- •1 Орталық Қазақстан экономикалық ауданының географиялық орны
- •1.1 Орталық Қазақстанның табиғаты және табиғи ресурстарына экономикалық географиялық тұрғыдан баға беру
- •2.1 Орталық Қазақстанның қалалары мен ауылдық елді мекендері бойынша табиғи өсім мен өлу динамикасына әсер етуші факторлар
- •Сурет 1. Орталық Қазақстан ауданының ұлттық құрамы картасы
- •1998-2012 Жылдары Қарағанды облысындағы халық санының өзгеруі [39]
- •2010-2013 Жылдардағы Қарағанды облысында жұмысқа жарамды жастар аралығындағы көші-қон [39]
- •2.2 Орталық Қазақстан ауданының экономикалық белсенділігі
- •Сурет 3. 2012-2013жж. Сыртқы көші-қон өзгерісі
- •Сурет 7. Қарағанды облысы бойынша 2013 жылғы іі тоқсандағы жұмыспен қамтылған халықтың пайыздық өлшемі
- •Сурет 6. 2013 жылдың айлары бойынша ірі және орта кәсіпорындардағы бос орындар саны.
- •2.5 Халықтың еңбек төлемі және тұтыну бағасының индексі
- •Сурет 9. 2011-2013 жылдардағы Қарағанды облысындағы инфляция
- •Сурет 10. Абай қаласының өнеркәсіптерінің жылдық табысы
- •2014 Жылдың 1 қаңтарында халық саны 51,1 мың адам және 2012 жылдан 1 % артқан.
- •2010–2013 Жылдар кезеңінде Шахтинск қаласының еңбек нарығында жағдай жұмыссыздық деңгейі төмендеуімен және экономикалық белсенділік деңгейімен сипатталады [42].
- •3.1 Орталық Қазақстанның экономикалық даму жағдайы және экономикалық даму бағыты
- •3.2 Орталық Қазақстан экономикалық ауданының экологиялық жағдайының әлеуметтік-демографиялық жағдайға әсері
- •2013 Жылғы деректер бойынша кәсіпорындардың рұқсат етілген шектің (реш) көрсеткіштері[32]
1.1 Орталық Қазақстанның табиғаты және табиғи ресурстарына экономикалық географиялық тұрғыдан баға беру
Орталық Қазақстан экономикалық ауданының климаты тым континеттік және қуаң келеді. Шуақты күндердің ұзақтығы жылына 2300-2400 сағат, ең жылы ай - шілде айына келеді. Радиацияның жылдық жиынтығы 100 ккал/см2-дей, ал шашыранды радиация – 48 ккал/см2-ге дейін. Аудан жеріне ауа массасының 3 негізгі типі (тропиктік полярлық ,арктикалық,) емін-еркін әсер етеді. Жылдың салқын уақытында ауа райының қалыптасуына азия антициклонының батыс тармағы қатты әсер етеді. Көктемде сақталатын антициклондық режим әсерінен күндізгі уақытта ауа температурасы жоғары, құрғақ желді келеді де, түнге қарай күрт салқындап кетеді [15].
Көктемгі ауа райы негізінен құбылмалы. Жазғы мезгілде орталық Қазақстан аймағының далалық аймағы үстінде ауаның қатты қызуы әсерінен бұлтсыз, қуаң, ыстық ауа райы орнайды. Қаңтардың орташа температурасы солтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай – 14,4оС-тан – 17,9оС-қа дейін өзгеріп отырады. Ең төменгі температура тиісінше – 45оС – 52оС. Шілденің орташа температурасы шамамен +18,5оС-тан (шығыста) 20,4оС (солтүстікте және батыста), ең жоғарғы мәні +40оС-қа дейін жетеді. Ауа температурасының орташа жылдық мөлшері +1,2оС-тан +2,3оС-қа дейін. Жылы мерзімнің ұзақтығы облыстың қыратты бөлігінде (таулы Қарқаралы ауданында) 198 күн болатын болса, солтүстік-батыс далалық өңірінде (жазық Нұра ауданы) 207-220 күнге дейін созылады. Аязсыз маусымның ұзақтығы тиісінше 90-100 және 110-135 күн болады. Ауаның неғұрлым жоғары салыстырмалы ылғалдылығы қыс айларында байқалады. Аудан территориясы бойынша жылдың жылы мезгілінде ауаның салыстырмалы ылғалдылығы солтүстіктен оңтүстік-батысқа қарай азаяды. Маусым-шілде айларында ауаның ең төменгі салыстырмалы ылғалдылығы байқалады (53-58 %). Ауданның солтүстігі, оңтүстігі және батысында атмосфералық жауын-шашынның мөлшері шамамен 230-300 мм, ал шығыс аймағында 330 мм. Жауын-шашынның ең жоғарғы мөлшері шілдеге (41-57 мм), ең төменгі мөлшері қаңтарға (8-18 мм) сай келеді. Желдің орташа жылдық жылдамдығы шамамен 5,5 м/сек болып табылады. Аудан бойынша жел жылдамдығы қатты ай негізінен наурыз айында (6,8 м/сек), ал жел жылдамдығы азаятын айлар ақпан мен желтоқсан (6,5 және 6,1 м/сек). Жел жылдамдығының ең төменгі орташа айлық мәні тамызда (4,3 м/сек) байқалады. Орталық Қазақстан экономикалық ауданында жел жылдамдығының ең жоғарғы көрсеткіші (37 м/сек) 20 жылда бір рет қайталанады. Жел режимі негізінен жылдың суық айларында сібірдің антициклионының батыс тармағының әсерінен қалыптасады.
