- •1 Тарихты образдаудың эволюциялық қайнар көзі
- •1.1 Тастағы тылсым тағдырлардың бейнелілігі
- •1.2 Кітаби тарихтың өзегіндегі тарихты образдаудың жарқын үлгісі
- •2 Қазақ ордасы дәуірінің тарихи сахнасындағы тарихты бейнелеушілердің легі
- •2.1 Қазақ Ордасының құрылуының тарихи танымы
- •2.2 Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі жыраулар шерткен шежіре сырлардың тарихи танымы
- •2.3 «Елім-айлап» өткен баһадүр жыраудың шежірелі сазы
- •2.4 Ұлт тарихын бейнелеудің хас шебері – Махамбет
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер
2.2 Жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі жыраулар шерткен шежіре сырлардың тарихи танымы
XVIІI ғасыр қазақ халқы үшін көңілге қуаныш үйелететін сәттермен басталмағаны белгілі. Дегенмен, қазақтың ұлттық тарихында бұл кезеңнің орны ерекше, себебі қазақ халқы зар илеткен «Ақтабан шұбырынды» секілді зарлы өткелді басынан кешкен болатын. Бұл қасіретті қазақ халқының басына салған, сол кезеңдегі Азияның орталығындағы қуатты хандық –Жоңғариямен жарты ғасырға жуық уақыт бойы жан алысып күрес жүргізе отырып, олардың тарих сахнасынан мәңгілікке шығып қалған кезініңе куә болды. Сонымен қатар, осы елмен туыстас Еділ бойы қалмақтары атамекендеріне оралар сәтте олармен де шайқасқан болатын.
Ал бұл оқиғалардың бәрі де бір-бірімен байланысып жатқан жайттар еді, себебі қазақ халқының Жоңғарияға қарсы тыныштық үшін күресі – қасіретті «Ақтабан шұбырынды» секілді өткелдің жалғасы, кек алу айқастары болып қана қойған жоқ. Бұл соғыс жолында Қазақ хандығы басқа бір қауһарлы мемлекеттер тарапынан арқа сүйенер тірек, одақтас табуды мақсат етті. Ресей, Қытай сияқты көршілес мемлекеттермен араға хабаршыларын, елшілерін аттандырды және оның аяғы нәтижесіз қалған жоқ. Қазақ халқы Ресей мемлекетінің боданына айналды.
Әрине, эпостық шығармалардың басты кейіпкері болу оңай іс емес. Оған өз дәуіріндегі еліне айрықша пайдасы тиген, ерекше беделді болған адамдардың ғана қолы жеткен, алайда авторы белгілі шығармалардың қаһарманы болу, одан соң сан ғасырдың өткелінен өтіп бүгінгілерге ауызша түрде жету одан да қиынырақ болған тәрізді. Мысалы, ежелгі дәуірдегі Ер Тарғын, Алпамысты есептемегенде, XVIІI ғасырдағы Арқалық, Өтеген батыр секілді заманының аты шулы ерлері эпостық жырлардың кейіпкерлері ретінде белгілі де, сол замандағы жыраулардың шығармаларында есімдері аталмайды немесе оларды көрмеген, болмаса олардың әскер бастап, елді билеп тұрғанда жанында жолдас болмаған кейінгі ұрпақтың өкілі боп есептелер ақындар аузымен ғана жырланады, алайда бұл адамдарды ,жоғарыда айтқандай, жыраулардың шығармаларында аттары аталмады деп, олардың халық намысы үшін қанын төккен қаһармандықтарына күмән келтіруімізге болмайды.
Мәселен, батыр Өтегеннің, Құлекенің Абылай ханның белгілі баһадүрлері болғандығын дәлелдейтін сол кезеңнен сақталған тарихи құжаттар бар. Осыдан шығатын түйін: әлгіндей алып тарихи тұлғалардың кейбірінің жыраулар толғауында ерлігі баяндалып, баяндалмағандығына қарап – олардың сол кезеңдегі алар орнын осы өлшеммен ғана өлшеуге болмайды, дегенмен сол заманның жырауларының аузына түскен қаһармандардың аттарына айрықша зер салудың мүлде өрескелдігі жоқ, себебі, ол кезеңнің жырауларының аузында халыққа пана болған батырлардың қатарында есімі аталудың өзі үлкен мәселені байқатады.
