Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Омаров Берик1.docx
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
135 Кб
Скачать
☆

3. Ұйымдасқан қылмыспен күресті жетілдіру жолдары

3.1 Ұйымдасқан қылмыспен күресуді жетілдірудің негізгі бағыттары

Мемлекеттік қызметтің бір түрі болып саналатын қылмыстылықпен күрес жүргізу, қашанда өзекті және күрделі мәселенің бірі болып табылады. Бұл қызметті қашанда дұрыс, әрі тиімді жүргізу қажет. Құқықтық әдебиеттерде «заңның тиімділігі» немесе оның бір көрінісі ретінде саналатын «қылмыстылықпен күрес жүргізудің тиімділігі» ұғымы құқықтық ғылымдарда кеш пайда болып, өткен ғасырдың 70 жылдарының бас кездерінен айтыла бастады және құқықтық мәселелерді әлеуметтік жағынан талдауға алу немесе құқықпен реттелуге жататын құбылыстардың әлеуметтік негізділігін ашу тұрғысынан қозғала бастады. Сондықтан бұл мәселені таза құқықтық зерттеулерден көрі құқық социологиясына арналған әдебиеттерден жиірек кездестіруге болады [26, б.209].

Қылмыстылықпен күресті күшейту, оның бағдарламасын жасау, құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Республика Президентінің бірнеше Жарлықтары мен Қаулылары шықты. Мысалы «Коррупциямен және ұйымдасқан түрдегі қылмыстылықпен күресуді күшейтудің шаралары жөніндегі» 1992 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы, «Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Кеңес құру туралы» 1994 жылғы 11 ақпандағы Президенттің Жарлығы, «Қылмысқа қарсы күресті күшейту туралы» 1994 жылғы 11 ақпандағы Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы, «Заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы» 1994 жылғы 9 маусымындағы Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы, «Сыбайлас жемқорлықпен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі Республикалық комиссия құру туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы, «Қылмысқа қарсы күрес және құқық тәртібін нығайту жөніндегі шұғыл шаралар туралы» 1995 жылғы 17 наурыздағы Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы, сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 1995 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығы бойынша қылмысқа қатысушылық нысандары анықталып және алғаш рет арнайы жеке бапта көрсетілді. Бұған заңды негіз туындады. Себебі елдің нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты ұйымдасқан қылмыстылықтың әртүрлі көріністері пайда болып, қарқын ала бастады. Н.М. Әбдіров осы мәселе туралы «соңғы кезде ұйымдасқан және маманданған қылмыстылықтың нашақорлық және наркобизнес саласында өзінің бақылау жүргізуге тырысуы күшейгенін байқауға болады» деген болатын [27, б.19].

1997 жылғы 5 қарашадағы ҚР Президентінің «Ұлттық қауіпсіздікті күшейту, ұйымдасқан қылмыстылықпен және нашақорлықпен күресті әрі қарай күшейту шаралары туралы» Жарлығында бұл қауіпті құбылыспен күресті қарқындатудың алғашқы кезектегі шаралары анықталған [28].

Қазақстан аумағында орын алған 1990 жылдардағы қылмыстылықты ауыздықтау, мемлекеттің қылмыстылықпен күрес жүргізу туралы нақты бағдарламалар мен тиісті заң актілерін қабылдау және оларды іске асыру арқылы ғана тоқтату мүмкін болды және қоғам, жалпы адамзат дамуы үшін зиянды болып саналатын қылмыстылықпен күрес жүргізу қажеттілігі және оны тиімді жүргізу құралдарын анықталды.

Қылмысқа қатысушылықтың, оның ішінде ұйымдасқан нысандарының қазіргі кездегі ерекшеліктерінен мынандай жағдайларды байқауға болады. Қазіргі кезде Қазақстандық ұйымдасқан қылмыстылық бүгінгіше өмір сүрудің тәсілін меңгерген және мұнан 10-15 жыл бұрынғы қылмыстылықпен салыстырғанда айрықша, өзіндік сипаттамасымен ерекшеленеді. Егер 90-жылдары ұйымдасқан қылмыстық топтарға қорқытып алушылық, бандитизм, есірткі саудасы сияқты қылмыстармен айналысу тән болса, қазіргі кезде экономикалық және басқа да пайдақорлық ниетпен жасалатын қылмыстар тән болып келеді. Мұндай топтардың жетекшілері қазір оқыған, жоғары білімді, экономикамен және мемлекеттік қызметтерді жақсы білетін адамдар. Оларға экономикалық қызметтегі ақша ағысының негізгі бағыты, барынша сұранысқа ие тауарлар, мемлекеттік бақылау әлсіз экономика салалары жақсы белгілі.

