- •Қазақ диаспорасының тарихы курсы бойынша
- •5В020300-тарих мамандығы үшін
- •©Қарағанды мемлекеттік университеті, 2014.
- •2. Күндізгі бөлімнің жұмыс оқу жоспары
- •4 Курс үшін
- •4. Пән бойынша тапсырмаларды орындау және өткізу кестесі
- •2.1Сыртқы бөлімінің жұмыс оқу жоспары
- •3. Пәннің оқу бағдарламасы — (syllabus)
- •3.1 Оқытушылар туралы мәліметтер:
- •3.3 Постреквизиттері:
- •5 Пәннің оқу - әдістемелік картасымен қамтамасыз етілуі
- •6 Лекциялық кешен (лекция тезисі)
- •Дәріс тақырыбы №2. Қазақтардың шетке ауа көшу кезеңдері
- •Дәріс тақырыбы №3. Тмд елдеріндегі қазақтар
- •Дәріс тақырыбы №5. Шетел қазақтарының санасы мен менталитетіндегі ерекшеліктер
- •Дәріс тақырыбы №6. Қазақтардың дүниежүзілік құрылтайы
- •Дәріс тақырыбы №7. Шетелдегі қазақтардың атамекенге оралу кезеңдері
- •7. Семинарлық (практикалық) сабақтар жоспары
- •9.Пәннің оқытылуы бойынша әдістемелік ұсыныстар
- •11 Оқытушының жетекшілігімен орындалатын студенттердің өзіндік жұмыстары бойынша өткізілетін сабақтардың жоспары
- •13 Жазбаша жұмыстар тақырыптары
- •15 Өзіндік бақылау үшін тест тапсырмалары
- •16 Курс бойынша емтихан сурақтары
- •17 Оқу сабақтарына бағдарламалық және мультимедиалық ілеспе
- •Мазмұны
- •1. Пәннің типтік оқу жоспары (қосымша 1)......................................3
- •2. Күндізгі бөлімнің жұмыс оқу жоспары.........................................3
- •«Қазақ диаспорасының тарихы» курсы бойынша
- •5В011400-тарих (білім беру)
- •5В020300-тарих (гуманитарлы)
Дәріс тақырыбы №3. Тмд елдеріндегі қазақтар
Өзбекстандағы қазақтар.
Түрікменстандағы қазақтар.
Тәжікстандағы қазақтар.
Ресей Федерациясында да қазақтар
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің елшілік қызмет департаменті басқармасының дерегі бойынша, 2000 ж. басындағы мәліметтің көрсетуінше әрбір үшінші қазақ Қазақстаннан тыс жерде өмір сүреді, олардың жалпы саны 3,3 млн адамға жеткен. Оның ішінде ТМД елдерінде: Өзбекстанда-967 мың, Ресейде-688 мың, Түрікменстанда-87 мың, Қырғызстанда-42 мың, Украинада-10 мың, Тәжікстанда-10 мың, Әзірбайжанда-4 мың, Грузияда-3 мың, Молдовада-2 мың, Арменияда-500, Беларусьте-300 адам өмір сүруде. Қазақтардың негізгі үлес саны Орта Азия республикаларына келеді. Мұнда олардың жалпы саны-1млн 100 мың адам.
Өзбекстандағы қазақтар. ТМД-дағы Қазақ диаспорасыныңның саны ең көп ел — Өзбекстан. Қазақтар Бұхар облысының ауылдарында, Ташкент облысының Бостандық ауданында, Қарақалпақ Республикасының басым көпшілік халқын құрайды. Олар негізінен жер шаруашылығымен айналысады. Мәдени дәстүрлерінде бұрынғы көшпелі өмір салтының элементтері сақталып қалған. Мысалы, киіз үйді пайдалану, мола құрылысының қазаққа тән сипаттары сақталған. Қазақтар балаларын өздерінің ұлттық мектептерінде оқытуға тырысады, алайда қазақ тіліндегі оқулықтар және қосымша оқу-әдістемелік құралдар санының азаюына байланысты, білім сапасы төмендеуде. Өзбекстанның латын алфавитіне көшуіне байланысты қазақ мектептері тағы да кедергілерге кезікті. Енді олардың орыс әрпімен жазылған Қазақстаннан барған кітаптарды оқуы қиынға түсері сөзсіз. Дегенмен, әзірге Өзбекстанда қазақ мектептері сақталған, кейбір ЖОО-да қазақ тілінде білім беретін бөлімдер мен факультеттер бар. Өзбекстанда-593 қазақ мектебі бар, бірақ мұның дені аралас (қазақша-өзбекше) оқу ошақтары.
