Фил. словарь новый
.docПРАКТИКА – адамның материалдық, сезімдік-заттық, мақсатты қызметі, адам қоғамы мен танымның қозғаушы күші, жалпы негізі, оның мазмұны – табиғи және әлеуметтік объектілерді игеру және өзгерту.
ПРИНЦИП (лат. principium – негіз, бастама) – дүниені тану мен өзгерту процесінде фактілерді немесе білімдерді бір ізге салуға қызмет ететін, олардың кейбір жиынтығының түп негізі ретінде көрінетін ғылыми танымның ерекше формасы. Принцип деп тағы да - ереже, іргетас, басты идея, басты ұғым; түсініктер арасындағы дәнекерші буын; құбылыстың қажеттігінің немесе заңының көрінісі; заңдар арасындағы қатынас және басқа бір білімге жол ашатын білім; қоғамдағы адамдар арасындағы қатынасты сипаттайтын этикалық норма деп қарастыруға болады.
ПРОВИДЕНЦИАЛИЗМ (лат. providentia – құдайдың жазғаны) – әлемдік оқиғалар, тарих және жеке адамның әрекетінің барлығы да құдайдың жазғанымен басқарылады деген көзқарастар жүйесі. Тарихқа деген мұндай көзқарас еріксіз фатализмге әкеледі.
ПРОГРЕСС ЖӘНЕ РЕГРЕСС – (лат. progressus – ілгері қозғалу, rеgressus – қайтып оралу) – қоғам дамуында жалпы қоғамның немесе оның жекелеген салалары дамуының қарама – қарсы формалары, олар тиісінше не қоғамның қарышты қадаммен үрдісті дамуын, гүлденуін немесе ескі, күні өткен формаларға қайтып оралуын, тоқырауы мен азғындауын білдіреді. Қоғамдық прогресс өлшемі ең алдымен өндіргіш күштердің, экономикалық құрылыстың даму дәрежесі, ғылым мен мәдениеттің дамуы мен таралуының, жеке адамның даму деңгейінің, қоғамдық бостандықтың өркендеу дәрежесі болады.
ПРОЛЕГОМЕНДЕР (грек. προλεγόμενα – алғы сөз, кіріспе) – зерттелінетін зат жөнінде алдын-ала мәлімет беру және тұжырымдалған алғашқы ұғым туралы пікірлер; өзіндік әдіс-тәсілдерімен алдын-ала таныстыру мақсатында қандай да бір ғылымды зерттеуге кіріспе жасау.
ПРОТАГОР (б.з.б 480 – 410 ж.ж.) – Аберден шыққан ежелгі грек философы, софистердің ең беделдісі, дінсіздігі үшін Афинадан қуылған (оның «Құдайлар тұралы» деген кітабы өртелген). Кейбір зерттеушілер Протагордың сақталып қалған фрагментін: «Адам дегеніміз барлық нәрсенің: тіршілік еткені үшін тіршілік етушілердің, тіршілік етпегені үшін тіршілік етпеушілердің өлшемі» деп аударып, оны абсолютті скептик деп түсіндірді. Бірақ гректің «Не» деген ұғымына сай келетін сөзді басқаша: «Тіршілік еткендіктен тіршілік етушілерді» және т.б. деп аударуға да болады. Бұлайша түсіндірілген жағдайда Протагор субъективист те, скептик те емес, оның тезисінде материалистік сарындағы антропологизмнің элементі көрініс табады. Бұл көзқарасты Секст Эмпириктің Протагор үшін «Материя өтпелі» және «Барлық заттардың негізгі себептері (логостар) материя болып табылады» деген сипаттамасынан анық байқауға болады.
