Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Табанды_KZ.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1 Мб
Скачать
☆

Алтыншы тарау Әскери-әуе күштері

Мектепте өткен бітіру кешінде менің есімде қалатындай ерекше жағдай болған жоқ. Мен куәлігімді алдым, оны анама мақтанышпен ұсындым, ал бір-екі аптадан кейін мен мектептегі жолдастарыммен бірге Ұлттық гвардияға жалдандым. Бізге «жолдастық жүйенің» арқасында әскерде де ажырамайсыңдар деп уәде берді. Алайда, бәрі де әскерде орнатылған тәртіп бойынша болды: оқу бөліміне бөлген кезде, біздің тобымызды бірден бөліп тастады. Менен басқа достарымның бәрін — Леклендтегі авиабазаға бөлді. Жоқ, бұлай болмайды деп ұйғардым мен — біз сарбаздар жасағымыз ғой, сондықтан біздің бірге болуымыз қажет! Мен жергілікті жасақтаушы Әскери әуе күштерінің капитанына барып:

— Мен өзімнің достарыммен бірге Леклендке барғым келеді! — деп айтып салдым .

Ол үлкен бума қағаздың ішінен бір нәрсені іздеуін жалғастырып отырып, басын көтерместен: — Мүлдем болмайды, — деп жауап берді.

— Сіз маған «жоқ» деп айта алмайсыз, мырза, — дегенімде, капитан тіп-тіке маған қарады, сол кезде мен жылдам: — Сізді құрметтеймін мырза, бірақ мен үшін «жоқ» деген сөз болмайды, – деп қостым.

Ол маған басымнан аяғыма дейін қарап шығып, жымиды да:

— Дегенмен, бір амал бар сияқты, — деді.

— Тыңдап тұрмын, мырза?

— Сенің Әскери әуе күштеріне жалдануыңа болады, сонда сен өзіңнің достарыңмен бірге боласың.

— Мен… жалдана аламын ба?…

— Жалдана аласың, жалдана аласың.

— Мен … жалдана аламын …

— Бәрі дұрыс, сен жалдана аласың.

— Әскери әуе күштеріне ме?

— Дәл солай. Әскери әуе күштеріне.

Екі ойлы болып, мен өзімнің өмірімнің келесі төрт жылын әскери казармада өткізудің не екенін — көз алдыма елестетіп көруге тырысып, таңдайымды тақылдаттым. Менің ойыма мені жігерлендіретін ешнәрсе келе қоймады. Капитан өзінің үлкен бума қағазын қайтадан аударыстыруды жалғастырды.

Өзім де күтпеген жерден:

— Келістім! — деп айта салдым.

Капитан жымиып қойды.

Көп уақыт өтпей жатып-ақ, мен жауынгерлік ант қабылдадым. Алайда, мен антты қабылдап жатқанда, мені: «Эх, сен бұған бекер келістің...», – деген ой мазалаумен болды.

Алайда, көп кешікпей Әскери әуе күштеріндегі қызмет мен ойлағандай, қатты ауыр емес болып шықты. Мен әскери дайындықты екі апта бойына өзімнің достарыммен бірге өткіземін деген мақсатыма қол жеткіздім (әскери қызметке бару үшін, ерекше себеп екенін мойындау қажет), ал кейін тікелей әскери бөлімде болған кезде, мен сол жерден үйрену керек болған нәрсенің бәрін үйреніп алуды ұйғардым. Мен техникамен жұмыс істегенді ұнататынмын, сондықтан С-124 тасымалдау ұшақтарын жөндейтін және қызмет көрсететін, Делавэр штатының, Дувр қаласындағы Әскери әуе күштерінің базасына авиамеханик болып тағайындалдым.

Алайда, жоғарыда отырған бастықтар, менің қабілеттілігімді жақсылап қолдануды ұйғарды. Спорттағы жетістіктерімнің арқасында мені бірден өзімнің бөлімімнің баскетбол командасына қосты, командамен бірге біз басқа авиабазадағы командалармен жарысып, бүкіл Шығыс жағалауды аралап шықтық. Білесіз бе, біз бірнеше ойынды өткізу үшін тіпті Бермудыға дейін барып қайттық! Спорттық командада болу үлкен құрмет болып саналады, сондықтан біздің взводтың сержанты Уильямс, маған әрқашан жеңілдік жасауға дайын болатын.