1998 ж. аталмыш мектептерде 160 мыңдай жас отандастарымыз оқыды. Қазақстанда 200-дей өзбек мектебі бар. Оларда 70 мыңнан аса жасөспірімдер оқып жатыр.
Өзбекстанда — оқулық, сонан соң қосымша оқу-әдістемелік құралдар жетіспейді. Ташкент шаһарында “Өзбекстан” деген үлкен баспа бар. Онда “Асыл мұра” атты қазақ редакциясы 1995 ж. бастап жұмыс істейді, яғни өзбек тіліндегі оқулықтарды қазақшаға аударып, редакциялап, қайта басып шығарумен айналысады. Алайда Өзбекстандағы экономикалық дағдарыс жағдайында мәселе әзірге оң шешімін таппай отыр. Бұл елдегі Қазақ диаспорасыныңның “Нұрлы жол” атты өз газеті шығып тұрады. Тұрмыс деңгейінің төмендеуіне, қоғамдық және жалпы білім беру саласында перспективалардың азаюына байланысты қазақтардың көпшілігі Өзбекстаннан көшіп келуге шешім қабылдаған.
Түрікменстандағы қазақтар. Түрікмен еліндегі Тахтабазар ауданындағы Нарын, Иолатан, Байрамәлі, Небитдаг, Ташауыз қалалары мен Мұрғап станциясындағы қазақтармен байланыс орнату мақсатында жұмыс жүргізіліп тұрады. Мұндағы қазақ жастары түрікмен немесе орыс тілдерінде білім алады. Бірде-бір қазақ мектебі, тіпті сыныптар да жоқ.
Тәжікстандағы қазақтар. Тұтастай алғанда Тәжікстанда тұратын он мың қазақтың әрбірінің азаматтық құқығы мен өмірі қалай қорғалуда? Тек көшіп келгендердің қамын ойлап қою жеткіліксіз, сонымен қатар, басқа жақта өмір сүріп жатқан қазақтардың жайын да ойластыру, жіті қадағалап назарда ұстау міндет.
Тәжікстанда белгілі себеппен оқудан қол үзген қазақ студенттерін Қазақстанда орналастырудың жайын жоғары оқу органдары арнайы қарауды қажет ететін басты мәселе болып тұр.
Ресей Федерациясында да қазақтар саны айтарлықтай, 700 мыңға жуық. Олар тығыз қоныстанған аудандар Қазақстан шекарасының маңына таяу орналасқан. Бұл — Алтай, Новосибирск, Омбы, Челябинск, Қорған, Орынбор, Саратов, Волгоград, Астрахань облыстары. Ресейдің еуропалық бөлігінде қазақтар саны аз, онда олар негізінен қалаларда тұрады. РСФСР-дегі 1989 жылғы санақ мәліметі бойынша 636 мыңдай қазақтар тұрады. Олардың көпшілігі Батыс Сібір аумағында — 130 мыңнан астам, Омбы облысында — 75 мың, қалғандары Новосибирск, Түмен облыстарының оңтүстік аудандарында және Алтай өлкесінде. Орынбор облысындағы қазақтар саны 111 мыңнан астам, олардың 70%-дан астамы — ауыл тұрғындары. Астрахань облысында 120 мыңнан астам қазақтар тұрады, бұл осы аумақ халқының 14%-ы. 1989 ж. санақ бойынша Мәскеуде 8225, Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) — 6331 қазақтар бар. Орта Азиядағы сияқты Ресей қазақтары да негізінен ауылдық жерде тұрады. Бұл неғұрлым өзге халық арасында туысқандық байланыстары мен этностық тұтастығын сақтап қалу үшін тығыз тұруға ұмтылуын, сондай-ақ, қазақ тұрғындарының урбандалу деңгейінің төмендігін көрсетеді. Қазақтардың ұрпақ сабақтастығын және этностық тамырымен байланысын сақтап келе жатқан салалардың бірі — ұлттық кухнясы. Әлеуметтік салада аға ұрпаққа құрметпен қараушылық дәстүрі негізінен туысқандық байланыстар деңгейінде сақталған. Аға ұрпақ қамқорлығы және тығыз қоныстануының нәтижесінде қазақтар ана тілін сақтап қалған, дегенмен мұнда да жастардың ана тілін нашар білу тенденциясы көрініс беруде. Ана тілін білудің нашарлауына Кеңес өкіметі кезінде білім беру жүйесіндегі өзгерістер әсер етті. 30 жж. ортасынан бастап РСФСР-дегі педагогикалық училищелері қазақ мектептерінің саны аз деген сылтаумен жабылған. 