Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тркі ркениеті жне ислам (2).doc
Скачиваний:
30
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
728 Кб
Скачать
☆

1.2 Көне түркілердің діни нанымдары тарихынан түркі өркениетінің тарихи жазба ескерткіштері

Орхон-Енисей ескерткіштерінде жазылған көне түркілердің дүниетанымдық ұғымы бойынша, “Алдымен жоғарыда көк аспан, төменде қара жер, олардың ортасында түркілер пайда болады”. Көне түркілердің діні аспанның құдайы Тәңірге (Тенгри) табынуға негізделген. Ұлы даладағы түркі халықтарының негізгі құдайы болған Тәңір туралы ұғым б.д.д. V-IV мыңжылдықтарда Алтайда пайда болды . Француз ғалымы Жан-Поль Ру оны “тенгризм” терминімен атады. “Тенгри” қазақша “тәңір” термині “құдай”, “құдайлар”, “тәңір”, “рух-иесі” сияқты әлемді жаратушының көзге көрінетін бөлігі - аспанды білдіреді. Сонымен қатар, «тенгри» түркінің екі сөзінің буыны “таң” және күннің ертедегі діни атауы – Ра, яғни екі сөз “Тан-Ра”-дан құралған. “Танра” атып келе жатқан таң мағынасын білдіреді. Бұл дін осы уақытқа дейін сақталған алтай-саян халықтары XIX ғасырда оны “ақыл-ес” (разум) мағынасын беретін “янг”, “аң” деп атады.

Бұл діннің космогониялық ұғымдары бойынша, әлем бірінің үстіне бірі орналасқан бірнеше сатыдан тұрады. Жоғарыдағы он жеті саты аспанды немесе Жарық патшалығын құрайды. Ал, төменгі жеті саты жерасты немесе Қараңғылық әлемін анықтайды. Ол екеуінің ортасында адамдар тұратын жер жатыр. Аспан мен жер жоғарғы субстанция аспандағы сатылардың ең жоғарысында - Қасиетті Аспан немесе Тәңір орналасқан. Сонымен қатар, аспан қайырымдылар рухының, ал жер асты әлемі күнәкәрлерге арналған тозақ орыны болып саналады. Тәңір - Аспан құдайы болса, Ұмай жер-судың құдайы.

Қазіргі бізге белгілі діндердің ішінде ең көнесі және соңынан пайда болған дүниежүзілік діндердің қалыптасуына тікелей әсер еткен осы дінді қазір түркі халықтары ұстанбайды. Бұл дін қазіргі уақытта толық зерттеліп болмағанымен ғылымға белгілісі оның аңшылықтан көшпенділікке ауысып жатқан кезде тұран тайпаларының ішінде пайда болғаны. Бұл дін түркі халықтарының адамзат өркениеті дамуына қосқан үлесі болып саналады. Сондықтан біз Тәңір дінін қазіргі ұстанатын дін ретінде емес, адамзат өркениетінің дамуына зор әсер еткен рухани-танымдық құбылыс ретінде ғылыми тұрғыдан қарастырамыз [3].

Көне түркілердің Тәңірі (Тенгри), яғни түркіше “Аспан құдайы”, немесе “Мәңгі көк аспан” түркілерге қамқоршы болып, олардың халық болып қалыптасуына көмектескен. Ол аңыз бойынша, көне Алтайдағы түркілерге дұрыс өмір жолын көрсету үшін Тәңір өзінің сүйікті ұлы - қасиетті Гесерді (Кедер - Хызыр – Георгий - Джиржис) жібереді. Бұл есімдер бір адамның атын білдіреді. Гесер жер бетіндегі алғашқы пайғамбар. Осы қасиетті пайғамбардың қайырымды істері туралы түркі халықтарында көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Түркі халықтарының көбінде “Гесер” немесе “Гэсэр” атты көне эпостар бар. Ондаған ғасырлардан бері оның есімі өзгеріп, түркі халықтары оны қазір Кедер, немесе Хызыр деп атайды. Қазақтардың ислам дінін қабылдағанына мың жылдан асса да, олар Хызыр бабаға сыйынып, оны айрықша құрмет тұтады.

Тибет халқының ерте заманғы тарихын жырлайтын батырлық дастан “Гесер“ 700 мың жолдан тұратын әлемдегі ең көлемді эпос. Белгілі ғалым М.Мюллердің болжамы бойынша, тибет халқы көне тұран тайпаларының оңтүстік бөліміне жатады. Алғашында “Бон“ дінін тұтынған тибет халқы, б.д. VII ғасырынан бастап тибеттік буддизм “Лама дінін“ ұстанғанымен, оларда әлі күнге дейін өлген кісіні жерлегенде “тәңірге табыс ету“ немесе “көкке тапсыру“ сияқты түркі халықтарында көнеден қалған дәстүрлері сақталған. Тибет және түркі халықтарының өзара ұқсастығы олардың тұрмыс-дәстүрлері мен қолөнері, оның ішінде кілем-текеметтеріндегі ою-өрнектерден де айқын көрінеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған деректер бойынша, тибеттіктер тұнғыстардың немесе тоғыз-оғыздардың туыстары. Тоғыз-оғыз және ұйғырлар бір халық.

Ал Кедер немесе Кердерінің шығу төркіндері бір сөз екені Н.Веселовскийдің, В.Бартольдтың, С.Толстовтың деректерінде дәлелденген. Қазіргі ғылымға белгілі деректерде б.д.д. I мыңжылдықта түркі тайпаларының, оның ішінде кердерілердің (“ұлы иозылар”) Алтайда тұрғаны белгілі. Шамамен б.д.д. V-IV мыңжылдықтарда көне түркілердің Тәңір діні Алтайда пайда болды. Яғни, көне түркі тайпасының біреуінің Кедер пайғамбардың есімімен аталуы заңды құбылыс. Себебі, Сырдария өзені мен Арал теңізі маңындағы хион немесе кердерілердің тарихы Алтайдағы көне түркі тайпалары және олардың діні Тенгримен тығыз байланысты.

Буряттың “Гэсэр” деген эпосында батыр жігіт Гесер немесе Кедер қылыш пен семсерден де күшті “Құдай” деген сөзбен бұлақты басып алып, жас қыздарды беріп тұруды талап еткен айдаһарды жеңген.

