Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Ерланқызы С..docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
122 Кб
Скачать
☆

1.2 Отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселесінің зерттелу жағдайы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандық жол - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауында қазақ елін әсемдік өркениет көшіне бағыттап, дүниежүзілік қоғамдастықтан лайықты орынды иеленуде жалпыадамзаттық құндылыққа бағдарланған, білімді, белсенді, өз мәдениетін сақтай білетін патриот азаматты тәрбиелеу арқылы жүзеге асатыны жөнінде айтылып отыр 1. Патриот азамат – біздіңше, ол өзінің білімі мен мәдени деңгейі жоғарылаған сайын, бүгінгі жаһандану үдерісінде әртүрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ тағдырын сезіну мен өз халқының ұлттық мәдени мүдде жетістіктерін қорғап, қазіргі жаңа технология жетістіктерімен алмастыруға септігін тигізеді.

Зерттеу тақырыбымыздың мазмұнын ашуда «отансүйгіш», «патриот» ұғымдарының пайда болу және зерттелу тарихына үңілуді жөн санадық. Алғаш рет «патриот» және «патриотизм» ұғымдары 1789-1793 жылдары Ұлы Француз революциясы кезінде қолданыла бастаған. Халық ісі үшін және ұлы істер үшін күрескерлер, мемлекетті қорғау жолында жүрген адамдар өздерін патриотпыз деп санаған 21,83с. «Патриотизм» ұғымы Ресейде ХХ ғасырдың басында 1917 жылғы қоғамдық өмірдегі қайта құрылымдарға байланысты ене бастайды.

«Патриотизм» және «отансүйгіштік тәрбие» ұғымдары өз маңызының күшіне қарай, білімнің әртүрлі салаларында философия, психология, педагогика, тарих және т.б ғалымдардың назарын аударған.

Қазіргі еліміздің даму жолында патриотизмнің әр түрлі мәселелерін белгілі философ ғалымдар Ә.Нысанбаев 25, Д.Раев 26, А.Айталы 27, Ә.Қалмырзаев 28, Қ.Меңлібаев 29 және т.б. патриотизм, ұлтаралық (интернацонализм ретінде түсіндіріледі) және отансүйгіштікке тәрбиелеуді ұлттық мұралардың кепілі, адамзаттың парызы мен жауапкершілігі жөнінде кеңінен насихаттайды. Мәселен, Ә.Нысанбаевтың еңбектерінде отансүйгіштік сезімді – халқымыздың ынтымағын жарастырып, іштей топтастыратын, ашық қоғам жағдайында ұлттық бірегейлігіміз бен қауіпсіздігімізді сақтап қалатын, сан ғасырлық тарихи дамудан, бүгінгі күнге дейін жеткізген ұлттық дүниетанымымыздағы қадыр-қасиетті көрсетіп берген.

Философ Ә.Қалмырзаев өзінің ағартушылық еңбек жолдарында «Патриотизм», «интернационализм», «ұлтжандылық» мән-мағынасын ашуда көптеп ізденіп, оларды жіктеп көрсеткен. Ә.Қалмырзаев аталған ұғымдарды – туысқан ұғымдар қатарына жатқызады. Философтың пікірінше: «Бұлардың бәрінің арқауы адамды сүю сезімін құрайды. Интернационализм жалпы адамға, тіпті өз ұлтының ғана емес, басқа халық өкілдеріне деген достық, туысқандық сезімді білдіру, бір сөзбен айтқанда, кез-келген адамды жатсынбай, оған жаратушының өзіндей бір пендесі деп сыйластықпен қарау, қолыңнан келгенше оған ықылас көрсету қажет» - деп, түсіндіреді 25. Философтың бұл ойы біздің еліміздің көп ұлттылығына, көп конфессиялық елдердің қатарына кіретіндіктен әлі де мәнін жоймайды. Бірақ қазіргі таңда алыс-жақын шетелдермен қарым-қатынастың өзгеруі, дүниежүзілік кеңістіктің ашықтығы, саяси-әлеуметтік өзгерістерге байланысты интернационализм өзге ұлтты құрметтеу, түсіну сыйластықты толеранттылы қатынас немесе толеранттылықпен түсіндіріліп келеді 28.

