Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
шетел умк2015.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
750 Кб
Скачать
☆

Элегия мен ямб жанрлары

Элегияның отаны Кiшi Азиядағы Фрегия аймағы болған. Жанрдың аты да осы жердiң халқы тiлiндегi «elegn» (қамыс) сөзiнен алынған, бұл жағдай сол топтағы шығармалардың осы өсiмдiктен жасалған музыкалық аспап флейтаның (сырнай)сүйемелдеуiмен орындалатындығынан дерек берсе керек.

Қазiргi заман әдебиеттану ғылымында көңiл-күйдi бейнелейтiн өлеңдер осы атпен аталады. Элегияны бұл мағынада түсiну ежелгi гректер үшiн мүлдем жат. Элегиялық шығармаларға олар, керiсiнше рухы күштi, ерлiктi жырлайтын жауынгерлiк жырларды жатқызған. Бiрақ элегияның ерекшелiктерiн анықтайтын негiзгi белгi оның мазмұны емес, ал өлең өлшемi. Сондықтан, «элегиялық жыр» деп аталатын арнайы өлең өлшемiнде жазылған әрқандай жырды, мазмұнына қарамастан осы жанрға жатқызған. «Элегиялық жырдың» бiрiншi жолы гекзаметрден, екiншi жолы пентаметр деп аталатын бес буынды өлең өлшемінен құралған. Пентаметр де гекзаметрге өте ұқсас, тек мұнда үшiншi және алтыншы қысқа буындар түсiп қалады. Сол себептi, әр қатарды теңдей екiге бөлiп, үшiншi қатардан соң кiдiрiс(пауза) жасау ғана қажет болады:

-  -  -  - -  - -  гекзаметр

-  -  -| - -  -  - пентаметр

Элегиялық лириканың өлшемi де, мазмұны да бұл кезеңде эпикалық дастандарға өте жақын болды. Гректердiң өздерi де бұл топтағы жырларды жауынгерлiк жырлардан оншалықты бөлiп қарамаған.

«Ямб» атауының келiп шығу тарихы мүлдем көмескi. Ежелгi аңыздар бұл сөздiң шығу төркінін Деметра құдай туралы аңызбен байланыстырады. Қызы Персефонаның жоғалғандығына қатты қайғырған Деметра құдайларға ашуланып, Эливсин патшасы Келейдiң үйiне қызметке жалданғанында, осы сарайдағы Ямба деген күң қыз күлдiргi әңгiмелер айтып, құдайдың көңiлiн көтеруге ұмтылады. Аңыз әрине, ямб жырларының мазмұнына қарай шығарылған болса керек. Өйткенi, бұл жанрдың өзi халық ауыз әдебиетiндегi әзiл-сықақ, сыншыл пiкiрлердi бейнелейтiн өлең өлшемiнен алынған. Ямб өлшемi кейiн фольклордан жазба әдебиетке өтiп, жеке сезiмдердi, сатиралық рухтағы жырларды т.б. бейнелейтiн күштi әдеби жанрға айналады.

Ямб жанрына Шығыстың ұлы ғұлама данышпаны Фараби бабамыз өзінің «Өлең қағидалары туралы трактат» атты еңбегінде мынадай анықтама береді: «Ямб – ерекше өлшемі бар жыр түрі. Онда жалпыға мәлім жағымды, жағымсыз жайлар айтылады, ең бастысы, ол көпшілікке кеңінен аян болуы тиіс: мәселен, мақалдар. Жырдың бұл түрі тайталас бәсеке мен соғыста, ашу мен беймазалық үстінде қолданылады»[29,122].

Ямб жанрының сыртқы көрiнiсi, барлық лирикалық шығармалар сияқты өлең өлшемдерiмен белгiленедi, ямб (-) және трохей (- ) деп аталатын формалардан құралады. Бұлар бiршама қысқа болғандықтан, оларды екiге бөлiп пайдаланған, соңынан «ямб үштiгi» деп аталған жаңа өлең өлшемі туған:

-  -  - | -  - |  - | -

Бiзге мәлiм болған ең ежелгi элегияшы ақын – Каллин. Оның қашан туғандығы, қашан қайтыс болғандығы туралы деректер жоқ. Каллиннiң өлеңдерiнде баяндалған оқиғаларға негiзделiп, ақынның б.з.б. VII ғасырдың бастарында Кiшi Азиядағы Эфес қаласында жасағандығын анықтаймыз. Бұл дәуiрлерде солтүстiктен бастырып келе жатқан кейбiр халықтар ақынның отанын ойрандап жатқан едi.

Кiшi Азия гректерiнiң өмiрiндегi осындай қайғылы күндерде Каллин Эфес жастарын отанды қорғауға шақырады. Каллиннiң бiзге дейiн 23 жол өлеңі ғана жеткен. Осы өлеңдерде ақын дүниеде адам баласы үшiн отанды қорғаудан артық қасиеттi борыш жоқтығын, бұл жолда жанын қиған адамның ұрпақтар есiнде мәңгi қалатындығын, оны ерекше құрметпен тiлге алатындығын айтады.

Отан үшiн ерлiк көрсету идеясы Каллиннен кейiн өмiр сүрген спарталық екiншi ұлы ақын Тиртей шығармаларында мұнан да айқынырақ көрiнедi. Тиртей туралы ежелгi гректер ортасында кең тараған бiр аңызда «ақынның туған жерi Спарта емес, ал Афина қаласы екендiгi айтылады. Б.з.б.VII ғасырдың орталарында спарталықтар өз көршiлерi мессениялықтарға қарсы соғыс ашады, бiрақ мессениялықтар қатты қарсылық көрсетiп, оларға көп шығын келтiредi. Ауыр жағдайда қалған спарталықтар Дельфа абыздарының кеңесiмен көмек сұрап, афиналықтардың алдына барады. Спарталықтармен салқын қарым-қатынаста болған афиналықтар оларды мазақ қылып, әскербасы орнына, әскери iстен мүлдем бейхабар ақсақ бiр мұғалiмдi жiбередi. Бұл мұғалiмде әскери бiлiм болмағанымен, өлең шығаруға өте қабiлеттi екен. Ол өзiнiң жалынды жырларымен Спарта әскерлерiнiң рухын көтерiп, дұшпанды жеңедi. Мiне, осы мұғалiм – Тиртей болған-мыс»[1,54]. Бұл аңыз шындықтан қаншалықты алыс жатса да, ақын элегияларында өте өткiр жауынгерлік рух болғандығын дәлелдейдi.