Осы жағынан алғанда XVIІI ғасырдағы жыраулардың көрнекті өкілдері Бұқардың, жорық жыршылары Тәтіғара мен Үмбетейдің шығармаларындағы әскер бастаған қолбасшылардың ерліктерін өз кезеңіндегі өлеңмен әрленген көркемдік шежіренің бірі деп санауға болады. Әрине, бұл жыраулардың әдеби кейіпкерлері өмірде болған нақты тарихи қаһармандар екені, олардың өздерін көрсете білген тарих аренасы тұрғысынан жоңғарлармен соғыс кезеңі, одан кейінгі қазақ халқының бастан өткерген бірталай оқиғалармен шиеленісті екені белгілі.
Ал жоңғарлармен арада болған шайқас жолы «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі уақыттың өзімен санағанда отыз бес жылды қамтитын ұзақ уақыт. Бұл кезеңде талайлардың атағы шықты. Бұлардың ішінде тек қана үстем тап өкілдері емес, қара халықтың арасынан шыққан Саурық, Тайлақ, Бөгенбай, т.б. секілді көптеген баһадүрлер де болған. Олардың арасында ұзақ жасағаны да, тарих сахнасында ұзақ көрініп, көптеген айтулы оқиғалардың басты қаһармандарының бірі болғаны да – Қанжығалы Арғынұлы Бөгенбай батыр.
Сол заманның әдебиетінде шамасынша көп жырланғаны да осы адам. Ал ол туралы шығармалардың арасындағы ең белгілісі Бұқар жырау мен Үмбетей жыраудың батырдың қазасы туралы Абылай ханға естірткен толғаулары мен Үмбетейдің «Бөгенбай өліміне» деген жоқтау жыры. Мұнда Бөгенбай батырдың сол кезеңдегі Шақшақұлы Жәнібек, Қудауысты Құттыбай, Қаздауысты Қазыбек, Қаракерей Қабанбай секілді батырлармен бірге үзеңгілес болып, дұшпаннан қазақ даласын азат еткендігі баяндалады.
Дұшпанның кім екендігін, оны қазақ әскерін бастаушылардың қай жерлерден қуып, қайтарып алынған жерлерді кімге қоныс етіп қалдырғандығын Үмбетей жырау:
Баянаула, Қызылтау
Абралы, Шыңғыстау,
Қозымаңырақ, Қоймаңырақ,
Арасы толған көп қалмақ.
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Атай тауға асырдың,
Ақшәуліге қос тігіп,
Ауыр қол жинап алдырдың.
Қалмаққа ойран салдырдың,
Қабанбай мен Бөгенбай,
Арғын менен Найманға
Қоныс етіп қалдырдың, - [9, 71 б.]
деген сөздермен берсе, Бұқар:
Асу алған тас бұзып,
Тарбағатай белінен,
Қол қондырған қос тігіп.
Борлы деген көлінен,
Қалмақты шапқан шулатып,
Ақшәуілінің өрінен.
Қоныс қылған найманға
Бәрін қуған жерінен, - [9, 52 б.]
деп толғайды. Әрине, авторлары әртүрлі адамдар болғандықтан Бөгенбай қазасына байланысты естірту, жоқтау жырында Үмбетей жырау мен Бұқар жыраудың өзара ерекшелігі – бірінің айтқанын екіншісінің мүлде ауызға алмайтын жерлері кездеседі, алайда олардың екеуі де бір оқиғаға – марқұмның негізінен жоңғарға қарсы азаттық күресі жолында ерекше рөл атқарғандығына баса зер салып, екеуі де марқұмның дұшпанмен шайқасып жеңіске жеткен жерлерінің атын тізбектейді. Мұндағы зер салуды талап етер жайт – осы деректер толықтай дерлік шындық.
Бұл жерлердің Қоймаңырақ пен Қозымаңырақтан басқасы бүгінде де солай аталатын, қазіргі Павлодар, Семей, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының шекарасын алып жатқан тау алаптары, құнарлы, шұрайлы мекендер екенін білеміз.
