- •Анестезия
- •Десмургия
- •Қан кету
- •Қан құю жолдары мен тәсілдері
- •Жаралар
- •Зақымдар (травматология)
- •Травмалық шок. Травмалық токсикоз. Травмалық асфиксия.
- •Сав реанимация бағдарламасы:
- •Сүйек сыну, буын шығу
- •Жедел өлім кезінде шұғыл көмек стандарты (2012ж)
- •Авс реанимация бағдарламасы
- •Термиялық зақымдар
- •Хирургиялық инфекция
- •Анаэробты хирургиялық жара инфекциясы
- •Некроздар
- •Ісіктер
- •Туа біткен кемістіктер ( Даму ақаулары)
- •Бүйрек аплазиясы, қосымша бүйрек, бүйрек дистопиясы, таға тәрізді бүйрек, поликистоз, бүйрек кистасы, қуықтың экстрофиясы, крипторхизм-емдеуі хирургиялық.
- •Хирургиялық науқасты зерттеу
- •Амбулаториялық хирургия
- •Операцияға дейінгі кезең
- •Операциядан кейінгі кезең
Операцияға дейінгі кезең
Сұрақтары:
Операцияға дейінгі кезең, оның мақсаты.
Науқасты психологиялық, дәрі-дәрмекпен дайындау, тыныс органын шынықтыру.
Науқастың ауызын, тамағын, терісін, асқазан-шек жолдарын дайындау.
Операция алдында диета сақтау.
Премедикация.
Шұғыл операцияға дайындау.
Қарт науқастарды, жас балаларды операцияға дайындау ерекшелігі.
Науқасты амбулаториялық операцияға дайындау.
Операция жасалатын блокты дайындау.
10.Науқасты операцияға тасымалдау тәртібі.
Операция алдындағы кезең деп науқасты хирургиялық бөлімшеде зерттеу кезеңінен бастап операция жасағанға дейінгі аралықты айтады. Ол бірнеше минуттан бірнеше аптаға дейін созылуы мүмкін (сырқаттың диагнозына байланысты).
Науқасты зерттеуден, арнайы тексеруден өткізгеннен кейін диагнозы анықталып, операция жасау керектігі жөніндегі шешім ауру тарихына жазылады. Науқастың келісімі алынып, ауру тарихына қолхатын тіркейді. Операция алдындағы кезеңнің мақсаты-операция жасау кезінде, операциядан кейінгі кезеңде асқынуларды болдырмау, алдын алу.
Науқас толық зерттеліп болғаннан кейін ол жоспарлы операцияға дайындалады. Медбике емші дәрігердің тапсырмаларын бұлжытпай орындай отырып, науқастың анализдерін уақытылы алып, лабораториялық тексеруге жібереді, науқасты аппаратпен тексеруге дайындап, оларды диагностикалық манипуляцияларға апаруға көмектеседі.
Науқасты операцияға мұқият дайындау, дәрігер тапсырмаларын бұлжытпай орындау медбикеге байланысты.
2. Науқасты психологиялық дайындықтан өткізудің үлкен маңызы бар. Өйткені науқастың көңіл-күйінің жақсы болуы, организміндегі физиологиялық өзгерістердің жақсаруына, жараның тез жазылуына септігін тигізеді. .
Аурухана қызметкерлерінің жылы сөзі мен шипалы қолы науқасты ауыр ой шырмауынан арылтады. Науқас операциядан аман қалып, тез жазылатынына сенімді болуы керек. Орта буын медицина қызметкерлері мына деонтологиялық принциптерді үстануы керек:
науқас ауруханаға түскен бойда ағайындармен сөйлесіп тұруға рұқсат ету керек.
сырқаттың диагнозын емші дәрігер хабарлайды.
науқасты шақырғанда аты-жөнін атаған дұрыс.
науқастың көзінше медицина қызметкерлері бір-бірімен сыпайы қарым-қатынаста болып, субординация сақтауы қажет.
ауру тарихы, зерттеу қортындылары науқастың қолына түспеуі керек, дәрігерлік құпияны сақтау қажет.
науқастың мінез ерекшелігімен санасу қажет.
науқастың жүйкесін қоздыратын қорқынышты плакат, жазу, шу болмау керек, қанға боялған мақта, шприц көзіне түспеуі керек.
науқасты сондай диагнозы бар бірақ жазылып келе жатырған науқастармен бір палатаға салған дұрыс.
медбике науқастың тәбетін, ұйқысын, қызуын бақылап, осыған байланысты сұрақтарға ғана жауап береді. Аурудың диагнозы, емделуі туралы тек емші дәрігер жауап беру керек. Емші дәрігермен медбикенің сөздері бір жерден шығу керек.
Медбикенің киімі ұқыпты болу керек.
Науқасты зерттеу кезінде оның қосымша сырқаты анықталуы мүмкін (гипертония ауруы, грипп, ангина т.б.) ондай сырқаттарды дәрі-дәрмекпен емдеп, саулығын қалпына келтіреді. Науқастың тыныс жолдарында асқыну болмау үшін тыныс гимнастикасын жасатады. Бірнеше рет терең дем алып, демін баяу шығаруға үйретеді. Кішкентай балаларға шар үргізеді. Науқас темекі тартпауы керек.
3.Операция алдында ауыз қуысын дайындаудың маңызы зор. Ауру тістерді емдетеді, мұрын, құлақ, ауыз қуысының қабынуларын емдейді. Себебі ондағы микробтар қан тамырларымен операциялық жараға жетіп, оны
қабындыруы мүмкін.
