- •Бірінші тарау Жер бетінде бәрі тамаша
- •Екінші тарау Әуел баста
- •Үшінші тарау Уэйн
- •Төртінші тарау Кішкентайдың опасыздығы
- •Бесінші тарау Мектеп
- •Алтыншы тарау Әскери-әуе күштері
- •Жетінші тарау Жаңа көкжиектер
- •Сегізінші тарау Ұлыбритания
- •Тоғызыншы тарау
- •Оныншы тарау Бәрін басынан бастау
- •Он бірінші тарау Уитон және одан әрі қарай
- •Он екінші тарау Үйге қайта оралу
- •Он үшінші тарау
- •1961 Жылдың жаз мезгілі
- •Он төртінші тарау Бітіруші курс
- •Он бесінші тарау Атастыру және оқудың аяқталуы
- •Он алтыншы тарау
- •Он жетінші тарау Батысқа бет алу
- •Он сегізінші тарау Шақырылу
- •Он тоғызыншы тарау Көгілдір мұхиттың көрінісі
Сегізінші тарау Ұлыбритания
Ұшақпен Детройттан Нью-Йоркқа жетіп алдым, сол жерден «Пан Американ» компаниясының реактивті авиалайнеріне отырып, Шотландиядағы Глазгоға қарай бет алдым. Түскі асқа менің тапсырысымды қабылдап жатқан сүйкімді аспансерікке (стюардессаға) күлімдеп қарап: Иә, бұл Бэттл-Криктен мен баратын жерге дейін жақын жол емес, – деп ойладым іштей. Айналама көз тастап, мен жалпы саны оннан сәл ғана асатын жолаушыларға қызмет көрсетіп жатқан, алты аспансерікті санап шықтым — жолаушылардың бәрі бір кісідей, іскер адамдар сияқты киініп алған – костюм шалбар, галстук, ал біреуі тіпті трубка тартып отырды!
Ыңғайлы креслоға шалқайып, Боинг 707 иллюминаторынан аспанда қалқып жүрген ақ ұлпа бұлттарға қарап тамашаладым. Олардың бәрі маған болашақ өмірімде мені таңғажайып оқиғалардың күтіп тұрғанын айтып жатқандай.
Глазгоға келіп қонғаннан кейін, қаланың орталығында орналасқан студенттер қонақ үйіне барып жайғастым. Сол жерде түскі ас ішіп, аздап көз шырымын алған соң, Глазго университетінің кітапханасына қарай бет алдым. Менің сауал алуыма тура келді, содан кейін мені ерекше кітаптардың жүйелендірілген жинақтама бөліміне апарды, шыныдан жасалған сөрелерде б.з. бірінші мен үшінші ғасырлар арасындағы өте сирек кездесетін, папирустан жасалған үзінділер қойылған екен. Осы жинақтама «бұл бір кісі үшін керексіз қоқыс, ал екіншісі үшін таптырмас қазына» деген мақалдың тікелей дәлелі болып шықты. Мысырдың құрғақ құмдары жиырма үш қолжазбаны сақтап қалыпты. Осы жазбалар: әкімшілік құжаттар, жеке хаттар, сырнай үшін арналған әндер жинағы сонымен қатар Жохан жазған Ізгі хабар – Мысырдың ежелгі Оксиринх деген қаласындағы үйінділерде қазба жұмыстарын жүргізген кезде табылған.
Ұшып келгеннен кейінгі екі күнді мен Глазгода өткіздім, содан соң Лондонға бет алдым, ол жерге барып та студенттер қонақ үйіне жайғастым. Келесі күні таңертең мен дүние жүзіндегі ең үлкен – Британ кітапханасының ғимаратына кірдім. Мен осы кітапханада Көне Өсиеттің толық мәтінінің ең ертедегі қолжазбасы — «Codex Sinaiticus», немесе «Синай Заңдар жинағы» сақталғаны туралы оқыдым. Синай жартылай аралының монастырларының бірінен он тоғызыншы ғасырда табылған «Заңдар жинағы» алғашында орыстардың қолына түскен, алайда кейін 1933 жылы Британдық кітапхана оны Кеңес Одағынан сатып алған.
Енді осы баға жетпес түпнұсқаны (манускрипт) маған да өз көзіммен көру нәсіп етті, оны мұқабасын ашып, оқ отпейтін шыныдан жасалған сөреге қойыпты, — нақтырақ айтатын болсам, грек тілінде жазылған түпнұсқаның 347 бетінің, тек екі бетін ғана ашып көрсетіп қойған. Сөренің қасында ілініп тұрған сілтемеде бұл түпнұсқаның ерте заманнан бері сақталып келе жатқан ең көне кітаптардың бірі екені жазылған. «Мейлі солай-ақ болсын, алайда, бұл бәрібір бірнеше көшірменің көшірмесі емес пе?! Бір кесек қант — аузыңа салам дегенше түсіп қалуы мүмкін деген мақалдағыдай. Осы жылдар ішінде түпнұсқалық мәтінге қатысты қандай еркіндіктер жіберілгенін кім білсін, тіпті түпнұсқаның өзі шынымен болды ма екен деген ойға қаласың?» - деп ойладым мен.
Жарғақ қағаздағы грек тілінде жазылған хатты жақсырақ көру үшін, мен шыны сөренің өзіне сүйене жаздағанымда, арқамнан мұздай тердің бұрқ ете қалғанын сезіндім. Иә, бұл сөздер адам қолымен жазылған. Бәлкім, осы мәтінмен тіпті бірнеше кісі бірлесіп еңбек еткен болар. Жұмыстың асықпай жүргізілгені айдан-анық еді. Әріптердің өте мұқият түрде жазылғаны көрініп тұр. Бүкіл Жаңа Өсиет толығымен — бәрі де анық және жүйелі әдіспен баяндалған. Егер мұның бәрі немесе оның қандай да бір бөлігі ойдан шығарылған болса ше, осылай болған жағдайда көшірмешіні (немесе көшірмешілерді) ойдан шығарылған оқиғалардың егжей-тегжейін жарғаққа сеніп тапсырып, осыншалықты шаршататын жұмыспен бас көтермей шұғылдануға не мәжбүр етті екен және қандай мақсатпен?
Келесі екі күнді мен мұрайжайдың көне заман бөлімінің көрме залдары мен дәліздерінде сандалып өткіздім. Олардың шегі жоқ сияқты болып көрінді. Мен 1799 жылы Мысырда Наполеонның әскері тапқан б.з. дейінгі екінші ғасырдың «Розетт тасын» көрдім. Ол мысыр иероглифтарын түсіндіретін кілт болып шықты. Мен ертедегі бальзамдап қатырылған мысырлық адамдар мүрделерінің және мыңдаған жылдар бұрын өмірден өткен, перғауындардың мәрмәр тастан жасалған мүсіндерінің ұзыннан-ұзақ созылып жатқан тізбегінің қасынан өттім. Мүсіндер, фрескалар (кеппеген сылаққа салынған суреттер), теңгелер, қару-жарақтар, қыштан жасалған заттар және көптеген басқа да нәрселер мені өткен шаққа, көне замандағы Грекия мен Римге, Парсы мен Месопотамияға, Орта Азия мен Палестинаға апарды.
Мұражайға қойылған жәдігерлердің саны мен сипаты, өзінің кеңдігімен және ег-тегжейлгімен ақыр аяғында мені: тарих оқулыққа қарағанда әлдеқайда көп дүниелерді алдыңа көлденең тартады екен деген қорытынды жасауға мәжбүр етті. Мұндай қорытындыға келмеудің өзі мүмкін емес. Осы өткен шақта өмірге деген құштарлықтары бар тірі адамдар өмір сүрген, солардың қатарында екі мың жыл бұрын өздерін алғашқы рет мәсіхшілер деп атаған адамдар да бар! Олардың бәрі бірдей есуас, бірбеткей тақуа немесе жігерсіз, жасық момын адамдар болуы мүмкін емес, сонымен қатар олар өз діндерінің негізін салған адам пәк қыздан туылып, кереметтер жасады, құрбан болды және өлімнен қайта тірілді деген сенімдерін жұртқа паш етті! Осы сенімдерін табандылықпен ұстануға, кейде тіпті азапты өлімге дейін баруға оларды не мәжбүр етті екен? Бастапқы оқиғалардың куәсі болмаған басқа адамдардың, олардың жолын ұстанып, соңынан ерулеріне не себеп болды? Олардың шындығының — олар ақиқат деп жариялаған шындықтардың, — шын мәнінде жалған екенін, мен оларға қалай дәлелдей аламын? Шатасып кетпеуім үшін, мен өзімнің мақсатыма қысқа жолды тауып алуым қажет еді.
Мен кітапханашылардың біреуімен сөйлесемін деген үмітпен, кітапхананың басты залымен жүріп өттім. Алайда, менің одан естіген ең бірінші сөзім, — бұл ақырын сөйлеңіз деген өтініш болды.
