- •Сын тұрғысынан ойлау туралы кең таралған қателіктер
- •Сын тұрғысынан ойлау дағды ретінде
- •Жалпылама дағдылар
- •Бүркемелі (жасырын) дағдылар
- •Сын тұрғысынан ойлау психикалық үдеріс ретінде
- •Сын тұрғысынан ойлау рәсім ретінде
- •Ойлау рәсім ретінде
- •I. Маңыздылығын зерделеңіз
- •Сын тұрғысынан ойлау және тәжірибе жүзіндегі педагогика
Сын тұрғысынан ойлау рәсім ретінде
Сын тұрғысынан ойлауға қатысты тағы бір жалған түсінік оны әдетте белгілі бір қадамдардың, кезеңдердің немесе сатылардың реттілігі ретінде сипатталатын жалпылама рәсімдерді қадағалау қажеттілігі ретінде қарастыру болып табылады. Біз оқушылардың сын тұрғысынан ойлау құзыреттілігін дамыту қандай да бір қадамдар мен рәсімдерді қадағалауды талап етпейтінін ескертеміз. Біз сын тұрғысынан ойлауды әр қадам сайын қадағаланатын рәсімдердің реттілігі ретінде сипаттайтындардың нені тұспалдайтынын айқындаудан бастаймыз. Содан кейін бұл көзқарасты ойлауды пайымдау тәжірибесі ретінде қарастыратын көзқараспен салыстырамыз.
Ойлау рәсім ретінде
Сын тұрғысынан ойлауды құрайтын жалпы рәсімдерге қатысты бірыңғай көзқарас болмағанымен, бұлардың ең жиі қарастырылатын үшеуі – сұрақ қою ( сауалнама) (ғылыми әдіс), проблемаларды шешу және шешім қабылдау болып табылады (Райт, 1993). Кейбір жазушылар сын тұрғысынан ойлау мен креативті ойлауды жекелеген рәсімдер ретінде қарастырады (Марзано, 1988:32, Overgaard 1989:9). Бірқатар есептер бойынша сын тұрғысынан ойлауға тән сегіз рәсім бар: тұжырымдама қалыптастыру, қағидаттарды қалыптастыру, түсіну, проблемаларды шешу, шешім қабылдау, зерттеу, пайымдамалар құрастыру және ауызша пайымдау (Марзано 1988: 32-33). Бұл рәсімдердің әрқайсысы белгілі типтегі қорытындылар мен нәтижелермен сипатталады (мәселен, тұжырымдаманы түсіну; қалай әрекет ету туралы шешім қабылдау). Сын тұрғысынан ойлау айқындамасы жағынан рәсімге жатады деген тұжырымды жақтаушылар рәсімдер ойлау дағдыларының мән-маңызын құрайды деп санайды.
Ойлау үдерісіне қатысты мұндай көзқарастағы маңызды өзгеріс сын тұрғысынан ойлаудың жалпылама рәсімін құрайтын қадамдардың жүйелілігі болып табылады. Осы мәселеге қатысты алуан түрлі көзқарастар ойлауды рәсім ретінде қарастырудың алгоритмі мен эвристикалық көзқарастарды құрайды. Никерсонның (1985:74) пікірі бойынша, алгоритмдер мен эвристика рәсімдердің екі түрі болып табылады: алгоритм белгілі бір мақсаттарға жетуге кепілдік беретін қадамдар бойынша нұсқаулар болып табылады; эвристика – бұл орынды шешімге алып келетін рәсім. Сын тұрғысынан ойлауды рәсімді құрайтын алгоритм ретінде жақтаушылар (1) оқушылар шешуі тиіс бірқатар жағдайларды еңсере алатын аса сенімді рәсімдер саны шектеулі, (2) бұл рәсімдердің қадамдары белгіленген тәртіпті құрайды, (3) бұл қадамдарды үйрену ойлауға баулудағы негізгі қиындық болып табылады деген тұжырым жасайды. Эвристикалық көзқарасты жақтаушылардың ұстанымдары аса қатал емес: (1) оқушыларға кездесетін қиындықтарды шешуде пайдалы болатын рәсімдердің саны көп, (2) бұл жағдайлардағы қадамдардың ретін сақтау міндетті емес, (3) бұл қадамдарды меңгеру сын тұрғысынан ойлауға үйретуде маңызды, бірақ міндетті емес болып табылады.
Сын тұрғысынан ойлауды алгоритмдік көзқарас тұрғысынан қарастыруға айтарлықтай қолдау табу қиын, себебі көптеген ғалымдар, әсіресе психологтер негізінен эвристикалық көзқарасты қолдайды. Мәселен, сын тұрғысынан ойлауды ілгерілетуге бағытталған бірқатар бағдарламаларға шолу жасаған Глейсер (1984; 96) «бұл бағдарламалардың басым көпшілігі жалпы үдерістерге, жалпы эвристикаға, дәлелдер келтіру ережелері мен проблемаларды шешуге үйретудің маңыздылығына назар аударады» деп көрсеткен. Марзано (1988; 34) рәсімдерге «ұйғарымдар ретінде емес, «міндеттілік сипаты жоқ, мұғалімдер икемді қолдана алатын және оқушылардың қолданысында өзгертуге болатын» балама шешімдер ретінде» үйрету қажет деп санайды. Дегенмен, басқа ғалымдар қадамдардың белгілі дәрежеде жүйелі болуын маңызды фактор деп санайды (мысалы, Бич, 1987: 146-147).
Ішкі түйсік деңгейінде сын тұрғысынан ойлауды индивидуум, яғни жеке адамның басынан өтетін үдеріс ретінде сипаттауға ұмтылыс басым болады. Сын тұрғысынан ойлауды қадамдарға дейін шектейтін рәсімдік көзқарас ойлауды қалау үшін қажет «кірпіштерді» жасауға мүмкіндік беретін тапсырмаларды қажет етеді. Мысал ретінде Дениэла Экбергтің6 «шешім қабылдау моделін» қарастырайық. Бұл тұжырымдама бойынша, сын тұрғысынан ойлау қадамдардың реттілігін қамтиды, оны төмендегідей сипаттауға болады:
D. Дилемманы анықтаңыз
Проблема неде?
Неліктен бұл мені мазасыздандырады?
Негізгі қиындық неде?
E. Нұсқаларды зерделеңіз
Проблеманы шешудің мүмкін тәсілдері қандай?
Сізде қандай таңдау бар?
Біз қандай балама әрекеттер жасай аламыз?
Біз қандай болжамдарды тұжырымдай аламыз?
C. Салдарлары мен нәтижелерін қарастырыңыз
Егер біз әрбір нұсқаны байқап көрсек, не болады?
Мұны қашан орындаған тиімді?
Егер мен дәл осы қадамды жасасам, жағдай қалай өзгереді?
Салдарларды қарастыру барысында мен қандай мәліметтерді жинақтап, қарастыра аламын?
