- •Алматы, 2015
- •I. Оқушылардың білімін жетілдірудің педагогикалық – дидактикалық негіздері.
- •II. Химиядан оқушылардың білімін тереңдетудің әдістемесі.
- •1.1 Оқушылардың білімін жетілдіру жолдары
- •1. 2 Оқушылардың химиялық білімін жетілдірудің дидактикалық негізі.
- •2.1 Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарды пайдалану арқылы оқушылардың химиялық білімін тереңдету әдістемесі
- •13. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 7 желтоқсандағы №1118 Жарлығы.
- •18. Н.Назарбаев “Біздің халқымыз жаңа өмірге бейімделуі керек”//”Егемен Қазақстан”. 31 мамыр. 2000 ж.
- •1. Мырзабекұлы а. Химияны оқыту әдістемесінің пепагогикалық негіздері Алматы “Білім” 2004, 163-170 б.
- •2. Нұғыманұлы и., Шоқыбаев ж.Ә., Өнербаева з.Ө. Химияны оқыту әдістемесі Алматы “Prints”. 2005,
- •3. Мырзабаев а., Тұрбекова н. Сыныптан тыс жұмыстар // Химия мектепте., Алматы 2004, №4, 11-17 б.
2.1 Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстарды пайдалану арқылы оқушылардың химиялық білімін тереңдету әдістемесі
Химия сабағындағы оқушылардың өзіндік жұмыстары сан алуан. Олар: сарамандық сабақтар, сарамандық тәжірибелерді орындаулары, есептерді шешуі, формулалар бойынша реакциялардың теңдеуін құрастыру, жаттығуларды орындау, бақылау және тексеру жұмыстарын орындау, оқулықпен жұмыс, анықтамалар және әр түрлі қосымша әдебиеттермен жұмыс, сарамандық жұмыстардың есебін жазып орындау, танымжорық материалдарын өңдеу т.б. Химия жаратылыстану пәні болғандықтан оқушылардың меңгеріп кетулері қиынға соғады және бұл жұмыстардың барлығын мектеп бағдарламасына сыйдыру мүмкін емес. Содықтан да химия пәніне оқушылардың қызығушылықтарын арттырып, білімдерін жетілдіруде сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың алатын орна ерекше. Оқыту жұмысын тек сабақ арқылы ұйымдастыру мүмкін емес[5].
Оқу жоспарынан тыс оқушылардың қалауы бойынша ұйымдастырылатын оқу тәрбие жұмысын сыныптан тыс жұмыстар деп атайды. Дегенмен, оқушылардың бос уақыттарында білімін дамытуға байланысты жұмыстары әртүрлі мағынадағы терминдермен аталып жүр. Біз баспасөзден “сабақтан тыс ”, «мектептен тыс», «сыныптан тыс» деген термин сөздерді жиі естиміз. Бұл терминдердің кейбір ұқсастық жақтарымен қатар бірінен бірінің елеулі айырмашылықтары бар[3]. Білімді, іскерлікті жəне дағдыны практикада қолдану оқушылардың өзіндік қасиетін дамытады. Оқушылардың өз бетімен дамуына лабораториялық жұмыстар, практикалық жəне семинар сабақтар, ауызша жəне жазбаша жаттығу жұмыстары мүмкіндік туғызады.[8] Басқа сабақтарға қарағанда уақыт жағынан да, бағдарлама жасау жағынан да елеулі айырмашылықтар бар. Оқушылардың жеке тілектерін үнемі қанағаттандырып, қоғамдық жұмыстарға кеңірек тарту мақсатын көздейді[1].
Мектепте мұғалімнің қатысуымен өткізілетін сабақ алғашқы орында тұрғанмен, оқушылардың қызығушылықтарына, бейiмдiлiктерi мен қабiлеттерiне қарай олардың шығармашылық дамуына қосымша қажеттi жағдайлар жасалады. Білім алу – адам өмірінің ең басты қажеттілік. Білім арқылы оқушының дүниетанымы дамиды, ой-өрісі кеңейеді, белгісізді таниды, өзін толғандыратын сауалдарға жауап табады. Оқушы бойында қалыптасатын осы қажеттіліктердің барлығы сабақ үдерісінде орындалатын түрлі тапсырмалар мен жаттығуларға байланысты болады. Жүйелі түрде тиянақты тапсырмалар беру арқылы оқушы зейінін шоғырландырып, назарын нақтылы тақырыпқа аудару оларды ғылыми негізде ойлауға, өмірді танып-білуге, өзін-өзі дамытуға үйретеді. Мұғалім тарапынан берілген мазмұнды тапсырмаларды орындап, тиянақты білім алуға ұмтылады.[1] Жастарды қоғамның жан жақты жетілген белсенді азаматы етіп тәрбиелеу үшін химия пәні бойынша сыныпта өтілітін бағдарлама материалдарын қазіргі өмір талабына сай оқытумен қатар оқытудың білім беру, тәрбиелік және одан әрі дамыту міндеттерін жүзеге асыруда сыныптан тыс жұмыстардың сапасын жақсартып, рөлін арттыра түсу көзделеді. Химия пәні бойынша сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар көп уақыттан бері қолға алынып, зерттеліп келеді. Бұл жөнінде әдістемелік мақалалар мен кітаптар да басылып шықты[3].
Оқушылардың химияға қызығуын біршама қанағаттандырғанмен факультативтік сабақтардың да мазмұны мемлекеттік бағдарлама бойынша шектеледі. Оқушылар бағдарламадан тыс көптеген мәселелерді білгісі, үйренгісі келеді. Мұның өзі химияның тұрмыстағы және халық шаруашылығындағы маңызының күн сайын артуымен де байланысты. Оқушылардың осы тілегін орындау мақсатымен сыныптан тыс жұмыстар жүргізіледі. Өзінің атынан көрініп тұрғандай бұл жұмыстар – оқушылардың қалауы бойынша мұғалімнің жетекшілігімен сабақтан тыс жүргізілетін оқу жұмысын ұйымдастырудың бір түрі[2].