Ұйымдасқан қылмыстылықты зерттеген ғалымдар әр түрлі профилактикалық әдістер ұсынуда, әсіресе, ұйымдасқан қылмыстылыққтың орын алуына себеп болатын жағдайларды жою туралы жиі пікірлер келтіреді.

Біз өз тарапымыздан ұйымдасқан қылмыстылықтың елеулі бір себебінің бірін тоқтату ретінде елде кәсіпкерлік қызметпен айналысуға оңтайлы жағдай жасауды ұсынамыз. Қазақстанда қазіргі уақытта кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін адамадарды көлеңкелі бизнеске кетуге мәжбүрлейтін заң тарапынан көптеген талаптар мен тексерулер белгіленген. Мұндай заң тарапынан жіберілген ұйымдасқан қылмыстылықтың детерминанттарына кәсіпкерлік қызмет үшін салықтың жоғары болуы, әр түрлі ведомстволық тексерулердің көп болуы, кейбір қызмет түрлерінің лицензиялауға негізсіз жатпауы және т.б жатады. Мұндай ауыртпалық жағдайда кәсіпкерлер өз қызметтерін жалғастырудың әдіс-тәсілдерін іздестіреді және мемлекет назарынан тыс, заңсыз топ құрып, қылмыстық құқықтық тілмен атағанда ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастықтарды құрады. Осындай бағытпен сипаттағанда Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыстық топтарға зорлықпен ұштасқан пайдақорлық қылмыстар емес, таза пайдақорлықпен жасалатын қылмыстар тән. Біздің бұл шешімімізді құптайтындай пікірді өзге де отандық зерттеушілер, мысалы Е.О.Алауханов келтіреді. Ол «Соңғы жылдардағы ұйымдасқан қылмыстылықтың сандық өсімі сапалық өзгерістерге әкелді – белгілі бір қылмыстың түрімен, оның ішінде экономикадағы қылмыстармен айналысуды көздейтін тұрақты қылмыстық топтастықтардың, қылмыстық қауымдастықтардың құрылуына» дейді [29, б.299].

Егер Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыстылық экономикалық сипатта болса, онда жоғарыда аталған кәсіпкерлікпен байланысты қылмыстардың себептерін жойып, яғни адамдарға көлеңкелі бизнеске кететіндей мәжбүрлікті заң жүзінде дұрыстап, мұнан кейінгі қалған ұйымдасқан қылмыстылықтың таза пайдақорлық және пайдақорлық үшін зорлық-зомбылықпен ұштасатын түрлерін бір-бірінен аса ажыратып қарамай-ақ қылмыстық құқықтық күрес құралдарын қатал қолдану керек. Қылмыстылықпен күрестің қылмыстық құқықтық құралдарын қатал қолданудың негізділігі, ол экономикалық сипаттағы ұйымдасқан қылмыстылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесінің жоғарылығымен, яғни заңсыз экономикалық әрекеттердің кең ауқымдылығымен, ұйымдасқандық сипатымен ғанан емес, оның сыбайлас жемқорлықты тарататындығымен, мемлекеттің экономикалық ахуалын, күшін әлсірететіндігімен, сонымен қатар өзге адамдарды қылмыстық әрекеттерге қарапайым қатысушы немесе жетекшілердің одағы ретінде тартатындығымен анықталады.

Мемлекеттің экономикалық қызметі көп салалы және осындай қарапайым себепке байланысты ұйымдасқан экономикалық қылмыстылықта әр салалы болып келеді. Р. Тлеухан ұйымдасқан экономикалық қылмыстылықтың әсер ету аумағын анықтай отырып «Қазіргі уақытта экономикалық қызметтің қылмыстануының барынша қауіпті бағыттарына мыналар жатады:

1) ақша-несие қатынастары және банкі қызметі саласындағы қылмыстар;

2) бағалы қағаздар рыногіндегі қылмыстар;

3) сыртқы экономика қызметіндегі қылмыстар;

4) тұтыну рыногі саласындағы қылмыстар;

5) мемлекеттік және муниципиальдық мүліктерді жекешелендіру саласындағы қылмыстар;

6) салықтық қылмыстар» [30, б.95].

