III тарау
ҰЗАҚТЫҒЫ ӨМІР БОЙҒЫ СПЕКТАКЛЬ
Өзіне сенімді Тәкаппар мырза шын мәнінде өзіне сенімді емес.
Жігіттер өзіне сенімді сияқты көрінгенімен, шын мәнінде олар өз күштеріне күмәнданады. Олар өздерін «әшкерелейді» деп қорқады, сондықтан олар өздерін жеңімпаз сезінуге көмектесетін бойжеткендерге жақын жүреді.
Сендер ағылшын актері Патрик Стюарт қатысқан фильмдерді көрдіңдер ме? Оның сомдаған бейнелері нағыз ер азаматтың бейнесі. Мен (Шонти), шынымды айтсам, оның кейіпкерлерінің бірі «Жұлдызды жол: келер ұрпақ» сериалындағы капитан Жан-Люк Пикарға ғашық болдым. Сериялардың бірінде капитан мен оның құрбысы доктор Беверли Крашер бейтаныс ғаламаттарға тап болады, мұнда олардың әр басқан қадамдары қауіп-қатерге толы еді. Олар қиын жағдайға ұшырайды да, нәтижесінде өзге ғаламшарлықтардың араласуымен, өз қалауларынан тыс, бір-бірінің ойларын ести бастайды. Құтылар жол іздеп, капитан көкжиекке көз жібереді де, бағытты таңдап, өзіне тән сенімділікпен бұйрық береді: «Мұнда!» Бірақ есте сақтаңдар: доктор оның ойын естіп тұр ғой – сөйтіп капитанды әшкерелейді. Крашер оған таңырқай қарап: «Бірақ қай тұсқа қарай жүру керегін сен нақты білмейсің ғой, тек білетін түр көрсетіп тұрсың. Сен сенімді емессің, сонда да жүрмексің бе? – Сосын одан бетер таңырқап: Сен әрқашан солай істейсің бе?» – дейді. Жан-Люк Пикар докторға көз тастап, былай жауап береді: «Капитанға кейде өзіне сенімді болып көріну қажет».
СЫРТҚЫ СЕНІМДІЛІКТІҢ АСТЫНДА НЕ ЖАСЫРЫНЫП ЖАТЫР?
Беверли Крашер көбіміз аңғара бермейтін нәрсенің бетін ашты: бозбалалардың көпшілігі жүрек түкпірінде өздеріне деген сенімсіздікті сезінеді. Тіпті өзіне нық сенімді көрінетін жігіт те өзінің шын мәнінде кім екені, әйтпесе өзін кім деп санап жүргені қашан ашылып қалатын сәтті күтіп жүреді. Ол өзін суайт деп есептейді.
«МЕНІ ӘШКЕРЕЛЕЙДІ!»
Осыған байланысты он тоғыз жасар бір бозбала былай деді: «Кейде жігіттер дұрыс істеп жатырмыз деген үмітпен өздеріне сенімді болып көрінуге тырысады. Біз болжамдар жасаймыз, сосын не істеу керегін білетін түр көрсетеміз, сөйтіп кейінірек бәрін реттеп аламыз деп үміттенеміз».
Бозбалалардың көпшілігі жүрек түкпірлерінде өздеріне деген сенімсіздікті сезінеді.
Бұндай қорқынышты жастыққа және тәжірибесіздікке тән деп есептемеңдер. Біз дәл осы нәрселерді «Аса құпия: әйелдерге ерлер туралы» кітабын жазу үшін өткізілген сауалнамаға қатысқан жасы үлкен ер адамдардан да естідік. Тіпті ер адамдар өздеріне сенімсіздік танытқан істі тамаша атқарып шықса да, ол айналасындағыларды алдап жүрмін, өзін әшкерелеп қояды деп есептейді де, соған бола қатты сескенеді.
-------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Сенің мектепте, спортта немесе жұмыста қаншалықты табысты екеніңе қатыссыз, төменде келтірілген растаулардың қайсысы өмірдің осы салаларында сені дәл сипаттайды?
Мен әрқашан өзіме сенімдімін, басқалардың пікіріне сирек алаңдаймын.
Мен жақсы жұмыс істеуге және сенімді әрі білікті болып көрінуге тырысамын. Әйтсе де кей кездері де іштей сенімсіздікті, әріптестерім мен жайлы, менің қабілеттерім жайлы не ойлайды дейтін мазасыздықты сезінемін. |
14 - 17 жас
18 - 20 жас
21-ден жоғары
14 - 17 жас
18 - 20 жас
21-ден жоғары
|
53%
44%
29%
47%
56%
71% |
Байқасаң, жастары неғұрлым ұлғайған сайын бозбалалар өз күштеріне сенімсіздіктерін ашық мойындайды және айналасындағылардың көз алдында білікті шебер болып көрінгілері келетіндерін де жасырмайды. Бәлкім, бұл жастың ұлғайғанымен қойылатын өлшемнің де өсуімен немесе жасөспірімдерге өздеріне қатысты күмәнды мойындау қиындығымен түсіндіруге болар.
