Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қазақ тарихы.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
308 Кб
Скачать
☆

26, Қасым ханның тұсындағы Қазақ хандығы

16-17 ғғ. қазақ хандығы нығайып, оның шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз тұсында «жерді біріктіру» процесін жедел жүзеге асырып, көзге түскен хандардың бірі Жәнібектің ұлы Қасым.. Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы нығая түсті. Ол билік құрған жылдары қазақ халқының қазіргі мекен тұрағы қалыптасты.Бірсыпыра қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлауы Ұлытаудан асты. Оңтүстік-шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал,Іле өлкелері) қарады. Қасым ханның тұсында Орта Азия,Еділ бойы, Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасалды. Орыс мемлекетімен байланыс болды. Ұлы князь 3 Василий (1505-1533) билік құрған кездегі Мәскеу мемлекеті еді. Батыс Еуропа да қазақ хандығын осы кезде танып білді.«Қасым ханның қасқа жолы» деген әдет-ғұрып ережелері негізінде қазақ заңдары жасалынды.Дегенмен Қасым хан тұсында Қазақ хандығы бір орталыққа бағынған мемлекет болмады. Ол Қасым өлгеннен кейін бірден байқалды. Өзара қырқыс, таққа талас басталды. Моғол және өзбек хандарының қазақ билеушілеріне қарсы одағы қалыптасты.Өзара тартыс кезінде Қасым ханның ұлы және мұрагері Мамаш қаза тапты. Қасым ханның немере інісі Таһир (1523-1532) хан болды. Оның айырықша елшілік әне әскери қабілеті болмады. Маңғыт және Монғол хандарымен әскери қақтығыстар басталды. Бұл соғыстар қазақтар үшін сәтті болмады. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің бір бөлігінен айрылып, оның ықпалы тек Жетісуда сақталып қалды. ТаҺир ханның інісі Бұйдаштың (1533-1534) тұсында да феодалдық қырқысулар мен соғыстар тоқталған жоқ.

Хақназар ханның тұсындағы Қазақ хандығы

16 ғ. 2 ж. әлсіреген хандықты біріктіруде Қасым ханның баласы Хақназар (1538-1580 жж.) өз үлесін қосты. Ноғай Ордасындағы алауыздықты сәтті пайдаланған ол, Жайық өзенінің сол жағындағы жерді қосып алды. Оның тұсында Жетісу мен Тянь-Шаньды басып алуды көздеген Моғол ханы Абд- Рашидке қарсы ұтымды күрес жүргізілді. Хақназар өзара тартыста өзбек ханы Абдулланы қолдау арқылы Сыр бойындағы қалаларды (Сауран, Түркістан) өзіне бағындырды. Оның Абдулламен байланысынан қорыққан Ташкенттің ұлыстық әміршісі Баба сұлтан жансыздары арқылы Хақназарды у беріп өлтірді. Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580) тұсында Қазақ хандығы қайта бірігіп, дами түсті. Ол хандық билікті нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрын бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ-қырғыз одағын одан әрі нығайтты, сол заманның тарихи деректерінде оны «қазақтар мен қырғыздардың патшасы» деп атады. Ол осы қазақ-қырғыз одағына сүйене отырып, Моғолстан хандарының Жетісу мен Ыстықкөл алабын жаулап алу әрекетіне тойтарыс берді. Хақназар хандық құрған кезде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиғалар болып жатты. Мемлекеттің солтүстігінде Ресей өз иеліктерін қазақ даласына едәуір жылжытты. Қазан мен Астраханьды басып алғаннан кейін Еділ өзенінің барлық аңғары Ресейдің қол астына кірді. Башқұрт және Сібір хандықтары Ресей құрамына енгеннен кейін, ноғайлар Қазақ хандығының солтүстік-шығысына ығыса бастады. Олар Еділден Ертіске дейінгі аралықта көшіп-қонып жүрді. Башқұрттар мен Сібір татарлары да қазақ жерлеріне енуін тоқтатпады. Сырдарияның төменгі ағысына қарақалпақтар келе бастады. Еділ мен Жайық арасындағы өңірді мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай одағы ыдырап, ауыр дағдарысқа тап болды. Оған қарасты көшпелі тайпалардың бір бөлегі Қазақ хандығына келіп қосылды. Хақназар Ноғай Ордасының көп ұлысын (бұлардың көбі қазақтың Кіші жүзі – алшын одағына енген тайпалар) өзіне қаратып алды. Тарихи деректерде Хақназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Сөйтіп, ХҮІ ғасырдың 60-жылдары Ноғай Ордасы ыдырап, бұрын оған қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұрын Ноғай Ордасының астанасы болып келген Сарайшық қаласы да Қазақ хандығына өтті. Бұл жағдай Қазақ хандығының солтүстік-батыс және солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай Ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің Қазақ хандығына қосылып, енді бір бөлегінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын Қазақ хандығына жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігіне келген Көшім хан Қазақ хандығына дұшпандық саясат ұстанды. Оның үстіне моғол билеушілері мен қазақ хандары арасында да қақтығыстар болып тұрды. Осындай күрделі жағдайларда Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Өзінен бұрынғы қазақ хандары үнемі жауласып келген Мауераннахрдағы шайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Сөйтіп, шайбанилық Бұхара ханы Абдолла ІІ-мен одақтық келісім-шарт жасасты. Соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың Орта Азия халқымен сауда-саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы жиіледі. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, шаруашылық өмірдің оңалуына тиімді болды. Қазақ хандығы нығайа түсті. Бірақ Хақназар ханды 1580 жылы Абдолла ханның қарсыласы Ташкент билеушісі Баба сұлтан астыртын өзінің адамын жіберіп өлтіртті. Қадырғали Жалайырдың айтуынша «Оның да атағы мен абыройы туралы көп айтылады. Алайда Хақназар хан өз араларында болған қақтығыстарда қаза болған».