Аудан аумағында жазда найзағай құбылысы жиі-жиі, көктем мен күзде бәсеңдеу қайталанып, дауыл, нөсер және бұршақпен қатар жүреді. Мұнда найзағай жылына орташа мөлшерде 20-24 күн, ал Қарқаралы өңірінде 28 күн жарқылдайды. Жылы айларда ұзындығы мен ені бірнеше километрге созылатын белдеу бойынан бұршақ байқалады және негізінен сирек түседі. Боран жиі болып тұрады, қыста орташа есеппен 21-38, кей өңірлерде боран 50 күн соғады. Ауданның далалық өңірінде 20-38 күн шаңды дауыл, 16-28 күн тұман (Қарағандыда 37 күндей) болып тұрады. Облыс климатының өте айқын байқалатын ерекшеліктерінің бірі – қуаңшылық. Сәуірден қыркүйекке дейінгі аралықта 60-100 күн аңызақ жел соғады. Аудан аймағында қыс кейбір жылдары тым қатты болып, 5 айға дейін созылады. Тұрақты қар жамылғысы әдетте қарашаның ортасында қалыптасып, 120-150 күндей жатады. Қаңтарда аяз әдәуір күшейеді – 20оС-тық және одан да төмен аязды күндер саны аудан территориясы бойынша жылына 10-15 күннен 40-50 күнге дейін өзгеріп отырады, ал кейбір жылдары айына 20-25 күнге дейін аяз болып тұрады. Қар жамылғысының қалыңдығы 20-26 см, ал қар қалың түскен жылдары 32-50 см-ге жетеді. Жазы 3-4 айға созылып, барлық жерде дерлік ыссы әрі құрғақ болады. Ауа температурасы шілдеде 34-39оС, кейбір жылдары 40-43оС-қа дейін көтеріледі. Жазғы жаңбыр көбіне нөсер күйінде өтеді. Күз мезгілі қыркүйектің басынан басталып, қазанның аяғына дейін созылады және жазбен салыстырғанда тым қуаң болады.
Қоңыржай жылы, ұсақ шоқылы – қуаң аудан Сарыарқаның неғұрлым төменгі бөлігін қамтиды. Гидротермиялық коэффиценті 0,7-0,8-ге тең.
Ауданның өзендері ағынсыз Теңіз және Қарасор тұйық көлдердің және Ертіс өзенінің алабына жатады. Өзен торының жиілігі 0,07-0,09 км/км2 құрайды. Ауданда ұзындығы 10 км-ге жетпейтін 1800-ге жуық бұлақтар мен өзендер бар, ал ұзындығы 10 км-дан 100 км-ге дейін жететін 365 өзен, ұзындығы 100 км-ден асатын 11-ден астам өзен бар. Аймақта Нұра өзені басты су артериясы болып саналады. Ауданда сонымен қатар Талды, Құланөтпес, Түндік, Жарлы сияқты өзендер бар. Ауданның оңтүстік және оңтүстік-шығысында аласа таулы рельеф басым болуына байланысты өзендері негізінен солтүстік және солтүстік-шығысқа қарай ағады. Өзендер қарашада толық қатады. Қазақстанның көпшілік өзендері сияқты, ауданның өзендері қар суымен қоректенеді. Сәуір айының бірінші ширегінде басталатын көктемгі су тасу –су режиміндегі басты ерекшелік болып саналады. Өзендердегі жылдық ағынының негізгі бөлігі (70-95%-ы) көктем мезгіліне келеді. Ал жаз айларында өзендер тым таяздап, суының тұздылығы артады, кейбірі тіпті тартылып қалады. Мол сулы жылдары бірқатар өзендер 0,5-0,6 км-ге, ал Нұра өзені өзінің төменгі ағысында 2 км-ге дейін жайылып кетеді. Ірі өзен арналарының ені 15-30 м-ден 50-70 м-ге жетеді. Осы өзендердің тереңдіктері әдетте 3-5 м-ден аспайды.
Аудан шекарасында 1300-ге тарта көл бар, соның ішінде ауданы 1 км2-ден асатын 100 көл бар. Қуаң жылдары айдындардың ауданы 0,5-1,5 км2-лік ұсақ көлдер кеуіп қалады. Көл суының минералдылығы 1г/л-ден 10г/л-ге дейін ауытқып отырады. Суайрықтары жайдақ, жағалары аласа болып келетін көлдердің қазаншұңқырлары ауданның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аласа таулы қырқалы аймақтарда таралған. Ұсақ көлдері қуаң жылдары кеуіп қалады. Терең көлдерде (Үлкенкөл) су бүкіл жыл бойы сақталады. Беткі және жер асты суы ағындарының базисі болып үлкен тұйық ойыстардағы көлдер саналады. Солардың ең ірісі Қарқаралы қаласынан солтүстікте жатқан Қарасор адырлы-жазықты тұйық ойыс. Осы аймақта 50-ге жуық көл бар (Саумалкөл, Балықтыкөл, Қарасор т.б.) . Ауданның су айдындарының орташа тереңдігі 1 метр, кей жерде 4-5 м-ге дейін барады. Суының минералдылығы 35-41 г/л. Емге пайдаланылатын күкіртті-сутекті шипалы сұр балшық осы аймақтың көлдерінің түбінен табуға болады. Ауданды сумен қамтамасыз ету балансында Нұра мен Шерубайнұра өзендерінде салынған бөгендер мен каналдар (Самарқан бөгені, Шерубайнұра бөгені) сонымен қатар оншақты ұсақ тоғандар маңызды рөл атқарады. Аудан территориясында 1973 жылы Қарағанды мен Теміртау қалаларын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Ертіс-Қарағанды ірі гидротехникалық құрылыс салынды. Канал әлі күнге дейін осы қалаларды ауыз сумен қамтамасыз етуде.