Дегенмен, бұл салада әлі де зерттеліп, жетілдіре түсетін түйінді мәселелер баршылық. Орта мектеп түлектерінің бірсыпырасы оқу бағдарламасына сәйкес алған білімін іс жүзінде пайдалануға шорқақтық танытса, енді бірқатары химиялық тәжірибілерді институт қабырғасының өзінде де жете меңгеріп кете алмай жүр. Мұның мектепте химияны оқытудың сапасына да байланысты екені белгілі. Орта мектептерде химиядан сабақ беретін кейбір мұғалімдер оқушыларды өз беттерінше шығармашылықпен жұмыс істеуге әлі де жете үйрете алмай келеді. Жас мұғалімдер тек сабақ беруді ғана біліп, сыныптан тыс білім беру мәселесіне аз көңіл бөледі[3].
Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар химия пәнінің негіздерін оқушыларға үйретіп қана қоймайды, сонымен қатар болашақ жастарды өмірге әзірлеп, мамандықты еркін таңдай білулеріне көп септігін тигізеді[11]. Мұның өзі жеке мемлекет болып, білім берудің жүйесіне жаппай бетбұрыс жасалып жатқан қазіргі шақта жаңа мазмұнға ие болып отыр[3].
Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың сабақта алған білімін тереңдетеді, сарамандық біліктер мен дағдылар алуына жәрдемдеседі. Ірі ғалымдардың өмірінен, ғылымға шексіз берілуінен үлгі – өнеге алады, ашқан жаңалықтарының мәнін және маңызын түсінеді. Химияның және химия өнеркәсібінің жетістіктерімен, еңбек адамдарының қажырлы істерімен танысу оқушыларда мақтаныш сезімін тудырады, сарамандық істерге тікелей араласуға құлшындырады. Еңбекті қадірлеуге, бастаған ісін ақырына дейін жеткізуге, өздігінен жұмыс істей білуге үйретеді. Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері, мазмұны және әдістері сабақтағыдан өзгеше болып келеді. Олардың мазмұны бағдарлама арқылы шектелмейді, мектептің жағдайына, оқушылардың қызығуына қарай анықталады. Оқушылардың қызығуы сабақ үстінде, ғылыми – көпшілік кітаптарын, мерзімді баспасөзді оқығанда туады. Сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырғанда еріктілік негізі сақталады және оларды жүргізудің негізгі әдісі – оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары. Мұғалім ақыл – кеңесін беріп, бағыттап отырады[3].
Оқушыларға жеке пәннен тек білім беріп қана қою жеткіліксіз, оларды сабақ үстінде де, сыныптан тыс жұмыстарда да сол ғылымды сүйе білуге тәрбиелеп, өз беттерінше білім ала білуге үйрету керек. Ұстаздар тәжірибесі сыныптан тыс жұмыстардың сабақтан басталатынын көрсетеді. Сондықтан да сабақты қызықты етіп өткізу арқылы оқушылардың білімді өз беттерімен тереңдете алатын болуына негіз қалау қажет[3]. Оқушының сыныптан тыс жұмысы – сыныптағы сабақтан бос кездегі мұғалімнің басшылығымен жүргізетін оның оқу проблемаларын шешуге, зерртеу жүргізуге бағытталған әрекеті. Оқушыларға арналған зерртеу жұмысының тақырыбын мұғалім анықтайды, оларда мазмұнын тереңдету, жаңа фактілерді табу сияқты мәселелер қарастырылады. Алайда, біртіндеп кейбір проблемаларды оқушылардың өздері қойып, өздері шешуге қол жеткізуі керек. Егер мұғалім соңғы талапқа қол жеткізсе, онда ол оқушылардың шығармашылық қызметінің дамуы ең жоғары деңгейіне жетті деп есептелінеді[4].
Сыныптан тыс жұмыстардың өзіндік ерекшеліктері бар.
Бірінші ерекшелігі, оқыту сабақтарына қарағанда сыныптан тыс жұмыс ерікті негізде өткізілдеі. Оқушылар ынта мен бейімділіктеріне байланысты өз беттерімен әр түрлі үйірмелерге жазылады, сабақтан тыс уақытта өз қалаулары бойынша көп болып және жеке атқарылатын жұмыстарға қатысады.
Екінші ерекшелігі, оның міндетті бағдарламалар көлемімен байланысты болмайтындығында. Оның мазиұны мен формасы негізінен алғанда оқушылардың ынталары мен талап-тілектеріне, жергілікті жағдайларға байланысты болады. Оқушылардың ықылас қалауын ескере отырып, жұмыс жоспары жасалады. Оның мазмұны анағұрлым қызықты, оқушы бейіміне ыңғайлы, қосымша мәліеметтері көп, заман талабына сай келетін сабақтар болады.
Ал, үшінші ерекшелігі, жас шамасы әр түрлі оқушыларды қамтитындығында. Мектеп химия пәнінен жас шамалары әр түрлі сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыруға жіне өткізуге негіз бола алмайды. Керісінше, әр түрлі сынып оқушыларын біріктіре отырып, сыныптан тыс жұмыстар бүкіл мектеп ұжымының оқушылары топтаса түсуіне себепші болады. Әр түрлі сыныптардың оқушыларын біріктіретін үйірмелерде ересектеу балаларын өзінен кішілерге қамқорлық жасауларына, өзара жолдастық көмекті өрістетуге жақсы жағдай туғызылады.
Сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері мен ұйымдастыру негіздері:
▪ оқушылардың химияға құштарлығын жоспарлы дамыту;
▪ сабақ өтілген материалдармен байланысын қамтамасыз ету;
▪ сыныптан тыс жұмыстарға қоғамдық мән беру;
▪ теориялық және сарамандық жұмыстарды ұштастыра жүргізу;
▪ жұмыстың түрін таңдаудағы оқушылардың еріктілігі мен орындаудағы міндеттілігін, ұйымдастыру жұмыстарындағы белсенділігі мен дербестігін қамтамасыз ету;
▪ көпшілік және жеке жұмыстарды ұштастыру;
▪ сыныптан тыс жұмыстарға мамандарды оқушылардың ата-аналарын қатыстыру;
▪ сыныптан тыс жұмыстармен оқушыларды шамадан тыс шұғылдандырмау;
▪ сыныптан тыс жұмыстарға кәсіптік бағдар беру[2].