ПРОТЕСТАНТИЗМ (лат. protestans – қарсылық білдіруші, әшкерелеуші) – христиан дінінің правосливие мен католицизмнен кейінгі, Реформация кезеңінде пайда болған үшінші түрі. Протестантизм – бір-бірінен догматтық және канондық ерекшеліктері бар дербес және алуан түрлі діндердің жиынтығы. Протестанттар католиктік арылуды мойындамайды, проваславиелік және католиктік әулиелерді, періштелерді, құдай ананы теріске шығарады. Протестантизмнің католицизм мен православиеден басты айырмашылығы – құдай мен адамның тікелей байланысы тұралы ілімде болып табылады. Протестанттардың түсінігі бойынша, игілік адамға шіркеу арқылы емес, құдайдан беріледі, «арылуға» адамның жеке басының сенімі мен жаратушының шапағаты арқасында ғана қол жеткізіледі. Бұл ілім рухани биліктің заңдылықтан басымдығын және католиктік шіркеу мен Рим папасының басшылық рөлін әлсіретті. Адамның құдайға өзгеше көз қарасына байланысты протестантизмде дін басылары мен шіркеуге ғана емес, мінәжат етуге де екінші кезектегі орын беріледі. Иконалар мен құдыреттің күшіне табыну болмайды, құпиялылық саны екіге дейін (шоқындыру мен ат қою) жеткізілді. Әдетте, мінәжәт ету уағыздауда, бірлесіп дұға оқу мен псалмалалық ән айтуда болып табылады. Формальды түрде протестантизм тек қана Інжілге негізделеді, ал іс жүзінде әрбір протестанттық дінде өз нанымның символдары, беделдері, «Қасиетті» кітаптары, яғни өзінше бір «Қасиетті аңызы» болады. Қазіргі протестантизм негізінен алғанда Скадинавия елдерінде, Германияда, Швейцарияда, Ұлыбритания мен АҚШ – та, Канада, Австралияда және т.б. таралған. 20 ғасырда протестантизмде экумендік қозғалыс өріс алып, бүкіл дүние жүзі шіркеулер кеңесін құруға әкеліп соқты. Протестантизм әртүрлі саяси тенденциялармен байланысты.
ПРОЦЕСС (лат processus - өту, жүру) – құбылыстың заңды, дәйекті өзгерісі, оның басқа құбылысқа көшуі (даму).
ПСИХОАНАЛИЗ – психотерапия методы және бейсаналық психикалық процестер мен мотивацияларды басты деп есептейтін психологиялық ілім. 19 ғ. с. – 20 ғ. б. З.Фрейд қалыптастырды.
ПІКІР – қазіргі формальды логикада оның ақиқаттық (ақиқат, жалған) немесе модальдық (ықтимал, мүмкін, мүмкін емес, қажетті және т.б) бағаларына байланысты қарастырылатын белгілі бір тілдің сөйлемі. Құрамына басқа да пікірді енгізетін пікірді күрделі; ал керісінше жағдайда қарапайым ден айтады. Кез келген пікір оның мазмұны болып табылатын қайсыбір ойды білдіреді және ол мағына деп аталады. Пікірдің қайсыбір ақиқаттық бағасы оның ақиқаттық мәні болып табылады. Пікірге қатысты объектіні пікірдің пәні дейді. Пікір атауымен қатар «сөйлем» және «пайымдау» деген атаулар да қолданылады.
-Р-
РАССЕЛ Бертран (1872 - 1970) – ағылшын философы логик, социолог – моралист, қоғам қайраткері. Рассел қазіргі математикалық логиканы дамытуға елеулі үлес қосты. Ол қатынастар логикасын дамытты, логикалық рәміз тілін жетілдірді. Уайтхедпен бірге Рассел 20 ғ. басында Фрегеннің ізбасарлары ретінде эмпириокритицизмдегі сезімдік тәжірбиені асыра түсінуді қолдамай, оны математикалық логика тұрғысынан толықтыру керек деген пікірде болды. Оның қаламынан жаратылыстанудың философиялық мәселелері жөнінде бір қатар еңбектер мен әртүрлі социологиялық тақырыптарға арналған көптеген эсселер туындады. Рассельдің ойынша, философия ғылымның, діннің және әдеттегі сананың арасындағы «бейтарап кеңістік», ал философияның мәні логикада, логикалық талдауда деп санады. Рассел ағылшын неореализмнің, содан соң «бейтарап монизм» және неопозитивизмнің бір түрі – «логикалық атомизмнің» негізін қалаушылардың бірі. Философияның негізгі мәселесін шешуді Расселдің көзқарастары объективті идеализмнен субъективтік идеализмге және кейініректе – юмистік түсініктегі орташа агностицизмге қарай эволюциялық тұрғыдан ауысты. Рассел реалистік бейнелеу теориясын теріске шығарды. Ол дінге қарсы шықты. Атеистік нанымды қоғады. Фашизмге қарсы белсенді күрескер, мемлекеттердің бейбіт, қатар өмір сүруін жақтаушы болған Рассел Эйнштейн, Жолио-Кюримен және басқа ғалымдармен бірге Пагуош қозғылысының, бейбітшілік пен ғылыми ынтымақтастықты жақтайтын ғалымдардың халықаралық кездесулерінің ұйытқысы болды. Ядролық ғасырда жаңаша ойлау қажеттігі туралы Рассель – Эйнштейн монифесінде (1955) ұсынылған идеяның қазіргі кезеңде зор маңызы бар. Негізгі шығармалары: «Біздің сыртқы дүниені тануымыз»(1915); «Ақиқаттың маңызын зерттеу»(1940); «Адам танымы, оның өрісі мен шекаралары» (1948).