Елімізде психология ғылымына елеулі үлес қосқан Т.Тәжібаев 30, М.Мұқанов 31, Қ.Жарықбаев [32], Ә.Алдамұртов [33] және т.б. ғалымдар тұлғаны қалыптастыруда балалардың танымы естіген әңгімелері мен теледидардан көріп, жинақтаған қарапайым білімдерінің өзі табиғи ортаға деген жағымды сезімінің қалыптасуына себепші болады делінген. Мәселен, Қ.Жарықбаевтың еңбектерінде жеке тұлғаны қалыптастыруда ақыл-ойы мен адамгершілігін дамытып қана қоймай, оның Отанға деген бастапқы патриотизмі, яғни баланың бойында отансүйгіштік бастауларына тәрбиелеу негіздері айтылып отырады.

Ә.Алдамұратовтың «Жалпы психология» - атты кітабы ұлттық ерекшеліктермен байланыстырыла отырып жарық көрді 33. Ғалымның оқулығының ұлттық-мінез тақырыбы бойынша жастарды отансүйгіштік сезімге, әсіресе олардың ұлттық мақтанышын ояту мақсатында кеңінен тоқталып өткен. Мұнда көшпенді ата-бабамыздың өз жерімен, Отанға, туған жерге сүйіспеншілдігін, мал шаруашылығына икемділігін, қонақжайлылығын, төзімділігін, еңбек сүйгіштігін, шыдамдылығын т.б. ұлттық психологиялық қабілеттері сөз етілген. Ғалым қазақи патриотизмді қалыптастыру мақсатында ұлттық психологиялық құндылықтарды анықтаумен айналысқан. Психологтардың пікірінше, отансүйгіштік тәрбиенің нәтижесі қалыптасу тетігіне байланысты. Сондықтан отан, туған елі және салт-дәстүрі туралы білімі және олардың қажеттілігі туралы түсінігі болуы керек.

Ұлы ғұламалар Қорқыт ата [34], Әл-Фараби [35], Ж.Баласағұн [36], М.Қашқари [36], А.Иассауи [36], А.Жүгінеки [36] т.б. туған жері мен елін сүюдің, отансүйгіштіктің ғажайып күш, рухани байлық екендігін терең сезініп, өздерінің шешендік нақыл сөздерінде, ұлағатты даналық өсиетке толы дидактикалық үлгідегі туындылары мен танымдық қағидаларында дәріптейді.

Халық ағартушылары Ш.Уәлиханов[38], Ы.Алтынсарин [39], А.Құнанбаев [40] секілді ұлы тұлғалардың еңбектерінен халықты жаңа өмірге баулауға, білімділікке, еңбекқорлыққа, белсенді өмір салтына шақыруынан отансүйгіштік сезімдерін кездестіруге болады. Мәселен, Ш.Уәлиханов өзінің досы Достоевскийге жазған хаттарында өз Отаны мен ауыл аймағы, ел жұртына деген адал перзенттік парызын төмендегідей келтірген: «Бір кезде менің өз Отандастарыма пайда келтірейін, оларды чиновниктер мен қазақ байларының озбырлығынан қорғайын деп, сұлтан болсам ба деген ниетім де болған. Сондағы көбінесе ойлағаным – оқыған правитель-сұлтанның қандай пайдалы болатынын жерлестеріме өз біліммен көрсету еді» - деп 38,71б, елінің алдында азаматтық борышын көрсете отырып, өзінің елжандылығын былай суреттеген: « ... бірінің ішінде бірі сиятын ірбіт сандығынан, мен ең алдымен мен өз отбасымды, туған туыстарымды, одан соң ауыл аймақ, ел-жұртым, руластарымды, одан соң халқымды, одан соң сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін!» 38,57б

Тұңғыш ағартушы Ы.Алтынсарин өзінің шығармаларында дүниеге гуманистік көзқарас тұрығысында қарап, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде мектептер ашып, оқулықтар жазған көрнекті ғалым. Ол: «Білім дегеніміз - өзімізді қоршаған шындықты танып білу» дей келе, «мен қазақ жастарын классикалық гимназияларда, ауыл шаруашылық академияларында оқып білім алуын, өз халқына қызмет етуін, жаңалықты іс-жүзінде көрсете білуін жоғары мұрат деп білемін», «бала тәрбиесі оның табиғи ортасы мен халқының салт-дәстүрі рухында тәрбиеленетін болса, оның сана-сезімінің дамып жетілуі де ұлты мен халқына қызмет ететін көкірегі ояу, салауатты азаматтар болып өседі» - деген 39,254б

А.Құнанбаевтың қарасөздері мен шығармаларында табиғат көріністері, қазақ халқының шежіресі, салт-дәстүрі, тілі мен ділі терең философиялық астармен баяндалады. Абайдың отыз төртінші қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі дос, ...Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп, отыз жетінші қара сөзінде: «Тек қана өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін отаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызына еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген мысалдар келтірген 40,74б. Ақынның еңбектер желісіндегі эстетикалық әсемдігі, гуманистік идеялары мен тәрбиелік тағылымдарды саралай келе, ар-ождан, намыс, адамгершілік, білім алуға уағыздау, адам баласын ынтымақтаса ауыз біршілікпен өмір сүруді, отансүйгіштік қасиеттерді насихаттап, өсиет еткен деген қорытындыға келеміз.

