Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Зияткерлік меншік курстык жумыс.docx
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
63 Кб
Скачать
☆

2. 2 «Зияткерлік меншік объектілерінің және материалдық емес активтердің құнын бағалау» бағалау стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. Осы стандарт халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізінде әзірленген және зияткерлік меншік объектілері мен материалдық емес активтерді бағалау әдістеріне қойылатын талаптарды белгілейді. Стандарт Қазақстан Республикасы аумағындағы зияткерлік меншік объектілері мен материалдық емес активтердің барлық түрін бағалау үшін міндетті.       2. Бағалау қызметінің негізгі принциптері объективтілік және дұрыстық болып табылады.       3. Міндетті және бастамашылық бағалау - бағалау түрлері болып табылады.       4. Осы стандартта мынадай ұғымдар пайдаланылады:       алу (экстракция) - жанама салыстыру әдісі. Ол материалдық және материалдық емес активтердің рентабельділігінің орташа салалық көрсеткіштері бар кәсіпорынның нақты рентабельділігін талдау арқылы материалдық емес активтердің есептік құнын береді;       бағалау объектісі құнының қорытынды шамасы - бағалаушының бағалаудың түрлі тәсілдері мен әдістерін пайдалану кезінде бағалау объектісінің құнын есептеу нәтижелерін негіздеп жалпылау қорытындысы ретінде алынған бағалау объектісі құнының шамасы;       біріктірілген төлем - роялти мен тұтас төлемді қамтитын лицензиялық төлем;       дисконттау (капиталдандыру) - болашақтағы ақша ағындарын бағалау объектісінің ағымдағы құнына қайта есептеу;       дисконттау ставкасы - болашақта төлеуге немесе алуға жататын ақша сомасын бүгінгі құнға айырбастау үшін пайдаланылатын, зияткерлік меншік объектілерінің құнын бағалау кезінде пайдаланылатын табыс ставкасы;       зияткерлік меншік - зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижесі және оған теңестірілген заңды тұлғаларды, жеке және заңды тұлғалардың өнімдерін, олар орындайтын жұмыстар мен қызметтерді (фирмалық атаулар, тауарлық белгі, қызмет көрсету белгісі және т.б.) дараландыру құралдары;       зияткерлік меншік құқығы объектісін берекелі пайдаланудың қалдық мерзімі — бағалау күнінен бастап зияткерлік меншік құқығы объектісін берекелі пайдаланудың қалдық мерзімі аяқталғанға дейінгі кезең;       қорғау құжаттары - алдын ала патенттер, инновациялық патенттер, өнертабыс патенттері және өнеркәсіп үлгілеріне патенттер, пайдалы модельдерге патенттер, селекциялық жетістіктер, тауар таңбасына немесе қызмет көрсету таңбаларына куәліктер, тауар шығарылған жерлердің атаулары;       лицензиялық төлем - лицензиялық шарт нысаны болып табылатын зияткерлік меншік құқығы объектісін пайдалану құқығын бергені үшін төлем. Лицензиялық төлемдерге тұтас төлем, роялти және біріктірілген төлем жатады;       лицензиялық шарт - өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықтар иесі (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) өнеркәсіптік меншіктің тиісті объектісін уақытша белгілі бір жолмен пайдалану құқығын беру шарты;       материалдық емес активтер - физикалық мәні жоқ, ұзақ мерзім ішінде (бір жылдан астам) пайдалану үшін өндірісте немесе дайын өнімді өткізуде (тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді), әкімшілік мақсаттарда және басқа ұйымдарға жалға беруге арналған ақшалай емес активтер;       материалдық емес мүлік - зияткерлік меншік (патенттер, сауда маркалары, авторлық құқық объектілері); адам капиталы (білім, кәсіби дағды және тұрғындардың денсаулығында көрініс тапқан қызмет