Тұран тайпалары, оның ішінде “ғұндар күнге, айға, аруақтарға, аспан мен жердің рухына табынды” дейді “Қытайдың Геродоты” – Сыма Цянь. Олардың рухани жетекшісі – шамандардың қар, бұршақ, жауын жіберіп, желді қуатын аспанда өздерінің мемлекеті болған. Византия тарихшысы Менандр “ертедегі түркілер отқа, суға және жаратқан құдайға сыйынып оларға арнап түйе, өгіз, қой сойып садақа берді” дейді. Дүниежүзілік діндер классификациясының негізін салған М.Мюллердің дәлелдеуі бойынша, көне Алтайдан шыққан Тенгридің мағынасы монғол, тұнғыс, татар, және фин тайпаларына немесе алтай-орал тілдері тобына және қытай тіліне ортақ. Осы ұлы ғалымның кезінде, яғни XIX ғасырда тибет халқының шығу тегі ғылымға белгісіз болғандықтан, тұран діні тобына жататын халықтардың толық классификациясы жасалмағанымен, ол “...егер тибет халқы орал-алтай тілдері тобына жататын болса, онда ол тұран тобының оңтүстік бөлігін құрайды” деп болжап кеткен болатын. Үш мың жылдай ұмытылып қалған Тұранның көне тарихын бір жүйеге келтірген Е.Кастрен мен М.Мюллер сияқты данышпандардың рухтарына тағзым ете отырып, олар болжаған тибеттіктер тұранның оңтүстік тобына, қытай, манчжур және полиазиаттар орталық тобына, ал монғол, тұнғыс, түркіден бастап финдерге дейінгі халықтар тұранның солтүстік тобына жататынын қазір дәлелденгенін айта аламыз. Адамзат тарихы мен өркениетінің шоқтығы болып саналатын тұрандықтардың тарихы уақыт өткен сайын ғылыми жаңалықтармен толығып, өзіне тиесілі тарихтағы абыройлы орынын алады.

Көне түркілердің ұғымында Тенгридің мағынасы табиғи құбылыстарға Аспан - Көк Тәңірі, Аспан - құдай ретінде болды. Аспан жердегі тіршіліктің барлығынан жоғары, қол жетпейтін Ұлы және абсолютті қалпында белсенді күш, өмір мен берекенің көзі ретінде діни сана-сезімге енді. Ертедегі қытай мен шумер халықтарының діни ұғымдарында Тенгри осылай қабылданды. “Қытайдың ертедегі мемлекеттік діні – ол үйлесімді ұйымдасқан дін жүйесі. Ол “Тянь” - Аспан, “Шань-ди” – Бірінші Елбасы және әртүрлі рухтар құрметтеуден тұрады [4].

Аспан құдай ретінде ғажайып күшпен көрінбейді, ол біреуді басқадан бөліп көмектеспейді, ол табиғаттың кәдімгі қалыпты жағдайында танылады. Аспан өз күшімен күннің жарығы, жауын, ыстық пен суық, желдің екпіні, жыл мезгілін ауыстыру арқылы әлемдегі құбылыстарды басқарады”.

Тұран тайпалары мен қытайлықтарға ортақ тағы бір ерекшелік – ол аруақтарға табыну. Бұл дәстүр барлық халықтарда кең тарағанымен, осы уақытқа дейін ерекше деп келген қытайдың діндері мен солтүстік Азия дәстүрінің төркіндері бір екені анықталды. Мысалы, Сібірден Орта Азияға көшкен ғұндардың Тора тайпасы өз бабаларының моласы басына құрбандық шалуға елшілерін жіберіп тұрған. Олар молалар мен қорғандарды тірі жан баспасын деп және аруақтар шығып кетпесін деп қоршаған. Ал, Қытайда осындай қорғандар белгілі уақыт өткеннен кейін табынатын тұрақты орындарға, ал кейбіреулері аруақтарға табынатын ұлы храмдарға айналды. Қытайдағы аруаққа табыну мен финдер, лапландтықтардың отбасындағы табыну сияқты діни сенімдер алғашында бірдей, бір-біріне өте ұқсас болғанын көреміз. Алдында аспанға табынудан басталған діни сенім, соңынан мәңгілік өлмейтін күшке айналған аруақтардың рухына сеніп - сыйынуға айналды. Аруақтардың рухына сыйыну дегеніміз, өлмейтін, мәңгілікке сенудің өмірлік негізгі элементі болып табылады.

Түркі халықтарында тау, өзен, көлдердің рухына сыйыну емес, олардың өзіне сыйыну, яғни табиғатты кейіптеу (олицотворение) емес, оны тірілту процессі жүреді. Көне түркілердің дүниетанымының негізі аруақтарға табыну болып табылады. Өлгендердің рухына, мифтік ең алғашқы бабаларға сыйыну осыдан шыққан.

Ертедегі бабалардың аруақтарына табынып, олардың молаларына сыйынуды Парсы патшасы Дарийға қарсы соғысқан көшпенді массагет тайпасы қағанының: “Сендер біздің жерді жаулап алуға келдіңдер, бірақ бізді жеңу үшін, алдымен біздің бабаларымыздың молаларын табуларың керек” деген сөзінен көреміз. Бұл сөздердің астары мынада. Массагеттердің жеңілмеуінің себебі бабалар аруағына, өздерінің қасиетті жеріне сыйынады. Бостандық үшін күресте батыр-бабаларының аруағы оларды қолдайды.

Бабалар аруағына табыну құдайдың жаратушы күшіне сенудің ең көне формасы. Тарихи даму кезеңінің белгілі сатысында көптеген халықтардың аруақтарға табынуы, соңынан барлық дүниежүзілік діндерге негізгі элементтердің бірі болып енді.

Тәңір дінінің құрамдас бөлігі – оның күнтізбесі. Көптеген ғалымдар бұл күнтізбенің Ұлы даладағы көшпенділерде пайда болғанын дәлелдеді..

Оңтүстік Қазақстандағы Баба ата қалашығындағы жануарлар суреті бар дискі іспеттес археологиялық материалдарды сараптаған Т.Н.Сенигова “күнтізбені жасаған түркілер және олардан қытайға тараған” деген қорытындыға келеді. Күнтізбенің Орталық Азиядан шыққанын мойындаған И.В.Захарова, “Жануарлар циклінің осы уақытқа дейін Орта Азиядағы кейбір халықтарда таңба қалдықтарымен араласып жатқанын айтады. Ол Алтай мен Монғолияда табылған. Ондай байланыстың қалдықтары адамның жануар атымен аталатын жылда туылуымен байланыстырады. Қалыптасқан дәстүр бойынша адам ол жануарды өлтірмейді”. Бұл гипотезаны белгілі түркітанушы С.М. Абрамзон да толығымен қолдайды.