Тәуекел ханның тұсында Қазақ хандығы

Хақназардың мұрагері Жәдіктің баласы және Жәнібек ханның немересі қартайған Шығай (1580-1582) болды. Ол өзінің баласы Тәуекелмен (1586-1598 хан болған) бірге Баба сұлтанға қарсы күресінде Бұқар ханы Абдоллаға келді. Абдолла Шығайға ходжент қаласын сыйға тартып онымен қосылып Баба сұлтанға қарсы Ұлытау жорығына шығады. Осы жорықта Шығай қайтыс болады. Қазақ хандығының иелігі енді Тәуекелге көшеді. 1582 жылы Шығай хан қайтыс болғаннан кейін таққа Тәуекел (1582-1598 жж.) отырды. Тәуекел хан Бұхара ханы Абдолламен жасасқан шартты бұзып, қазақ және өзбек билеушілері арасындағы жаугершілік қайта қоздады. Абдолла ханмен одақтан Тәуекел ханның бас тартуының себебі, біріншіден, Абдолла әуелдегі Түркістаннан төрт қала беруі туралы уәдесінен бас тартады, екіншіден, біздің ойымызша, басты себеп – Абдолла Тәуекел ханның беделінен, батырлығы мен батылдығынан қорқа бастайды, яғни Тәуекел ханнан өзінің бақталасы ретінде қауіп төнгенін сезді. Өйткені кезінде бүкіл Мәуереннахрды Тәуекелдің көмегімен Шайбани мемлекетінің қол астына біріктірген болатын. Тәуекел хан да Жошы ұрпағы болғандықтан, бүкіл Орта Азияны билеуіне толық құқығы болды. Тәуекел сыртқы саясатында хандықтың оңтүстігіндегі қалаларда билікті нығайтуға күш салады. Ендігі жерде ол Сыр бойындағы қалалар үшін Абдолламен күресті бастайды. 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдолланың негізгі күштері Мәуереннахрдың солтүстігінде шоғырланды. Бұны білген Тәуекел хан Мәуереннахрдың оңтүстік аймақтарына шабуыл жасайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына қауіп төндіреді. Бірақ Тәуекел ханның Ташкентті алуға жасалған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталады. Тәуекел хан қазақ хандығының сыртқы саясатын нығайту барысында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастарды жандандырды. Қазақ ханы сыртқы саясатта өзін қолдайтын одақтастар іздеді. 1594 жылы Тәуекел хан Ресейге достық келісім жасасу үшін Құлмұхаммед басқарған Қазақ хандығының тұңғыш ресми елшілігін жібереді. Тәуекел ханның бұндағы мақсаты Ресей мемлекетінің көмегімен Абдоллаға қарсы күресті жандандыру, Сібір ханы Көшімге қарсы одақ құру және 1588 жылы орыс әскерлері ұстап әкеткен өзінің немере інісі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедті тұтқыннан босату болды. Оның жанында қазақтың әйгілі тарихшысы Қадырғали Жалайыр бар еді. 1595 жылы елшіге орыс патшасының жауап грамотасы тапсырылды. Онда орыс патшасы Тәуекел ханға Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына алатынын» және «оқ ататын қару» жіберетінін уәде етті. Сонымен бірге мынадай талап қойды: «біздің патшалық қоластымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұқара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Орыс мемлекеті Қазақ хандығымен әскери одақ құрудан бас тартқанымен, Тәуекел хан орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзген жоқ. 1595 жылы Мәскеуден орыс елшісі Вельямин Степанов Қазақ хандығына келді. Нәтижесінде екі мемлекет арасында сауда байланыстары жанданды. Бұл кезде ойраттардың бір бөлігі Тәуекел ханға тәуелді болды. Сондықтан ол өзінің Мәскеуге жолдаған грамотасында өзін «қазақтар мен қалмақтардың патшасы» деп атады. 