Орталық Қазақстан экономикалық ауданының көпшілік бөлігінде топырақ негізінен қызыл-қоңыр болып келеді, шығысында күңгір қызыл топырақ, ал оңтүстігінде қара топырақ таралған. Топырақтағы қара шірінді қабатының қалыңдығы 41 см-дей. Зоналық қызыл-қоңыр топырақ арасында шалғынды топырақ, сортаң топырақ, интерзоналық топырақ және оның комплекстері таралған. Таудың қара топырағы ұсақ шоқылар мен аласа тауларда таралған. Көтеріңкі келген суайрықты жазықтарда таралған күңгірт-қызыл топырақтың қара шіріндісі 2,5-4%. Топырақта саздақ және карбонатты саз мөлшерінің көптігіне байланысты жел эрозиясына ұшырап отырады.
Ауданның оңтүстігінде қызыл қоңыр топырақ басым келеді. Қара шірінділі горизонттың қалыңдығы 25-45 см, ал ондағы қара шірінді мөлшері 2-3%. Жыртылған жері дәнді дақыл өсіруге пайдаланылады, дегенмен егіншіліктің түсімі тұрақсыз келеді. Ұсақ шоқылар аралығының көп жерінде күңгірт қызыл қоңыр топырақ 5-30 см тереңдікте таралған . Бұл аймақ көбіне жайылым жер ретінде пайдаланылады. Таудың күңгірт қызыл топырағы аласа таулы аймақты қамтиды. Шағын бөліктер күйінде шалғынды топырақ жер асты сулары жақын жатқан жерлерде (тау етектерінде, өзен жайылымдарында т.б.) кездеседі. Топырақ қара шіріндісінің қалыңдығы 32-50 см, ал қара шірінді 5-8% аралығында. Шалғын топырақты ішінара жайылымға , бірақ негізінен шабындыққа пайдаланылады. Қара шіріндісі 2-5% келетін сор топырақ рельефтің әртүрлі элементтерімен бірге кездеседі. Жер бетінің күшті тілімденуі, ойыстар мен өзен аңғарларының көптігі, атмосфералық жауын-шашынның көбірек түсуі және жер асты суының молдылығы шалғынды-далалық топырақтың кеңірек таралуына себебін тигізеді. Шалғынды-далалық топырақ ылғалға және қоректік заттарға бай, сондықтан егіншілік үшін қолайлы келеді.
Орталық Қазақстан ауданының флорасында 78 тұқымдасқа жататын гүлді өсімдіктің 850 түрі кездеседі. Олар: 121 түрі - астра тұқымдасы, 63 түр- астық тұқымдасы, 62 түр -бұршақ тұқымдасы, 60 түр- алабұталар тұқымдасы. Қарқаралы бөріқарақаты, қарқаралы сылдыршөп, қазақстан астрагалы, қарқаралы бидайығы эндемик өсімдік түрлеріне жатады. Ауданда бозды-бетегелі дала қалыптасқан. Шымдастық тұқымдасты дала күңгірт қызыл топырақ үстінде көбірек таралған. Кең өзен аңғарларындағы құмдақ топырақ бетінде жусан, леселинг қауы, бетеге, дала шалфейі, шашақты қаңбақ, ұзын жапырақты құмдақ шөп өскен әртүрлі шөпті, жусанды-бозды-бетегелі дала қалыптасқан.
Саздақ топырақ тараған өңірде қылтаң селеу өскен селеулі-бетегелі даланың петрофитті түрі қалыптасуда. Шоқылардың бетегелерінде аласа қарағай мен бұта қарағай басымырақ бұталы дала дамыған. Басқа бұталы өсімдіктерден тобылғы, ұсақ жапырақ ұшқат, бүрген, шайқурай жиі кездеседі. Қара шіріндісі орташа қара топырақ үстінде дамыған әртүрлі шөпті, астық тұқымдасты дала, облыстың солтүстік-шығыс бөлігіндегі Семізбұғы тауының маңындағы толып жатқан сай-жыралар бойында орналасқан. Аудандағы жердің көпшілік бөлігі жыртылған. Өсімдік жамылғысында қоңырбас, бетеге басымырақ өседі. Сор мен сортаң топырақты жерлерде көкпек пен жусан үстем келеді. Шерубайнұра, Нұра, Талды, Ащысу өзендерінің жайылмасында бұталы өсімдіктер (итмұрын, көктал, ұшқат) таралған. Қарағайлы және қайыңды орман сарыарқаның неғұрлым көтеріңкі бөлігінде (Қарқаралы , Бақты, Қызылтау, Кент,) өседі. Қу және Кент тауларында биіктік белдеудің іздері байқалады. Тау бастарында субальпілік өсімдіктердің жұрнақтары сақталған. «Қазақстан Республикасының қызыл кітабына» енгізілген сирек кездесетін өсімдіктер кездеседі.
Орталық Қазақстан территориясында 60-қа жуық сүт қоректілердің, 200-дей құстардың, 10-ға таман бауырымен жорғалаушылардың, 4 қосмекенділердің, 20-дай балықтардың түрі кездеседі. Мұнда мынадай жануарлар ареалының шекаралары өтеді: батыс бөлікте сұр тышқан, сұр суыр;оңтүстік бөлікте ақ шіл, жоңғар аламаны, ор қоян, суыр; солтүстік аймақта Эверсман атжалманы, сұр суыр, қосаяқ тұқымдастар, барылдақ ала торғай, сары торғай, әртүрлі кесірткелер, сар шұнақ, қызылқұйрық, үнді сырқас торғайы; Осакаровка, Ульянов және Молодежный аудандары жерінде орманды-далалы ландшафт таралған. Бұл аймақтарда кемірушілер, жыртқыштар, тұяқтылар кездеседі.