Осыдан-ақ экономикалық қылмыстармен, оның ішінде оның ұйымдасқан насандарымен күресу оңай жүргізілетін күрес емес екендігі көрініп тұр, егер кейбір ғалымдардың сөзіне сенсек, онда елдің экономикалық жағдайын көтерумен де бұған жету мүмкін емес. Ресей ғалымы В.Г. Гриб «Жағдайдың оңалғанының өзінде, елдің экономикалық жағдайының жақсаруы өзінен-өзі ұйымдасқан қылмыстылықты азайта алмайтындығын есте ұстау керек. Бұл әдетте оның әрекеттерінің нысанының өзгеруіне және зорлықпен жасалатын бағыттарының азаюына ғана әкеледі» дей отырып, нарықтық экономикалық қоғамда экономикалық сипаттағы ұйымдасқан қылмыстылықсыз өмір сүру мүмкін емес дегендей пікір келтіреді [31, б.38]. Мұндай жағдайда экономикалық қылмыстардың деңгейін барынша азайту бағытындағы мемлекеттік шараларды ұйымдастыру қажет сияқты, ол үшін әсіресе мемлекеттік бюджет қаражаттарына қатал бақылау және мақсатты жұмсау талабын арттыру керек. Қазірдің өзінде Қазақстанда екінші деңгейдегі банкілерден берілетін мемлекет қаражаттары бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қаржы полициясы органдарының бақылауы белгіленді. Бұл шара біздің және басқа да зерттеушілердің тарапынан қолдау табуда. Мысалы М. Әлжаппаров «Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің бір бағыты республикалық бюджет қаражаттарын мақсатты жұмсау бойынша тиісті мемлекеттік құқықтық бақылауды қамтамасыз ету болып табылады. Есеп комитетінің ревизорларымен өткізілген бақылау барысында 2006 жылғы бюджет шығдындары бойынша 524 объектілерде 51 миллярд тенгеге заң бұзушылық байқалған» деген дерек келтіреді.

В.Г.Грибтің жоғарыдағыдай пікіріне күмәнмен қарап керегі жоқ сияқты, себебі экономикалық бағыттағы ұйымдасқан қылмыстылықтар нарықтық экономикасы ертеден қалыптасып, қазір дамыған, алдыңғы қатарлы деп саналатын елдерде де кездеседі. Мұндай жағдайда ұйымдасқан қылмыстылықты, әсіресе қазіргідей мемлекетке жұмыс істеудің міндетті емес, әр кім өз еңбегімен өз қажеттілігін қанағаттандыратын заманда қылмыстылықтың да болатындығын, оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың экономикалық бағыттағы түрлері феномен ретінде сақаталатындығын мойындау керек. Бұл жағдайды әдетте жалпы қылмыстылықтың ішінде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының көп болу заңдылығындай көруге болады. Ұрлық қылмысы мынандай қарапайым себепке байланысты жалпы қылмыстылықтың ішінде үлкен үлес салмағын иеленеді, біріншіден, бөтеннің мүлкін ұрлау жасырын түрде жасалады, себебі ұры жасырын әрекет ету арқылы жауаптылықтан құтылып кеткісі келеді, екіншіден, ұрлық пайдақорлық ниетпен жасалады, себебі адамды қылмысты әрекеттерге көбінесе заңсыз пайда табу итермелейді. Бұл екі қылмыстылықтың, яғни экономикалық бағыттағы ұйымдасқан қылмыстылықпен бөтеннің мүлкін ұрлаудың арасына теңдік белгі қоя отырып, ұйымдасқан қылмыстылықтың кез-келген түрін азайтуға болатындығын жоққа шығармаймыз.

Қылмыстық іс жүргізу құқығы негізінде де тергеу және істі сотта қарау қызметтері бойынша қылмыстылыққа қарсы тосқауыл қою бағытында мемлекеттік күресті үйлестіру, барынша оңтайлы жүргізу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.

Қылмыстылықпен, оның ішінде әсіресе ұйымдасқан қылмыстылықпен күрес жүргізу стратегияларын жедел-іздестіру қызметі аясында барынша кең қолдануға болады. Сонымен қатар біздің байқауымызша қылмыстылықпен күрес мәселесі жан-жақты тәсілдерді қолдануды талап ететіндіктен заңда арнайы көрсетілмеген шаралар түрінде де жүргізуге болады. Мысалы ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері арасынан мәлімет беретін адамдар іздестіру немесе олардың арасына агенттер жіберу сияқты тәсілдер заңда арнайы көрсетілмеген, бірақ мұндай шаралар іс жүзінде қолданылуда. Мұндай агенттердің міндеттері ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелерін, олардың әсер ету аумағын толық анықтау, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ішінен көмек көрсететін адамдарды табу, жасаған қылмыстарының саны мен түрлерін білу болып табылады.