1597 жылы Бұхар хандығында ішкі тартыс, ырың-жырың басталды, онда ықпалды адамдардың қолдауымен Абдолланың ұлы Абдылмомын әкесіне қарсы шықты. Осы қырқысты пайдаланып, Тәуекел Ташкент қаласының түбінде Абдолла ханның әскерін талқандады. 1598 жылы наурызда Абдолла хан қайтыс болып, Абдылмомын хан болды. Осы орайды пайдаланған Тәуекел хан жүз мың әскермен Мәуераннахрға басып кіріп, Ахси, Әндіжан, Ташкент, Самарқан қалаларын басып алды. Бірақ Бұхараны қоршау кезінде Тәуекел хан ауыр жараланып, Ташкентке қайтып келіп қаза болды. Сөйтіп, ол өз мемлекетінің солтүстік-батыс шекарасындағы бейбіт жағдайды және Орта Азиядағы шайбанилықтардың алауыздығын, бұл әулеттің Аштарханилықтар- дың жаңа әулетімен ауыстырылғанын пайдаланып, сырдариялық қалалар үшін ұзаққа созылған күресті табысты тәмамдады. Абдолла ұрпақтарының өзара билікке таласы нәтижесінде Шайбани әулеті өмір сүруін тоқтатады. Тәуекел Орта Азияға жорығында тек қарулы күшке емес, Орта Азия халықтарының белгілі бір әлеуметтік топтарына сүйенді. Атап айтқанда, Тәуекел ханды дін иелері қолдады. Сонымен бірге Ескендір Мұңшы Тәуекел әскерінің құрамында «Түркістан тайпаларының және қырдағы өзбектердің» жауынгерлері болғанын айтады. Жалпы, Шайбани ұрпақтарының өзара қақтығыстарынан шаршаған Орта Азия халықтарының басым бөлігі Тәуекел ханды қолдады десек қателеспейміз. Өйткені Шайбани тармағынан тараған Жошы ұрпақтарының өзі Мәуераннахрда Шайбани әулетін қазақ хандарының әулетімен алмастыруға ниет білдірген. Өкінішке орай, Мәуераннахр қазақ хандарының қолына толығымен көшпеді. Сөйтсе де, Ташкент және оның аймағы 200 жыл бойы Қазақ хандығының құрамында болды. Түркістан қаласы Қазақ хандығының орталығына айналды.

27, Есім ханның тұсында Қазақ хандығы

Есім хан (1598-1628 (1645) ж.ж. билік құрған) Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды.Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түтпет келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды.Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты.Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан - Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты.Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді.Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты.Есім хан Әбдірахимнің қызы Патша ханымға үйленді де, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахимге берді. Есім хан мен Тұрсын хан арасында күрес шиеленісе берді, 1627-жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. Есім хан Ташкент қаласына білдіртпей түнде кіріп, хан сарайының күзетшілерін байлап тастап, тұрсын ханды қаперсіз ұйықтап жатқанда қапылыста өлтіреді, сонда Есім ханның қасындағы Төлеген (Марқасқа) жырау оны мынадай жырмен оятады:

«Ей, Қатаған хан Тұрсын!

Кім арамды ант ұрсын.