Егер сыныпта өткізілетін сабақ кезіндегі оқу жұмысының табысты болуы негізінен мұғалімге, оның сабағына, оның білімі мен педагогикалық шеберлігіне тікелей байланысты болса да, онда сыныптан тыс жұмыстарда бір ғана мұғалімнің әрекеті қажет, бірақ жеткіліксіз. Мұның себебі сабақ өз алдына жеке пәнді оқытудың дербес педагогикалық процесі, ал негізгі жетекші-басқаратын адам мұғалім боп саналатын “оқушы-мұғалім” әрекетіне тікелей байланысты. Сыныптан тыс жұмыс кезінде басқаруды негізінен оқушылар өз қолына алады, ал мұғалім бұл арада бағыт беруші кеңесші рөлін атқарады. Бұл арада мұғалім мен оқушының рөлдері ауысады. Оқушы өзінің жолдастарының жұмысын басқаруы мүмкін, мұғалім олардың әрекетін бақылайды, байқатпай оқушылар жұмысын дұрыс бағытқа бұрады, оқушылар өздері тауып жатқан “ашылыстарында” жаңа жетістіктерге, нәтижелерге қол жеткізеді[4].
Оқушылар шығармашылығын дамытуда сыныптан тыс жұмыстар үлкен рөл атқарады. Ол үшін сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырудың ең тиімді деген түрлері мен әдістерін іріктеп ала білудің маңызы зор[11]. Оқушылардың сабақтан бос уақытын пайдалы істерге жұмсауда балалар қайткенде бір нәрсемен шұғылданса болды деген негізде құруға болмайды[3].
Бұл істе кездейсоқтыққа, жоспарсыздыққа, немқұрайлылыққа жол бермеген жөн. Бос уақыт ұғымы - күрделі санат. Бұл уақыт (оқушылар үшін шынында бос болғанымен) - әрқашан мектептің, мектептен тыс мекемелердің бақылауындағы уақыт[3].
Балалардың бос уақытын қалай ұйымдастыру керек? Оларды қайткенеде пәнге қызықтырып, бос уақыттарын пайдалы іспен үйлестіруге болады. Бұл мәселе бүгінде педагогтерді көп толғандып жүр[3].
Сыныптан тыс жұмыстардың ойдағыдай ұйымдастырылуы үшін алдын-ала келесі мәселелер дұрыс шешілуі қажет:
→ оқытылатын материалдың мазмұнын таңдап алу;
→ оқу материалдарының мазмұнына сай сыныптан тыс жұмыстарды дұрыс ұйымдастыру;
→ химиядан сыныптан тыс жұмыстарда оқытудың формасы мен әдістерін дұрыстап таңдап алу[4].
Сыныптан тыс жұмыстар белгілі бір мақсатқа сай жүйелі де нәтижелі болуы керек. Оқу – тәрбиe барысында сабақ пен сыныптан тыс жұмыстардың өзара байланыстылығын жетілдіру; мұнымен бірге оқушылардың білімге, жеке пәнге деген құштарлығын дамыту, сондай - ақ оларды қоғамдық пайдалы еңбек неғұрлым белсенді қатыстырып, белгілі бір кәсіптік мамандықты игеруге әзірлеу – мұғалімдердің негізгі міндеті. Сондай ақ мұғалімнің оқу материалын түсінікті етіп, әсерлі баяндауы, тәжірибелерді шеберлікпен көрнекі көрсетіп, сабаққа танымдық ойын қисындарын енгізіп отыруы оқушылардың пәнге деген қызығуын арттырып, қиялын қозғауға әсер етеді. Мұғалім сыныптан тыс жұмыстарды жеке оқушыға ғана әсер ететіндей емес, көпшілік оқушыларды қызықтыратындай етіп ұйымдастыруы тиіс. Қазіргі кезде сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны мен оны түсіндірудің негізгі әдістері оқушылардың өз беттерінше танымдық іс-әрекеттерін дамытатындай, әрбір нақты материалды жүйелі меңгеретіндей етіліп құрылғаны жөн[3]. Бұл жөнінде белгілі педагог Сухомлинский В.А. былай дейді: «Қазіргі кезде оқыту үрдісінде оқушылардың танымдық іс-әрекеттері тек қана әрбір оқушының жеке ой еңбегі негізінде жекеше бағаланбауы тиіс, олай болған күйде оқыту үрдісі тұйықталып, шектеліп қалатын сияқты. Сондықтан да оқыту үрдісінде тек сабақпен шектелмей, сабақтан тыс жұмыстар арқылы да еңбек ету керек»[7].
Оқушылардың шығармашылық қызметінің дамуы үшін сыныптан тыс жұмыстардың мазмұнына қандай талаптар қою керек?
1) Сыныптан тыс жұмыстар мазмұны оқу пәнінің бағдарламасының мазмұнына жақын, міндетті түрде жаңа, қандай да бір дәрежеде тереңірек немесе оқу бағдарламасының бір бөлімі, қысқаша айтқанда сыныптағы сабақтың логикалық жалғасы болуы керек.
2) Сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны оқу проблемаларын дамытатын немесе проблемалар тізбегінің жүйесінен тұратын болуы керек.
3) Аталған мазмұн өмірмен байланысты, практикалық жағынан қажет, оқушының талап-тілектері, ықыласы ескерілген болуы қажет.
Бұл мазмұн ең алдымен қызықты, эстетикалық тәрбие беруге жарамды болуы қажет[4]. Оқушылардың пәнге деген ықыласы артып, қызыға бастаса, онда пәнді меңгеруге деген құштарлық тереңдей түседі. Қазіргі кезеңде сабақтың мазмұны мен оны түсіндірудің негізгі әдістері оқушылардың өз беттерінше танымдық әс әрекеттерін дамытатындай, әрбір нақты материалды жүйелі меңгеретіндей етіліп құрылғаны жөн. Осы мәселелердің бәрі оқушылардың жасы мен жеке басының ерекшеліктерін білуді қажет етеді[3].
Оқушылардың шығармашылық әрекетін дамыту үшін ширақ жұмыстарды қамтамасыз етуде ұйымдастыру жұмысына қандай талаптар қойылуы қажет?
