Бақылау сұрақтары:
1. Қадалар қайда және қандай жағдайларда қолданылады?
2. Қадалы іргетастарының артықшылықтары неде?
3. Қадалар топыраққа батыру тәсілі бойынша қандай түрлерге бөлінеді?
4. Жұмыс өзгешілігі бойынша қадалар қандай болады?
5. Қадалар материал түрі бойынша қандай болады?
6. Көлденең қима пішіні бойынша қадалар қандай түрлерге бөлінеді?
7. Ростверк дегеніміз не?
10-ші Дәріс. Тұтас құймалы бетон және темірбетон процестерінің технологиясы
Бетоннан және темірбетоннан жасалған түзілістер жұмыс өндіру тәсілі бойынша: ширатылған және ширатылмаған арматурасы бар құрастырмалы, тұтас құймалы және құрастырмалы-тұтас құймалы болады.
Құрастырмалы түзілістер арнайы зауыдтарда және полигондарда жасалады, сонан-соң көлікпен саланатын объектіге жеткізіліп, жинақтау механизмдерімен жобалық қалпына орнатылады.
Құрастырмалы-тұтас құймалы түзілістер зауытта жасалған құрастырмалы элементтерден және оларды, бір бүтінге біріктіретін тұтас құймалы бөлігінен тұрады.
Тұтас құймалы түзілістер алдын ала дайындалған қалыпқа арматура мен бетон қоспасын салу арқылы тікелей түрғызылатын объектіде жасалады. Бұл жағдайда құрылыс алаңына қалып, арматура және бетон қоспасы жеткізіледі.
Кей жағдайларда құрастырмалы темір-бетонмен салыстырғанда тұтас құймалы бетон мен темір-бетон қолдану тым ұтымды, әсіресе сейсмикалық аймақтарда, энергетикалық және су шаруашылық құрылысында, биік үймереттер мен ғимараттар тұрғызғанда.
Тұтас құймалы темірбетоннан жасалған ғимараттарды тұрғызудың кешенді технологиялық процесін дайындау және құрылыс процестері түрінде көрсетуге болады (10.1-сурет). Дайындық процестері құрылыс алаңы маңынан тыс, зуыттарда орындалады, ал құрылыс процестері белгілі технологиялық жүйемен аяқталған өндірістік айналымын жасап тікелей құрылыс алаңдарда жүргізіледі.
Жұмыс өндірісінің тасқынды әдісі жеке алымдарға бөлінген жұмыстардың барлық кешенін орындаудың кең ырғағын қамтамасыз етеді. Сонымен әр алымда темірбетон жұмыстарының барлық кешеннің тиісті құрама процестері жүргізіледі (10.2-сурет). Жұмыс I алымда қалыпты орнатудан басталады, сонан соң II алымға көшеді, ал I алым арматура орнататын жұмысшыларға босатылады. Бір алымнан жұмыс орындау шамасымен жұмысшылар келесі алымға ауысады, ал босанған алымға келесі мамандық жұмысшылар келеді.
10.1-сурет Темір-бетон жұмыстарын өндірудің технологиялық жүйелілігі
10.2-сурет Тұтас құймалы темірбетонды өндірудің тасқынды әдісінің үлгісі
Тұтас құймалы бетон және темірбетон жұмыстарын өндіру кешенді процесі шапшаң-тасқынды әдісі бойынша жұмыстардың барлық процестерін өзара үйлестіріп орындаудан тұрады және өзіне келесі процестерді енгізеді: қалыпты тасымалдау және орнату, соңынын оны ажырату; арматураны тасымалдау және орналастыру; бетон қоспасын тасымалдау, төсеу және тығыздау; тұрғызу процестерінде және қату процесінде бетон қоспасының сапасын бақылау. Жеткеші процесс бетон қоспасын төсеу болады, оған барлық қалған процестер бағынады.
Бетондалатын түзілістерді жобалық өлшемдері мен сыртқы пішінін қамтамасыз ететін формаларды қалып деп атайды. Қалып әртүрлі материалдардан жасалған және әртүрлі конструкциялы жүк көтеруші, тіреуіш және форма жасайтын элементтерден тұрады. Қалып арнайы зауттарда және цехтарда жасалған элементтерден жиналады.