РАЦИОНАЛДЫ – адамның ақиқат шындықты ақылмен меңгеруі.
РАЦИОНАЛИЗМ – (латынша ratio – ақыл-ой) – таным процесінің басты құралы ретінде ақыл-ойды, пайымды, ойлауды танитын метод және оның негізінде қалыптасқан философиялық бағыттар. 17 ғ. жаңа заман философиясында рационализмді қолдағандар: Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Лейбниц; 18 ғ. И.Кант, И.Фихте, Шеллинг, Г.Гегель болды.
РЕАЛИЗМ (лат. realis – нағыз, шын) - өнердің объективтік-танымдық және эстетикалық-қайтақұрушылық табиғатын кеңірек қамтитын көркемдік әдіс. Реализмге адамзаттық тұлғаның түрлі қатынастарының, өмір заңдылықтарындағы шындықты индивидуалдық бейнелеудің көмегімен ашу. Реализмнің белгілері мен ағымдары өнер тарихының алғашқы бастауларында байқалған. Бірақ, ерекше көркемдік әдіс болып Қайта жаңғыру дәуірінде (М.Сервантес, У.Шекспир, Ф.Рабле және т.б.) қалыптасты, өзінің одан арғы дамуын Ағартушылық дәуірде (Д. Свифт, Лессинг, Вольтер, П.Бомарша және т.б.) жалғастырды, ал аяқталу кезеңі, 19 ғасырдың соңында сыншыл реализм (Стендаль, О.Бальзак, Ч.Диккенс, Н.В.Гоголь, М.Е.Салтыков-Щедрин, Н.А.Некрасов, Л.Н.Толстой, Шевченко, И.Е.Репин және т.б.) өнерінде көрініс тапты.
РЕАЛИЗМ (ортағасырлық) – жалпы ұғымдар немесе универсалийлер нақты заттардан бірінші және шынайы өмір сүреді деп тұжырымдаған ортағасырлық схоластикадағы бағыт. Ортағасырлық реализм Платон іліміндегі ұғымдар мен объективтік әлем, жалпылық және жекелік араларындағы мәселені шешу бағытын жалғастырды. Реализм католицизмнің философиялық негіздемесі болды. Оның көрнекті өкілдері Ансельм Кентерберийский, Гильом Шампо және Фома Аквинский. Реализмге қарсы номинализм бағыты тұрды. Бұл күрес философиядағы материалистік (номинализм) және идеалистік (реализм) екі бағыттың күресінің айқын көрінісі болды.
РЕЛЯТИВИЗМ – танымды, көзқарастық жүйелерді, мәдениетті сараптау мен интерпретациялаудың методологиялық принципі, құбылыстардың сапалық тұрақсыздығын, олардың әр түрлі жағдайлар мен ситуациялардан тәуелділігін абсолюттендіреді.
РЕФЛЕКСИЯ (лат. reflexio – кейін қайту, айналу) – философиялық ойлаудың түрі – субъектінің өзіне және өзіндік әрекеттерін қайта пайымдап, ой елегінен өткізуі. П.Тейяр де Шарденнің пікірі бойынша, адам рефлексияның негізінде жануарлар дүниесінен бөлініп, заттарды меңгерген сияқты өзіне де көңіл тоқтатып, бақылап, танып-білу дәрежесіне көтерілуі.
