- •Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы Жоспар:
- •Қазақ тілінің сөзжасам жүйесі
- •Сөзжасамдық тәсілдер
- •Сөзжасамның аналитикалык, тәсілі
- •Сөзжасамның лексика-семантикалык тәсілі
- •Сөзжасамдық единицилар. Сөзжасамдық ұя.
- •Туынды сөздер
- •Күрделі сөз
- •Кіріккен сөздер
- •Біріккен сөздер
- •Қос сөздер
- •Сөзжасамдық мағына
- •Сөз таптарының сөзжасамы. Зат есімнің сөзжасамы Жоспар
- •Етістіктен зат атауын жасайтын жұрнақтар.
- •Әдебиеттер:
- •Сын есім сөзжасамы Жоспар
- •Сан есім сөзжасамы Жоспар
- •Әдебиеттер:
Сөзжасамның аналитикалык, тәсілі
1.Сөзжасамның аналитикалық тәсілі:
а)аналитикалық тәсілдің сөзқосым түрі
ә)аналитикалық тәсілдің қосарлану түрі
б)аналитикалық тәсілдің тіркестіру түрі
в)аналитикалық тәсілдің қысқарту түрі
Аналитикалық сөзжасамдық тәсіл - тілімізде көне замандардан келе жатқан, тілімізді көптеген күрделі сөздермен толықтырған өнімді тәсіл. Ол көпшілік тілдердің сөзжасамынан орын алады. Ал кейбір тілдерде негізгі сөзжасамдық тәсіл болып саналады. Мысалы, ондай тілдерге жапон, қытай тілдері жатады. Аналитикалық тәсіл деп екі я онан да көп сөзден бір лексикалық мағыналы сөздің жасалуы аталады. Мысалы, Екібастұз, ойтолғау, Нүрдәулет, Қызылорда, баспасөз, он сегіз, келіп кет т.б. Бұл мысалдардың біріншісі үш сөзден, қалғандары екі сөзден құралған. Қосымшалы тілдерде аналитикалық тәсіл басқа тәсілдер қатарынан орын алады, бірақ бұл аналитикалық тәсілдің қызметі ондай тілдерде өнімсіз дегенді білдірмейді. Мысалы, неміс, ағылшын, орыс тілдерінде, түркі туыстас тілдерде сөзжасамның аналитикалық тәсілі өте кең түрде қолданылады. Қазақ тілінде де аналитикалык тәсіл көне замандардан бері қарай қолданылып келе жатыр. Ол барлық сөз табының сөзжасамынан кең орын алады. Мысалы, үшбұрыш, тікұшақ, көмір кышқылы, ақсақал, Темірқазық (зат есімдер); кызыл ала, орта бойлы, қызыл шырайлы, ақ шашты (сын-есімдер); кырық сегіз, он алты, екі жүз, бес мың (сан есімдер); кіріп шық, беріп кет, алып кел, алып бер (етістіктер); күні кеше, күндерде бір күн, бүгін, биыл (үстеулер), тарс-тұрс, жалт-жұлт (еліктеуіштер); пай-пай, ойпырмай, бәрекелді (одағайлар). Аналитикалық тәсіл қазақ тілінде барлық сөз табының сөзжасамынан орын алғанымен, оның сан есім сөзжасамында негізгі тәсіл екенін атау қажет. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер күрделі сөздер деп аталады. Күрделі сөздер толық мағыналы сөздерден жасалады. Аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі сөздердің бәрі екі лексема арқылы жасалады, бірақ күрделі сезде олардың әрқайсысы өзінің жеке түрғандағы мәнін сақтамай, біртұтас мәнге көшеді. Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын, өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей бірнеше түрі бар: 1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту сияқты аналитикалық тәсілдің төрт түрі бар. Бұлардың әрқайсысы да тілдің сөзжасамында өнімді қызмет атқарады, олар арқылы жасалған туынды күрделі сөздер тілде ете мол. Аналитикалық тәсілдің бұл ішкі түрлері арқылы жасалған күрделі сөздер де бір-бірінен басқа-басқа болады. Аналитикалық тәсілдің осы ішкі төрт түрі күрделі сөздің төрт түрін жасайды. Олар: біріккен сөздер, қос сөздер, тіркескен күрделі сөздер, қысқарған сөздер. Әдебиеттер:
Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
Оралбай Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. -Алматы, 1988.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.
Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.- Алматы, 2000.
№6 дәріс
Сөзжасамның лексика-семантикалык тәсілі
1.Сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі.
2.Лексикалық тәсіл арқылы сөзжасау.
3.Семантикалық тәсіл арқылы сөзжасау.
4.Конверсиялық тәсіл арқылы сөзжасау.
Лексика-семантикалық тәсіл арқылы, зат есімге заттану арқылы көшкен сөздер өте көп: бүлдірген, ағарған, қорған,қамал, айтыс, қоршау, ақ, асар, жетісі, екпін, тіл т.б. Лексика-семантикалык тәсіл арқылы тілде ғылымның әр саласында терминдер көп жасалған: сөз, буын, мағына, есім, шылау, Үстеу (тіл білімі), қүн, нарық (экономика), теңеу, суреттеу, өлең, әңгіме (әдебиет), қимыл, қозғалыс (физика), үш бұрыш, көбейту, қосу, алу (математика) т.б. Лексика-семантикалык тәсіл арқылы сөздің жаңа мағынаға көшуіне байланысты сөз бір сөз табынан екінші сөз табына ауысады, оны ғылымда конверсия деп атайды. Конверсия жолымен жаңа сөздің жасалуы - өте көп тараған тәсіл, оның ішкі ерекшеліктері де бар. Лексика-семантикалық тәсілде сөз мағынасының өзгеруіне байланысты ол үнемі бір сөз табынан екінші сөз табына ауыса бермейді. Сондықтан лексика-семантикалық тәсілдің іштей айырмасы бар:1) сөздің жаңа мағына алуына байланысты басқа сөз табына көшуі, 2) сөз жаңа мағына алса да, сөз табын өзгертпей, өз сөз табының құрамында қалуы.Сөздің жаңа мағына алуына байланысты басқа сөз табына көшуі. Ешбір тілдік бірліктің көмегінсіз, сөз дыбыстық құрамын сақтай отырып, мағынасы өзгеріп, басқа сөз табына көшеді. Мысалы, қорған, айтыс, жарыс, бірге, біреу, басқа, өзге т.б. Бұл сөздердің дәл осы тұлғада, осы құрамда тілде баска мағыналары бар және ол мағыналары алғашқы негізгі мағынаға жатады. Олар: 1) қорған, айтыс, жарыс-етістік, қимыл, бірге, біреу-сан есім, сандық ұғым, басқа-сын есім. Жоғарыда осы сөздердің: 1) қорған, айтыс, жарыс зат есімге көшкен мағынасы, 2) біреу - есімдікке көшкен мағынасы, 3) бірге, баска, өзге - сын есімге көшкен мағынасы келтірілді. Сөздің жаңа мағынаға ие болуы, сол арқылы басқа сөз табына көшуі түрлі жолмен іске асады. Оның ішінде ғылымда заттану (субстантивация)-тілдерге кең тараған түрі. Ал заттану - көбіне ықшамдау зандылығына байланысты болатын қүбылыс. Мысалы, қазіргі тілде бір жұма, бір жеті деген тіркестер бір-бірімен мағыналас. Осындағы жеті (апта) сөзінің заттық мағынасы алғаш жеті күн мағынасында қолданылып, күн сөзінің қолданыста түсіп қалып, ықшамдалуынан оның заттық мағынасы жеті сөзіне көшкен, сонда жеті сөзінің заттануына күн сөзінің қолданыстан шығуы себеп болған. Үші, жетісі, қырқы, жүзі, тоқсан (оқу мезгілі) сөздері де осы ретте заттанған. Бір, біреу сөздерінің есімдікке көшуі, бірге, басқа, өзге, кетеген, қашаған сөздерінің сын есімге көшуі, бірден, етпетінен, босқа, текке, зорға, бекерге, әреңге, алға, артта, әзірге, күніге, кейде, артта, алда, баяғыда, қапыда, қапелімде, әуелден, ежелден, шетінен, лажсыздан, төтеден, шынымен, жайымен, түйдегімен т.б. осы сияқты сөздер үстеуге көшуі көнеру арқылы жүзеге асады. Бұл сөздер тілде осы тұлғада, осы қосымшалармен қолданылып жүріп, бірте-бірте басқа мағынаға ие болып, жаңа мағынасына карай сөз табын өзгерткен, бұл үрдісте сөйлем (контекст) үлкен қызмет аткарған.