1967 ж. Астрахань қазақ педучилищесі соңғы түлектерін даярлап шығарды. Қазақ мектептерінің жабылуы кеңес идеологтарының КСРО халықтары одағынан бірыңғай кеңес халқын қалыптастыруға ұмтылысына байланысты болған еді. Мәдениет және білім беру саласында орыс тілі басты назарға алынды. Бүгінде Ресейдің халық тығыз қоныстанған жерлерінде ұлттық мектептер сақталған. Қазақ халқының тілі мен мәдени дәстүрлерін сақтауға ресей қазақтары құрған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер де өз үлестерін қосуда.
Горно-Алтайск қаласында тұратын 62 мың халықтың екі мыңдайы қазақтар. Жалпы Алтай өлкесінде 15 мыңдай қазақ тұрып жатыр. Ал Барнаул жақта — Алтай өлкесінің Сібір бөлігіндегі қазақтардың саны жеті мыңнан асады. Алтай өлкесіндегі 15 мыңға тарта қазақтардың ішінде суырылып шығып, өздерінің іскерлік қабілетімен көріне білгендері де баршылық. Қазір Алтай өлкесінде Наталья Әбуқызы Елбаева деген қазақ қызы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметіне дейін көтерілген. “Ырыстуу” деп аталған түркі тектес халықтардың басын қосқан “Азия дауысы” сияқты фестивальдар ұйымдастырылып тұрады.
Дүниежүзілік аренада тәуелсіз Қазақстан Республикасының пайда болуы қазақ халқының ұлттық сапасын өсіре түсті. Қазақ диаспорасыныңның өкілдері өз халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек зерттеп білуге мән бере бастады. Осылайша, 1980 жылдардың аяғында Омбы қаласында “Мөлдір”, “Аманат”, “Жастар” сияқты ұлттық-мәдени орталықтар мен шығармашылық бірлестіктер құрылды, “Омбы үні” атты қазақ тіліндегі газет шығарыла бастады. 1990 ж. Орынборда “Қазақ тілі” атты ұлттық-мәдени қоғам құрылып, “Айқап” газетін шығаруды қолға алды. Осы жылы “Жолдастық” атты Астрахань облыстық қазақ мәдениеті мен тілі қоғамы өмірге келді. Бұл қоғам “Ақ арна” газетін шығарады. Саха (Якутияда) жерінде “Ана —Жер” атты қазақ қауымы құрылған. Қауым төрағасы Тілеутай Орынтайұлы Бүйрікбаев деген азамат. Олар алыста жүрсе де ата дәстүрін, тілін ұмытпауға тырысады. Бірнеше жылдан бері наурыз мерекесі дәстүрлі аталып келеді. “Абай жолы” романын саха тілінде басып шығару қолға алынған. 1991 ж. Мәскеудегі қазақ жастарының мәдени қоғамы “Мұрагер” өз жұмысын бастады. Астанадағы көпұлтты мегаполис жағдайында бір-бірімен тығыз қарым-қатынасын сақтап қалу үшін мәскеулік “Қазақ тілі” қоғамы ұйымдастырылды (1990 ж. соңы — 1991 ж. басында). Өткен жылдар ішінде бұл қоғамдар мен бірлестіктер ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарды. Бүгінгі кезеңде Ресейде Наурыз тойын жыл сайын тойлау дәстүрге айналды. Қазақстанмен байланыс орнатуға баса мән берілуде. 