- •65. Геоақпараттық картографияның мүмкіншіліктерін географиялық зерттеулерде пайдалану
- •66. Диссертация тақырыбының өзектілігін негіздеу, мақсатын, міндеттерін анықтау
- •67. Ғылыми ақпарат іздестіру бағдарламалары
- •68.Эксперимент, маңызды ерекшеліктері және түрлері
- •69.Зерттеу нәтижелерін қорытындылау және жариялау
- •70.Жоба концепциясын негіздеу
- •71.Қазақстандағы географиялық зерттеулердің басты бағыттары
- •72. Географиядағы арнайы зерттеу әдістерін зерттеу саласы бойынша қолдану мүмкіндіктері
72. Географиядағы арнайы зерттеу әдістерін зерттеу саласы бойынша қолдану мүмкіндіктері
Қазіргі заманғы география даму барысында жалпы ғылымға тән әдіснамаға негізделе отырып, өзіндік және басқа ғылымдардың әдістемелік жүйесін пайдаланады. Ал әдістеме дегеніміз – ғылыми зерттеуді жүргізу үшін қажетті техникалық тәсілдер мен ұйымдастыру түрлерінің жиынтығы. Кез келген ғылымдағы әдісті «зерттеу пәнін жан-жақты және шынайы бейнелеуге, оның мәнін ашып көрсетуге, заңдылықтарын танып-білуге жетудің жалпы тәсілі» ретінде сипаттауға болады. Әр ғылым саласында зерттеу әдістері оның дамуы барысында, зерттеу пәні мен мақсатына, теорияның даму деңгейіне байланысты қалыптасады. Зерттеу әдісі өз кезегінде теорияның одан әрі дамуына мүмкіндік береді. Б.М. Кедров жаратылыстану ғылымдарындағы барлық ғылыми әдістерді үш негізгі топқа бөледі:
жалпы;
арнайы;
жеке.
Жалпы әдістер география ғылымында кез келген географиялық объектіні зерттеу барысында қолданылады. Олардың арасында ең көп қолданылатындары құбылыстар мен объектілердің жалпы байланыстарын ашуға мүмкіндік беретін салыстырмалы-географиялық әдіс пен дамудың уақытпен байланысты заңдылықтарын анықтауда пайдаланылатын тарихи-географиялық әдіс болып табылады. Салыстырмалы-географиялық әдіс географиядағы кез келген жіктеулер мен топтастыруларға негіз болады. Жекелеген аумақтардағы географиялық объектілерді немесе құбылыстарды салыстыру барысында мынадай басты ережелер басшылыққа алынуы тиіс:
біріншіден, белгілі бір ортақ қасиеті бар объектілерді салыстыру;
екіншіден, салыстыруды зерттелетін объектілердің аса маңызды белгілері бойынша жүргізу;
үшіншіден, салыстыруларды синхронды (бір уақыт аралығында) немесе диахронды (әртүрлі уақыт кезеңдері бойынша) аспектілерде жүргізу.
Арнайы әдістер географияның әртүрлі салаларында кең орын алған, бірақ ол зерттелетін географиялық нысанды тұтас қарастырмайды, оның тек белгілі бір ерекшеліктерін (қасиеттері, сандық өлшемдері, сапалық көрсеткіштері) танып-білу үшін қолданылады. Бұл әдістерге географиялық зерттеулер барысында қолданылатын картографиялық, байқау, эксперимент, математикалық, үлгілеу, болжау, аудандастыру және т.б. жатқызуға болады.
Жеке әдістер қатарына географиялық объектінің сипатына (геологиялық, химиялық құрамы, физикалық күйлері және т.б.) қарай қолданылатын геохимиялық, геофизикалық, палеогеографиялық, әуе-, ғарыштық, ГАЖ әдістері жатады. Олардың кейбіреулері басқа ғылым салаларының әдістері болып табылады.
