- •1 Мемлекеттік несие түсінігі, нысандары мен сыныптамасы
- •1.1 Мемлекеттік несие түсінігі және оның экономикалық мәні
- •1.2 Мемлекеттік несиенің түрлері, нысандары және әдістері
- •2. Мемлекеттік несие көрсеткіштерін талдау
- •2.2 Халықаралық мемлекеттік несие
- •3 Қазақстан Республикасында мемлекеттік несиені басқару проблемалары және оларды шешу жолдары
2.2 Халықаралық мемлекеттік несие
Өзінің шығындарын жабуға мемлекет шетелдік кредиттерді де тартады. Сыртқы экономикалық байланыстардың қарқындап өсуі халықаралық мемлекеттік кредиттің тез дамуына жеткізіп, соның негізінде сыртқы берешектердің шапшаң өсуіне себепкер болып отыр. Мемлекетгер өзіне қажет қаржы ресурстарын жұмылдыру үшін ұлттық шекарадан тысқары жерлердегі бос ақша көздерін барған сайын белсенді пайдалануда. Компаниялар, банктер, сондай-ақ, әр түрлі елдердің мемлекеттік органдары кредит мәмілелерінің қатысушылары болып отыр.
Халықаралық мемлекеттік несие — халықаралық экономикалық қатынастар сферасында елдердің материалдық ресурстарының қозғалысы, мемлекет дүниежүзілік қаржы рыногында борышкер немесе несиегер ретінде болатын қатынастардың жиынтығы. Бұл қатынастар мемлекеттік сыртқы қарыздар нысанын қабылдайды және ішкі қарыздар секілді олар да қайтарымдылық, мерзімділік және ақылық жағдайында беріледі. Алынған сыртқы қарыздардың сомасы есептелген пайыздармен бірге елдің мемлекеттік борышына қосылады. Мемлекеттік сыртқы қарыздар ақша және тауар нысанында беріледі. Несие субъектісі мемлекеттік уәкілетті органдар арқылы елдер болып саналады.
Халықаралық несие — бірқатар елдер мемлекеттерінің, банктерінің, сондай-ақ басқа заңды және жеке тұлғаларының басқа елдердің мемлекеттеріне, банктеріне және өзге де заңи және жеке тұлғаларына берілетін қарыздары. Сыртқы экономикалық байланыстардың дамуына байланысты халықаралық кредит сферасында мына валюта-кредит ұйымдары барған сайын маңызды орын алып отыр: Халықаралық Валюта Қоры, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі және оның ұйымдары — Дамудың Халықаралық Ассоциациясы, Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі, Халықаралық Қаржы Корпорациясы, Европа Қайта Құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі, Ислам Даму Банкі және басқалары. Халықаралық Валюта Қоры валюта бағамдарын реттеу нормаларын белгілеу және оларды сақтауға бақылау жасау, қатысушы-елдер арасында валюталық шектеулерді жою, оларға төлем баланыстарын реттеу үшін қаражаттар беру арқылы халықаралық сауда мен валюталық ынтымақтастыққа жәрдемдеседі.
Дүниежүзілік банк пен оның ұйымдары елдердің экономикалық дамуын оларға техникалық көмек көрсету мен елдердің экономикалық әлуетін іске асыруға қабілетті жобаларды қаржыландыру арқылы қолдап отырады.
Өзінің мәні жағынан халықаралық мемлекеттік кредит ұлғаймалы ұдайы өндірісті қамтамасыз ету құралдарының бірі болып табылады, бірқатар жағдайда дамушы елдерге экономикалық көмек көрсетудің құралы болып саналады.
Халықаралық несиенің қажеттігі экономикалық заңдардың бүкіл жиынтығымен айқындалады.