1990 ж. тамыз айында Астраханьда Қазақстан өнері мен әдебиетінің күндері өткізілді. Ресейдің әр түрлі аймақтарындағы қазақ қоғамдары мен ұйымдары бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, біріккен ұлттық фестивальдар мен мерекелерге қатысады. Ресей Федерациясындағы қазақтар қауымының өкілдері 1992 ж. Алматыда өткен Дүниежүзілік қазақтар құрылтайына қатысты. 1996 ж. қазан айында Астрахань облысының Алтынжар ауылына ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Ресей үкіметінің төрағасы В.С.Черномырдин келіп, қазақтың ұлы күйші-сазгері Құрманғазыға арналған ақшаңқан кесенені ашу салтанатына қатысты. Қазақ диаспорасыныңның моральдық құндылықтарды сақтап қалуы халықтың өмір сүру, өзін сақтап қалу жолында ұзақ ғасырлар бойғы күресінде қалыптасқан ерекше сипаты болып табылады.
Қазақ халқы тарихында із қалдырған көрнекті тұлғаларын ұмытпай, әлі күнге дейін балаларына олардың есімдерін қойып келеді. Ресейлік қазақтардың тағы бір сипатты ерекшеліктері — Ресей халықтарының тілін, мәдениеті мен қоғамдық құндылықтарын жатырқамай қабылдауы, сондықтан да Ресей мен Қазақстан халықтары арасында тарихи қалыптасқан рухани байланыс одан әрі тереңдей түсуде. Ресейдегі Қазақ диаспорасының шын мәнінде екі мәдениеттің, екі ел арасындағы мәдени байланыстың өкілдері болып табылады. Алайда Ресей қазақтарының этностық сана-сезімі өздерінің қазақ этносына жататынын түсінуі, оның ішінде өзіне тән рулық ата-тегін білуінен байқалып тұрады.
Негізгі әдебиеттер: 1, 4, 5, 7, 8, 9, 11, 12, 14,15.
Қосымша әдебиеттер: 1, 3, 5, 6, 7, 12,13, 15, 17, 21, 29, 31.
Дәріс тақырыбы №4. АЛЫС ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚТАР ДИНАМИКАСЫ.
Қытайдағы қазақтар.
Түркиядағы қазақтар.
Монғолиядағы қазақтар.
Ирандағы қазақтар.
Қытайдағы қазақтар. Қытайдағы қазақтар алыс шет елдердегі Қазақ диаспорасыныңның арасындағы ең көп сандыларының бірі. 1949 ж. Қытай Халық Республикасы (ҚХР) құрылған кезде онда 420 мыңнан астам қазақтар болса, олардың 418 мыңы Шыңжаң халқының 9%-ын құрайтын. 3 мыңдай қазақтар Шыңжаңмен шекаралас Ганьсу және Синхай провинцияларында өмір сүріп жатты. Ал 1999 жылғы ресми қытай деректері бойынша, Қазақ диаспорасының 1,3 млн адамға жетіп, жалпы халық санының 7,4%-ын құраған. Қытайдағы қазақтар негізінен найман, албан, уақ, керей руларына жатады. Қазақтардың басым көпшілігі (82,6%) егін, мал, балық аулау, орман шаруашылықтарында еңбек етеді. Кәсіби мамандықтарына орай, тағы мынадай сипаттарды бөліп көрсетуге болады (90-жылдардың соңындағы деректер бойынша): әр түрлі мекемелердегі техникалық қызметкерлер — 13%, көлікте — 2,5%, мемлекеттік органдар, партиялық және қоғамдық ұйымдар қызметкерлері — 2%. Қазақтардың кәсіби бөлінісі олардың жалпы білім деңгейінің нашар екендігін айғақтайды. Дегенмен Шыңжаңда, көп ұлтты аймақ ретінде қазақ, ұйғыр, дүнген, т.б. ұлттық мектептері жұмыс істейді. Кеңес өкіметі кезінде Шыңжаңдағы аз ұлттар өкілдері балаларын оқыту үшін КСРО-дан оқулықтар беріліп тұрған. 1952 ж. бастап мұнда ұйғыр, қазақ, монғол тіліндегі оқулықтар шығарыла бастады. 