Тиртейдiң бай, жан-жақты көркем әдеби мұрасынан бiзге дейiн аз ғана үзінділер жетiп келген, бiрақ бұл өлеңдер басқа ақындар мұраларына қарағанда көркемдігі жағынан жоғары және аяқталған туындылар. Сол себептi ақынның шығармашылығы туралы толығырақ әңгiме жүргiзе аламыз.

Тиртей өлеңдерiнiң көпшiлiгi Каллин өлеңдерi сияқты әскери мазмұнда жазылған. Бұл өлеңдерде ақын Спарта әскерлерiн отанды қорғауға, дұшпанға мейiрiмсiз болуға үндейдi. Ақынның түсiнiгiнде жауынгердiң ең жоғары қасиетi – батырлық пен ерлiк, нағыз атақ-даңқ iздеген адам отан үшін жанын қиюы тиiс. Кiмде-кiм өз жұртын жаудан қорғап, батырларша мерт болса, оның есiмi отандастары есiнде мәңгi сақталады. Мұндай қасиеттi өлiм бұйырған батырдың даңқы оның қаласына, халқына және ұрпақтарына өмiр бойы жарық нұрын шашып тұрады, жаспен кәрi оның өлiмiне терең қайғырады, азап шегедi. Батырдың аты ұрпақтан-ұрпаққа жетедi. Егер де батыр жауды жеңiп, шайқастан аман шықса, бүкiл ғұмыры құрметте өтедi; «той-мерекелерде қарттар, жастар оған орын берiп, төрге отырғызады».

Ақын батырлықты, ерлiктi мадақтаумен бiрге қорқақтықты, опасыздықты қатты сынға алады. Жауға қарсы соғысудан бас тартқан, шайқас алаңын тастап қашқан адамның аты өле-өлгенiнше жиiркенiш пен лағнатқа көмiледi, бала-шағасымен өзге жұртта әуре-сарсаң болады, барлық адам оған қарғыс жаудырады.

Жоғарыда көргенiмiздей ақындардың элегияларында қазiрше автордың жеке сезiмдерi мен толғаныстары көрiнбейдi: бұл ақындардың бiрiншiсi Эфес халқының, екiншiсi Спарта халқының жалпы идеяларын бейнелейдi.

Адамның жеке сезiмдерiн бейнелеу алғаш рет Грекияның iрi ақыны, Тиртейдiң замандасы Архилох (б.з.б. VII ғасырдың орталары) шығармаларында өзiнiң жарқын көрiнiсiн тапты. Архилох поэзиясы тек ғана ақынның өз басынан кешірген жеке өмiрi: қайғыға толы ауыр тiршiлiгi, жүрегiнде аласұрған ыза-наласы, махаббат жолында тартқан қасiреті туралы хикаялардан құралған. Барша грек ақындары сияқты Архилохтың өмiрi туралы да толық мәлiметтер жоқ. Ақынның шамадан тыс бай әдеби мұрасынан сақталып қалған кiшiгiрiм үзiндiлер негiзiнде оның өмiрiне қатысты азды-көптi түсiнiктер алуға болады.

«Архилох Парос аралында туған, әкесi Телисикл деген ақсүйек, анасы болса күң, кәнизек болған. Архилох дәулетті отбасында туғанымен «тексіздігіне» байланысты көп азап шегедi. Грекия патшаларына жалданып, қарапайым жауынгер ретiнде бүкiл өмiрiн соғыстарда өткiзедi. Осы дәуiрде өрши бастаған жаңа жерлердi жаулап алу әрекеттерi нәтижесiнде алыс жерлерге барып, сол соғыстардың бiрiнде Архилох қаза табады» [1,55].

Грек және рим жазушыларының айтуына қарағанда, Архилох өз заманының ұлы ақыны болған. Мазмұндылық және өлең өлшемдерiнiң жан-жақтылығы тұрғысынан замандас ақындардың бiрде-бiреуi онымен теңдесе алмаса керек.

Бiзге дейiн жеткен өлең үзiндiлерiнде ақын өзiнiң ауыр әскери өмiрi туралы баяндап, жалданбалы қарапайым жауынгер болғандығы себептi, тек найзаның өткiр ұшымен ғана нан тауып жегендiгiн айтады. Архилох үшiн тiршiлiктiң негiзгi тiрегi соғыс болған. Сондықтан, соғыс құдайы Арестiң құлы екендiгiн, сонымен бiрге поэзияға көңiл қойғандықтан музаларға да сыйынатынын хикаялайды.

Тынымсыз соғыстар Архилохты жеңiстерден жеңiлiстерге, қуаныштан қайғыға кезек-кезек лақтырып отырған. Ақын бүкiл өмiрiн қауiп-қатерде өткiзгендiгiне, жоқшылықтан құтыла алмағандығына зарланады, тiптi қолын қайыр-садақаға созғандығын да жасырмайды.

Бiрақ, өмiрдiң қанша қиыншылығын көрсе де, алтынға көмiлген Гигске (өте бай Лидия патшасы болған) қызғанышпен қарамайтынын, құдайлардың тілегіне қарсылық бiлдiрмейтiнiн айтады.

Архилох элегиялармен бiрге өте көп ямбтар да жазған. Шындығында, ақын өзiнiң ащы, өткiр ямб өлеңдерiмен замандастары ортасында ерекше даңққа бөленген. Ежелгi гректердiң айтуына қарағанда, ямб жанрының негiзiн салған ақын осы - Архилох.

Архилох өмiрiнде болып өткен кiшкене бiр ғашықтық оқиға жайлы аңыз бар. Ликамб есiмдi бiр бай адамның Необула деген қызына ақын ғашық болады. Архилохтың бiзге дейiн жеткен өлең үзiндiлерi арасында осы қыздың сұлулығын мақтап жазған жолдарды кездестiремiз. Ликамб қызын Архилохқа бермекшi болады, кейiн белгiсiз себептермен өзінің алғашқы ойынан бас тартады. Мұндай арсыздыққа, намыссыздыққа ызаланған ақын Необула мен оның әкесiне қарсы өткiр, ащы өлеңдер жазады. Масқара болған қыз бен екi сiңлiсi асылып өледi. Архилох поэзиясы - өзiнiң әсерлiлiгi, көркемдiгi, өткiрлiгiмен ерекшеленедi. Сондықтан оның жырларын рапсодтар Гомер дастандарымен қатар орындаған. Архилох жырлары кейiнгi жас ақындарға да мол ықпал еткен.