Алайда, анда-санда өзімнің механик ретіндегі міндеттерімді атқаруыма да тура келетін. Бірде екі техник С-124 ұшағын жөндеп жатқан, аспалы тұғырнаманың маңындағы жөндеу ұшақжайы арқылы өтіп бара жатып, мен біреудің ескерту жасап жатқан дауысын естідім. Басымды көтеріп, менің үстіңгі жағымда жұмыс істеп жатқан адамдардың — пайдаланылған ауыр құбырды қолдарынан түсіріп алғанын көріп үлгірдім. Алайда, менің жалтарып қалуға немесе басқа жаққа қарай секіруге мүмкіндігім болмады, сөйтіп құбыр менің дәл басыма келіп түсті. Менің көзім қарауытып, ешнәрсе көрінбей қалды… ал содан кейін көзімді ашсам, Филадельфиядағы флоттың госпиталында жатыр екенмін. Әр түрлі анализдер мен тексерулер созылып кетті, ақыр аяғында менің жарақатымның айтарлықтай күрделі екені анықталды: оң жақ мидың ісінуі. Дәрігерлер бір жарым ай бойына күні-түні емдеп болып, ары қарай бақылау үшін мені госпитальда қалдырды — басқаша сөзбен айтқанда, мен әр күні таңғы сағат сегізден кешкі беске дейін госпитальда болуым керек. Қалған уақытта боспын.

Кейде мен пойызға отырып, авиабазадағы достарыммен кездесу үшін Дуврға кететінмін, көбінесе көрші әскери бөлімдегі клубта жәй бос сенделіп жүретінмін. Қайырымдылық ұйымдарынан келген кезектегі жәрдемді іріктеп жатқан, жасы үлкен бірнеше әйелдердің арасынан бейтаныс қызды байқап қалған күні мен бірнеше кезекші медбикелермен әңгімелесіп отыр едім. Сонда мен оған, - «Мынадай сүп-сүйкімді қыз кәрі кемпірлермен бірге не істеп жүр екен?» — деген қызығушылықпен қарадым. Медбикелерден кешірім сұрап, орындықтан тұрдым да, әлгі әйелдер тұрған жерге жақын келіп:

— Сәлем, менің атым Джош, — дедім. Ол үндемей басын изеді.

«Хм, онша әңгімешіл емес сияқты», — деп ойладым да:

— Ал сенің атың кім? — деп сұрадым.

— Фейт, – деп жауап берді ол.

— Әдемі ат екен. Фейт, бұрын мен сені бұл жерде көрмедім ғой, – дедім. Консервленген банкілерді үстелдің үстіне қойып жатқан ол байсалдылықпен:

— Мен бұрын бұл жерде болмағанмын, — деп жауап берді.

— Сонымен, сен бұл жерде не істеп жүрсің? Сен сияқты сүп-сүйкімді қыздың, бұдан да қызығырақ істі тауып алуына болады ғой, – дедім.

Ол жәй ғана:

— Мен ерікті қызметшімін, — деп жауап берді.

— Түсінікті. Ал мына ханымдар ше..?

— Олар да ерікті қызметшілер.

Оның сөздері мені таңқалдырды.

— Ерікті қызметшілер. Бұл керек іс. Ерікті қызметшілер қажет іс дегенім ғой. — Фейт жауап бермеді. — Білесің бе, сен ерікті қызметші ретінде ... бұл жерге соңғы рет келіп тұрған жоқ шығарсың деп үміттенемін, – дедім.

— Шынымен бе? Не үшін? – деп сұрады ол.

— Сен сондай сүйкімді қызсың, – деп жауап бердім.

— Бұл жерде сүйкімді қыздар көп сияқты ғой. Мен қазір ғана сенің анау үстел басында отырған екі қызбен әңгімелесіп, күліп отырғаныңды көрдім, – деді.

— Иә, солай, бұлар госпитальдағы медбикелер ғой, — деп немқұрайды кейіппен әлгі қыздар отырған жаққа бір бұрылып қарап қойдым.

— Ә, госпиталь де, байқауымша, сен осы жердің адамы болып кеткен сияқтысың, – деді.

— Иә, солай. Мен бұл жерде… айтарлықтай ұзақ уақыттан бері емделіп жүрмін.

Фейт маған мұқият қарап, үндемей қалды. Оның маған деген көзқарасының жақсы жаққа өзгергені анық. Мен оның әлсіз жерін тапқан сияқтымын: ол сондай жанашыр адам еді.

— Саған не болды? — деп сұрады ол жанашыр дауыспен.

— Басымнан жарақат алдым. Дәрігерлердің айтуынша, сол кезде менің өліп кетуім де мүмкін екен. Біз сол сәтте С-124 ұшағына бомбаларды жүктеп жатқан едік. Бақытымызға орай, менен басқа ешкім зиян шекпеді.