Жоғарыда есімі аталған баһадүрлердің ерліктерінің бейнесін Үмбетей жырау:
Қашпаған қандай ұрыстан,
Абылай, сенің тұсыңда,
Сол бесеуі болыпты-ау! – [9, 73 б.]
деп жырласа, Бұқар Қалқаманұлы марқұм болған батырдың бейнесін:
Өкпе қылған ел үшін,
Жауда кеткен кек үшін,
Қазақтың абырой-арына,
Сарып қылған бар күшін, - [9, 54 б.]
деген жолдармен береді. Марқұмның халқы үшін сіңірген еңбегі бұл толғауда айқын. Қай кезде айқасса да бұнан Бөгенбайдың «Қазақтың абырой-ары» үшін «бар күшін сарп қылған» батыр екендігін байқаймыз.
Әрине, XVIII ғасырдағы тарихи тұлғаның, әдеби кейіпкердің барлығы Бөгенбай батырды жырлаған үлгімен сомдала бермеген. Мәселен, XVIII ғасырдағы барлық өмір жолы көлемді бейнеленетін Абылай хан тұлғасы тек бір ғана жолмен – тарихи жайттар кезінде өзін қай қырынан көрсетіп, қалай ұстай алғандығы жағынан беріледі, яки, сол тұстағы әдебиеттегі Абылай ханды тарихи оқиғалар негізінде танимыз. Мысалы, жоғарыда Үмбетей оның жоңғар батыры Шарышты өлтіргеннен кейінгі жағдайын:
Қалдан ханның әскері,
Іздеп сені әрі-бері,
Қапыда ұстап алғанда,
Алып барып Тәшкенде,
Көр зынданға салғанда,
Елің қараң қалғанда,
Тоқсан жақсы үш жүзден
Сені сұрай барғанда,-
Өлтірем деп Қалдан хан,
Орайына Шарыштың
Сөзіне қарсы сөз айтып,
Жауаптастың, қарыстың.
Қапияда тұтылдың,
Қалмаққа бітеу жұтылдың,
Шешендік жолын тұтындың,
Үш ауыз сөзбен құтылдың, -
деп жырлайды. [12, 88 б.] Мұндағы Қалдан-Цереннің ұлын жекпе-жекте өлтіргені, сол үшін оны жоңғар билеушісінің қайдан да болса тауып, ұстап әкелуді бұйырған адамдарының қазақ сұлтанын аң аулап жүрген кезінде бірнеше жылқымен, құдайберді атығай руының белгілі батыры Жанақпен бірге қолға түсіріп, Қалдан Цереннің алдына әкелетіні өмірде болған оқиғалар. [13, 92 б.]
Сонымен қатар, билеушінің «ұлымды неге өлтірдің?» деген сұрағына «ұлыңды халық өлтірді, мен сол халық кескен үкімді орындаушы ғанамын» - деп жауап қайтарғанда, Қалдан Цереннің оған разы болып, тұтқынын қанішерлерінің қолына бермей, ағаш үйшікке қамататыны да шындық. Абылай сонда тұрып Шарыштың шешесінен бірнеше рет қарғыс, жаман сөздерді естіп, жөнсіз қылықтарын көре-көре төзімі таусылып, «сенің балаң сияқты қаңғырған құлдың басы қайда қалмаған» - деп айтып салады.