РЕФОРМАЦИЯ (лат. reformare – түзеу, қайта өзгерту) – Еуропада протестантизмнің пайда болуына түрткі болған, XVI ғасырдың І жартысында кең өріс алған антифеодалдық және антикатоликтік қозғалыс. Буржуазия дворяндық топтың жартысымен одақтасып, феодалдық құрылыстың тірегі болып келген католиктік шіркеудің билігіне қарсы бағытталып, адамзат тарихындағы алғашқы, онша пісіп-жетілмеген буржуазиялық революцияны өмірге әкелді. Реформация алғаш Германияда пайда болып, кейін бүкіл Еуропаның мемлекеттерін қамтыды, сөйтіп, Англияның, Шотландияның, Данияның, Швецияның, Норвегияның, Нидерландының, Финляндияның, Швейцарияның, Чехияның, Венгрияның католиктік жүйеден біршама алыстауына мүмкіндік берді. Рефомацияның нәтижесінде католиктік шіркеудің ықпалы азайып, демократиялана түсті, жаңа сенім түрі пайда болды, буржуазиялық моральдық нормаларға құдіреттілік санкцияны (рұқсат) иелендірді. Реформация жеңіске жеткен мемлекеттерде шіркеу мемлекеттің ықпалына өтіп, шіркеудің қолынан билік кете бастады, осының нәтижесінде ғылым мен зайырлы мәдениеттің өркендеуіне мүмкіндер туды. Жаңа діннің ұлттық мазмұны буржуазияның қалыптасуына жауап берді. Бұл уақытта дворяндық және бюргерлік топтармен қатар шаруа-плебейлік топ та өмір сүрді. Сословиелік және мүліктік теңдікте зор айырмашылықтары болған бұл топ рухани қызмет басшыларына ғана емес, дворяндарға да қарсы шықты. Бұл ретте олар кейбір евангельиелік ережелерге (ерте христиандықтағы) сүйенді. Католиктер де реформацияға контрреформациямен жауап бере отырып, протестантизмнің одан ары өрлеуіне тежеу қойып, Польша мен Францияда түбірімен жоюға бетбұрыстар жасады.
РИМ КЛУБЫ – футурологиялық зерттеулермен айналысатын, әлемнің отыз шақты елінің ғұлама ғалымдарын біріктірген беделді халықаралық орган. 1968 ж. Осы аталмыш ұйымның президенті, италиян экономисті, қоғам қайраткері және жеке кәсіпкер А.Печчеидің инициативасымен құрылды. Құқықтық негізде рим клубы Швейцарияда тіркелді. Бұл ұйымның негізгі бағдарламасы адамзат өмірінің әр қырлы аспектілерін – әлеуметтік, саяси, рухани, мәдени, экономикалық жақтарын өзара байланыстықта ала отырып ғаламдық үлгілеумен (модельдеумен) сипатталады. Рим клубының зерттеулері екі бағытта жүрді: экономикалық өсудің бағыттары мен шектерін зерттеу және адамзат қатынастары мен өзара әрекеттері саласындағы зерттеулер. Рим клубы жыл сайын дүние жүзінің саяси қайраткерлерін жинап, семинарлар өткізіп, симпозиум пен кездесулерді ұйымдастырып тұрады. бүкіл адамзат баласын мазалап толғандыратын адамзат дамуындағы глобальдық мәселелерді шешуге атсалысып, көпшілік қауымның пікіріне келісімді ықпал етуге тырысатын рим клубы түрлі зерттеу жобаларын жүргізіп, жұмыстарын баяндама түрінде шығарып отырады.
РОМАНТИЗМ (франц. Romantisme) – 18 ғ. соңы мен 19 ғ. ортасы аралығында байқалған Батыстың рухани өміріндегі идеялық және көркем қозғалыс. Германияда пайда болып, бүкіл Еуропа мен Ресейге таралды. 19 ғасырдың басында тек Романтикалық өнер ( Д. Байрон, В. Гюго, В. Жуковский) ғана емес, романтикалық философия мен эстетика да ( ағайынды Шлегельдер, Новалис, Шеллинг, Гельдерлин, Шлейермахер) қалыптасты. Романтизм эстетикаға метафизикалық статус береді. Неміс романтизмнің ерекшелігі - тарих идеясын адамзаттық рухани мәдениетінің қалыптасуы тарихы ретінде қарастыру, болашақ пен өткенге үңілу, ал осы шақты – тұрақтанбаған, ретсіз нәрсе деп түсіну. Романтизм тек идеологияда ғана емес, сондай – ақ сол дәуірдің белгілі бір дүние түйсінуі, дүниені қабылдауы ретінде қоғамдық психологияда да өз көрінісін тапты. Романтикалық дүние түйсінудің мәні – жалған дүние мен оған сай келмейтін жоғары идеал арасындағы шешілмес қайшылықты мойындау.