Ежелгi Грекияның iрi элегияшыларының бiрi – Солон (шамамен б.з.б. 635-599). Басқа грек ақындарына қарағанда Солонның өмiрi едәуiр анық. Ол туралы ежелгi дәуiрдiң атақты адамдары – Плутарх пен Аристотель кейбiр мәлiметтердi жазып қалдырған. Сол деректерде баяндалуынша, Солон асыл тектi ақсүйек отбасында дүниеге келген, бiрақ ақын туған кезде оның әкесi бұрынғы байлығынан айрылып, кедейленiп қалған едi. Солон өзiнiң материалдық жағдайын түзету мақсатында сауда iстерiмен шұғылданады. Осыған байланысты өте көп саяхаттайды, түрлi қалаларда, алыс мемлекеттерде болады. Бұл саяхаттар оның тәжiрибесiн молайтады, дүниетанымын кеңейтеді. Солон өмiр сүрген заман грек саяси өмiрiнiң ең шиеленiскен дәуiрi болған, бұл дәуiрде ақсүйектер мен халық ортасында өте күштi күрес жүрiп жатқан едi. Солон ақын ретiнде сол оқиғаларға белсендi араласады. Афина мемлекетiнiң iшiндегi қарама-қарсылықтарды жою, бiр-бiрiне жау топтарды келiсiмге келтiру барысында көп еңбек етедi. Ақынның өз отанына көрсеткен iрi қызметi Саламин соғысынан басталады. Плутархтың айтуынша, афиналықтардың өзара қарсылықтарынан пайдаланып, мигаралықтар Афинаға бағынышты Саламин аралын басып алады. Афиналықтар аралды қайтарып алу үшiн қанша ұрынғанымен, мақсаттарына жете алмайды. Осыдан кейiн мигаралықтарға қарсы соғыс ашуды айтқан адамды өлiм жазасына кесу туралы арнайы заң шығарылады. Бiр күнi Солон Саламиннен келген қаңғыбас қайыршы киiмiн киiп, қала алаңындағы мiнбеден Афина халқына арнап жүз жолдан тұратын өзiнiң «Саламин» атты элегиясын оқып бередi. Сол элегиядан бiзге дейiн жетiп келген сегiз шумақ өлеңде ақын Саламиндi дұшпан қолына тапсырған афиналықтар арасында күнаға батып жүргенше, оншалықты маңызы жоқ Фолегандра яки Сикина аралдарының құлы болу абзал екендiгiн айтып, мұндай масқаралықтан құтылу үшiн афиналықтарды Саламин қаласына шабуыл жасауға, оны азат етуге шақырады. Плутархтың айтуынша, элегия әсерiнiң күштi болғандығы соншалық афиналықтар дереу соғысқа аттанып, аралды жаудан азат етедi.

Афинаның гүлденуi жолында көрсеткен көп қызметi үшiн б.з.б. 595-ылы Солонды Афина мемлекетiнiң ең жоғары мансабы – архонттыққа сайлайды. Солонның мұнан кейiнгі өмiрi Афина тұрмысымен тығыз байланысты. Ол Афина мемлекетiнде бiр талай өзгерiстер жасайды: шаруаларды қарыздан құтқарады, құлдықтан азат етедi, ақсүйектердiң билiгiн шектейдi т.б. Солон өзiнiң ақындық талантын да мемлекет мүддесiне жұмсайды. Оның элегияларында сол замандағы iшкi қарсылықтар, адамдар бойындағы келеңсіз қасиеттер қатты сынға алынады. Солон өмiр сүрген дәуiр - өткiр әлеуметтiк бөлiну дәуiрi едi. Бұл дәуiрде адамдар ортасында баю тiлегi өршiп кеткен болатын. Ақын бұл ұмтылыстың табиғи бiр жағдай екендiгiн айта келiп, қиянат пен айлакерлiк арқылы баюдың жарамсыздығын көрсетiп, мемлекет басшыларын қанағатшыл болуға, байларды әдiлдiкке шақырады. Солон поэзиясының көп бөлiгi жаңа билiк iстерiне арналған. Бұл өлеңдерде ақын өзi жариялаған заңдарды түсiндiредi, шаруаларды қарыздан құтқарып, шет елге сатылып кеткен отандастарын елге қайтарғандығы туралы хикаялайды.

«Солонның өлеңдерi терең отансүйгiштiк идеялармен және Афинаның жарқын болашағына деген сенiммен көмкерiлген. Қаншама апатшылық, соғыстар болса да, Афина халқының ерлiгiне, табандылығына ақын ешқандай күманданбайды, өйткенi бұл қасиетті қалаға Зевстiң өзi мен оның дана қызы Афина жәрдем бередi. Афиналықтардың бастарына жауған қасiреттер құдайлар тарапынан жiберiлген жаза емес, ол әдiлетсiздiктiң өршуi мен зұлымдықтың көбеюiнiң салдары. Осы қасiреттерден құтылудың жалғыз жолы – байлардың тiзгiнiн қатты ұстау, заңдардың орындалуын бақылап отыру және мемлекетте әдiлдiк орнату екендiгiн ақын қайта-қайта ескертедi»[1,58].

Солон грек элегиясын жаңа мазмұнмен, жаңа идеялармен байытты. Өз дәуiрiнiң әлеуметтiк кемшiлiктерiн жоюмен шектелiп қалмай, тәрбие, әдеп мәселелерiн талқылап, замандастарын адамгершілікке шақырады. Солон ақын ретiнде өзiнен кейiнгi грек және рим поэзиясына күштi әсер еттi.

Афинаның көршiсi Мигара мемлекетiнде де ақсүйектер мен кедей халық ортасында үлкен қақтығыстар болған. Бұл күрестердiң жарқын көрiнiсiн ақын Феогнид шығармашылығынан көремiз. Феогнид Мигара қаласында асылзада ақсүйек отбасында дүниеге келген. Ол б.з.б. VI-V ғасырлар ортасында өмiр сүрген ақын.