Бұл оқиғаларды Ш.Уәлиханов тарихта болған жайлар деп санайды. Түбінде, жыраудың Абылай ханға «шешендік жолын тұтындың» дейтіні осы оқиғаларға орай айтылса керек. Ал сол тұста тұтқындықтан «үш ауыз сөзбен құтылдың» деген сөзі халық аузындағы Абылай ханды насихаттап көрсететін мынадай әңгімемен төркіндес болуы ықтимал:
Тұтқын Абылай сұлтанды Қалдан Церен Шарыштың кегіне бола өлтірмек болғанда Абылай:
- Тақсыр, менің үш арманым бар: біріншіден - мен Шарышты қазақ пен жоңғардың қанды майданында өлтірдім. Сіз мені ұйықтап жатқан жерімнен тұтқынға түсіріп, басымды алғалы отырсыз. Қазақ пен қалмақтың қанды майданында қаза болсам арманым жоқ еді. Екіншіден – қазақ көшпелі халық еді, бір қонысқа орнықтырып, отырықшы халыққа айналдырсам, армансыз едім. Үшіншіден – төрт атадан қалған жалғыз тұяқ едім, қазір өліп кетсем, не ұл, не бауырым жоқ, өмірге келмегендей болмаймын ба?!» деген кезде Қалдан Церен хан төменге қарап отырыпты да, жанындағы нөкеріне: «Мұның айтқанының бәрі шын, әсіресе, соңғы сөзін қарашы, мен де төрт атадан қалған жалғыз тұяқ едім. Қазіргі жалғыз мұрагерім Әмірсанам қаза болса, мен де тұяқсыз өткенім-дағы» -деп жоңғар тілімен айтқан екен, Абылай сұлтан: «Алдияр!» деп орнынан тұра келеді. Қалдан Церен хан Абылайға:
- Сен неге мені «алдияр» дедің, мен сені жазадан босаттым ба? – десе: - Алдияр, жалғыз ұлыңызға ұқсатқаныңыз - босатқаныңыз емес пе?!. Мен жоңғарша тілді білемін, - дейді. Қалдан Церен хан Абылай сұлтанның сөзіне риза боп, оны тұтқыннан босатады. [9, 109 б.]
Халық аузында аңыз боп тараған әңгімелердің қаншалықты шындыққа жанасатынын, олардың қай заманда, қай жылдарда және қай жерлерде болғандығын жыраулар поэзиясынан көре аламыз. Жыраулардың толғауларында тарихи оқиғалар «менмұндалап» тұрмаса да, оның астарына терең үңіліп, тарихи кітаптармен салыстыра келе ақиқатын аша аламыз.
Абылай ханның жеке басын насихаттауға себеп болған жағдайлардың бірі – 1771 жылы Алтай етегіне қоныс аударған Еділ қалмақтарына қатысты әңгіме. Бұқар жырау бұл туралы Абылай ханға бағыттап айтатын үш толғауында да сөз етеді. Мәселен:
Қырық сан қара қалмақты,
Жарлығына қаратқан...
Лабашы деген бір еліні,
Антыменен улатқан.
Еранша мен Серенді,
Тозғындатып шулатқан.
Жасылкөлге мәслихатты елтірі, -
деген өлең жолдарынан басқа халық емес, Еділ бойы қалмақтары туралы сыр шертетіні хақ. [14, 81 б.] Ендігі бұл жолдардың астарлы мағынасына үңіліп қараған жөн секілді.
Ресей мемлекет он сегізінші ғасырдың бірінші жартысында Еділ маңында колонизациялау саясатын жүзеге асыра бастады. Патша үкіметінің тек орыс шаруаларының ғана емес, көпестерінің де құқығын көздеген бұл адымы қалмақтарға оңайға соқпайды. 1731-1732 жылдары Дон казактарының бір мыңнан астам жанұясы Волга мен Илі өзендерінің арасына кеп қоныстанады. Ұзаққа бармай Жайық бойында да казак станциялары тұрғызылып, қалмақтар қоныс тепкен жердің солтүстігіне немістер келіп жайғасты. [15, 106 б.]
Бұның өзі қалмақ шаруаларының қоныстарын біршама тарылтады. Оған төзімі жетпеген торғауыт билеушісі Убаши 1765-1766 жылдары Астрахань губернаторы Н.А.Бекетовке кеп, бұл жағдай туралы екі рет шағым етеді. Бұдан кейін Патша үкіметі даулы аймақтарды картаға түсіріп, қалмақтар қонысының территориясын межелеуге кіріседі, алайда бұл шаралар тезірек жүзеге аса қоймайды. Осылайша, Еділ бойы қалмақтары 1771 жылы Алтай тауына қарай бет бұрады. Мұны көрген орыс патшалығы оларды кері қайтару үшін Орск қамалынан генерал-майор Трауренберг бастаған жасақ шығарады. Ол әскер Нұралы, Есім, Қайып, Пірәлі, т.б. қазақ хандарының жасағымен кей жерлерде одақтаса отырып, кей жерде өз еріктерімен қашқандардың артынан біршама жерге дейін қуып барып, қайта оралады. Қашқан ел кері оралмағанмен сол жолда дұшпандарының қарсылығынатап болып, көп шығынға батады. [9, 113 б.]