Ер адамдардың шашын, тырнақтарын қысқартып, сақал-мұрттарын алады. Егер теріде іріңді жара болса алдын-ала емдейді. Ас қорыту органдарын дайындау үшін 1-2 күн қалғанда тазалау клизмасын қойып, арнайы диета береді.
4.Операция асқазаннан тыс органға жасалса 1-күн бұрын кәдімгі ертеңгі ас, түсте- сұйық тамақ, кешке шай, печенье береді. Операция алдында таңертең шай беріледі.
Операция асқорыту органдарына жасалынатын болса, 2-3 күн бұрын таңертең және кешкілік уақытта тазалау клизмасын қояды, кастор майын береді, шлаксыз диета тағайындайды. 1-күн бұрын кәдімгідей ертеңгі ас, түсте сұйықтар береді, кешке және , келесі күні таңертең ас берілмейді.
Операция жасау үшін дененің болашақта кесетін жерін операциялық аймақ (алаң) деп атайды. 2-3 күн бұрын науқас моншаға түседі, киімін ауыстырады. Операциялық орынды сабындап, механикалық станокпен қырады. Залалсыздандыруды «асептика» тақырыбынан қайталайық.
5. Премедикация - науқасты наркозға дайындау. Науқасты анестезиолог қарайды. Операция, анестезия жеңіл өту үшін тыныштандыратын, ұйықтататын дәрілер дайындайды. Емшібике осы дәрілерді кешкілік, таңертеңгілік көрсетілген уақытында егіп отыруы керек.
6. .Науқасты шұғыл операцияға дайындау ерекшелігі:
-дәрігер науқасты қарап болғаннан кейін қысқаша тексеруден өткізеді.
- тек керекті ғана қан, зэр анализдерін алады.
- жартылай санитарлық тазартудан өткізеді.
- операциялық орында жара болса, оны стерильді салфеткамен жауып, оның шетінен кейін қарай қырады.
-қарыны тоқ болса, зондпен босатады.
-кіші дәретке отырғызады немесе зәрін катетермен алып қуығын босатады.
-операцияға келісімін алады, мүмкін болса.
Шұғыл операция қыстырма жарық, ішек жүрмеуі, асқазан ойық жарасының тесілуі, кеуде, іш қуыстарына өткен жарақаттар кезінде жасалады.
7. Склероздық өзгерістер себебінен қарт кісілерде жүрек-тамыр, тыныс жүйелерінің созылмалы аурулары болады. Оларға коронаролитиктер береді, созылмалы бронхит, пневмосклероз, өкпе эмфиземасы аурулары болса, бронхолитиктер, қақырық түсіретін дәрілер береді. Гипертониялық ауруын емдейді. Қарт кісілерді өте мүқият, ұзақ дайындауға тура келеді.
Жас балалар ұзақ уақыт арнайы диета сақтаса (ас ішпесе), ацидоз пайда болады, сондықтан ас ішкізуді операция алдында 4-5 сағат бұрын тоқтатады. 1-күн қалғанда тазалау клизмасын қояды. Жасы кіші балаларға операция болатынын айтпайды. Операцияға келісім ата-анасынан алынады.
8.Емханада амбулаториялық операция жасайтын дәрігерге көмектесетін фельдшер науқасты дайындау ережесін сақтауы қажет. Науқас мүмкіндігінше тамақ ішпей, қуығы мен тік ішегін босатып келуі керек. Операциялық алаңның түгін қырып, дайындайды. Кіші операциялар 0,5%-0,25% новокаин ерітіндісін қолданып, жергілікті анестезиямен өткізіледі. Егер жалпы анестезия жасау керек болса, фельдшер тек рауш-наркоз бере алады.
9. Ауруханада операция жасалынатын бөлмелер алдын-ала жинастырылады. Операциялардың кестесі жасалынып, оған инструменттер тобы, материалдар дайындалады. Операциялык бөлмеде тұрған аппараттардың жұмыс істелуі тексеріліп, дайындалады. Қол жуатын антисептиктер дайындалады. Әуелі медбике жуынып киінеді. Операциялық столикке инструменттер, материалдарды жайғастырады. Сосын анестезиологтар келіп аппараттарды дайындайды. Операциялық бөлмеде науқасты қабылдауға дайындық біткенде, дәрігерлер киініп дайын болғанда науқасты әкелуін сұрайды.
10.Пост медбикесі науқасты каталкамен операция алдындағы бөлмеге кіргізіп, киімін ауыстырады. Басына, аяғына кепка, бахилл кигізеді. Науқас бұл бөлмеде көп күтіп қалса көңіл-күйіне теріс әсер етеді.
Науқасты операциялық бөлменің каталкасына салып операция бөлмесіне кіргізеді, операциялық столға жайғасуына көмектеседі. Ол кезде науқастың көзіне жалтыраған өткір инструменттер түспеуі керек, олар жаймамен жабулы тұру керек. Бөтен әңгіме, күлкі, инструменттердің өтпейтіні, иненің қисықтығы туралы әңгіме болмауы керек. Науқасқа анестезия берушыі анестезиолог рұқсат еткен кезде дәрігер-хирургтар операцияны бастайды.
Мына сұрақтарға жауап бер:
Асқазан жарасына операция жасар алдында 62 жасар науқасты қалай дайындайды?
2. Ол науқаста тұмау пайда болса не істеу керек?
3. Ол науқас 20 жыл бойы темекі тартады, онда қандай асқыну болуы мүмкін, қалай алдын алады.
4.Іш қуысына өткен жарасы бар науқасты қалай дайындайды?
5. Емханада башпай тырнағы етіне еніп өскен науқасты тырнақ алу операциясына (амбулаторлық операцияға) қалай дайындайды?