Халықаралық кредиттің дамуы мына факторларға байланысты болады:
- еңбектің халықаралық бөлінісі мен экономикалық бірігу;
- өндірістің мамандандырылуы, қауымдасуы;
- елдердің табиги ресурстарымен және жұмыс күшімен әр түрлі қамтамасыз етілуі;
- жеке елдердің экономикалық дамуының біркелкі еместігін жеңіп шығудың қажеттігі;
- дамушы елдерге экономикалық көмек көрсетудің қажеттігі;
-дамушы елдердің дамыған елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастығы.
Халықаралық кредитке берілетін мемлекеттің кредит ресурстары:
- қорланым қорларына жататын мемлекеттік бюджеттердің қаражаттарынан;
- ұжымдық несие қорларынан (ұлттық және халықаралық
банктердің меншікті және тартылынды (тартылған) қаражаттары);
- мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың қаражаттарынан тұрады.
Ақша нысанындағы халықаралық несие ұлттық валюталарда және еркін айырбасталымды валюталарда беріледі.
Халықаралық несиенің функциясы мемлекеттердің сыртқы экономикалық қызметі процесінде тауар және ақша ресурстарын қайта бөлу болып табылады.
Халықаралық несиені пайдалану экономиканың дамуын тездетуге, экономикалық дамудың деңгейлерін теңестіруге, сыртқы сауданың өсуіне, экономикалық бірігуді тездетуге жәрдемдеседі.
Халықаралық несиенің негізгі нысаны сыртқы қарыздар болып табылады. Қарыз қаражаттары сыртқы сауда мәмілелерін жүзеге асыру немесе экспорт пен импортқа жәрдемдесу - сыртқы сауданы несиелендіру үшін пайдаланыладың сыртқы сауданы несиелендіру кезінде кредиттерді беру, пайдалану және өтеу елдердің тиісті бағдарламалары мен бюджеттерінде қарастырылады, мұның өзі оларға өздерінің міндеттемелерін толық әрі бөгетсіз орындауына мүмкіндік береді.
Халықаралық несие нысандарында экономикалық дамуды қолдау мақсатымен шетел мемлекеттері мен көпжақты ұйымдар беретін дамуға ресми көмек ерекшеленеді. Көмек беру мақсаттарының коммерциялық емес сипаты болады, яғни көпжақты валюта-кредит ұйымдары өздерінің пайдасын барынша көбейтуге ұмтылмайды, керісінше құрылымдық жаңғыртуды және экономикалық өсуді қамтамасыз ететін сфераларды қаржыландырады.
Мысалы, Халықаралық валюта қорының несиелері Қазақстанға макроэкономикалық тұрақтандырудың және құрылымдық реформалардың бағдарламаларына, теңгенің бағамын қолдауға беріледі, мұның өзі басқа халықаралық ұйымдар қарыздарының елге түсу шарттарының бірі болып табылады.
Халықаралық экономикалық қатынастар практикасында сондай-ақ, экспорттық немесе "байланыстырылған кредиттер " нысаны қолданылады. Мұндай кредиттерді беру қарызгер-елге нақтылы тауарларды сатып алуға берілетін кредит олардың жеткізілімімен "байланыстырылады". Әдетте байланыстырылған кредиттер жеңілдік жағдайда беріледі, мұның өзі өз еліндегі жеткіліксіз сұранымды тауарларды басқа елдердің рыноктарында қорғаудың қажеттілігінен туады. [7]
Экспорттық несиелері пайдаланудың елдің сауда балансына ықпал жасайтын зардабы болады. Қосымша қаржыландырудың есебінен импорт өседі, ал бұл сауда балансының тапшылығын тудырады немесе көбейтуі мүмкін. Бұдан басқа, экспорттық кредиттер реципиент-елдегі экономикалық өсуге ықпал жасайды, өйткені, біріншіден, тиісті қаражаттарды өндірістік сфераға салуға мүмкін болар еді және болашақта ағымдағы қажеттіліктерді мезеттік қанағаттандырудың орнына табыс өкелер еді, екіншіден, импортталатын тауарлар неғұрлым сапалы және арзан тауарлар ретінде отандық тауарларды ығыстырады немесе оларды өндіруді жаншиды.
