- •Адамның ұрпақ өрбіту қабілеті Еркектердің ұрпақ өрбіту жүйесі
- •Ерлердің ұрпақ өрбіту қабілетінің реттелуі
- •– Кесте Адамда андрогендік гормондардың әсері
- •Атабездер мен олардың қосалқылары қызметтерінің біртектес бұзылыстары
- •Еркектерде гипоталамус-гипофиз-жыныстық жүйенің (ггжж) бұзылыстары
- •Қуықасты безі қызметінің біртектес бұзылыстары
- •Әйелдердің ұрпақ өрбіту жүйесі
- •Етеккір оралымының гормондық реттелуі
- •Әйелдердің гормондық бұзылыстары
- •Аналық жасушаның ұрықтануы
- •Әйел денесінің жүктілікке бейімделуі және оның бұзылыстары
- •Дертті жүктілік
- •Жүктілік дамуына жыныстық жүйеден тыс ағзалар ауруларының әсері
- •Жүктіліктен уыттанулар (токсикоздар)
- •Жүкті әйелдердің нефропатиясы
- •Талмадерт (эклампсия)
- •Шарана сұйығынан дамитын эмболия
- •Кардио-пульмоналдық сілейме
- •Шарана сұйығынан дамитын эмболияның клиникалық көріністері
Еркектерде гипоталамус-гипофиз-жыныстық жүйенің (ггжж) бұзылыстары
ГГЖЖ қызметінің өзгерістері бала дамуының туылғаннан кейінгі ерте кезеңдерінің өзінде маңызды орын алады. Өйткені: бұл жүйеде өндірілетін жыныстық гормондар гипоталамус пен лимбикалық жүйенің ерлерге немесе әйелдерге тән нақтылануы үшін қажет. Ер балаларда және ересек еркектерде бұл жүйе белсенділігінің өзгерістері гипо-және гипергонадизм түрлерінде көрінеді.
Гипогонадизм біріншілік және салдарлық болып ажыратылады. Біріншілік гипогонадизм:
● атабездердің эндокриндік жасушаларының бүліністерінде;
● атабездер жетілуінің гендік бұзылыстарында– байқалады.
Атабездердің эндокриндік жасушаларының бүліністері иондағыш сәулелердің, әртүрлі дәрілердің т.б. әсерлерінен байқалады. Фолликулалық жасушаларының бүлінуінен олардың цитоплазмалық рецепторларымен фоллитропиннің байланысуы азаяды. Осыдан құрылымдық нәруыздар түзілуі, андрогендерді байланыстыратын нәруыз, тестостерон өндірілуі азаяды, олардың жасуша сыртылық сұйыққа бөлініп шығарылуы кемиді. Сонымен қатар, хош иістендіру үрдісі, ингибин, плазминогеннің әсерлендіргіштері түзілуі мен секрециясы, лютропин мен өсу факторы тәрізді пептид өндірілуі тежеледі. Ингибиннің тапшылығынан Лейдиг жасушаларының лютропин мен өсу факторына сезімталдығы төмендейді және тестостерон өндіру қабілеті кемиді. Тестостерон жеткіліксіздігінен еркекке тән дене бітімі қалыптасуы тежеледі, жыныс мүшесінің өсуі, сперматогенез бұзылады, белсіздік т.с.с. белгілер пайда болады. Тін жасушаларында нәруыздар түзілуі азаяды.
Атабездер жетілуінің гендік бұзылыстары. Адамда Y-хромосомасы еркектік пішін қалыптасуын және сперматогенезге қабілетін айқындайды. Y-хромосоманың ұзын иығында сперматогенезді қадағалайтын гендер жинақталған. Бұл хромосоманың мутациясы кезінде осы геннің қызметі бұзылады да, атабездерде сперматозоидтар өндіретін жасушалар болмауынан азоспермия дамиды. Y-хромосоманың ауытқуларынан еркектерде 47XXY, 48XXXY кариотиптері қалыптасуы ықтимал. Бұндай гендік ауытқуларға қанда фоллитропиннің мөлшері көптігімен және қалыптыға жуық мөлшерде лютропин мен тестостерон болуымен көрінетін гипергонадотроптық гипогонадизм дамуы тән құбылыс. Осы белгілерімен Y-хромосоманың ұзын иығының туа біткен ақауы андрогендерге арнайы рецепторлардың ауытқуы бар науқастардан ерекшеленеді.
47XXY немесе 48XXXY кариотиптер Клайнфельтер синдромы дамуымен сипатталады. Бұндай науқастарда тіпті жыныстық жетілу кезеңнің өзінде атабездердің эндокриндік қызметі үдемелі түрде жоғалады, Лейдиг жасушалары семіп қалады, тестостерон өндірілуі азаяды және ұрықтық өзекшелердің дамуы тежеледі. Бұл кезде аденогипофизде лютропин мен фоллитропиннің артық өндірілуі атабездер жасушалары толық жетілмеуінен оларға әсер етпейді. Клайнфельтер синдромының клиникалық көріністеріне науқастың бойы биік болуы, дене бітімінің әйелдерге ұқсауы, белсіздік, атабездердің өспеуі, гинекомастия, ермүшенің жетілмеуі, семіру, көктамырлардың керіліп кеңеюі жатады. Зертханалық зерттеулердің нәтижесінде азоспермия, қанда тестостерон деңгейінің төмен болуы, эстрадиолдың, лютропин мен фоллитропиннің мөлшері артуы, эстрадиол/тестостерон арақатынасының үлкеюі анықталады.