Қолданудың қайталау белгісі бойынша қалыптар инвентарлы және тұрақты болып бөлінеді. Қалыптар металдан, ағаштан, ағаш-металлдан, темірбетоннан, армоцементтен, синтезден, пневматикалық материалдардан жасалады. Бірақ қалыптың ең ұтымдысы жүк көтеретін тіреуіш элементтері металдан, ал бетонмен жанасатын тақтайлар ағаштан, фанерадан немесе пластиктен жасалады.
Әдетте бетон қоспасын тасымалдау деп оны бетон зауытынан құрылыс алаңына дейін жеткізу және құрылыс алыңының шегінде бетон қоспасын төсеу орнына беруді атайды. Бетон қоспасын төсеу орнына тасымалдау тәсілін зауыттан құрылыс алаңына дейінгі қашықтығы, бетондалатын ғимараттың түрі, көлік құралдарының бары, бетон қоспасының қасиеттерін еске алып таңдайды. Сонымен бетон қоспасын тасымалдау тәсіліне байланыссыз түрде ең маңызды технологиялық шарт – оның қажетті жылжымалығын сақтауды қамтамасыз ету керек. Сондықтан бетон қоспасын тасымалдағанда жауын-шашын тию, күн сәулесі мен жел әсері және цемент суы ағып кетуден сақтау керек.
Бетон қоспасын зауыттан құрылыс алаңына жеткізу үшін автотүсіргіштер, автобетонтасушылар, автобетонараластырғыштар тасымалдайды. Ал құрылыс алаңының шегінде бетон қоспасын бұл машиналардан қалыптарға әперіп тұруын бункермен немесе қауғамен жинақтау крандар немесе автобетонсорғыштар қамтамасыз етеді.
Бетон қоспасын тасымалдау мерзімі оның жылжымалығын төмендетуге әсер етеді. Сондықтан бетон қоспасын тасымалдаудың ең үлкен қашықтығы оның жолда болу мүмкін уақытына, жол жағдайына және көліктердің орташа жылдамдығына байланысты.
Бетондау процесіне жұмыс операцияларын үш топқа бөлінеді:
- дайындық,
- негізгі,
- қосалқы.
Дайындық жұмыстарына қалыптарды, арматураны, механизмдер мен құрал-саймандарды дайындауымен байланысты операциялар жатады. Негізгі жұмыстарына бетон қоспасын қабылдау, үлестіру, тығыздау жатады. Бұл операциялар үздіксіз технологиялық жүйелікпен орындалады және олардың атқарылуы техникалық қызметкерлерінің үнемі бақылауымен жасалады. Қосалқы жұмыстар бетондау процестеріне ілеспелі болады. Олар келесі операциялардан тұрады: көлік құралдарын және құрылғыларды (вибротасығыштар, вибронауалар, бетон тасушы машиналар) орнату, бекіту, ауыстыру.
Тұтас құймалы түзілістерге төселген бетон қоспасын тығыздау найзалаумен, таптаумен, дірілдетумен және вакуумдаумен жүзеге асырылады. Тығыздау мақсаты – қалып формасын бетон қоспасымен жақсы толтыруды қамтамасыз ету болып табылады. Тығыздаумен бетонның беріктігін, аязға төзімділігін, су сіңірмеушілігін арттырады.
Бетон қоспасын найзалаумен тығыздау қолмен істеледі. Бұл тәсіл жұқа қабатты және тығыз арматураланған конструкциялардың бетон қоспасын тығыздау үшін қолданылады. Бетон қоспасын таптаумен тығыздау пневматикалық таптағыштармен жүзеге асырылады. Бұл тәсіл арматурасы аз түзілістерге қатты бетон қоспасын төсегенде және жақында орналасқан жабдықтарға дірілдеткіштің әсері тиетін жағдайларда өте сирек қолданылады.
Бетон қоспасын тығыздаудың негізгі тәсілі дірілдетіп тығыздау болып табылады. Дірілдеткіштер бетон қоспасына тербеліс беру тәсілі бойынша үш түрге бөлінеді:
- бетон қоспасының қабатына жұмыс органымен батырылатын терең дірілдеткіш;
- бетон қоспасының қабатына діріл брусымен орнатылатын үстіңгі дірілдеткіш;
- қалыпқа бекітілетін сыртқы дірілдеткіш.
Негізгі әдебиет: 1 [128-130]