Ол түсінген сыңай танытып басын изеді:

— Қазір сен өзіңді жақсы сезініп тұрсың ба?

Мен талма адамды бейнелеп, көзімді жоғары-төмен айналдырып, басымды бір жақтан екінші жаққа сілкіледім, маған сенуі үшін тілімді салақтаттым. Фейт оқыстан күліп жіберді. Біз тағы біраз уақыт әңгімелестік, алайда содан кейін оның кететін уақыты да болып қалды.

— Мен енді сені, қашан көре аламын? — деп сұрадым мен одан.

— Тіпті де білмеймін. Не үшін біз кездесуіміз керекпіз?

— Қалай — не үшін! Осындай сұлу қызбен тағы да бір рет кездеспеуге бола ма? Сенің қасыңда жәй ғана тұрғанның өзінде, мен өзімнің бетімнің бері қарап, сауыға бастағанымды сезініп тұрмын!

Сол кезде жасы үлкен әйелдердің бірі именбестен Фейт пен менің арамызға тұрып алып, әй-шайға қарамай біздің әңгімемізге қыстырылып кетті.

— Фейт, сені тағы қанша уақыт күту керек? Үйге қайтатын уақыт болды ғой! — деді ол сабырсыздық танытқан кейіппен.

Фейт басын изеп, кетуге ыңғайланды.

— Егер қаласаң, менімен бірге қауымға баруыңа болады, — деді ол кетіп бара жатып.

Мен егжей-тегжейін сұрастырып, оның соңынан ілестім.

— Міндетті түрде келемін, — дедім мен, Фейт пен басқа әйелдерге есікті ашып тұрып.

Жолдың арғы жағында күтіп тұрған шағын автобусқа барып, олардың отырып жатқанына қарап тұрдым. Фейт кірерден алдын бұрылып, маған қарады. Мен оған қолымды бұлғадым, ал ол күлімдеп маған қарады да, көлікке мініп кетті. Мен өзіме-өзім бұл күнім босқа өтпеген сияқты дедім.

Келесі күні таңертең мен ем-домымды қабылдап болған соң, Фейт баратын қауымға жексенбілік жиынға кеттім. Бұл шағын ғана ғимарат екен, мен тіпті бұл қауымның қандай (деноминацияға) (ағымға) жататынын толық түсінген де жоқпын. Жиынға шамамен елу-алпыс шақты адам келді. Мен сол жерде Фейттің ата-анасы – ерлі-зайыпты Тернерлермен және оның сіңлісі Хоуппен таныстым.

— Мәссаған! Егер сіздің тағы да үшінші қызыңыз бар болса, онда оның аты Чарити шығар! — деп Тернер мырза мен ханымға қарап қарқылдап қатты күліп жібердім.*

*Фейт, Хоуп, Чарити (ағыл. Faith, Hope, Charity) — Сенім, Үміт және Сүйіспеншілік. — Ауд. ескертуі.

Менің әзілім оларға онша тапқырлықпен айтылған әзіл болып көрінбеген сияқты, алайда Фейт пен Хоуптың аздап қана жымиғандарын байқап қалдым.

Қауымның жиыны бітке соң Фейттің ата-анасы мені түскі асқа шақырды. Отбасылық дастарқанның басында отыру көңілге өте жағымды болды, бұған қоса, дастарқандағы тағамдар әскери асханада емес, үйдегі асханада дайындалған болатын. Қолыма шанышқыны алып, тамаққа бас салуға дайындала бастағанымда, Фейттің: Сәл кідіре тұр, Джош, деміңді басып ал! – дегендей көзқарасын байқап қалдым. Мен шанышқыны орнына қойдым да, абайлап Фейіттің әкесіне қарадым. Тернер мырза маған басын изеп, содан кейін басын иіп мінәжат ете бастады, мінәжатында көптеген әр түрлі «Саған» және «Сенің» деген сөздер болды.

Тамақты тәрелкегелерге салып болған соң, Тернер мырза менің қандай отбасыдан шыққанымды, қай жерде туылғанымды сұрастыруға кірісті. Мен оған Мичигандағы біздің ферма туралы және Дуврдағы авиабазада баскетбол командасында жартылай қорғаушы болып ойнайтыным туралы айтып бердім.

— Ал Иса Мәсіхпен қарым-қатынасыңыз қалай? — деп сұрады жатық дауыспен Тернер мырза, қуырылған сиыр етін кесіп жатып, сірә, пышақ өте өткір қайралған болса керек.