көрсету саласының өнімдері); тұтыну капиталы (клиенттермен қарым-қатынас, ұйым имиджі);       опционды орындау бағасы - опциондық шартта көзделген мерзім ішінде бағалы қағазды шарттасқан көлемде және алдын ала келісілген баға бойынша сатып алу («колл») немесе сату («пут») құқығын беретін мәміле бағасы;       өнімді өткізуден түскен пайда - есепті кезеңде өнімді өткізуден алынған өндірілген өнім көлемінің табиғи өлшемі оның бағасына тең болатын қаражат сомасы;       роялти - нақты тұрақты ставкалар ретінде белгіленетін және лицензиат нақты келісілген уақыт мерзімінен кейін лицензиарға төлеп тұратын тұрақты пайыздық жарналар;       табыс мультипликаторы - сату бағасы немесе мүлік құны және орташа жылдық табыс немесе оның күтілген шамасы арасындағы арақатынас;табыстың жалпы немесе таза шамасына негізделуі мүмкін;       таза ақша ағыны - табыс салығын, капиталды шығыстар мен таза айналым капиталының өсуін есептен шығарғандағы таза операциялық пайда мен амортизация сомасына тең, операциялық кезең бойында алынған ақша қаражатының көлемі;       тарату (аллокация) - жанама салыстыру тәсілі, бұл ретте материалдық емес активтер мен материалдық активтердің құны арасындағы арақатынас әзірленеді. Негізінен салыстыру мақсаты үшін материалдық емес активтер мен активтер арасындағы жалпы нарықтық құнын тарату үшін іс-шара нәтижесі болып табылады.       5. Осы стандарт келесі зияткерлік меншік объектілерінің мүлікті құқықтарын бағалауға қолданылады:       1) өнеркәсіптік меншік құқығының объектілері, соның ішінде:       өнертабыс;       пайдалы модельдар;       өнеркәсіптік үлгілер;       селекциялық жетістіктер;       интегралдық микросхемалар топологиялары;       ашылмаған ақпарат, соның ішінде өндіріс құпиялары (ноу-хау);       фирмалық атаулар;       тауарлық таңбалар және қызмет көрсету таңбалары;       тауар шығарылған жерлердің атаулары (шығатын жерін көрсету);       Қазақстан Республикасы заң актілерінде көзделген жағдайларда азаматтық айналымға қатысушылардың, тауарлар мен қызмет көрсетулердің басқа да дараландыру құралдары;       2) авторлық құқық объектілері:       әдеби туындылар (кітаптар, брошюралар, мақалалар және т.б.);       драмалық, музыкалық-драмалық, хореография туындылары, пантомима және сценариялық туындылар;       мәтіні бар не мәтінсіз музыкалық туындылар;       дыбыс - бейнежазу туындылары (кино-, теле-, бейне-, диафильмдер және басқа кино- және телетуындылар);       мүсіндеме, кескіндеме, графика, литография және бейнелеу енерінің басқа да туындылары;       қолданбалы өнер туындылары;       сәулет, қала құрылысы және бау - саябақ өнері туындылары;       суретке түсіру туындылары және суретке түсіруге орайлас әдістермен жасалған туындылар;       карталар, жоспарлар, нобайлар, безендірулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемді туындылар;       электронды есептеуіш машиналарга арналған бағдарламалар;       туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйіндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);       туындылар жинақтары (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының іріктелуі немесе орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесі болып табылатын басқа да құрама туындылар;       сабақтас құқықтың объектілері:       әртіс-орындаушылар мен дирижерлердің орындаулары, спектакльдерді (орындаушылық) қоюшы-режиссерлердің қойылымдары, егер бұл орындаулар олардың техникалық құралдар арқылы көшірілуі мен таратылуына жол беретін нысанда болса;       фонограммалар, яғни дыбыс-бейнежазу туындысына кіргізілген дыбыс жазбасын қоспағанда орындаулардың немесе өзге де дыбыстардың не олардың бейнелерін тек қана дыбыстық кез келген жазбасы;       эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының, соның ішінде эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымымен не басқа ұйымның қаражаты есебінен оның тапсырысы бойынша жасалған хабарларын тарату.       