— Кешіріңіз, — дедім мен.
— Мен сізге қандай көмек бере аламын? — деп сұрады ол, ернін алақанымен басып.
— Сіздердің залдарыңыз сондай кең әрі үлкен, өзімді Техаста жүргендей сезіндім, — дедім мен. Кітапханашы түсінбеген сыңай танытып, қасын көтерді. Мен ешбір абыржымастан сөзімді жалғастырып: — Шамасы, мұражайды бір ай бойына аралап шықсаң да, бір нәрсені екінші рет кездестірмейтін сияқтысың, – дедім.
— Сізден сұрауыма бола ма, сіз нақты нені іздеп жүрсіз? – деп сұрады.
Өзімнің өтінішімнің қисынын қалай келтіріп айтуға болатынын ойланып алдым да:
— Мен Исаның өмір сүрген заманында болып өткен шынайы деректерді анықтауға тырысып жүрмін, – дедім.
— Солай ма? – деп сұрады кітапханашы.
— Иә. Шындықты ойдан шығарылған жалғаннан қалай ажыратуға болады? Міне, осы менің алдымда тұрған ең үлкен кедергілердің бірі болып табылады. «Синай… Синай…Заңдар жинағы». Сіздер оны қалай атайтын едіңіздер?
— «Синаитикус Заңдар жинағы».
— Дәл солай. Айбарлы кітап, айтарға сөз жоқ.
— Шүбәсіз.
— Алайда, бұл түпнұсқа емес қой.
— Шүбәсіз, бұл түпнұсқалық көшірме.
— Мен де соны айтып тұрмын! — деп қуанып кеттім де, сенімді екенімді көрсету үшін саусағымды сырт еткізіп: — Көшірме, … төртінші жүзжылдықтың ортасынан ... бізге жеткен көшірме ғой, солай ма? Осы кітапта баяндалған оқиғалардан соң, бір емес, екі емес, үш жүз жыл өтті ғой! Бұл жерде сұрақтың туындауы заңды.
— Нақты қандай сұрақ туындайды?
— Ондағы жазылған сөздердің қаншасын өзгертіп үлгерді екен?
— Кешіріңіз, түсінбедім?
— Мен бастапқы мәтіннен ауытқу туралы айтып тұрмын … Алдын ала белгілеп қойған нәтиже шығу үшін енгізілген өзгертулер. Неге енді, менің сол жерде жазылған нәрселерге сенуім керек? Бұның рас екенін мен қайдан білемін, бұған қоса, оқиғалардың өзі әлдеқайда ерте заманда болып өтті емес пе?
— Біздің кітапхананың бұрынғы басшысы дәл осы сұраққа арналған кітап жазған. Бәлкім, сізді сол кітап қызықтыратын шығар. Кітап «Біздің Киелі кітап және ертедегі түпнұсқалық қолжазбалар» деп аталады. — Сөйтіп әлгі әйел тізімдеменің карточкаларын ақтарып, іздеп табуға кірісіп кетті.
— Ал, бұл туралы менің ол кісінің өзімен жеке әңгімелесуіме бола ма? – деп сұрадым.
— Жеке әңгімелесудің мүмкіндігі болады деп ойламаймын! Өйткені Сэр Кэнионның қайтыс болғанына бірнеше жылдың жүзі болды, — деп басын шайқады кітапханашы. — Сэр Кэнионның қайтыс болғанына бірнеше жыл болды.
Менің көңілім суып, түңіле бастадым да:
— Түсініңіз — мен бұл жерге, бір маңызды нәрсені дәлелдеу үшін, сонау Мичиганнан келдім. Негізінде Құдай бар ма, жоқ па, соны түсінбей жүрмін. Құдай бар немесе Ол жоқ деген екі көзқарастың бірін жақтауым үшін, дәлелдерім жетіспей тұр...
— Ал сіз бейтарап болып қалуға тырысудасыз ғой, — деп сөзімді бөліп жіберді кітапханашы.
— Дәл солай — бейтарап болып қалғым келеді! — деп айта салдым мен. — Алайда мені бөлшектеп кесіп тастаса да, Иса Мәсіхтің Құдайлық болмысы мен Оның өлімнен қайта тірілгеніне, титтей де сене алмаймын. Менің ойымша, тіпті осындай сандырақты дәлелдеу қажет деген ойдың өзі, маған ақымақтық сияқты болып көрінеді! – дедім.
Мен біраз тынышталып алған соң, сөзімді жалғастырып:
— Басқаша айтқанда, ханым, мен мұнда мәсіхшіліктің аңыздар мен ойдан шығарылған қиялдарға негізделгенін растайтын дәлелдерді іздеп келдім: қайта тірілу — аңыз, кереметтердің — болуы мүмкін емес, бүкіл дін — ойдан шығарылған жалған, – деп айтып салдым.
Кітапханашының ашық көк түсті көзі таңырқағаннан бақырайып кетті.
— Басқа жағдайда мен бұлай істемеген болар едім … алайда ол қарсы болады деп ойламаймын, — деді ол ақырында, сөйтті де өзінің үстелінде жатқан телефон кітапшасына қарап, бір парақ қағазға біреудің аты-жөні мен телефон нөмірін жазды.
— Міне, алыңыз — Кобб мырза. Оған телефон шалып, Уизерспун ханым сізге баруыма кеңес берді деп айтыңыз, – деді.
Мен қағазды алып, оны қолымда айналдырып:
— Алан Кобб, — деп ақырын оқыдым. Содан кейін кітапханашыға қарап: — Ол маған көмектеседі деп ойлайсыз ба? – деп сұрадым.
— Еш күмәнім жоқ, бұл нағыз сізге қажет адам. Осы сала бойынша оның білімі өте терең.
— Ол ғалым ба?
— Шын мәнінде ол барристер (жоғарғы соттарда сөз сөйлеуге құқылы адвокат).
— Бұл кім?
— Егер қателеспесем, сіздерде, американдықтарда, бұл қорғаушы деп аталады.
Мен құрметпен басымды изеп: кім-кім, ал, қорғаушылар, қалай пайымдауды, дәлелдерді қалай келтіруді біледі. Оның маған көмектесетініне күмәнім жоқ. Енді мен кібіртіктеп мәселені айналшақтап жүре берудің орнына, бірден іске көшемін де өзім біржолата көміп тастауға бел буған мәсіхшілікті «кебінге» орап, жерлеп тастай аламын. Бірінші телефон-автоматты тапқан бойдан-ақ, мен Кобб мырзаға телефон шалдым.
***
Мен оның кеңсесіне телефон шалып, оған өзімнің Лондонда қандай мәселемен шұғылданып жүргенімді түсіндіргеннен кейін, Кобб мырза:
– Түскі ас кезіндегі үзілісте кездесейік. Сізді Грейт-Рассел-стриттегі «Мұражай-Тавернаға» шақырамын, — деп ұсыныс жасады.
1730 жылы салынған және ағылшын тарихының екі ғасырын қамтитын әр түрлі естелік заттармен безендірілген бұл мейрамхана тіпті мұражайдың өзінен тіпті де кем емес болатын. Менің оған телефон арқылы айтқан келбетімнің сипаттамасы бойынша Кобб мырза мені танып, өзінің қасына, терезе алдындағы үстелге шақырды.
Оның жасы елуден сәл асқан сияқты, дене бітімі мықты, екі беті қызғылт, қасы қалың және қастары бір секунд та орнында тұрмайтын кісі екен. Тамаққа тапсырыс беріп болып, бір-екі минут уақытын танысуға арнады да, содан соң тікелей сұраққа көшіп:
— Егер мен сіздің Құдайға және дінге қатысты көзқарасыңыз туралы сұрастырсам, қарсы болмайсыз ба? Нақтырақ айтқанда, сол туралы қысқаша баяндап бересіз бе? – деді.
— Әрине, — деп жауап бердім мен, — менің алдыма балық пен қуырылған картопты қойып жатқан, даяшыға көз тастап: — Менің көзқарасым бойынша, мырза, дін дүниедегі бүкіл зұлымдықтың бәріне жауапты. Менің ойымды білгіңіз келсе, бұл өтірік және өтіріктің түрлерінің ішіндегі ең жаман түрі. Үміт беретін өтірік, – дедім.
Жауап ретінде Кобб мырза таңырқаған сыңай танытып, қасын көтерді.
— Құдайға қатысты айтатын болсам, ол былай: Құдай — бұл адамдарды үгіттеу мақсатында жасалған аңыз.
— Ғафу етіңіз, толығырақ түсіндіріп жібересіз бе, — деп сұрау салуын жалғастырды Кобб мырза, сонымен қатар ол стейк пен бүйректен жасалған бәлішті де жеп отыруды ұмытпады.
