолында» - дейді. Әлемдік тәжірибе мынаны көрсетіп отыр:

  1. Тілді күнде үйрену қажет, ең дұрысы – аздан көпке қарай ақырындап жылжи беру керек. Бірақ, бірінші қадам жасар алдында Хан Тәңірінің шыңына апаратын баспалдақ екенін нық сезіну қажет.

  2. Жаныңда әр кезде қысқаша жазылған сөздік, ережелер, мәтіндер, қанатты сөздер мен мәтелдер болғаны жөн.

  3. Тіл үйренген кезде мәтінді оқу, тыңдау, жаттау, талдау, қайталау сияқты алуан түрлі үрдістерді ұдайы алмастырып отыру қажет.

  4. Тілді игеруде- сөздік қорды неғұрлым көбірек жаттап алудың ешқандай да қиындығы жоқ .

  5. Тілдің мәнін, нәрін, әнін, әсемдігін терең түсіну үшін «неліктен, яғни апырай, немесе, қалай» сияқты күмән тудыратын тіркестерді пайдаланған жөн.

  6. Тіл-қамал, ал оны алу үшін оған күнде шабуыл жасап, әр түрлі әдістерді пайдаланған жөн. Ең дұрысы- сол қамалды алуға жақын екендігіңді біліп, өзіңе-өзің қуат беріп отыруың қажет.

  7. Тіл үйренгенде кездесетін қателік- заңды құбылыс. Бірақ «бір адым кері кетушілік – екі адым алға басушылықтың кепілі»- екендігін есіңде ұста. (М. Жұмаханов)

27 - тапсырма. «Ана тілді қадірлеу» тақырыбына сұхбат құрыңыз.

28 - тапсырма. Тіл туралы даналар сөзін мәнерлеп оқып, мағынасын айтыңыз.

1. Тіл тазалығы дегеніміз- ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. (А. Байтұрсынов).

2. Ана тілі- халық болып жаралғаннан бергі жан дүниенің айнасы, өсіп-өніп тіріле беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі. (Ж. Аймауытов).

3. Ана тілі қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің сығындысы, онда дәм де, мән де болуы керек. (С. Торайғыров).

29 - тапсырма. Өлеңді жаттап алыңыз.

Төрт ана немесе туған жерге табан тіреу

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала

Әр адамда өз анасынан басқа да,

Жебеп жүрер, демеп жүрер арқадан,

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері-түп қазығы, айбыны,

Туған тілі- сатылмайтын байлығы,

Туған дәстүр, салт-санасы- тірегі,

Қадамыңа шуақ шашар үнемі.

Және туған тарихы, еске алуға қаншама.

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Төрт анаға әнін жалғай алмаған,

Пенделердің басы қайда қалмаған ?

Төрт анасын қорғамаған халықтың,

Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана- тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес-күрестердің ұлысы!

М. Шаханов

30-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқып, буын түрлеріне қарай ажыратыңыз.

Тіл мәдениеті

Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкеңді босатады.

Адам мәдениетінің алғышарты-дұрыс сөйлей білу. Түсіне білгенге сөйлей білу де өнер. Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдіремін деп, күйдіреді, сүйсіндіремін деп сүріндіреді, білдіремін деп бүлдіреді, қуантамын деп қуартады. Келтіремін деп кетіреді, емірентемін деп езілтеді, жұбатамын деп жылатады. Біздің қазақ аталы сөз – баталы сөз дегенде, осы дұрыс сөйлей білуді айтқан.

1.6

Қорытынды сабақ.

31-тапсырма. Сөздік диктантын жазып, ішінен 10 сөзге түсінік беріңіз.

Пайда, табыс, өнім, есеп, демеуші, несие, ақша, валюта, құн, нарық, құнды қағаз, әлемдік баға, кәсіпкер, бәсеке, сана, қосымша құн, кеден, ұлттық табыс, кіріс, шығыс, өндіруші, тұтынушы, серіктес.

32-тапсырма. Тапсырманы жазбаша орындаңыз.

1. Сіздің достарыңыздың, оқытушыларыңыздың, көршілеріңіздің аттары кім?

2. Үлкен адаммен, досыңызбен, елмен, жермен сәлемдесу түрлерін жазыңыз.

3. Халқымыздың тектілік, көрегенділік туралы ұғымдарын қалай түсінесіз?

4. Шынайы достыққа тән белгілерді жазып беріңіз.