Сөз мағынасында әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуы, ұлттық сипаты болады. Сананың дамуына байланысты ұғым өрісі де ұлғаяды. Бұл процесс өз кезегінде сөз мағынасының дамуына әкеледі. Мағынанның нақтылықтан дерексіздікке, жалқылықтан жалпылыққа ауысуын мағынаның кеңеюі деп санайды ғалым Б.Сағындықұлы.Сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы себептер де, ішкі себептер де ықпал етеді. Сыртқы себептерге қоғамның, өндірістің, мәдениеттің дамуына, өзгеруіне байланысты пайда болатын өзгерістерді айтамыз. Осындай өзгерістер тілімізге соны тіркестер, жаңа сөздер қосып отырады. Ішкі себептерге тіліміздің ішкі заңдылықтары негізінде, яғни сөздердің тіркесу қабілеті мен қолданылу қызметіне сай тұлғалық, мағыналық өзгерістерді жатқызуға болады.
Сөз мағынасының кеңеюі – сөздің тұлғасын өзгертпей-ақ бұрыннан белгілі сөз мағынасының үстіне жаңа қосымша мағыналарға ие болуы. Мәселен, талқылау сөзі «қой терісін салып илеу, жұмсарту» мағынасының үстіне «мәселені жан-жақты талдап, тексеру» деген мағынаны білдіреді. Сөз мағыналарының кеңею жолдарының мынандай түрлерін көрсетуге болады:
Бұрынғы мағыналарын сақтай отырып, мағыналарының кеңеюі. Мысалы: Айдар – 1. Адамның төбесіне қойылатын бір шоқ шаш; 2. Құстың төбесіне өсетін үстеме шаш; қосымша мағына – газет-журналдарда «бір тақырып төңірегінде ұдайы берілетін материалдардың жалпы атауы», теледидарда «Айдар» рубрикасы беріледі. Сол сияқты адам аты да кездеседі.
Жіктелу, сұрыпталу арқылы сөз мағынасының кеңеюі. Мысалы: Қозғалыс – 1. Іс-әрекет, қимыл, жүріс-тұрыс. 2.Филос. Болмыстың өмір сүру тәсілі; өзгерісі, дамуы. 3. Ауыс. Жаппай наразылық; көтеріліс, ереуіл.
Туынды түбір мағынасының кеңеюі. Мысалы: қатынас сөзі осы уақытқа дейін тек «жол қатынасы» ретінде қолданылып келсе, қазіргі тілімізде тілдік қатынас, қоғамдық қатынас, ілеуметтік қатынас, саяси қатынас сияөты тілдік бірліктер термин сөздер мен қоғамдық-саяси лексиканың қатарын толықтыруда.
Сөз мағынасының бір жағынан тарылып, екінші жағынан кеңеюі. Мысалы: Құн – кісі өлтіргені үшін айыпкердің не оның руының мал басымен берілетін төлемі, ал туынды мағынасы – саяси-экономикалық термин ретінде «тауарды өндіруге жұмсалған қоғамдық еңбек пен материалдар шығынының жиынтығынан тұратын «қаржы», яғни тауар құны мағынасында қолданылады.