В.В.Цыбульскийдің дәлелдеуі бойынша, “Бұл күнтізбенің шығуы Орта Азиядағы көшпенділермен тікелей байланысты және ол Азияның басқа халықтарына тез тараған. Бұл күнтізбе басқа жерде де пайда болуы мүмкін, бірақ ондағы бірдей жануарларды таңдау мен олардың орналасуы кезегінің бірдейлігі Орта Азия аймағынан шығуының дәлелі”. Бұл күрделі күнтізбені Ұлы Дала мен Орта Азия аймағының көшпенділері осы қатаң континентальды аймақта өздерінің саяси-экономикалық, рухани, мәдени және жеке өмірінің уақытын белгілеу, яғни көшпенділер өмірін жан-жақты қамту қажеттілігінен шығарған.

Ғарыштағы құбылыстарды және оның жерге әсерін терең зерттеуге негізделген жануарлар күнтізбесі көшпенділердің қажеттілігін қанағаттандыра алды. Ол барлығына белгілі болды, себебі Орталық Азия көшпенді тайпалары мен халықтарының мәдениеті мен цивилизациясы өмірлік Дәстүрінің (Нағыз Білім-Генон) құрамдас бөлігі болды және оның қажетін қанағаттандырды.

Қазіргі ғылымда оны шығу жеріне қарай - Орталық Азия көшпенділерінің күнтізбесі десе, жылдарының санына байланысты 12 жылдық циклдік, қазіргі ресми қабылданған жеріне қарай Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің ай-күндік күнтізбесі, 12 жылдық циклде есеп беретін ғаламшарының атымен Юпитер күнтізбесі дейді. Ал, Тенгриан күнтізбесі Юпитердің Күнді айнала қозғалған 12 жылдық циклінен басқа Күн мен Айдың қозғалысына және Сатурнның 30 жылдық цикліне негізделген (учитывает). 60 жылдық цикл Сатурнның екі, Юпитердің бес және алты онжылдық циклдерінен тұрады.

Шығу төркініне және оның Юпитерден басқа ғаламшарлар мен олардың серіктерінің циклдеріне негізделгеніне қарап, оны тек Юпитер күнтізбесі дегеннен көрі Тенгриан күнтізбесі деген дұрыс. Орта Азия көшпенділерін біріктірген Ұлы дін – Тәңір діні немесе Тенгризм.

“Олар ортақ құдайға (Тенгри) сенеді, оны көзге көрінетін және көрінбейтін бар әлемімен қоса өмірдегі барлық қуаныш пен қайғыны жаратқан деп мойындайды. Бірақ, оған арнап намаз оқымайды, оны мадақтамайды немесе оған арнап құрбандық және т.б. бермейді” дейді П.Карпини. Ұлы діндер өздерінің дүниетанымдық әлемімен (картина мира), моралімен, уақыт және кеңістік туралы түсінігімен мәдениет пен цивилизация негізін қалады. Тенгризм - көшпенді түркі халықтары цивилизациясының негізі. Себебі реттелген күнтізбе қоғамның өркениетке жататынының негізгі белгісі және мүшел оның генезисі, тарихи-мәдени мазмұны және дүниежүзілік цивилизация көлеміндегі орнына байланысты ғылымда Тәңір (тенгриан) күнтізбесі деп аталғаны дұрыс.

Ұлы діндердің арасында қандай айырмашылық болса да, оларға ортақ нәрсе - өздерінде күнтізбесінің болуы. Жаңа діннің күнтізбесін пайдалану, сол жаңа діннің қоғам өміріне сіңуінің негізгі белгісі. Дін қоғамға тарағанда, ондағы дүниетаным мен адамдар өмірін өзгертті және ол өзгерістің негізгі құралының бірі күнтізбе болды. Тенгриан күнтізбесі әлемдегі күнтізбелердің ең күрделілерінің бірі. Ол Күн мен Айдың қозғалысынан басқа, Юпитердің Күнді айнала қозғалған 12 жылдық цикліне және Сатурнның 30 жылдық цикліне негізделген (учитывает). 60 жылдық цикл Сатурнның екі, Юпитердің бес және алты онжылдық циклдерінен тұрады. Осындай күрделі күнтізбе жасау үшін ғаламшарлар қозғалысының заңдылықтарын түсінетін көшпенділердің терең астрономиялық білімі болды ма? [5]. Жалпы айтқанда әлемдегі ең көне діндердің бірі-«Тенгризм» діні осы түркі халықтарының әлемдік өркениетке әкелген ғұлама жаңалықтарының бірі.

Ертедегі мықты астрономдар теңізшілер ішінен шыққаны белгілі. Олар ашық теңізде түнгі аспандағы жұлдыздарға сүйеніп жол тапты. Теңіз жағалауымен каботажды жүзген ертедегі финикий теңізшілерінің күнтізбесі Еуропа астрономиясының негізін салды.

Ертедегі көшпенділердің көшу жолының қашықтығы мен жүріп өту уақыты сол кездегі теңізшілердің жүзу сапарынан бірнеше есеге ұзақ еді. Мысалы “XV-XVIII ғасырлардағы қазақтың “мәңгі” көшпенділері – адайлар бір жылда 2800 шақырымнан астам жерге көшіп - қонып жүреді екен”.