Әсіресе, қалмақ халқына ауыртпашылық көп түскен тұс – бұлардың Мойынты атты өзеннің жағалауына жеткен уақытында болған тәрізді. Себебі, бұл жерге жеткенде Убаши халқын Нұралы, Орыс, Абылай және Әділдің әскері жан-жақтан торуылдайды. Жоңғар империясына апаратын жол жабылады. Айласы таусылған торғауыттың әміршісі Абылай ханға елшілерін аттандырып, бодандық сұраған екен. Қол астындағы мыңға жуық тұтқындарды еліне кері қайтаратынын айтып, көшіп-қону үшін жер сұрайды. Бұдан соң екі жақ та ымыраға келіп, қазақтар жоңғарларға тұтқындағы халқын кері қайтару үшін үш тәулік уақыт береді. Алайда, қалмақтар уақыттың соңғы тәулігінде түн жамыла қазақ қонысына шабуыл жасап, дұшпандарына біраз сес көрсетіп алады. Балқаш көлінің күнбатысымен жоғарыға қара ат басын бұрады. Дегенмен, олар сол оқиғадан соң көптеген әскері мен мал-мүліктерінен айырылып қалады.
Яғни, Бұқар жырау бұл тұста «жарлығына қаратқан, антыменен улатқан» деген жолдар арқылы тарихшылар болжап жүрген оқиғаның көрінісін дөп басып айтып отыр. Байқап қарасақ, торғауыттың билеушісін бағындырып, оларға әмірлік етіп тұрды деп айтқанымыз асыра сілтеушілік болғанмен оның ,ілгеріде жазғанымдай, тарихи шындығы бар. Сондай-ақ, Бұқар жыраудың «қырық сан қара қалмақты» деп айтуына қарағанда, я сол кезде Еділ бойынан Алтай тауына қарай бет бұрған Убаши халқының жалпы санына келсек, мұның өзі дәл осы тақырыпта зерттеулер жүргізген ғалымдарда әртүрлі жазылып жүргендігін ескеруіміз керек.
Мысалы, А.Макшеев пен Н.Рычков қалмақтарды отыз бес мың шаңырақ немесе жүз алпыс мыңға жуық деп жазған. Ал И.Бичурин ол тұстағы Убаши әміршінің қол астында төрт жүз алпыстай ошақ болған деп болжайды. Кезекті бір айқаста бұлардың үш жүз мыңға жуығы қаза тауып, екі жүз сексен мыңдай халқы Алтай етегіне барды. Малдарының жартысынан көбі жол үстінде қырылып қалған. [16, 74 б.] Яғни, бұл құнды ақпарат Бұқардағы «қырық сан» тіркесін, былайша айтқанда, төрт жүз мыңдай халқын бес жүз мыңдай етіп, асыра жазады.
Бұған қарай отырып, Бұқар жырау бұл жайында да шамамен есептеген деп айта аламыз. Әрине, жырау Абылай ханның жанындағы кеңесші болғанмен, алдында торғауыт халқының саны жайындағы құжаттар болмағаны белгілі. Жырау мұндай ақпаратты қол түскен тұтқындардың айтқан құпия мәліметтерінен білген болуы ғажап емес. Одан басқа, халқымыздың ауызекі сөзіндегі жиі қолданылатын қырық сан ұғымын автор қастық қылған дұшпанның санын біршама көбейіңкіретіп бейнелеу үшін де жырлаған болуы бек мүмкін. Ал, мұндай асыра сілтенгеннен ақпараттан соң автордың абыройы кеміп қалмасы анық.
Бұқар жырау ілгеріде айтқан шығармасында:
Лабашы деген бір еліні,
Антыменен улатқан.
Ераншы мен Серенді
Тозғындатып шулатқан –
деп толғайтынын айтып кеткен едім, осындағы Лабашы мағынасы бізге анық белгілі болды, ал Ераншы және Серен атты кейіпкерлер кімдер?
