- •1 Әдебиетке шолу
- •1.1 Қияр дақылының әлемде және Қазақстанда өсірілетін көлемі
- •1.2 Жылыжайда қиярды қалыптастыру мен өсіру агротехнологиясы
- •1.3 Жылыжайда қиярдың минералды қоректену ерекшелігі мен емдік қасиеттері
- •1.4 Жылыжайда қиярды зиянды организмдерден қорғау тәсілдері
- •2 Зерттеу орны, нысаны мен әдістері
- •2.1 Жылыжайда қияр өсіру технологиясының ерекшеліктері
- •2.1 Жылыжайда тәжірибелерді жүргізу әдістері
- •3.1 Жылыжай қиярының өнімділігі мен сапасын және зиянды организмдерге төзімділігін бағалау
- •3 Зерттеу нәтижелері
- •3.2 Жылыжай қиярының вегетативтік биомассасының қалыптасуы және өнімділігі
- •3.3 Жылыжайда кездесетін қияр зиянкестерінің түр құрамы, даму ерекшеліктері мен зияндылығы
- •3.4 Қиярды зиянкестерден қорғауда биологиялық әдіс ретінде энтомофагтарды пайдалану
- •3.5 Жылыжайда қиярдың зиянкестеріне қарсы биоагенттерді қолданудың биологиялық тиімділігі
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.2 Жылыжайда қиярды қалыптастыру мен өсіру агротехнологиясы
Жылыжай қиярынан жоғары және сапалы өнімін алу үшін барлық кешенді агротехникалық шараларды өз уақтысында жоғары деңгейде жүргізу керек. Сонымен қатар жылыжай жағдайында қиярдың жоғары өнімін алу үшін өсімдіктерді кешенді технологиялармен өсіруді қамтамасыз ету керек. Бұл технологияларға әртүрлі негізделген топырақ-субстраттарын қолдану, топырақтың қолайлы ауа және су режимдерін жасау, органикалық және минералдық тыңайтқыштардың үйлестірілген мөлшерлерін беру, өсімдіктерді егу және түптерін қалыптастырудың қолайлы сұлбаларын жасау кіреді. Сондай- ақ, зиянкестер, аурулармен және арамшөптермен күресуде негізгі агротехникалық шаралардың бірі, ауыспалы егістерді менгеру және енгізу болып табылады.
В.Д. Мухинның (1991) мәліметі бойынша, бір дақылды бір орында екі және одан көп жылдар ішінде өсірсе, топырақтың бір жақты әлсіреуіне және ол топырақта ауру тудырғыш негіздер мен көп мөлшерде зиянкестердің жиналуына алып келеді. Сондықтан, қиярдан жоғары өнім алуда оның алғы дақылдары және оларды ауыспалы егісте орналастыру аса маңызды рөл атқарады. Көпжылдық шөптер, біржылдық азықтық қоспалар, астық пен дәнді-бұршақ дақылдар, сүрлемдік жүгері мен ерте сүр шөптер, қырыққабат және басқа дақылдар ең жақсы алғы дақылдары болып табылады. Олар танапты ерте босатып, топырақты дайындауға жақсы мүмкіндік береді. Қызанақ пен картоп қиярға жақсы алғы дақылдары болып саналады, қиярды асқабақ, қарбыз, қант қызылшасы мен күнбағыстан кейін отырғызудың қажеті жоқ.
Басқа көкөніс дақылдары сияқты, қиярдың өнімділігіне тұқымдарды себу мерзімдері мен көшеттерді отырғызу үлкен әсер етеді. Қиярдың өнімділігі мен сапасына отырғызу тығыздығы өте үлкен әсер етеді. Қияр жарық сүйгіш дақыл болғандықтан, өсімдікті тығыз отырғызбау керек. Бұл жарық режимінің нашарлауына алып келеді. Пленкалы жылыжайларда жүйектерде өсімдіктің қатараралығы 30-40 см болу керек [11-12,22-26]. Жылыжайда өсімдіктерді тығыз отырғызса, аурулардың тез таралуына алып келіп, өсімдіктер бір-бірінен шіри бастайды.
Көптеген ғалымдар отырғызу тығыздығы сорттан, жарықтылықтан, сондай-ақ топырақтың қоректену жағдайына байланысты деп тұжырымдайды. А.В.Борисов қиярдың партенокарпиялық будандарын 160 см жүйекте, өсімдіктердің қатараралығы 40-50 см отырғызу керек деп есептейді [22-23].