1) Сыныптан тыс жұмыстар оқушылардың өз қалауы бойынша олардың бейімділігі, қабілеті, мінезі, т.с. сияқтыларға қарамастан бәріне бірдей ерікті жүргізілуі керек. Сыныптан тыс жұмыстарға қатысу міндетті емес, ол тек оқушылардың арнайы қабілетін дамытуға арналған (химияға, математикаға, көркем әдебиетке, эстетикаға т.с.с.), бірақ ол жалпы алғанда, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытады. Сыныптан тыс жұмыстарды осындай түрде ұйымдастыру оқушылардың арнайы тар мағыналы қабілетін дамытпауы, мүмкіндігіне қарай ол әр алуан түрдегі бейімділіктер мен оқушы қабілетін дамытуға мүмкіндік жасауы қажет, бұл мектептің оқу-тәрбие жұмысында жалпы алғанда өте құнды болуы қажет. Сыныптан тыс жұмыстар мектепте оқыту мен тәрбиелеу сияқты негізгі мәселелерді дұрыстап шешуге әсер етуі керек.
2) Химиядан оқушыларға арналған сыныптан тыс жұмыстар жеке, топтық, жалпы көпшілікпен жүргізілетін болып үш түрге бөлінеді. Химияның сыныптан тыс жұмыстары осы үш түрді де қамтуы керек.
3) Химиядан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың ұйымдастырылуы әрекеттің белгілі күн тәртібімен шығармашылық сипатты және жүйелілікті қамтамасыз етеді.
4) Осы ұйымдастырудың әрбір кезеңінде әрекеттің ширақтығын қамтамасыз ететін құрылымы болады. Осындай түрдегі ұйымдастыруға мектептің негізгі пәндерінен мұғалімнің басшылығымен немесе пән бірлестіктерінің басшылығымен ұйымдастырылатын жас химиктер қоғамы жатады.
5) Сыныптан тыс жұмыстарды пән мұғалімдері, пән бірлестіктері, мектеп басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының жас ғалымдары, педагогикалық институттар мен университеттерінің оқытушылары мен жоғары курс студенттерінің, арнаулы клуб қызметкерлерінің тығыз бірлескен шығармашылық қызметі мен ұйымдастыруы арқылы басқаруға болады.[4] Бірқатар мектептер сыныптан тыс жұмыстарды оқушылардың көпшілігі қатысып, атап айтқанда, химиялық кештер, “ойлан тап” ойындарын өткізумен ғана шектеледі. Оның өзінде оқушылардың өз беттерінше жұмыс істеуіне, жеке белсенділіктері мен шығармашылығын дамытып отыруына жете көңіл бөлінбейді[3].
Мектептердегі “Жас химик” қабырға газеті де бір сарынды, көшірме рөлін атқарып келеді, өйткені онда пайдаланған материалдар көбінесе ғылыми кітаптарын, газеттер мен журналдардан сөзбе-сөз көшіріле салады[3] Соңғы кездерде сыныптан тыс жұмыстарды қызықты етіп жүргізуде химия апталығы, танымдық сөзжұмбақтар, химиялық ойындар, жарыс кештері, т.б көптеген білім беретін материалдар кең түрде қолданыла бастағанына қарамастан, оларды қызықты етіп ұйымдастыру жағы жетіспейді. Бұл салада да оқушылар шығармашылығы да пайдаланылады. Әсіресе оқушылардың жаппай қатыстыратын сыныптан тыс жұмыста; мектепшілік химиялық олимпиадалар, өндірістік мәні бар танымжорықтар, оқушылар білімін тексеруге арналған алғырлар, тапқыштар жарыс кештері сирек өткізіледі. Кейбір ұстазадар осы саладағы өздері өткізген үлгілі жұмыстарының нәтижесін басқаларға ұсынуға мән бермейді[3].
Сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстар химия пәнінің негіздерін оқушыларға үйретіп қана қоймай, сонымен бірге болашақ жастарды өмірге әзірлеп, мамандықты еркін таңдай білулеріне көп септігін тигізеді. Мұның өзі жеке мемлекет болып, білім берудің жүйесіне жаппай реформа жасалып жатқан қазіргі уақытта өте маңызды болып отыр[2].
Сонымен, кез келген пәннің сыныптан тыс жұмысын мектеп басшыларының басқаруымен барлық мұғалімдердің бірлескен әрекеті арқылы табысты түрде ұйымдастыруға болады. Бұл арада химиядан сыныптан тыс істелетін шараларды мектептің жалпы жоспарына сәйкестендіріп, мұғалімдерге бөлетін, жоспарлайтын пән бірлестігі негізгі роль атқарады. Мектепте оқытылатын пән бойынша жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстар, яғни оқушылардың ерікті жұмысы мектептегі оқушылардың басқа да ерікті түрдегі қоғамдық, жұмыстарымен байланысты болмауы керек[4].
Химиядан жүргізілетін сыныптан тыс жұмыстардың түрлері.
Сабаққа байланысты мұғалімнің тапсырмасы бойынша бүкіл бір сыныптың оқушылары орындайтын сабақтан тыс жұмыстары бар. Бұлар күнделікті сабақпен, зертханалық және сарамандық жұмыстармен байланысып жатады. Осы жұмыстарды орындағаны үшін оқушыларға сынып журналына баға қойылады. Сабақтан тыс жұмыстарға сарамандық сипаттағы үйге берілген есептерді шешіп, жаттығуларды орындауы да жатады , т.б.[3].
Мектептен тыс жұмыстар сабақтан бос уақытта оқушылар сарайында , жас натуралистер стансасында, институт зертханаларында, аудандық, қалалық мектептен тыс мекемелерде, зауыт фабрикаларда, агрохимиялық зертханаларда өткізіледі. Бұған да мектеп мұғалімі басшылық жасайды, оның арнаулы бағдарламасы болады[3]. Сыныптан тыс жұмыстар арқылы оқушылардың химиялық білімі ғана дамып қана қоймайды, оларды жан-жақты тәрбиелеудің де міндеті шешіледі. Әрбір оқушы өзінің еріктілігімен қатар, өздігінен жеке-дара жұмыс істей отырып олардың ұжым алдындағы жауапкершілігі артады[10].