Бір студенттің айтқаны:
Жасөспірімдердің өзіндік пікірлері ерекше. 17 мен 21 жас арасында тым болмағанда кейбіреуіміз кез келген істе табысты боламыз деп есептедік. Бірақ әлем танып біле жүріп, өз қабілетімізді және өзімізді тұлға ретінде шынайы бағаладық, алайда сенімділігіміз азая бастады.
Бозбалаға өзіне сенімсіздікті сезіну деген нені білдіреді?
Сырттай сабырлы, жинақы, өздеріне сенімді бозбалалардың санасында мынадай үш түрлі ой жүйткіп жүретін сияқты:
«Мені үнемі бағалайды және үкімдейді».
«Мен мұны қалай істеу керегін мүлде түсінбеймін».
«Бірақ мен мұны істегім келеді!»
«Мені бәрі ылғи бағалайды және үкімдейді»
Бозбалалардың көпшілігі өздерін ұдайы бағалайды және үкімдейді. Жігіттердің бірі былай деді: «Біз үнемі өзіміздің айналамыздағылар біз жайлы не ойлайды деп мазасызданып жүреміз».
Жуырда ғана колледж бітірген бір жас жігіттің бізге айтқанын тыңдап көрші:
Менің үлкен адам болып, өз ісімді ашқаныма қарамастан, қауымда өзімді әлі кішкентай бала сезінемін. Барлығының есінде менің көп мақтанатыным мен соққарлығым сақталған. Кей кезде осы адамдар менің жұмысыма бас сұғады, олардың айтқандарына қарасам, олар мені әлі күнге дейін бала санайтын сияқты болып көрінеді. Олар маған қалжыңдайды, ал мен дәл өз кеңсемде басқа адамдардың сыйластығына ие болуға тырысудамын ғой, сол кезде мен өз-өзіме былай деймін: «Жарайды, қазір соның уақыты емес. Барыңдар, қайдағы-жайдағыны айтуды доғарыңдар».
Ерлердің бізден жасыратын әлсіз тұстарын былай түсіндіруге болады: олар айналасындағы адамдарға қалай әсер ете алатындықтарын ойлайды, кейде олар не істеу керегін білмей, «әшкере болудан» бір-ақ қадам жерде тұрғандарына мазасызданады.
«Біз жайлы айналамыздағы адамдар не ойлайды деп, үнемі мазасызданып жүреміз».
Жоғары сыныптың бір оқушысы былай деді: «Не істеу керектігін өзіміздің де білмейтінімізді ешкім де сезбейді. Біз сабырлы әрі сенімді болып көрінеміз, ал шын мәнінде бағыттан айрылып қалғандай және сол өтірігіміз ашылып қалатындай абыржып жүреміз». Біздің сауалнамамыздың нәтижелері көрсеткендей, бозбалалар есейіп, неғұрлым қиын жағдайға ұшырай жүріп, тәжірибе жинақтаған сайын, олардың өздеріне деген сенімсіздіктері күшейе түседі.
Соңғы бірнеше жылда өзің ұшыраған қиын жағдайды есіңе түсірші. Жаңа, өзіңе бейтаныс кедергілерге тап болғанда сен нені сезіндің? Төменде келтірілген растамалардың қайсысы сенің ахуалыңды неғұрлым дәл сипаттайды? (Тағы да баса айтамыз: сөз сенің қалай әрекет еткенің жөніңде емес, не сезінгенің жөнінде болып отыр).
Мен мұны қиналмай істеймін
|
15-20 жас
21 жастан жоғары
|
46%
26%
|
Мен мұны дұрыс істеп жатқаныма 100% сенімді емеспін, бірақ ешкім байқамас деп үміттенемін
|
15-20 жас
21 жастан жоғары
|
54%
74% |
«Мұны қалай істеу керегін мүлде білмеймін»
Әрине, өздерін қадағалап отыратынын білетін көптеген жігіттер шын мәнінде өз әрекеттерінің дұрыстығына сенімді емес. Колледждің бір түлегі бізге мынадай әңгіме айтып берді:
Өткен жылы жазда досым үйленді. Мен оның тойын бейнекамера түсірдім. Шындығында, мұны қалай істеу керектігін мүлде білмейтінмін. Мен жаңа, бейтаныс нәрсеге жекпе-жек шыққанды жақсы көремін. Бірақ той біткенше өзіме былай деп қайталаумен болдым: «Сен өзіңді бұл істің маманы сияқты ұста. Сен өзіңді бұл істің маманы...». Ал шынында, мен бейнекамераға түсіруді сол жерде үйреніп жүрдім.