Мен мүдіріп қалдым. Менің бар білетінім, Иса екі мың жыл бұрын өмір сүрген, егер де Ол шынымен өмір сүрген болса, әрине.

— Ешқандай қарым-қатынасым жоқ, сонымен қатар Ол еврей емес пе? — деп жауап бердім мен ақыр соңында.

Тернер мырза қолындағы пышағын қойып, маған қадала қарады. Сол мезетте-ақ сыпайы Тернер ханым тақырыпты өзгертуге асықты.

Мен жексенбі сайын қауымға келіп тұрдым, мен қауымға тек Фейтті көру үшін ғана баратынмын. Қауымдағы жиын мені өте қатты жалықтырып және шаршатып жіберетін, ал уағыздаушының сөз саптауы суып қалған сорпадан артық емес еді. Бұған қоса, Тернер мырзамен екеуміздің арамызда дінге қатысты үлкен келіспеушілік пайда болды. Менің ойымша, Иса тек Киелі кітаптың арқасында ғана аты шыққан қарапайым адам болды. Ол Өзінің туған халқымен де, римдіктермен де келіспей ақыр соңында айқыш ағашқа шегеленіп өлді, сонымен бәрі бітті. Міне бар болғаны осы. Иә, Иса діннің негізін салған — мен мұны теріске шығарайын деп отырған жоқпын, діннің де қоғамда өз орнының бар екенін теріске шығармаймын. Ол дінсіз өмір сүре алмайтын адамдарға тәртіп пен өзара құрмет көрсету сезімін береді. Бірақ мен дінсіз де тамаша өмір сүре аламын.

Екі апта өткен соң Фейттің маған ақыл айтқанына таң қалған жоқпын. Ол маған:

— Ата-анам менің сенімен азырақ кездескенімді қалайды, – деді.

— Азырақ па, әлде мүлдем кездеспегенімізді ме? – деп сұрадым мен.

— Джош, сен әңгіменің төркінін шынымен де түсінбей тұрмысың? – деп қарсы сұрақ қойды ол.

— Не туралы болуы мүмкін? Сен маған ұнайсың, ал мен саған ұнаймын. Біз екеуміз бірге бақыттымыз! Мен жаман адам емеспін, солай ма, сен менімен келісесің ғой.

— Бірақ сен мәсіхші емессің, Джош.

— Ал сонда мен кіммін? Мен буддист те емеспін ғой?

— Сен қауымға бармайсың ғой. Тек... мені көргің келген кезде ғана барасың.

Мен күлімдеп, оны сүймекші болып еңкейдім де:

— Қауымға мен басқа не үшін баруым керекпін? — дедім мен өз ойымды бүкпей.

Алайда, кешіміз бәрібір жақсы болмады.

Ал бес күн өткен соң (бұл жұма күн болатын, 13 желтоқсан), мен өзімнің палатамда жатыр едім, табалдырықта тартыншақтанып қалшиып тұрып қалған әскери капелланға (діни қызметкер) көзім түсті.

«Неге ол есік алдында тұрып алды екен? Неге кірмей тұр?», – деп ойладым мен.

Алайда, капеллан қолындағы бас киімін мыжғылай берді. Ақыр соңында сөйледі-ау, әйтеуір, ол менен:

— Сіз қатардағы жауынгер Макдауэллсіз бе? – деп сұрады.

— Иә, – деп жауап бердім мен.

— Ал мен капеллан Гардинермін, – деп өзін таныстырды ол.

Мен сілейіп қатып қалдым. Не істесеңдер де қарсы емеспін, бірақ бұл кісінің мен үшін мінәжат етуіне жол бермеймін, – деген оймен капеллан жүзін бұрып әкетпейінше, мен оған суық көзбен қадала, қарап тұра бердім.

— Мен сізге суық хабар әкелдім, — деді ол, ақыр соңында.

Қандай суық хабар? Бұл киелі сымақ адам маған қандай суық хабар әкелуі мүмкін? – деп ойлай бергенімде ол маған:

— Ол сіздің анаңызға қатысты, — деді.

— Анама не болып қалды? — деп мен тіпті төсегімнен атып тұрдым.

— Ол бүгін таңертең қайтыс болды, – деп жауап берді.

