- •1.Жүк көтеру машиналары
- •2. Жүк ілгіш қондырғылары
- •3. Жүкпен тарту құрылғысының элементтері
- •4. Тежеуіш
- •5. Жебені шығару мен жүк көтеру механизімдері
- •6. Қозғалысқа келтіру механизімдері.
- •7. Технологиялық есептер
- •2. Телескоптық қадағыштың есептілігі.
- •4. Шығу өзгерту механизмін есептеу.
- •3. Қадағыш ұзындығын өзгерту механизмін есептеу.
- •7. Жүк жүкшығырын есептеу тәртібі.
- •8. Жүк көтергіш машиналарды қолдану кезіндегі техникалық қауіпсіздік.
5. Жебені шығару мен жүк көтеру механизімдері
Көтеру-тасымалдау машиналары — жүкті, адамдарды тік, жазық немесе көлбеу бағыттарда тасымалдауға арналған құрылғылар жиынтығы. Жұмыс істеу принциптеріне қарай К.-т. м. өнеркәсіпте, құрылыста, көлікте, тау-кен ісінде және а. ш-нда жүк көтеру-түсіру, тиеу, тасымалдау үшін, көп қабатты тұрғын үйде, қоғамдық және өндірістік ғимараттарда, шахтада, метрополитен ст-нда адамдарды жеткізіп салу үшін қолданады. Атқаратын қызметі мен жүкті тасымалдау сипатына байланысты К.-т. м. жүк көтергіш машина мен механизмдер, тасымалдауыш машиналар, рельсті және рельссіз (жердегі) көлік машиналары, жүк тиеу-түсіру машиналары болып бөлінеді. Іс-әрекетіне қарай К.-т. м. қайталамалы (циклды) және үздіксіз әрекетті болып ажыратылады. Циклды әрекет ететіндер қатарына домкрат, блок, полиспаст сияқты жетексіз жүк көтергіш құрылғылармен бірге күрделі электрлік-мех., гидравлик. және пневматик. жетегі бар жүккөтергілер (шығыр, автокөтергі, авто- және электр тиеуіш, т.б.), сондай-ақ көтергіш кран, автокар, лифт, фуникулер және скип, шахта кілеті тәрізді көтергіштер жатады. Үздіксіз қимылды К.-т. м. қатарына: конвейер, эскалатор, рольганг (жетексізі), пневматик. және гидравлик. көлік құрылғылары кіреді. Сыңар рельсті жол мен аспалы жол да К.-т. м. болып саналады.
Құрылыс машиналары — әр түрлі құрылыс жұмыстарына арналған машиналар мен механикаландырылған құрал-жабдықтар. Бұлар құрылыс жұмыстарын кешенді түрде механикаландырып, индустриялы әдістерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Олардың қатарына мұнаралы, өздігінен жүретін шынжыр табанды не доңғалақты крандар, бір шөмішті экскаваторлар мен көп шөмішті роторлы экскаватор, бульдозерлер, скреперлер, т.б. жатады. Атқаратын жұмыс түріне қарай Құрылыс машиналары қазғыш, топырақ таптауыш,бұрғылау, қада қағу, тиеу-түсіру әрі тасымалдау, ұсақтау-сорттау, араластырғыш, бетон төсегіш, өңдеуіш, жол құрылыс машиналары, т.б. механикаландырылған құралдарға топталады. Жер қазғыш машиналар топырақ қазу, карьерлерден құрылыс материалдарын алу жұмыстарына арналған. Бұларға экскаваторлар, топырақ қазып тасығыш, гидромех. машиналар жатады. Таптауыш машиналар топырақ, т.б. жер қыртыстарын нығыздау жұмыстарын атқарады.
Салмағы 100 т-лық қарапайым таптауыш машина қалыңд. 40 — 50 см, ал салмағы 12 т дірілдемелі таптауыш машина қалыңд. 80 — 120 см жер қыртысын нығыздай алады. Тастақ қабаттарды бұзу және құрылыстық тастар алу, қопарылыс жұмыстарындағы ұңғыма бұрғылау үшін бұрғылау машиналары пайдаланылады. Қада қағу жұмыстарында арнайы жабдықтар қолданылады. Темір жол салу және жөндеу жұмыстарында балластер, жол төсегіш, т.б. машиналар пайдаланылады. Өңдеуіш машиналар сылақ және сырлау, бояу жұмыстарына арналған машиналарға ажыратылады.
6. Қозғалысқа келтіру механизімдері.
Беріліс - қозғалысты (әдетте айналмалы қозғалысты) жетекші элементтен (мысалы, автомобиль қозғалтқышы) жетектелуші элементке (мысалы, автомобиль доңғалағы) жеткізуге арналған механизм. Беріліс арқылы: әр түрлі жетектерде жылдамдықтарды арттыруға (немесе азайтуға); жылдамдықтарды сатылы немесе сатысыз реттеуге; қозғалыс бағыттарын өзгертуге; бір қозғалтқышпен бірнеше механизмдерді қозғалысқа келтіруге; күш пен айналдыру моментін өзгертуге; қозғалыс түрлерін өзара түрлендіруге болады. Берілістің негізгі сипаттамалары: берілетін күштер мен бұраушы моменттер, бұрыштық жылдамдық, жетектелуші буын (қозғалыстағы) мен жетектегі буынның жылдамдықтарының қатынасы (беріліс саны), пайдалы әсер коэфициенті.
6-сурет Шынжырлы беріліс
Беріліс механикалық, гидравликалық, пневматикалық және электрлік болып ажыратылады. Механикалық беріліс іліністі (тісті беріліс, шынжырлы беріліс, бұралаңды беріліс т.б.) және үйкелісті (белбеулі беріліс, фрикциялы беріліс, т.б.) пайдалануға негізделген. Олар беріліс қатынасы тұрақты немесе өзгермелі, қуаты шағын және орташа жетектерде, сондай-ақ, станоктардың, автомобильдердің, тракторлардың, беріліс қораптары мен вариаторларында қолданылады. Гидравликалық беріліс пен электрлік беріліс үлкен қуатты жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай берілістер техниканың әр түрлі саласында, әсіресе, ауыр көлік машиналарының жетектерінде қолданылады. Пневматикалық беріліс шығар жердегі буынның айналу жиілігі үлкен болған жағдайда (мысалы, ішкі бетті ажарлауыш станоктарда 30000 айн./мин-қа дейін жетеді) пайдаланылады. Техника мен өндірісте, көбінесе, электромеханикалық, гидропневматикалық сияқты аралас беріліс қолданылады.
Қозғалтқыш, мотор (лат. motor – қозғалысқа келтіретін) – қандай да бір энергия түрін механикалық жұмысқа түрлендіретін күш-қуат машинасы. Энергия механикалық жұмысқа қозғалтқыш тегіне (типіне) қарай қайталамалы-ілгерілемелі қозғалыстағы піспек (поршень), айналмалы қозғалыстағы ротор немесе реактивті қозғалыс тудыратын аппарат арқылы түрленеді.