— Мен мұны былай болған деп көз алдыма елестетемін: тамаша күндердің бірінде таңертең Месопотамияның бір жерінде ме немесе Африкандық мүйізде ме, қай жерде болмасын гомо сапиенс (ақыл-ойға ие саналы тіршілік иесі) пайда болатын әйтеуір бір жерде, біздің бір түпкі ата-бабамыз ұйқысынан оянып, басын қасыды да, айналасына қарап, мұның бәрі қайдан пайда болды екен деп ойланып қалды. Алғашқы адам қоршаған дүние туралы ерекше ақпаратқа ие болмады, сондықтан ол осының бәрін өзіне ұқсас біреу жасаған болса керек деген қорытындыға келеді. Бірақ бір айырмашылығы бұл біреу өзіне қарағанда, оны күшті және құдыретті деп ойлады. Сол Біреу әрқашан адам үшін жақыннан танып біле алмайтын және оны түсінуге қол жеткізе алмайтын болып қалады. Біздің ата-бабамыздың тәуелсіз болғанын есепке алатын болсақ, ол құпия күш пен табиғаттан тыс құдіреттің қатысуынсыз болуы мүмкін емес деген қорытынды жасайды. Ал егер табиғаттан тыс құдірет бар болса – демек, қаһарлы күш те бар деп ойлайды. Ал ол күш үшін алғашқы адамды жермен-жексен ету түкке де тұрмайды. Осылайша, қорқыныш пен надандық оған осы көрінбейтін Жаратушының алдында бас иген жақсы деп айтады. Міне, осы – Құдай! Көрісіп, танысуыңызды өтінемін, – деп сөзімді аяқтадым.
— Рухани жағынан адамға ұқсас әрі бейнелес етіп жаратылған Құдай, — деп қосты Кобб мырза.
— Басқаша болуы мүмкін емес! — деп қуанып кеттім мен.
— Сіз осы мақсатпен Англияға келдіңіз… — ол мені сөйлемді аяқтайды деп күтіп, үндемей отырды.
— Шын мәнінде бұл қызық әңгіме, мырза. Мен көне де, қайырымды Американың Мичиган штатында тұрамын.
— Ұлы көлдер штаты десеңізші.
— Иә, мырза. Сіз бұл өлкеде болып па едіңіз?
— Тек суреттер мен кітаптағы көріністерден ғана білемін, — деп күлімдеп жауап берді Кобб мырза.
— Мен шағын колледжде оқимын және мені әбден мезі еткен мәсіхшілер тобымен үнемі соқтығысып қала беремін, – деп едім
Кобб мырза менен көзін алмай, маған тесіле қарады.
— Өздерін түк болмағандай ұстайды, — деп түсіндірдім мен. — Әйтсе де олардың кәдімгі есі дұрыс адамдар екенін мойындау керек.
— Кәдімгі есі дұрыс адамдар ма?
— Иә, солай. Нақтырақ айтқанда, басқалардан ешқандай кемшілігі жоқ адамдар. Жарқын жүзді, жылы шырайлы, әрқашан көмектесуге дайын. Олардың жан дүниесінде қандай да бір жан тыныштығы бар … олар алаңдап, күйгелектенудің не екенін білмейтін сияқты. Шын мәнінде, олар жантүршіктірерліктей бақытты.
— «Жантүршіктірерліктей бақытты»… мұндай сөзді бұрын-соңды ешқашан естімеппін, — деп басын шайқады Кобб мырза. — олар өзіңіз айтқандай … сізді мезі етті ме?
— Иә, олардың түрлерін көрсем болды, ашуым келеді. Олар өздерін миын айналдырып қойған адамдай ұстайды. Мен олардан — сендер неліктен мұндайсыңдар деп сұрасам, олар — мұның бәрі Исаның арқасында деп жауап береді. Мен бұның бәрін бос сандырақ деп ойлаймын. Алайда олар Иса әлі де өмір сүріп жатыр және оларға жақсы адам болып қалуға көмектесіп жүр деп шынымен сенеді. Олардың шынында да жақсы кісілер екенін мойындау қажет. Ең болмағанда, сырт көзге солай болып көрінеді.
— Ал, бұл қасиет сізге тартымды болып көріне ме? – деп сұрады Кобб мырза.
— Мен, бұл туралы айтып тұрғам жоқ! — деп мен сол сол мезетте-ақ әңгіменің бағытын өзгертіп: — Яғни, мен де барлық адамдар сияқты, өзімнің жақындарыммен тату өмір сүргім келеді, бірақ зияткерлік жағынан өзімді-өзім өлтіру арқылы емес? Бір сөзбен айтқанда, мен олардың сенімдерін мазақ етіп күліп, олардың намысына тиіп, ерегісе бастадым, ал олар өз кезегінде маған Иса Мәсіхке қатысты шындықтың ақ-қарасын ажыратып алуды ұсынды.
— Түсінікті. Егер егжей-тегжейіне тоқталатын болсақ, нақты қандай шындықтарды айтып тұрсыз?
— Мысалы, Ол – Құдайдың Ұлы. Адам тәнінде өмір сүріп, бүкіл адамзаттың күнәсі үшін құрбан болып, өлімнен қайта тірілді және осы дүниеге қайтадан тағы келеді … Білесіз бе, осындай ұстанымдарына қарсы шықтым! Мен оларға нағыз дәлелдің бір-екеуін тауып беремін деп шештім. Алайда бәрі де мен ойлағандай, оңай болмай шықты. Менің Штаттағы зерттеулерім ешқандай нәтиже бермеді. Қайта, жауаптарыма қарағанда, тіпті сұрақтарым көбейіп кетті. Мен кітаптарды неғұрлым көбірек ақтарған сайын, соғұрлым Еуропаға барып, бәрі шын мәнінде қалай болған болса, сол күйінде анықтап біліп алу керектігін түсіндім.
— Түсінікті, — деді Кобб мырза, өзінің тәрелкесіндегі тамақтың дәмқосарын бір үзім нанмен сүртіп алып жатып.
— Уизерспун ханым, сізді — маған көмектесе алады деп айтты, — деп жалғастырдым мен. — Ал басқа біреудің көмегінсіз мен ешнәрсе істей алмаймын. Ол сіздің осы салада өз бетіңізше зерттеу жасағаныңыз туралы айтты.
— Кейде Уизерспун ханым көпірте сөйлеуге бейім. Сонымен сізден сұрауыма рұқсат етсеңіз, сіз нақты нені іздеп жүрсіз: сұрақтарға жауап іздеп жүрсіз бе, әлде кейбір шындықтарды теріске шығаратын дәлелдерді ме?
— Мен негізінде, мәсіхшіліктің аңызға негізделгенін теріске шығаруға болмайтын дәлелдерді іздеп жүрмін.
— Олай болса, мен сізге қалай көмектесе алатынымды тіпті де білмеймін.
— Бұл қалай болғаны? — деп менің салым суға кетті.
— Мен ғалым емеспін.
— Мен мұны білемін. Сіз барристерсіз (жоғары соттарда сөйлеуге құқылы қорғаушы). — дедім мен, мен үшін жаңа болған сөзді айтып қалу мүмкіндігін жіберіп алмай. — Бәлкім, мен ғылыми дәлел туралы айтқан кезде, ойымды дұрыс білдіре алмаған шығармын.
— Сіз ойыңызды дұрыс білдіре алмадыңыз деп ойламаймын. Сізге өзіңіздің ұстанымыңызды кез келген жағдайда теріске шығаруға болмайтындай етіп дәлелдеуге мүмкіндік беретін мықты айғақ қажет. Алайда, тарихи оқиғаларға дәлелдерді іздестіру туралы әңгіме болған кезде, ғылыми мәліметтердің пайдасы аз немесе мүлдем пайдасы жоқ.
Менің жүрегімде, – қазір үндемей тыңдап, Кобб мырзаның сөйлеуіне мүмкіндік берсең жақсы болар еді, – дегендей болды. Кобб мырза маған:
— Жігітім, барлығын да өзім егжей-тегжейлі анықтап, түсініп аламын деген сіздің ниетіңіз мақтауға тұрарлық, әрине. Егер сіз қатарлы жас буынның арасында шындықты іздейтіндер көп болғанда ғой, шіркін! Алайда, білесіз бе, ғылыми дәлел шындықтың ақиқат екенін көрсеткенге сүйенеді, сондықтан да оқиға осы шындықты теріске шығарып отырған кісінің қатысуымен қайталанады. Бұл бақылау өткізуге, мәліметтерді жинап, ғылыми болжамның түпнұсқалық екенін эмпирикалық тексеруге мүмкіндігі бар, бақыланатын ортада болады. Алынған нәтижелерді кейін қайта-қайта тексеруге болады. Егер сіз тарихи оқиғаларды дәлелдеуге немесе теріске шығаруға ұмтылатын болсаңыз, сіздің алдыңызда тұрған дилемманың (екі мүмкіндіктің бірін таңдау қажеттігі) мәнісі неде екенін, енді көріп тұрсыз ба? – деп Кобб мырза маған сұрақ қойғанда, мен оған:
— Көріп тұрғаныма сенімді емеспін. Алайда, мұны сіз өзіңіз маған айтып бересіз деп ойлаймын, – деп жауап бердім.