Кемірушілерден сұр тышқан көп кездеседі. Астық тұқымдасты түрлі шөпті далалық өңірде сар шұнақ пен қосаяқ мекендейді. Орманды даланың шүйгін шөбі мен бұталары, қыс мезгіліндегі қардың жұқалығы еліктердің кеңірек таралуына жағдай жасайды. Құстардан қайыңды ормандарда мысық торғай, ақбас сары торғай, шіл ,жәндіктерден – мүйіз құйрық қоңыз, қайыңның құмырсқа шыбыны, зауза қоңыз, мүр көбелек таралған. Ашық өңірлерде суыр, шалғындар мен орман шеттерінде су егеуқұйрығы кездеседі. Ұсақ кемірушелерден басқа бас сұр тышқан мен ала қоржын көбірек таралған. Тұқым қоректі кемірушілерден шалғындар мен орманның шеттерінде қысқа қарай түсін өзгертетін сұр түсті жоңғар аламаны ормандар мен бұталар арасында кәдімгі тышқандар мекендейді. Қояндардан аққоян жиі кездеседі. Орманды далаға тән жануарлар – дала күзені мен сібір елігі таралған.
Орманды далада қасқыр, түлкі кездеседі. Сұр кекілік ауданда болатын жұқа қар, қысы жұмсақ маусымдарда жақсы көбейеді. Аймақта сирек кездесетін және ең ірі құс - қара құс. Қайыңды орманда ақбас сарықас торғай кездеседі. Қыста көкқарғаны, сарышымшықты, шекілдектерді, бозторғайды т.б. құстарды кездестіруге болады. Бұталар арасында жабайы кептер және тағанақ, кәдімгі көкек мекендейді. Шалғынды дала бозторғайға бай келеді. Жыртқыш құстардан кәдімгі күйкентай мен дала күйкентайы және жамансары жиі ұшырайды. Жәндіктерден саяқ шегіртке, ақжолақ, шартылдақ қоңыз, шалғын көбелегі жер бүргесі көп кездеседі.
Дала фаунасы негізінен орманды дала фаунасынан өзгеше. Шөп жамылғысының жатағындағы мұнда шақылдақтың, суырдың, кішкене сарышұнақтың, секіргіш қосаяқтың, үлкен қосаяқтың көп таралуына себеп болады. Құстардан ала және қара қанатты бозторғай кездеседі. Тырна, қылқұйрық, дала торғайы мен жаман сары мекендейді. Дала зонасы шөбінің молдылығы және қар жамылғысының жұқалығына орай тебіндеп жайылатын тұяқты жануарлар көп. Жазғы айларда бұл өңірге табын-табын киік келеді. Ауданның тау массивтерінде ғылым үшін маңызы зор гибридтік суырлар мекендейді. Нұра ауданының оңтүстігінде жер сіңдіру мақсатымен Жезқазған облысынан құмтышқан жіберілген. Бауырымен жорғалаушылардан кең тарағандары қарашұбар жылан, қалқан тұмсық жылан, кесіртке, улы сұр жылан, қосмекенділерден көбірек кездесетіні – жасыл құрбақа, үшкір тұмсықты бақа. Балықтардың дені Ертіс-Қарағанды каналы мен жекелеген ірі тұщы су айдындарында шоғырланған. Кездесетін балық түрлері онша көп емес, олар – сазан, мөңке, шортан, аққайран, дөңмаңдай, алабұға, оңғақ, шабақ балық, бақа, сонымен қатар ақ амур жерсіндірілген.
Қазақстанда кеңінен тараған тас көмір мен қоңыр көмірлердің, жанғыш тақта тастардың 10 бассейні, 155 кені, 102 жерде белгісі бар. Бұлардың ішінде 4 тас көмір, 6 қоңыр көмір бассейні, тас көмірдің 101, қоңыр көмірдің 48, жанғыш тақта тастардың 6 кені бар. Көптеген кен қоры ондаған не жүздеген млн, үлкендері млдр-таған тоннаға жетеді. Қазақстанның жалпы көмір қоры 160 млрд. тоннадай (жалпы ТМД қорының 1,5-і ғана), оның 14 млдр. тоннасы кокстелетін көмір. Көмір кенінің көбі карбон не юра кезеңінде қалыптасқан. Көмір кендерінің көбі Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары жерінде.
Қарастырып отырған Қарағанды көмір бассейні Донбасс, Кузбасс, Печера бассейндерінен ауданы мен қоры жөнінен кіші болғанымен құрамындағы кокстелетін көміріне байланысты маңызы зор, сондықтан ол ТМД елдерінде үшінші орын алады [18].
Қарағанды бассейнінің көмірі карбон жасында, ауданы 3000 км2, геологиялық қоры 50 млрд.т., көмір қабаттарының жалпы саны 80. Жылына ондаған млн.т. өнеркәсіпке жарамды көмір өндіретін 40-тан астам шахта іске қосылған. Көмірдегі күл мөлшері жоғарғы қабаттарда 4-15%, төмендегілерінде 20-40%, күкірт 1%-дай, фосфор 0,01-0,1%, ылғалдылығы 3-6%, жылу шығарғыштығы 8000 ккал.
Көмір өндіру кәсіпорындарына «Шұбаркөл Көмір» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы, «Сарыарқа Energi» ЖШС, «ГРК Қамбар» ЖШС, «ГРК Дархан» ЖШС, «ГРК Недра Казахстана» ЖШС және басқалары жатады.