Басқа бір бозбаланың бізге айтқаны: «Мынадай кездер болады: мен өзіммен әңгімелесушіге жауап ретінде күлімсіреп, басымды изеп отырамын. Ал өзім ішімнен былай деп ойлаймын: «Мұны қалай істеу керектігі менің миыма кіріп те шықпайды. Бірақ мұны менің істей алмайтынымды біреу-міреу түсініп болғанша, үйреніп үлгерермін».
«Бірақ мен мұны істегім келеді»
Жоғарыда жолдасының үйлену тойын камераға қалай түсіргені туралы айтқан бозбаланың әңгімесі бізге бейнелеп айтқанда мынаны көруге мүмкіндік береді: ол жас жігіттердің өзіне сенімсіздігінің келесі бетін көруге мүмкіндік береді – жекпе-жекті аңсау, тәуекел ету, жаңа, өзіне бейтаныс нәрсемен айналысу тілегі. Өзіне сенімсіздік пен тәуекелдік тілегі – өзара сиыспайтын нәрселер сияқты көрінеді, сөйтсе де, қалыптағы «ер адамдық жинақтың» алынбас бөлігі болып табылады. Ер адамдар Эвересті бағындырғысы келеді, бірақ олар бұл тәуекелге бел байлауға тура келетінін және сол үшін олар кішірейетін сәттерді де бастан кешулері мүмкін екенін біледі.
БОЗБАЛАНЫҢ ӨЗІНЕ КҮМӘНДАНЫП ТҰРҒАНЫН ҚАЛАЙ АНЫҚТАУҒА БОЛАДЫ?
Айналадағылардан өзіне сенімсіздігін жасырып тұрған бозбаланың саған өзінің уайымдары туралы айта коюы екіталай! Онда оның өзіне сенімсіздігін біз қалай біле аламыз?
Бозбалалар бізге жігіттің сенімсіздігін үш нәрсе білдіріп қоятыны жайлы ақпарат берді: батырсыну, айналасындағыларды күлдіруге ұмтылу және мардымсу.
Батырсыну
Батырсыну – ел алдындағы батырлық, батылдық, орынсыз мақтаншақтық.
Түсіндірме сөздік
Көптеген бозбалалар өздеріне әрқашан сенімді екендерін мақтанып айтады. Бұл олардың өздеріне сенімділікті шын мәнінде сезінбей тұрғанының нақты белгісі болып табылады. Төменде келтірілген ілікпе сөзге қара:
№1 Жігіт: Мен әрқашан өзіме сенімдімін, әрқашан...
№2 Жігіт: Досым, бұл олай емес. Шыныңды айтшы. Гольфті қалай ойнайсың?
№1 Жігіт (орнынан тұрып, №2 жігітке қарай жүреді): Жап аузыңды!
Әйткенмен, басқа топтан осы сұраққа шын жауап берген екінші курс студенті табылды: «Біз әрқашан не істеу керектігін, тіпті солай емес кездерде де, нақты білетін болып көрінуге тырысамыз. Дәл осыған байланысты жігіттерден олардың өз әрекеттеріне сенімділіктерін сұрағанда қатты ашуланады».
Ер адамдар Эвересті бағындырғысы келеді, бірақ олар бұл тәуекелге бел байлауға тура келетінін және сол үшін олар кішірейетін сәттерді де бастан кешулері мүмкін екенін біледі.
Мұндағы сайықмазақ кім?
Бозбалалардың көбі біреу-міреу олардың тұғырларына қауіп төндірер болса, уытты қалжыңдар жаудырып жібереді. Төмендегі мысалдармен таныс болыңдар:
«Егер менің бір нәрсем кері кете бастаса, мен елді күлдіріп жіберуге тырысамын. Бәрін қалжыңға айналдырамын, сөйтіп бәрі қалпына келеді. Мысалы, сыныптың алдына шыққанда, мен қателесіп кетіп, бәрі маған күлер болса, мен не кемсітуге шыдап тұруым керек немесе көрініс қойып жіберуім керек».
«Әзіл саған кез келген жағдайдан абыроймен шығып кетуге көмектеседі. Егер қандай да бір пәннен сұраққа жауап бере алмасаң, мұғалімді күлдіріп, тығырықтан шығып кете аласың. Ұстазбен қалжыңдасуға дәті барған сыныптың басты сайықмазағы болып шыға келесің. Ең жоқ дегенде өзгелер көңілденіп қалады».
Ал жігіт, жай ғана мардымсы!