Феогнид өз отанындағы таптық күрестерге белсендi араласып, ақсүйектер билiгi құлаған соң, сол топтың өкiлi ретiнде ата қонысынан қуылады. Мал-дүниеден айрылған ақын өмiрдiң ащы-тұщысын татып, ұзақ жылдар шет елдердi аралайды. Феогнидтiң бiзге жеткен элегияларында ақсүйектер билiгiнiң қолдаушысы болған, бiрақ мақсаттарына жете алмаған, мал-мүлкiнен айрылған, сондықтан демократияға қарсы болып, кек сақтаған жаудың үнi естiледi. Бұл элегиялар ақынның сүйiктi шәкiртi Кирнге насихат формасында жазылған. Феогнид қоғамдағы адамдардың барлығын екi топқа – «жақсылар» мен «жамандарға» бөледi. «Жақсылар» тобына асыл текті ақсүйектердi, ал «жамандар» тобына кедей халықты жатқызады. Ақынның айтуынша, адам үшiн қажет болған адалдық, парасаттылық, ерлiк, әдiлдiк, тазалық тек «жақсыларда» ғана болады; «жамандар» болса, бұлардың барлығынан мақұрым қалған; сатқындық, арамтамақтық, азғындық сияқты жарамсыз қылықтар олардың негiзгi қасиетi.

Феогнид Кирнге тек «жақсылармен» ғана араласып, солардан әдеп пен тәртiптi үйренудi, ал керiсiнше, «жамандардан» бойын аулақ салып, олардың әсерiнен сақтануды насихаттайды. Мiне, осы халықтың қолына өткен демократиялық мемлекеттi ақын «ашық теңiзде алып толқындарға кездесіп, бағытынан айрылып, батуға айналған кемеге» ұқсатады. Феогнидтiң халыққа деген ызасының мүлдем шегi жоқ. Сол халықтан кек қайтару - оның негiзгi арманы. Тағы да бiр өлең үзiндiсiнде Кирнге «жүгенсiз халықты аяқтарыңмен аяусыз жаншып, денесi көгергенше сабала, мойнына ауыр мойынтұрық сал» дейдi.

Феогнид поэзия, дiн, махаббат және т.б. жөнiнде де шәкiртiне әр түрлi кеңестер беріп отырады, бiрақ оның шығармашылығындағы негiзгi орынды ақсүйектердiң мүддесiн көздейтiн саяси мәселелер алады. Сол себептi, ғасырлар бойы Феогнид ақсүйектердiң сүйiктi ақыны болып келдi.

7-8 –дәріс (2 сағат)

Тақырыбы: Грек әдебиетінің аттикалық дәуірі

Дәріс мақсаты: Грек әдебиетінің аттикалық (классикалық) дәуірі жайлы түсініктер беру.

Тірек сөздер: грек қоғамы, демократия, сана, софистер

Қысқаша мазмұны: Біздің заманымыздан бұрынғы V ғасыр грек қоғамының саяси-экономикалық және мәдени дамудың жоғары сатысына көтерілген дәуірі. Бұл гүлдену Парсы-Грек соғыстарынан кейін, Афина мемлекетінің күшеюі мен демократиялық бағытта дамуына тығыз байланысты болып, ақиқатында да грек елінің алтын ғасыры деп аталуына лайық ұлы дәуір болды. Б.з.б. V ғасырға дейін грек жерінің ең алғашқы мәдени орталығы Кіші Азиядағы Иония өлкесі деп саналып келген болса, дәл жарты ғасырға (б.з.б.499-449) созылған Парсы-Грек соғысында гректер жеңіске жеткен соң ілім мен білім, өнер мен мәдениет орталығы Афина мемлекетіне көшеді. Әдебиет саласындағы Афинаның маңызының ұлылығы соншалық, б.з.б. V-IV ғасырлар әдебиеті осы даңқты қала орналасқан Аттика өлкесінің атымен, яғни грек әдебиетінің аттикалық (классикалық) кезеңі деп аталады.

Парсылармен болған соғыстың зардаптарын көбірек тартқан және дұшпанды жеңуге басқалардан гөрі артығырақ үлес қосқан афиналықтар, соғыстан кейін грек жеріндегі жүз елуден артық қала мемлекеттер арасында жеңіс үстемдігін өз қолдарында сақтап қалды. Енді Грекия жерімен тұтасып жатқан теңіз суларында олардың жалғыз өздері билік жүргізе бастайды. Бұл жағдай жаңа сауда жолдарын қолға алуға, Қара теңіз жағалауындағы елдермен сауда қатынасының дамуына кең жол ашады және Афинаны астықпен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешеді

Кейбір мемлекеттерді өзіне тәуелді қылу, кейбірiмен сауда қатынасын жасау, отарланған елдердің байлығын тонау, мемлекет ішіндегі халықты аяусыз қанау нәтижесінде б.з.б. V ғасырдың соңына келіп, Афина мемлекетi Грекия тарихында бұрын-соңды болмаған, экономикалық жағынан гүлденген бай мемлекет дәрежесіне көтерiледi. Сонымен бірге, бүкіл грек елінің ең ірі мәдени орталығына, ғалымдар, ақындар, философтар, мүсіншілер, суретшілер мен түрлі өнер адамдарының мекеніне айналады.

Афина өзінің экономикалық және мәдени дамуына негізінен б.з.б. V ғасырдың 50-30-жылдарында, яғни Афина мемлекетінің басында Перикл тұрған кезеңде қол жеткізді. Сондықтан бұл дәуірді көбінше «Перикл ғасыры» деп те атайды.

Перикл (өмір үрген кезеңі амамен б.з.б.500-429) ақсүйек отбасында туып, заманына сай өте жақсы білім алады. Парсы соғысы кезінде бірнеше әскери ерліктер көрсетеді. Афина мемлекеті басында тұрғанында өзінің ерекше қайраткерлігімен даңққа бөленеді. Саяси қызметте өзінен алдын өмір сүрген досы, нағыз демократ Эфиальттың істерін жалғастырады. Ақсүйектердің ішкі қарсылықтарын жеңіп, мемлекетте демократиялық қоғамды орнатады және 15 жыл бойына (б.з.б.445-430) жыл сайын Афина мемлекетінің ең жоғары лауазымы - стратегтікке сайланып отырады.