А.В.Борисов мәліметтері бойынша, жоғары өнім алудың негізгі алғы шарттарының бірі қиярдың өсуі мен дамуы үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады, яғни температура жоғары болу керек. Түнгі температура қиярдың өсуі мен жеміс беруіне едәуір әсер етеді: күндіз жиналған температурадан жоғары болған сайын, фотосинтез өнімдері тез таралады. Сондықтан, қиярлар тезірек пісуі үшін түнде температураны 21-23° С дейін көтеру керек, бірақ бұл жағдайда өсімдіктер тез қартаяды. Түнде жоғары температуралардың ұзаққа созылуы (жеміс берудің 2-3 аптадан өте) өсімдіктерді әлсіретеді. Жаңа бүйір өркендері нашар дамып, түйіндерінің айтарлықтай бөлігі қурап, стандартты емес жемістерінің бөлігі арта түседі. Сондықтан, жеміс беру ұзақтығын қамтамасыз ету үшін өсімдік қалпына келетіндей, 7-10 күнге түнгі температураны 16-18°С дейін төмендету керек. Мұндай температуралардың жоспарлық алмасуы өсімдіктерден, біріншіден негізгі өркендерінен, содан бүйірлерінен барынша мол өнім жинап алуға мүмкіндік береді. Ауа температурасы 25°С жоғарлауынан, аталық гүлдерінің саны ұлғая түседі. Ал 20°С төмендеткен кезде, аналық гүлдерінің саны көбейеді. Сондықтан, жылыжайда ауа температурасын реттей отырып, қиярдың өнімділігін айтарлықтай мөлшерде жоғарлатуға болады [23].
Қияр дақылын шпалерды - тамшылатып суару әдісін бірге қолданып өсіргенде, жеміс беруі тиімді болып, зиянкестер мен аурулармен аз зақымдалады. Өсірудің шпалерлік тәсілі өнімді жинауға, өсімдік қорғауды жүргізуге, арамшөптермен күресуде өте ыңғайлы және қиярдың өнімділігін едәуір деңгейде жоғарлатуға мүмкіндік береді. Вертикальды шпалер технологиясы бойынша қиярды өсіру тәсілмен жемістерінің беруі еуропалық елдерде, кәдімгі технологиямен салыстырғанда (17 т/га) жоғары өнім 46 т/га бергенін дәлелдейді [24-29,31].
Қиярдың жылыжайда өсуіне әсер ететін негізгі факторларға топырақ пен ауа ылғалдылығы және суару жүйесі жатады. А.Г. Матвиецтің көпжылдық зерттеулерінің мәліметтері бойынша, нақты ауа-райы жағдайы мен өнімділікке байланысты 1ц өнімді қалыптастыруға 10-20м3 су қажет. Транспирациялық коэффициент жыл мезгіліне байланысты 300-ден 500 шамасында ауытқып, басқа жылу сүйгіш дақылдармен салыстырғанда өте жоғары болып табылады. Қиярдың тамыр жүйесі әлсіз болып келетіндіктен олардың сору қабілеттілігі төмен, бірақ ылғалға талабы жоғары. Топырақтың негізі жыртылатын жоғары қабатында (0-20 см) ылғал қоры тұрақсыз болады. Сол себепті топырақта ылғалдың жетіспеушілігінен жапырақтары сола бастайды, өсімдіктің өсуі тоқтап, олардың өнімділігі едәуір азаяды. Жылыжай жағдайында қияр үшін ең қолайлы ауа ылғалдылығы - 80-90%, ал топырақтың ылғалдығы 70-80% болу керек [25].
А.Г.Матвиец екі тармақты ленталармен, қатараралығын 65-70 см, өсімдіктер арасын 25-35 см етіп отырғызуды ұсынды. Оның ойынша, шпалерлік дақылда өсімдіктің шамадан тыс тығыз орналасуы өте қауіпті, себебі олар бірін-бірі көлеңкелеуге алып келеді. Осының нәтижесінде, төменгі жапырақтары мерзімінен бұрын өліп, бүйір өркендері мен түйіндері нашар қалыптасады [25].
Көкөніс шаруашылығының тропикалық және субтропикалық ылғалды аймақтарында (Қытай, Жапония, Въетнам) қиярдың шпалерлік әдісі бұрыннан ашық танапта да, жабық танапта да қолданылып келеді. Ол жоғары өнімділік пен өсімдіктің аурулар мен зиянкестерден аз зақымдалуын қамтамасыз етеді. Шпалерлік дақыл өнімділікті 5-тен 18 кг/м3 дейін жоғарлатуға мүмкіндік береді [12,25].