Ал біз бозбалалардың сайықмазақ өнерін меңгеріп қана қоймай, кәсіби актерлердің тәжірибелерін жинақтайтынын анықтадық. Сөз батырсу жайлы болып жатқан жоқ. Бір жігіттің айтуы бойынша, бозбалалар сабырлы, өздеріне сенімді әрі жинақы болып көрінуге тырысқанда, актерлік шеберлікке жүгінеді. Бұл кезде олардың бастарында мынадай ғана ой болады: «О, Құдайым, олар аңғарып үлгергенше, мен пайымдап үлгеремін деп үміттенемін!»
Бір студент бізбен өз ойларымен бөлісті:
Спортта әрбір жігіт шамасы келгенше кәсіби маман боп көрініп мардымсиды. Ол былай дейді: «Әлбетте, мен гольф ойнай аламын». Ал алаңға шыққанда, барлығы оның мүлт кетуін күтіп, өзін қадағалап отырғанын айтады. Жігіттердің 95%-ы істей алатын нәрселерін көрсете алмайды, бірақ істей алмайтын нәрселерін ешқашан мойындамайды. Олар мұны жасыруға тырысады.
Басқа жігіттің айтқаны: «Кез келген істе менің таңдауым бар: не бір нәрсе қолымнан келмейтінін, мұны кейін үйренетінімді мойындау немесе шынымен үйреніп алғанға дейін менде алғашқы тәжірибелер бар деп мардымсу». Сонымен, енді сендер жігіттің қай кезде мардымсып тұрғанын түсіну өте қиын екенін көрдіңдер, өйткені, егер бозбала өзіне өте сенімді болып көрінсе, бұл шынымен-ақ оның сенімді екенін білдірмейді.
ЕГЕР ӨТІРІК АШЫЛЫП ҚАЛСА ШЕ?
Егер бозбалалар өздеріне сенімсіз екендіктерін жасыра алмаса немесе қателесіп кетіп, қалжыңмен құтыла алмаса, өздерін қалай сезінер еді?
Осыған орай бір жас жігіт былай деді: «Осындай шақтарда сен өзіңді ештеңеге қабілетсіз, тұтастай жолы болмағыш деп сезінесің. Мен табысқа жете алмаймын деп шынымен қорқа бастаймын. Сондықтан мен егер қандай да бір тестті тапсыра алмай қалсам, маған немқұрайлылықтың бетпердесін киіп, сезімдерімді жасырудан басқа амал қалмайды. Мен өзімнің немен күресетінімді басқалардың білгенін қаламаймын».
Біз мынаны бозбалалардан әлденеше рет естідік: айналасындағыларға өздерінің ішкі күрестері жайлы айту – олардың пікірінше тығырықтан шығатын жол емес. Он жеті жасар бір бозбаланың бізге айтып берген мына оқиғасынан жасөспірімдерге тәуекел етіп, өздерін төмендететін ыңғайсыз жағдайда қалудың қаншалықты қиын болатынын айқын көруге болады. Бұл тіпті оның осыдан алатын пайдасы кез келген уақытша қолайсыздықтан асып кететінін түсінгеніне қарамайды.
Мен гитарада ойнап, ән айтамын және Синди Лопер мен «Spin Doctors» тобында өнер көрсеткен бір тамаша гитаристен сабақ аламын. Бір күні кешкісін ол өзі сияқты мықты музыканттармен джем ойнады да, маған – көз алдыңызға елестетіңізші – оларға қосылып ойнауды ұсынды. Бірақ, мен сахнаға қуанып шығудың орнына: «Кешіріңіз, бүгін шамам келмейді, саусақтарым қатты ауырып тұр. Мен әбден шаршадым. Бүгін күрделі бақылау жұмысы болды», – дедім де, кетіп қалдым. Өйткені мен дарынсыз болып көрінгім келмеді. Егер қалсам, көп нәрсеге үйренер едім.
Жоғарыда айтылғандардан біздің жасайтын қорытындымыз: бозбала үшін біреу өзін болбыр деп санайды деген ойдың өзі кемсіту, сондықтан ол бар күшімен бұндай кемсітуге жола бергісі келмейді.
Біз мынаны бозбалалардан әлденеше рет естідік: олардың пікірінше айналасындағыларға өздерінің ішкі күрестері жайлы айту – тығырықтан шығатын жол емес.
БЕЛГІНІ ІЗДЕГЕНДЕ
Бозбалалар үнемі айналасындағылардан өздеріне күдіктенуге негіз барын куәландыратын белгіні көруге тырысады. Сондықтан бозбаланың өзі жайлы пікірінің қалыптасуы сенің онымен: менсінбейтін, келемеждейтін немесе жігерлендіретін үнмен сөйлейтініңе көп байланысты. Бозбалалар мұндай белгіні өз отбасынан, мектептен, жұмыстан және бойжеткенмен, яғни сенімен, қарым-қатынасынан іздейді.