***

Пенсильваниядан Мичиганға дейінгі жол мен үшін ұзыннан ұзаққа созылып кеткен сияқты болып кетті. Жолдың көп бөлігін мен бір бекеттен екінші бекетке пошта пойызы арқылы жүріп өттім. Эри көлінен суық жел есіп тұрды, ал үйге жүз шақырымдай қалғанда қар жауа бастады. Мен өзімді анам жайлы естеліктермен жылытуға тырыстым — балалық шағымда оның сүйіспеншілігін онша көрмеген болсам да, анам менің өмірімдегі маған деген сүйіспеншілігіне сенгім келген жалғыз адам еді. Алайда, менің метепті бітіру кешіне екі ай қалған кездегі анамның: «Мен сенің мектепті бітіргеніңді көргім келеді… Ал содан кейін өлсем де бола береді. Сенің әкең менің жүрегімді жаралады. Маған үш нәрсені істемеймін деп уәде берші…», – деп айтқан сөздері ойыма үздіксіз келе берді.

Егер менің анам емес, басқа біреу қайтыс болғанда, дәрігерлер мені жіберуге келіспеген болар еді. Мен басымнан алған жарақаттың салдарынан ішінара ұмытшақтықтан (амнезия) қиындық көрдім. Кейде мен түн ортасында ұйқыдан тұрып алып, өзімнің қай жерде екенімді немесе кім екенімді есіме түсіре алмайтынмын.

Міне, ақыры үйге де жеттім-ау. Ескі есікті қолыммен итеріп ашып, үйге кірдім. Үйдің іші өте қатты суық екен. Пешке ешкім от жақпапты. Бұлар қайда кетіп қалған, деп өзімнен-өзім сұрап, бөлмелерді аралап шықтым. Анамның жатын бөлмесіне басымды сұғып қарап едім, кереуеттегі төсек жапқыш ашылып жатыр екен. Бұл кереуетте жаңа ғана біреу ұйықтап тұрған сияқты. Жауапсыз ойға беріліп, бос дәлізге бұрылып қарадым да:

— Анашым? – деп қатты дауыстап анамды шақырдым.

Бірақ ешкім жауап бермеді.

Мен екінші қабатқа көтеріліп, бөлмелерді қарап шықтым. Бәрі де қаңырап бос тұр.

Төменгі қабаттан есіктің ашылғаны естілді. Мен демімді шығармай, қатып тұрып қалдым. Біреу анамның бөлмесіне кірді. Оның кім болуы мүмкін? Мен ақырындап басып, баспалдақпен бірінші қабатқа түстім.

Мен арқасын есік жаққа беріп, анамның кереуетінің шетінде отырған әкемді көрдім. Үйдің іші тып-тыныш, сырттағы желдің гуілі мен мұздай жаңбырдың терезені ұрып жауап тұрғаны естіледі. Сол кезде мен әкемнің ақжайманың шетін ұстап, бетіндегі көз жасын сүрткенін көрдім.

Оған біраз уақыт үндемей қарап тұрдым да, кейін қайтадан аулаға шықтым. Әкем пикаптың кілтін оталдыру тетігінде қалдырып кетіпті. Мен көлікті оталдырып, анаммен не болғанын дәрігерден сұрастырып білу үшін қалаға қарай жүріп кеттім. Ол маған өлімінің алдында анамның бірнеше күн бойына төсек тартып жатқанын айтты. «Іштен қан кеткен», — деп қосты ол. Мен одан:

— Ол қайтыс болардан бұрын, сіз оның бет-жүзін көрдіңіз бе? — деп сұрадым.

— Оның бет-жүзін? – деп сұрағыма сұрақпен жауап беріп дәрігер аң-таң болды.

— Оның көзқарасы қандай болғанын байқадыңыз ба? Көзі қандай еді? – деп сұрадым қайталап.

Ол менің нені меңзеп тұрғанымды онша түсінбей, аң-таң болып маған қарап тұрды.

— Өлімінің алдында оның көзі… оның көзқарасы қандай болды? — деп қоймадым мен.

— Айта алмаймын. Мен келгенде, ол қайтыс болған еді, – деп жауап берді ол.

— Түсінікті… – дедім, сұрағыма тұшымды жауап алмасам да.

— Мен ешнәрсе де істей алмайтын едім, балам, — деп қосты дәрігер.

Басымды шұлғып, орнымнан тұрдым. Дәрігерді басқа науқастар күтіп тұрған еді. Ол менің қайғыма ортақтасып, көңіл айтып қолымды қысты. «Не қаласаңыз, соны айта беріңіз, анамның неден қайтыс болғанын білемін, — деп ойланып, жаяу жолмен әкемнің пикапына қарай кетіп бара жаттым. Көліктің ішіне кіріп, біраз уақыт орнымнан қозғалмай, рөлді ұстап отырдым. Жаңа жауған қар алдыңғы терезені толығымен жауып тастапты. Мен бейне бір жібек құртының пілләсінің ішіне түсіп қалғандай болдым. Қатты тістенгенім сонша, тіпті тістерім шықырлап кетті, мен рөлді ұстап алып, қатты күшпен бір жақтан екінші жаққа жұлқылай бастадым, ол қазір жұлынып қалатындай болып көрінді.