Ұйымдасқан қылмыстылықпен күрес жүргізу стратегиясыда қылмыстық саясатта ауқымы бойынша кең ұғым болып саналатындықтан, неге күрес жүргізу стратегиясы қылмыстық саясаттың құрамында анқталуы керек деген сұрақ туындайды. Бұл мәселеге жауап ретінде «қылмыстық саясат» ұғымы біріншіден, қылмыстық құқықтық және соған байланысты ғылыми ұғым болып табылатындығын, екіншіден «стратегия» қылмыстылыққа тосқауыл қою және өмір сүріп отырған қылмыстық топтарға қарсы күрес шараларын көздейтіндігін, ал «қылмыстық саясат» бұл айтылғандармен қатар, қылмыс және жаза мәселелеріне қатысты қылмыстық құқықтық нормаларды да жетілдіруді көздейтіндігін ескеру керек. Қылмыстық саясат ұғымы қылмыстылықпен күрес жүргізу стратегиясы ұғымына қарағанда ғылыми және ауқымды ұғым ретінде ерте уақыттардан, біздің білуімізше атақты неміс криминалисті Анселман Фейрбахтың 1840 жылы қолдануынан бастап өмір сүріп келе жатыр. Осылай дегенмен де «қылмыстылықпен күрес жүргізудің стратегиясы» өзінің нәтижелілігін, пайдалылығын көрсетуіне байланысты алдағы уақыттарда жеке зерттеулерге алынатын сияқты. Себебі бұл ұғымның көлемінде қандай мемлекеттік шараларды ескеру қажет екендігі әзірге толық белгілі емес. Сонымен қатар қазіргі кездерде әсіресе ұйымдасқан қылмыстылықпен күрес бойынша қолданылған күрес стратегиясы арнайы ғылыми негіздеуден өтпеген және ғылыми баға берілмеген құқық қорғау органдарының қызметі түрінде қалып бара жатыр. Бұлай деуіміздің себебі, әзірге қазақстандық зерттеушілер тарапынан «қылмыстылыпен күрес жүргізу стратегиялары» туралы ғылыми зерттеулер, оны тиімді жүргізудің амалдары белгіленген еңбектер жоқтың қасы. Біз бұл бөлімде бұрынғы және қазіргі кездердегі қылмыстылықпен және ұйымдасқан қылмыстылықпен күрсеті оңтайлы жүргізу бағытындағы мемлекеттік қызметке сүйене отырып, баға беріп және оның ауқымын көрсетіп отырмыз. Құқық қорғау органдары қызметі арқылы жүргізілген бұл мемлекеттік шараларға әзірге ғылыми жұмыстардың жемісі деп баға беруге болмайды. Бірақ бұл жұмыстардың табысты жүргізілгеніне қарай отырып, қылмыстық құқықтық ғылымдар назар аударатын жағдайын жуық арада көруге болатын сияқты.

Қылмыстылықпен күрес жүргізу стратегиясы қылмыстық саясаттың құрамында өмір сүре отырып, қылмыстық заңда және оны қолдану практикасында, сонымен қатар қылмысты әрекеттермен және орын алуы мүмкін қылмысты мінез-құлықтармен күресте, құқық қорғау органдарының жүйесінде, жалпы қоғамда өзгерістердің орын алуына түрткі де болуы мүмкін. Мұндай өзгерістерді қылмыстардың топтары немесе салалары бойынша мамандандырылған органдардың құрылуынан да көрге болады.

Біздің ойымызша қылмыстылықпен және оның жекелеген түрлерімен күрестің стратегияларын белгілегенде, біріншіден қазіргі қоғамның негізгі күштерін анықтау керек сияқты. Қылмыстылықпен күресудің бұл стратегиясы бойынша Қазақстанда «қаржы полициясы» деп аталатын экономикалық қылмыстармен күресуді өзінің негізгі міндеті ретінде таныйтын арнайы, мамандандырылған орган бар. Жалпы Қазақстанның қылмыстылықпен күрес бойынша жүргізіп отырған стратегиясын қандай да бір деңгейде дұрыс деп, оны қолдауға болады, себебі қылмыстылықпен және өзге де құқық бұзушылықтармен күрес бойынша Қазақстан саясаты белгілі бір қылмыстылық түрлері бойынша мамандандырылған орган құруды ұстанады. Мысалы кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы бойынша ювениальдық юстиция құру сияқты. Өз кезегінде «қазіргі қоғамның қылмыстылыққа қарсы негізгі күштері» ұғымының көлемінде қоғамның әлеуметтік-экономикалық қорларын пайдалануды ұсынамыз, яғни қоғамның қай саласында қылмыстылық қарқын ала бастаса сол салаға өзгерістер енгізу. Мысалы егер экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар көбейе бастаса, онда қылмыстылықтың себептерін жою, заң талаптарын айналып өту сияқты әрекеттерге тосқауыл қою үшін экономикалық өзгерістерді енгізу.