Жазықсыз елді жылатып,

Жер тәңірісің, жатырсың,

Хан емессің қасқырсың,

Қара албасты басқырсың!

Алтын тақта жатсаң да

Қазаң жетті қапылсың!

Еңсегей бойлы ер Есім,

Есігіңе келіп тұр,

Шашқалы тұр қаныңды,

Кешікпей содан қатарсың!»

Салқам Жәңгір — туған жылы белгісіз, 1652 жылы қайтыс болған. Есім ханның ұлы. Ол хан тағына Есім хан өлген соң отырды. Жәңгір хан бойы аласа, бірақ мол денелі кісі екен. Сондықтан да халық оны "Салқам Жәңгір" атап кеткен. Оның тұсында Батыр қонтайшыбасқарып отырған жоңғар-ойраттардың күшеюі байқалды. Олар Қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасап тұрды.

Жәңгір ханның билік еткен жылдары жоңғар феодалдарының қазақ жерін жаулап алуға жасаған үздіксіз жорықтар кезеңіне сай келеді. Кейбір мәліметтерге сәйкес, Жәңгір ханның ордасы Түркістанға таяу маңда орналасыпты. Жәңгір хан Бұхар хандығымен одақтастық келісімге келіп, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес жүргізді. Сонымен бірге, ол қырғыздармен де осындай қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұның бәрі жоңғар шабуылынан қорғану мақсатынан туып еді. Дәл осы кезеңде қазақ хандығы мен ойрат жоңғарларыарасындағы қарулы қақтығыстар жиілей түсті. Екі жақтың басшылары көшіп-қонуға жайлы жерлер және Сырдария өзені бойындағы сауда орталықтары үшін күрес жүргізді. Сол кезеңдегі тарихи мәліметтер бойынша, Жәңгір хан тұсында қазақтар мен ойрат жоңғарларыарасында үш ірі шайқас болған:

  • бірінші шайқас — 1635 жылы

  • екіншісі — 1643-1644 жылдары

  • үшіншісі — 1652 жылы

1635 жылғы шайқаста қазақ әскерлеріне Батыр қонтайшы бастаған жер қайысқан қалың қол қарсы тұрды. Бұл ұрыстың нақты нәтижелері жөнінде мәліметтер жоқ, бірақ шайқас кезінде Жәңгір ханның тұтқынға түсіп, біраз уақыттан соң қашып құтылғаны туралы деректер кездеседі. Сол кезден бастап Жәңгір хан жоңғарларға үнемі шабуыл жасап тұрады.

Екінші ірі шайқас 1643 жылы қыста Батыр қонтайшының қазақ жеріне шабуыл жасауынан басталады. Жоңғарлар Жетісу өңірінің үлкен бөлігін жаулап алып, он мыңға жуық адамды тұтқынға түсіреді. Жәңгір ханға көмекке 20 мың сарбазымен Самарқан билеушісі Жалаңтөс Баһадүр келеді. Жалаңтөс Баһадүр қолының көмегі арқасында Жәңгір хан бұл шайқаста жеңіске жетеді. Батыр қонтайшы шегінуге мәжбүр болады. Жеңіліске ұшыраған жоңғарлар бұл ұрыста он мыңға жуық адамынан айырылады. Сақталып қалған тарихи мәліметтер бойынша, бұл шайқаста Жәңгір хан зор қолбасшылық дарын мен әскери шеберлік таныта білген.

Жәңгір хан жоңғарларға қарсы күресте моғолдар жағынан көмек алу үшін біраз әрекет етті. Олармен тату көршілік қарым-қатынас орнату үшін екі рет елші жіберді. Бұл дипломатиялық тапсырма Жәңгір ханның ұлдары Тәуке мен Апақ сұлтандарға жүктелді.

1643-1644 жылдардағы шайқаста толық жеңілмеген жоңғарлар болашақта болатын соғысқа мұқият дайындала бастады. Жоңғар қонтайшысы 1643-1644 жылдардағы жеңілістен кейін бытыраған иеліктерін біріктіріп, Сібірдегі орыс қалаларынан қару-жарақтар және оқ-дәрілер сатып алады.