РОСЦЕЛИН Иоанн (1050-1122 жылдар шамасында) – француз философы, теолог, номинализмнің алғашқы көрнекті өкілі. Росцелин Компьенде туған, каноншы болған, логикадан дәріс оқыған. Оның шығармалары сақталмаған, тек шәкірті П.Абельярға жазған хаты ғана бүгінгі күнге жеткен. Росцелиннің философиялық көзқарасы туралы А.Кентерберийскийдің, П.Абелярдің, И.Солсберийскийдің және т.б. сын пікірлерінен мәлімет алуға болады. Росцелин номинализмнің негізгі идеяларын тұжырымдап, Құдайдың үштік бірлігі іліміне қолданды. Ол католиктік догматқа көп жағынан сәйкес келмейтін пайымдаулар жасады. Шіркеуге көзсіз сенуден бас тартуға шақырып, ақылды жоғары бағалады. 1092 жылы Суассондағы шіркеулік собор оның ілімін еретиктік сарында деп айып тағып, өз көзқарасынан бас тартуға мәжбүр етті.
РУССО Жан Жак ( 1712-1778) – француз философы, әдебиетші Руссо қоғамдық пргрестің құндылығы, адам табиғатының жетілуі туралы мәселені қойды. Руссо қоғамдық прогресс-қарама қайшы процесс және тұлғалардың мүдделеріне сай келмейді, ал ағартушылықтың дамуы адамзат даналығын арттырмайды деп санайды. Руссо пікірінше, адам – ең алдымен эмоционалды жан. Тіршілік ету - бұл сезіне білу, өйткені жан сезімі парасаттан да жоғары. Тұлғаның өзегі – ұятта, ал ол ой толғауда емес, сезімде көрініс табады. Руссо өзінің «Эмиль немесе тәрбиелеу туралы» атты педагогикалық шығармасында біздің барлық түсініктеріміз сыртқы дүниеден бастау алса да, оларды бағалайтын (баға беретін) сезім біздің ой бойымызда екенін жазады. Жан дүниеден бастау алатын сезімді Руссо әрқашан сыртқы ортадан бастау алатын рационалдыққа қарама – қарсы қояды. «Арманшылдың серуені» атты еңбегінде Руссо жеке адамның жаттануы мәселесін көтереді. Мәдениеттің жаппай «күйреуін» Руссо жаттанудың жеткен шегі деп санайды.Ол бұл картинаны «Жаңа Элоиза» шығармасында суреттейді: «Парижде адамдар танымастай өзгерген, қоғам оларға өз мәндеріне сай келмейтін мәндік сипат дарытқан». Ол барлық әлеуметтік шарттылықтан, көлгірсіген ақылдылықтан табиғилыққа, шын сезімге, мәдениеттен – табиғатқа, яғни «түп бастауларға» қайтып оралуға шақырады. Руссо идеалы - өткеннің басты сипаттарын, «табиғи қалыпты» қайта жаңғыртатын болашак : онда адамдардың мүліктері ортақ, тең болады, саяси сала жойылады. Адамдар еркін өмір сүреді, заңдастырылған жеке меншік болмайды, олар бір-біріне тәуелді емес, тек «еркін одақтарға» бірігеді. Мораль қалыптасқанға дейінгі жабайылар осылай өмір сүрген, оларды әлеуметтік өмір бұзбаған. Руссо өткенді қайта жаңғырту адам бақытына кепілдік бере алатын мәдениетті табиғаттандыруда деп санайды. Негізгі философиялық және социологиялық еңбектері: «Адамдар арасындағы теңсіздіктің пайда болуы мен қалыптасуы туралы талдау» (1775), «Қоғамдық келісім туралы» (1762).
