1.2. Құқық туралы негізгі теориялар.
Құқық мемлекетпен бірге қоғамның объективтік даму процесінің нәтижесінде өмірге келді. Алғашқы қоғамдағы әлеуметтік нормалар: әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мораль, діни өсиеттер мемлекеттік жүйеде бірте-бірте екінші қатардағы нормаға айналып, құқық әлеуметтік негізгі нормаға айналды. Адам қоғамы мыңдаған жылдар өмір сүріп келді. Сол көне заманнан ғалымдар құқық пен мемлекет қашан пайда болды, қалай дамып келеді? – деген мәселелермен шұғылданып, ғылыми зерттеулер жасап келді. Өйткені құқықтың мазмұнын, тарихын, белгі-нышандарын жақсы білу қоғамды дұрыс, сапалы реттеп-басқаруға өте қажет.
Қазіргі заманда да бұл мәселе заң ғылымын күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселемен толып жатқан ғалымдар, теориялар шұғылдануда. Қоғамның диалектикалық даму процесіне сәйкес құқық туралы көзқарас та, пікірлер де әр түрлі болды. Құқық туралы негізгі теориялар: табиғи, тарихи, реалистік, социологиялық, нормативтік, психологиялық, материалистік теориялар.
Табиғи теория – бұл теорияның мазмұны көне дәуірде қалыптасқан. Теорияның мазмұны – адамдардың табиғи және мемлекеттің өмірімен байланысты құқықтары. Табиғи құқықтарын ешкім шектей немесе жоя алмайды-деп түсіндірген. Цицерон – табиғи бостандыққа, құқыққа қарсы келетін мемлекеттік заң болуға тиіс емес – деген. Табиғи теорияны орта ғасырлардың ғалымдары: Локк, Руссо, Монтескье, Гольбах, Радищев т.б. өте жақсы дамытқан. Дамыған елдерде табиғи әлеуметтік норма мен құқықты бір-біріне қарсы қоюдың негізі жоқ. Олар қоғамды бірігіп басқарды.
Тарихи теория – бұл теорияның өкілдері құқық адамдардың рухани сана-сезімінің даму процесінен өмірге келіп, қалыптасады деп түсіндіреді. Оған мемлекеттің қатысы жоқ – деп уағыздаған. Адамдар субъективтік жолмен табиғи бостандықтар мен құқықтарды жоя алмайды, тек қоғамның даму процесінен қалыптасқан қатынастарды реттейтін, басқаратын нормалардың шығуын тездету керек деп түсінген. Бұл теорияның өкілдері: Густав Гуго, Карл Савиньи, Фридрих Пухта, Штиль т.б.
Реалистік теория – құқықтың дамуы өзінің эволюциялық ішкі себептері арқылы өзгеріп, ескеріп, жаңарып жатады. Оның дамуына сыртқы жағдайлардың әсері мол болады – деп уағыздаған. Бұл теорияны құқықтың бірлігін, дамуын, оның мемлекетпен байланысын, субъектілердің құқығының міндеттері болатын және мемлекеттің бақылауын қостайды.
Әлеуметтік теория – 20 ғасырда қалыптасқан теория. Бұл теория құқықтық қатынасты, адамдардың құқықтық тәртібін жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеуді жақтайды. Өкілдері: Эрлих, Леон Дюги, С.М.Муромцев, Г.Н.Шершеневич, Р.Паунд. Құқықтың әлеуметтік мазмұнын зерттеуге көңіл бөледі, құқықтық мемлекетті жақтайды.
Нормативтік теория – құқық әлеуметтік өмірдің сыртқы қарым-қатынасын реттеп, басқарып, адамдардың мүдде—мақсатын орындау деп түсінеді. Заң ғылымы құқықтың жеке өзін саясат пен идеологияға қоспай зерттеуді жақтайды. Құқықтың әлеуметтік мазмұнын зерттеуге жақтайды. Құқықтың белгі-нышандарын жақсы зерттеуді, құқықтық мемлекетті жақтады. Нормативтік актілерді жоғарыдан төмен қарай сатылап зерттеуді, бақылуды ұсынады. Бұл теорияның өкілдері: Р.Штаммлер, Г.Кельзен, П.И.Новгородцев.
Психологиялық теория – 20 ғасырдың басында жақсы дамыған теория. Теорияның негізгі мазмұны құқық адамдардың психикасының ішкі құрылысында қалыптасып, олардың сыртқы іс-әрекетіне, жұмысына әсер етуі. Адамның ішкі сана-сезімі мен сыртқы тәртібінің, мінезінің, іс-әрекетінің байланысын Петрижицкий этикалық сана деп атайды. Бұл теория құқықты екі түрге бөледі: жеке тұлғалық (автономдық) және оң жағымды (позитивтік). Жеке тұлғалық құқық – жеке адамның ішкі ұятынан қалыптасатын елегізу, қатты қиналу. Оң жағымды позитивтік құқық – басқа адамның беделіне, абыройына сенушіліктен қалыптасатын психикалық көзқарас.
Материалистік теория – құқық саяси-экономикалық үстемдік жүргізетін таптың мүдде-мақсатын қорғайтын нормативтік актілердің жиынтығы. Құқықтың мазмұны екі элементтен тұрады – деп түсіндіреді: экономикалық базис пен үстемдік таптың мүддесі.
Бұл теорияның тарихи даму процесін үш кезеңге бөлуге болады: бірінші кезең – Марксизмнің құқықтың мазмұнын түсінуі және оның қоғам дамуындағы маңызы; екінші кезең – құқықтың болашағына марксизмнің көзқарасы; үшінші кезең – марксистік көзқарасты бұрмалау.
Бірінші кезеңде марксизмнің құқықтың мазмұнын түсінуі дұрыс еді – құқықтың экономикалық базиспен және таптық күреспен тығыз байланысты болуы. Екінші кезеңде – буржуазиялық мемлекет пен құқық теориясының мазмұнын бір жақты зерттеп, оның прогрестік рөлін, маңызын дұрыс түсінбеді. Қоғамның болашағын құқықтық мемлекетпен байланыстырмады. Үшінші кезеңде одағының басшылары марксизмнің мазмұнын сорақы түрде бұрмалап, өздерінің әкімшілік-әміршілік, тоталитарлық саясатын қорғау үшін пайдаланды.
Марксизм жай теория қалпында қалмай, оны социалистік мемлекеттердің басшылары субъективтік жолмен ондаған жылдар социализм моделіне айналдыруға тырысып бақты. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмады. Жоғарыда көрсетілген құқық теорияларының жеке алғанда дұрысы да, бұрысы да баршылық. Бірақ барлығының мазмұнын біріктіргенде, бірнеше дұрыс қорытынды тұжырымдар шығаруға болады: құқық әлеуметтік құбылыс, онсыз дамыған қоғам болашақ емес; құқық қоғамдық және жеке адамдардың мүдде-мақсатын қорғайтын негізгі құрал; құқық жеке адамның меншігін қорғайтын негізгі күш; құқық мемлекетті қалыптастырған және оның бақылауындағы қоғамдық тәртіпті қорғайтын құрал. Сонымен құқық жеке тұлғалардың экономикалық, саяси, әлеуметтік т.б.бостандығын, теңдігін қорғайтын негізгі құрал. Құқық қоғамның объективтік дамуын қамтамасыз етіп, өндіріс пен сұраныстың ара-қатынасын реттейтін негізгі күш-құрал.