Қазіргі жағдайда жабдықты, материалдарды, азық-түлікті сатып алу кезінде дамыған елдерде сыртқы сауда ұйымдары мен сыртқы экономикалық банк контракттар мен келісімдер, соның ішінде өтемдік келісімдер негізінде бұл елдердің банктері мен фирмаларынан алатын банк және коммерциялық кредиттерді пайдаланады. Өтемдік келісімдер - бұл сыртқы сауда келісімдерінің түрі, бұл келісімдер кезінде тауарды сатып алушы оның құнын басқа тауарлар жеткізілімімен телейді. Өтемдік келісімдер, әдеттегідей, шетел банктерінен ұзақ мерзімді кредиттер алуды қарастырады, бұл кредиттердің есебінен шетелдік фирмаларға белгілі бір объектіні салу үшін олардан сатып алынатын тауарлар төленеді. Жеткізілімнің құны салынған объектілер өнімінің экспорты есебінен өтеледі.
Несиені өтеу қабілетін бағалау үшін рейтинг агенттіктері елдің несие рейтингін әзірлейді, бұл орайда мына аспектілерге назар аударылады:
1. Демократиялық саяси жүйені жасаудағы прогресс; мұны демократиялық саяси институттардың тиімділігі, шешімдер қабылдау процесінің ашықтығы, экономикалық реформаларды жүргізуге саяси жолды ұстаушылық және оларды практикалық жүзеге асыруға қабілеттілік деп түсінеді.
2. Қаржылық тұрақтылыққа және экономикалық өсуге жетудегі жетістіктер. Олар өзіне мыналарды кіріктіреді: фискалдық және монетарлық саясаттың тиімділігі, ұлттық валютаның тұрақтылығы мен айырбасталымдығы кезінде инфляцияның төменгі деңгейін ұстап тұру.
3. Нарықтық экономикаға көшудегі професс: экономикадағы жеке меншік сектордың рөлі (мемлекеттік секторды жекешелендірудің дәрежесі, жеке меншік компаниялардың жетістіктері, кәсіпорындардың құрылымын өзгерту, корпорациялық басқарудың тиімділігі, қоғамның салық салуға қатысындағы өзгерістер және төлем тәртібі, экономикалық қызметті ырықтандыру (баға белгілеудің еркіндігі, жаңа отандық және шетелдік компаниялар үшін рыноктардың ашықтығы, сыртқы сауда мен инвестициялық қызметтегі ашықтық), қаржы секторының ахуалы (банк секторының дамуы және оны реттеу, қаржы делдалдығының дамуы, қор рыногының және банктік емес қаржы мекемелерінің дамуы), нарықтық институттардың дамулығы (тиімді инфрақұрылым мен заңнаманың болуы).
4. Сауда ағындарын қайта бағдарлау. Экспорт пен импорттың өсу серпіні мен құрылымы, халықаралық экономикалық сауда ұйымдарына қатысу, қаржыландырудың көзі ретіндегі шетелдік тура инвестициялардың рөлі, менеджменттің деңгейі, технологияларды беру арқылы бағаланады.
Сонғы жылдары Қазақстан Республикасы шетелдерден едәуір кредиттер алды. Сондықтан валюта қаражаттарын ұтымды, үнемді жұмсаудың маңызы арта түсуде. Олар бірінші кезекте тұтынуға арналған тауарларды шығаратын кәсіпорындарды құру және жаңғырту және басым өндірістерді, яғни экономиканы сауықтыру үшін белгіленген құрылымдық саясатты ескере отырып дамыту үшін пайдаланылуы тиіс.