М.С.Григорьев өсімдікті отырғызудың қолайлы тығыздығы 1 м2 1,6-1,4 дана деп санайды және өсімдіктерді бір қатарға бір-бірінен аралығы 27-28 см немесе екі қатарда 40-45 см аралықта өсімдік арасы бір-бірінен 40-42 см етіп отырғызу керектігін ұсынады. Бұл өсімдікке жақсы жарық түсуін қамтамасыз етіп, аналық гүлдерінің көбірек қалыптасуына мүмкіндік береді [26].
Қияр дақылын отырғызудың қолайлы тығыздығы 1 м2 жерге 2,2 өсімдік болып табылады. Қияр өсімдігі жылуды өте талап етеді, температура 20°С –тан төмен болған кезде, барлық даму кезеңдері ұзаққа созылады, ал 10°С температурада өсу тоқталып, 0°С-та қиярдың барлық сорттары өледі. Қияр көленкелі жағдайда әлсіз өсуі мүмкін, бірақ толық жарықта оның өнімділігі артады. Қысқа күнгі өсімдікті ұзақ күнде өсіру кезінде оның жеміс беруі айтарлықтай кейіндеу болады [4-7,11-12,25,31-32 ].
Қиярдың өскіндерін шырпу олардың дамуы мен өнімділігіне айтарлықтай әсер етті. Н.В. Лавская мәліметтері бойынша өсімдіктердің биометриялық көрсеткіштерін жақсарту және өнім алу мен жеміс салу кезінде өнімділігін жоғарлату үшін алғашқы 10 күнде мақсатты түрде қияр өсімдігінің 5-6 нағыз жапырақ фазасында түбін қопсыту керек. Бұл процесс өнімділікті 10% жоғарлатады. Сабақтарын 4-5 жапырақ фазасында шырпыған дұрыс, бұл өз кезегінде өнімділікті 17% жоғарлатуға септігін тигізеді [31-32].
Қияр өсімдігінің өнімділігі және экологиялық икемділігі көбінесе тамыр жүйесінің физиологиялық белсенділігіне байланысты. Өсірудің экологиялық жағдайларына қарамастан, қиярдың тамыр жүйесі басқада асқабақ тұқымдастар секілді бір типті болып келеді. Ол өзек типтес, алайда өзекті тамырдың дамуы әлсіз болып келеді, сондықтан қосымша тамырлардың дамуына көп күш жұмсайды [33].
Тамыр жүйесінің қуаттылығы өсімдіктің қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімділігін арттырып, топырақ құнарлығын жақсы пайдалана отырып, жер үсті мүшелерінің жоғары өнімділік түзуінде ең маңызды факторлардың бірі болып табылады. Қиярлардың мықты тамыр жүйесін құруы үшін топырақта жақсы аэрация болуы керек. Себебі, топырақ тығыздалып, бетіне қабыршақ түзілген жағдайда өсімдіктің өсуі баяулап, түйіндері түсіп қалады. Әр суарудан соң топырақтың беткі қабатына қопсыту жұмыстарын жүргізіп тұру керек. Қияр тамырлары топырақ бетіне жақын орналасқандықтан, қопсыту 3-4 см тереңдіктен аспау керек [33-34].
Н.В. Яковлевтің мәліметтері бойынша, минералдық тыңайтқыштарды тамшылатып суару жүйесімен қолданғанда, ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін жоғарлатады. Тыңайтқыштарды Р135К60N120 мөлшерінде тыңайтқыштарын бір рет, сондай-ақ бөліп бергенде, қияр өсімдіктерінің дамуы мен өсуіне оң әсерін тигізіп, жемістерінің өнімділігін жоғарлатып, сапасын жақсартады. Яғни, азотпен қоректендіргенде, қиярдың жоғары өнімін алуын (44 т/га) қамтамасыз етеді [34].
Б.Шумаков (1978), И.Кружилин (1981), М.Григоров (2005), А.Овчинников (2009), В.Коринец (2002), О.Ясониди (2003), Н.Бадһагі (2001) және басқалардың зерттеулері көрсеткендей, қиярдан тұрақты өнім алуда, оларды жылы сумен көбірек суару керек. Себебі, қиярды суық сумен суарса, оның сабақтары бүрісіп, түйіндерінің түсіп қалуына алып келеді. Өсімдікті суару үшін судың температурасы +18+20°С төмен болмау керек. Дер кезінде және сапалы суару, өсімдікті физиологиялық солуынан сақтап, мол өнім алуға көмектеседі. Жапырақтың үстін суаруға болмайды, органикалық немесе минералдық тыңайтқыштарды сумен қоса қиярды қоректендіруге болады, мұны фертигация деп атайды [35].