1652 жылы қазақтар мен жоңғарлар арасындағы үшінші ірі шайқаста қазақ әскерлері жеңіліске ұшырап, Жәңгір хан қаза табады

28, Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1718)  Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыттайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытанын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасым ханға қарай бейімделеді.Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып - өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек,Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке,қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік – берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса - береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез - халық есінде « қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды.Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына келген кезде де толастаған емес. Ұсақ қақтығыстарды есептемегеннің өзінде 1711-1712, 1714, 1717 жылдары қазақ пен қалмақ арасында ірі соғыстардың болғаны белгілі. Бұл арада мәселе елдің өз ішінде тыныштық орнауында, халық арасында ырыс қазығы - ынтымақтың берік қағылып, ағайынаралық алауыздықтың жойылуында, осыған ұйытқы болған ел басшысының төңірегіне халықтың ақыл-ойының жоғары көтеруінде. Сондықтан тарихшылар Тәукені «Қазақ ордасының Ликургі» деп бағалайды.Тәуке ханның тұсында тұрақты мемлекеттік органдар: хан кеңесі, билер кеңесі жұмыс істеп, жыл сайын үш жүздің шонжарларының съезін өткізу қалыптасты. Тарихқа «Жеті жарғы»деген атпен енген Тәуке ханның заңдарын зерттеушілер қазақтардың бұған дейінгі қолданылып келген әдеттегі құқық нормаларының бір жүйеге келтіріліп, толықтырылған нұсқасы деп қабылдайды.Тәуке хан билік басында өте ұзақ, әбден қартайып, қаусаған шал болғанша отырып, 1718 жылы өз ажалынан қайтыс болды

Тәуке ханның аты тарихта «Жеті жарғы» заңдарымен де тығыз байланысты. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, билер сотының тәжірибелерін, аса дарындылықпен айтылған түйінді биліктерді жинақтап, өзінен бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты қазақ заңдарын жаңа жағдайға сай өзгертіп, толықтырып, дамыту негізінде «Жеті жарғы» атты заңдар жинағын құрастырды. «Жеті жарғы» орыс деректерінде «Тәуке хан заңдары» деген атпен белгілі. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Қазақша «жарғы» әділдік деген ұғымды білдіреді. Жеті жарғы» - жеті әдеттік құқықтық жүйеден тұратын қоғамдық қатынастарды реттейтін салалардың жиынтығы. Олар: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, бала тәрбиесі және неке, қылмыстық жауапкершілік, рулар арасындағы дау, ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз ету.1-жарғы.Көтеріліс жасап,бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы бұйырылсын.(Бұл жарғы мемлекеттің бүтіндігі талабынан туды).

2-жарғы.Түркі халқының мүддесін сатып,елге опасыздық еткендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы халықтың ортақ мүддесі –елдің бүтіндігін қорғаған біртұтас қоғамдық сананың жемісі).

3-жарғы .Мемлекет ішінде жазықсыз кісі өлтіргендер өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да жабайылықтың төменгі сатысына тән кісі өлтірішулікке тыйым салған және мәдениеттіліктің белгісі ретінде танылуға тиіс өте елеулі жаңалық).

4-жарғы.Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап,ақ некені бұзушыларға өлім жазасына бұйырылсын.(Бұл жарғы да шаңырақтың бірлігін қамтамасыз еткен,неке парызына адалықты талап еткен маңызы зор жаңалық).

5-жарғы.Өреде тұрған,тұсаулы жүрген сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын.(Ол кезде «ер қанаты – ат» елдің,мемлекеттік соғыс күші ретіне бағаланады).

6-жарғы.Төбелесте мертігуің түріне қарай төмендегіше мүліктей құн төленсін: а)біреудің көзін шығарған кісі айыпқа қызын береді,ал қызы жоқ болса қыздың қалыңмалын береді. ә)төрт мүшенің бірін мертіктірген кісі айыпқа ат береді.