Отбасы
Бозбаланың өзі жайлы пікірінің қалыптасуына ата-ананың ықпалын бағаламау мүмкін емесі анық. Бозбалалар бізбен келісті де, біздің сөздерімізге түсінік берді.
«Ата-ана пікірінің орасан мәні бар. Ұлының өзіне деген сенімін нығайту немесе күйрету әкенің немесе шешенің билігінде».
«Анам мені бағаламайды, сол бағаламау еңсемді сондай түсіреді... Осы аптада үйге қонақтар келді, олрдың көзінше анам менің үйді шаңсорғышпен тазалап шығуымды сұрады, Айтқанын екі етпей орындадым,бірақ алғыс естімедім. Анам менің жасаған жақсы істеріме сирек назар аударады... Бұл сондай қиын».
Бозбалалар үнемі айналасындағылардан өздеріне күдіктенуге негіз барын куәландыратын белгіні көруге тырысады.
Мектеп/Жұмыс
Біз бір жоғары сынып оқушысының оқиғасын назарыңа ұсынамыз.
Өткен көктемде барлық пәндерден үлгерімім өте жақсы еді, бірақ кейінірек физикадан төмендей бастадым. Бірде физика сабағында мені тақтаға шығарды, мен жауап бердім, ал жарық жылдамдығын есептей бастағанда қате жіберіп, шатасып кеттім. Осыны мұғалімге айтып едім, ол маған жағдайға байланысты жауап берудің немесе көмектесудің орнына мені талантты, бірақ жалқау деп сөктті. Оның сөзінен кейін аптаның қалған күндері мәнсіз болып қалды. Өз-өзіме: «Мына мұғалім нағыз мыстанның өзі», –деп көңіліме қаяу түсті. Шын мәнінде ол менің білімімді емес, жеке басымды айыптады. Бұл жүрегіме қанжырдай қадалды. Әрине, айналамдағылардың бәрінің қолдауын мен қажет етпеймін, бірақ әлдебіреу мені кемсіткен кезде, бұны көтеру өте қиын».
Әрине, сен мұндай белгілердің жалған екенін бозбаланың түсінуі тиіс, сондықтан оны көңілге алу қажетсіз дейсің. Алайда есіңде болсын, бозбалалар жүрек түкпірлерінде бұл шындық болуы мүмкін деп мазасызданады. Музыкалық топта ойнайтын бір жігіт осыған қатысты былай деді: «Егер байқаудан құласам, әділ-қазыларды әділетсіз немесе құлықсыз болды деп ойламаймын. Мен өзімді аспабымда жаман ойнадым деп есептеймін. Егер қандай да бір сынақтан жаман баға алсам, мынадай ой маза бермес еді: «Бұл мүмкін емес. Мен нағыз жолы болмағышпын». Бұл тіпті әдетте емтихандарды «жақсыға» және «үздікке» тапсырып жүргеніме де қарамайды».
Бозбалалар өздері білмейтін жаңа бір істе өздерін сынап көруді ұйғара отырып, кемсітуді бастан өткізуге тәуекел ететіндерін де біледі. Егер оларды шынымен әжуаласа, бұл олардың жандарына қатты батады. Бір жас жігіт бізге мынадай оқиға айтып берді:
Бірде мені жарнамалық роликке түсуге шақырды. Бірақ мен сюжет бойынша қатысушылардың музыкалық автоматтың айналасында 50-ші жылдардың стилінде билеуге тиісті екендерін білмедім. Менің жүйкем жұқарып, бірнеше рет орындауға тырысқанымда, роликтің продюсері менің жанымнан өтіп бара жатып: «Неткен олақ еді!» – деп салды. Болды... жұмыс соңына дейін жолымнан жаңылып қалдым. Сірә, барып тұрған ақымақ болып көрінген шығармын деген ойдан мұны еске алу маған тіпті қазір де жағымсыз әсер етеді.
Бойжеткендермен қарым-қатынас
Бозбалалар бойжеткендермен қарым-қатынастарынан өздеріне күдіктенуге толық негіз барын куәландыратын белгілер іздей бастаса, олар бойжеткендердің өздеріне айтатындарынан қорқа бастайды, басқаша айтқанда, бозбалалар өздерінің сезімдерін бойжеткендер жаралайды деп қорқады. Бір оқушының бізге айтқаны: «Мынадай кездер бар: бойжеткендер бізді сыйламай тұрғандарын және өз сөздері бізді жәбірлейтінін түйсініп тұрады, алайда олар мұның бәрі біз үшін түкке тұрғысыз, себебі біздерді күшті деп санайды. Бірақ біз олар ойлағандай күшті емеспіз».