Тамшылатып суару тәсілін дәстүрлі (жалмен) суару тәсілімен салыстырғанда, көкөніс дақылдары биомассасының жақсы қалыптасуына мүмкіндік береді. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік стационарында қияр дақылымен жүргізілген тәжірибеде биометриялық зерттеулердің мәліметтері бойынша негізгі сабақтың ұзындығы, жалмен суарылған жағдайда 107 см болса, тамшылатып суару кезінде 128 см болған. Жалпы өсімдіктің салмағы сәйкесінше 369 және 771г, соның ішінде өркендердің салмағы 229 және 256 г болды. Жапырақтарының салмағы - 226 және 325 г, ал олардың 1 га шаққандағы ауданы 39,6 және 43,8 мың м2. Есепке алу кезінде (жаппай жеміс беру кезеңі) қалыптасқан жемістердің саны 2,6 дана және 3,5 дана, ал олардың салмағы сәйкесінше 144 г және 189 г болды. Қияр дақылының қосымша өнімділігі тамшылытып суару технологиясын пайдалану кезінде айтарлықтай жоғары болды. Мұнда жалмен суаруға қарағанда, 8,1 т/га немесе 43,3% қосымша қияр өнімі алынған. Тәжірибеде суару тәсіліне байланысты дақылдан18,7 және 26,8 т/га өнім алынған [36].
Жылыжайда қияр өсімдігінің өсуі мен қалыптасуын қадағалау - көкөніс дақылдарын өсірудің заманауи технологиясының негізгі көзі болып табылады. Өсімдіктің дұрыс қалыптасуы тамыр жүйесі жақсы дамыған, сондай- ақ жеміс салу кезінде де қиындықтарға төтеп бере алатын өсімдік алуға мүмкіндік береді. Егер де жылыжайда өсімдіктер дұрыс қалыптаспаса, өсімдік тығыз орналасып, көлеңке болуының салдарынан сабақ шірігіне шалдығып, әлсізденуінен айтарлықтай мөлшерде өнімділігі төмендейді. Қияр өсімдігінің қалыптасуы олардың сорттары мен будандарына байланысты, бұлардың көпшілігі бір сабақ қана қалыптастырады, сондықтан жапырақтар мен өркендердің (вегетативтік) және гүлдері мен жемістерінің (генеративтік мүшелерімен) арақатынасы біркелкі болады [32-35,].
Алғашқы жемістері толыққанды болуы үшін өсімдік өсуінің басында тез арада жапырақ массасының үлкеюін қамтамасыз ету керек. Ол үшін көбінесе аналық және аталық гүлдері, ал аз мөлшерде өсімдіктің вегетативтік массасы жұлынып алынады.
Партенокарпиялық будандарда өсімдік дамуының бастапқы кезеңінде негізгі сабақта үшінші-төртінші түйіндерге дейінгі барлық түйіндерді жұлып тастайды. Келесі екі-үш жапырақтың өскіндерін будандастырады, ал түйіндерін жұлмайды. Шпалер сымынан абайлап өткізілген өсімдіктің жоғарғы бөлігін үшінші-төртінші жапырақ үстінен (сымнан жоғары) шырпыйды. Негізгі сабақтың жоғарғы түйіндерінен әрбір 50 см сайын шырпып, бір-екі қосымша өскіндер жібереді. Сонымен қатар, соңғы жапырақтың қолтығынан жалғастырушы өскін қалдырады. Өскіндердің өсуін топырақ бетінен 1 м өскен кезде шырпу арқылы өсуін тоқтатады.
Сурет 3. Кураж гибридті қиярдың қалыптасу схемасы
Жарықтың түсуіне байланысты негізгі сабақта 6-8 жеміс қалдырады. Қияр өсімдігінің дәстүрлі әдіспен қалыптасуы көптеп шырпу жұмыстарын қажет етеді, сондықтан өсімдіктерді күтіп баптау кезінде аз шығынды талап ететін, жоғары өнім алуды қамтамасыз ететін шаралар қызығушылық танытады. Көлденең шпалерге дейін шырпу санын азайту мақсатында тек екінші-үшінші жапырақтың үстінде (екіншінің үстінде, үшіншіден жоғары сабақтың ортасына дейін) бірінші өскіндерді шырпыйды ал негізгі сабақты келесі қосымша өскіндермен бірге шпалерден абайлап өткізіп, топырақ бетінен 50 см биіктікте оларды кеседі. Қалыптастырудың тағы бір тәсілі, бесінші-жетінші жапырақ қолтықтарындағы өскіндер мен гүлдерін, сонымен қатар сарғайған жапырақтарын жояды. Бір өсімдікке бар-жоғы 30 шырпу қажет болады. Бұл дәстүрлі тәсілдерге қарағанда екі есе аз, ал өнімділігі 10% жоғарылайды [35].