Кобб мырза өзінің тәрелкесін сабырсыздықпен шетке ысырып қойды да, үстелдің үстінен маған қарай иілгенде, оның қастары шабыттанып жоғары көтеріліп кетті де, ол:
— Ертең немесе жиырма жылдан кейін Австралиядағы бір кісі, 1959 жылы осы күні сіз бен мен екеуміздің Лондонның Грейт-Рассел-стритінде орналасқан «Таверна-Мұражай» мейрамханасында түскі асты бірге ішкенімізді дәлелдеуді ұйғарды делік. Ол тек қана ғылыми әдісті пайдаланып, мұны дәлелдей алмайтынын сіз түсінесіз бе. Өзінің ісін тиісті түрде ұсыну үшін, оған заңды-тарихи дәлелдер қажет болады, – деді.
Ол айтқан сөзінің маңызды екеніне менің назарымды аудару үшін, тіпті сұқ саусағын шошайтып жоғары қарай бір көтеріп қойды да, сөзін жалғастырып:
—Заңды-тарихи дәлелдер шын мәнінде күмәнсіз деректерге негізделеді. Басқаша сөзбен айтқанда, ол бізге ұсынылған материалдық дәлелдердің күшіне сүйеніп, кейбір мәліметтерді растауға мүмкіндік береді.
Кобб мырза кенеттен тоқтап қалды да:
— Сіздің тамағыңыз суып қалды, — деді маған қарап.
Мен өзімнің тәрелкеме қарадым: балық пен картоп түртілмеген қалпында тұр. Қолыма шанышқыны алып, Кобб мырза сөйлеуді жалғастырып жатқан кезде, тамақ жеуге кірістім. Ол сөзін жалғастырып:
— Осылайша, заңды-тарихи дәлелдер куәгерлік жауаптардың үш түріне тәуелді болады, ал нақтырақ айтатын болсақ: ауызша куәгерлік айғақтар, жазбаша куәгерлік айғақтар және заттық дәлелдер, — деді де, Кобб мырза қайтадан үндемей қалды.
— Дәмін татып көріңіз — сіркесу себілген балық өте дәмді болады, — деді ол, маған уытты сіркесуы бар бөтелкені ұсынып.
— Нағыз керек нәрсе, — дедім мен тағамның татымды дәміне рақаттанып.
— Солай бола тұрса да, мен шынымен де уақыт машинасында саяхат жасаған болар едім, — деп сөзін әрі қарай жалғастырды Кобб мырза, — бірақ уақыт машинасы тек қиялды романдарда ғана болады ғой. Сондықтан біздің австралиялық зерттеушіміздің осы жерде бақылау жүргізіп, барлық қажетті эмпирикалық мағлұматтарды жинау үшін, ол өзінің тәндегі күйінде осы оқиға орын алған жер мен уақытқа ауысып келетіндей мүмкіндігі жоқ. Алайда, егер ол қазір ғана біз тілге тиек еткен заңды-тарихи әдіске жүгініп, ерінбей баратын жерлердің бәріне барып, іздейтін болса, онда оның осы оқиғаның растығына әбден сенуіне болады. Сіз қалайша деп сұрайтын шығарсыз? – деп, бір тыныстап алды.
— Иә, қалайша? – дедім мен.
— Ауызша куәгерлік айғақтардан бастайық. Мысалы үшін, анау отырған ханым — өтінемін, ол жаққа қарамаңыз — сіз залға кіргелі бері, сізден көзін алмай қарап отыр, ол біздің осы мейрамханада түскі асты бірге ішкенімізді растап қана қоймай, егер ол осы туралы күнделік жазып қалдыратын болса, мен онысына ешбір таңқалмаймын. Бір күні сол күнделік табыла қалып, онда сіздің атыңыз жазылған болса, — бұл оның ауызша сипаттамасына қосымша берілген, жазбаша растауы болып табылады. Алайда, біз ісімізді тек осы ханымға ғана негіздемейік. Бізде тағы бір адам бар ол – даяшы.
Мен бізге онша алыс емес жердегі үстелде отырған бірнеше егде тартқан ер кісілерге ішімдік құйып беріп жатқан даяшыға көз тастадым.
— Осы мамандықтың өкілдерінде өз-өзінен әр түрлі пайдасыз ақпараттарды есте сақтау дағдысы қалыптасады, — деп түсіндірді Кобб мырза. — Ол сіздің сөйлеген сөзіңізден — американдық екеніңізді, ас мәзірінен қандай тағамды таңдау үшін, одан кеңес сұрағаныңызды және сізге қуырылған картоп пен балықты ұсынғанын есіне түсіретіні шүбәсіз, — бәлкім, бұл оның сүйікті тағамы шығар. Айтпақшы, сізге тағам ұнады ма? – деп сұрады.
— Өте дәмді, — деп жауап бердім мен ауызымды толтырып тамақтанып отырып. Кобб мырза ризашылықпен басын изеді.
— Бұған қоса, мен де сізді жақсы есте сақтап қалып, оқиғаны қысқаша баяндап, ауызша куәгерлік айғақ беруге әбден қабілетті боламын.
— Ал, мен өз тарапымнан, осы чекті көрсетіп «маңызды айғақты» ұсына аламын, — деп қостым мен, түскі астың есеп айырысу чегіне ұмтылып жатып.
Оның тұлғасына тән таңқаларлық ептілікпен Кобб мырза есеп айырысу чегін менен бұрын алып қойды да:
— Егер рұқсат етсеңіз, заттай айғақтарды да мен өзіме қалдырсам, — деді ол, маған көзін қысып. Содан кейін сағатына қарап, — Менің әлдеқашан кетуім керек еді. Кеңсеге дейін, маған серік болғыңыз келмей ме? Жол бойында біз әңгімемізді жалғастырар едік, – деді.
Оның есеп айырысуға өз ниетін білдіргені үшін, мен оған алғысымды білдіріп, тек басымды изедім.
***
Кобб мырзаның заңгерлік фирмасы Лондонның батыс бөлігіндегі, лондондық барристерлер білім алып, өздерінің кеңселерін ашқан, төрт тарихи Инндердің бірі, Линкольнс-Инннің Құрметті қоғамында орналасқан болатын. Лондонның айтулы ауданында бірнеше шақырым жерді алып жатқан, кең залдары, ұлан-ғайыр кітапханалары, күтім көрген бау-бақшалары, сонымен бірге барристерлердің жеке кабинеттері бар Сот Инндері*, Оксбридж сияқты көне Англияның ерекше нышандарының бірі болды**.
*Сот Инндері — бұл ғимараттың төрт кешені: Грейс-Инн, Линкольнс-Инн, Миддл-Темпл және Иннер-Темпл, оларда ағылшындық қорғаушылар өмір сүрген, оқыған және сот ісін жүргізген. Қорғаушылардың бірлестігі Лондонда XIII ғасырда пайда болып, әрбір заңгер сол бірлестікке кіруге міндетті болған — осылайша, қалада үлкен сот махаллалары пайда болды. Линкольнс-Инн — бұл сонымен қатар қорғаушылардың Құрметті қоғамы және олардың орын алған махалласы. Бұл жерде қызыл кірпіштен салынған тарихи үйлердің құрылысы толығымен сақталған, ғимараттардың арасында жайлы жап-жасыл бау-бақшалары мен аулалары сап түзеген. — Ред.ескер.
** Оксбридж — бұл Оксфорд пен Кембридж — сияқты дүние жүзіндегі беделді университеттерді белгілеу үшін Ұлыбританияда жиі пайдаланатын жинақтама ұғым. Ред.ескер.
Маған Кобб мырзаны өзінің қабылдау бөлмесінде жарты сағаттай күтіп тұруға тура келді, міне, Кобб мырза да өзінің кабинетінің есігінен шығып, менен:
— Мені Олд-Холлға дейін шығарып салғыңыз келмей ме? — деп сұрады да, сол сәттің өзінде-ақ менің жауабымды күтпей, дәлізбен шапшаң жүріп кете барды. Мен оны қуып жету үшін, тұрған орнымнан тез-тез жүре бастадым.