Завьяловка тас көмір кені – Қарағанды облысының Нұра ауданындағы кен орны. 1949 жылы Завьяловка поселкесінің оңтүстігінен 25-30 км. жерде көмірлі қабат бар екені анықталды. Бұл кен орны карбон жүйесінің тұнба жыныстарында орналасқан. Көмірлі қабат 7 кен қабатқа ажыратылады: аққудың (қалыңдығы 415-420 м), ашлярик (640м), арағанды (670 м), үстінгі қарағанды (575 м), долин (450 м), тентек (520 м), шахан (300 м). Құнарлылары – ашлярик, қарағанды, долин, тентек кен қабаттары. Долин, тентек, шахан кен қабаттарының шөгінділерінде туфтардың қабатшалары ұшырайды, бұл-сол кезеңде вулкандық әрекет болғандығының белгісі. Көмірі майлы, кокстелгіш, күлділігі 20-32% шамасында. 25-32% мөлшерінде жанғыш зат бөлініп шығады. Көмір құрамында күкірт мөлшері 2-3%, фосфор 0,5-0,6%, жылу бөлгіштік қабілеті 8,420-8,620 ккал/кг [13].
Соңғы бір-екі онжылдың ішінде, қорғасын және мырыш қоры жағынан Орталық Қазақстан ең бай болып саналады.
Ең бай өлке деп есептелетін Кенді Алтай, түсті металл қоры жағынан қазір Орталық Қазақстаннан кейінгі орынды алады.
Қорғасын, мырыш кен орындары Орталық Қазақстандағы Успен кен бассейнінде шоғырланған. Успен кен белдеуі Жезқазғанның шығыс жағынан Қарқаралыға дейін (ұзындығы 450 км, көлденеңі 50-70 км) ендік бағытта созылған. Белдеу құрылымы солтүстікте Тектұрмас, оңтүстікте Жамансарысу антиклинорийлерімен шектелген. Өндіруге тұрарлық кен қабаты (темір - марганец және қорғасын – мырыш кендері) девон-пермьнің граниттік магматизміне байланысты қалыптасқан. Ендік және солтүстік-батыс бағыттарға созылған жаншылу және тақта тастану зоналарын бойлай орналасқан 59 құрылымдық – металлогениялық зоналарда жалпы саны 800-дей темірдің, марганецтің, мыстың, полиметалдардың, вольфрамның, молибденнің кен белгілері, үлкенді – кішілі кендері бар.
Белдеудің маңызды кендері «атасулық» деп аталатын типтен орын алған. Кеннің шоғырлануына вулконогендік – шөгінділік, кейін гидротермальдық метасоматикалық үрдістер себепші болған.
Өндірістік полиметелл кендері негізінен Жәйрем, Үшқатын, Бестөбе, Қужал, Қарағанды кен орындарында шоғырланған.
Қорғасын-мырыш өнеркәсібінің шикізат базасы артуы мүмкін, ал оның құрамы жаңа кен орындарын, оның ішінде Ақжал және Ақбастау құрылымдық-формациялық аймақтар шегіндегі Ағадыр және Атасу кенді аудандарында, Алашпай синклиналі шегінде, Жайылмын грабен-синклиналінің оңтүстік бортында, Бестөбе кен орны ауданында жаңа геологиялық-өнеркәсіптік түрлерін іздеу және барлау есебінен жақсаруы мүмкін.
Қазіргі уақытта облыста қорғасын-мырыш кенін өндіруді тек Ақжал кен орнында «Nova Trading & Commerce AG» фирмасы жүргізуде (еншілес кәсіпорын - «Nova цинк» ЖШС ОК).
Жәйрем полиметалл кені - Қарағанды облысындағы Қаражал қаласының солтүстік-батысындағы (60 км) кен орны. 1951 жылы ашылған, 1964 жылы барланды. Жәйрем брахиантиклиналында құрылған кен ядросы төменгі фаменнің саз-карбонатты шөгінділерінен, қанаттары жоғарғы фаменнің рудалы шөгінділерінен түзілген.
Өндіруге тұрарлық рудалар бір-бірінен оқшауланған Шығыс, Батыс, Қиыр Батыс деп аталатын 3 учаскеде орналасқан. Руда денелері жер бетінен 5-200 м және 500-600 м (батыс), 40-400 м (қиыр батыс), 270-300 м (шығыс) тереңдіктерінде жатыр. Руданың қорғасынды-мырышты, таза баритті, мырышты-олигонитті, тоттыққан қорғасынды мырышты типтері бар. Руда минералдары: галенит, сфалерит, мельниковит, олигонит, барит, бұларға қосымша мыс, күміс, кадмий алынады. Ірі кен орны саналатын Жәйрем полиметалл комбинатының кенін ашық әдіспен де жабық әдіспен де өндіруге болады.
Бұл күндері Жәйрем полиметалл кен орнының «Қиыр Батыс» учаскесі ашық әдіспен жұмыс істейді. Алынған кеннің 1500 мың тоннасы Кентау байыту фабрикасында өңделіп, қорғасын концентраты Шымкент қорғасын зауытына жіберіледі.
Түсті металл кен орындарының басты ерекшелігі: негізгі металл кен құрамында өте аз мөлшерде (5% ке дейін) болғандықтан алынған кен тасымалдауға келмейді. Кен орындарында байыту фабрикасын салып, одан алынған концентраты ғана тасымалдауға болады. Өйткені концентраттарда түсті металдың құрамы 50% - 70% дейін жетеді. Жәйрем кен орнынан 15 шақырым жерде Үшқатын кен орны бар. Бұл кен орындарының, әсіресе Үшқатын – ІІІ кен орны қорғасын – мырышты және темір – маргенецті болып келеді. Үстінгі қабатында орналасқан темір – маргенец қабатынан алынған кен бұл күндері Жезді маргенец байыту комбинатына жөнелтіледі.
Ал, астынғы қабатынан алынып жатқан қорғасын кені (қорғасынның құрамы 7 % ке дейін) Жәйрем кенімен бірге байытылуға жоғары аталған фабрикаларға жіберіледі.