33- тапсырма. Алғыс білдіру, риза болу, көңіл-күй лебіздерін көшіріп жазып, жаттап алыңыз.

Рахмет!

Алла риза болсын!

Қатарыңның алды бол!

Көп жаса!

Өркенің өссін!

Бақытты бол!

Тілегің қабыл болсын!

34- тапсырма. Төмендегі шумақты буынға бөліп жазыңыз.

Атар таңға, батар күнге еліккен,

Таң нұрымен тіл табысып көріп пе ең?!

Кірпіш болып қаланбасам дүниеге,

Адам болып жаралды екем неліктен? (А.Рысбаев)

35- тапсырма. Буынның қанша түрі бар? Еске түсіріп, оның түрлерін ажыратып бірнеше мысал келтіріп жазыңыз.

36- тапсырма. Тест сұрақтарын шешіңіз.

1.Тіл туралы мақалды табыңыз.

А) Ер жігіт –елі үшін туады.

В) Ерлік- білектен емес, жүректен.

С) Ел іші-алтын бесік.

Д) Балалы үй-базар.

Е) Тіл –қылыштан өткір.

2.Тіл туралы Заң қашан қабылданды ?

А) 22.09.1989.

В) 16.12.1986.

С) 18.01.1996.

Д) 10.09.2001.

Е) 04.01.1989.

3.Синонимді табыңыз.

А) қатты, жұмсақ, кәрі, жас.

В) жылдам, лезде, тәсіл, айла, амал.

С) жүз, сана, сен, күл.

Д) бұраң бел, асқар тау.

Е)қара қылды қақ жарған.

4.Тұйық буынды табыңыз.

А) ат, аз, ән, оз.

В) аға, бала, босаға.

С) бақ,ел,бел,бұлт.

Д) баға, боса, ала.

Е) заң, нан, зор.

5. Бітеу буынды табыңыз.

А) көл, тоқ, таң.

В) ада, әпке, ақы.

С) айлақ, әке, орда.

Д) ұрт, ұшқыр, үздік.

Е) аналар, мектепте.

Студенттердің өзіндік жұмысы.

Тақырыбы: «Тіл және қоғам».

  1. Мақсаты: Сабақтан тыс уақытта студенттер өз бетінше ізденіп, қосымша материалдарды пайдалану арқылы білім деңгейін көтеруіне ықпал етіп, жол сілтеу.

  2. Тапсырма:1) Тіл туралы 5 мақал жаттап алыңыз.

2) Қ.Р. Тіл туралы Заңын конспектілеңіз.

3)Тіл туралы жазған ғұлама данышпандардың сөздерін тауып

жазып келіңіз.

3. Пайдаланылатын әдебиеттер: Исаев. Қазақ тілі. А., 1994 ж

2.1

Сабақтың тақырыбы: Туған жер - алтын бесік

Л.Т. Ел рәміздері

Г.Т. Сөз және сөз тіркесі

Сабақтың мақсаты: Қазақстан Республикасының рәміздерімен таныстыра

отырып, туған жерін, елін, отанын сүюге баулу.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Ш.К.Бектұрова, А.Ш.Бектұров «Қазақ тілі для начинающих» А.,-1994.,

Г. Шаһарман, Ж.Досқанова, С.Сәрсенбекова «Практикалық қазақ тілі» А.,

Егіншібаева «Қазақ тілі сабақтары».

Жаңа сабақ.

Тірек сөздер: Мемлекеттік рәміз, Елтаңба, Ту, Әнұран, саяси белгі, егемендік, тәуелсіздік, ресми, мөр, шаңырақ, пырақ, қыран.

37-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқып, мазмұнын айтып беріңіз.

Мемлекеттік рәміз-- мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін паш етеді.

Мемлекттік рәміздерге мемлекеттің Әнұраны, Елтаңбасы және Туы жатады.

Мемлекеттік Әнұран – мемлекеттік тәуелсіздік пен егемендіктің музыкалық поэтикалық рәмізі. Негізінен әуен мен сөзден тұрады.

Мемлекеттік Елтаңба – мемлекеттік тәуелсіздіктің заттай рәмізі. Мемлекеттің ерекше белгісі ретінде мөрге, ақшаға, құжаттарға қойылады.

Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасының негізі – шаңырақ. Көшпенді түркілерде қалыптасқан түсінік бойынша шаңырақ – үй, ошақ, отбасы, Отан деген ұғымды білдіреді. Қазақтың киіз үйі де, шаңырағы да Күн, Ай, Жер пішіндес дөңгелек. Елтаңбамыздың да пішіні сондай. Шеңбер – тіршіліктің, шексіз өмірдің белгісі.

Елтаңбадағы Алтын қанатты қос пырақ –еркіндіктің белгісі.

Елтаңбадағы бес бұрышты жұлдыз – еліміздің жұлдызы жоғары, болашағы жарқын болсын дегенді білдіреді.

Елтаңбамыздың негізгі бояуы –байлық пен берекені білдіретін алтын түс.

Елтаңба авторлары—Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.

Мемлекеттік Ту— мемлекеттің өзіне тән ресми белгілерінің бірі болып табылады. Мемлекеттік ту мемлекеттік аппараттың, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың ғимараттарына, шет елдердегі елшіліктер мен консулдықтарда, кемелерде т.б. жерлерде көтерілетін арнаулы белгі. Біздің мемлекеттік Туымыз Елбасының 1996 жылғы 24 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» жарлығымен белгіленді.

Көк түс адалдықтың, сенімділіктің, өмірге құштарлықтың белгісі болып саналады. Тудағы ұлттық өрнек—халқымыздың көркемдік танымы мен талғамын білдіреді. Қазақ оюларының ең кең тараған түрі – «қошқар мүйіз». Тудағы арнайы қарастырылған оюдың негізін де осы ою түрі құрайды.

Күн – тыныштықтың, байлық пен берекенің белгісі.

Қыран бүркіт бейнесі— еркіндіктің, тәуелсіздіктің, көрегендіктің белгісі болып саналады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы— суретші Шәкен Ниязбеков.

38-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша төмендегі сұрақтарға жауап беріңіз.

  1. Қазақстан Республикасының рәміздері туралы не білесіз?

  2. Мемлекеттік рәміздер туралы жарлық қашан шықты?

  3. Елтаңбадағы қос пырақ ненің белгісі?

  4. Елтаңбаның авторлары кімдер?

  5. Қыран бүркіт бейнесі ненің белгісі болып саналады?

39-тапсырма. Берілген сөз тіркестерін қатыстырып, сөйлем құрап жазыңыз.

Мемлекеттік елтаңба, мемлекеттік әнұран, бес бұрышты жұлдыз, қыран бүркіт бейнесі, ұлттық өрнек.

40-тапсырма. Төмендегі өлеңнің мазмұнын түсініп, жаттап алыңыз.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны

Сөзін жазған: Жүмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Ерліктің дастаны

Еліме қарашы!

Ежелден ер деген,

Даңқымыз шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін елім!

Туған жерім менің - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,

Кең байтақ жерім бар.

Бірлігі жарасқан,

Тәуелсіз елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Мәңгілік досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай!

Г.Т. Сөз. Сөз тіркесі.

Сөз дегеніміз жеке тұрғанда лексикалық мағынасы бар тілдік таңба. Мысалы: Бала, қыз, дос, қымбат, асыл, көк, ту, рәміз.

Сөз тіркесі сөздердің тұлғалық, мағыналық байланысынан жасалып, күрделі ұғымды білдіреді.

Сөз тіркесі сөйлемнің ішінде кездеседі. Сөз тіркесінің құрамы толық мағыналы екі сөзден кем болмауы керек. Мысалы: Ағаш күрек, әдепті бала, мектеп оқушылары, қымбат дос т.б.

41-тапсырма. Мәтіннен бірнеше сөз тіркесін тауып жазыңыз. Кітап – қымбат дос. Ол сенің айыбыңды ашпайды, сырыңды сыртқа шашпайды. Саған әр уақытта үндемей көмектеседі. Әрдайым айтқаныңа көнеді, айдауыңа жүреді, ақы сұрамайды. Бірақ сен де қайырымды бол. Кітаптан үйренген жаңалығыңды жұртқа үйрет. Кітап- көп ақылдың құйылған көлі. Ортақ мүлік, халық қазынасы, сарқылмас білім бұлағы.

42-тапсырма. Мәтінді қазақ тіліне аударып жазыңыз.

Наша республика—демократическое, светское и унитарное государство, в которой обеспечивается равноправие всех граждан, проживающих в ней. Как демократическое государство Казахстан признает высшей ценностью человека, его жизнь, свободу и права.