Бозбалалар бойжеткендердің көз алдында қалай көрінетіндерін ойлап үнемі мазасызданады. Олар өте тамаша қызға әсер қалдыру, ұнай білу, күлдіру қабілеттеріне күмән келтіреді. Жігіттердің бірі мынаны айтты: «Өзіме ұнайтын қыздың алдында мен аузымды ашсам болды, артық нәрсені лақ еткіземін. Негізінде сөйлеу мәнерімде мін жоқ екеніне қарамастан, тұтыға бастаймын. Сірә, Коди Бэнкс те өзін мен сияқты сезінген шығар, ол қызбен сөйлескен кезде барлығы кері кететін.
«Агент Коди Бэнкс» фильміндегі Коди (Фрэнки Муниц) өзін Натали Коннорс (Хилари Дафф) жігерлендіргенге дейін өзін бақытсыз сезінетін. Коди Наталидің қолдауны түсінгенге дейін өзін жолы болмағыш санап жүреді. Біздің сауалнамамызға қатысқан көптеген бозбалалар осыған ұқсас нәрселер айтты. Олар өздерінің өмірде қаншалықты жетістікте екендіктерінің куәсы ретіндегі белгіні бойжеткендермен қарым-қатынастарынан іздейтіндерін растады.
Бозбалалар бойжеткендердің көз алдында қалай көрінетіндерін ойлап, үнемі мазасызданады.
Ал Құдай ше?
Ал енді үзіліс жасайық. Егер сен қолдау мен жігерлендіруді іздегенде, көзіңді Құдайға салу керек деп есептесең, онда былай деп ұйғаруың мүмкін: «Егер бозбалалар өздеріне күмәнданса, онда олар Тәңірдің қолдауы мен жігеріне мұқтаж!» Әрине, сенікі дұрыс. Адам айналасындағы адамдардың пікіріне тәуелді болмауы керек. Біздің жеке басымыздың бағасы ең алдымен біздің көктегі Әкеміздің сүйікті балалары екендігімізбен анықталуы тиіс.
Алайда естеріңде ұстаңдар, жаратылыстың басталуында Тәңір былай деген еді: «Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас». Құдай еркектің жанында Өзінің болғанына қарамастан, ер адамның әйелсіз толыққанды болмайтынын түсінді. Әрбір еркектің жүрегіне әйелмен «толығу» деген қалауды Тәңірдің Өзі салған.
____________________________________________________________________________
Айналаңдағы бойжеткендермен қарым-қатынасың сенің өзіңді табысты әрі сыйластыққа лайық сезінуіңе көмектескенін қалайсың ба?
Иә. Егер қыздармен қарым-қатынасым өзімді сыйластыққа лайықты деп сезінуіме мүмкіндік беретін болса, ол тамаша ғой.
Жоқ. Мені таныс бойжеткендердің қолдауы міндетті емес. Әрине, мен қолдау мен қолпаштауға мұқтажбын, бірақ мен оны бойжеткендермен қарым-қатынасымнан ғана іздемеймін. |
77%
23% |
Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде белгілі болғанындай, төрт жігіттің үшеуі бойжеткендердің қолдауы мен құптауына айрықша мән береді. Осыған қатысты бір бозбала былай деді:
«Жеке өз басым бойжеткеннің мені сыйламайтынын көтере алмаймын. Егер бойжеткен арқылы айналадағылардың үмітін ақтауға өзіңді қабілетті сезінсең, бұл тамаша емес пе?! Бұл өзіңнің бір нәрсеге татитыныңа, көптеген нәрселерге қабілетті екеніңе сенуіңе септігін тигізеді. Сен қыздың өзіңе сенетінін, оған ұнайтыныңды сезесің. Бірде менің таныс қызым маған былай деді: «Мен сені сыйлаймын және сенің пікіріңді шынымен де жоғары бағалаймын». Осы сөздерден кейін мен өзімді нағыз еркек сезіндім, қолымнан бәрі келетін сияқты көрінді».
Басқа бозбала былай деп қосты: «Басқа ешкім дәл бойжеткендердей саған өз күшіңе деген сенімділікті дарытуға қабілетті емес. Егер қыз сені сыйлап сөйлейтін болса, сен өз пікіріңнің маңызы бар екенін және оны шынымен есепке алатынын сезінесің. Бойжеткеннің өзіңнен кеңес сұрағаны керемет».
Негізінде біз әңгімелескен бозбалалардың әрқайсысы жігіттің емес, бойжеткеннің қолпаштауына ие болу әлдеқайда маңызды екенін айтты.
№1 Егер мен шашымды басқаша қидырып, оның маған жарасатынына сенімді болмасам, онда Биллден немесе Джоннан «қалай?» деп сұраймын. Егер олар бәрі дұрыс десе, тынышталамын. Ал шаш үлгімді қыз құптаса, онда өзімді одан да сенімдірек сезінген болар едім.