Олд-Холлдың ұзындығы шамамен отыз, ал ені он метрдей шаңырағы биік кең зал екен. Мықты ағаштан жасалып, тозығы жеткен едендері, менің білуімше, көптеген жүзжылдықтар бойына дәстүрлі мерекелер мен сот істерінің куәсі болған. Енді Олд-Холл көбірек пікірталас залы немесе оқу сыныбы ретінде пайдаланылады. Біз кіріп келген кезде, мен жұптарымен сұхбаттасып, асықпай адымдап ары-бері жүріп жүрген бірнеше барристерлерді көрдім. Кобб мырза менің оған қосылуыма ыммен ұсыныс жасады, содан кейін екі қолымды арқама айқастыра қойып алып, басқалармен бірге залдың ішінде адымдап жүре бастадым. Кобб мырза маған қарап:
— Жігітім, менің сізге бірнеше сұрақтар қойғым келеді, және сіздің осы сұрақтарға барынша дұрыс жауап бергеніңізді қалар едім. Осылай әрекет етсеңіз мен сіздің зерттеуіңізге қатысты, сізге дұрыс бағыт-бағдар бере аламын деп үміттенемін. Келісесіз бе? – деп сұрады.
Мен келісетінімді білдіріп, басымды шұлғыдым.
— Олай болса, маған айтыңызшы, сіз Киелі кітапты қалай сипаттайтын едіңіз? Менің сұрағымның мәні мәсіхшілік пен бүкіл адамзатқа және басқа да осыған ұқсас нәрселерге қатысты, оның нені білдіретінінде емес. Мен тек нақты ауызша сипаттаманы сұрап тұрмын, – деді. Мен оған:
— Бұл кітаптың аты biblia деген латын сөзінен шыққан, ол «шиыршық қағаз» деген мағынаны білдіретін грек сөзінен келіп шығады, – деп жауап беріп едім,
— Тамаша. Сіз ол жайында тағы не айта аласыз? – деп сұрады
— Тағы ма… Шын мәнінде бұл кәдімгі кітаптардан басқаша кітап. Бұл көптеген ғасырлар бойына жазылған, әр түрлі туындыгерлердің жазбаша мәтіндерінің жинағы. Ал бір күні қауымның лауазымды басшылары жиналып, бұл көптеген түпнұсқалық қол жазбаны бір кітапқа жинақтау керек деп өзара шешім қабылдайды. Бұл шамамен төртінші немесе бесінші ғасырда болып өткен, – дедім.
Кобб мырза менің құрметсіздікпен айтқан кейпімді байқамай қалған сияқты:
— Ал осы ғасырлар бойына жоғарыда аталған кітаптың қанша көшірмесінің немесе бөліктерінің бізге дейін жеткенін, сіз білесіз бе? – деген сұрағынан құйтырқылықты сезіп қалып:
— Жоқ, мырза, мен білмеймін, – дедім.
— Дәл қазіргі сәтте олардың саны жиырма екі мыңнан асады, бұған қоса тұрақты түрде жаңа ашылулар жасалуда, — деп Кобб мырза маған мұқият қарады да: — Алайда бұл сізді қатты таң қалдырып, ешқандай әсер қалдырмаған сияқты, – деді.
— Әсер қалдыруы қажет деп есептейсіз бе? – деп сұрадым мен одан.
— Шын мәнінде, солай болу керек еді. Көне замандағы мәтіндер туралы сөз қозғағанда, біздің қолымызда көшірмелер неғұрлым көп болса, түпнұсқалық мәтіннің мазмұнын қайта қалпына келтіру ықтималдығы да соғұрлым жоғары болады. Мәтін — қандай да бір оқиғаның көзбен көрген куәгері болып табылады. Егер көзбен көрген куәгер тек біреу ғана болса, түсініктемеге кез келген қателік кіріп кетуі мүмкін: асыра сілтеу, жеке қызығушылық… немесе адам бір нәрсені ұмыт қалдыруы мүмкін, ал нәтижесінде бүкіл көрініс бұрмаланады. Екінші жағынан, егер нақты бір оқиғаның куәгерлері көп болатын болса және олардың сол оқиғаның негізгі сәттеріне байланысты берген куәліктері бір-бірімен үйлесімді болса, онда олардың бәрі бір кісідей дұрыс айтпаған деп ойлаудың ықтималдығы қандай? – деп сұрағанда, мен оған:
— Бұлай болуы екіталай деп ойлаймын, – дедім.
— Дәл солай.
— Алайда, осы жағдайда мені алаңдататыны орын алған оқиға мен оның жазылу уақытын бөліп тұрған аралық, тіпті сол оқиғаның тарихи растығы да алаңдатады. Біздің бүгінгі күнде оқып жүрген кітабыміз бен көзімен көрген куәгердің куәлігінің – бірдей екенін, біз қайдан білеміз?
Кобб мырза басын изеп:
— Түсінікті қарсылық. Сондықтан да соның өзіне жүгініп көрейік. Кез келген тарихи құжаттың растығы мен нақтылығын өлшеу үшін, сіз қандай өлшемді таңдар едіңіз? – деп сұрады.
— Өлшем? – дедім мен түсінбей.
— Иә, өлшем. Ашық сөйлесейік: «Илиаданың» растығын біз қалай өлшей аламыз немесе мысалы, «Геродоттың оқиғасын»? Бүгінгі күнде біздің қолымызда, тек көшірмелер ғана бар, – деген кезде біз залдың бір шетіне жеттік. Кобб мырза кері бұрылып, өзінің ой-өрнегін жоғалтпай, адымдап жүріп келе жатып:
— Егер рұқсат етсеңіз, мен өзімнің сұрағымды басқаша қисындастырайын. Жиырмасыншы ғасырға дейін Платонның шығармаларының қанша көшірмесі жеткенін, сіз білесіз бе? – деп сұрағанда, мен оған:
— Мен оны білмеймін, алайда сіз қазір оны маған айтып бересіз деп ойлаймын, – дедім.
Мен Кобб мырзаның көзінен тірі ұшқынды көрдім.
— Бар болғаны жеті көшірме.
— Жеті көшірме? Бар болғаны, сол ғана ма?
— Ең ерте көшірмесі шамамен б.з. 900 жылы деп белгіленген. Ал бұл Платонның өлімінен кейін мың екі жүз жыл өткен соң болды. Пәлсапашының өлімі мен жалғыз ғана сақталған көшірмелерді бөліп тұрған айтарлықтай көп уақыт аралығын есепке ала отырып, Платонның туындыгер екеніне әлдекімнің жүрегінде күмән пайда болуы мүмкін екенін, көз алдыңызға елестетіп көру қиын емес. Тіпті ол өмір сүрді ме, жоқ па деген күмән да пайда болуы мүмкін! — деп Кобб мырза, қасын жоғары көтеріп, маған қарады да, сөзін жалғастырып:
— Бәлкім, мен бұл мысалды босқа келтірген болармын? Бәлкім, сіз Платон — ойдан шығарылған кейіпкер деген көзқарасты ұстанатын шығарсыз? – деп сұрады менен.
— Мен бе? — дедім мен сасқалақтап, өйткені Кобб мырзаның сөздері мені аңдаусызда ойландырып қойды. Кобб мырза басын изеді. — Платон… — деп мен жөтеле бастадым. — Жоқ, оның өмір сүргені анық. Мұны біреу-міреудің теріске шығаруға тырысқанын тіпті естімеппін. Мүмкін, сіз осы туралы естіген шығарсыз? – деп Кобб мырзаның өзіне сұрақ қойдым.
— Кез келген сұрақтар бойынша айтысуды қалайтын адамдар әрқашан табылады деп ойлаймын. Сонда да, оның шын аты Аристокл болған болса да, Платонның — шынайы тұлға болғанына батыл түрде сенуге болады.
— Мен оның атының Аристокл болғанын білмеген екенмін.
— Егер қарсы болмасаңыз, көне замандағы басқа бір жазушыға қарап көрейік?
— Кімге?
— Білмей тұрмын… Юлий Цезарьге қалай қарайсыз?
— «Келді, көрді, жеңді», — деп мен әзілдеуге тырыстым.
— Дәл солай! — деп басын изеді Кобб мырза. — Бұл грек тарихшысы Плутархтың Цезарьға қатысты айтқан сөзі. Тарихшының өзі, әрине, бұл әйгілі сөздерді естіген жоқ, өйткені Цезарь туралы жүз жыл өткен соң жазылған. Міне, осыны заңгерлік-тарихи дәлелдер арқылы шындықты анықтаудың мысалы деп есептеуге болады.
Ол иегін саусағымен тартқылай бастады да:
— Егер қателеспесем, бұл б.з. дейінгі 47 жылы Цезарь II Понтий Фарнакты жеңіп, сол өзінің таңқаларлық жеңісін сипаттаған кезде, римдік Сенаттың алдында айтқан сөзі.
Мен Кобб мырзаға еріксіз тесіліп қарап қалдым. Осыншалықты әр түрлі көп нәрселер туралы білу — бұл қалайша мүмкін болады екен? Осы сәтте қарама-қарсы бағытта адымдап жүріп келе жатқан екі барристерлермен бірге қатарласып қалдық. «Кобб», — деді олардың бойы ұзындау біреуі, ілтипатпен басын изеп. «Уитэкр», — деп Кобб мырза оған жауап ретінде дәл солай ілтипатпен басын изеді.