Абайдың өсиетті жолын ұстанған Ш.Құдайбердіұлының шығармаларының бірінде Отансүйгіштік ұғымын үлкен шеберлікпен талдап көрсетеді: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірде де керекті іс-ұждан. Адамдағы ынсап, әділет, мейірім - үшеуі қосылып, ұждан деген ұғым шығарады» Ақын ұрпақтарға: «қоршаған табиғи ортаның жұмбақ сырын ұқ, танып-біл, оның ашылған сырларын мақсат-мұратыңа жарат» - деген өсиетін қалдырады 37,5-6б. Сайып келгенде, ғұлама, жастарға қатарыңнан қалма, жаман әдетке әуес болма, оқу оқып, білім ал, бойыңдағы өнерің мен біліміңді ел қажетіне жарат деп адамгершілік жолға салып отырған.

Ұлттық сезім, Отанға, елге деген сүйіспеншілік, елжандылық тұрғысындағы жылы лебіздерін Алаш Орда қайраткерлері мұраларындағы еңбектері мен ағартушылық қызметтерінен көруге болады (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов). Алаш қайраткерлерінің өз өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, қазақ халқының жарқын болашағы өз егемендігін аңсап, халықты ағарту, олардың өзіндік сана-сезімін дамыту ісін жетілдіре отырып, еліне деген отансүйгіштік, Отанын қорғаудағы перзенттік борыштарын ақтай білген ұлы тұлғалар.

Сондай-ақ, Б.Момышұлы 41, Қ.Қайсенов [42], Ә.Нұршайықов [43], М.Мақатаев [44], О.Сүлейменов [37], М.Шаханов [37], Б.Бұлқышев [37] және т.б. Ұлы Отан соғыс батырлары мен зиялыларымыздың өскелең ұрпақты Отансүйгіштік рухта отансүйгіштік сезімге қалыптастыру толғаныстары өз еңбектерінде айқын көрініс береді.

Қазақстандық ғалымдар С.Қалиев 45, С.Ұзақбаева 47, К.Қожахметова 48, Ә.Табылды 49, С.Ғаббасов 50, К.А.Оразбекова 51, Қ.Бөлеев 52

және т.б. еліміздің тарихи этнопсихологиялық, этнопедагогикалық ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін зерделеген. Аталмыш ғалымдарымыздың отансүйгіштік негізде ұрпақ тәрбиелеудің негізгі көздерін ашуда көптеген ғылыми еңбектері мен оқу әдістемелік құралдары жарық көрді.

Педагог К.Ж.Қожахметова халықтық педагогиканы ұрпақтар бойына сіңіру барысында көптеп еңбектенген. Ғалымның «Жоғары мектеп студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы» атты еңбегінде этнопедагогикадан білім беруде төмендегі мәселелердің шешімін табу жолдарын қарастырады:

- қоршаған ортаға бағалы көзқарасты қалыптастыру;

- өз халқының өткендегі тарихи-ерлік оқиғаларына терең жан күйзелісі сезімін қалыптастыру;

- өз халқының дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын және өзіндік мәдениетін игеру;

- түрлі заманалар мен халықтардың рухани құндылығын тану негізінде студенттер бойында ұлтжандылық (патриотизм) пен ұлтаралық қарым-қатынастар мәдениетін қалыптастыру 48,-11-б. Сонымен бірге, ғалым қазіргі қазақ елінің Азаматы, Қазақстан Азаматы деген атаққа лайық Адам тәрбиелеу мәселесін ұлттық тәрбиемен тығыз байланыстыру керектігін басты назарда ұстанады. Мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие беру міндетін: бір тұтас әлем туралы ғылыми көзқарасын қалыптастыру мен оқушыларды жалпыадамзаттық құндылықтарға тарту, сол құндылықтарға сәйкес мінез-құлық қалыптастыру керектігін ескереді. Ұлттық тәрбие берудің негізгі мазмұнына мына құндылықтарды: Туған жер, Отан, Отбасы, Ел, Ұлттық мәдениет, Ана тілі, Ұлттық өнер, ғылым, Ұлт тарихы, Дін, Білім, Бейбітшілік, Біртұтас әлем, Адам, Азамат, Ұлттық дәстүр мен салтты алу керектігін айта келе, осы тәрбиені ұлттық салт пен дәстүрге негіздеп, ұлтжандылық, Отансүйгіштік сезімдерін қалыптастыру керектігін айтады 48,31-32б. Әрине, мұнда біз, ғалымның ғылыми тұжырымдарына сүйене отырып, мектепке дейінгі кезеңде-ақ балалардың бойына бастапқы жалпыадамзаттық құндылықтарды дарыта отырып, мінез-құлқын қалыптастыруға негіз болатынын түйіндейміз.