Ол екеуі – қалмақтардың княздары еді. Серен өз кезеңінде ерекше беделді болған жан. Ол 1755 жылы Цян-Луннин қолдары Іле өзенінің маңайын шулатып, жоңғариялықтарды қаңғытып, зар илеткенде қол астындағы тайпасын бастап, Еділ өзенінің жағалауына жеткен олот халқының әміршісі еді. Осыдан соң торғауыт халқы Еділ өзенінің маңынан кері шегінбек болып қабағы түйілгенде ақпатша ұрысқа жасақ сұрап жатыр деп халық ішіне ақпарат таратқан да дәл осы еді. Бұрындары Әмірсананы жанындағы сенімді жақтасы болған, уақыт өте қол астындағы он мың түтіндік Алтай етегіндегі қалмақтарды Ресейдің отары еткен Серен ханның 1771 жылы жұртының саны нешеге жеткені беймәлім.
Алайда, қалай болған күнде де Еділ бойынан көшкен халықтың біразын соның жұрты деп санауымызға себеп бар: Еділ бойын мекен еткеніне жүз жылға жуық уақыт болған торғауыт жұртына қарағанда жат мекенге үйренісе алмай, бұрынғы атажұртын ойлаумен қамыққан жоңғариялықтардың манағы қалмақта көне қонысқа қайтып, өз алдымызға ел боламыз деп шулыға көтерілген тұста да ешбіреуінің бармай қалуы ақылға сыйымсыз. Сондықтан осы процесте Серен мен оның жақтастарының атқарған қызметі айрықша боларлық негізі бар. Олай болса, ол 1770 жылдың соңына таман торғауыт тайпасы Еділ өзенінің бойынан көшуге күні бұрын кіріскенде және дайындыққа құпия түрде қамданғанда бұл шаруаның бар сырын білетін Бамбар сияқты Убаши маңындағы аздаған ақсүйектердің қатарында болған. Оны сол кезеңдегі орыс басшылары сұм, арам кісі деп бағалаған. [16, 79 б.]Сондай-ақ, халық ішінде сол кезеңнен бері сақталған аңыз-әпсаналарда да ол дәл осы кейіпте бағаланған.
Сол бір аңыз-әпсаналардың бірінде арғын Үйсінбай, Жанатай, Арқан батыр торғауыт әскерінің қолынан өлген. Жанатай баһадүрдің қаза болғанын естігенде қазақ ханы Абылай «қайрау бермеген қара болатым-ай» деп еңірейді. Бұдан соң соғысқа жарамды қазақ әскері тысқыра отырып Іле өзенінің бүкіл белесіне қалмақ қолынан бұрын барып, дұшпандарын қарсы алдынан күтеді. Қалмақ қолбасшысы өзінің елшілерін жібереді. Қақ алдарында түлкі терісінен тымақ киген алпамсадай қалмақ. Ол Абылай ханға жақындап кеп, өзін Серен хан жібергендігін, ынтымақтасып, татуласпақ ниеттері барын айтады. Қазақ ханы бұл туралы баһадүрлерімен асықпай кеңескенде «Ақ отауын тартып алып, бәрін үміттендіріп қойып шабуымыз қажет» деген ойын жеткізеді. Сол кезде батыр Баян: «жоқ, ақ отауын шаппаңыз, алдаймыз деудің орны жоқ. Қасымыздағы қытайдың өзін алдап жүрген Серен мен Уса бізді де алдайды» - тіл қатады. Абылай өзінің пікірін екі мәрте айтады. Батыр Баян да айтқанынан қайтпайды. Өз мақсатын жүзеге асырмақ болған қазақ ханы сый-сыяпатпен келеміз деген қалмақ елшілерін екі тәулік күтеді. Алайда, олар келмейді, сөйтсе, қалмақтар елшілері қайтқан бойда қонысын жинап қашып кеткен болып шығады. [17, 95 б.]
Бұл тұстағы зер саларлық жайт: қазақ халқының Серенді айналасының барлығын сан соқтырып кететін сұм адам деп білетіндігі, алданып қалған қазақ қолының қалмақтарды үшінші тәулікке дейін күтетіндігі.