Сыныптан тыс жұмыстар мектепте, оқушылардың сабақтан бос уақыттарында, өз еріктері бойынша түрлі үйірмелер арқылы жүргізіледі. Бұл оқу бағдарламасынан өзгеше танымдық, іскерлік пен дағдылар қалыптастыруы оқушылардың өз беттерінше қоғамдық пайдалы жұмысты атқаруын көздейді. Оған қатысатын оқушылардың білім дәрежесі, сыныптағы жас ерекшелігі бірдей болмауы мүмкін, осыған орай орындайтын жұмыстары да әр түрлі болады.[3]
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері |
|
Көпшілік |
|
Топтық |
|
Жеке |
|
Кесте 1. Сыныптан тыс жұмыстардың ұйымдастырылу түрлері.
Сонымен қатар сыныптан тыс жұмыстар түріне сарамандық сипаттағы жұмыстар мен үйге берілген есептерді шешіп, жаттығуларды орындау да енеді[10].
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері көп, олар біртіндеп қалыптасты. Жиырмасыншы жылдарда химиядан сыныптан тыс жұмыстар техникалық станцияларда жүргізіледі, оқушылар тәжірибе жасау, құралдар мен көрнекі құралдар әзірлеумен шұғылданды. Отызыншы жылдарда химиялық үйірмелер жұмыс істеді, оларды ұйымдастыру жөнінде оқу құралдары жарық көрді. Қырқыншы жылдарда алғашқы химиялық қоғам ұйымдастырылды, бұлар кейінгі жылдарда кең өріс алды. Елуінші жылдардан бастап “Химия в школе” журналында сыныптан тыс жұмыстардың әдістемесін баяндайтын бөлім ашылды, ғылыми зеттеу жұмыстары дамыды. Алпысыншы жылдарда Д.И.Менделеев атындағы Бүкілодақтық химия қоғамы жас химиктер секциясын ұйымдастырды. Оған орта мектептің оқушылары, арнайы орта және жоғары оқу орындарының студенттері мүше болып, сыныптан тыс жұмыстар жүргізуге белсене араласты. Жас химиктер шығармашылығын насихаттауға арналған Одақтық көрмелер ұйымдастырылып, бәйгелер жарияланды. Жас химиктер секциясының жұмысына ірі ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты. Осының бәрі сыныптан тыс жұмыстардың кең өріс алуына зор ықпалын тигізді. Бұрынғы КСРО Ғылым академиясының “Химия в жизнь” журналында жас химиктерге арналған тартымды материалдар үзбей жарияланды. Соңғы уақытта хастарды қоғамның жан-жақты жетілген белсенді азаматы етіп тәрбиелеу үшін химия пәні бойынша сыныпта өтілетін бағдарлама материалдарын қазіргі өмір талабына сай оқытумен қатар, оқытудың білім беру, тәрбиелік және одан әрі дамыту міндеттерін жүзеге асыруда сыныптан тыс жұмыстардың сапасын жақсарту жолға қойылуда.
Көпшілікке арналған сыныптан тыс жұмыстар. Көпшілікке арналған сыныптан тыс жұмыстардың ішінде кеңінен таралғандары – жас химиктер қоғамы және химиялық кештер[2].
Сыныптан тыс жұмыстарға қатысатын оқушылардың саны көп, олардың әуестену бағыты алуан түрлі болып келетін ірі мектептерде жас химиктер қоғамы ұйымдастырылады. Қоғам арнайы жарғы бойынша жұмыс істейді, оның мазмұны әдістемелік әдебиеттерде баяндалған. Жарғыда қоғамның мақсаты, құрамы, мүшенің құқығы мен міндеттері, басқару органдары және ұйымдық құрылысы, кітапхана және баспа істері нақтылы көрсетіледі. Қоғамның жұмысын жалпы жиналысында сайланған Кеңес басқарады (5-15 адам). Қоғам, әдетте, химиялық үйірмелердің негізінде құрылады, жеке секцияларға бөлініп, жұмыс істейді. Секциялары химия ғылымының салалары және жұмыстың түрлері бойынша ұйымдастырылады: беорганикалық химия, органикалық немесе модельдер жасау, құралдар құрастыру, дәрісшілер тобы, шыны үрлеу т.б. секциялар. Секциялардың және оған қатысатын оқушылардың санына шектеу қойылмайды. Қоғамның мүшелігіне қабылдау және шығару жарғыға сәйкес жалпы жиналысында шешіледі. Мұнда еріктілік пен міндеттілік, белсенділік пен дәйектілік, жеке мен ұжым бірлігінің негіздері мүлтіксіз жүзеге асырылады. Жас химиктер қоғамына, әдетте, бір ғалымның аты беріліп, оның жұмысы әуесқойлық, бәсеке, жарыс түрінде ұйымдастырылады[2].
Оқушылармен сабақ уақытынан тыс жүргізілетін көпшілік жұмыстардың бір түрі-химия кештері. Кештер өткізудегі негізгі мақсат-оқушылардың бағдарлама көлемінде алған білімін тереңдетіп,дамыта түсу және сармандық іскерліктер мен дағдылар қалыптастыру, химия ғылымына деген қызығушылықты арттыру және көңілді дем алуына көмектесу[3].
Химиялық кештердің тақырыбын таңдап алуда оқу тәрбие бағдарламасының жалпы және нақты мақсаттарына сүйенеді[3].
Химиялық кешті дайындаудан бұрын оны қалай өткізу жөнінде жоспар жасалады, кештің тақырыбы белгіленеді, баяндама жасауға дауыс ырғағы жақсы, материалды жетік меңгерген, ойын дәлелдей алатын оқушылар таңдап алынады. Мұғалім оқушылардың дайындығын тексеріп, баяндамаға қажетті материалдарды реттеп, жоспар жасауға көмектеседі[3].
Кейде бір кеште 2-3 баяндама болған жағдайда оған бөлінетін уақыт та реттелуі керек, бір баяндама 15-20 минуттан артық уақыт алмағаны дұрыс[3].
Кешті жақсы өткізу үшін кейбір педагогикалық талаптарды ескерген жөн.
Біріншіден, кештің тақырыбы, оның мазмұны оқушылардың бәріне бірдей қатысты, әрі түсінікті болуы керек.
Екіншіден, кешті өткізудің бағдарламасы да оқушылардың білім алу жарысын дұрыс ұйымдастырып, оларды қызықтыратындай болғаны жөн.
Үшіншіден, кештің мазмұнына сәйкес тәрбиелік міндет дұрыс шешілу керек.[3]
Кеш жоспары бірнеше бөлімнен құралады:
1. Тақырып бойынша баяндама.