7-жарғы.Ұрланған жылқы өзге де құнды мүлік үшін он есе артық айып төлеттірілсін

29, XVI-XVIII ғасырдың басындағы қазақтардың әлеуметтік- экономикалық  жағдайы. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды  тамақ, киім-кешек, тұрғын үй материалдары, сонымен бірге көлік қызметімен қамтамасыз етіп отырды. Мал және мал өнімдері көрші халықтармен айырбас жасайтын қаражат көзі де болды. Қазақтардың мал шаруашылығына байланысты Ш.Уалиханов былай дейді: «Дала көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін өз тыныштығынан малының аман болғаны қымбат. Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда:    «Мал-жаның аман ба?» деген сөздермен бастайды. Отбасының мал жайын алдын ала сұрастыруы көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді». Қазақ жерінің табиғи-жағрапиялық ерекшеліктеріне байланысты  қазақтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Көшіп-қону бағыттары жыл маусымына байланысты өзгеріп отырды. Маусымдық жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты. Әрбір ру белгілі бір аймақ шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды. Жайылымдық қоныстардың ара қашықтығы жүздеген шақырымға созылды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді болды. Жем-шөп дайындау болмады, қыста мал тебіндеп жайылды. Қыс қатты болған жылдары жұт болып, малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбі отырықшылыққа ауысатын. Дегенмен мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды. Қазақтар жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Соның ішінде жылқыға үлкен  мән берді. Жылқының түр-түрі болған: жүк таситын, салт мінетін және жүйрік-арғымақтар. Көшпелі мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында қой жетекші орын алды. Қыпшақ даласы  көшпенділерінің басты байлығы қой болған. Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам болды, терісі мен түбітінен киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ жасалынды.      Қазақ шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар  негізінен қос өркешті, жүнді түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген.  Бірақ ешкі мен сиыр қазақ шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті білдірсе, сиыр жұтпен теңеседі. Сондықтан қазақтар бұл жануарлардың етін тек жұт жылдары ғана жеген.   Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болды. Ал жайылымды қоғам мүшелері  қауымдасып пайдаланған. Әр рудың өзіндік жері болды және бұл жерге меншік ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды. Қазақтар егіншілікпен де айналысты. Қазақ хандығының түрлі  аумақтарында егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы- егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар көбіне тары дақылын екті. Сыр бойындағы қалаларда ирригациялық жүйе барынша дамыған. Қалалардың маңында суландыратын арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді. Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған:  құс салған, тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған. Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері  елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған. Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне және  иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. Күзеу мен қыстауда ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды. XVI ғасырдың соңына қарай Ресей мемлекеті Қазақ хандығы және Орта  Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын жандандырды. Сырдария қалалары арқылы халықаралық сауда және көшпенділермен дәстүрлі сауда дамыды. Түркістан қалалары мен елді мекендері арқылы Индияға, Қытай мен Еуропаға керуен жолдары өтті. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда бұл қалалар саяси орталықтарға айналып, онда қазақ хандары мен сұлтандары қоныстанды. Көшпенділермен негізінен айырбас сауда  жүргізілді. Сыр бойындағы қалаларда дүкендер, базарлар, ақша сарайлары  жұмыс істеді. Қазақстанның көшпенділері оңтүстіктегі қалалармен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. Көшпелілердің астыққа - бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау шаруашылығының басқа өнімдеріне деген және әсіресе, маталарға деген сұранымы барынша тұрақты болды. Далалық аудандар халқының көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары және қала шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды.    Қазақ хандығы тұсында қазақ қоғамы негізгі екі әлеуметтік  топтан тұрды: ақсүйек және қарасүйек. Ақсүйектер әлеуметтік тобына Шыңғыс ханның ұрпақтары – сұлтандар, төрелер және Мұхаммед пайғамбардың үрім-бұтақтары – қожалар жатты. Бұл топ үш жүз қазақтарының генеалогиялық құрылымынан бөлек тұрды. Шыңғыс ханның ұрпақтары  туылысымен сұлтан атағын иеленіп, бұл әлеуметтік топқа тиіселі барлық ерекше құқықтармен қамтамасыз етілді. Шыңғыс ханның ұрпақтарының әрқайсы хандық билікке үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік топ руға бөлінбеді. Әрбір сұлтанның өзіндік үлесі болды. Қалған әлеуметтік топтардың бәрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде тайпаға, руға бөлінді. Қарасүйек әлеуметтік тобынан ерекше құқықтар иеленген  тек билер  болды. Атап айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік  билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге мемлекеттік мәселелер шешілетін жылдық жиналысқа – құрылтайға қатысты. Небір беделді билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды.  Танытқан ерлігі немесе соғыс қимылдарын шебер басқарғаны үшін хан  немесе сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болған. «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен бірге кәсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына  Шыңғыс әулетіне тән билік берілмеген. Батырлардың ерліктерін жыршы-ақындар дәріптеп отырған. Қазақ қоғамындағы  ешқандай құқығы жоқ мүшелері – құлдар  болды. Бұл әлеуметтік топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тәуелді болды. Қоғам  мүшелері  дәулет-мүлкінің мөлшеріне сай «бай» және «кедей» болып бөлінді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамы әлеуметтік топтардың иерархиялық  ұйымдасқан құрылымынан тұрды. Бұл әлеуметтік топтар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Әр әлеуметтік топтың өзіндік құқықтары болды.