Педагогика ғылымында елеулі үлес қосып жүрген Л.К.Керімов 5, Т.Бегалив 53 және т.б. ғалымдардың еңбектерінің маңыздылығын атап өтуге болады. Мәселен, профессор Л.К.Керімов өзінің ғылыми еңбектер желісінде қиын балаларды қайта тәрбиелеуде адамгершілік тұрғыда жасөспірімдерді жақсы азамат етіп өсірудің жолдарын қарап, пайдалы нұсқаулар беруі бастапқы отансүйгіштікке тәрбиелеудің алғышарттары болып табылатындығын айта кеткен жөн 5.

Т.Бегалив «Педагогика» атты оқулығында төмендегідей анықтама жүйесін береді. Патриотизм, интернационализм егіз ұғым. Отан сүю, сол Отанда өмір сүріп, еңбек етіп жатқан халықтар өкілін туысқандыққа шақырады. Отансүйгіштік – адамның бойындағы сезімге байланысты. Шәкірттеріміздің сол сезімін оятқанымыз жөн. Отан сезімі, өзін өз елінің азаматымын деп сезіне білу, өзінің бүкіл елімен және халқымен туысқандығын сезіну, адамды қолдап отыратын өзінің күші мен мүмкіндіктерін, сенімін нығайтатын ең күшті сезім болып табылады. Отансүйгіштік ұғымы елдің саяси құрылысына, оның саяси мекемелеріне сүйіспеншілік пен халықтың құрамын, өзі өмір сүріп отырған мәдени ортаға (мәдениетке, адамгершілікке және елдің әдет-ғұрпына) халықтың сүйіспеншілігін, өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік ортаға (елдегі әлеуметтік – экономикалық қатынастарға, оның еңбек жағдайына) халықтың сүйіспеншілігі мен құрметін қамтиды 53.

Біз зерттеп отырған отансүйгіштік тәрбиенің тәлімдік-тәрбиелік мазмұнындағы түрлі аспектілерін соңғы жылдарда елімізде бірқатар ғалымдар ғылыми зерттеу жұмыстарын жарыққа шығару үстінде. Ізденушілердің еңбектеріне ғылыми тұрғыда жеке-жеке тоқталып, талдау жасап өткенді жөн санадық. Мәселен, А.Жұмақанов 54, С.Нұрмұкашов55, С.Салтанов 56, У.К.Санабаев 57 әскери-патриоттық тәрбиенің тарихы мен тәрбиелеудің әдістемелік жолдарын зерделесе, С.Т.Иманбаева 58 ұлттық жауынгерлік дәстүрлер арқылы ерлікке баулудың педагогикалық негіздерін ұсынады. А.Жұмақанов ғылыми еңбектері ерлік пен жауынгерлікті қалыптастыруға септігін тигізетін кешенді тәрбие бағыттарын бір-бірімен ұштастыра отырып, отансүйгіштік, интернационалдық тәрбиені, адамгершілік, саяси-идеялық тәрбиелермен және пән сабақтарының мазмұнымен байланыстыра отырып жүргізу мәселелеріне тоқталады. Ғалым жоғары сынып оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуде аға ұрпақтың ерлік қасиеттерін үлгі ретінде қолдануға айрықша назар аударады 54.