РУХ ( лат. spiritus- леп, дем, иіс) – сөздің кең мағынасында – материалды бастамаға қарағанда идеалдыққа, санаға барабар ұғым: тар мағынасында – ойлау ұғымымен деңгейлес. Философиядағы әр түрлі ағымдардың өкілдері тек субьективтік рух субьектіні, жеке адамды, индивидті бөліп алып, оларды басымды деп қарастырғанда субьективтік идеализмге әкеліп соқтырады да, тек обьективтік рухты адамнан ажыратып алынған және мистикалық тұрғыдан өзіндік күш ретінде қарастыратын сананы алғашқы деп мойындаушылық обьективтік идеализмге ұрындырады. Антикалық философия рухты теориялық қызмет ретінде қарастырады (мыс., Аристотель үшін рух қызметінің жоғарғы формасы – ойлау туралы ойлау, теорияға рахаттану болады). Дегенмен, рух ақыл ойдан жоғары, тікелей интуитивтік танылатын бастама деп танылды. Бұндай көзқарас сырттай қарағанда Рух-құдай, тек нанымның ғана ісі, бола алатын, жаратылыстан жоғары ғажайып мән деп түсінетін діни идеологияға жақын. Неміс классикалық философиясының өкілдері рухты өзіндік сананың қызметі тұрғысынан қарастырып, оның белсенділігін ерекше атап көрсеткен. Мыс., Гегель Рухты тәжірибелік және теориялық қызметінің тұтастығы ретінде зердеде іске асатын өзіндік сана мен сананың бірлігі деп түйді. Рух болмысы оның өз іс-әрекеті, бірақ бұл іс-әрекеттің өзін Гегель тек таным ғана деп түсінді. Гегель бойынша өзіндік таным процесінде рух табиғилықтан, сезімнен өтіп, өзін-өзі тануға дейін көтеріледі. Материалистік философия табиғатқа қарағанда рухты екінші деп қарастырады. Антикалық материалистер үшін Рух бүкіл денені кернеп тұрған жанның нағыз зерделі бөлігі. 17-18 ғ материалистері (Гоббс, Ламетри) рухты түйсіктердің комбинациясы ғана, не жалпы сезім, тұтас алғанда – сезімдік танымның бір түрі деп түсіндіреді. Диалектикалық материализм руханилықты түйсіктердің қарапайым қосындысына теңгермейді оны адам қызметінің процестерімен рухани өмірмен байланыстырады. Руханилық адамдардың материалдық, қоғамдық-тарихи практикасының жоғарғы нәтижесі. Энгельстің сөзімен айтқанда, ойшыл рух – материяның «жоғарғы көркі». Қоғамның рухани өмірі – қоғамдық сана – қоғамдық болмыстың бейнесі болып табылады. Сонымен қатар ол қоғамдық болмысқа, адамзаттың практикалық қызметіне өзінің белсенді ықпалын тигізеді.
РУХАНИ МӘДЕНИЕТ – ғылым жетістіктері, әдебиет және өнер туындылары, қоғамдық идеялар мен теориялар, тіл, адамдардың саяси өмірге араласу дағдылары, адамгершілік сапалары мен қоғамдық мінез-құлық әдеттері, құқықтық қатынастар, діни көзқарастар, адамдарды ғылым, әдебиет, өнер жетістіктеріне тарту әдістерінің жиынтығы. Мәдениет адам бойындағы адамдықтың өлшемін, қоғамдық тіршілік иесі ретіндегі адам дамуының сипатын білдіреді. Әрине, мәдениетті материалдық және рухани деп бөлу салыстырмалы сипатқа ие.
-С-
САБАҚТАСТЫҚ – жалпылық байланыс пен дамудың арақатынасын бейнелейтін материалистік диалектика ұғымы.
САЛЫСТЫРМАЛЫҚ ТЕОРИЯСЫ — 1905 ж. (арнайы теория) және 1910 ж. (жалпы теория) Энштейн тұжырымдаған кеңістік пен уақыттың физикалық теориясы. Ол Галилей — Ньютонның классикалық салыстырмалы деп аталатын принципінен келіп шығады. Бұл принцип бойынша, механикалық процестер бірі екіншісіне қарағанда түзу сызықты және бірқалыпты қозғалатын инерциалды жүйелерде біртектес жүреді. Оптика меп электродинамиканың дамуы осы принципті жарықтың, яғни электромагниттік толқындардың таралуына да (жарық жылдамдығының жүйе қозғалысьна тәуелсіздігі) қолдануға болатынына және абсалюттік уақыт, абсалюттік бірімезгілділік, сондай-ақ, абсалюттік кеңістік ұғымдарынан бас тарту қорытындысына әкелді.. Салыстырмалық теориясы —классикалық механиканы рационалды қорытушы және механика принциптерінің қолдану өрісін денелердің жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен қозғалысына дейін кеңітуші теория ретінде қалыптасты. Философияның идеалистік және позитивистік бағыттары салыстырмалық теорияның ғылымның субъективтік сипаты және физикалық процестердің бақылаушыға байланыстылығының дәлелі ретінде пайдаланғысы келді. Бірақ салыстырмалық теориясы немесе релятивистік механиканы ғылыми білімнің объективтілігін жоққа шығаратын философиялық релятивизммен шатастыруға болмайды. Салыстырмалық теориясы реалдық шындықты бейнелейтін, классикалық механикадан гөрі адекватты теория.