Біз шамалы уақыт үндемей жүріп келе жаттық. Ақыры, Кобб мырза маған бұрылып:
— Жігітім, біз не туралы әңгімелесіп жатыр едік? – деп сұрады.
— Сіз Юлий Цезарь туралы айтып бастаған едіңіз. Оның жазушы болғаны туралы. Мен оны жазушы болды деп ешқашан ойламаған екенмін! Әрқашан да оны қолбасшы болған деп есептегенмін.
— Иә! Әрине, ол қолбасшы болған, сонымен қатар жазушы да болған, ол шамамен б.з. дейінгі 58 және 50 жылдардың аралығы деп белгіленген «Ғаллдағы соғыс туралы хаттар» деген кітаптың туындыгері. Бұл өте қызық кітап — міндетті түрде оқып шығыңыз деп кеңес беремін. Соған қарамастан, кейбір сәттерді ескере отырып, сіз бұл жерде де олардың растығына күмәндануға құқығыңыз бар, – деді. Мен одан:
— Нақты қандай? – деп сұрадым.
— Түпнұсқалық жазбаның шынайылығы он шақты көшірмеге негізделеді, олардың ең еретедегісі шамамен Цезарьдың өлімінен кейін мың жыл өткен соң табылған. Ұзақтығы мың жылға созылған сол уақыт аралығы римдік тарихшы Тациттің еңбектеріне жатады. Ал, Аристотельге және оның өте ерте жазылған шығармаларына қатысты айтатын болсақ, онда біз оның өлімі мен оның ең танымал ерте көшірмелерінің арасында мың төрт жүз жылдай уақыт өткені туралы мәліметке иеміз. Алайда, мен тақырыптан ауытқып кеттім. Сіз осы ерте заманда өмір сүрген адамдардың тіршілік еткенін және олардың кітаптарының шамамен шынайы деректерге негізделетінін теріске шығару үшін келген жоқсыз, қайта мәсіхшіліктің растығын теріске шығарғыңыз келеді, солай ғой, – дегенде, мен оған:
— Соған қарамастан, Кобб мырза, сізден өзіңіздің ойыңызды аяқтауыңызды өтінемін, –дедім.
— Менің ойым ... Иә, — менің ойым! — Кобб мырзаның беті одан да қатты қызарып кетті. — Жаңа Өсиетті басқа да көне замандағы мәтіндермен салыстыра отырып, біз жақсы сақталған, онша бөлектенбейтін және бүгінгі күнде біздің қолымызда бар көне замандағы кез келген түпнұсқалық қол жазбаларға қарағанда, сансыз көп құжаттармен жұмыс істейміз. Олар көптеген жүз жылдар бұрын жазылған, оның бастапқы түпнұсқасына айтарлықтай жақын екендігі және осы көшірмелердің көптігі туралы айтпағанның өзінде, — есіңізде болса, мен олардың жиырма мыңнан асатыны туралы айтып өткен болатынмын, — олардың нақтылығы кез келген тексеруге де икемді. Ал, енді, жігітім, егер сыншылар Киелі кітаптың, соның ішінде Жаңа Өсиеттің түпнұсқа екендігінің рас екеніне күмәнданғысы келсе, онда олар көне заманнан біздің заманымызға дейін жеткен, рас деп саналатын, кез келген басқа да жазбаша құжаттардан, дәл солай бас тартуына тура келеді. Тек көне замандағы жазбалардан ғана емес деп те айтқым келеді. Ал, сіз, осылай істеуге дайынсыз ба? – деді.
Мен жауап берерден бұрын Кобб мырза:
— Себебі, егер турасын айтатын болсақ, жоғарыда айтылғандардың бәрінің ақылға қонымды қорытындысы бар екеніне ешбір күмән жоқ, – деп қосты.
— Менің зерттеулерімнің бастапқы нүктесі Иса өмір сүрді ме, жоқ па, соны түсіну болғанын мойындауым қажет және менің бәрібір осы сұраққа қайта оралғым келіп тұр. Иә, Ол туралы Плиний сонымен қатар Тацит сияқты тарихшылар да жазған, ал оларды мәсіхшіліктің жақтастары деп айта алмаймыз. Сондықтан Ол өмір сүрді делік. Сонымен бірге біздің бүгінгі күнде оқып жүрген Киелі кітаптың түпнұсқалық екенін мойындау үшін, сіздің сенімді дәлелдер келтіргеніңізді менің мойындауым қажет. Алайда, қандай жағдай болса да, бәрібір Киелі кітапта көп нәрселер бірден көзге түседі, егер мұқият ойланып қарайтын болсақ — бұл қисынды ма немесе тіпті солай болуы мүмкін бе?
— Менің ойымша, сіз кереметтерді меңзеп отырған сияқтысыз.
— Солай деп айтуға да болады.
— Исаның судың үстімен жүргені, адамды өлімнен тірілткені …
— Бұл да бар және көптеген басқа да нәрселер бар. Неліктен мен мұның бәріне сенуім керек?
— Егер Құдайға сенбейтін болсам деп айтқыңыз келеді ғой, солай ма?!
— Олай болса, рұқсат етсеңіз, енді мен сізге бір сұрақ қояйын, Кобб мырза. Сіздің өте білімді кісі екеніңіз, шүбәсіз. Сіз өзіңіз осы Киелі кітаптық керемметтер шын мәнінде болған деп сенесіз бе? – деп сұрап едім,
— Иә, сенемін, — деп жәй ғана жауап берді ол.
Тыныштықты тек қана еденнің ақырын сықырлағаны бұзғаны болмаса, біз тағы да біраз уақыт үндемей жүруді жалғастырдық. Маған терезеден жаңбырдың жауа бастаған дауысы мен залдағы басқа да барристерлердің сұхбаттарының бәсеңдеген дауыстары естіліп жатты. Кенеттен менің есіме Уизерспун ханым мен оның маған көмектесе алатын кісіні білемін деп айтқан сөзі түсіп кетті. Мен сол кездің өзінде-ақ өзім сияқты күмәншіл (скептик) одақтас кісіні таптым-ау әйтеуір деп ойлаған едім. Алайда бұл ойымның Кобб мырзаға ешқандай қатысы болмай шықты. Алайда, ол дұрыс пайымдай алатын және осы тақырыпты жақсы меңгерген кісі екен. Менің бұл жөнінде ешқандай таласым жоқ.
— Ал, егер…
— Мен сізді тыңдап тұрмын, жігітім. Не айтқыңыз келсе, соның бәрін жайып салыңыз.
— Мұны, тіпті, сөзбен қалай жеткізу керектігін білмей тұрмын … Ал егер ертедегі қауым Мәсіх туралы аңызды әдейі ойластырып құрған болса ше? Айталық, қандай да бір партиялық бағыт үшін?
Менің сөздерім Кобб мырзаны қызықтырғанға ұқсайды, ол маған:
— Жалғастырыңыз! – деді.
— Егер Исаның Өзі ешқашан Құдайлық мәртебеге ұмтылмаған, қайта жәй қарапайым жақсы кісі болған болса ше? Ол жер бетіндегі бейбітшілік пен тыныштыққа сенген болып, ал адамдар қалың тобыр халықты бақылай алуы үшін оларды Оған табындырып, Исаны Құдайға айналдырып, әдейі мәсіхшілік дінді ойлап шығарған болса ше. Әсіресе, император Константиннің өзі мәсіхшілікті қабылдап, соның нәтижесінде Рим империясының әрбір адамын да жаңа сенімді қабылдауға күштеп мәжбүр етті емес пе екен?!
— Сіз Иса Құдайлық болмысқа ие болды және кереметтер жасады деген шындыққа сенгеннен гөрі, осы теорияға сенуге дайынсыз ғой, солай ма?!
— Егер шынымды айтсам, мырза, иә, солай!
— Басқалармен де, өзіңізбен де шынайы болу — бұл өте жақсы қасиет, – деп маған қошемет білдірді.
Енді мен шешіле сөйлеп:
— Егер Жаңа Өсиеттің қолжазбалық мәтіндері туралы сіздің сөздеріңізге қайтадан оралатын болсақ, — бұл шын мәнінде нені дәлелдейді? Сенушілер қауымын сақтап қалғысы келген көшірмешілердің көшірмелерді ресми нұсқаға сай жазғанын мен жоққа шығармаймын. Бәлкім, болған оқиғаларды мүлдем басқа түрде көрсеткен ертедегі нұсқаларға күйе жағылған немесе жойылған шығар және ақыр аяғында мүлдем ұмытылып кеткен болар, – дедім.
Кобб мырза маған қызығушылықпен қарады да:
— Ақылға қонымды дәлелдер — бірақ, әттеген-ай үстіртін. Егер қаласаңыз, мен олардың әрқайсысын теріске шығара аламын, – деді.
