Балалық шағы
Мао Цзэдун 1893 жылы 26 желтоқсанда Хунань провинциясының Сянтань уезіндегі Шаошань елді мекенінде өмірге келді. Бұл Қытайдың оңтүстік жақ бөлігінде болатын. Қытай революциясының болашақ көсемінің әкесі Мао Ичан шошқа бағып, күріш өсірумен айналысты. Ол балаларын ауыр еңбекпен тәрбиелеп, тіл алмағандарын қатал жазалайтын. Ал Мао ержете бастағаннан-ақ әкесінің бұл қатал тәртібін өте жек көрді. Бір күні әкесі үйіне өзінің іскер әріптестерін шақырып, он үш жасар баласына қызмет көрсетуді тапсырды. Бала одан бас тартты. Ашуға булыққан әкесі оны ұрмақшы болғанда, бақтағы кішігірім тоғанға қашып барып: «Егер қол жұмсайтын болсаң, мына суға секіремін», – дейді. Оларды анасы Вэнь Цимэй зорға татуластырады. Кейін осы жайды есіне алған Мао Цзэдун: «Егер қарсыласыңды жеңгің келсе, осал жерін таба біл»,– деп жүрді. Ол тағы бірде әкесінің қаражатқа аса мұқтаж болып тұрған туысының жерін арзанға сатып алып жатқанын көреді. Болашақ революционер анасы екеуі бұл әділетсіздікке кедергі болған. Ол өскен сайын әкесін тыңдаудан қала береді. Керісінше анасына деген құрметі арта түсті. Маоның үйіне тұрмысы нашар ауылдастары келіп, материалдық көмек сұрайтын. Оларға Мао Инчан қайырымдылық көрсетуден бас тартса, Вень Цимэй күйеуінің көзін ала бере қол ұшын беріп жүрді. Сондықтан ауылдастары оны жақсы көретін. Мао Цзэдунның айтуынша, езілгендер мен кедейлерді қорғау қасиеті анасынан келген секілді. Мао Цзэдун бастауыш білімді ауылдағы жекеменшік мектепте алды. Мектепте негізінен Конфуций ілімін оқытатын еді. Оқуды бітірген Мао оны әрі қарай жалғастырғысы келген. Ол тарих пен философия кітаптарын өздігінен оқи бастайды. Оны Петр 1-дің, Наполеон мен Линкольннің өмірбаяндары және Лян Цичаоның «Халықтың жаңаруына түсініктеме» кітабы өте қызықтырған. Әсіресе кітап авторының конституциялық монархия мен парламенттік жүйенің артықшылықтарын талқылаған тұсы ерекше толғандырды. Мао Цзэдун осы кітаптан соң Қытайдың басқа елдерден артта қалу себебін түсінгендей болады. Ол Қытайдың ескірген саяси жүйесі бүгінгі күн талабына жауап бере алмайды деген тұжырымға тоқталған. Сонда-ақ Мао Цзэдун өз елінің құрылымын өзгертпесе, шетелдіктердің колониясына айналатынын түсінді. 1911 жылы ол Чанша қаласындағы орта мектепке түседі. Сол кезде Қытайда монархияны құлатқан Синьхай төңкерісі орын алған. Төңкеріске Сунь Ятсен жетекшілік етті. Ол 1912 жылы Ұлттық партия құрды (Гоминьдан). Маньчжурдегі Цин әулеті билігін құлатқан соң ол Нанкинде Қытай республикасының Уақытша үкіметін жариялаған. Синьхай төңкерісін жақтаған Мао Цзэдун маньчжур әулетіне бағыныштылықтың белгісі болған ұзын шашын желке тұсынан қиып тастайды. Алайда республика президенттігіне Цин кезінде премьер-министр болған Юань Шикаю сайланады. Ол елдің әралуан провинцияларын басқарған, қала берді орталық өкіметке бағынбаған ықпалды генералдардың қолдауымен батыл іске кіріседі. Сунь Ятсен бас сауғалап, Жапонияға кетуге мәжбүр болады. Бұл Мао Цзэдунның әлі де өмірлік ұстанымын толық айқындай алмаған кез. Қысқа уақыт ішінде полицейлік және заңгерлік мамандықтар дайындайтын оқу орындарын ауыстырып та үлгіреді. Тіптен коммерциялық мектепте де оқыған. 1913 жылы Хунандағы педагогикалық училищеге де оқуға түседі. Сол жерде алғашқы ұстазы санаған профессор Ян Чанцзумен танысады. Соның кеңесімен социалистік бағыттағы «Жаңа жастар» журналына жазылған. Журналды шығарушы Чэнь Дусю кейін Қытай компартиясының негізін қалайды. Жас жігіт батыс философиясымен айналысып, көңілге түйгендерін прагматик ретінде іс жүзінде қолданып көреді. 1918 жылдың сәуірінде Қытайда демократиялық өзгерістердің болуын армандаған Ян Чанцзи шәкірттерінің бір тобы «Жаңарған халық» атты студенттік қоғам құрады. Қоғам мүшелерінің арасында болашақ Қытай коммунистік партиясының жетекшісі Мао Цзэдун да бар еді. Қоғам мүшелері училищені бітірген соң Пекин университетінде студенттерге Францияға барып оқуларына мүмкіндік беретін бағдарлама барын біліп, 1918 жылы сонда барады. Мао Цзэдунға ұстазы Ян Чанцзи берген нұсқау хатының көмегі тиіп, Пекин университеті кітапханасына кішігірім қызметке тұрған. Содан бір жыл бұрын Ресейде социалистік төңкеріс болып, 1919 жылы большевиктер Коммунистік интернационалды құрады. Бұл ұйым әлемдік төңкеріс жасауды мақсат етті. Бұған Қытайдан Пекин университетіндегі әдебиет пәнінің оқытушысы Ли Дачжао мен «Жаңа жастар» журналын шығарушы Чэнь Дусю арнайы жіберілді. Солар Мао Цзэдунға коммунистік идеяны алғаш таныстырған. Алайда қанша әрекеттенсе де Маоға Еуропаға бару сәті түспейді. Өйткені шетел тілдерін игеру қабілеті өте төмен болатын. Оның үстіне анасының да денсаулығы күрт нашарлап, ауыр хал үстінде еді. Сол жылдың соңында анасы Вэнь Цимэй өмірден озады да, көп ұзамай әкесі де бақилыққа аттанады.