Түбінде бұл әңгіме мен Бұқар жыраудың толғауының Қалмақ ССР тарихында сөз болатын Мойынты маңындағы Убаши әміршінің Абылай ханнан бодандық сұраған әңгімесінің түп қазығы бір оқиғадан бастау алатындығын айрықша айта кеткен тәрізді. Себебі, Мойынты мен Іле өзендерінің құяр сағасының арасы соншалықты алыс жер емес.
Сонымен қатар, Убашы Алтай етегіне Балқаштың күнбатысымен, яғни, Іле өзенінің осы көлге қосылатын сағасына қарай жылжып, жоғары асқан және жыраудың «Лабашы деген бір еліні антыменен улатқан» деп, Убашы халқының бодандыққа өз еріктерімен сұранып, уәде бергенін байқатқан соң, Серен мен Ераншының тозғындағанын жырлау жайдан жай емес. Бұл тұста Бұқар, шынымен де, тәуелділік сұраған қалмақ елшілерінің Сереннің адамдары екенін, ал Серен ханның Убашының сенімді серігі, ең жақын одақтасы екенін жақсы білген деп ұғуымызға болады.
Сол кезде Еділ бойындағы қалмақтарды жеңгеннен соң оқиғаның түйінін Бұқар жырау тағы бір шығармасында:
Үш бу ердан бекдарун,
Жасылкөлге маслихатқа келтіріп, -
деген сөздермен толғай отырып, Абылай ханды беделді адамдары мен баһадүрлеріне бүкіл олжаны таратушы қылып бейнелейді және бұл жолғы олжаны бөлісуде ханның өзіне алған жоңғар қызынан Қасым дүниеге келгендігін баяндайды.
Абылай ханның сол мұрагерімен құттықтап келгендер атынан жырау, сол кездегі қанды қырғында Абылай жанында болған Бөгенбай, Қабанбай, Тілеуке, Қылышбек, Сатай Дәлет, Наурызбай, Шойбек, Есенқұл сынды баһадүрлердің атын тізе кеп, дұшпанды састырғандығын айтады:
Шеп салған жерін бұздырып,
Ұрысты қатты қыздырып,
Қасым ханның шешесін,
Хан Абылай алған-ды.
Жабы деген қалмаққа,
Тырнағын қатты батырды.
Бұзылып қалмақ кеткен соң,
Өңкей батыр жиыл деп,
Хан Абылай шақырды,
Бір төбеге жиылды.
Құм төбедей үйілді,
Бөліске олжа түссін деп,
Хан Абылай бұйырды, - [17, 99 б.]
дейді. Қасымның шешесінің сонда тұтқынға түскен ару «бөліске түскен олжаның» ең бастысы, әрі негізгісі болғандығын байқатады. Бұдан кейін жырау:
Басыңа біткен күніңіз,
Құтты болсын ұлыңыз.
Хан Абылай атандың,
Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың, -
деп, ендігі сол мұрагеріңіздің бауы берік болсын, сол жолы «жеті күн кіріп ұрысқа» дұшпаныңның жанын шырылдатқан сенің «арманың бар ма, хан ием?» деген.
Расымен, Абылайдың хан ретінде, адам ретінде аңсары болсын, болмасын, бұдан соң жоңғариялықтар мен торғауыт тайпасының баяғыдай қуатты болмағаны анық.
Енді сол шығарманы Бұқар жырау қай уақытта айтты, тарихи тұлға Қасым қай мезгілде дүниеге келді деген тақырыпқа тоқталайын. Толғауда айтылатын дұшпанды тысқыртқан оқиға, сол кезде тұтқынға түскен аруды «Қасым ханның анасын хан Абылай алған-ды» деп, енді сол тапқан мұрагер «құттық болсын ұлыңыз» немесе «Қасым құтты болсын» деген құттықтауларға қарасақ, толғау 1772 жылы шығарылған болып шығады.