С.Т.Иманбаева зерттеуінде ғалымдардың еңбектерін ғылыми түрде саралай келе, патриотизмге тәрбиелеуде жауынгерлік дәстүрдің маңызы ерекше деп, ауыз әдебиеті үлгілерінің, нақыл сөздерінің, мақал-мәтелдердің, бата-тілектердің жастар тәрбиесіне берері молдығына тоқталады. Музыкалық шығармашылық, халықтық дәстүрлердің, ұлттық рәміздердің және ұлттық ойындардың оқушылардың Отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастырып, олардың бойына ұлттық рух, ұлттық сезім, парызды ұялатады деген тұжырымдарын жасаған 58,98б. Ғалымның осы мәселені Қазақстан әлеуметтік даму жағдайында қоғам талабына сай әрі қарай жандандыру мақсатында докторлық диссертациясын қорғады. Мұнда ғалым ғылыми еңбектерге «патриотизм», «Қазақстандық патриотизм» ұғымдарына теориялық талдау жасап келеді де, нәтижесінде: «Қазақстандық патриотизм – Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекеті әлемдік биіктен көріну жолында білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, еліміздегі бейбітшілікті, бірлік пен тәуелсіздікті сақтау үшін барлық күш жігерін жұмсау» деген тұжырымға келе отырып, «Бүгінгі жаһандану үрдісінде, патриотизм ұғымы халықтар мен ұлттардың өз Отанына, мемлекетіне деген сүйіспеншілігімен қатар, әлеуметтік дамудың тыныштығы мен бейбітшілігін сақтау үшін барлық күш жігерін жұмсау, яғни жалпыадамзаттық патриотизм тұрғысынан қарастырылады » - деген 58,16-18б анықтамалар жүйесін ұсынады.

Бүгінгі күн талабына сай ұлттық құндылықтарды жалпыадамзаттық патриотизм, Қазақстандық патриотизм және қазақ патиротизмі тұрғысында жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде сабақтастыра қарастыруды қажет етеді. Ғалым, отансүйгіштік құндылықтарға – елі мен туған жерін, Отанын сүю, мемлекеттің тәуелсіздігі мен бейбітшілігін, әлемдік тыныштықты сақтау үшін күресу, өзінің ана тілін, дінін, салт дәстүрін бүгінгі заман талабына сай ұлттық мүдде негізінде жетілдіру, қоғамдық ізгілік қарым-қатынасты, табиғат пен адам арасындағы мейірімділікті, ұлтаралық мәдениетті дамытуды жатқызу ісінде мектеп оқушыларына отансүйгіштік тәрбие берудің мазмұнын зерделеген.

Ұлы адамдардың тұлғалық қасиеттері арқылы отансүйгіштік тәрбие берудің мүмкіндіктерін Е.Жұматаева 59, Д.С.Құсайынова 60, Ғ.Б.Базарғалиев 61, К.Т.Әбілғазиева 62, М.Ж.Құрманбаева 63, А.А.Бейсембаева 64, А.Қ.Дүйсебаев 65, Б.С.Қайыржанова 66 және т.б. ғалымдар анықтаумен айналысқан. Е.Жұматаева Ұлы Отан соғысына қатысты Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Қ.Қайсенов, Б.Бұлқышев сияқты майдангер жазушылардың шығармаларындағы педагогикалық құнды ой-пікірлері мен ерлік істерін болашақ ұрпақ тәрбиесіне пайдалануда бала бойына отансүйгіштік қасиетті дамытуда ұлттық парыз, намыс, сезімдерін ояту жағына баса көңіл бөледі 59.

Д.С.Құсайынованың зерттеуінде қазақ халқының батыр қыздары Әлия мен Мәншүктің ерлік тұлғаларын насихаттауда жоғары сынып оқушыларын патриотизмге тәрбиелеу көзделеді. «Отансүйгіштік тәрбие үрдісінде өз Отанына деген сүйіспеншілік, жалпы ұлттық намыс, мемлекетті экономикалық, ғылыми, моральдық-саяси, әскери және спорттық қуат-қарымымен дамытуға ұмтылу, оны идеологиялық, саяси, тіпті қажет болса, әскери жағдайда қорғауға дайын болу қажеттері қалыптасады» деген ойын білдіреді. Қазіргі қоғамға лайық патриоттық сананы ұлттық-этностық, жалпы адамзаттық және әлеуметтікке бөліп қарастырады 60.

Ғ.Б.Базарғалиев елдің біртуар азаматы Х.Досмұхамедовтың ағартушылық еңбек ету жолын негізге ала отырып отансүйгіштікке тәрбиелеудің мүмкіндіктерін іздестіреді. Нәтижесінде жоғары оқу орындарына арнап, «Халелтану» тағлымдары аты дайындық курсын ұсынған 61.