— Мен анамның неден қайтыс болғанын білемін, — деп жылап қоя бердім. — Анам жүрегі жаралы болғандықтан қайтыс болды. Не десеңіздер де… анам жүрек жарасынан қайтыс болды.

Мен алдыңғы әйнекті ақ перде іспетті, толығымен жауып қалған аппақ қарға қадала қарап отырдым. Менің еңіреп жылағым келді. Мектепті бітірер алдындағы күні, кешкісін анамның кереуетінің қасында отырып жылағанымдай, көз жасыма ерік бергім келді. Бірақ көзімнен жас шықпады. Мен көлікті оталдырып, қайтадан фермаға бет алдым.

Жерлеу рәсімін зираттың басында өткіздік. Адам онша көп болған жоқ. Анам ақыры, өзінің әрдайым аңсап жүрген тыныштығына ие болды. Көп кешікпей, жол-жөнекей көлік тоқтатып жүріп, Пенсильваниядағы флот госпиталына қайттым.

***

Мені ұмытшақтық ауруы мезгіл-мезгілімен мазалауын жалғастыра берсе де, мен госпитальдан шығып, ақыры Дуврдағы өзімнің әскери бөліміме қайта оралдым. Алайда, мұндағы барлық нәрсенің мен үшін енді мағынасы жоқ еді. Мен ешнәрсеге бұрынғыдай қызығушылықты сезінбей, өз міндеттерімді тек әйтеуір атқарып жүрдім. Мен әлі үш жарым жыл қызмет етуім керек, бірақ менің өмірімдегі осы үш жарым жыл уақыттың босқа өтетінін мен жақсы түсінетінмін.

Менің сезімдерім бет-әлпетімде жазылып тұрды деп ойлаймын. Бір күні әскери асханада біреудің: – Сәлем, Джош! – деп менің атымды атап шақырғанын естідім.

Бұл лейтенант Тим Рейтинджер еді, ол менен шамамен алты жастай үлкен болатын. Ол да біздің баскетбол командамызда шабуылшы болып ойнаған. Негізінде офицердің қатардағы жауынгермен бірге бір үстелде отырып тамақ ішуіне болмайды, бірақ Тим мұндайға мән бермейтін.

— Біздің командамызда сенің орның ойсырап тұр, сен бізге керексің. Қашан қайта оралатын ойың бар? – деп сұрады Тим.

— Бұл маусымда менің орным қосалқы ойыншылардың қатарында болатын сияқты, — деп жауап бердім мен.

Тим мені түсінгендей екі иығын қысып:

— Маусым да соңына жетіп қалды ғой, – деді.

Бір минуттай үнсіздіктен кейін Тим маған қарап:

— Мен сенің анаң туралы естідім. Қайғыңа ортақпын, – деді. Мен басымды изедім. Содан ол:

— Соңғы кезде сенің басыңа көп қиындық түсіп кеткен сияқты! – деп қосты.

Мен кенеттен кеңірдегімде өксіктің көтеріліп келе жатқанын сезіндім. Бір шама уақыт тілі байланып қалған адамдай, мүлдем сөйлей алмай қалдым. Тим маған тесіле қарап тұрды да, содан кейін менің иығымнан қысып:

— Білесің бе, Джош, менің әжем маған: «Өмірде бәрі де өз кезегімен өтіп жатады. Егер кейбір жағдайлардың неліктен біздің басымызға түсіп жатқанын түсінбейтін болсақ та, тіпті ол қандай қиын жағдай болмасын, ең бастысы сен жан тыныштығын сақтап қал — өйткені өмірде қаншама тамаша нәрселер бар ғой», – деп айтып отыратын, – деп мені жігерлендірді.

— Иә. Бұл жыл енді аяқталады, содан кейін келесі жыл келеді, — дедім мен үмітпен.

— Келесі жыл? — деп қайтадан сұрады Тим, менің нені меңзегенімді түсінбей.

— Баскетбол командасы үшін, – деп түсіндірдім.

— Ә, сен сол туралы айтып тұр екенсің ғой, — деп Тим жымиды да: — Білесің бе, келесі жылға қатысты менің үмітім жақсы. Біз чемпион болатын сияқтымыз! – деді.

