Қорытынды
Дүниежүзінің кез келген елінің ауыл шаруашылығы өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі саладан — өсімдік және мал шаруашылығынан құралады. Олардың арасалмағы әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен еңбек ресурстарының көрсеткіштеріне және табиғат жағдайларының ерекшелігіне сәйкес өзгеріп отырады. Экономикалық деңгейі жоғары елдерде (АҚШ, ГФР, Франция және т.б.) ғылым жетістіктері мен агротехникалық шаралар кеңінен қолданылуы нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі жоғары. Мұндай жағдай кейбір жекелеген дамушы елдерде де байқалуда, бірақ оның басты себебі климаттың қолайсыз әсерінен өсімдік шаруашылығының өркен жаюына мүмкіндіктің болмауы. Бұл керініс Таяу Шығыстың кейбір елдеріне тән. Өсімдік және мал шаруашылығы тек қана өзара байланысып қоймай, олардың өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп салаларымен де тығыз байланысты. Бұл салалар арасындағы өзара байланыс агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) арқылы жүзеге асады. Мұндай кешендер құрылымы мен қуатына қарай алуан түрлі болып келеді және дамыған елдерде кең қанат жайған. Ал дамушы елдерде олар жаңа-жаңа белең алып келеді.
Қазір Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жеке меншік иелері мен жер иеленушілердің қарамағындағы 149,1 млн. га жер бар. Оның 25,7 млн. га-сы егістік, 3,6 млн. га-сы шабындық, 103,5 млн. га-сы жайылым (1998). Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту аграрлық саясаттың аса маңызды бағыты болып отыр. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі міндеті – елімізді азық – түлікпен, ал өнеркәсіпті ауыл шаруашылығы шикізатымен қамтамасыз ету. 2013 жылдан бастап Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасы жасалып, аграрлық сала дамуының әлемдік деңгейлеріне жету және индустриялы агроөндірісті қалыптастыру алдымызға қойылды. Ол бағдарлама бүгінгі таңда «Агробизнес 2020» бағдарламасы болып, өзінің қызметін қарқынды бастауда.
Ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады. Аграрлық сектордың даму деңгейі қашан да қазақстандық қоғамның экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын факторы болып келді және әлі де болып келеді. Республика экономикасы дамуының басым бағыттарының бірі бола отырып, ауыл шаруашылығы аса зор әлеует пен үлкен қорға ие.
Бізде қазіргі таңда 180 млн. гектардан астам жайылым алқабы бар. Осындай байлығымызға қамқорлықпен қарап, оны ұтымды пайдалансақ, бұл жерлердің тиімділігіне, тіпті баға жетпейтін болады. Ол үшін біріншіден, мықты жем-шөп қорын құру қажет. Өйткені жем-шөп қорынсыз мал шаруашылығын жүргізу мүмкін емес. Сондықтан алдағы жылдарға маңызды мақсат - Республикада мал шаруашылығын дамыту үшін, шалғындар мен тыңайған жерлерді дұрыс пайдалана отырып, малдарды жоғары сапалы малазықтық дақылдармен қамтамасыз. Мал шаруашылығы үшін жоғары ақуызды жем - шөп өндірісін арттыру мәселесінің табысты шешімі көпжылдық шөптерді өсірумен тығыз байланысты. Жем - шөп құрамындағы ақуыз тапшылығы, олардың өнімділігін ғана емес, сондай-ақ алынатын өнімнің сапасын төмендетеді. Мал шаруашылығының дамуы үшін мықты жем - шөп базасын құру қажет. Бұл мәселенің шешімі көпжылдық шөптерді пайдалануда жатыр, яғни негізгі ақуыз көзі ретінде жоңышқа және эспарцет бола алады.
Жоңышқа басқа жем - шөп дақылдарынан жоғары өнімділігімен, әртүрлі қоршаған орта жағдайында өсе алуымен, көп мақсаттарға пайдаланылуымен, атмосфералық азотты пайдаланып топырақ құнарлылығын арттыратындығымен ерекшеленеді. Жоңышқаны өсірудегі басты міндеті - мал азығы ретінде пішен, пішендеме, витаминді шөп ұнын, көк балауса дайындау. Ал мақсаты – жоғары сапалы мал азықтық өнім алу.
Жоңышқа ефістігі әлемде кеңінен таралған, жер шарында оның көлемі 30-дан астам млн. га жерді құрайды. Оның ішінде АҚШ-та 10-нан астам млн. га., Аргентинада 7 млн. га. жерді алып жатыр. ТМД елдерінде 8 – 9 млн, га. жетеді, оның ішінде Украинада - 1,8 га.
Жоңышқа - ең жоғары өнімділікті өсімдік , әсіресе суару жағдайында, ол вегетациялық кезеңінде 3-4 шабындықтан кейін де өзінің құрғақ массасының 100-150 ц/га өнім бере алады. Бұршақ дақылдарының бірегей ерекшелігі - азотфиксация, яғни тамыр жүйесінің симбиотикалық қызметіне байланысты азот бекіту қабілеті. Жоңышқа топырақта 300 кг/га дейін қауіпсіз экологиялық азот жинайды.
Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында суармалы ауыл шаруашылығы тұрғысынан ауыспалы егістікте бұршақ дақылдарының егіс көлемін кем дегенде 35 % -ға дейін кеңейту, жем - шөп базасы мен топырақ құнарлылығын арттыруда басым тапсырма болып табылады. Жоңышқа мен эспарцеттің егіс көлемін арттырудағы басты мәселе, жоғары сапалы тұқым жетіспеушілігі. Жоңышқада бұл төмен тұқым өнімділігімен, тұқым өсіру технологиясын сақтамаумен, тозаңдану және тұқым байлау мәселелері және карантиндік арамшөптермен байланысты. Жоңышқа өнімділігі қазіргі жағдайда 1 ц/га болып отыр, озық тәжірибе мен ғылым жасаған ұсыныстарды толық сақтай отырып оның орташа өнімділігін 2,5-3 ц/га дейін арттыруға болады. Ғылыми ұсыныстар барысында барлық технологиялық операциялар қарастырылған, яғни топырақ өңдеуден бастап өнімді жинауға дейін. Осы ұсыныстарды сақтай отырып, жоғары сапалы тұқым өндіру, тұқым шаруашылығын дамытып қана қоймай, мал шаруашылығын дамытуда және экологиялық мәселелерді де шешуге өз септігін тигізеді.