К.Т.Әбілғазиева зерттеуінде Мұстафа Шоқайұлының мұрасындағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді зерделеумен қатар, отансүйгіштік тәрбие үдерісін күрделі бір саяси әрекет жүйесінде элементтік құрылымдарға бөліп талдайды: а) заттық элементтер (материалдық құндылық, бұларды дамыту және қорғау керек. Әскери-отансүйгіштік тәрбиенің материалдық құралы);

ә) іс-жүргізу элементі (жеке тұлғалардың, топтардың, партиялардың әрекеттері, оның түрлері мен әдістері);

б) Отанның рухани, әлеуметтік құндылықтары, отансүйгіштік идея, мақсат, міндет, заңдар, отансүйгіштік тәрбиенің принциптері;

в) адамшылық элементі (құлық, тәрбие жүйесіндегі ұстанған нысана) деген 62,30б.

М.Ж.Құрманбаева Мәлік Ғабдуллин бойындағы этнопедагогикалық құндылық қасиеттерін негізге ала отырып, шығармаларындағы Отансүйгіштік мәселесін ерлік, елдік қасиеттерге бөліп махаббат, достық, адалдық, әр түрлі ойлар, батырлар, ұлтын сүю және Отанын сүю деген бөлімдерге бөліп, жинақтап топшалаған 63.

А.А.Бейсембаева: «Өскелең ұрпақты тәрбиелеу жөнінде қазақтың батырлық эпосы жоғары сынып оқушыларының адамгершілікке тәрбиелеудің негізі және патриотизмді қалыптастырудың тиімді факторлары болып табылады, себебі айқын эпостық образдар арқылы ұлттық мұраның және ұлттық дүниетанымның қазынасын пайдаға асырады, өз Отанына қызмет етудің жоғарғы үлгілерін үндеуге мүмкіндік береді» - деп, эпостық жырларындағы қазақ батырларының жиынтық бейнесі ретінде жоғары сынып оқушыларының отансүйгіштік тәрбие беру мәселесін сөз еткен 64,22б.

Зерттеуші А.Қ.Дүйсебаев аталған мәселені зерделеген ғалымдардың еңбегіне жеке-жеке тоқталып: «батырлардың қаһармандық бейнесін тарихи ерлік дәстүрлері арқылы балалардың бойындағы қайталанбас қасиеттерді негізге ала отырып, рухани мықты тұлғаны тәрбиелеудегі әлеуметтік педагогикалық құбылыс» -деп тұжырымдайды. «Қазақ патриотизмі – рухы биік тұлғаны қалыптастырудағы ата-бабалардың қаһармандық, батырлық, ерлік, отансүйгіштік тәлім-тәрбие беру идеяларының жиынтығы» - деген тоқтамға келіп, патриотизмнің даму генезисінің хронологиялық кестесін ұсынады 65,27б. Батырлардың бойына тән қасиеттер мен қаһармандық бейнесінің жиынтығы арқылы ғана әрбір тұлға өз Отанының патриот азаматы бола алады деген көзқарасын білдірген.

Қазірде білім беру мен оқыту үдерісінде тұлғаны отансүйгіштік рухта тәрбиелеу қоғамдық мәселеге айналып отырғандықтан халықтық педагогика негізінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің тәлімдік мәнін Р.Н.Кенжебаева 67, Ж.Н.Қалиев 68, Р.А.Джанабаева 69, А.Н.Иманбетов 70, Қ.А.Ибрагим 71 және т.б. қарастырса, оқушыларды патриотизге тәрбиелеу ісінің даму тарихын Л.Т.Сайдахметова 72, аймақтық өлкетану құндылықтары арқылы оқушыларға отансүйгіштік тәрбие беруді А.Ж.Бекмағанбетов 73 зерттеу нысанаға айналдырған.

Мәселен, Л.Т.Сайдахметованың Қазақстан мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеуде сонау 1970 жылдан 2000 жыл аралығындағы даму кезеңдеріне терең тоқтала келе: «Жалпы отансүйгіштік сезімнің қай-қайсысының болмасын қалыптасуы отбасы тәрбиесінен (балабақшадан) бастау алатыны белгілі. Сондықтан, отбасында патриотизмге тәрбиелеу ана тілін үйрету, ұлттық мінез-құлық қалыптастыру, ұлттық-салт дәстүрді сақтау, шыққан ата-тегін білу және сезінуден басталып, халқына сүйіспеншілік, тарихи дәстүрлерді сақтау, одан соң туған жеріне, отанына деген сүйіспеншілік болып, өсе келе мектепте ары қарай дамып қалыптасуына шарт түзілуі тиіс» - деп дәріптейді 72,90. Ғалым: «қоғамдық мәнді және жеңіл көңіл күйге байланысты моральдық сезімдерге» қатысты болып, ол сананың жетілуімен тығыз байланысты. Қоғамдық тәрбиенің ықпалымен отансүйгіштік сезімдер тұрақтанып, оқушының (тұлғаның) іс-әрекеті, мінез-құлқынан, сөзі мен ісінен көрініс беріп, ұлты, халқы, Отан үшін қызмет етуге дайын тұрады» - деген 72,115-116б. Ізденушінің мектеп оқушыларын патриотизмге тәрбиелеудің бағыттарына – отансүйгіштік сана қалыптастырып, отансүйгіштік сезім оятып, отансүйгіштік іс-әрекетке бейімдеу қажеттігі және отансүйгіштік сезім – келтірілген киелі ұғымдармен байланысты: қуаныш, мақтаныш, күйіну, сүйсіну секілді т.б. эмоция спектрлеріне қозғау салу, ояту, дамыту, қалыптастыру мәселелерін көздегендігін аңғартады.