Ұйымдасқан қылмыстылықпен және бүтіндей қылмыстылықпен күресудің стратегияларының бірі елде өркениетті, дамыған қоғам құру болып табылады. Мұндай жағдайда «өркениетті қоғам» деген ұғым қоғамның барлық саласын және халықтың барлық деңгейін қамтығандықты білдіруі керек. Бізге қылмыстылықпен күрестің бұл стратегиясы қоғамдық және жекелеген мүдделерді қорғауды өзінің міндеті ретінде таныйтын қылмыстық, әкімшілік сияқты құқық салаларының мазмұны мен мағынасында бар сияқты.

Келесі мәселе ретінде қылмысқа қатысушылық инстиутының қылмыстық заңның, әсіресе Ерекше бөлімінің нормаларын қолдануға әсерін талдап кету керек.

ҚК Ерекше бөлімінің баптарында ҚК 31-бабында келтірілген алдын ала келісімсіз топ адамдардың қылмыс жасауы, алдын ала келісіммен топ адамдардың қылмыс жасауы, ұйымдасқан топ, қылмыстық қауымдастық деп аталатын жауаптылықты ауырлататын немесе кейде аса ауырлататын құрамдардың келтірілуі қаншалықты негізді деген сұрақ туындайды1. Топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылыққа жалпы түсінік ретінде ҚК 31-бабында, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың түрлері ретінде ҚК 54-бабында келтірілген2. Қылмыстық заңда әдетте мұндай жағдайда Жалпы бөлімде келтірілген мән-жайлар Ерекше бөлімдегі қылмыстарды жасау барысында орын алса, Жалпы бөлімге сілтеме жасалады, соның негізінде жауаптылықта жеңілдетіліп немесе ауырлатылып тағайындалады. Н.П. Водько «Ерекше бөлімнің нормаларындағы ұйымдасқан қылмыстық әрекеттердің қоғамға қауіптілігі екі тәсілмен көрінеді. Біріншіден, қылмыстық әрекеттердің ұйымдасқандығы бір неше ауыр немесе аса ауыр қылмыстардың міндетті белгілерінің бірі болып саналады, екіншіден, қылмысты ұйымдасқын қылмыстық топпен жасау ҚК Ерекше бөлімінде келтірілген көптеген қылмыстардың жауаптылықты ауырлататын белгісі болып табылады» [32, б.28]. Біз бұл мәселені жеке мақала түрінде зерттеп, «қылмысқа қатысушылықтың ұйымдастырылған тобы және қылмыстық қауымдастықсияқты нысандары қоғамға қауіптілікті күшейтеді және ауыр қылмыстар қатарына жатқызылады. Ал жай және күрделі қылмысқа қатысу нысандары, нақты заңда көрсетілген реттерде ғана, мысалы, ҚР ҚК көрсетілген ауыр қылмыстарды жасау және ҚК Ерекше бөліміндегі арнайы жеке баптардың бөлімдерінде көрсетілген реттерде қоғамға қауіптілікті күшейтеді деп тұжырым» жасаған болатынбыз. Біз әлі де осы пікірдеміз, бірақ бұл пікірге қазіргі қылмыстық заңның бағыты сәйкес келмейтіндіктен және сот-тергеу органдары қызметкерлерінің жұмысын қиындататындықтан мәселені шешудің нұсқасын қарастырып көрмекшіміз.

ҚК Ерекше бөлімінің баптарында «адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, ұйымдасқан топ» деп, қылмысқа қатысушылықтың нысандарын баптың әр түрлі бөлімдерінде, кейде бір бөлімінің бір пунктінде үтір арқылы тізіп жауаптылықты ауырлататын белгі ретінде келтіру кездеседі. Егер қылмыстық кодексте келтірілген бұл жағдайды топтастырсақ, онда қылмысқа қатысушылық нысандарының жауаптылықты ауырлататын 6 түрлі жағдайын кездестіруге болады.