«Ол туралы тарихта гректердің: әрі салмақты, әрі салауатты жан еді. Ашына сөйлегенде, Күнді күркіретіп, дұшпандарына жай отын шашатын Зевске ұқсап кететін, деген сипаттамасы сақталған»[11,26].

Афина мемлекеті демократиялық негізде құрылған қоғам болуына қарамастан, ұлы тарихшы Фукидидтің айтуынша, оны жалғыз бір адам, яғни Периклдің өзі басқарған. Перикл шындығында да өз дәуірінің іскер мемлекет басшысы, нағыз шешен, адамдарда шығармашылық қабiлетті оятуға шебер, ғылым мен білімге, өнермен әдебиетке құштар жан еді. Ол бүкіл грек жұртынан философтар, ғалымдар, ақындар мен өнер қайраткерлерін Афинаға жинайды. Периклге жақын тұрған және оның мемлекеттік істеріне көмектескен ұлы данышпандар арасында философтардан Анаксагор, Сократ, «тарих ғылымының атасы» Геродот, ұлы трагедияшы Софокл, ғажайып мүсінші Фидий мен соларға ұқсас жалпы грек мәдениетін биік шыңға көтерген тағы да бірнеше ірі тұлғаларды көреміз. Перикл заманында ғылыми-философиялық iлiмдер кең түрде дамыды. Ғалымдар, қаламгерлер өз шығармаларында табиғат құбылыстарының, қоғамның даму заңдылықтарын ашуға, оларды түсіндіруге және осы негізде сол кезеңдегі демократиялық құрылыстың дұрыс екендігін дәлелдеуге ұмтылады.

Ескі діни қағидалардың бірте-бірте жойыла бастауы, тылсым күштерді ғарыш құбылыстарынан іздеу (пантеизм), адамды бүкiл болмыстың әміршісі дәрежесіне көтеру, оның санасына, қабілетіне үлкен үміт арту – осы дәуірдегі философиялық ағымдардың негізгі ерекшелігі болды.

Жаңа түсініктер алғаш рет Анаксагор (б.з.б.500-428) философиясында көрінді. Периклмен жақын дос болған, оның саясатын қолдап-қуаттаған және әміршінің тілегіне байланысты дәуірінің ғылыми-мәдени қозғалысының басында тұрған бұл талантты ғалым ескі діни түсініктердi жоққа шығарып, бүкіл ғарышты сансыз бөлшектерден құралған мәңгілік деп таниды. «Күн мен Ай бұрынғылар айтқандай, тылсым күштер емес, ал мәңгі жанып тұратын денелер» [32,348]. Анаксагор адам санасын, күшін және жаратушылық қабілетін өте жоғары бағалайды. Оның iлімі ежелгі дүниеде кең таралған және өз замандастарына күшті әсер еткен.

Осы дәуірдің ғылыми және философиялық ой-пікірлерін өзгелерден гөрі толығырақ бейнелеген, тарихи материализм ағымына негіз салған ұлы ғалым Демокрит (б.з.б.460-360) болды. Демокрит өз заманына тән болған барлық ғылым саласында (астрономия, физика, математика, биология, география) көптеген ірі еңбектер жазды.Оның туындылары арасында поэзия, өнер, тарих, шаруашылық, әскери техника және басқа да түрлі мәселелерге арналған кітаптарды да көреміз.

Гректің тұңғыш энциклопедиялық ақыл иесі Демокрит өзінің парасаттылығы мен терең білімінің арқасында ізшіл материалистік философия iлiмiнің негізін салды. Оның пікірінше, «бүкiл болмыс көзге көрінбейтін майда бөлшектерден – атомдардан құралған, атомдардың формасына қарай ғарыштағы барлық нәрселер түрліше болады. Тіпті тірі зат, сондай-ақ адам және оның «жаны» да атомдардан жаратылған. Сансыз атомдардан тыс, жаратылыс шексіз кеңістіктен де тұрады. Атомдар міне осы кеңістікте тоқтаусыз қозғалыста жасайды. Бүкiл болмыс, біздің ойымыз бен сезіміміз осы атомдардың қозғалысы нәтижесінде пайда болады. Атомдар мен олардың қозғалысы мәңгілік. Еш нәрсе жоқтан бар болмайды, еш нәрсе бардан жоқ болмайды. Табиғаттағы өзгерістер атомдардың бір жағдайдан екінші жағдайға өтуінің нәтижесі ғана»[1,69].

Осылайша, Демокрит нағыз материалистік философия ілімін негіздейді, бірақ оның бұл материализмі әлі механикалық материализм еді. Демокрит табиғаттағы барша құбылыстарды тек механика негізінде түсіндіреді.

Демокрит қоғамдық-саяси мәселелермен де терең айналысып, ежелгі гректер ортасында кең тараған көне дәуірдегі «алтын ғасыр» туралы аңыздарды жоққа шығарады. Оның пікірінше, «қоғамның алғашқы дәуірлерінде адамзат санасыз жануар сияқты өмір сүрген. Тіршілік ету қиындықтары нәтижесінде бірте-бірте ойлауға ерісіп, мәдениет негіздерін құра бастаған». Мемлекет құрылысы саласындағы еңбектерiнде Демокрит демократтық қоғамның абзалдығын қолдайды. Бірақ, Демокриттің ең жоғары баға берген бұл демократиясы құлдық негізге құрылған демократия еді. Өкініштісі сол, осындай ұлы қайраткердің бірде-бір шығармасы біздің дәуірімізге жетіп келген жоқ.

Б.з.б. V ғасырдың екінші жартысында Эллада жеріндегі қоғамдық мәселелерді үйрену ісін өз алдына негізгі мақсат етіп қойған жаңа ғылыми-философиялық ағым пайда болады. Бұл ағымның өкілдері өздерін «софистер» деп атады. Алғашында «софист» сөзі «данышпан», «білімді», «ғалым» деген мағыналарда қолданылғанымен, кейін бұл атау философия қайраткерлерінің атына айналады. Ежелгі Грекияда софистер қалаларды кезіп жүріп, өздерінің жеке сұқбаттарында, яғни халық алдында ғылым негіздерін талқылайтын. Матералистік философтар өз шәкірттері мен тыңдаушыларына табиғат құбылыстары туралы әңгімелесе, софистер қоғамдық мәселелер туралы тартысады.