Жыл бойы көшіп-қонып жүрген тайпалар Еуразия даласында құнарлы жайылым іздеп мыңдаған шақырым жүргенде айналасында өзгеріп жатқан жылдық кезеңдер мен пейзаждар, жануарлар мен өсімдіктер әлемі, өзен-көлдер және т.б. бірнеше ландшафт пен климат зонасынан өтеді. Жолда сәби дүниеге келіп, балалар өсіп - ержетіп, үлкендер о дүниеге кетіп жатты. “Әрекетте-берекет бар” дейді көшпенділер. Олардың ғұмыры мен бақыты осы мәңгі қозғалыспен тығыз байланысты болды. Күн мен Ай, ғаламшарлар мен жұлдыздар оларға жолдың бағытын, жыл мезгілін, уақытты анықтайтын және күннің райын болжайтын аспандағы тұрақты белгілері болды. Яғни, осы мәңгі қозғалыстағы әлемде өзгермейтін тек қана төбедегі аспан - Мәңгі Аспан, Мәңгі Көк Тәңір құдайы еді. Әрбір көшпенді киіз үйде тұрды. Оның түндігі жылдың белгілі бір мезгілдерінде ашық тұрады да, Ай мен басқа ғаламшарлардың және жұлдыздардың қозғалысы сол үйде өмір сүрген адамның жадында еріксіз жатталып қалады. Яғни, әрбір киіз үй өзінше “планетарий” сияқты. Аспаннан байқалған өзгерістер жинала келе белгілі жүйеге айналды және ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ғалымдар сонымен қатар, көшпенділердің көзі ерекше қырағы екенін айтады. Мысалы, белгілі саяхаттанушы және теңіз жиһангезі Ф.Н.Врангель якуттар туралы былай дейді: “Бір якут Усить-Янский экспедициясының бастығы лейтенеант Анжуға бір үлкен көкшіл жұлдыз (Юпитер) басқа кіші жұлдызды жұтып қойып, қайта түкіргенін көргенін айтады. Яғни, бұл сібірлік адам жай көзбен-ақ Юпитер серігінің (спутник) тұтылуын көрген. Астрономияны терең білмей тұрып, ұдайы көшіп жүруге негізделген шаруашылықты меңгеру мүмкін емес: “XIII-XVI ғасырларда Дешті-Қыпшақта атқа не түйеге жегілген арбаға орнатқан киіз үймен хан, не сұлтан басқарған ұлыс мыңдаған шақырымға созылған жерге көшу жүйесі қалыптасты” . Негізінен қуаңшылық аймақта мыңғыраған малға шөбі мен суы жеткілікті құнарлы жер табу мақсатында, жүздеген отбасы жылдар бойы қашық, шалғай жерге бірге көшіп қонып жүрді. Осылай артынып-тартынып, ұбап-шұбап жүріп адасып кетпеу үшін көшпенділер ғаламшарлар мен жұлдыздардың қозғалысын жақсы біліп, күн райын болжауды меңгеру қажет болды.

Сонымен қатар, ыстық пен қуаңшылық кезінде және басқа да себептермен түнде көшуге тура келген кездерде де олар өздерінің мыңдаған жыл тәжірибе жинақтаған жұлдызшылық білімге (астрономияға) сүйенді.

“Жұлдыздардың орналасуын және қозғалуын білген, қырғыз (қазақ-авт.) түнде жолсыз далада сапарға батыл шыға береді және баратын жерін қателеспей табады. Күн батқаннан таң атқанға дейін қай жерде болатынын анық біледі. Сонымен қатар, жолаушы күнге қарап оның қашан шыққанын және қашан бататынын анықтайды. Соған қарап өзінің жұмысын, демалысын, саяхатын, жол жүруін, кездесуін жоспарлайды. Яғни, еуропалық уақытты білу үшін қалтасындағы сағатына қараса, ол аспанға қарайды” дейді А.И.Левшин. Көшпенділердің жұлдыздар қозғалысын зерттеудегі тағы бір негізгі мақсат айналысатын шаруашылығына тікелей байланысты.

Егінші халыққа күн райының бір жылдық болжамы жеткілікті болса, мал өсіретін көшпенділерге бірнеше жылдық болжамы қажет болды. Себебі, төл өсіп жетілгеннен кейін өнім беруі немесе сойысқа жарауы үшін бірнеше жыл керек. Мысалы жылқыдан төл алу үшін бір жыл уақыт қажет. Одан кейін бір жаста - құлын, екі жаста – тай, үш жаста – құнан, төрт жаста – дөнен, бес жаста – бесті. Тек төрт жаста ол өсім (өнім) береді немесе жұмысқа пайдалануға жарайды. Түйе өсіру үшін де осынша уақыт керек. Сондықтан көшпендіге алыс қашыққа көшу мен өнім алудың циклін реттеу үшін бірнеше жыл бұрынғы күн райын болжау қажет болды. Ол көшпендіні ұзақ уақыт қиындықққа шыдауға және сол кезде болатын кедергілерге философиялық көзқараспен қарап, оған көңіл бөлмеуге үйретті [6].

Інжілдегі Иосиф Прекрасный түрмеде жатып Египет фараонының “жеті семіз сиыр жеті арық сиырды, бидайдың толық піскен жеті масағы жеті пышық масақты жеп жатқанын” көрген түсін дұрыс жориды. Фараонның жанындағы Египеттің жер өңдеуші тұрғындары бұл түсті жори алмайды.

Оны тұрғылықты халыққа қажетті бір жылды емес, ұзақ уақытты сезетін көшпенділердің гені бар Иосиф қана дұрыс жориды. Оның жоруы бойынша, алдағы жеті жылда өнім көп және молшылық болатынын, одан кейінгі жеті жылда қуаңшылық, аштық болатынын анықтайды.

Күнтізбе Оңтүстік Шығыс Азияға тарағанда кейбір жылдардың орындары оңтүстік елдеріне үйреншікті жануарларға ауысты: барс- жолбарыс болды, қоян-мысық, жылан қытайларға түсініксіз айдаhар болса, индонезийліктерде – қолтырауынға айналып, түсініксіз мешін олардың барлығында маймылға айналды. “Күнтізбеде кездесетін жануар – маймыл, далада болмайды” дегенге француз ғалымы Э.Шаванн түркілердің І ғасырда Кашмирде билігін жүргізгенін, сондықтан оларға бұл жануардың белгілі екенін жазады. Бұл күнтізбенің Қытайда шықпағанының дәлеліне осы ғалым Тань кезеңіндегі жазбалардағы: “Қырғыздар 12 жылдық жануарлар күнтізбесін қолданады. Ондағы инь жылын олар барыс жылы деп санайды” дегенін келтіреді. Монғолдар жануарлар күнтізбесін тек 1210 жылдан кейін қолдана бастады.

Әлемді жаратқан Тәңір (Тенгри). Ол Аспандағы шырақтар, жұлдыздар және қасиетті жануарларды басқарады. Бұл әлемдегі уақыт мәңгі, оның 60 жылдық айналымында “уақыттың шегіне”, яғни авраам дініндегі міндетті “уақыттың бітуіне” орын жоқ.