Бестөбе – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданындағы ірі барит полиметалл кен орны 1956 жылы ашылып, 1961-65 жылдары барланды. Гидротермальдық жолмен түзілген Бестөбе кен орны ортаңғы палеозойлық синклиналының солтүстік-шығыс жағын құрайтын жоғарғы девонның шөгінділерінде. Пласт және линза тәрізді руда денелері жер бетіне жақын жатады және 30-50 м тереңдікке дейін тотыққан.
Рудада 2 % - ға жуық қорғасын мен мырыш, 60% - ға жуық барит бар. Күміс, мыс, кадмий, индий т.б. кездеседі. Негізгі минералдары: галенит, сфалерит, барит. Кенді ашық әдіспен өндіруге болады. Мұндағы қорғасын мен мырыш – түсті металлургияның, ал барит әртүрлі өндірістің маңызды резерві.
Қарағайлы қорғасын-барит кені - Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласының оңтүстік-шығысындағы кен орны. Өткен ғасырдан белгілі бұл кен орны 1950-60 жылдары жүйеленіп, зерттеліп барланды. Қарағайлы кен орны Қарқаралы гранит массивінің сыртқы бетіндегі жоғарғы силурдың мүйіз тастары, құм тастары, тақта тастарында орналасқан. Аталған жыныстардан құралған солтүстік-батысқа созылған синклинальдың оңтүстік-батыс қанатында орналасқан. Кен орны үш учаскеден (Бас, Қиыр, Оңтүстік) тұрады. Бас учаскедегі полиметалл кені құрылымы күрделі, бариттенген және мүйіз тасқа айналған жыныстар мен барит қабаттарында. Бұл учаскеде Үлкен және Кіші деп аталатын екі кен линзасы бар. Оңтүстік учаске солтүстік-батысқа созылған бірнеше шор тас денелерінен тұрады. Қиыр учаске бір-бірінен 80 метрде орналасқан қабат линза кейіпті Жоғарғы және Төменгі деп аталатын солтүстік-батысқа бағытталған екі кен денесінен құралған. Кендегі руда денелерінің ұзындығы мен қалыңдығы алуан түрлі тереңдікке дейін жетеді. Полиметалл кендері негізінен сфалерит – галенит, аз мөлшерде халькопирит минералдарынан тұрады.
Кеннің басты компоненттері – барит, қорғасын, қосалқылары – мырыш, күміс, мыс, кадмий. Қорғасын мен мырыштың мөлшері 1%-дан жоғары, мыс 0,1%-ға жуық, күміс мөлшері 10 г/т-дан жоғары, барии 10-71%. Ірі кен орнына жататын Қарағайлы қорғасын – барит кендері ашық әдіспен өндіріледі. Кенді сол жердегі байыту фабрикаларында өңдеп концентраттарын Шымкент, Өскемен зауыттарына жөнелтіп тұрады.
Қарағайлы кен орнынан оңтүстік-батысқа қарай 100 км жерде Алаайғыр кен орны бар. Бұл Шет аудандағы қорғасын кені. Ол Успен тектоникалық алқабының шығысында, қарағайлы – Алаайғыр кен ауданының құрамында күшті Жентектелу, уатылу зонасында гидротермал үрдістері әсерінен түсі ағарған девонның қышқыл эффузивтері арасына біткен. Линза тәрізді кен денелері тектоникалық зонаға бағыттас, салалана орналасады. Кен минералдары: күмісті галенит, пирит, сфалерит, халькопирит т.б. Ескі қазбалары көп. Кеннің терең горизонттары барланған. Кен орнын Қарағайлыға көмекші ретінде ашық әдіспен өндіруге болады.
Кен өнеркәсібін орналастыру ерекшелігі соған әсер ететін факторларға байланысты. Ол факторларға мыналар жатады: табиғи қор, шикізат орны, техникалық жетістік, транспорт, отын-энергия орны, су қоры, еңбек ресурстары және шығарған өнімді тұтыну орындары. Және де бұл факторлардың кен кәсіпорнын орналастыруға әсері әртүрлі экономикалық тұрғыдан тиімді, еңбекке қолайлы, тұтынушыларға жақын орналасқан кәсіпорындар, жоғарғы айтылған факторларды ескеріп жоспарлы түрде қалыптасқанының айғағы [34].
Кәсіпорындарды орналастырған уақытта басты және қосалқы факторлар да әсер етеді. Мысалы, металл алудың жеке өзіндік құнының ең төмен мөлшері көп жағдайда өндірісті орналастыруда шешуші рөл атқарып кетеді.
Түсті металл өнеркәсіп саласының бірінші ерекшелігі өз қарамағына әртүрлі өндіріс салаларын біріктіруді және өндірістік процестерінің әр саласы жеке-жеке өтуінде.
Өндірістік процестері мына салалардан тұрады:
1) кенді қазып алу, не болмаса тау-кен жұмысы;
2) қазып алған кенді байыту, сөйтіп құрамында негізгі металдың үлесі көп концентрат алу;
3) алған концентратты металлургиялық процестен өткізу, яғни балқытып дайын металл алу;
4)балқытылған металдарға белгілі бір форма беру және әртүрлі қорытпалар алу.
Түсті металл кәсіпорнының екінші бір ерекшелігі – кен құрамында негізгі компоненттер құрамының өте төмендігінде.
Үшінші ерекшелігі – кеннің құрамында негізгі компоненттерден басқа көптеген химиялық элементтердің қосарланып бірге жүруінде.
Төртінші ерекшелігі – түсті металл кендерінің қоры аз болып келетіндігінде. Бұл еңбек өнімділігін жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік бермейді.
Кен орындарын ашу үшін сол жерге байыту фабрикасын, кейде өңдейтін металлургия заводын, жұмыскерлер тұратын қала, су, транспорт, электр жүйелері жүргізіліп, адам баспаған не таулы, не шөлейтті жерлерді игеруге тура келеді.