Біріншісі. «Адамдар тобының қылмыс жасауы» деген нысан Ерекше бөлімнің тек екі бабында ғана жауаптылықты ауырлататын құрам ретінде келтірілген екен. Олар 149-баптың 2 бөліміндегі тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу және 174 баптың 2 бөліміндегі әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, немесе діни араздықты қоздыру1.

Заң әдетте «адамдар тобының қылмыс жасауы» деген сөзді қолданғанда, бұл қылмыстың алдын ала келісімсіз және алдын ала келісіммен де жасалатындығын ескереді. Мұндай жағдайда келісім болды ма, болмады ма ол жауаптылықты белгілеуге әсер етпейді, екеуі де осы бөліммен сараланады дегенді білдіреді.

Екіншісі. «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен» деген жауаптылықты ауырлататын құрам Ерекше бөлімдегі 36 қылмыс түрі қарастырылған. Мұндай жағдайда жоғарыда айтылғандай, «адамдар тобының қылмыс жасауы» деп келтірмей, алдын ала келісімнің болу жағдайын неліктен көрсеткен деген сұрақ туындауы мүмкін. Біз мұның себебін кейбір ұрлық сияқты қылмыстар бойынша қылмысқа қатысушылық болуы үшін субъективтік белгі ретіндегі ой бірлестігінің болуын білдіретін «екі жақты субъективтік байланыс» деген ұғымның қажеттілігіне байланысты деп ойлаймыз. Қылмыстық құқықтағы кейбір қылмыс түрлерінде кем дегенде екі адамның арасында әрекет байланыстары ғана емес, сонымен бірге екі жақты субъективтік байланыстар (демек қылмыстың орындалуы туралы ой-ниеттерінің бірлескен, келісімді болуы) қажет етіледі. Егер осындай қылмыстарда алдын ала немесе кем дегенде қылмыстың зардабы туындамай тұрып келісім болмаса, онда қылмысқа қатысушылық болмай, әр адам жеке-жеке жауаптылыққа тартылады. Демек, заң алдын ала келісімнің болуы қажет екендігін көрсете отырып қылмыстық құқық теориясындағы талаптарды сақтаудың қажеттілігін көрсеткен.

Заңның мазмұнынан қылмысқа қатысу нысандарының ішінен алдын ала келісіммен және ұйымдасқан топпен жасалған қылмыстарды жауаптылықты ауырлататын құрам ретінде көрсеткендігін байқауға болады. Бұл бір жағынан дұрыс та сияқты, өйткені қылмысқа қатысушылықта алдын ала келісіммен қылмыс жасау көп кездеседі, сондай-ақ ұйымдасқан топта осындай көлемде кездесе алады. Бұл біріншіден, екіншіден заң баптың әдетте екінші бөлімінде алдын ала келісіммен жасалған қылмыстар үшін жауаптылық көрсетсе, ал үшінші бөлімінде ұйымдасқан топпен жасалған әрекеттерге жауаптылықты арнайы қарастырған. Жауаптылықты белгілеудің мұндай тәсілі бойынша қылымстық заңда кемшіліктер кездеседі. Мысалы 385 баптағы жалған құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді, мөрқағаздарды, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау немесе өткізу қылмысына тек алдын ала келісімен жасалған әрекеттер үшін жауаптылық келтірілген1. Бұл қылмыс ұйымдасқан топпен де жасалады, себебі осындай жалған құжаттарды дайындау және оны өткізу үшін бір неше адамдар тұрақты түрде әрекеттер жасауы әбден мүмкін. Бірақ бұл баптың мазмұнында ұйымдасқан топ неге келтірілмеген. Түсініксіз.

Үшіншісі. Қылмысқа қатысушылықтың қауіпті нысанының бірі «ұйымдасқан топ» болып саналады. Бұл қылмысқа қатысу нысаны 42 қылмыс түрінде жауаптылықты ауырлататын құрам түрі ретінде кездеседі.

Заң шығарушы бұл баптарда ұйымдасқан топты жеке бөлімде көрсете отырып, оның осы қылмыстар бойынша қоғамға қауіптілігі жоғарылайды деген түсінік береді.

