Жоңышқаның морфологиялық, биологиялық ерекшеліктері, сорттары
Морфологиялық ерекшеліктері. Жоңышқа Medicago туыстығына жатады және оның құрамына 50-ден астам түрлер кіреді. Ең көп тарағаны егістік жоңышқа (M. Sativa), сары жоңышқа (M. Falcata) және орташа жоңышқа (M. Media). Жоңышқаның тұқымы өсе бастағанда топырақ бетіне әуелі тұқым жарнағы жапырақшалары шығады, соңынан ұзын сағақ пен жай жапырақ пайда болады, ал бірнеше күннен кейін сабақша мен нағыз үштік жапырақшалар қалыптасады.
Жоңышқаның дамуында мынадай фенологиялық кезеңдер өтеді: тұқымның өсуі, көктеу, алғашқы жапырақтың пайда болуы, бұтақтану, бүрлену (бітеу гүлдеу), гүлдену, жеміс салу, дәннің (тұқымның) пісуі. Көктегеннен кейін алғашқы 30-35 күн жоңышқа баяу өседі. Одан кейінгі жылдары және шабылғаннан кейін, сонымен қатар көктемгі өсудің басында тамыр мойнындағы бүршіктерден өсімдік жиілігіне карай 10-60 сабаққа дейін өсіп дамиды, олар өз тарапынан бірнеше есе бұтақталады. Әрбір өсімдік сабағындағы түйін аралығы орта есеппен 11-15 шамасында.
Көктемде бүркемесіз себілген жоңышқа алғашқы жылы генеративтік өркендер түзеді, гүлдейді және тұқым өнімін бере алады, алайда Қазақстанның далалы аймақтарында, суарылмайтын жерлерде өте ылғалды кездері ғана тұқым алуға болады. Екінші және одан кейінгі жылдары жоңышқа 2-3 шабыс немесе 2-3 генеративтік өркендер ұрпағын береді.
Жапырақтары күрделі, үштік, орта жапырақшасы ұзынырақ сағақта орналасады. Жапырақшаларының пішіні әр түрлі: эллипс тәрізді немесе керісінше, жұмыртқа тәрізді, жіңішке ланцетті, яки дөңгелектелген, төбесіне қарай ара тісіне ұқсас кертікті келеді. Суармалы жағдайда әр гектарға жапырақ бетінің ауданы 80-110 мың м2 жетті, суарылмайтын жерлерде 40-60 мың м2/га.
Жоңышқаның жапырақтануы (жапырақ үлесі) шабылуына, тіршілік жылына, өсіру жағдайларына қарай 30-дан 70 %-ға дейін өзгереді. Қазақстанда аудандастырылған жоңышқа сорттарында 43-52 %, бүрлену - гүлденудің басында 44-52 %, толық гүлдену - жеміс салу кезеңінде 37-42 %-ға дейін кеміді. Жапырақ үлесінің кемуі жасына қарай да өзгереді және тіршілігінің екінші жылынан төртінші жылына қарай кемиді.
Жоңышқаның гүлшоғыры - бұтақбас, 12-16 гүлден тұрады, сабақ төбесі мен бүйір бұтақтарына орналасқан. Бұтақбас өсімдіктерде төменнен жоғары қарай орналасқан.
Жоңышқаның гүлдері қосжынысты. Гүл күлтесі 5 күлте жапырақшадан тұрады, оның екеуі (төменгілері) бірігіп өсіп "қайық" құрайды, екі бүйірдегілері "ескек", ал бесіншісі "желкен" жасайды. Жоңышқаның гүл бағанасы түтіктеніп біткен 9 аталық жіптерден және түтік ортасында бос орналасқан жіңішке аналықтан тұрады.
Гүл қауызы ашылғаннан кейін аталықтар аузы жабық қалпында қайық түбінде қалады. Тозаңдану гүл ашылғаннан кейін және қайықтан аталықтар мен аналық жасушалар лақтырылғаннан кейін бунақденелілер арқылы жүреді.
Жемісі - көп тұқымды бұршақ, спираль немесе орақ тәрізді, сары жоңышқада кейде түзу болып келеді. Сары жоңышқаның 1000 тұқымның массасы - 1,2-2,6 г, көк және көк будандыда - 1,95-2,6 г, сары будандыда - 1,35 г, сарысында - 1,2 г.
Топырақ бетіне таяу 5-7 см, кейде 12 см дейін тереңдікте жоңышқада сабақтың жайылып өскен бөлігі, тамыр мойны пайда болады. Мұнда "ұйқыдағы" бүршіктер орналасқан, олардан жас өркендер өсіп шығады. Шабылғаннан кейін, көктемнен бастап тамыр мойнындағы бүршіктерден және паясынан жаңа өркендер қанат жаяды. Өсімдіктің алғашқы даму кезеңдерінде тамыр мойны топыраққа қарай ұзарады да, сонда жақсы қыстайтындай болады.
Жоңышқаның тамыр жүйесі - кіндік тамырлар. Негізгі тамырдан жер бетінен аздап жоғары биіктікте көптеген бүйір тамырлар шығады да жан - жағына орта есеппен 60-80 см тарайды. Көк буданды жоңышқада бүйір тамырлар негізгі тамырға сүйір бұрыш жасай тарайды.