Р.Н.Кенжебаева зерттеуінде оқушылардың атамекенге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруды жеке тұлғаның әлеуметтік жағынан құнды, жағымды қасиеттерін дамытуға ғана емес, сонымен бірге халық педагогикасы арқылы оқушыларға сапалы білім беріліп, біліктері мен дағдыларын орнықтыруға баса назар аударады 67,17б. Атамекенге деген сүйіспеншілік сезімдерінің мызғымас бөліктері – елжандылық пен ұлттық парыз деп түсіндірді

Ж.Н.Қалиев зерттеуінде оқушының бойында отаншылдық қасиетті қалыптастырудың негізі – халық педагогикасының құндылықтарымен (батырлар жырлары негізінде) маңызына тоқталып, жеке тұлғаның табиғи мінездерін және оның жеке психологиялық ерекшеліктерін, әсер етудің сыртқы факторларына – мұрагерлік (биогенетикалық және әлеуметтік), оқыту-тәрбиелеу аясы, өзінің шығармашылық қызметін, ал ішкі факторларға – мүдделер, оқушының қажеттіліктері мен мотивтерін және де басқа да әлеуметтік факторларды ескере отырып, оқыту мен тәрбиелеу үдерісін жатқызады 68.

Ғалым Р.А.Джанабаева докторлық диссертациясында патриотизмнің мазмұнына мыналарды жатқызған: адамның өзі туып-өскен жеріне сүйіспеншілік сезімі; ана тіліне құрметпен қарау; Отан мүдделеріне қамқорлық жасау; азаматтық сезімдердің көрініс беруі және Отанға адалдықты сақтау, оның бостандығын мен тәуелсіздігін қорғау; әлеуметтік және мәдени жетістіктерге деген мақтаныш; Отанның тарихи өткеніне және одан қалған мұраларға, дәстүрлерге құрметпен қарау; өз еңбегін, күш-жігері мен қабілеттерін Отанның гүлденуіне арнауға ұмтылу 69,9-11б. Қазақ халық педагогикасындағы отансүйгіштік-ерлік тәрбиені талдай келе, оны шартты түрде төрт бағытқа бөліп жүйелейді. Олар: адамгершілік-этикалық қасиеттерді – патриоттық-ерлік тәрбиесінің жетекші факторы; ұлттық құндылықты – отансүйгіштік-ерлік тәрбиесінің қайнары; ұлттық парызды – отансүйгіштік-ерлік тәрбиесінің бастауы; ұлттық кісілік (психологиялық) келбетті – отансүйгіштік-ерлік тәрбиесінің көрсеткіші ретінде қарастырады 69,14б. Ғалым: «...елдегі тәлім-тәрбие идеологиясы мен ақпарат жүйесі халықтың бойында өзін республиканың төл азаматы ретінде сезінетіндей көңіл-күй қалыптастыру тиіс. Отаншылдық, елжандылық туған отбасына, туып-өскен ортаға, туған топырағы мен табиғатына деген құрметтен басталады. Демек, Отансүйгіштіктің іргетасы – ұлтжандылық. Өз ұлтын сүйіп, оның мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған азамат қана отаншыл болады. Отансүйгіштікті рухани құбылыс ретінде зорлықпен, нұсқаумен, биліктің басқаруымен енгізу мүмкін емес. Тәрбиеге қатысы бар барлық білім беру жүйесіндегі мекемелер мақсатты, әрі нәтижелі жұмыс істегенде ғана отансүйгіштік қасиет санаға сіңеді» - деген анықтамалар ретін атап көрсетеді 69,20б.