Ал үш апта өткен соң, сәуір айының жексенбі күні таңертең Тим жоспардағы оқу тапсырмасын орындау үшін Дуврдағы авиабазадан С-133А ұшағымен әуеге көтерілді. Он жеті минут өткен соң ұшақ авиабазаның оңтүстік жағындағы орман қорығына құлап түсті. Тиммен бірге оның командасының үш мүшесі қайтыс болды. Тексеру жұмыстарын апаттың бүге-шүгесіне дейін зерттеп, мұқият жүргізгендерімен қайғылы оқиғаның себебі анықталмады.

Бұл хабар маған қатты соққы болып тиді. «Неге біреу өмір сүреді, ал екінші біреу өледі? — деп өзіме өзім қайта-қайта сұрақ қоя бердім. — Неге жақсы адам қайтыс болады, ал жексұрын адамға түк те болмайды?». Мен бұл сұрағыма жауап таба алмадым, бірақ үнемі ұшақта Тимнің орнында болуға келісетін едім деген оймен жүрдім. Оның шынында да өмір сүретін орны бар еді. Мүмкін, өмірде шынымен де бәрі өзінің кезегімен жүретін шығар — тек бізге одан жеңіл болып жатқан жоқ. Менің ойымша, өмір — жәй ғана қатаң қалжың сияқты.

Үмітсіздік бұлты менің үстімде тағы да бірнеше күн бойы түнеріп тұрды. Алайда, қайғырып-мұңаю менің мінезіме жат нәрсе еді. Мүмкін, өмірдің шынында да мағынасы жоқ шығар, бірақ маған одан мүмкіндігінше ең соңғы тамшысына дейін сығып алуыма ешнәрсе кедергі бола алмайды. Бір-екі күн өткен соң, мен взвод сержанты Уильямстің (немесе жәй ғана «Сержант», біз оны осылай атайтынбыз), жүрек ұстамасына шалдыққаны туралы естідім.

***

— Менің хал-жағдайымды білу үшін бір сен ғана келдің, Макдауэлл, — деді ол қырылдаған дауысымен аурухананың кереуетінде жатып.

— Тек мен ғана емес, біздің жігіттердің бәрі де сіз үшін алаңдап отыр, сержант, – дедім мен оған.

— Бос сандырақ, сенің ойыңша, мен осы дүниеге кеше келдім бе? — деп қаттырақ сөйледі де, содан кейін сәл жұмсақтық танытып: — Келгенің үшін, рахмет, – деді.

Мен басымды изеп, тағы бір нәрсе айтар ма екен деп күттім. Ол терезе жаққа қарады да, өзінің кеудесін ақырын ғана қағып:

— Иә, жүрегім сыр беріп, бір қалыпты соқпай тұр. Бұл дүниенің күйбеңінен құтылатын уақыт жеткен сияқты. Менің әскерде жүргеніме отыз үш жыл болды. Оған өмірімнің ең жақсы жылдарын арнадым. Алайда, бір күні уақыты келеді … — деді де, дауысы үзіліп бір сәт үндемей жатты, сосын сөзін жалғастырып: — уақыт келеді… – деді.

— Қатты уайымдай бермеңіз. Одан да сізге не әкеліп берейін, соны айтыңыз? – дедім мен. Сержант менің айтқан сөздерімді құлағына да ілмей:

— Алайда, мен бір қателік жасадым, мен енді сенің де сол қателікті қайталағаныңды қаламаймын, балақай. Отбасын құру мүмкіндігін жіберіп алма. Міне, жалғыз осы үшін – отбасын құрмағаным үшін ғана қатты өкінемін.

Жасырын жерде сақтаулы жатқан қорларынан күш алғандай, сержант шынтақтарының көмегімен аздап көтерілді. Оның беті аздап қызарған сияқты болды.

— Макдауэлл, егер мен қателеспесем, сен менімен орныңды ауыстыруға қарсы емес сияқтысың, – деді ол. Мен оның нені меңзеп тұрғанын түсінгім келіп, одан:

— Сіз не туралы айтып тұрсыз, мырза? – деп сұрадым.

— Сен мені дұрыс түсінбедің. Мен төсек тартып жатқаным туралы айтып тұрғаным жоқ, — деп, сержант ыммен палатаны қолымен айналдыра көрсетті де, қолын әлсіз бір сілтеп, — Мен бұл жерден, әскерден «білдірмей қашып кету» туралы айтып тұрмын, – деді.

— Менің әлі үш жарым жылым бар, Сержант. Сіз мұны білесіз ғой, – дедім.

— Сен түрменің мерзімі туралы айтып тұрғандайсың ғой, балам,? – деді менің жүзіме қарап.

