Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Мини...docx
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
45 Кб
Скачать
☆

1934-1935 Жылдары «Ұлы жорығы».Екінші соғыстан кейінгі жағдай

Қытай коммунистерінің 1934-1935 жылдары «Ұлы жорығы» басталды. Коминтерннің талабы бойынша және Гоминьданның әскерінің қысымы астында Қызыл армия солтүстік жақтағы кеңес шекарасына жақындады. Жылға жуық уақыт ішінде қызылармияшылар ауыр ұрыстар жүргізе отырып, он мың шақырымды артқа тастап, Шэньси провинциясына жетті. Бұл кезде 86 мың қызылармияшылардың 5 мыңы ғана тірі қалған еді. Бұл шығын чанкайшилердің қарсылықтарынан емес, Коминтерн агенті Отто Браун мен Мао Цзэдунның ақылға сыймайтын басшылықтарының салдарынан орын алды. «Ұлы жорықтың» басты нәтижесі Қызыл армияның ерік-жігерін арттыру ғана емес, Мао Цзэдунның партиядағы жетекшілік ролін арттыру болатын. Соған дейін ол партиялас жолдастарының тарапынан сынға ұшыраған еді. Ал Шанхайдай Жуйцзиньге келген соң ОК көп мүшелері тарапынан қатты сыналып, жағдайы мүлдем төмендеп кеткен. Оны жалғыз-ақ қорғаған Кремль болды. «Ұлы жорық» кезінде түрлі айла-тәсілімен коммунистердің басшыларының бір бөлігін өзіне қаратып, билікті қайта өз қолына ала бастады. Мао Яньань қаласын «советтік ауданның» жаңа орталығы жасай отырып, өзін жақтайтындарды сонда жинай бастаған. Бірнеше жыл бойына «сананы тазарту» саясатын жүргізудің арқасында оның жемісін де көрді. Алайда 1937 жылы жаңа сынақтан өтуіне тура келген. Мәскеуден Коминтерн өкілі ретінде Ван Мин келіп, партияда өз билігін жүргізуге әрекеттер жасаса керек. Мао белгілі бір уақытқа дейін соның көлеңкесінде қалып қойған. Дегенмен тез есін жиып, өзіне шын берілген ОК-тің мүшелері арқылы босаңсыған коммунистерді қайта өз жағына шығаруға кірісті. 1937 жылы жазда Коминтернді жасырын басқарған Сталин Қытай компартиясының жетекшісі етіп Мао Цзэдунның кандидатурасын бекіткен. Ол содан бастап қайта күш ала бастайды.  Сол кезде Қытайдағы жағдай қатты өзгере­ді. 1932 жылы Жапония Қытайдың сол­түстіктегі үш провинциясын басып алып, Манчжоу-го деп аталған қуыршақ мемлекетін орнатқан болатын. Кеңес Одағының басшылары жапондардың шекара аймағына басып кіруінен сақтанып, бір жағынан Манчжоу-гоны мойындай отырып, Гоминьдан мен ҚКП-ның баяғы Біріккен майданын қайта қалпына келтіруге әрекеттенеді. Сталин сол үшін Гоминьданның бұл одақтағы жетекшілік ролін мойындап, Жапонияға қарсы майданды күшейту мақсатында кепілдікке ұстап отырған Чан Кайшидің ұлы Цзян Цзингоны еліне қайтарған.  Жапония 1937 жылы 7 шілдеде Қытайға қарсы соғыс ашады. Екі жылдан соң елдің солтүстік және орталық провинцияларын, Шанхай, Пекинді, сондай-ақ Гуанчжоу мен гоминьданның орталығы Нанкинді басып алған.  Алайда әскер саны аздығына байланысты басып алған жерлерін толық бақылауында ұстап тұра алмады. Соны пайдаланған коммунистер аталмыш аймақтардан «советтік аудандар» құрып, өз ойларын ақырындап жүзеге асырып жатты. 