Гендік ақаулардан туа біткен андрогендерді байланыстыратын арнайы рецепторлардың нәруыздық құрамбөлшектерінің түзілмеуінен еркектік жалған гермафродитизм дамиды. Бұндай науқас еркектерде қалыпты кариотип (46XY) сақталады. Соған қарамай бұл кезде эстроген-дердің әсері басым болғандықтан науқастың дене бітімі әйелдерге ұқсайды.
Бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатында гендердің ауытқуларынан дамитын глюко- және минералокортикоидтардың түзілуі жеткілік-сіздігінен адреногениталдық синдром дамиды (бүйрекүсті бездерінің патофизиологиясын қараңыз). Дерт дамуының негізінде жекелеген гендердің мутациясы жатады. Глюко- және минералокортикоидтардың тапшылығына аденогипофиз кортикотропинді артық өндірумен жауап қайтарады. Бұндай жағдайда кортикотропин бүйрек үсті бездерінің сыртқы қабатында андрогендердің басым өндірілуін арттырады. Осыған байланысты ұл балалардың жыныстық дамуы ерте байқалады.
Атабездерінің біріншілік жеткіліксіздігінен жыныстық кәмелетке жеткенге дейінгі кезеңде біріншілік гипогонадизм атабезде фолликулалық (Сертоли) жасушаларымен фоллитропин байланысуы азаюынан жыныстық жетілу бұзылуымен көрінеді. Бұл кезде қан сұйығында гонадотропиннің, әсіресе фоллитропиннің, мөлшері көбейеді және олар несеппен шығарылады. Бұндай жағдай жыныстық және ұрпақ өрбіту қызметтерін реттейтін либериндерді өндіретін гипоталамус нейрондарының белсенділігі жоғары болуынан байқалады. Сол себепті оны гипергонадотропты гипогонадизм дейді.
Басқа нысана-жасушалардың сыртындағы рецепторлармен дигидро-тестостеронның байланысуы азаюынан екіншілік жыныстық белгілердің дамуы бұзылады.
Ересек еркектерде біріншілік гипогонадизм дамуынан ерте кекселену (климакс) немесе жыныстық жеткіліксіздік синдромы дамиды. Ол жыныстық мүшенің дамымауымен, жыныстық нәпсінің болмауымен, белсіздік және гинекомастия дамуымен, бұлшықеттердің әлсіздігімен, қасаға, қолтық асты, бет аумақтарында жүн өсуі азаюымен көрінеді. Сонымен қатар, бұл кезде аталық жасушалар өндірілуінің жеткіліксіздігі және шәуһетте фруктозаның аздығы байқалады. Қалыпты жағдайда шәуһетте 1200-3500 мкг/мл фруктоза болады.
Салдарлық гипогонадизм идиопатиялық гипогонадотропиндік гипогонадизм делінеді. Ол гипоталамус ядроларының біріншілік бүліністерінен дамиды және несепте гонадолиберин және 17-кето-стероидтар болмауымен немесе тым аз болуымен (гонадолиберин 6 ХӨ/тәулігіне мөлшерінен аз, кетостероидтар 2-9 мг/тәулігіне) көрінеді. Оның дамуына гипофиздің хромофобтық аденомасы, кейде мыйдың жарақаты немесе т.б. себепкер ықпалдар болуы мүмкін. Гипоталамус нейрондарының бүліністері нәтижесінде жыныстық гормондардың аз деңгейіне гонадолиберин өндіріп жауап қайтармайды, мый бағанасы орталықтарының белсенділігі өзгереді.
Гонадолиберин жеткіліксіздігі пайда болу мерзіміне қарай әртүрлі көріністермен сипатталады. Жыныстық жетілуге дейінгі кезеңде гонадолиберин жетіспеуінен, адамның бойы өсуі қалыпты болуына қарамай, жыныстық жетілу кешеуілдейді. Гипоталамустық жыныстық жетілу алдындағы гипогонадизм 6-7 жасар ер балаларда ума мен жыныс мүшесінің дамымауымен көрінеді. Жыныстық жетілу кезеңінде ер адамдардың бетіне, қолтық астына және қасағасына жүн шығуы болмайды немесе тым аз болады. Ермүшесі мен ендері кішкене болады, жиі дененің толықтылығы байқалады. Қанда тестостерон аз болуынан жыныстық нәпсі болмайды. Гонадотропин бөлініп шығарылуы жетіспеуінен фоллитропин қалыпты мөлшерде өндіріліп, тек лютропиннің өндірілуі азаюы мүмкін. Бұл жағдайда белсіз евнухтық синдром дамиды. Лютропин қалыпты мөлшерде өндіріліп, тек фоллитропин өндірілуі азайғанда олигоспермия, ұрық өзекшелерінде эпителий жасушаларының аплазиясы дамиды. Толық азоспермия фоллитропин мен тестостерон өндірілуі біріккен түрде азайғанда байқалады.
Сперматогенез бауыр қызметінің жеткіліксіздігі кезінде де бұзылады. Өйткені: бұл кезде эстрогендердің ыдыратылуы тежеледі. Содан эстрогендердің қанда көбеюі кері байланыс бойынша фоллитропиннің өндірілуін тежейді, атабездердің семуіне әкеледі.
Мый орталықтарынан пайда болған гонадолибериннің артық өндірілуі фоллитропиннің бөлініп шығарылуын сұрыптап көтеруі мүмкін. Осыдан ұрық өзекшелерінде эпителий жасушаларының аплазиялық синдромы дамиды. Бұл кезде Сертоли және Лейдиг жасушалары қалыпты күйінде сақталады, бірақ Сертоли жасушалары ингибинді аз өндіреді. Содан Лейдиг жасушаларының лютеиндейтін гормонға және өсу факторларына сезімталдығы азайып тестостерон түзілуі азаяды.