№2 Өйткені, досым, оны қыз айтып тұр. Қыздан мұндай сөздерді есту дегенің керемет емес пе?! Ол қыз ғой!
Біз әңгімелескен бозбалалардың әрқайсысы өздерінен басқа жігіттерден гөрі бойжеткендердің құптауына ие болу маңыздырақ екенін айтты.
Тағдырына өзің бей-жай қарамайтын бозбаланы қолдамаған жағдайлардың бәрін есіңе түсірші, сен оның өзіне сенімсіз болып тұрғанын білмегендігіңнен ғой? Бұл селк еткізбей ме?
НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?
Егер бойжеткендер бозбалалардың өздерінен қашқақтамай, қарым-қатынас жасайтынын қалайтын болса, не істеулері керек? Бозбалалар бізге бойжеткендердің қандай сөздері мен әрекеттері өздерін шабыттандыратынын, қайсысы, еңселерін түсіретінін айтып берді.
Нені істемеу керек?
Бәрінен жаманы, құрбымның маған: «Сен неге бүгін мынаны істемедің?» – дейтіні. Ол сонысымен менің жолы болмағыш екенімді тағы да дәлелдейді.
Кейде құрбым былай мәлімдейді: «Сен мені сүймейсің. Егер мен үшін ананы, мынаны, сосын тағы бір нәрсе жасайтын болсаң, керемет болар еді». Осы сөздерден кейін мен өзімді барып тұрған ақымақ сезінемін. Құдайым-ай, мен тіпті оны қаншалықты бағалайтынымды да түсіндіре алмаймын. Оған ұнауға тырысудың мәні бар ма? Менің талпыныстарым әрқашан жеткіліксіз.
Біз ұрсысып қалғаннан кейін құрбыма оған ұнамды бір нәрсе істейін деп тырыссам, ол маған: «Сенің дәл қазір бұны неге істеп жатқаныңды білемін», – дейтіні маған қатты тиеді. Оның құптауына ие болу – мүлде мүмкін емес!
Жас бойжеткендер жігіттің егер көңіл-күйі жоқ болса, оған ұрсуға болмайтынын түсінбейді.
Басқа адамдардың алдында...
Жігітті қолдаңдар және құптаңдар...
Егер құрбың сенің немесе өзінің достарының алдында сені мақтаса немесе сенімен мақтанса және бұл туралы біліп қалсаң, бұл сенің өзіңе деген сенімділігіңді одан сайын нығайтады. Сен құрбыңның өзің жайлы ойлайтынын, өзіңе қамқорлық ететінін біліп жүресің.
Жолдастарымның алдында құрбымның менімен мақтанғаны өзіме қатты ұнайтынын мойындауға тиіспін.
Сені мақтағанда өзіңді керемет сезінесің! Аспанда қалықтап жүргендей боласың.
...жігітпен оңаша қалғанда:
Егер құрбым біз тіпті ұрсысып қалғаннан кейін де менен бір жақсы нәрсе көруге тырысса, бұл керемет. Бойжеткен ұрыс-керіске себеп болған жағдайларды талдай отырып және «осы жағдайдан біз қалай шыға аламыз?» деген сұрағымен өзінің жігітіне деген сыйластығын көрсете алады. Құрбымның ақ пейілі мені жақсы жаққа итермелейді. Осы арқылы менде жауапкершілікті өзіме алуға және әрекет етуге деген қалау пайда болады.
Бірде концерттен кейін (мен онда даңғырада ойнаған едім) мен сахнадан түскен кезімде өзімнің сүйіктімді көрдім. Ол қолымды алып, маған былай деген кезде, менің жүрегім дүрсілдеп кетті: «Жаным, сен бүгін керемет ойнадың. Сенөте талаптысың». Мен бір апта бойы төбем көкке жеткендей боп жүрдім.
Менің құрбыма келсек, оның маған тек қана ең жақсы нәрсені тілейтінін айта аламын. Ол менің досым және мені қолдайды. Ол менің кемшіліктерімді бетіме айта алады. Мен оған сабырмен қараймын, өйткені құрбымның үнемі менің мүддем үшін әрекет ететінін білемін. Одан өзімшілдіктің белгілерін көрген емеспін.
Мақтаншықтық па, әлде қолдау ма?
Тоқтай тұр, мақтаншақтық дегенің жаман қасиет емес пе? Әрине, бозбалалар мақтанудың жақсы емес екенін түсінеді, бұл кішіпейілдіктің аздығын білдіреді ғой. Бірақ та сен оның тамаша қасиеттері туралы оның өзіне немесе басқа адамдарға айтатын болсаң, онда бұл бөстіру емес, қолпаштау және қолдау. (Елші Пауылдың Філіпіліктерге жазған хатында ұнамды және мақтауға лайық нәрселер туралы толғаныңдар деп айтқаны осы жөнінде болатын).