2.2

Сабақтың тақырыбы: Туған жер – алтын бесік

Сабақтың мақсаты: Студенттердің тілін дамыту мақсатында мәтін, қанатты

сөздерді мәнерлеп оқуға үйрету.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Мурзалина Б., Нұркеева С., Нұрғазина Г. «Қазақ тілі» (Ересектерге арналған жеделдетіп оқыту құралы) Алматы—2003.

  2. З.Күзекова, Г.Қарақұсова «Қазақ тілі» Алматы – 2001.

  3. Н.Егіншібаева «Қазақ тілі оқу құралы» Алматы – 2004.

43-тапсырма. Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.

Бурабай

Бурабай - Көкшетаудағы әдемі көл, суы тұщы және мөлдір. Көлдің ең терең жеріндегі жәндіктер мен балықтар айқын көрінеді. Көлдің айналасы - сыңсыған қарағайлы, қайыңды орман. Көкшенің әйгілі шоқылары -«Жұмбақтас», «Оқжетпес» көлді ерекше көрікті етіп тұрады. Сол себепті де жұрт оны «Қазақстан Швейцариясы» деп те атайды. Көлде әр түрлі балықтар бар. Бурабай көлінің айналасында курорт, демалыс орындары орналасқан. Ол - таза ауасымен, қымызбен емдейтін ірі курорт. Бурабай табиғатының көркемдігі жөнінен әлем курорттарының ішінде ерекше орын алады.

44-тапсырма. Төмендегі сұрақтарға жазбаша жауап беріңіз?

1. Бурабай қандай көл? Суы қандай?

2. Көлдің айналасында қандай ағаштар өсіп тұр?

3. Көкшенің қандай шоқылары бар?

4. Қандай курорт бар?

45-тапсырма. Сұхбаттағы көп нүктенің орнына тиісті сөздерді қойып жазыңыз.

- Ақмарал Қазақстанның ... жерін білесің бе?

- Меніңше, Алатаудың баурайындағы ...

- Одан да көрікті ... жер бар мес пе?

- Қандай?

- Ал, меніңше, ең көрікті жер ...

- Иә, иә, дұрыс айтасың, Көкшетауда Бурабай, ... сияқты керемет сұлу таулар, ..., Шортанды сияқты көлдер бар.

46-тапсырма. Төмендегі қанатты сөздерді оқып, әңгіме құрастырыңыз.

1.Әділет тілесе, атаңның болсын айыбын айт.

2.Не әділ болса, сол мәңгілік.

3.Мейірімді болу оңай, әділ болу қиын.

4.Досы жоқпен сырлас,

Досы көппен сыйлас.

Қайғысыздан сақ бол,

Қайғылыға жақ бол. (Абай)

5.Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Содан тапқан -- шын асыл, тастай көрме. (Абай)

47-тапсырма. Мақал-мәтелдерді оқып, аударыңыздар.

  1. Бұра сөйлеме, тура сөйле.

  1. Бірліксіз істе береке жоқ.

  1. Ұры кісі басқаның малын жейді, өзінің арын жейді.

  1. Ақиқаттың алдында хан да бір, қара да бір.

48-тапсырма. Төмендегі сөз тіркестерімен сөйлем құрастырыңыздар.

Өндірістің қысқаруы, күрес тәсілі, оңай ақша табу, қылмысты жасыру, салық төлеу.

2.3

Сабақтың тақырыбы: Туған жер — алтын бесік

Л.т. Қазақстан Республикасының Ата заңы

Г.т. Орфография және орфоэпия

Сабақтың мақсаты: Қазақстан Республикасының Ата заңы жайлы түсінік

беру. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Пайдаланылған әдебиеттер: А.О.Мұса, І.М.Төлегенов, Е.Қ.Құдайбергенов,

Г.К.Дәркенбаева «Қазақ тілі» А.,-2003

З.Күзекова, Т.Қарақұсова «Қазақ тілі»

Г.Қ.Рысбекова «Қазақ тілі: тіл дамытуға

арналған мәтіндер жинағы»

Ш.К.Бектұрова, А.Ш.Бектұров «Қазақ тілі для

начинающих» А.,-1994.,

Г. Шаһарман, Ж.Досқанова, С.Сәрсенбекова

«Практикалық қазақ тілі» А.,- 2002.

Жаңа сабақ

Тірек сөздер: Ата заң, егемендік, жоғарғы заң, заң күші, мемлекеттік билік, құқық, төлқұжат, азаматы.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]