Қылмыстық заңның осы баптарына қарай отырып, оның кейбір баптарында ұйымдасқан топ деген жауаптылықты ауырлалатын белгі қажетсіз келтірілген сияқты. Мысалы автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз айдап кету үшін жауаптылық қарастыратын 185 баптың 3 бөлімінде ұйымдасқан топ келтірілген. Біздіңше бұл қажетсіз, себебі пайдақорлықсыз, жай бұзақылық немесе өзге де ниеттермен бөтеннің автокөлігін айдап кету үшін ұйымдасқан топтың құрылуы қажет пе ? Меніңше еш қандай да қажеттілігі жоқ. Адам ұрлау мақсатынсыз бір жаққа жетіп алу үшін біреудің көлігін айдап кетуді тілесе, ол үшін ұйымдасқан топ құрмайды.

Жоғарыда 385-бапта қажет сияқты болып тұрған ұйымдасқан топты келтірмеген заң шығарушы, енді 200-бапта қажетсіз келтірген. Мұндай 200- баптағы сияқты жағдайлар елеусіз кемшіліктер емес, бұл жағдай жұмыс істемейтін, өлі нормаларды білдіреді. Осындай қажетсіз ауырлататын құрам 271- баптағы теңіз қарақшылығында да кездеседі. Бұл баптың 3 бөлімінде ұйымдасқан топпен жасалған теңіз қарақшылығына жауаптылық белгіленген. Теңіз қарақшылығы өз тарихында қашанда қарақшы топ адамдармен ғана жасалған және оған тұрақты, ұйымдасқан қылмыстық топ тән болып саналады. Ал заңның бұл бабынан теңіз қарақшылығы әдетте бір адаммен жасалады, кейде ұйымдасқан топпен де жасалуы мүмкін деген түсінік шығады. Бұл қылмыс қылмысқа қатысушылықтың бір түрін білдіреді, сондықтан «ұйымдасқан топ» деген белгіні 271-баптан алып тастау керек2.

Ұйымдасқан топ деген жауаптылықты ауырлататын құрамдар 302-баптағы есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтыну үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау, 309-баптағы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық, 310-баптағы дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау сияқты қылмыстар үшін де баптың 2 бөлімінде қажетсіз келтірілген1. Себебі осы баптардың атауындағы «ұйымдастыру» деген сөздің қолданылуының өзі осы қылмыстар ұйымдасқан топпен жасалатындығын білдіреді. Притонды бір адам ұйымдастырып, оны бір өзі ұстап тұра алмайды, оның қарамағында бір неше адамдар болады және олардың барлығы да притонды ұстап тұру үшін жұмыс істер жүргендігін біледі. Бұл қылмыстар да ұйымдасқан топтың жеке қылмысты білдіретін түрлері болып табылады, сондықтан бұл баптарда да мұндай ауырлататын құрам мүлдем қажет емес.

Төртіншісі. Қылмысқа қатысушылықтың адамдар тобын, адамдар тобының алдын ала келісімін, ұйымдасқан топты үтір арқылы тізіп, бір баптың бір бөлімінде келтіру мынандай 10 қылмыс түрінде кездеседі. Қылмысқа қатысушылықтың үш нысанын бір бөлімде келтіре отырып, заң шығарушы олардың қоғамға қауіптілігін және жауаптылық белгілеуді бір келкі анықтаған. Мысалы кісі өлтіру қылмысы алдын ала келісісіз немесе келісіммен, сондай-ақ ұйымдасқан топпен жасалсын, қылмысты әрекеттердің қауіптілігінен айырмашылық көрмей, 99-баптың 2 бөліміндегі 10 жылдан 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын әр түрлі деңгейде қолдануды соттардың жаза тағайындау практикасына қалдырған2. Басқаша айтқанда, жоғарыда аталған қылмыстар бойынша адамдар тобының, адамдар тобының алдын ала келісіммен жасаған қылмыстарын, ұйымдасқан топтың қоғамға қауіптілігін заң бір келкі анықтаған. Бұл жағдайда да заң шығарушының ауырлататын белгіні қажетсіз қосуы кездеседі. Мысалы ҚК бұзықылық үшін жауаптылық белгілейтін 293-бапының 2 бөлімінде топ адамдардың жасаған бұзақылығы мен қатар ұйымдасқан топ жасаған бұзақылық үшін де жауаптылық келтірген.3 Заң шығарушының бұл жердегі пікірі түсініксіз. Бұзақылық өте сирек жағдайларда болмаса, алдын ала келісімсімсіз жасалатын, соған орай ұйымдасқан топтағыдай бірудің ұйымдастырушылық әрекеттерінсіз және арнайы бір ниет түрінсіз жасалатын қылмыс болып табылады. Бұзақылық қылмысы көбінесе жастардың, оның ішінде кәмелетке толмағандардың қолымен жасалатын, тек ішімдіктің салдарынан ересек адамдармен жасалуы кездесетін қылмыс түрі болып саналады. Сондай-ақ пайда табу сияқты әдетте кездесетін ниет түрі болмайды. Осындай бұзақылық қылмысының сипаттамаларына қарағанда, бұзақылық жасау үшін ұйымдасқан топ құрудың қаншалықты қажеті бар деген сұрақ туындайды. Осындай негіздемелерге сүйеніп біз бұл 293-бапта ұйымдасқан топ ауырлататын құрам ретінде қажетсіз келтірілген деп санаймыз.4