— Жоқ, мырза. Мен шын мәнінде қалай болса, сол күйінде айтып тұрмын, – дедім мен ағымнан жарылып.

Сержант әлсіз басын изеп, менен:

— Егер де сен дәл қазір осы жерден шығып кете алсаң, немен шұғылданған болар едің? – деп сұрады.

Мен күтпеген жерден күліп жібердім де:

— Мен әрқашан колледжде оқуды қалайтынмын. Ең болмаса, сонда түсіп көруге тырысатын шығармын. Алайда, мен мұндай нәрсе туралы тіпті ойламауға тырысамын, – деп

өзімнің заңгер болғым келетіні туралы ауыз ашуды жөн көрмедім. Өйткені сержанттың мені мазақ етіп күлгенін қаламадым.

— Бізге Пентагоннан жаңа тапсырманың келгенін білесің бе?! Онда қағазбасты жұмыстармен шұғылданатын қызметкерлердің санын қысқарту туралы бұйрық бар, – деді.

— Қағазбасты? Алайда мұның маған қандай қатысы бар? Мен техникалық жұмыспен айналысамын ғой, – деп түсінбегенімді білдірдім.

Сержант Андерсон маған көзін қысып:

— Ал сен менің саған барлық уақытта қызметте босаңдық жасап жүргенімді ұмытып кеттің бе? Сенің баскетбол ойнауың үшін, әскери міндеттеріңнен сені кім босататын еді?

— Сіз, мырза.

— Міне, осылай, — деп басын изеді, риза болған сержант. Содан кейін ол көзін жұмып, менің кетуім үшін қолын бұлғады.

Мейлі бұл болмаса, күл болсын деп шештім мен іштей. Ал бір аптадан соң, мені азық-түлік қоймасындағы кеңсе жұмысына ауыстырды, менің мұндағы шұғылданатын ісім – жазатын бос машинаға қарап отыру ғана болатын. Маған тіпті сол машинамен жазу жазатын қағаз да берген жоқ. Мен әлі госпитальда жатқан, сержанттың көңілін сұрап келу үшін қолайлы уақыт жетті деп ұйғардым да, сонда кеттім.

— Не болды, ойыңнан айнып қалған жоқсың ба? — деп сұрады ол менен.

— Мен үшін істеген барлық істеріңіз үшін рахмет, мырза. Алайда мен күні бойы үстел басында жәй әншейін отыра алмаймын ғой. Жұмыссыздықтан есімнен адасып қалмауым үшін, ең болмағанда бір іс тапсырсаңызшы! – деп өтіндім.

Ол кереуетінің қасында тұрған, тумбочкадан пакетті алып маған берді де: – Мынаны оқы, – деді. Пакеттің ішінде менің денсаулығыма байланысты, АҚШ Әскери Әуе Күштерінің құрамына жарамсыз деп танылғаным туралы құжаттар бар екен.

— Сен тек дұрыс емес ойлап жүрме, Макдауэлл. Мен Отан сүйгішпін. Бірақ бұл елде әскерде қызмет ету әрбір адамға беріле бермеген. Сені де біреу мақтаныш тұтуы үшін, өмірдегі өз жолыңды тап, – деді құрғақ дауыспен.

— Иә, мырза, – деп жауап бердім мен.

— Менің саған айтқандарымды есіңде сақта. Отбасын құру мүмкіндігін жіберіп алма, естимісің мені? Менің үмітімді ақтамай, көңілімді қалдырып жүрме, Макдауэлл, – деп ескерткен кезде, мен оған:

— Қолымнан келгенше әрекет етемін, мырза, – деп жауап бердім.

Біз тағы да біраз уақыт әңгімелестік, ал содан кейін мен онымен қоштаспақ болып орнымнан тұрдым.

— Сені көзімнен таса қылмаймын, — деді Сержант, маған құрмет көрсетіп. Мен де оған жауап ретінде оң қолымды шекеме тақап, құрмет көрсеттім. Есіктің алдында сәл кідіріп, соңғы рет қоштасу үшін оған бұрылып қарадым. Сержант көзінің жасын сүртіп, жылдам теріс бұрылды да, бетін жастықпен басты, соңынан бәсеңдеген дауысымен:

— Аллергия қинап жатыр, — деді.

— Медбикені шақырайын, сержант, сізге келіп кетсін, – деп едім.

— Көзіңді жоғалт, кет, Макдауэлл, – деп ұрысып берді.

Содан бір апта өткен соң, мен батысқа қарай жол жүріп кеттім.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]