Тәңір уақыты ешқандай сандар қатарымен өлшенбейтін Мәңгілік. Сондықтан мүшел белгісінің атрибутында басқа күнтізбелерге тән – жылдарды номірлеу жоқ. Жылдар нумеративпен емес, түстің символикасына сай келетін жануарлар атымен белгіленген. Ол, оң жақ мидағы образдық ойлауға сүйенген, яғни образдың өте көнелігін білдіретін саннан тыс, немесе “до” жүйесі.

Ол күнтізбе жасаушылардың Мәңгіліктің – Мәңгілік екенін түсініп, оны өлшеуге бармағанын көрсетеді. Сонымен қатар, сандардың мәңгілік қатарына ұмтылған нөмірлеу – линиялы және ол осы күнтізбенің негізі болатын уақытты қайта оралу (круговой) түсінігімен келіспейді. Мүшелдегі уақыттың басы мен соңы болмайды, оның соңы – әрқашан да жаңа циклдің басы. Бұл күнтізбеде Алғашқы жаңа жылды анықтау мүмкін емес. Тышқан жылынан басталатын мүшелдегі айналымның басы – ол түркі халықтарындағы конвенциональдық вариант, қалмақтарда бірінші жыл – барыс жылы. Сонымен қатар, әрбір тенгриандықтың, оның туған жылынан басталатын өз мүшелі бар. Барыс жылында туғандар өз айналымын барыстан бастап, сиырдан аяқтайды. Ол үшін барыс жылы, тек оның жеке мүшелінің басталу жылы ғана емес, сонымен қатар ол мүшелдер арасындағы қауіпті өтпелі кезең. Яғни, жеке адамның дәрежесіндегі уақыт мәдениетінде кез-келген жыл басы және саны болатын мүшелдің 12 нұсқасы бір уақытта болады. Әрбір көшпендінің өмірінде оның жеке мүшелінің ғарыштық өлшемі болады және ол онда өзін еркін сезінеді. Өмірдің уақытын мүшелмен санау жылдардың барлығын ортақ нөмірлеуді тіптен қажет етпейді [7].

Тәңір діні басқа діндермен таласып, олардың құдайларын шайтан, жын-пері түрінде көрсеткен жоқ. Сондықтан, христиан дінінде көп кездесетін перілер мен шайтандар онда сирек. Қайта ол басқа діндердің кейбір элементтерін өзіне енгізіп, өзінің негізгі – уақыт пен әлем гармониясы ұстанымын өзгерткен жоқ. Тенгриан күнтізбесі Ғарыш пен Табиғаттағы құбылыстар мен Адамның шаруашылық – тұрмыстағы және мәдени өміріндегі кездесетін гармониялық арақатынастарды бір ырғаққа біріктіре білді. Көшпенділердің әрбір мүшесіне белгілі антропоғарыштық күнтізбе, олардың дүниетанымын, экологиялық мәдениетін, өзара арақатынастағы Парасаттылықты қалыптастырғанын шеттен келген саяхатшылар көре білген.

Көне түркілердің Еуразия тарихынан алар орнын академик А.П.Окладников былай деп түйіндейді: “Сібірдегі көне түркілер Шығыстан гөрі Батыспен тығыз байланыста болды. Оның мәдениеті бұрын ойлағаннан да әлдеқайда бай әрі жарқын еді. Ертедегі Шығыс пен Батыстың мәдениеттері Байкалдың жағасы, Ангара мен Ленада сол кездегі өзіндік төл мәдениеттің орталығы бірде қосылып, бірде ажырасып тұрды. Оны білмей тұрып Еуразияның тарихын толық түсіну мүмкін емес. Археологиялық қазбалардан көргеніміздей Байкал өңіріндегі түркі қорғандарындағы қазба байлықтардың жолы Дон мен Дунайға дейін жетіп жатты”. Яғни көне түркілердің жері мен оның шекарасы біздің дәуірге дейін анықталып болған.

Түркілер өздерін Алтайдан шықтық дейді. Ол туралы көптеген аңыздар да бар. Түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқаридың “Түркі тілдерінің ұлағатында” былай деген: “Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын! Сондықтан түркілерге Тәңірдің өзі арнайы ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, “Өз қосыным” деп атаған. Оған қоса, “түркілер көрікті, өңі сүйкімді, жүзі мейірімді, әдепті, үлкендерін құрметтей білетін кішіпейіл, уәдеге берік және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар” деген. Түркілердің тарихына зер салар болсақ, оның бізге белгілі соңғы үш мыңжылдығының әр кезінде Қытайды, Үндістанды, Таяу Шығыста Египетке дейін және Еуропаны басып алған елдерде жүргізген саясаты жаңа айтып кеткен Махмуд Қашқари анықтамасының дәлелі. Себебі, түркілер жаулап алған жерлерінде қоғамдық қатынастарды өзгертіп, жаңа прогрессивтік формация қалыптастыруға септігін тигізді. Сонымен қатар шет жерліктерді мойындай бермейтін еуропалықтардың Цезарь мен Македонскийді емес, ғұн патшасы Аттиланы “Құдайдың қамшысы” деп атауы, оларға ренжіген Тәңір жіберген түркілердің қосыны деп қарау керек.

Түркілердің тағы бір ерекшелігі – олар ағылшындар мен голландтықтар және испан конкистадорлары сияқты өздері жаулап алған жердегі халықтарды жаппай қырып-жойып, геноцид жасаған жоқ. Себебі, түркілер алдымен үлкенді сыйлап, аруаққа тағзым еткен және зұлымдық дегенді білмейтін табиғат діні Тәңірге табынса, соңынан адамды ұлты мен нәсіліне бөлмей, барлығын ағайын деп қарайтын мұсылман дінін ұстанды [8].

Тайпалардың Ұлы далада бір уақытта мекендегені тарихта дәлелденгенімен, олар бір дінге сенді дегенге келісуге болмайды. Себебі, ертедегі тұрандардың (түркілер, хиондар) Тәңір немесе табиғат діні б.д.д. VIII - V мыңжылдықтар арасында аңшылық дәуірде пайда болды. Ол қазіргі белгілі діндердің ішіндегі ең көнелерінің бірі болып саналады. Тәңір діні пайда болған кезде адам зұлымдық пен қайырымдылықты ажыратып бөлген жоқ, тіпті зұлымдықты білмеуі де мүмкін. Ол кезде адамның барлық дүниетанымы олардың арасындағы қарым-қатынастарға емес, табиғатқа бағынышты болғандықтан ол табиғат діні. Бұл дінді ұстанған түркілер аспанға, күнге, жұлдыздарға – яғни Тәңірге, сонымен бірге жер мен суға немесе Ұмайға табынды.