6. Материалдық емес активтер егер:       осы активпен тікелей байланысты ұйымның болашақта күтілетін экономикалық пайда табуының ықтималдылығы жоғары болса;       активтің құнын нақты анықтауға болса, актив ретінде танылады (есептілікте тіркеледі).       7. Материалдық емес активтердің құрамына олардың құны көрсетіліп есептік бірліктер ретінде мынадай зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар кіреді:       өнертабыстарға тиесілі патенттерден шығатын құқықтар;       өндірістік үлгілерге тиесілі патенттерден шығатын құқықтар;       пайдалы модельдерге тиесілі патенттерден шығатын құқықтар;       тауар белгілеріне куәліктерге тиесілі патенттерден шығатын құқықтар;       өсімдіктер мен жануарлардың жаңа сорттарына тиесілі патенттерден шығатын құқықтар;       басқа тұлғаларға тиесілі, патенттермен қорғалған өнертабыстарды пайдалануға жасалған лицензиялық шарттардан шығатын құқықтар;       басқа тұлғаларға тиесілі, патенттермен қорғалған өндірістік үлгілерді пайдалануға жасалған лицензиялық шарттардан шығатын құқықтар;       басқа тұлғаларға тиесілі, патенттермен қорғалған пайдалы модельдерді пайдалануға жасалған лицензиялық шарттардан шығатын құқықтар;       басқа тұлғаларға тиесілі, куәліктермен қорғалған тауарлық белгілерді пайдалануға жасалған лицензиялық шарттардан шығатын құқықтар;       «ноу-хауды» беру туралы келісім негізінде берілетін және «ноу-хауды» беру туралы келісім бойынша тараптар болатын кәсіпорынның құжаттарымен расталған «ноу-хауға» айрықша құқықтар;       авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың объектілеріне тиесілі құқықтар;       мемлекеттік құжаттармен растауды талап етпейтін зияткерлік меншік объектілерінің ерекше құқықтары (интегралдық микросхемалар топологиялары, ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар, деректер базасы және авторлық құқықтың т.б. объектілері).       8. Қаржылық мүдделер материалдық емес активтерді білдіреді және мыналарды қамтиды:       бизнеске немесе мүлікке меншік құқығынан ажырамайтын құқықтар, яғни пайдалану, қарызға алу, сату, жалға беру немесе басқару құқықтары;       сатып алуға опционы бар, сатып алуға немесе жалға беру шартына опцион беретін келісімшарт шегіндегі ажырамайтын құқықтар, яғни орындау немесе орындамау құқығы;       бағалы қағаздар шығаруға меншік құқығынан ажырамайтын құқықтар (яғни оларды өзінде сақтау немесе оларды басқа тұлғаларға беру құқықтары).       9. Материалдық емес активтердің нарықтық құнын міндетті түрде бағалау мынадай жағдайларда жүргізіледі:       ХҚЕС стандарттарына сәйкес қаржылық есептілік үшін активтерді бағалау кезінде;       кепіл мәнінің құнын анықтау кезінде, соның ішінде ипотека кезінде;       жарғылық қорға мүліктік салымдардың құнын анықтау кезінде;       банкроттық рәсімдер барысында борышкер мүлкінің құнын анықтау кезінде;       ақысыз алынған мүліктің құнын анықтау кезінде;       зияткерлік меншік объектілерін және оларды пайдалануда құқық иелерінің тәуекелін сақтандыру кезінде;       зияткерлік меншік құқығының бұзылуы салдарынан құқық иесіне келтірілген зиянды анықтау кезінде;       зияткерлік меншік объектілерінің құқықтарын беру және оларды пайдалануға лицензия беру кезінде.