САН – материяның негізгі ұғымының бірі. Қарапайым түрде алғашқы қоғамдарда-ақ пайда болған. Кейін қолданыс аясы кеңейіп әрі жалпыланады.
САНА – объективті шындықты бейнелеудің жоғарғы, адамға ғана тән формасы, адамдардың қоғамдық-тарихи қызметінің жалпы формалары арқылы көрінетін дүниеге және өзіне қатынасы тәсілі.
САНСАРА – азап-қасіретке толы қайта туылудың, өмір мен өлімнің үздіксіз процесі. Сансараның тамыры – білместікте, сондықтан одан құтылу жолы – нирванаға ену.
САНКХЬЯ – Үнді философиясында б.з.б. 6 ғ. пайда болды. Ол философия бойынша дүние екі бастамадан тұрады: бірі – зат, екіншісі – жан. Ол екеуі біріне бірі себепкер, біріне бірі бастама. Олардан басқа ешқандай себепкер жоқ.
САПА – объектіні анықтаушы, заттың, құбылыстың, процестің тұтастығын, өз-өзімен тепе-теңдігін білдіреді.
САРТР Жан Поль (1905-1980) – француз философы, жазушы, атеистік экзистенциализмнің негізін салушылардың бірі. Сартрдың философиялық көзқарастарының қалыптасуына феноменология мен экзистенциализм ерекше ықпал етті. Сондықтан да оның шығармаларында С.Кьеркегор, З.Фрейд, Э.Гуссерль, М.Хайдеггердің алатын орны зор. Сартр экзистенциалистік гуменизм қағидаларын қалыптастыруды өзіндік мақсат деп таныған, сондықтан да оның шығармаларының орталық мәселелері қашанда адаммен, оның әлемге, басқа да өзі сияқты жандарға, Құдайға деген қатынасымен байланысты. Экзистенциализмнің «тіршілік (экзистенция) мәннен бұрын тұрады» деген негізгі идеясын бетке ұстаған Сартр адам тіршілігін шынайы болмыс деп түсінеді. «Адам субъективтілігі әлемінен, адамның өзіндік әлемінен басқа еш әлем жоқ», - дейді Сартр «Экзистенциализм дегеніміз гуманизм» атты шығармасында. Адами шындықта болмыстың үш көрініс түрі бар: «өзіндік болмыс», «өзі үшін болмыс» және «басқа үшін болмыс». Осылардың үшеуі де өмір сүрудің қарапайым нақтылығын құрастырады, тек абстракты түрде ғана ажыратылады. Адам тіршілігі, яғни экзистенциясы рационалды тануға келмейді, сондықтан да ол ешқашан зертеу объектісі бола алмайды да, өйткені ол, біріншіден, өзіндік біртуар жеке даралық, сол себепті жалпы мәнділікке ұмтылмайды; екіншіден, экзистенция – біздің әрқайсымыз, өзіміз. Экзистенция күнделікті өмірдің сезімі мен тілегінен, сенімі мен қаупінен, тәжірбиесі мен үмітінен, қамы мен мұқтажынан құралады. Олай болса, экзистенцияға біз ғылымда қалыптасқан дәстүрлі объективтілік тұрғысынан қарай алмаймыз, оған өнерге жақын суреттеу әдісі ғана лайық келеді. Сондықтан болар, Сартр өзінің көқарасын жүйелі философиялық трактаттар арқылы ғана емес, көркем шығармалық туындылары – романдар, пьесалар, эсселер, т.б. арқылы жеткізуге тырысты. Оның философиялық және көркем әдебиеттік шығармалары жеке тұлғаның қадір-қасиеті, құндылығы, шығармашылық мүмкіншілігі туралы көп сөз қозғайды. Саяси көзқарастары жағынан Сартр демократизм, марксизм, волюнтаризм эклектикасын құрайды.
САТЬЯ – джайнизм іліміндегі ұғым: әрқашанда ол қандай қиын болса да шындықты айту.