70—80 жж. ресми Қытай үкіметі азшылық ұлт өкілдері арасынан жоғары білімді мамандарды көптеп даярлау мүддесін көтермелеген ниет танытты. Мысалы, университетке қабылдаған кезде оларға қытайлықтардан төмен балл белгіленді. Алайда Қытайдағы ауыл қазақтарының білім деңгейінің төмендігі, мектептер мен мұғалім-қазақтардың азшылығы жағдайында жоғары білім қол жетпейтін дәреже болып қала берді. Бұқаралық ақпарат құралдарынан (БАҚ) 1986 ж. ҚХР-да қазақ тілінде 20-дан астам журнал мен 10 газет жарық көріп тұрды. Жергілікті телекөрсетілім қазақша бағдарламалар беріп тұрады, жергілікті радиостанциялар қазақша хабар таратады. Сөйтіп, Қазақ диаспорасыныңның өмір жағдайында айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Тек жергілікті қазақтардың көпшілігі кейбір ескі әдет-ғұрыптан арыла алмай отыр. Мысалы, тұңғыш баланы атасы мен әжесі әке-шешесінің бауырынан ажыратып алуы, тіпті қалың малға сатып алу салттары да кездесіп қалады. Қытайдың аз ұлттарға ұстанып отырған мына саясаты да қазақ үшін қауіпті:
1) 25 жасқа толмай үйленуге рұқсат етілмейді, тыңдамағандарға айып салынады;
2) Үйленгеннен кейін 5 жылдан соң ғана балалы болуға құқылы. Екінші балалы болғысы келсе, тағы 5 жыл күтуге тиіс.
Түркиядағы қазақтар. ҚР Сыртқы істер министрлігі елшілік қызмет департаменті басқармасының деректері бойынша, 2000 ж. басында Түркияда 20 мыңдай қазақтар тұрған. 1952—58-жылдары келген алғашқы қазақтар тобы Стамбұл түбіне шоғырландырылып, азаматтық берілгеннен кейін ғана Батыс Анадолы аумағына орналастырылды. 1960 жылдары ауылдық жерлерден қалаға қоныс аудару жаппай сипат алған кезде, қазақтар да Ізмір, Анкара қалаларына көше бастайды. Қазақтардың еңбегіне орай осы жылдары түрік экономикасында тері бұйымдары саласы өркендей бастады, өйткені көшпелі өмір салты және мал шаруашылығымен айналысудан қазақтар тері өңдеу дәстүрін мықтап игерген болатын. Біртіндеп қазақтар өзге де өндіріс түрлері және сауда бизнесімен айналыса бастады. Бірқатары егін шаруашылығында қала берді.
Түркиядағы қазақтардың әлеуметтік өмірінде де олардың белгілі бір руға жататындығы басты рөл атқарады. Түркияға көшіп келген соң қазақ отбасылары 1934 ж. есім реформасына байланысты түрік фамилияларын қабылдауға тиіс болады. Алайда мұнда фамилия әкімшілік мақсатта бірыңғайлау үшін пайдаланылады да, қазақтардың өздерін руына қарай анықтайды. Қалың мал беру салты кездеседі, қалың малдың мөлшері әр түрлі, әлеуметтік жағдайына қарай өзгеріп тұрады. Аға ұрпақтың алдынан кесіп өтпеу, келіндік міндетті мінсіз атқару, “кіндік шеше”, “өкіл әке”, туыстарына бала беру сияқты қазақтың салт-дәстүр әдебіне баса мән беріледі. Дегенмен, түркиялық қазақтардың өмір салтында бірқатар өзгешеліктер де бар. Күнделікті өмірде қазақ тілі мен түрік тілі аралас қолданылады. Жастар барған сайын салт-дәстүрді сақтаудан бас тартуда, мысалы болашақ жар таңдауды өз еркімен шешуге тырысады. Үйлену тойында қазіргі түрік және қазақ дәстүрлерінің элементтері аралас жүреді. Ортақ түркілік тегі және мұсылман діні қазақтардың түрік қоғамына тез бейімделіп кетуіне мүмкіндік берген.