30. Қазақстанның XVIII ғасырдағы ғылымы мен білімі және мәдениеті - XVIII ғасырда патша үкіметі Қазақстанның тарихын, этнографиясын, географиясын белсенді түрде зерттей бастады. Ол зерттеулер Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының үлкен бір бөлігінің Ресейдің қол астына өтуді қабылдаган 30-40-жылдардан кейін бұрынғыдан да күшейе түсті. XVIII ғасырда қазақтардың өздерінің ежелгі бірегей мәдениетінің төлтумалығын сол күйі сақтап қалган болатын. Олардың мәдениетінде ақындардың, жыраулардың және билердіңшығармашылығы көрнекті орын алды. XVIII ғасырдың аяқ кезінде Ресеймен шекаралас аймақтарда алғашқы мектептер ашылды.XVIII ғасыр қазақ халқы мәдениетінің тарихында ерекше орын алады. Көшпелі өмір салты жағдайында халықтың ауыз әдебиеті, жыраулық дәстүрі,музыка өнері ерекше дамыды.Қазақтардын жоңғар басқыншыларына қарсы күресі, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы дала тұрғындарының ұлт-азаттық қозғалысысол кездегі ақын-жыраулардың негізгі тақырыбына айналды. Қазақ әдебиеті тарихында Ақтамберді Сарыұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы,Тәтіқара, Үмбетей Тілеуұлы сияқты көрнекті ақындар мен жыраулар ерекше орын алады.Қазақтың көрнекті жырауларының бірі — Ақтамберді жырау Сарыұлы (1675—1768). Ол жоңғарларға қарсы көптеген жорықтарға қатысқан және батыр ретінде де белгілі болған жырау. XVIII ғасырдың 50-жылдарында жоңғарлардан азат етілген жерлерге қазақтардың қайта оралуын басқарды. Ақтамберді жыраудың бүкіл шығармашылығы елді ерлікке, қаһармандық пен батылдыққа үндеуге арналды. Оның кесенесі Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Жүрекжота шоқысының баурайында осы уақытқа дейін бой көтеріп тұр.

Ақтамберді Сарыұлы

XVIII ғасырда қазақтардың арасында атақ-даңқы кеңінен жайылған жырау, қазақтардың әдет-ғұрып заңдары мен шежіресінің ғажайып білгірі, би әрі данышпан дипломат, мемлекет қайраткері Бұқар Қалқаманұлы (1693—1787) болды. Ол қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Далба тауының етегінде дүниеге келген. Әкесі Қалқаман батыр да ерлігімен және жау жүрек батылдығымен халыққа кенінен танымал болған еді. Халық арасында Бұқар жырау «Көмекей әулие» атанды. Бұқар жырау көптеген терең ойлы, ғибрат аларлық өсиет өлеңдер шығарды. Олардың негізгі идеясы Қазақ хандығының тәуелсіздігін сақтау мен нығайту мәселесіне арналды. Бұқар жырау Абылайдың тұсындағы дамагөй билердің бірі. Ол Абылайдың ең жақын кеңесшісі әрі сенімді серіктерінің бірі болды. лімеБұқар жыраудың өз замандастарынан ерекше бір қасиеті шындықты бетің бар, жүзің бар демей, әрқашан тура айтқан. Болашақты болжай білетін көріпкелдік дарыны да болған. Ол өзінің жыр-толғауларында патша үкіметінің алыстьт көздейтін отаршылдық саясатының зардабы болашақта кандай болатынын күні бұрын сезіп, болжай білді.