2. Қызықты тәжірибелер көрсетілімі.
3. Тақырыпқа байланысты сөзжұмбақтар шешу.
4. Қызықты химиялық ойындар т.б.[3].
Химия кеші 2-2,5 сағаттан аспауы тиіс. Кешке дайындалуда химиядан көпшілікке арналған ғылыми кітаптардың көрмесін ұйымдастырып, техникалық журналдарды да пайдалануға болады. Өткізілген химиялық кештің тақырыбына қарай әр түрлі талап қойылады. Мектептерде өткізілетін химиялық кештер тақырыбына қарай бірнеше түрге бөлінеді.[3]
1. Мектеп бағдарламасының жеке тақырыптары бойыншы өткізілетін кештер.
2. Политехникалық мазмұндағы кештер.
3. Химия ғылымының даму кезеңіне байланысты өтетін кештер.
4. Химиктердің туған күніне ғылыми еңбегіне арналған кештер.
5. Қызықты химиялық тәжірибелер көрсетіліміне арналған кештер.
Химиялық кештер өткізудің жеке түрлерінің өзіндік ерекшеліктері бар, ол мазмұндарынан ақ көрінеді[3].
1. Тақырыптық кештерді көпшілік жағдайда оқу бағдарламасындағы белгілі тақырыптарды оқушыларға жете таныстыру мақсатында өтеді.Оқу бағдарламасындағы көпшілік тақырыптар бойынша әр түрлі мақсатты жүзеге асыратын кештер өткізуге болады[3].
2. Политехникалық мақсаттағы кештердің де тақырыбы әр түрлі болуы мүмкін, онда оқушылардың ауылшаруашылық негіздеріне байланысты сарамандық жұмысының барысы, өндіріс орнына жасалған танымжорық қорытындысына, зауыттағы сарамандық жұмысқа сай неполитехникалық мақсатқа ұйымдасқан үйірме жұмысының жетістіктеріне арнап өткізіледі[3].
3. Оқушыларға химия ғылымы мен өнеркәсібінің даму кезеңдерін таныстырудың тәрбиелік мәні өте зор. Химия тарихымен таныстыру оқушылардың химия пәніне деген қызығушылығын арттырып, химиялық әдебиеттерге көбірек ынталандырады. Химия тарихына көңіл аудару кештерінде қазіргі даму кезеңдері де аутылуы тиіс.Мысалы, “Тас көмірдің тарихынан”, “Көміртегі-өміртегі”, “Оттегінен озған бар ма”, “Темір және тіршілік”, т.б. тақырыптарға кештер өткізуге болады[3].
4. Химия ғылымындағы қазіргі жетістіктерімізбен қатар осындай тамаша ғылымды жасауда бар өмірін сарп еткен ғылым жолында талай қиындықтарды басынан кешірген атақты химиктер өмірі мен ғылыми еңбектерін таныстырып отырудың оқу-тәрбиелік мәні ерекше. Әйгілі химиктердің өмір жолы мен ғылыми еңбектерін оқушыларға таныстыру оларды елін, халқын сүюге тәрбиелейді. Кештер әйгілі химиктердің өміріне не ғылыми еңбекьтеріне арнап өткізіледі.Көпшілік химиктердің өмірбаяны-жастарды жан-жақты тәрбиелеуде үлгі-өнеге. Мұндай тақырыптағы кештерде ғалымның өміріне байланысты диапозитивтерді, кинофильмдерді пайдалануға болады[3].
5. Мектеп оқушыларына ғылыми-матермалистік тәрбие беру жан-жақты тәрбие берудің бір түрі ретінде оқу барысының бір бөлігі болып саналады. Матермалистік тақырыпта өткізілетін химиялық кештердің тақырыбы әр түрлі болуы мүмкін. Ондай химиялық кештердің басқа да тақырыптар бойынша өткізілетін кештер сияқты өзіндік жоспары болады. Онда да баяндама мазмұнына сәйкес әр түрлі қызықты тәжірибелерді пайдаланады.
6. Оқу материалдарын жүйелі меңгерту мен оқушылардың химияға қызығушылығын арттыруда көптеген педагогтер химиялық кештерде әр түрлі тәжірибелер көрсетіліміне баса назар аударады[3].
Қызықты химиялық тәжірибелердің көрсетіліміне арналған кештердің басқа кештерден негізгі айырмашылығы- мұнда тақырыптық баяндамалар жасалуы да, жасалмауы да мүмкін. Егер кеш баяндамасыз өткізілсе, кешті жүргізушінің кіріспе сөзінен кейін қызықты тәжірибелер көрсетілімін дереу өткізуге тырысады. Онда әрбір тәжірибеге бір оқушыдан не екі тәжірибеге бір оқушыдан бөлінеді, әр оқушыдан өзі істейтін тәжірибені бірнеше рет қайталап жасап дағдыланады. Тәжірибе әр түрлі қызықты әңгімелермен байланыстыра жүргізіледі т.б.[3].
Сыныптан тыс жұмыстардың ең маңыздыларының бірі – химиялық кештер, оған оқушылардың көпшілігі қамтылады. Ол танымдық әсерінің күштілігімен ерекшеленеді. Химиялық кештер мазмұнына қарай тақырыптық, мерейтой, қызықты, т.б. кештер деп жіктеледі, сабақта өтілген материалдармен тығыз байланыста жүргізіледі[2].
VIII сынып. Атом-молекулалық ілімнің тарихы. М.В.Ломоносов – химияның негізін қалаушы. Химиялық элемент ұғымының дамуы. Жер қыртысында ең көп таралған элемент. Ауа – газдар қоспасы. Сутегінің ашылу тарихы және қолданылуы. Су – ғажайып зат. Сусыз тіршілік жоқ. Периодтық заңның ашылу тарихы. Д.И.Менделеев ғылыми еңбегі. Периодтық жүйеге саяхат. Тұз түзушілер топтамасы[2].
IX сынып. Күкірт қышқылы – химия өнеркәсібінің “наны”. Табиғаттағы және адам өміріндегі көміртегінің маңызы. Жер қыртысындағы және өнеркәсіптегі кремний. Азоттың табиғаттағы айналымы. Ақыл мен ой элементі (фосфор). Сванте Аррениус. Металдар – біздің күшіміз. Химия мен электрдің одағы. XX ғасырдың металы. Шойын мен болат[2].