Сөздердің тіркесуі арқылы мағынаның кеңеюі. Тіркес арқылы сөз мағынасының кеңеюін екі топқа бөлуге болады:
1. Байырғы сөздердің тіркесі.Мысалы: демалыс үйлері, балалар бақшасы, жарыс сөз, тұрғын үй, дене тәрбиесі сияқты тіркестер байырғы сөздердің ықпалымен жасалған.
2. Аралас тіркес. Мысалы: бас инженер, аға ғылыми қызметкер, техникамен жабдықтау сияқты тіркестер кірме сөздержің араласуымен жасалған.
Сөз мағынасының тарылуы – тарихи, әлеуметтік, қоғамдық жағдайларға байланысты сөздің кейбір мағынасының қолданыстан шығып қалуын білдіреді. Мысалы: тон – ертеректе жалпы киімнің атауын, тары – жалпы астық атауын білдірсе, қол – «әскер, жасақ», қарындас – «бір қарыннан шыққан, бірге туған» мағыналарын білдірген. Олай болса, ұғымның дәлелденіп жіктеуіне байланысты мағынаның дерексіздіктен нақтылыққа, жалпылықтан жалқылыққа ауысуын сөз мағынасының тарылуы дейміз деп анықтайды ғалым Б.Сағындықұлы.
Ғалым Р.Барлыбаев сөз мағынасының тарылуының бірнеше жолын көрсетеді:
Сөз мағынасының дәстүрлі тілдік жолдармен тарылуы. Мысалы: Киік – «барлық жабайы аң» мағынасында қолданылып, қазір бұл сөздің мағынасы нақтыланып «айыр тұяқты, ешкі тұқымдас жабайы аң» деген мағынада жұмсалады. Осы сөздің негізінде туған киікоты «киік жейтін иісті шөп), кісікиік(жалғыз жүретін адам), киіктің асығындай(кішкентай да сүйкімді, пысық, ширақ), киіктің лағындай, киіктің мақтауындай деген сөздер қазіргі тілде қолданыста бар тілдік бірліктер.
Ғалым Б.Қалиев қарындас сөзінің жалпылықтан нақтылыққа қарай өту себебін былайша түсіндіреді: «Қарындас сөзінің әуелгі мағынасының өзгеруіне – тіліміздегі бауыр сөзі мағынасының өзгеруі түрткі болған сияқты. Олай дейтін себебіміз: бұрын ішкі ағзалардың ішіндегі – адам өміріне ең қажетті басты мүше ретінде – « адам мен жан-жануарлардың қан жасау,қан алмасу қызметін атқаратын мүшесі» мағынасында қолданылып келген бауыр сөзі кейіннен әркімнің жанына жақын, әрі ең жақын жанашыры – «бірге туған қандас,туыс адамы» деген мағынаны қосып алды да, бауыр сөзі осы мағынадағы қарындас сөзінің алғашқы мағынасын ығыстырып шығарған тәрізді. Қарындас сөзінің алғашқы мағынасы «бір қарыннан шыққан, бір туған» болса, екінші мағынасы «қыздың жасы үлкен ер ағайындарына туыстық қатынасы; үшінші мағынасы үлкен ер адамдардың жасы кіші әйел балаға айтатын қаратпа сөзі есебінде жұмсалады.
Сөз мағынасының тарыла келе, көмекшіге айналуы.Қазақ тілінде алды, арты, асты, үсті, қасы, маңы, арасы, тұсы, іші, бойы сияқты көмекші есімдер бар. Бқлардың барлығы зерттеушілердік пікірлеріне қарағанда, ілгері заманда толық мағыналы сөздер болған. Мағыналары бірте-бірте тарылып, көмекші элементке айналған.
Сөз мағынасының тарыла келе,шылауға айналуы. Тілімізде тағы, да, та, мен, болмаса, кейін, сайын, арқылы, туралы, соң, және, бірақ, өйткені, сөйткені, таман, сияқты шылау сөздер бар. Дербес мағыналы сөздердің шылауында тұрып қана, сол сөздердің грамматикалық мағынасын айқындай түседі.