Егер бозбала құрбысы өзін ең жақсы деп санайтынына сенімді болмаса, онда ол қолдау мен құптауды басқа жақтан іздейтін болады. Ол жұмыста, спорттық клубтарда немесе компьютердің алдында сағаттап отыратын болады. Бір бозбала бізге былай деді:
Жігіттердің көбі спортқа неге сонша құштар деп ойлайсыздар? Өйткені спорт алаңында олар өздерін ыңғайлы сезінеді, өздерін көрсете алады. Бұл жерде басқа еркектер оған тамсанғандарын жасыра алмай, «Тамаша соққы!» немесе «Керемет лақтырыс!» дейді, болмаса өздері жеңіліп қалуы мүмкін екендігін сезініп, қорғаныста белсендірек ойнай бастайды. Осындай сәттердегі сезімге еш нәрсе тең келмейді.
Тағдырына өзің бей-жай қарамайтын бозбалаға қалай ықпал етесің?
ӨЗІНЕ СЕНІМДІЛІК ДАРЫНЫ
«Өрмекші-адам – 2» фильмінен біз Питер Паркер өз өмірін тәртіпке келтіруге талпынғанымен, әбден әуреге түскенін көреміз. Іс жүзінде ол өзін зорығуға жеткізеді, тәулігіне 24 сағат бойы апатқа ұшырағандарды құтқара жүріп, колледжде оқуы, жұмыс істеуі және жеке өмірін реттеуі тиіс. Мұның бәрі мынамен аяқталады: ол өз профессорының, бастығының және жалға берушінің, бәрінен қиыны – өзі құпия ғашық болып жүрген қызының көңілін қалдырады. Айналасындағылар Питерді жалқау деп санайды, себебі оның екінші өмірі барын білмейді. Оның құпия ғашығы Мэри Джейнді мұның бәрі әбден мезі қылады. Оған Питер өзін елемейтін сияқты көрінеді, сөйтіп ол басқа біреуге тұрмысқа шығуға бел байлайды.
Паркердің өзіне қатысты қауіптері мен болжамдары расқа айнала бастағанын көргенде, оның өзіне деген сенімділігі жоғала бастайды. Ол қатты күйзеліп, айналасындағы адамдардан көңілі қалады. Ең соңында ол осы нәрселердің барлығын көтере алмай, супербатыр рөлінен бас тартуды ұйғарады. Әрине, ол өз шешімін Мэри Джейн қиын жағдайға тап болғанға дейін ұстап тұрады.
Фильмнің соңында Мэри Джейн Питердің құпиясын біліп қояды, бірақ Питердің таңданысына орай, қыз оны таңдайды. Сөйтсе де, Питер өзін қаншалықты бақытты сезінгеніне қарамастан, оған бұрынғыша өзіне деген сенімділік жетіспейді. Сөйтіп ол құрбысын көңіл қалушылықтан әрі қауіптен қорғау үшін кәдімгі адам болып қалуды ұйғарады – бірақ осы шешімді қабылдаған кезде, Питер өзі армандағандай адам болудан қалады.
Фильмнің соңында Питер өзі сүйген қызды құшып тұрғанда, полициялық дабылдың қиқулаған дауыстарын естиді. Бұрын ол мұндай жағдайда бәрін тастап, әлемді құтқаруға ұшатын еді. Бұл жолы ол Мэри Джейнге жымия қарап, «қорықпа, сүйіктім, мен сені таңдаймын» дегендей болады. Бірақ қыз қорқыныштан оның мойнына асыла кетпей, оны сүйіп, терезені нұсқайды да, былай дейді: «Алға, жолбарыс!»
Сөйтіп терезеден жүзі нұрланып, Өрмекші – адам ұшып шығады. Ол махаббатқа әрі өз арманындағыдай супербатыр болуға тағайындалғанына деген сенімділікке толы еді.
Ал сен не істер едің? Өзіңе немқұрайды қарамайтын бозбалаға қалай ықпал етесің? Сен оған өзімшілдікпен: «Сен әлі бала сияқтысың» деп мәлімдейсің бе, әлде оны «Алға, жолбарыс!» деп шабыттандырасың ба?
Айналаларыңда жүрген бозбалалар жүрек түкпірлерінде сендердің өздерінен супербатырды көргендеріңді қалайды. Егер оларды батыр санап,сенім артсаңдар, өздері жайлы құпия күмәндарын жеңе алуға көмектесер едіңдер. Сонда олар өз күштеріне сенімді болып, әлемге ұшып шығар еді.