Бұқар жырау шығармаларының негізгі тақырыбы — туған елге, өскен жерге деген шексіз сүйіспеншілік, отаншылдық, қазақ батырларының ерлігін мадақтау. Сыртқы жаулардан қатер төнген кезде халықты жұмылған жұдырыктай бірлікке, топтасқандыққа шақырды. Жырау жауға қарсы азаттық күрестің каһармандарын - Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек сияқты басқа да көптеген батырларды мадақтап, жырға қосты.

Ол Қазақстанның өз алдына күшті, бір орталыққа бағынған әрі тәуелсіз мемлекет болуын армандап өтті. Бұқар жыраумен замандас және оған рухы жағынан жақын Үмбетей Тілеуұлы (1706—1778) болды. Ол жоңғарларға қарсы жорықтардың бәріне де қатысты. Қазақ батырларының көрсеткен ерлігін жырлады. Қазақ халқының қас батыры Қанжығалы қарт Бөгенбайды жоқтау және оның өлімін Абылай ханға естірту сияқты жырлары халық жадында сақталған.

XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бас кезінде Тәтіқара, Шал, Көтеш жыраулардың жырлары халық арасында кеңінен таралды.

Тәтіқара жырау қазіргі Қостанай облысының аумағындағы Сарыкөл деген жерде дүниеге келді. Цинь империясына қарсы соғысқа қатысты. Абылай ханның төңірегіне топтасқан жақын серіктерінің бірі болды, оның көптеген әскери жорықтарында ерлігімен көзге түсті. Ол өзінің ерлігі арқылы қазақ сарбаздарын Отан үшін қандай да болсын қиыншылықтардың алдында бас имеуге шақырды. Оның шығармалары жауынгерлерді жауға қарсы ерлікпен шайқасуға, туған елге адал болуға үндеді, Абылайханның батырларын мадақтап, даңқын арттыруға арналды.

Суырыпсалма ақындар Көтеш (1745-1818) пен Шал (Тілеуке Күлекеұлы) (1748-1819) өз замандастары өмірінің моральдық және этикалық жақтарына арналған толғаулар шығарды, сондай-ақ көшпелілердің діни сенімі мәселелерін де қозғады. Олардың жырлары Қазақстанның барлық жеріне жетігі, жатқа айтылып жүрді. Халық Шал ақын деп атап кеткен Тілеуке Күлекеұлы қазіргі Ақмола облысының аумағында туған.Ол Есіл өзенінің жағасында атақты Күлеке батырдың отбасында дүниеге келген. Ақын ретінде он бес жасынан танылды. Ақын өтірікті, жағымпаздықты өлердей жек көрді, адамгершілік ар-намысты бәрінен де жоғары қойды. Өз тайпаластарының арасындағы достықты, бірлікті және ауызбіршілікті мадақтап, жырға қосты. Ақын бүкіл қазақты топтасып қуатты ел болуға, қайырымдылык пен әділеттілікке шақырды.XVIII ғасырдағы қазақ ақындары мен жыраулары шығармаларының басым көпшілігі ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткізіліп келді. Тек ХІХ-ХХ ғасырларда ғана қазақ және орыс зерттеушілерінің ел аузынан жазып алуы арқасында баспа бетінде жарық көрді.

31, Жоңғар Хандығы – Батыс Моңғолияда 17 ғасырдың 30-жылдарына қарай төрт ойрат тайпасының бірігуі негізінде құрылған мемлекет. Ғылыми әдебиеттерде Жоңғар Хандығының негізін салған төрт тайпа – шорос, хошоут, дурвэд, хойттар аталады (торғауттар 1627 жылы батыстағы Еділ бойына қоныс аударған). Шыңғыс хан ұрпақтары құрған Юань империясы ыдыраған соң (1368 жылы) олар Батыс Моңғолияда қоныстанып қалған еді. Олармен туысқан тайпалардың бір бөлігі халхалар Шығыс Моңғолияда тұратын. Қытайға апаратын сауда жолдарын иемдену құқығы үшін Шығыс Моңғолия мен Батыс Моңғолияда тұратын ойраттар арасында бірнеше дүркін қанды соғыстар болған. 15 ғасырдың 1-жартысында ойраттардың басшылары Тогон (1418 – 40) және Эсен (1440 – 50) шығыс пен батыстағы ойрат тайпаларын бір мемлекетке қосқан. Бірақ ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты біріккен мемлекет ұзақ өмір сүрген жоқ. Олар Қытайға апаратын сауда жолынан айырылып қалды.