2.12. Энергияның жаңа қорлары
Адамзат бүгінгі таңда энергияға деген мұқтаждығын органикалық отын, су және атом энергияларын пайдалану негізінде қанағаттандыруда. Электр энергиясы толығынан дерлік жылу, су және атом электр станцияларында өндіріледі. Бірақ, табиғатта игерілуін күтіп жатқан сарқылмас энергия көздері бар. Олар күн, жел, жер асты ыстық көздері энергиялары, мұхит сулары, толқын және тасқын су энергиялары, өсімдік, жануарлар энергиясы және т. б.
Мысалы, жыл сайын жерге 200 трилл. т-дан аса отын энергиясына сәйкес күн энергиясы келіп жетеді. Осы энергияның тек бестен бір бөлігінің өзі бүгінгі барлық өндіріліп отырған электр энергиясынан мың еседен аса артық. Ал жерге түсетін күн сәулесі радиациясының шамамен 2%-і жел энергиясына айналады. Жел — қайтадан жаңаратын энергияның аса мол көзі. Оны жер шарының барлық аудандарында пайдалануға болады. Сонымен қатар жел энергиясы әсерінен ірі су қоймаларының, өзендер мен мұхиттардың сулары толқынды тербеліске түседі, ал толқын энергиясы жел энергиясына қарағанда тұрақты.
Жердің ядросынан оның сыртқы қабатына қарай бағытталған мол жылу ағынының болуы, ғалымдарды осы жер асты энергия көзін тиімді пайдалану максатында ізденіс жұмыстарын жүргізуге жетелеп отыр.
Табиғат сырына тереңірек үңілген сайын, оның беймәлім сырлары ашылып, жаңа энергия көздері табылуда. Қазіргі уақытта таусылмас энергия көзіне ядролардың қосылу реакциясын, яғни термоядролық синтез реакциясын меңгеру арқылы жетуге болатыны анықталды. Жер бетіндегі термоядролық отын қоры 30 млрд. шартты бірлік мөлшеріндей. Оның негізгі көзі — мұхит сулары. 1 л қалыпты судан 0,03 г дейтерий (ауыр сутек—Н2 немесе D) алуға болады. Ол энергетикалық көрсеткіші жағынан 300 л бензинмен эквивалентті. Басқаша айтқанда, мысалы, 1 кг сутек толық гелийге айналған уақытта шамамен 800 ТДж (800*1012Дж) энергия бөлінеді, бұл 1 кг 235 U бөлінгенде алынатын энергиядан 10 еседей көп, немесе 1 кг бензин жанғанда бөлінетін жылу энергиясынан 20*106 есе артық.
Осы айтылған энергия көздерін және бүгінгі таңда белгілі болып отырған басқа да энергия көздерін халық игілігіне, электр энергиясын өндіруге пайдаланудың маңызы ерекше зор.
Өз түсінігіңізді айқындайтын сұрақтар
2050 жылы адамзат энергия көздерін қандай мөлшерде пайдаланады деп ойлайсыз?
Жер қойнауында органикалық отын қорлары қалай түзіледі?
1973—74 жылдары болған энергетикалық дағдарыс энергия қорларын тұтынуға қалай әсер етті?
Жердің энергетикалық балансының ерекшелігі неде?
Жердің энергетикалық отын қорлары таусыла ма?
ТМД-да қанша органикалық отын қорлары бар?
Қазақстанда көмір кенінің қанша қоры бар, олар қалай игерілуде?
Шымтезекті жылу энергия көзі ретінде пайдаланудың тиімділігі неде?
Ағаш отынды өндірісте пайдалану тиімді ме?
Мұнай қорына бай жерлерді білесіз бе?
ТМД-да қанша мұнай қоры бар және олар қалай орналасқан?
Мұнайды өндірісте пайдаланудың тиімділігі неде?
Табиғи газ бен мұнай халық шаруашылығының қандай салаларында пайдаланылады?
Табиғи газдың басқа энергетикалық отындарға қарағанда кандай ерекшеліктері бар?
Қазақстан мұнай-газ кендері жайлы не білесіз?
Қазақстанда су қорлары қалай пайдаланылуда және оның тиімділігі неде?
1.7. А. Эйнштейннің салыстырмалылық теориясын қалай түсінесіз?
Жеңіл атомдар қосылып, ал ауыр атомдар ыдырағанда энергияның бөліну себебі неде?
α -, β-және γ-сәулелері жайлы не білесіз?
Электр энергиясын өндірудің жаңа тәсілдерін игерудің маңыздылығы неде?