Р.М.Рысбекованың ғылыми зерттеуінде патриотизм ұғымының құрылымына эмоционалдық-сезімдік, саналылық (интеллектуалдық) және мінез-құлықтық әрекеттілік бағыттарындағы бастауыш сынып оқушыларына тән ерекшелігін – тез әсерленушілік және қайырымдылық депескеріп, отансүйгіштік тәрбие беруде қазақ халық музыкасын пайдалануда бала санасына қонымды болатындығы мен жүйелі жүзеге асатындығы жөнінде дәйектеледі 69.

А.Н.Иманбетов қазақ этнопедагогикасы негізінде студенттерді отансүйгіштікке тәрбиелеудің мазмұны мен бағыттарын анықтауда, қазіргі таңда қалыптасқан «қазақ патриотизмі» мен «ұлттық патриотизм» ұғымдарының өзара ерекшеліктерін ашып көрсеткен. Ғалымның тұжырымдауынша, Қазақстандық патриотизм – Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады, ал ұлттық патриотизмге – қазақ халқына сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңірту деген анықтама берген 70. Сонымен ғалымдардың зерттеулерімен танысып, оларды талдауда педагогикалық тәлім-тәрбие үдерісінде отансүйгіштік тәрбие берудің ғылыми теориясын өз алдында дербес мәселе ретінде анықталғандығын және ол үнемі зерттеуді талап ететін құбылыс екенін білуге мүмкіндік берді. Десекте, ғалымдар зерттеу нысаналарына сәйкес ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отансүйгіштікке баулудың әлеуметтік-педагогикалық мүмкіндіктерін қарастырмағандығын анықтадық.

Жоғарыда келтірілген философия, психология және педагогика саласында ғалымдардың зерттеу еңбектерінде саралай келе, «патриотизм», «қазақстандық патриотизм», «жалпыадамзаттық патриотизм», «елжандылық», «ұлтаралық» (интернационализм ретінде түсіндіріледі) ұғымдарына берілген анықтамалар мазмұндық жағынан бірін-бірі толықтыра түседі және жоғары оқу орын студенттеріне және орта мектеп оқушыларына отансүйгіштік тәрбие беру, болашақ педагог мамандар даярлау мәселесіне арналған.

Байқап отырсақ, қай дәуір болмасын өмір сүрген ақын-жазушы, жырауларымыз, ағартушы ғалымдарымыз көңіл бөлген мәселелердің бәрі – ел билеу жүйесін тәртіпке түсіру, халықты тек бірлікке, ынтымақты тірлікке шақырып, оларды ешкіммен жауласпай, ақыл-білімге, адамгершілікке, шыншылдыққа, яғни жалпыадамзаттық құндылыққа баули отырып, өз Отанының патриот азаматы болуға үндегені байқалып отыр.

Қорытындылай келе, ғалымдардың ой-пікірлерінің ғылыми тұжырымдарымен және әртүрлі тарихи кезеңде қалыптасқан отансүйгіштік тәрбиенің мазмұнына сүйене келе, еліміздің қазіргі даму жағдайында қоғамның әлеуметтік тапсырысына сәйкес отансүйгіштік тәрбиенің келесі бағыттар тізімін атауға септігін тигізді:

- Отанына, оның тарихына сүйіспеншілік пен берілгендікке тәрбиелеу;

- мемлекеттік рәміздерге адалдық, берілгендік пен жауапкершілікті қалыптастыру;

- ұлтына және оның өткен тарихына, ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарға, рухани-мәдени мұрагерлік құндылықтарына мақтаныш сезімін ояту;

- халықтың мәдени мұрагерлік дәстүрлерін меңгеру;

- өзге ұлт өкілдерін сыйлау, салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын құрметтеу;

- қоршаған орта мен туған өлкенің табиғатына деген дұрыс көзқарас пен экологиялық мәдениетін қалыптастыру;

- адамзаттық тәжірибедегі рухани-мәдениеті жетілген, білімді де Отанын сүйетін патриот азаматтарды тәрбиелеу.

Біздің пікірімізше, мектеп жасына дейінгі балалардың отансүйгіштік тәрбиесі - ең алдымен, өзін қоршаған ортаға: табиғатқа, адамзатқа және олардың мәдени мұрагерлік құндылықтарына деген рухани-адамгершілік қатынас ретінде сүйіспеншілігін қалыптастыру үдерісі екендігін айта аламыз.

Осыған орай, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отансүйгіштікке баулуда әлеуметтік-педагогикалық жұмыс мүмкіндіктерін қарастыру келесі тарауда шешімін таппақ.

ІІ БАСТАПҚЫ ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ НӘТИЖЕЛЕРІ