Бесіншісі. Адамдар тобының алдын ала келісіммен және ұйымдасқан топпен жасаған қылмыстары бір баптың бір бөлімінде 16 рет кездеседі.

Заң шығарушы алдын ала келісім жағдайын көрсете отырып, бұл қылмыстар бойынша алдын ала келісімсіз әрекет жасаудың қылмысқа қатысушылыққа жатпайтындығын немесе алдын ала келісімсіз әрекеттер жасаудың мүмкін еместігін, сонымен қатар әдетте алдын ала келісім тән болатындығын меңзеп тұрғанын байқау қиын емес. Бірақ заң шығарушы бұл екі қылмысқа қатысу нысанын баптың бір бөлімінде көрсете отырып, жауаптылықты бір келкі қолдануға мүмкіндік берген. Әдетте зерттеушілер ұйымдасқан топ тұрақтылық белгісімен сипатталатындықтан, оны қылмыстық қауымдастықтың қауіптілігі деңгейіне жақындататын. Ал бұл құрамдарда тұрақтылық белгісін иеленбейтін алдын ала келісіммен қылмыс жасауды одан қауіптірек болып саналатын ұйымдасқан топпен жақындатқан.

Заңның қылмысқа қатысушылық нысандарын жауаптылықты ауырлататын құрам ретінде осы сияқты келтіруінде түсініксіздік кездеседі. Бір баптың әр түрлі бөлімдерінде ұйымдасқан топты екі рет келтірудің қаншалықты қажеттілігі болған. Мысалы 337-баптың екінші бөлімінде «Адам өзінің қызмет бабын пайдаланып немесе адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе ұйымдасқан топ жасаған дәл сол әрекет1» дей отырып, жауаптылықты ауырлататын құрам келтірсе, осы баптың үшінші бөлімінде де «Осы баптың бірінші және екінші бөлімдерінде көрсетілген әрекеттер ірі мөлшерде зардап келтіре отырып немесе ұйымдасқан топпен жасалса» деген жауаптылықты аса ауырлататын құрам келтіріп, ұйымдасқан топты тағы да көрсеткен. Бір таңғалатын жері, ол Қылмыстық кодекстің бастапқы қабылданылған кезінде үшінші бөлім болмай, бұл ұйымдасқан топты қайталайтын үшінші бөлім 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-111 ҚР Заңымен енгізілген. Соған қарап мұны техникалық кателік деп айтуға да келмейді. Егер техникалық қателік деп түсіну керек болса, онда екінші бөлімдегі ұйымдасқан топты үшінші бөлімге көшіру қажет болып, бірақ әлі күнге дейін екінші бөлімнен алынбай жүруі мүмкін. Бірақ мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес сияқты [10, б.107].

Үшінші бөлімнің мазмұнына қарай отырып, ірі мөлшерде зардап келтірген ұйымдасқан топтың әрекеттерін көрсетіп отырған шығар деп ойлауға да болады. Бірақ кодексте ірі мөлшер және ұйымдасқан топ сөздерінің арасына «немесе» деген сөз қойып бұлардың бір-біріне қатысты емес екендігін көрсеткен. Егер «ірі мөлшерде зардап келтірген ұйымдасқан топтың әрекеттері» деп көрсеткенменде қате болар еді, өйткені қылмысты саралаудың ережесіне сәйкес, «ұйымдасқан топ» ұғымы өзінің қауіптілік дәрежесі бойынша ірі мөлшердегі зардаптарды да қамти алады. Яғни «ірі мөлшердегі зардап» және «ұйымдасқан топ» бір баптың бірі бөлімінде жеке-жеке пункттерде келтірілсе және ұйымдасқан қылмыстық топ ірі мөлшердегі зардаптар келтіре отырып қылмыс жасаса, онда әрекет бірден ұйымдасқан топ көрсетілген пунктпен сараланады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]