Халықаралық несие несиегер ретінде мемлекет, банк, басқа елдердің жеке және занды тұлғалары алға шығатын халықаралық экономикалық қатынас саласындағы ссудалық капиталдың қозғалысын білдіреді. Осылайша, халықаралық несие - қайтару, мерзімді және ақылы шарттарынын негізінде елдер арасындағы ссуда капиталының қозғалысына қызмет ететін несие қатынасын әр түрлі формаларымен субъектілері бойынша біріктіретін үлкен ұғым. Халықаралық несие жаңа техника, технология, тауар мен қызмет көрсету импортын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ол төлем балансынын тапшылығын (экспорт пен импорттың арасындағы айырмашылықты) жабудың құралына және жинақтаудың (қорланудың) қосымша көзіне айналады.
Шетелдік инвесторлар үшін халықаралық несие басқа елдерге, әсіресе, қосымша инвестицияға мұқтаж дамушы елдерге капитал салудың ең тартымды формасы болып табылады. Бұл несие ең сенімді несие ретінде саналады, өйткені, ол тек компаниялармен, фирмалармен және банктермен ғапа емес, сонымен бірге, үкімет кепілдігімен қамтамасыз етіледі.
Бүгінгі танда Қазақстан, әсіресе, ірі компаниялар, филиалдар және банктер халықаралық несиені жиі пайдаланады. Бұл белгілі бір реттеуді және шектеуді қажет етеді. Әйтпесе өтелмеген берешектердің жинақталуы және сыртқы қарыздың ағымдағы қызмет көрсетуі бойынша өсе түскем төлемдер мемлекеттің қаржылық-валюта жағдайын қиындатып, оны тұрақсыз етеді, тіпті, үкімет, яғни мемлекет тарапынан саяси және экономикалық қысым көрсетілуі мүмкін.
Халықаралық несие делдалдың көмегі арқылы немесе тікелей берілуі мүмкін. Делдал ретінде аса ірі ұлттық және трансұлттық банктер, халықаралық және аймақтық валюталық-несие әрі қаржы ұйымдары алға шыға алады.
Меншік формасы бойынша халықаралық несие мемлекеттік, жеке және аралас несиелерге бөлінеді. Қазақстан жеке халықаралық несиені жиі салады, яғни несиені жекеше компаниялардан, фирмалардан, банктерден алады. Ол қарыз алушы елдің валютасында, үшінші елдің валютасында берілуі мүмкін. Халықаралық несие формасы бойынша коммерциялық (тауарлық) және банктік несиелерге бөлінеді.
Коммерциялық немесе фирмалық несие сыртқы саудамен және қызмет көрсетүлермен тікелей байланысты болады. Оны, әдетте, басқа елдердегі әр түрлі коммерциялық құрылымға ие компаниялар, фирмалар вексельдің көмегімен тауарлы формада береді. Экспорттаушы тауарды тиегеннен кейін аударылатын вексельді (траттаны) импорттаушыға қояды. Импорттаушы коммерциялық құжаттарды алғаннан кейін оның векселін акцептейді, яғни оның төлемін белгілі бір мерзімде төлеуге келісімін береді.
Банктік несиелеу тек экспорт-импорт операциялар бойынша есеп айырысулармен ғана байланысты.
Импорттық банк несиесі - бұл импорттаушы елдің фирмаларына және банктеріне тікелей берілетін несие берушінің елінде қандай да бір тауарларды сатып алуға арналған несие. Сатып алушы несиенің бірнеше формалары бөліп көрсетіледі: бір жолғы контракті бойынша несие, несие желісі, сондай-ақ, өнеркәсіптік және азаматтық құрылғыларға арналған несие, оны құрал-жабдықты жеткізумен береді.
Қазақстанның халықаралык жетекші ұйымға кіруі экономикалық реформаларды жүргізуге қажетті қосымша қаржыға жол ашты. Халықаралық валюта қорымен (ХВҚ) «стендбай» несие аясында 185,6 млн қарыз алудың арнайы құқығы сомасында келісімге қол қойылды.
Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық қайта құру және Даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, Жапонияның экспорт-импорт банкі және өзге де халықаралық қаржы-валюта мекемелері беретін несиені пайдаланады.
Халықаралық несие арқылы ұлғайтылған ұдайы өндірісті қамтамасыз ету, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды дамытудың халықаралық есеп айырысу саласындағы айналыс шығынын үнемдеу, сондай-ақ, капиталдың және шоғырлануын орталықтандырылуын күшейту мақсаттарында капитал елдерге қайта бөлінеді.
Қазақстан 2003-2015 жылдарына арналған Индустриалдық-инновациялық дамудың стратегиясын жүзеге асыруда халықаралық несиені қосымша құны жоғары әрі бәсекеге жарамды ғылыми сыйымдылығы бар өнімдер өндірісінің жаңа машина, құрал-жабдық және технология импорты үшін пайдалануы қажет.
Қазакстандағы компаниялар, фирмалар және банктер бір несие келісімі аясында топтасқан банктердің несие беруін білдіретін бірлестірілген деп аталатын несиені алады. Бұл арада банктердің біреуі бірлестірілген несиені ұйымдастырушы ретінде алға шығып, несиелеуге қажетті қаражатты жинау үшін өзге банктер мен қаржы институттарын тартады (біріктіреді), несие береді әрі қарыз алушылардан қайтарылған несиелерді пайызымен банктерге бөліп таратады.
Бірлестірілген несие банктердің шектеулі несие мүмкіндіктері мен бірінші класты қарыз алушылардың ауқымды қажеттіліктері арасындағы қайшылықты жоюға мүмкіндік береді. [8]
Мемлекеттік кепіпдіктер несиегерлерге Қазақстан Республикасы резиденттерінің өздері алған мемлекеттік емес қарыздар бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде беріледі Қарыздар бойынша Қазақстан Республикасының атынан кепілдіктер беруге Үкіметтің айрықша құқығы бар. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің, жергілікті атқарушы органдарының қарыздар бойынша Қазақстан Республикасының атынан кепілдіктер беруге құқығы жоқ. Қазақстан Республикасының Үкіметінің тапсыруымен мемлекеттік кепілдіктер беруді Қаржы министрлігі жүзеге асырады. Мемлекеттік кепілдіктерді беру жоғарыда аталған Заңда белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Мемлекеттік борышқа қызмет көрсету деп қарыз алудың шарттарынан туындайтын сыйақы (мүлде), комиссиялық және өзге төлемдердің жиынтық төлемақыларын айтады. Борышты өтеу — қарызгердің қарыздың алынған сомасын несигерлермен шарттармен белгіленген тәртіппен қайтаруы, белгіленген тәртіппен борышты құрайтын басқа міндеттемелерді орындауы.
Мемлекеттік борышты басқару сонымен бірге мынадай әдістерді кіріктіреді: қайта қаржыландыру, жаңғырту, мерзімді ұзарту, сәйкестендіру, кемімелі ара салмақ бойынша облигацияларды айырбастау, қарызды өтеудің мерзімін ұзарту, мемлекеттік борыштан бас тарту. Қайта қаржыландыру мемлекеттік берешекті жаңа қарыз шығару есебінен өтеуді білдіреді. Сонымен бірге, бұрын шығарылған қарыздардың орнына бірдей құндық ара салмақпен бағамдық айырмашылықты есепке алмай жаңа қарыздың облигациялары беріледі.
Жаңғырту деп бұрын шығарылған қарыздардың шарттарын табыстылығы бойынша аз жағынан да, көп жағынан да өзгертуді айтады. Бірінші жағдайда үкімет борыш бойынша елеулі шығыстар кезінде, екіншісінде инфляцияның болуы кезінде немесе қарыз облигацияларын сатып алудағы халықтың мүдделігін күшейту мақсатымен істейді.