X – XI сыныптарда органикалық химияға байланысты, сондай-ақ Қазақстанның халық шаруашылығын химияландыруы жетістіктеріне арналған кештердің маңызы зор. Оларды республикалық материалдарға лайықтап өткізген тиімді, мысалы: Қазақстанда химия өнеркәсібінің дамуы. Қазақстанда фосфор тыңайтқыштарын өндіру. Жамбыл суперфосфат заводы. Шымкент фосфор заводы. Металлургия өндірісінің қалдықтарынан күкірт қышқылын өндіру. Қостанай жібек заводы. Қарағандыдағы кокс – химия заводы және т.б.[2].
Химиялық кештерді дайындауға үйірме мүшелері және басқа да тілек білдірген оқушылар қатысады. Мектеп жоспарында кештің тақырыбы және өткізілетін мерзімі анықталған соң, оның бағдарламасы жасалады. Онда жасалатын баяндамалардың, хабарламалардың тақырыптары, қызықты тәжірибелер, жұмбақ әнгіме, жұмбақ тәжірибелер, викториналар, химиялық ойындар, қабырға газетін шығару, плкаттар әзірлеу белгіленеді, оларды оқушылардың ыңғайына және қалауына қарай бөліп береді, әр оқушының белсенділік көрсетуін қамтамасыз етеді. Кештің тақырыбына байланысты жұмбақтар, мақа-мәтелдер, көркем шығармалардан үзінділер, тақпақтар жинауға және өздері шығаруға тапсырмалар беріледі[2].
Сыныптан тыс көпшілік жұмыстарының тағы бірі – химиялық олимпиадалар мектептік, аудандық, облыстық, республикалық, одақтық және халықаралық болып сатылап өткізіледі. Бұдан өз бетінше көп ізденетін, ғылыми және көпшілік кітаптарын үзбей оқитын, ой өрісі кең, алған білімін жаңа жағдайда қолдана білетін оқушылар қатысады. Олимпиадалардың тапсырмаларына деректі, теориялық және тарихи материалдар, сан және эксперимент есептері кіреді. Олар оқушылардың химиялық ойлауын, тапқырлығын және алғырлығын тексеру сипатында қойылады. Мысалы:
1. Сендер өзеннің жағасында тұрасыңдар, айналада қандай оксидтер бар, олар туралы білетіндеріңді баяндап, реакция теңдеулерін жазыңдар.
2. Бейорганикалық қосылыстардың төрт класының өкілдері кездесетін химиялық реакцияларға мысалдар келтіріп, түсінік беріңдер.
3. Үш элемент А,Б,В берілген. Б және В элементтерінің қосылысы суда еріп, лакмус көк түске боялады. А мен Б-ның қосылысы сумен әрекеттескенде жанғыш газ түзіледі. Үшеуінен түзілген қосылыс суда ерімейді, бірақ А және В-ның қосылысы сумен әсер еткенде ериді. А,Б,В қай элементтер, олардың сипатталған қосылыстарының формулаларын, реакция теңдеулерін жазыңдар[2].
Химиялық олимпиадаларға әзірлік мектепте басталады. Арнайы жарнамада олимпиада өткізілетіні хабарланып, өткен жылғы олимпиаданың тапсымалары ілінеді, оқылатын әдебиеттердің тізімі беріледі, мәселені талқылап, кеңестер ұйымдастырылады. Олимпиада екі кезекте өтіледі. Сырттай өткізілетін теориялық олимпиадаға қалған оқушылардың барлығы қатысады. Жеңіп шыққандар үшін тікелей қатысатын теориялық және сарамандық тур ұйымдастырылады. Айрықша білімін танытқандарға жүлде, аудандық олимпиадаға қатысу үшін жолдама беріледі[2].
Кейінгі кездерде химияның апталығы немесе онкүндігі жиі өткізіліп жүр. Оған әзірлік жұмыстары 1,5-2 ай бұрын басталады. Апталықта химия оқитын барлық сыныптардың оқушылары қатысады. Әр сыныпқа жалпы, жеке тапсырмалар беріледі. Апталықтың жоспарында және тапсырмаларында химия ғылымы мен өнеркәсібінің дамуын көрсететін тақталар, химиядан – ғылыми көпшілік кітаптар көрмесін ұйымдастыру, газет, бюллетень және химиялық журнал шығару, құралдар, дәріс, хабарлама, баяндамалар әзірлеу, тақпақтар және әңгімелер жазу, үйірме жұмыстарын күшейту, химиялық олимпиадаларға және топсеруенге дайындалу және т.б. көрсетіледі[2].
Апталықтың алғашқы күні оқушылар әзірлеген шығармашылық жұмыстар бәйгесінің қорытындысы шығарылады. Келесі күндері химиялық олимпиадалардың теориялық және сарамандық түрі химиялық және химиялық объектілерге топсеруендер, үйірмелердің жиындары, сынып сағаттары, қатар сыныптар оқушыларының арасындағы “Сен химияны білесің бе?” деген білім сайыстары өткізіледі. Мектеп радио торабынан қызықты дәрістер, химиялық мазмұнды әңгімелер, химия жаңалықтары беріледі, оқу фильмдері, дипозитивтер мен диафильмдер көрсетіледі. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, химик мамандарымен кездесулер өткізіледі. Апталық мектепте химия кешін өткізумен аяқталады. Жұмыстың жеке салаларынан көзге түскен, жеңіп шыққан оқушыларға және сыныптарға сыйлықтар тапсырылады. Кештің қалған бөлімінде қызықты тәжірибелер көрсетіледі, жұмбақтар шешіледі, химиялық ойындар ойналады[2].