— Сіздің теріске шығара алатыныңызға ешбір күмәнім жоқ, — деп жауап бердім мен, ішімде қайнап келе жатқан ашу-ызаны жасыруға тырысып.
— Алайда, бәрібір әуелі сізге бір жеке сұрақ қоюыма рұқсат етіңізші.
— Қойыңыз.
— Сіз жалған үшін өз өміріңізді құрбан етуді қалайсыз ба?
— Не?
Кобб мырза өзінің сұрағын қайталап:
— Сіз жалған үшін өз өміріңізді құрбан етуге келісер ме едіңіз? – деді.
— Жоқ, менің мүлдем мұндай ойым жоқ.
— Ал, Исаның алғашқы ізбасарлары өздерін құрбан етуге дайын болды.
Мен кенеттен, бір сәтте барлық дәлелдерімнен айырылып:
— Мен осы сияқты сұрақтарға қалай жауап табуға болатынын да білмеймін. Сіз қайтадан екі мың жыл бұрын болып өткен оқиға туралы айтып отырсыз, – деп қарсыластым.
Кобб мырза басын иіп, адымдауды жалғастырып:
— Бұдан бұрын біз, тарих негізінен — куәліктерге негізделген өткен өмір туралы білім деп анықтама берген болатынбыз. Осы жағдайда Мәсіхтің ертедегі ізбасарлары мен елшілерінің өмірлерінің өзгергені арқылы куәлік өзінің рас екендігінің дәлелін тапты. Олар қудалауларды, азаптауларды және қиындықтардың барлық түрлерін бастарынан өткізуге дайын болып, солардың бәріне төзді, өйткені олар Мәсіхтің Құдайлық болмысы мен Оның өлімнен қайта тірілгеніне шынымен сенді. Олардың ешқайсында өздерінің көздері жеткен шындықтың рас екендігінен бас тартамыз деген ниет болмады, олар шындықтан бас тартуды қаламады да, – деді.
— Әдепсіз болып көрінгім келмейді, мырза …
— Тыңдап тұрмын сізді, жігітім.
— Шынымен сенген нәрсесі үшін, өзінің өмірін құрбан еткендер аз ба? Бірақ бұл нені дәлелдейді? Екінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі камикадзе-ұшқыштар да өздерін құрбан етті ғой.
— Мен сізді түсіндім. — Кобб мырзаның қастары ұйытқыған желмен желбіреп тұрған ту сияқты, жоғары көтеріліп, қайтадан орнына түсті. — Енді сіз менің сұрағыма жауап беріңіз: сіз қандай да бір жалған үшін өміріңізді құрбан ететініңізді анық біле тұрып, өлуге келісесіз бе? Егер сіз бұның алдамшылық, арсыз жалған екеніне ешбір күмәніңіз жоқ екенін білетін болсаңыз, өміріңізді қиясыз ба? – деп сұрады да, Кобб мырза менің жауап беруімді күтіп отырмай:
— Иса тұтқындалып, айқыш ағашқа шегеленген кезде, Оның шәкірттері қашып кетіп, жасырынып қалды. Олар өздерінің өмірі үшін қорықты. Олардың сеніп жүрген, ең жақсы көретін Құтқарушы Мәсіхі мүлдем Ол емес сияқты болып көрінді. Керісінше, Ол айқыш ағашта азапталып жан тапсырған кезде, Оның тірі кезіндегі айтқан сөздерін тыңдап рахаттанған олардың, бүкіл армандарының күл-паршасы шықты. Содан бірнеше күн өткен соң, күтпеген бір таңқаларлық жағдай орын алды: бұрынғы қорқып қашып кеткен адамдар енді көзді ашып-жұмғанша батыр адамдарға айналып шыға келді. Олар енді ешкімнен қорықпай, жасырынбай, қоғамдық орындарда пайда болды. Иерусалимде Исаны тұтқындап, айқышқа шегелеген адамдардың көз алдында, олар өлімнен қайта тірілген Иса туралы уағыз айта бастады. Оларға үндерін өшіріп, адамдардың көзіне түспеуді бұйырады. Алайда, олар ол бұйрыққа бағынбады. Сонда оларды түрмеге жауып, Оның атын жариялауға тыйым салды, бірақ олар адамға емес, Құдайға мойынсұнуды артық деп санады. Сол үшін оларды ұрып-соғып, сабады. Кейбіреулерін таспен ұрып өлтіріп, тіпті айқышқа да шегеледі. Енді біреулерінің басын шауып тастады. Алайда, олардың өз көздерімен көріп, өз құлақтарымен естігендерін уағыздауына, адамдарға шындықты үйретуіне, бүкіл дүниеде ешкім кедергі жасай алмады. Олар жалған үшін өлуге дайын болды ма, сонда?! Мен үшін бұл бір-ақ нәрсені білдіреді, – деп сөйлеуін тоқтатып, өзінің жүрісін де тоқтатты.
Біз залдың ортасында тоқтап тұрып қалдық. Мен Кобб мырзаға қарадым, маған ол қазір есінен танып қалатын адам сияқты болып көрінді. Ол тек өзінің алдына қадала қарап тұрды, еріндері дірілдеп, алақанымен қастарын сүртті де, сосын көзін жұмды. Мен абайлап оның қолынан ұстадым. Ол терең күрсінді де, бұрылып маған қарады, маған оның көзіне жас толып қалғандай көрінді. Сәлден соң ол ешнәрсе болмағандай қайтадан адымдап ілгері жүруін жалғастырды, ал мен оның ендігі айтатын сөздерін ести алу үшін, оған жақындай түстім. Ол сөзін жалғастырып:
— Киелі кітапта Исаның өлімнен қайта тіріліп, Өзінің ізбасарларына көрінгені жайында айтарлықтай егжей-тегжейлі баяндалған. Олардың батыл әрекеттері мен олардың әрі қарай да өмірдегі ерліктерін түсіндіретін бірден бір нәрсе міне осы, – деді.
Біз Кобб мырза екеуміз әңгімемізді әрі қарай жалғастырдық және сұхбатымыздың соңында мен өзімді бірнеше шақырым жол жүріп тастаған кісідей сезіндім. Кеш түсіп қалды, біз қоштасқан кезде, залдың іші мүлдем қаңырап бос қалған еді.
***
Лондонда мені тағы да Кобб мырзамен бірге өткізетін екі күн күтіп тұр еді. Иса мен Киелі кітап жайлы және көне замандағы оқиғалар мен мәсіхшілік туралы сұхбаттасып, Олд-Холлдың ұзынынан да, енінен де, қаншама рет адымдап жүргенімізді айтып жеткізе алмаймын. Британдық Мұражайдың қабырғаларында сақталған, таңқаларлық көлемдегі ғылыми ақпараттарға қолымызды тигізіп көру үшін, біз оған тағы да барып қайттық. Өзім қаламасам да, мен болып өткен оқиғалардан бар болғаны елу-алпыс жыл кейін жазылған, Жаңа Өсиеттің ертедегі мәтіндерінің растығын аздап мойындай бастадым.
Біздің арамызда ешқандай тыйым салынған тақырыптар болмады, біз біртіндеп Исаның өлімнен қайта тірілу тақырыбына көңіл аудара бастадық. Мен Келлог колледжінің мәсіхшілік үйірмесінің студенті Оливердің менің алдыма қойған мақсатын атап өттім, ол маған: Мәсіхтің өлімнен қайта тірілмегенін дәлелде, сонда сен бүкіл мәсіхшілікті күл-талқан ететін, олардың сенімінің негізінен сызат табасың, – деген еді.
Біз Кобб мырза екеуміз «қате қабір» теориясын талқыладық: мүмкін, шәкірттері Исаны іздеп жүргенде қабірді шатастырып алып, басқа бір бос қабірге тап болып, Ол өлімнен қайта тіріліп кетті деген аңыз таратқан шығар.
— Иә, осы теорияда бірінің екіншісіне сәйкес келмейтіні, үйлеспейтіні анық, — деп мойындауға мәжбүр болдым. — Оны теріске шығару оп-оңай: жерленген денені қабірден алып шығып, кез келген қауесеттерді таратпауға мәжбүрлеу. Менің пікірім бойынша, сектаның аузын жауып басып тастауды қалайтындар, осылай әрекет еткен болар еді.
Содан кейін біз «елестеушілік теориясын» қарастырдық, осы теорияны жақтаушылар, Исаның өлімнен қайта тірілгеннен кейінгі, көзге көрінген сыртқы келбеті елес немесе қиял болды деп айтады. Кобб мырза екеуміз осы теория бойынша да негіздерге сүйеніп қарап шықтық: иә, егер елестеушіліктің ықпалына бір-екі адам түсіп қалса, оны жоққа шығаруға болмайды деп мойындауға болар еді. Алайда, елші Пауыл айтып өткендей; болған оқиғаны бір мезгілде көзімен көрген бес жүзден астам адамды қайтеміз? Елес көргендігі туралы мүлдем ешнәрсе айтпайтын, Исаның ізбасарлары туралы не айтуға болады! Жоқ, елестеушілік теориясын адам сенерлік дәлел деп есептеуге болмайды. Қайта бұл түкке тұрғысыз сылтауға ұқсайды.