Софистер өз дәуірінің жан-жақты білімді адамдары болды. Өз замандастарының дүниетанымын байыту, оларды ғылым жетістіктерінен хабардар ету тұрғысында софистер көп еңбек сіңірді. Олардан дәріс тыңдаған жастар астрономия, геометрия, музыка және сол сияқты ілімдер саласынан кең түсініктер алумен шектеліп қалмай, сонымен бірге, адам өз өмірін қалай жоспарлауы, мемлекетті қалай құруы және саясатты қайсы әдісте жүргізуі жайлы терең білім алады. Софистер кейбір ғалымдар секілді өмірден жекеленіп, өз үйлерінде кітап жинаудан басқа нәрсені білмеген дәруіш табиғатты жандар емес еді. Олар өмірдің қайнаған ортасында, жұрт алдында шабытпен өз ілімдерін насихаттаған ғылым мен білім жаршылары болды. Софистер халық арасында орнығып қалған ескі түсініктер мен нанымдарды табандылықпен жоққа шығарды. Ірі софистердің бірі Протагор «Барлық нәрсенің жаратушысы адам» дейді және осы пікірімен адам санасында пайда болатын түсінік пен сезімдерден бөлек «дүниенің» болуы мүмкін емес екендігін дәлелдеуге ұмтылады. Протагор өзінің осындай ойларымен адамды бүкіл жаратылыстың орталығында тұратын құдіретті күш дәрежесіне көтереді. Адамның тағдырын тылсым табиғи күштермен емес, ал оның өз әрекетімен, қабілетімен байланыстырады. Протагор философиясының маңыздылығы да мiне, осында. Протагор бірнеше дәлелдермен құдайдың бар екендігіне күман келтіріп «Мен құдайлардың бар-жоқтығын, яки олардың тірі құдай екендігін білмеймін, өйткені бұл нәрсені аңғаруға кедергі болатын бірнеше себептер бар, бұл себептер – құдайлар жайлы түсініктердiң айқын еместігі және адам өмірінің қысқалығы», дейді [1,72]. Протагорды осындай пікірлері үшін діндарлар «дінсіз азғын» деп айыптап, Афинадан қуып шыққан.

Жоғарыда айтқанымыздай, софистер мемлекет мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Осыған байланысты табиғи құқық проблемасы софистер ілімінде маңызды орынды алады. Бұл iлімде бүкіл тіршіліктің негізгі ұйтқысы ретінде табиғат заңдары алынады, яғни әр бір нәрсе, түрлі әдіс-тәсілдер мен адам ойы бұрыннан бар табиғи бір жағдай сипатында болады немесе адамдар тарапынан белгіленгендігіне қарай бағаланады. Сондықтан Платон, Аристотель сияқты философтар әр қандай мемлекет құрылысын құдайлар жаратқан нәрсе деп қараған болса, софистердің көпшілігі бұл пікірге қарсы шығып, «ең алғашқы мемлекет адамдар ортасындағы өзара келісім нәтижесінде пайда болған» дейді. Көпшіліктің қалауымен мақұлданған мемлекет құрылысын нағыз заңды құрылыс деп таниды (Протагор). Софистердің мемлекет туралы философиясының демократтық маңызы да, міне осында. Олардың кейбірі бұл салада өзге ойларды да алға тартады. Мәселен, Протагор мен Гиппий қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті қатты сынға алады. Гиппийдің айтуынша, «барша адамдар – туысқан, табиғат ананың перзенттері. Сондықтан, еркін адамдар мен құлдар арасында теңсіздік болмауы керек» [1,71].

Софистер философия ілімінен өзге, басқа да шығармашылық салаларда ұлы істер атқарды. Дүние жүзiлiк мәдениеттің ең құнды ескерткіштерінің бірі болған және Гиппократ есімімен бізге жеткен медицина өнері туралы үлкен шығарма осы софистер ортасында жазылған. Гиппократқа дейін науқастарды емдеу ісі тек ғана құдайларға, тылсым күштерге сыйыну, аластау және түрлі ырымдарға негізделген болса, енді адам организмін үйрену нәтижесiнде ауруды ғылыми негізде емдеу істері пайда болады. Медицина бірте-бірте жеке ғылым дәрежесіне көтеріледі. Осындай ғылыми түсініктер негiзiнде түрлі салаға қатысты қолданбалы еңбектер туады. Мәселен, Протагор мен Продик адамзат тарихындағы тұңғыш грамматика оқулығын жазады. Шешендiк өнер мен логика негіздерін түсіндіруде де софистердің еңбегі мол. Дәуірінің ұлы тарихшылары Геродот пен Фукидид софистердің әсерін өте терең сезінген және өз еңбектерінде олардың iлімдерін жарқын бейнелеп отырған. Еврипидтің трагедиялары софистердiң пiкiрлерiн толық қамтыды.

Б.з.б. V ғасырда Афина қаласы тамаша өнер орталығы болды. Бір қатар данышпан сәулетшілер, мүсіншiлер мен суретшілер қолынан туған ұлы өнер ескерткіштері бүкіл адамзаттың кейінгі дәуірлері үшін сұлулықтың таңғажайып мысалы мен асқақ үлгісі болып келді. Өнердің мұншалықты қарқынды дамуы Перикл қамқорлығында Афинада басталған үлкен құрылыс істерімен тығыз байланысты. Периклдің тілегі - ғылым, бiлiм және мәдениет орталығы болған ұлы қала сұлулықта да бүкiл грек жұртына өнеге болсын деген арман еді. Елу жылға созылған үлкен құрылыс істерінде Афинаның еркін халқы мен құлдар ғана емес, сондай-ақ Грекияның барлық жерінен жиналған құрылысшылар, мүсіншілер, суретшілер және түрлі кәсіп иелерi қатынасты. Бұл заманда бой көтерген ең биiк ғимараттардың бірі - Афина мен Пирей гаванi ортасында, бұдан көп ілгері салынған екі қабырғаның арасында, Периклдің қалауымен тұрғызылған үшінші қабырға болды. Одан ары қарай Пирей гаванi жаңа ғимараттармен нығайтылды, нәтижесінде Афина мен Пирей тұтасқан жеке қамалға айналды. Бұрын болмаған осындай үлкен құрылыс істері арасында Периклдің назарын көбірек бөлген мәселе – Афинаның ішкі қамалы Акропольдi безендіру болған. Көне замандарда тұрғызылған бұл ғимарат Парсы-Грек соғысы кезінде ойрандалып, қамал ретіндегі маңызын жойған еді. Жаңадан салынған Акрополь ғимараты грек өнерінің ғажайып туындысына айналды.