Халифа Алтай, Қожан Абдулла Даваш, Дәлелхан Жаналтай, Құранбай Нәдір, Тоқтаубай Топлы, Елей Иүксел сынды ақсақалдар бүкіл дүние жүзіндегі қазақтарға танымал есімдерге жатады.
1986 ж. “Қазақ” атты қоғам құрылып, Тоқтаубай Топлы оның төрағалығына сайланды. 6 жылдан кейін ол қоғамның төрағалығы Омардың қолына өтеді. Бұл қоғамды құрудағы мақсат — ұлттық салт- дәстүрді жастар санасында қалыптастыру, жоқ-жітіктерге әлеуметтік тұрғыдан көмектесу, жергілікті халыққа қазақшылықты таныту болды.
Монғолиядағы қазақтар. Монғолияда 2000 ж. басында 83 мың қазақтар болды. Монғолиялық қазақтардың басым көпшілігі ауылдық жерде мал шаруашылығымен айналысады. Тығыз топтасып орналасуы олардың монғол қоғамынан ерекшелігін сақтап қалуға мүмкіндік берген. Монғолиялық қазақтардың басым көпшілігі таза ана тілінде сөйлейді.1940 ж. Баян Өлгий аймағында қазақ ұлттық клубы жұмыс істей бастады. Алғашқы басшысы әрі ұйымдастырушысы ақын, драматург, жазушы, Монғолия көркемөнеріне еңбек сіңірген қайраткер Бабиұлы Ақтан болды.
Сахнада Б.Ақтанның басшылығымен “Ермалай”, “Қалқаман-Мамыр”, “Ақ Айша” пьесалары қойылды.
Бұл клуб 1946 ж. өнер ошағы, 1956 ж. Қазақ музыкалық драма театры болып өзгерді. Осы кезде Ұланбатырдан және Қазақстаннан маман режиссерлер мен оқытушылар келіп атсалысты. Хор, драма, балет, музыка сыныптары ашылды. Осы кезде Ж.Арғынбайдың “Таланттылар мен табынушылар”, М.Нұрмаханның “Кезең үстінде” пьесалары қойылды.
Театр 1976 ж. мемлекеттің ең жоғары ордендерінің бірі — “Алтын гадас” (Алтын жұлдыз) орденімен марапатталды.
1993 ж. Қазақстан Республикасының демеушілігімен театрдың жаңа ғимараты салынды. Бұл театр ұжымынан Монғолияның халық артистері Ж.Қибатдолда, А.Хабылаш, А.Моңғолхан, Ә.Ахметбек, Монғолияның еңбек сіңірген артистері Д.Құсайын, Т.Дүйсенбі, Ж.Төлеухан, Б.Қайжамал, А.Қабыкей, Ж.Қаду сынды өнер саңлақтары өсіп шықты.
М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш — Баян сұлу”, Ш.Айтматовтың “Ана жер — ана” спектакльдері сахнада көрсетілді. Қазақстанда Монғолияның Өлгий қаласындағы “Қазақ тілі” қоғамымен, Түркияның Стамбұл қазақ орталығымен, Кельн қаласының Қазақ диаспорасының орталығымен, Өзбекстандағы қазақтармен байланыс жасау қолға алынды. Өмір сүру деңгейінің нашарлығынан монғолиялық қазақтар тарихи атамекеніне қоныс аударуға ынталы.