Сонымен қатар, біз Карл Фридрих Барт деген неміс теологы ұсынған, «естен тану теориясына» қатысты, оны қолдайтын пікір мен оған қарсы пікірлерді талқыладық. Осы теория бойынша; Иса айқыш ағашта жан тәсілім еткен жоқ, Ол тек есінен танып қана қалған, ал содан кейін қабірде өзіне келген деген пікір айтылады.
Алайда, Кобб мырза бұл теорияны тез арада теріске шығарды. Ол:
— Римдіктер Исаны әбден сабап, айқышқа шегелегеннен кейін, Оның өлмей, шынында да тірі қалғанын көз алдымызға елестетіп көрейік. Мұндай жағдайда, Оның бет-әлпеті ауыр соққылардан әбден қалжыраған, бейшара күйде болады деп болжауға болады, ал шәкірттері өздерінің өлімнен қайта тірілген Құтқарушысымен кездескен кезде, Оны сондай күйде көріп сүйсініп қастерлеуі және Оның алдында құрметпен тізе бүгуі екіталай деп ойлаймын! – деді.
Содан кейін кезек «ұрланған дене» мен «ауыстырып қойған дене» теорияларына және «ұқсатып қою теориясына» келді, бұл теорияларда мәсіхшіліктің негізгі қағидалары ежелгі гректер мен римдіктердің құпия діни ұйымдарынан (мистериясынан) алып пайдаланылған деп айтады. Біз осы теориялардың әрқайсысының кемшіліктерін бірінен соң бірін зерттеп шығып, олардың әрқайсысын шеберлікпен теріске шығардық.
Әрине, бұл менің Мәсіхтің өлімнен қайта тірілуін тарихи шындық деп қабылдағанымды білдірмейді. Мәсіхтің өлімнен қайта тірілгеніне сену, мен үшін әлі де тым мүмкін емес, ақылға сыймайтын сияқты болып көрінді!
Ақыры, біз өлімнен қайта тірілу туралы пікірталасты шамалы уақытқа тоқтатуды ұйғарып, Иса жер бетінде өмір сүрген кезде, қандай адам болды деген сұрақты зерттеуге кірістік. Ол Будда, Конфуций немесе Лао-Цзы сияқты, жәй әншейін өнегеліліктің ұлы ұстазы болды ма? Олардың да Иса сияқты өнегелі қасиеттерге ие болғаны, шүбәсіз. Егер де біздің заманымызға Исаның тек Таудағы уағызында айтқан сөздері ғана жеткенде, онда Ол солармен бір қатарда тұрған болар еді. Бірақ Иса Өзі туралы өнегелілік ұстаз ретінде айтқан жоқ. Иса Өзі туралы Құдай ретінде айтты.
Кобб мырза мені К. С. Льюистің шығармаларымен таныстырды, бір қызығы, ол да кезінде агностик болған екен. Алайда, Кобб мырза Клайв Льюистің жазған «Жәй ғана мәсіхшілік» деген кітабынан, жазушының өзінің көзқарасының күрт өзгергені туралы жазған жерін маған көрсетті:
«Ол туралы: мен Исаны ұлы өнегелілік ұстазы деп қабылдауға дайынмын, бірақ Оның Өзінің — Құдай екені туралы айтқан сөздерін қабылдамаймын деген, жиі естуге тура келетін ақымақтықты басқалардың қайталамауы үшін мен осыны жазып отырмын. Міне, осылай айтудың қажеті жоқ. Егер адам қарапайым адам бола тұра, Мәсіхтің айтқан сөздерінің бәрін айтатын болса, — онда ол қандай өнегелілік ұстаз болуы мүмкін! Бұл не есі ауысқан (өйткені адам өзі туралы, шала қуырылған жұмыртқа деп айтатын деңгейде тұр) немесе нағыз әзәзіл шайтанның өзі. Қалай болған жағдайда да, сіз бен біз біреуін таңдау керекпіз: не бұл кісі Құдайдың Ұлы болған және қазірде Құдайдың Ұлы болып табылады, не ол ақымақ, немесе одан да бетер біреу».
Ал біздің пікірталасымыз жалғаса берді және оның шеті де, шегі де жоқ сияқты болып көрінді. Менде ол айтқан барлық нәрсеге қатысты қарсылықтар табылатын. Кобб мырзаның келтірген кез келген «дерегі» мен әрбір дәлеліне мен күмәнмен, қарсылықпен, сұрақпен жауап бердім. Ақыры Лондоннан кететін күн келгенде, біз екеуміз де жеңілдікпен күрсіндік деп ойлаймын..
Мен Линкольнс-Иннің тамаша, баптап күтілген бау-бақшаларымен біржолата қоштасу үшін келдім.
— Кембриджден кейін қайда барамын деп ойлап тұрсыз? — деп сұрады Кобб мырза менен.
— Оксфордқа қарай жылжитын шығармын, – деп жауап бердім.
Кобб мырза басын изеп:
— Иә, Оксфорд баруға тұрарлық жер. Ал, әрі қарай мен сізге солтүстікке, Манчестерге сапар шегуге кеңес берген болар едім. Джон Райланд университетінің кітапханасында сіз Жохан жазған Ізгі хабардың үзіндісін көре аласыз, – деп өзінің кеңесін айтты.
— Солай істеймін, мырза, – дедім мен.
Кобб мырза ризашылықпен басын изеді де, пенжагының қалтасынан конвертті алып:
— Мына жерде менің еуропалық жақсы екі жолдасымның аттары мен мекен-жайлары жазылған: доктор Зауэр Гейдельбергте және профессор Цендер Женевада тұрады, – деді.
— Үлкен рахмет, мырза!
— Мен оларға телефон шалып, сіздің оларға да жолуығыңыз мүмкін екенін ескертіп қойдым. Олар археология мен лингвистика саласындағы беделді кісілер. Екеуі де ағылшын тілінде сөйлейді.
Біз біраз уақыт үндемей тұрдық. Жаз мезгілінің таңертеңгі тамаша жаймашуақ күні еді. Мен оған қолымды созып:
— Маған көрсеткен көмегіңіз үшін дән ризамын, Кобб мырза. Енді сіздің арқаңызда мен көп нәрселер туралы ойланатын боламын, – дедім.
Кобб мырза бірден жауап бермей, сәл кідіріп тұрды да:
— Мен сіздің көзіңізді жеткізе алдым ба, тіпті білмеймін. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, менің негізгі мақсатым – барлық нәрсенің ақ-қарасын өзіңіздің ажыратып алуыңыз болды.
Мен жауап ретінде басымды изеп:
— Мүлдем күмәнім жоқ. Бұған қоса, сіз маған қаншама көңіл бөлдіңіз, — сіздің жұмыс күніңіздің әрбір сағаты үшін ақы төлеу қажет болмағанының өзі, қандай бақыт! – дедім.
Кобб мырза жауап ретінде тек гүрілдеп күлді. Ақыры соңында біз бір-біріміздің қолымызды қысып, басымызды изедік. Оны соңғы рет көріп қалу үшін артыма бұрылып қарағанымда, Кобб мырзаның тамаша раушан гүлінің иісін рахаттанып иіскеу үшін еңкейгенін көрдім. Мен күлімдеп, қақпа арқылы бақтан шығып кеттім. Ал бірнеше минут өткен соң, мен Холборн-стриттің адамға толы көшесіне еніп кеттім.
Иә, Кобб мырзаның мені қамтамасыз еткен ақпараттар байлығы, маған әлі ұзақ уақытқа жетуі қажет. Алайда менің жүрегімде ерекше әсер қалдырған Кобб мырзаның шын жүректен менімен бөліскен білімінің көлемі емес. Оның өзі мені таңқалдырды. Жоқ, ол мені Құдайдың бар екеніне сендіріп, Оған деген сенімді қабылдатқан жоқ. Алайда, егер мен бір күні осындай шешім қабылдайтын болсам, онда мен өзімнің нанымдарымның күші мен батылдығы, ішінара болса да Кобб мырзаның нанымына ұқсағанын қалар едім. Баспалдақпен Лондондағы жерасты жолына түсіп бара жатып, мен өзімнен алдымда мені тағы да қандай таңғажайып оқғалар күтіп тұр екен деп сұрадым.
Мен сағатқа қарадым. Кембриджге баратын пойызға үлгіру үшін, сағат 9:30 да мен Ливерпуль-стритте болуым қажет еді.