Акропольге кіре берісте екі жағынан алып ұстындармен көтерілген қақпа - Пропилеялар сәулетшілік өнердің таңғажайып үлгісі. Оның екі жағындағы үсті жабық галереялардың қабырғалары Афина мемлекетінің жауынгерлік тарихын бейнелейтін суреттермен өрнектелген. Акропольдiң ішіндегі ең ғажайып ғимарат қол өнері мен данышпандық тәңірісі Афинаның ғибадатханасы – Парфенон. Бұл ғибадатхананың ортасына орнатылған тәңірінің он төрт метрлік ескерткіші таза піл сүйегі мен алтыннан жасалған. Ескерткішке жұмсалған қаражат Афина қаласының жиырма жылдық табысына тең болған. Парфеноннан басқа Акропольде Аттиканың аңыз патшасы Эрехфейге арналған Эрехфион ғибадатханасы және бірнеше ғимараттар салынады. Осы құрылыс барысында Акропольдiң айналасы гүлзарлармен, ағаштармен безендіріледі, мәрмәрдан, жезден жасалған ескерткіштер орнатылады. Мәселен, Пропилеялардың сол жағына орнатылған, өзінің қару-жарағымен бейнеленген Афинаның ескерткіші өте асқақ көрінеді. Оның қолындағы найзаның жылтыраған ұшы бағдаршам секілді алыстан көзге шалынып, теңізшілер соған қарап Афинаға бет түзейтін болған.

Афинаның сыртында да бірнеше жаңа ғибадатханалар салынады. Бұлардың ішінде көркемдік жағынан даңқтылары - теңіз тәңірісі Посейдон мен Афинаның аңыз патшасы Тесей шарапатына салынған ғибадатханалар.

Грек сәулетшілігiнің қайталанбас үлгілерін жасаған ғажайып сәулетшілер арасында атақтылары - Парфенонды салған Иктин мен Калликрат, Пропилеяларды құрған - Миесикл.

Перикл дәуірінің мүсіншілерінен бізге көбірек мәлім болғаны - Фидий. Сол замандағы бүкіл құрылыс істерін басқарған бұл адамның өзі де шебер мүсінші еді. Акропольдiң ішінде орнатылған Афинаның алтын және піл сүйектерінен жасалған екі биік ескерткішi және Олимптегі Зевс ескерткішi (бұл да алтын мен піл сүйегінен жасалған) осы ұлы мүсінші еңбегінің жемісі. Фидиймен бірге, оның жетекшілігінде көптеген шәкірттер жұмыс істеген, бірақ олардың аттары тарихта қалмаған. Фидийдің қол астындағы шәкірттері 276 метр ұзындықтағы Парфенон қабырғаларын безендірген.

Осы дәуірде жаратылған өнер туындыларының барлығында әлдеқандай ұлылық, адамды тамсандыратын сұлулық бар. Міне, бұл салтанат Афина демократиялық республикасының жеңілмес құдіретінің рәмiзi болған. Мүсіншілер өз туындыларында негізінен мифологиялық қаhармандарды бейнелеген, бірақ олар суреттеген құдайлар мен батырлардың бейнесінде түр-тұлғасы келіскен, күш-қайраты толысқан адамдарды көреміз. Өйткені, бұл дәуірде грек мәдениетiнiң басқа салаларындағы сияқты адамның сұлулығын және ұлылығын паш ету - өнерпаздың негізгі мақсаты болды.

Плутарх (б.з.б.45-120) Перикл кезеңінде дүниеге келген көркем ескерткiштi дәріптеп, былай дейді: «Бұл заманда ұлылықта, қарапайымдылық пен сұлулықта теңдесi жоқ туындылар жаратылды. Бұлардың әрқайсысының сұлулығы оларға көз тастаған адамның назарында бейне осы туындылар өзінің нәзіктігін, нақтылығын ғасырлар бойы сақтай отырып, тарих көшінен жеткен аманат сияқты көрінеді» [32,356].

Бірақ Афинаның бұл салтанаты ұзаққа созылмады. Афина мемлекеті мен Пелопоннес одағы арасында басталған соғыс (б.з.б.431-404) бұл қаланы, сонымен бiрге бүкіл Грекияны үлкен апатқа алып келді. Пелепоннес соғысына барша грек жұрты мен шет елдер де (Македония, Парсы) қатысты. Эллада жерін бойлай 27 жылға созылған өзара қантөгістер нәтижесінде грек мемлекеттерінің экономикалық және саяси дағдарысы күшейіп, мемлекет тұтасымен күйзеліске ұшырайды. «Ұзаққа созылып кеткен бұл ұрыс кезiнде, - деп жазды Фукидид [1,23], - Элладаның басына бұрын-соңды болмаған қиыншылықтар түсті. Шынымен де ешқашан осынша көп қала қолдан кетіп, ойран болмаған... соғысқа байланысты, яғни өзара қырғын ұрыстар кезінде де мұндай көп адам қуғындалып, көп қан төгілген жоқ еді... Мұнан тыс, тосаттан болған жер сілкінісі... құрғақшылық және оның зардабы, аштық, үлкен апаттарға алып келген жұқпалы аурулар... Бұлардың барлығы соғыс келтірген зардаптарға қосымша болды».

Пелепоннес соғысы бір жағынан Грекиядағы ірі-ірі қала-мемлекеттер ортасындағы шиеленісіп бара жатқан әлеуметтік-саяси жағдай мен грек жерінде өз билігін жүргізуге ұмтылу, екінші жағынан, полистер арасындағы саяси топтардың күресі нәтижесінде туды. Бірнеше жылдар бойына бүкіл мемлекетте екі саяси құрылым өмір сүріп келді. Бұлардың бірі – демократиялық құрылым, екіншісі – ақсүйектік құрылым еді. Демократиялық тәртіпте болған полистерді Афина мемлекеті қолдап отырды, ақсүйектік құрылым жақтастарына Спарта өкіметі көмектесті. Бұл екі мемлекет өз қарсыласының күшейіп кетуінен қорқып, бір-бірінің саяси құрылысын үздіксіз сынап, түрлі жолдармен бір-біріне зиянкестік жасап отыратын.