1940 жылы мұндай аудандардағы тұрғындар саны 100 миллионға дейін жетті. Соғыстың ең ауыр бөлігі Гоминьдан әскерінің еншісіне тиген. Әскер саны жапондарға қарағанда бірнеше есеге көп. Бірақ қару-жарақ пен соғыс өнерін игеру жағынан қарсыластарына қарағанда әлдеқайда төмен. Екінші дүниежүзілік соғыс Қытайдағы жағдайды мүлдем өзгертіп жіберді. Германия­ның сәтті шабуыл­дары Гоминьдан генералдарының біразын басқыншы Жапония жағына шығып кетуіне әкеп соқты. Қарсыластарымен соғыс барысында «ұлы кеме бағыттаушы» ролін өз қолына алып, 1942-1945 жылдары партия қатарын қайта тазартудан өткізді. Соның нәтижесінде Мао ұстанған бағыттан ауытқып кеткен жоғары басшылықтағы коммунис­тер өкініштерін білдіріп, одан жазбаша түрде кешірім сұрайды. ҚКП-сының жаңа жарғысындағы «Мао Цзедун идея­сы» бағыт беруші жұлдызға айналады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония талқандалып, Қытайдың барлық аймағындағы билік коммунистер мен гоминьдандықтар қолына көшкен. Кеңес Армиясы Маньчжуриядағы жапондардың Квантун армиясын талқандап, коммунистерге Қытайдың солтүстік бөлігін алып бергенмен елдің көп бөлігі Гоминьданның қол астында қалды. Америка 1945 жылы Чан Кайши әскеріне өте көп мөлшерде қару-жарақ беріп, оларды шешуші ұрыстарға итермеледі. Екі жеңімпаз ел – Кеңестер Одағы мен Америка Қытайда біріккен өкімет құруға келіскенмен Мао мен Чан Кайши келісімге келе алған жоқ. Нәтижесіз аяқталған келіссөздерден кейін 1946 жылы Қытайда азамат соғысы басталды. Алғашқыда гоминьдандықтар жеңіске жеткенімен, екі жылдан соң үш бірдей ірі жеңіске қол жеткізген коммунистердің үстемдігі арта түсті. Гоминьдан басшысы Тайванға қарай қашып, жан сауғалады. Ол американдықтардың қолдауымен сол жерден тәуелсіз мемлекет орнатты. 1949 жылы коммунистер Қытайдың жаңа астанасы атанған Пекинге келді. Сол жылдың 1 қазанында Қытайдың жаңа үкіметінің төрағасы Мао Цзэдун елді Қытай Халық Республикасы деп жариялады.  Мао бастаған республика алғашқы жылдары Кеңестер Одағымен ынтымақта болды. 1950 жылы Қытайдың халық азаттық армиясы Кеңестер Одағының қолдауымен Корей еліндегі соғысқа араласты. Ал 1952 жылдың соңында Мао Кеңестер Одағының үлгісімен Қытайда коллективтендіру мен индустрияландыруды жеделдету саясатын жүргізген. Алғашқыда екі ірі социалистік елдің байланысы «халықтар достығы» деп аталынса, елуінші жылдардың бел ортасында араларына сызат түсе бастады.  КОКП ОК Бірінші хатшысы Никита Хрущев 1956 жылдың ақпанында И.В.Сталиннің «жеке басқа табыну» саясатын қатты сынға алып, 1920-1950 жылдар аралығындағы жазықсыз жапа шеккендерді ақтай бастады. Бір жылдан соң Мао Кеңестер Одағындағы бұл саяси өзгеріске қырын қарайды да, марксизм-ленинизм идеяларын қатты сынға алып, ел ішіндегі жағдайды кең көлемде талқыға салады. Ол елдің бес пайыз халқы оңшыл ауытқушылар деп жариялай салысымен-ақ жаңа репрессия орын алған. Миллиондаған жандар қуғын-сүргінге ұшырап, бес жүз мыңға жуығы еңбек лагерлерінде қайта тәрбиеленуге жіберілді. Мао үкімет ісін басқаруды Лю Шаоци мен Дэн Сяопинге тапсырып, өзі елді аралап қайтуға шықты. Осы аралықта оның орынбасарлары «халық коммуналарын» таратып, майда кооперативтерді қалдырды да, ауыл шаруашылығында отбасы мердігерлік тәсілді кіргізді. Жерді пайдалануға алған шаруалар астық өндіруді арттырды. Бірақ Мао бұл әрекеттер социализм мұраттарына қайшы келеді деп бағалады да, шаруашылықтарды басқарудың басқаша, өзі жөн көрген қолайсыз тәсілін ұсынды. Оның бұл ұсынысын жоғары партия жетекшілерінен қорғаныс министрі Линь Бяо мен Мемкеңестің премьері Чжоу Эньлай қолдады. Ал Лю Шаоци іштей қарсы болды. Партия арасындағы мұндай пікір айырмашылығын байқаған Мао жаңа идеологиялық кампанияның көмегімен Лю Шаоци және оның жақтастарын партиядан ығыстыру жағын ойластыра бастаған.