Ирандағы қазақтар. Иранда (Иран Ислам Республикасы) 2000 ж. басында 3450 қазақ бары анықталған. ХХ ғ. 30-жылдары көшіп барған қазақтар тек 60-жылдар ортасында ғана уақытша тұруға рұқсат алып, кейін азаматтыққа да қол жеткізген. Бірен-саран өзге де қазақ руларының өкілдері болғанымен, ондағылар негізінен адайлар. Олардың көпшілігі Горган, Бәндар, Түркімен, Аққала, Күмбеш қалаларына қоныстанған.
Көпшілігі сауда ісімен айналысады. Балалары парсы тілінде оқығанымен, қазақы тәрбие үрдісі қатаң сақталған.
Иран қазақтарының бір ерекшелігі — олар өздерінің ұлттық киімін әлі күнге қолданыстан қалдырмай келеді. Қазіргі Иран қазақтарындағы әйел киімі — көне дәстүрдің сарқытын танытады.
Иран қазақтарының үй тұрмысында да ескілікті бұйымдар көптеп қолданылады. Соның бірі — қазақтың текеметі. Олар текеметті жайнамаз ретінде кіші өлшемде де, кілем көлемінде де пайдалана береді.
Дәстүрмен біте қайнасқан қазақы махаллада үйлену, үй болу жайы да аталар салған сара жолдан ауытқымаған екен. Атастыру, құда түсу тойы, қыз ұзату, келін түсіру тойлары бүкіл махаллалық мейрам ретінде тойланады. Ойын-тойда парсыша, қазақша әндер айтылады. Домбыра қолдану азайған. Иран қазақтарының тілдері таза сақталған десек те, кейінгі жастар арасында парсы сөзі аралас қазақ тілімен сөйлеу заңды құбылысқа айналған. Иран қазақтарының мамандықтары — жүргізуші, механик, техникалық қызметші, бақташы. Негізінен бұл елдегі қазақтардың тұрмыс деңгейі орташа, сондықтан кейбір әлеуметтік және мәдени қысымдарға қарамастан, бұл елден көшіп келуші оралмандар саны да аз.
2000 ж. басындағы мәлімет бойынша Германияда-700 адам, Бельгияда-28 адам, Норвегияда-20 адам, Францияда-172 отбасы, Швецияда-51, Австрияда-18, АҚШ-та-23, Швейцарияда-4, Данияда-4 отбасы, Австралияда-40 адам қазақтар тұрады.
Бұл дамыған елдердегі қазақ иммигранттарының аға ұрпағы негізінен ауыр және жабайы еңбекпен айналысып, балаларына жоғары білім әперуге жетерлік ақша жинауға тырысады. Қазір бұл елдердегі қазақтардың көпшілігі айтарлықтай ауқатты тұрады: бизнеспен айналысады, екі-үш шетел тілдерінде сөйлей алады. Бұл қазақтардың этностық тегі үй-ішілік деңгейде қазақ тілін сақтап қалуға тырысуынан байқалады, дегенмен, жергілікті ортаның өте күшті әсері және тіл иелерінің азшылығынан, оның өзінде қазақ тілі жергілікті тілмен шұбарланып кеткен. Көпшілік қазақтар, әсіресе, аға ұрпақ үнтаспа, бейнетаспаға жазылған қазақ ән-күйлерін тыңдағанды ұнатады. Еуропа мен АҚШ елдерінде Қазақ диаспорасыныңның аздығынан және бос уақыттарының жоқтығынан олар көбінесе мейрамдар мен мешіттерде ғана кездеседі. Бұл Қазақ диаспорасыныңның өкілдері қазіргі заман ағымымен өмір сүреді және басқа аймақтарға қарағанда ұлттық салт-дәстүрлерін ұмыта бастаған.
Қорыта айтқанда, алыс және жақын шетелдердегі Қазақ диаспорасыныңның өкілдерін қазақ халқының тегіне жататындығы, ортақ тіл, ұлттық тағамдары мен мәдениеті біріктіреді.
Негізгі әдебиеттер: 1, 2, 3, 6, 7, 8, 9, 11, 12, 14, 15.
Қосымша әдебиеттер: 1, 3, 5, 6, 7, 12,13, 15, 17, 21, 23, 25, 29, 30, 31.