Бұл дін соңынан эволюцияға ұшырап дүниетанымдық ұғымдар бір жүйеге келгеннен кейін б.д.д. III - I мыңжылдықтар арасында мүшел күнтізбесі пайда болды. Бұл дінде адамдарды қасиеттеріне қарай бөліп тұратын қайырымдылық және зұлымдық деген атымен жоқ. Яғни, бұл діннің негізгі мақсаты соңынан пайда болған зороастризм дініндегі немесе одан кейінгі жалпы философияның негізгі мақсатына айналған «зұлымдықпен күресу» кездеспейді. Көшпенділік дәуірде яғни б.д.д. I мыңжылдықтың бірінші жартысында пайда болған зороастризм діні, оның пайғамбары Заратуштраның (санскриттан ауд. – “Түйесі кәрі”) атынан шыққан. Сол заманда тұрандықтар Тәңір дініне сенсе, үнді ирандықтар және олардың ішіндегі көшпенді арийлер (ауд. – малдың иесі, малшы) зороастризм дініне сенді. Оларды күнге табынушылар деп атайды. Зороастризмге дейін осы тайпалардың барлығы Тәңірге сенуі мүмкін. Себебі Ұлы далаға б.д.д. IV-III ғғ. үндіеуропалықтар келгенге дейін оны мекендеген байырғы тұрғындар – тұран тайпалары, оның ішінде ғұндар күнге табынғаны тарихтан мәлім.

Көне түркілердің атамекені Алтай мен Орта Азия. Осы аймаққа үндіеуропалықтар келгенге дейінгі петроглифтерден Күн бейнеленген әртүрлі суреттердің табылуына және үндіеуропалықтардың осы аймаққа келгенге дейінгі тұрған жерінен күнге табынудың іздерінің кездеспеуіне қарап Күнге алғашында ғұндар табынған деуге болады. Демек, Күннің мәңгі қозғалысын білдіретін “свастика” мен “крестің” пайда бола бастауы сол көне дәуірде жатыр. Сондықтан, профессор С.Г.Кляшторныйдың осы тайпалар бір дінге сенді деген пікірін қабылдауға болмайды.

Ертедегі гректердің жазбаларында турлар немесе тұрандар мен массагеттер бір ұғымды білдірген. Сол кездегі парсы жазбаларында оларды сақтар (ауд. “ит” немесе “бөрі”, “көк бөрі”) деген. Ол иран, грек-латын және қытай жазбаларында да дәлелденген. Ертедегі аңыздарға жүгінсек, түркілер өздерін бөріден тарағанбыз дейді. Түркілердің Алтай өңірінен шыққаны туралы жырланған “Көк бөрі“ дастанындағы көне аңыздың қысқаша мазмұны мынандай: Көне заманда “Со” елінің көсемі Қапан-пу аса қайырымды әрі асқан батыр болыпты. Оның өзіне жақын он алты бауырының біреуінің анасы бөрі екен. Анасы бөрі бала ер жетіп үйленеді. Оның екі әйелі болады. Сол екі әйелдің біреуі – қыс Тәңірісінің қызы, ал екіншісі жаз Тәңірісінің қызы екен. Екі әйелдің әрқайсысы екі-екіден ұл табады. Тұңғыш ұл аса күшті, қайсар, болып өседі. Оған бұл елде ешкім тең келмейді. Сол үшін оған халық “Түркі”, яғни күшті, мықты, ержүрек деп ат қойыпты. Бүкіл түркі халқы сол “Түркінің” ұрпағы екен . “Көк бөрі” дастанындағы бұлардан басқа да аңыз-хикаялардың негізгі айтары – ежелгі түркілердің ата-тегі бөрі дегенге келіп саяды . Әр кездегі түркі мемлекеттерінің туларында көк бөрі бейнеленген. “Көк Тәңірі”, “Көк аспан”, “Көк бөрі” - осының бәрі түркілер үшін қасиетті ұғымдар.

Көптеген тарихи деректерде сақтарды иран тілділер, яғни парсылар деп жүр. Бұл мәселенің жауабын көне түркінің “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген мақалы береді. Мұның мағынасы – бассыз бөрік болмайтыны сияқты, парсыларсыз түркі де болмайды. Мыңдаған жылдар көрші тұрып, қоян-қолтық араласқан екі халықты ажырату өте қиын. Сондықтан да болар, Геродоттан бастап көптеген тарихшылар сақ атаулының барлығын скифтерге жатқызған.

Көне түркілердің көрші елдермен мәдени және экономикалық тығыз байланыста болғаны тарихтан белгілі. Ол туралы Альфред Вебер: “Орта Азиядан шыққан көшпелі халықтар Қытай, Үнді және Батыс елдеріне баса көктеп еніп (жылқымен) жоғарыдағы үш атырапқа да ықпал етті. Ат үстіндегі көшпелі халықтар дүниенің кеңдігін таныды. Қиын-қыстау тіршілікпен қауіп-қатерлі мол жорықтар арқылы дүниенің жалғандығын түсінді. Ол үстем нәсіл ретінде дүниеге ерлік пен трагедиялық сананы орнықтырып, оны эпос түрінде паш етті” дейді.

Көне түркі тайпалары мен Солтүстік Үндістан тайпаларының арасындағы мәдени байланыстарды Пакистанның Қарақорым аймағынан табылған жартастағы суреттерден байқауға болады. Қарақорым жартастарындағы суреттер цивилизациялар мәдениеті және діни дәстүрлермен қатар, Азияның ұлан байтақ аймағындағы саяси және тарихи өзгерістердің айналымына (калейдоскопичность) дәлел. Ондағы Күнге табынуға арналған көптеген петроглифтер Тамғалыдағы, Жетісудағы, Ферғана даласындағы, Шығыс Түркістандағы жартастағы суреттерге ұқсас [9].