Түсті металл кәсіпорнын орналастырғанда табиғи факторлар басты орын алатыны даусыз. Әсіресе кен құрамында негізгі металдардың сапасы жоғары болуы, кен қорының молдылығы шешуші рөл атқарады. Тау-кен өнеркәсібінде негізгі металдың кен құрамында өте аз, 5%-ға дейін болуына байланысты алынған кен тасымалдауға келмейді, міндетті түрде сол жерге байыту фабрикасын салу керек. Бұлай істелмеген күнде кәсіпорын көп шығынға ұшырайды. Мұның бір нақты дәлелі іспетті Жәйрем кен байыту комбинатын мысалға келтіруге болады [11].
Байыту фабрикаларын салған уақытта сол жердегі кеннің құрамына, ерекшелігіне аса назар аударған жөн. Көбіне комплексті болып келетін полиметалл кендерін байытқанда, кен құрамындағы компоненттерді барынша мол алу үшін селективті флотация әдісін қолдану, құрамы төмен компоненттерді де алуға мүмкіншілік береді. Бұл әдіс шикізат қорын көбейтуге көп әсерін тигізеді және жеке кен орны бола бермейтін сирек кездесетін металдарға алуға көмектеседі.
Ғылыми-техникалық жетістік тау-кен өнеркәсібінде шығаратын өнімнің сапасын және көлемін арттыру жағына бағытталған, әсіресе концентраттардың көп түрін алып, олардағы пайдалы қосалқы элементтерді толық алуға жүйеленген. Бұдан басқа ғылыми-техникалық жетістікті тау-кен қазба байлығын, жетілдірілген ашық әдісті кеңінен пайдаланып, табиғат байлығын толық жер бетіне алып шығуға және кенді қазып алып шығатын техниканы жетілдіруге пайдаланған дұрыс [14].
Еңбек өнімділігін арттыратын және шығын көлемін азайтатын басты фактордың бірі арзан транспорт жүйесін қалыптастыру.
Байыту фабрикаларын кен орнына жақын салу, автомобильге қарағанда теміржол транспортын кең пайдалану, дайын өнімнің өзіндік құнын азайтатын жолдарға жатады.
Еңбек ресурстарының кен орнына жақын жерде шоғырлануы, электр қуаты жүйесінің жақын болуы, еңбек өнімділігін арттырып, шығын мөлшерін азайтатын факторларға жатады. Кенді байытқаннан кейін алынатын өнім – концентрат, тасымалдауға ыңғайлы және тиімді болғандықтан, металлургия заводын қай жерге орналастыру басқа факторларға байланысты. Олардың ең бастылары шығарылған өнімді пайдаланатын орталықтарға жақын орналастыру, арзан су мен электр қуатын алу мүмкіншілігі бар жерге орналастыру болып саналады.
Боксит кенін Қостанай облысында алып, Екібастұздың арзан көмірінен алынатын арзан электр қуаты бар және мол Ертіс суы бар Павлодар қаласында алюминий заводын салу, металлургия заводын салудың ең бір жақсы үлгісі іспеттес. Өйткені, алюминий алу мол су мен көп электр қуатын қажет ететін түсті металл өнеркәсіп саласы.
Металлургиялық заводтарда ғылыми-техникалық жетістіктерді кеңінен пайдалану, әсіресе таза металл алу үшін сығымдалған оттегіні пайдалану, сұйық ваннада электролиздік әдісті қолдану экономикалық тұрғыдан тиімді болғаннан басқа, таза да көлемі мол өнім алуға мүмкіншілік береді.
Атасу кен ауданының марганец кенінің барланған қорының едәуір бөлігі (90% артығы) тек жер асты тәсілімен әзірлеуге жарамды болғандықтан, геологиялық барлау жұмыстарын Сүйіртісудың шығыс бөлігі мен Шығыс-Сүйіртісудың оңтүстік бөлігіндегі үстіңгі қабатты жоғары сапалы кен табуға бағыттау қажет.
Қарағанды облысы мыс қоры мен оны өндіру бойынша Республикада алдыңғы орынға ие. Облыста әртүрлі геологиялық типтегі мыстың шамамен 30 кен орны бар. Мыстың негізгі өнеркәсіптік қоры Жезқазған және Балқаш маңындағы кен аудандарында орналасқан. Облыстың барлық келешегі бар мыс кенді аудандарында мыс кенін игеру және өндірумен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС айналысады.
2009-2016 ж. кезеңінде корпорация кен базасын одан әрі дамытуды және жаңғыртуды жоспарлап отыр, ол мынадай кеніштер негізінде: Абыз (ПГР) 2015ж., Құсмұрын (ПГР) 2013ж., Ақбастау (ОГР) 2011ж. («Қарағандытүстімет» ӨБ); Жомарт (II кезек) 2016ж., Шығыс Сары-Оба 2011ж. («Жезказғантүстімет» ӨБ); Саяқ IV (алтын, кобальт, мыс) 2015ж. («Балқаштүстімет» ӨБ).