Сыныптан тыс топтық және жеке жұмыстар. Сыныптан тыс топтық жұмыстардың ең маңыздысы – химиялық үйірмелер. Химия пәнінен сыныптан тыс жұмыстар әр салалы үйірме ұйымдастырудан басталады. Ол жүйелі түрде жүргізіледі, еркімен келген оқушылар құрамының тұрақтылығы, олардың жұмысын біріктіретін жалпы тақырыбының болуы химия үйірмесінің ерекшеліктеріне жатады. Үйірме жұмыстары сыныптар бойынша ұйымдастырылады. 1970 жылы жеке сыныптарда химиядан жүргізілетін үйірме жұмыстарының шамамен алынған бағдарламасы ұсынылды. Онда зертханалық техниканың негіздері, препараттар әзірлеу, электрохимия, химиялық технология, геохимия, органикалық химия, аналитикалық химия үйірмелерінің тақырыптары, бағдарламасы берілген, әдебиеттердің тізімі көрсетілген. Бұл құжат бағыт бағдар беру үшін ғана жарияланады, үйірме жұмыстарының факультативтерден айырмасы олардың мазмұны бағдарлама арқылы қатаң шектелмейді, оқушылардың дара ерешеліктерін, икемділіктерін ескеріп жүргізіледі.
Бір үйірмеге қатысатын оқушылар саны 10-12 – ден аспайды. Бірінші жылы (VIII сынып) оқушылар зертханада жұмыс істеу және қауіпсіздік техникасын сақтау шараларымен толығырақ танысады. Заттарды тазарту, ерітінділер дайындау, химия зертханасына қажетті кейбір заттарды алумен шұғылданады, сарамандық біліктер мен дағдыларды игереді. Химияның тұрмыста қолданылуына байланысты тәжірибелер жасайды, киімдегі дақты, ыдысқа жұққан кір мен жабысқан қақты кетіру жолдарымен танысады.
Химияның тарихымен шұғылданатын үйірменің мүшелері химиялық элементтердің ашылу тарихымен, көрнекті ғалымдардың өмірі және еңбегімен танысады, музеййлерге, көрмелерге, өндіріс орындарына топсеруенге барады.
Аналитикалық химия үйірмесінде судың, ауаның, минералдардың және ауыл шаруашылығы өнімдерінің құрамына химиялық анализ жасалады.
Агрохимия үйірмесінде топырақтың құрамын, қасиеттерін, өсімдіктерге қажетті қоректік заттарды зерттейді. Минералды тыңайтқыштардың құрамы, қасиеттері, қолдану тәсілдері және нормаларымен танысады. Өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттардың пайдасы мен зиянын анықтайды. Агрохимиялық анализдер және тәжірибелер жүргізеді.
Химия пәнінен химия ғылымына көбірек қызығатын оқушылармен жүргізілетін жеке-дара жұмыстар. Бұларға теориялық немесе сарамандық жұмыстарды орындауға байланысты тапсырмалар, ғылыми баяндамалар, рефераттар даярлау, кабинетті жабдықтауға қажетті құралдар мен көрнекіліктер әзірлеу, талдауға, синтездеуге байланысты зерттеулер, олимпиадалық есептерді шығаруға дайындық, жарыс кештеріне даярлану, т.б. жатады. Оқушылар ұжымы бір тақырып не бір жоспар бойынша екі-үш адамнан құралған шағын топқа біріктіліп, бөлініп жұмыс жасайды. Мұнда да оқушылар сарамандық жұмыстарды бірлесіп орындап, есептерді бірлесіп шешеді, стендтер әзірлейді, көрме ұйымдастырады, конкурстық немесе олимпиадалық есептерді шешеді, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Химиялық танымжорықтар оқытудың өмірмен, өндіріспен және қоғамдық құрылыстың сарамандығымен байланысын жүзеге асырады. Өндірістік танымжорықтар мектепте оқылатын теориялық материалды өндіріс тәжірибесімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Өндірістік танымжорықтар оқушылардың әр жақты жетілуіне жәрдемдесе отырып, олардың политехникалық ой-өрісін де дамытады. Өндірістік технология мен еңбек құралдарымен, өндірістің жалпы ғылыми ұстанымдарымен де танысады. Өндірістік танымжорықтардың саяси-идеялық маңызы аса зор, өйткені, олар егеменді еліміздің өндіріс құрылыстарының даму қарқынын, ғылымымыздың, техникамыздың барлық табыстарын біле отырып, ұлттық мақтаныш сезімін тудырып, отан сүйгіштікке, халықтар достығына тәрбиелейді. Химия оқыту үрдісінде арнайы таным жорықтар басым болғанымен жалпы өндірістік танымжорықтардың маңызын ұмытпаған жөн. Өндірістік танымжорықтар сабақ үстінде, үйірме сабақтарында және сыныптан тыс жұмыстарда кеңінен пайдалануға болатындай материалдарды жинақтауға мүмкіндік береді.
Химияға деген қабілеттіліктерді дамыту үшін мүмкіндігінше оқушылардың өзіне тапсырмаларды көбірек етіп беріп, оларға химиялық проблемаларды шығармашылықпен шешу тәсілдерін біртіндеп түсіндіру қажет. Химия ғылымы мен химия өнеркәсібінің мәні – осы саладағы жүмыстардың жемісті болуы – сынақ тәжірибе жасай білуді, бақылаған құбылыстарды ой жүгірте талдай білуді оқытудың алғашқы қадамынан бастап-ақ дамыту қажеттілігін талап етеді. Химикке тән осы сияқты және бұдан басқа да, мысалы тәртіптілік, зейіндік, жұмысқа ептілігі, жинақылық тәрізді қасиеттер тек оқушылар сынақ тәжірибе жасауды сынақ тәжірибелік теория негізінде оқып-үйренумен ұштастырған жағдайда ғана ойдағыдай қалыптасады. Осының нәтижесінде әрбір оқушыда ақыл-ой және сарамандық іс-әрекеттің дараланған сипаты қалытасады, бірте-бірте ақыл мен естің химиктің қызметіне тән арнаулы қасиеттер дамиды, әдеттегі ғана емес, сонымен бірге теориялық және сарамандық мазмұндағы жаңа мәселелерді шеше білу шеберлігі пайда болады.
Химияны оқытуды ұйымдастырудың барлық формаларында оқушылар ғылым негіздері бойынша белсенділік пен берік білім меңгеруін, оқу еңбегінде және алған білімін іс-жүзінде қолдануда икемділік пен дағдылар алуын, сол сияқты оқушылар өздерінде дүниетану көзқарасын қалыптастыруын қамтамасыз ету керек.
Мен, өз экспериментімді М. Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушыларына жүргіздім.
Қорытынды
Пайдалынылған әдебиеттер тізімі