Ерте заманда арабтар исламға дейін әр түрлі құдайға -көкке, ағашқа, тасқа табынған. Өз балаларының аттарын Қүн, Ай деп қойған. Арабтардың табынатын қасиетті орны Қағба болды. Оның айналасына 360 құдайдын яғни әр тайпа құдайынын суреті ілінген. Адамдар Қағбаға парызын өтеу үшін барады. Онда киімдерін шешіп, шаштарын алғызған арабтар Қағбаны 7 рет айналып, қолдарын тигізіп қасиетті тасты сүйген. Қағбаны айналу кезінде біреулер киімдерін ауыстырса, кейбіреулер тыржалаңаш күйде болған. Еркектер күндіз, әйелдер түнде айналған. Айналған кезде олар ысқырып, қол шапалақтап, шуылдап дыбыс шығарған. Келесі күні Меккенін, қасындағы екі таудың арасында 7 рет жүгіріп өтіп, құдай мүсіндеріне тағзым еткен. Үшінші күні Арафат тауына көтеріліп, от жағып, құрбандық шалған. Кейін Меккеге кайтып, қажылыққа арнаған киімдерін шешіп, сол жерде қажылыққа келген адамдарды осы Қағба касиетті тасын қорғаған.

IV ғасырда Византиялық дипломаттар шіркеу адамдарын христиан дінін кабылдауға шакырды. Арабтарды шокындырды, христиандық шіркеулер салды. Бірақ христиан дінін арабтардың бәрі жаппай кабылдады деуге болмайды. Оны жеке тайпалар мен рулар ғана қабылдады. Осы исламға дейінгі уакытты арабтар «джахилия» — «надандық» деп атады. Арабтардын ең жоғарғы жетістігі- ол б. з. б. IV ғасырда араб жазуының үш түрін ойлап табуы. Жазудың дамуы және бүкіл араб әлеміне ортақ араб тілінің пайда болуы мәдениеттін, жоғарғы деңгейде болғанын көрсетеді.

Исламды қабылдағаннан кейін яғни VII ғасырда барлық қолдан жасаған құдайдын мүсіндері кұлатылды.

Ислам дінінің тұжырымдары

Ислам біздің заманымыздын 622 жылында Арабияда пайда болды. Ислам «Алланын, Мухаммед пайғамбардың сеніп, мойындалған, Аллаға берілген, тұжырымдамалары, іші-сырты таза, өзіне-өзі сәйкес» деген ұғымды білдіреді. Алла тарапынан білдірілген әмір және туындылардын жиынтықтарын дін деп атайды. Діннің атын ислам деп Алла қойды. Ислам діні — тек бір кауымға немесе ұлтқа ғана тән дін емес, бір миллиардтан астам адам мойындаған дін. Сондай-ақ акыл, білім, мінез-құлык, бейбітшілік және ереже жинақтап айтқанда, ол сенім. бойынша өмір сүру діні болып табылады

Мұсылмандықтың негізі бес парызға негізделген: 1) Иман. 2) Намаз. 3) Ораза. 4) Зекет, 5) Хаж. Иманда жеті қағида бар: 1) Алланың барына сену, иман келтіру, Хазірет Мұхаммед Алланын құлы, әрі пайрамбары болғанына сеніп, мұны араб (Құран) тілінде айту; 2) періштелерге сену; 3) кітаптарына (Құранға) сену; 4) пайғамбарларға сену; 5) ахирет күніне сену; жақсылық, жамандықтың тағдырын Алладан деп білу; 7) өлгеннен кейін қайта тірілуге сену.Исламда мұсылмандар өмірінің әр түрлі жақтарын реттеп отыратын көптеген тыйым-шарттар бар. Мұсылмандардың алкогольді ішімдіктер ішуіне, шошқа етін жеуге, құмар ойындарын ойнауына тыйым салынған. Ислам өсімқоршылыққа рұқсат етпейді. Өмірде және ахіретте шаттыққа, бакытка жету үшін ахіреттік міндеттер орындалуы керек. Онда Аллаға және пайғамбарға, өзімізге, отбасымыз бен жақындарымызға, мемлекет пен халкымызға, адамгершілікке қатысты бірнеше міндеттер көрсетілген [10]. Түркі халықтарындағы діннің бастамасы болған «Тенгризм» дінінен кейінде бірнеше діндер болды, соның ішінде «Зороастризм» діні және қазіргі таңдағы «Ислам» діні еді. Жалпы түркі халықтарының дінге деген көзқарастарын зерттеген ғалымдар баршылық. Әр кезеңде олардың құдайға деген көзқарастары әр қилы болған деп ойлаймын.

Ислам әлеуметтік тәртіптің өте кең жүйесі болып табылады. Мұсылман өмірінің барлық жақтары дінге қатысты болып келеді. Ер баланы кішкене кезінде сүндетке отырғызу керек. Сол дәстүр жасалғаннан кейін-ақ мұсылман саналады. Неке кию некелесушілердің қатысуымен жүргізіліп, сол арқылы бекітіледі және де Құранның қасиетті сөздерін оқумен аяқталады. Еркек мұсылман үшін ажырасу онша қиын емес, әйел адам үшін бұл едәуір күрделі, бірақ оларға да мүмкіндік беріледі. Ислам діні екі ірі сенім негізінде құралған: 1) Алладан баска құлшылық ететін тәңірдің жоқтығына сену,

2) Мүхаммедтің Алла тарапынан адамзат баласына жіберілгеніне (пайғамбар екеніне) сену. Сондықтан ислам діні бұны бір дәстүр түрінде: «Лә иләһә илла-аллаһ Мұхаммед-ур-Рәсул-аллаһ» деген сөйлемде жинақтаған. Қасиетті саналатын бұл сөйлемді тілімен айтып, жүрегіне бекіткен кісі ислам дініне кірген болды. Бұл сенімді - иман, ал сенушіні - мүмін деп атайды. Алланы тану: жер, көкте сансыз нәрселерді жаратқан, жоқтан бар еткен және оларды жоқ ететін, әуелгісі, акыры болмаған, үнемі бар болған, біреу болған, теңдесі, серігі болмаған, жаратылыстардан ешқайсысына ұқсамаған, бар болуында ешнәрсеге мұқтаж емес Аллаға ғана сену - бұл исламның негізгі догмасы. Дін жолының жалғаса беруі үшін бұл жинақталған қыскаша сенім жеткілікті емес, өйткені мұсылманшылық - сену әрі сенім бойынша өмір сүру. Бұл мына төменгі 6 кағидада анығырақ көрсетілген: 1) Алладан басқа ешбір тәнір жоқтығына, Мухаммед Алланын құлы, әрі елшісі болғандығына сену; 2} Алланың періштелеріне сену; 3) Алланың кітаптарына сену; 4) Алланың бүкіл пайғамбарларына сену; 5) өлгеннен кейін тірілуге (ахірет күніне) сену; 6) жақсылық, жамандық Алланың тағдырымен және жаратуымен болатындығына сену. Ержеткен әрбір ақыл иесі бұларға міндетті түрде сенуге тиіс.