Қос шығармада да бұл мұрагердің шешесі Абылай ханның некелі жұбай болған соғыста қазақ әскерінің жеті тәулік жүргендігі сө етіледі. Ал Қасым хан Услар жазбаларында 1772 жылы дүниеге келген деп ешқандай дерек келтірілмей жазылған. Дерексіз деп санауымыздың себебі, Услар жазбалары Қасым хан дүниеден өткен соң он бір жылдан кейін баспаханаларға берілген. Ал қаза тапқанына он жылға жуық уақыт болған сондай беделді әулеттің беделді мұрагері қай жылы дүниеге келгенін оның соңында қалған бауырлары, халқы ұмыт қалдыруы ақылға сыйымсыз. Оған қоса, автор Қасым ханды Абылай ханның алпысқа таяған шағында некелеген тұтқын қыздан тапқан мұрагері екенін айта келіп, қартайған адамның әйел алып, одан ұрпақ сүюіне байланысты бұған таңқалатындығын жеткізеді. Яғни, осы тұрғыдан алғанда халық эпосындағы «Кенже тоқал баласы Қасым еді» дейтін Қасым ханның 1772 жылы дүниеге келгеніне және Бұқар жыраудың бұл жырларды сол кезеңдерде айтқанына күмән келтіруімізге болмайды.
Сонымен қатар, жырау аталған жырларында ілгеріде айтылған «Алтын тақтың үстінде үш жүздің басын құрадың» деген пікір айтады. Ал Абылайдың өзін-өзі үш жүздің ханы деп есептеген шағы Әбілмәмбет өмірден озған 1771 жылдан соң болған оқиға екені мәлім. Демек, Бұқар жыраудың Абылайға үш жүздің ханы болып саналмай тұрғанда бұл жырды арнауы мүмкін бе? Әрине, жоқ, алайда осы бір белгілі жолдарда «Қалданменен ұрысып» деген тіркес кездеседі. Сонда қалай, 1745 жылы қаза болған Қалданның есімі мына жырда аталуын қалай ұғуға болады? Әлде Қасым ханның анасы сол Қалданмен арадағы ұрыста тұтқынға түскен ару болғаны ма? Олай болса, манағы келтірген тарихи деректер қайда жоғалады?
Түбінде бұл жерде тағы бір себеп бар деп түсінуімізге негіз бар. Он сегізінші ғасырдағы жоңғариялықтардың тарихында Қалдан Церен деген билеуші жалғыз болғанмен, онымен аттас, онымен туыстығы бар жандар да, қарапайым жандар да баршылық. Осы бір есімдес жандардың бірі – ханның қарындасын әйелдікке алған Қалдан Церен атты Шыңғыс ханның тұқымы болған. [18, 51 б.]
Мәселе аттастар төңірегімен байланысты болған соң еске сала кетейін: белгілі Қалдан Цереннің әкесінің де, анасының да аттары Рабтан немесе Арабтан деген адамдар еді. Ал өз кезеңінде айбалтасын айға білеген осы Арабтың бір баласы Шуна Кашко атанса, бір қызы Неон Хашка атанатын. Сонымен қатар, 1741-1761 жылдар аралығында Еділ бойы қалмақтарын басқарған орысша документтерде Дондукдаши деген есіммен танымал қолбасшы Ресей билеушілерінің кесірінен 1757 жылға дейін хандық дәрежені ала алмай, 1756 жылы Тибет даласындағы ламадан хандық дәреже сұрау үшін әдейі адамдарын аттандырыпда, Далай-ламаға өзінің қалауын жеткізіп, одан мөр мен алғыс хат алатын дүрбіттік Қалдан Церен атты княз де болған. Қысқаша айтқанша, бір есімді бірнеше адам алуы қиын шаруа емес. 1745 жылы өмірден озған жоңғар басшысы және дүрбіт Церен, олот Церендер аттас жандар. Олот Церенді біз оқып жүрген тарихи мұраларда, әрине, қарапайым тілмен Церен деп жазылған. Алайда, оның да шын есімі Қалдан Церен болуы әбден мүмкін. Оның бергі жағында Бұқар жырау шығараларындағы қазіргі «Қалданменен ұрысып» деген тармақтармен келетін толғауы, бәлкім, о бастан-ақ солай келуі ықтимал, тіпті «Церенменен ұрысып» болып жүруі де мүмкін.