2 Нарықтық экономикаға өту кезеңіндегі халықтың туу көрсеткіштерінің демографиялық ерекшеліктері
Туу - өлу сияқты биоәлеуметтік құбылыс. Туу жағдайына қоғамдағы әлеуметтік саяси және экономикалық жағдайлар тікелей әсерін тигізеді. 1999-2012 ж. жалпы республикадағы халықтың туу көрсеткіші 26,73% төмендеді, өлу 35,6% дейін өсті, халықтың табиғи өсімі 2,45 есе төмендеді. Қазақстан Республикасы ұдайы өсудің қарапайым типіне жатты. 1990-1994 ж. туу белорустарда 36,6%, украиндарда 32,3%, орыстарда 30,3%, қазақтарда 14% дейін қысқарған жағдай өнеркәсіпті аудан Орталық Қазақстанда айқын байқалды. Облыстағы туу көрсеткіші әсіресе өнеркәсіпті қалаларда ауылдық елді-мекендерден 1,2 есеге төмендейді. Жалпы Орталық Қазақстанда Қазақстанның барлық өнеркәсіпті аудандары сияқты туу көрсеткіші орташа деңгейде өтті. Туу көрсеткішінің төмендеуі 1991-2003 ж. аралығында қатты байқалды. Туу коэффициенті 6,2% төмендеді. Көпшілік жанұяларда екінші, үшінші, т.б. балалардың дүниеге келуіне соншалықты ықылас болмады. Республика көлемінде, әсіресе Қарағанды облысында туу азайып, өлу көбейді. 1991 мен 2003 жылдар аралығында Қарағанды қаласында туғандар 9337 адам, оның ішінде 1989 ж. 5013 адамға, 2002 жылы 4324 адамға немесе 46,3% азайған. Жалпы туу коэффициенті 11,97%, ал Теміртауда бұл көрсеткіш ең төменгі деңгейде болды. Олай болса Орталық Қазақстанда ұдайы өсудің қарапайым түрі сақталған. Өнеркәсіпті Балхаш қаласында 1991 жылы 1171 адамға, 2003 жылы 922 адамға немесе 44,0% төмендеген. Бұл үрдіс Қарағанды облысының өнеркәсіптік қалаларында тұтастай болған. Өндірістің тоқтауы, өмір сүру деңгейінің төмендеп ,туу көрсеткіштерінің күрт азаюына ықпалын тигізді. Туу коэффициентіне шаруашылық тұрмыстық факторлардың әсері де үлкен әсерін тигізді. Нарықтық экономикадағы жаңа қатынастар тууға кері әсерін тигізе бастады. Туу көрсеткішінің жоғарылауы 2003 жылы басталып, баяу түрде жүрді. 2003 жылы облыс бойынша 16066 адам дүниеге келсе, бұл көрсеткіш 2012 жылы 2625 адамға артық болды [4].
Жезқазған қаласында 2006 жылы туылғандар 1120 адам, ал 2013 жылы 1315 адамға артты. Халықтың тууы Балхаш, Шахтинск, Саран қалаларында арта бастады. Туылғандар Балхашта 2006 жылы 1010 адам, 2013 жылы 561 адам, Шахтинскіде 2006 жылы 528 адам, 2013 жылы 454 адмға артты. Түсті металдың ірі орталығы Балхашта 2006 жылы 1840 адам, 2013жылы 20% азайып, 1365 адамды құрады, 2007 жылы туылғандар саны 61 адамға өсіп, 1426 адамды құраса, 2008 жылы керісінше 83 адамға азайып, ал 2009 жылы қайтадан туылғандар саны өсті.
Жалпы Орталық Қазақстан бойынша 1991-2003 жылдар аралығында туу төмендеп, әсіресе ол қала халқында қарқынды түрде өтті. Бұл жағдай 90 жылдар басындағы экономикалық дағдарысқа, әлеуметтік экономикалық тұрақсыздық пен қымбатшылыққа байланысты болды. Қала және село халықтарының жастық құрамында үлкен айырмашылықтар байқалды.
Ауыл халқының көші қоны жастар арасында белсенді жағдайда өтіп, қала халқының үлес салмағы артты. Ал, ауылдық елді мекендерде егде жастағылар қалып, бұл үрдіс халықтың туу көрсеткішіне тікелей әсерін байқатты. Орталық Қазақстан ауылдық елді мекендерінде туу төмендеп, ол 2003 жылы 1774 адам (7,9%), бұл 2000 жылғы көрсеткіштен 382 адамға аз.
Абай ауданында туылғандар 1991 жылы 1414 адам болса, 1992 жылы ол 84 адамға азайып 1330 адамды құрған.
Ақтоғай ауданында туылғандар саны 2001 жылы - 2013 жылдар аралығында қатты төмендеген.
Бұхар жырау ауданында 2001 жылы туылғандар 1500 адам болса, 2013 жылы 743 адамды құраған.
Жаңаарқа ауданында 2001 жылы 1038 адам туылса, 2002 жылы 1046 адам, қайтадан туу төмендеп, 2003-2007 жылдар аралығында 943 және 959 адамды құраған.
Қарқаралы ауданында туу 2001-2005 жылдар 60% төмендеп, 2002-2003 жылдар 726 және 746 адамды құраған, 2005 жылы туылғандар 112 адамға кеміп, жалпы саны 634 адам болған. Мұндай жағдайлар Нұра, Осакаровка, Ұлытау аудандарында байқалып, туу көрсеткіші тек 2005 жылдан бастап қана даму үрдісін алған. 2002 жылдардан туудың жоғарылауы Ақтоғай ауданында 361 адамға, Бұхар жырау ауданында 743 адамға, Қарқаралы ауданында 746 адамға, Нұра ауданына 454 адамға, Осакаровка ауданында 540 адамға, Ұлытау ауданында 194 адамға, Шет ауданында 703 адамға артқаны байқалады. Абай ауданында керісінше туу өлуден төмен көрсеткіште болған. Мұндай көрініс облыс көлемінде 1991-2005 жылдары туудың төмендігінен, ол үрдіс облыс көлемінде әлеуметтік экономикалық жағдайдын тұрақсыздығын, өмір сүрудің қымбатшылығын, сыртқы көші-қонның басымдылығын сипаттайды. 2014 жылдың басында Қарағанды қаласында облыстық статистикалық бөлімнің ұйымдастыруымен халық арасында сауалнама жүргізілді, оған 68% әйелдер, 32 % еркектер халқы түгел қатысып, нәтижесінде көп балалы жанұялардың аздығын, көбінесе 1 немесе 2 баламен шектелгенін көрсетті [6,7].