Мағынаның толық тарылуы нәтижесінде сөздің қосымшаға айналуы. Жұрнақтар мен жалғаулар тарихи жағынан алып қарағанда, еретерек заманда дербес мағыналы сөз болған.Кейбір қосымшалардың төркінін табу қиын, өйткені олардың алғашқы негізі туралы ешқандай із қалмаған. Дегенмен, - мен,(бен, -пен) көмектес септігінің бирлан шылауынан,-тын,(-тін) есімше жұрнағының тұрған етістігінен, -ша жұрнағының шақ сөзінен шыққанын түркологтар дәлелдеп көрсеткен.
2. Сөздің сапа жағынан дамығандығын көрсететін бірден-бір белгі – сөздің көпмағыналығы. Сөздің екі я одан да көп мағынаға ие болуы сөзджің көпмағыналығы деп танылады. Сөздің көпмағыналығы –сөздік қордағы сөздерге тән.
Мысалы: қанат сөзі алғашқыда «құстар мен шыбын-шіркейдің ұшып-қонатын дене мүшесін білдірген. Әрбір жаңа мағына әр сөздің білдіретін мағынасының айрықша қасиетінен, түрліше сыр-сипатынан келіп шығады. Адам бір затты көргенде оның сыртқы қасиеттерімен танысады. Сол қасиеттерімен сезім мүшелеріне әсер етіп өзінің ізін қалдырады. Адамның санасындағыбелгілі бір зат туралы түсінік басқа бір затпен де ұқсасып, байланысып тұрады. Соның нәтижесінде екі заттың не сапасында я болмаса атқаратын қызметінде жалпы ұқсастық пайда болады. Сол ұқсастық нәтижесінде адамдар ұқсас келген екі я бірнеше затты бір атаумен атайтын болған.
Қанат: 1. Балықтың жүзу мүшесі. 2. Арба-шананың үстін кеңейту үшін жасалған шарбақ ағаш(қанаты жоқ арбаға шөп аз сияды, қазір жүк көліктері де қолданады). 3. Киіз үй керегелерінің жеке көктелген әрбір бөлігі(сегіз қанат ақ орда). 4. Ұшақтың ұшып-қонуына қажетті негізгі бөлшегі. 5. Шепте тұрған әскердің немесе аяқдоп(футбол) ойыншыларының оң жақ және сол жақ бөлігі (оң қанат шабуыл жасады). 6. Ауыс. Таяныш, тірек(екі балам – екі қанатым ғой).
Жал: 1. Жылқының, құланның желкесіне қалың әрі ұзын болып өскен қыл;2. Ауыс. Жалдың астына біткен май(жегені жал мен жая);3. Тау салаларының үстіңгі жақ қыры(аты жалда жайылып жүр);4. Шөп шабылған кезде шабылмай қалған ұзынша жер(жал қалдырмай шап);5Жер жыртқанда жыртылмай қалған ұзынша жер(жыртқан жерінде жал қалып қойыпты); 6. Термин. Гидротехникалық құрылыстардың (су қоймасының қазаншұңқырын, электр станцияларын) топырақпен қоршап жасалатын үйінді. Сөздің негізгі мағынасының негізінде метонимия тәсілі арқылы ауыс мағына жасалған(2), ал қалған туындылар негізгі мағынаға ұқсату негізінде (метафора) жасалған қосымша мағыналар.
Әдебиеттер:
Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
Оралбай Н. Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. –Алматы, 1988.
Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.
Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
СағындықұлыБ. Қазіргі қазақ тілі. Лексикология.I бөлім. – Алматы. 2003.30 б.
Қалиев Б. Жалқыбаева А.Сөз мағынасының негіздері. – Алматы.2002. 64 б.
Барлыбаев Р. Қазақ тіліндегі сөз мағынасының кеңеюі мен тарылуы. – Алматы. 1968. 38-64бб.
№7 дәріс