Мухаммед Арабиядан тайпалары мен кауымдарының үлкен бөлігін өз дініне бағындырып, сокқыға ілестірді. Ол өзінің діні мен саяси ықпалын Түбектен тыс жерлерге тарату үшін де дайындала бастады, бірақ 632 жылы қайтыс болды. Мухаммед істерін халифтер жалғастырды. Олардьщ ішінде төртеуі мұсылмандар арасында ерекше құрметке бөленіп, «адал ниетті» деген атқа ие болды. Олар: Әбу-Бәкір, Омар, Осман және Әли. Олардың заманында Ислам діні әлемдік дінге айналды.Ислам Арабияның.шегінен шығып кетті.

Тарихта ең тұтқиыл саяси және теориялық мәселелердің бірі - жоғары билік туралы мәселе еді. Алланын, әмірін ғана орындап келді дейтін пайғамбар дүние салды. Оның орнын басқа халифтер адамдардың кұран мен сунна сүрелеріне сәйкес өмір сүруін қадағалап отыруға тиіс болды. Алайда, халиф болуға қандай адам лайық деген мәселе жұртты қатты толғандырды. Бұл ту­ралы мұсылмандар арасында әуел бастан-ақ аяусыз айтыстар өршіді. Үшінші халиф Османды халиф болуға лайық емес деген қарсыластары оны өлтіріп тынды, төртінші халиф Әлиді де мұсылмандардың бәрі бірдей мойындамады. Әлиді жақтаушылардың көбі пайғамбарға туыс болу оған және оның ұрпақтарына - әлишілерге - билік жүргізудің ерекше құқығын береді деп есептеді, олардың пайғамбардан мирас болып қалған құдаймен тілдесу қабілеті бар деп, сондықтан құдай мен адамдар арасында елші бола алады және қауымның рухани басшысы, иман болуға, демек саяси көмек болуға да тиіс деп санады. " Исламда суннизм неғұрлым көп тараған ұғым болып келеді. Бұл жолды қуушылар өздерін ахлаз сунна( сунналық адамдармыз) деп санайды. Олар пайғамбар туыстарының билікке ерекше құқылылығын мойындамайды. Кімде-кім алғашқы төрт халифті заңды деп санаса, зандастырылған жинақтағы хадистерді шын деп білсе және олардағы салт-жораларды, төрт мазхабтың түсінігінің біріндегі тұрмыстық және әлеуметтік ережелерді мойындаса, формальды түрде сунниттер деп есептеледі.

Әлемдегі мұсылмандардың көпшілігі суниттерге жатады. Түркілерге ислам дінінің таратылуы арабтардың жаугершілік жорықтарымен бірге VIII ғасырдын басында басталды. Араб әскерлерінің басшыларын тұнғыш ислам дінін уағыздаушы деуге болады. Оған қоса мұ-сылман дінін уағыздаушы мұсылман саудагерлері мен қолөнершілері өз айналымдарында көптеген түркі елдерінде осы дінді таратқандар араб әскерлерінің алдынғы қатарында болды [11].

Түркілердің арасындағы исламның беделі IX—X ғасырларда шамамен 820 жылдан 1000 жылдарға дейін болған қазіргі Түркістанның мәдени облыстары Орта Азиядары Иран Саманид династиясы билік жүргізген кезден басталды; Амудария өзенінің арғы жағында орналасқан арабтардың бұл облыстарында Мауереннахр, Дженд, Хувера, Янгикент қалалары пайда болды.

Араб билеушілері дін таратуға өте қатал келді: жергілікті халықтың көне мәдениеті мен өнерінен жұрнақ қалдырмауға тырысты. Хорезмдік ғалым Әбу Райхан әл-Бируни (973—1048) X ғасырдың басында жазған «Өткен ұрпақтардың ескерткіштері» атты кітабында былай деді: «Кутаиба, бин Мұслім әл-Белиқи» әр түрлі тәсілмен бұрынғының бәрін таратты, жойды: хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын өртеп, бұрынғы дін қызметкерлерін, аңыз-әңгімелер білетін адамдарды, ғылым байлықтарын түгел құртты, хорезмдіктердің исламға дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, оны қазір ешкім де білмейді». Араб билеушілері жаулап алған жерлерінде өздерінің мемлекеттік тәртібін орнатты, жергілікті халыққа ислам дінін қабылдатты, араб тілін, араб әліппесін үйретті, араб мәдениетін таратты. Оқу, білім, өнер, әдебиет - бәрі де араб тілі, араб мәдениетінін. ықпалында болды, сол бағытта дамыды. Исламды қабылдаған Сатұқ Боғра хан бірінші түркі ханы - Қашқардың билеушісі болып есептелді. Ол 955— 956 жылдары кайтыс болған .

Географиялық әдебиеттерде түркілердің арасында исламның таралуы туралы деректер жоқ: тарихшылардың айтуынша исламның қабылдану уакыты- 960 жыл, Бұл дерек Бағдад жазбасында кездеседі, алайда ол туралы ешқандай нақты құжат жарияланбаған. Шын мәнісінде мұсылмандықты бірінші Қарахандықтар династиясы қабылдады. Ол кезде яғни X ғасырдын, аяғына дейін Қарахандықтар Қашқарды билеп тұрды, Самарқан мен Бұхараны жаулап алды. Басқа түркі халықтарының көпшілігі исламды 1043 жылы қабылдады. Баласағүн 940 жылдан бері мұсылман қаласы болып есептеледі. Әрине, жекелеген қалаларда сауданың жандануы бұрын мұсылман емес халықтардың ислам дінін қабылдауына ықпал етті.Ислам буддизм мен христианнан кейін келгеніне қарамастан, әлемдік және нағыз даңқты дінге айналды. Яғни ол бір халықпен шектеліп қалмады. Түркілер арасында исламның беделі үстем болмай тұрғанда, сондай-ақ мұсылман дінінің насихатталуы жеткіліксіз жүргізілген жерлерде - Батыстың бір топ халыктары, Шығыс және Оңтүстік монғолдар христиан дінін қабылдады. Қазір христиан діні тек еуропалықтардың діні болып саналады [12]. Менімше ислам дінінің түркі халықтарының арасында таралуы өзіндік тарихы мен өзіндік ерекше орны бар маңызды тарихи оқиға.