Афина мемлекетін, сонымен бірге, бүкіл Элладаны апатқа алып келген тағы бір себеп, Афина мен оның одақтастары ортасындағы қатынастар болған. Парсы соғысы кезінде дұшпанға қарсы бірлесе күресу мақсатында Афинаның жетекшілігінде туған ірі грек мемлекеттерінің одағы алғашында барлық одақтастардың тең құқықтылығы негізінде құрылған болатын. Бірақ дұшпанды жеңген соң, бұл одақтың мүшелері соғыстан кейiн күшейіп кеткен Афинаға тәуелді болып қалды. Афинаны Грекиядағы құдіретті мемлекетке айналдыруды мақсат еткен Перикл одақтастарынан ақша есебінде алынатын салықты көбейтеді (мәселен, одақ құрылған кезде жылына 460 талант, яғни алтынмен бір миллионға жуық ақша салық алынған болса, Пелепоннес соғысы уақытында бұл бара-бара 1300 талантқа жетеді) және оларды қалаған жеріне жұмсайды. Афинадағы биік ғимараттар да одақтастардан жиналған салықтар есебінен салынды. Периклдің мұндай әрекетіне ызаланған одақ мүшелері Афинаны «тапқан-терген ақшасына опа-далап алатын жеңілтек әйелге» теңейді. Бұл да жетпегендей, Афина мемлекеті тек парсыларға қарсы соғыстарда ғана емес, тіпті Грекияның басқа мемлекеттерімен болатын өзара ұрыстарда қатынасуы үшін де одақтастардан жаңадан-жаңа әскерлер беруді талап етеді. Афина мемлекетінің озбырлығы барған сайын күшейіп, одақтастардың ішкі істеріне де араласа бастайды, бақылап отыру үшін өз халқының бір бөлігін көшіріп әкеліп, одақтастардың жеріне орналастырады. Міне, осы зұлымдық пен әділетсіздіктерге наразылық білдірген, яғни одақтан шығуға ұмтылған мүшелерді «басқалар қорықсын» деген ниетпен, афиналықтар аяусыз жазалап отырды. Алдын әлсін-әлсін болып тұрған наразылықтар, соғыс уақытында тіпті өршіп кетті. Б.з.б. 404-жылы Афина мемлекеті жеңіліске ұшырағаннан кейін бұл одақ толығымен ыдырады.

Афина демократиялық мемлекетінің құлауындағы ең басты себеп, әрине, оның ішкі әлеуметтік-саяси жағдайы болды. Афина демократиясын әңгімелегенде мына нәрсені ескеру қажет, бұл демократия Афина мемлекетіндегі барша халыққа тегіс еркіндік берген демократия емес, ал құлдық негізге құрылған демократия еді. Афина азаматының пайдаланған құқығынан мемлекет халқының көп бөлігін құраған құлдар мен метектер (яғни басқа жерден келген келімсектер) және әйелдер мақұрым қалған еді. Грек мемлекеттері мен Афина үкіметінің экономикалық жетістігі құлдықтың өсуіне тәуелді болған. Құлдардың көбеюі олардың жағдайының күннен-күнге ауырласып баруына, мемлекет экономикасының дағдарысқа түсуіне жағдай жасады.

Жалпы, құлдық негізге құрылған демократиялық мемлекет экономика саласында қанша гүлденсе де, мәдениет саласында қаншалықты жоғары дәрежеге көтерілсе де, осы мемлекетте жасайтын адамдардың барлығы оның жетістіктерінен толық пайдалана алмаса, бұл қоғамның мәңгі тұруы мүмкін еместігі антикалық дүние мысалында айқын көрінді.

Б.з.б. V-IV ғасырлардағы грек тарихы оқиғаларға өте бай, әрі мазмұнды дәуір. Міне, осы ұлы өзгерістерге байланысты Афина мемлекетінде туған маңызды саяси және философиялық проблемалар әдебиетке мол тақырыптар ұсынып, одан түрлі мәселелерді шешуді талап етеді. Мұндай ұлы оқиғалардың енді ескі лирикалық өлеңдер аясына сыймайтындығы анық еді. Поэзия әдебиеттің әрқашан да негізгі түрі болып келгенімен, жаңа өмір жағдайларында оның қанаты кең жайылады, мүмкіндіктері шексіз арта түседі. Бұрынғы поэзия көбінше билеуші топтардың мүдделеріне бағындырылып, кейбір жекелеген адамдардың көңіл-күйін суреттеген болса, демократиялық дәуірдегі аттика әдебиеті Афина азаматтарына қарай бет бұрып, заманының әлеуметтік-саяси талаптарын қамтыған маңызды мемлекет мәселелерін шешуге ұмтылады. Бұл мәселелер арасында ең маңыздылары – мемлекет пен халық ортасындағы, кейбір адамдар мен ұжым ортасындағы қатынастарды, проблемаларды шешу, сол дәуірдегі адам баласының міндеттері мен идеялық бағытын айқындау, оған жол көрсету. Халық мүддесіне жақындық, өзектілік, заманагөйлік, адамсүйгiштік – аттика әдебиетінің негізгі ерекшеліктері болды.

Қоғамдық қайшылықтарды, күрес пен қақтығыстарды барлығынан бұрын айқын және жарқын бейнелей алатын бірден-бір жанр - әрине, драматургия едi. Эпикалық жанрлар да, лирикалық туындылар да бұл міндеттерді толық атқара алмайтын. Әрекет, өлең және әуен (музыка) бірлігінен пайда болған драмалық әдебиет поэзияның мүмкіндіктерін молайтты. Оның жан-жақтылығы, тартыстарға байлығы, әсерлілiгі – бүкіл V ғасыр әдебиетінде драманың жетекшiлiк етуіне жол ашады.

Гомер дастандарымен бір қатарда драмалық әдебиет те гректердің әлем мәдениетіне қосқан құнды үлесі болды.

9-10-дәріс (2сағат)