СӘЙКЕС КЕЛУ ПРИНЦИПІ — ғылым дамуының негізгі методологиялық принциптерінің бірі. Оның философиялық мәні таным процесінің диалектикасын, салыстырмалы шындықтан абсолюттілікке, яғни барынша толық шындыққа ауысуын білдіреді. Оны алғаш рет 1913 жылы Бор енгізген. Сәйкес келу принципіне орай бір табиғи ғылыми теория екіншісін ауыстырғанда олардың арасында айырмашылық қана емес, сонымен бірге математикалық дәлдікпен өрнектелетін тығыз байланыс, сабақтастық байқалады. Ескінің орнын басқан жаңа теория өзінен бұрынғыны мүлде шығарып тастамайды, қайта белгілі бір формада оны ұстап тұрады. Осыған орай кейінгі теориядан алғашқысына қарай кері алмасу арасында айтарлықтай маңызды айырмашылық жоқ тұста олар бір-бірімен үйлесуі мүмкін. Сәйкес келу принципі релятивизмнің қисынсыз екендігін көрсетеді.
СЕКІРІС – ескі сападан жаңа сапаға өтудің жалпы түрі, ішкі қайшылықтың шешуші әдісі.
СЕМАНТИКА – тіл білімі мен логиканың саласы, онда мәнмен, мағынамен және белгілер мен белгілік сөйлемдердің интерпретациясымен байланысты проблемалар зерттеледі.
СЕНЕКА Луций Анней (шамамен 4 ғ. ) – көне римдік философ, ақын және мемлекеттік қайраткер, стоиктік платонизмнің өкілі, өз заманының дарынды шешені. Жоғарғы сенаторлық сословиенің өкіліне жатты. 57 ж. консул лауазымына ие болады. Неронның ұстазы. Сенеканың философиясы – стоицизмнің, платонизмнің, эпикуреизмнің және пифагореизмнің синтезі, монотеизмге ұласқан өзіндік пантеизм сипатында болды. Сенека бойынша дүниедегінің барлығы денелі, яғни заттық, адамның жаны да, Құдай да сезімдік сипатқа ие. Бізге жеткен негізгі философиялық еңбектері: «Луцилийге жазған адамгершілік хаттар», «Мейірімділік туралы», «Жақсылық туралы» және т.б.
СЕНСУАЛИЗМ – таным теориясындағы бағыт, сезімдікті нақты танымның басты формасы және танымның барлық мазмұны сезім мүшелерінің қызметінен туындайды деп есептейді.
СИЛЛОГИСТИКА – силлогистикалық ойша пайымдау әдісі, философия тарихында бірінші болып Аристотель дедукцияның логикалық жүйесі ретінде қалыптастырды. Мысалы: «Егер кез-келген металл ток өткізгіш және кейбір сұйықтық – металл, онда кейбір сұйықтық та ток өткізгіш». Силлогизм субъективті-предикативтік құрылымдық қос үш пікірді жасаушы үш терминнен тұрады: екі алғышарт және қорытынды. Силлогизмде пайымдау сапасына қарай – бекіту немесе теріске шығару және санына қарай – жалпы немесе жеке деп бөлінеді.
СИМВОЛ – материялдық заттардың, оқиғалардың, сонымен қатар, сезімдік бейнелердың тікелей, сезімдік-денелік болмыстан өзгеше идеалдық мазмұнды білдіру қабылетін көрсететін ұғым.
СИНТОИЗМ – жапон еліндегі діни сенім. Синто – жапон діни нанымдарының қытайша жиынтық атауы. Синтоизм еуропа ғылымында қалыптасқан атау, жапондықтардың өзі оны «каминомити» («құдайлар жолы») деп атайды. 8 ғ-да «Кодзики», «Никонги» деген жинақтарға біріктіріліп, өзінің бастапқы үлгісінде біздің заманымызға жеткен мифологияға негізделеді. Оларда барша әлемді жаратушы құдайлар түсінігі жоқ. Көне мифтердегі «нами құдайлары» әлем жаратылғаннан кейін келіп, жер дүниені тәртіпке келтіруші құдайлар десе де болады. Синтошылар табиғат күштерінің бәрінен, тау-тастан, орман-тоғайлардан құдай сипатын көреді, олардың әрқайсысының өз камиі, яғни рухы бар деп сенеді. Синтоизмнің басты сипатының бірі императорларды құдай дәрежесіне дейін көтеріп, қастерлеу. Аңыз бойынша б.з.б 660ж 11 ақпанда тұңғыш таққа отырған Дзимму Нинигидің шөбересі саналады. 1868ж осы Дзимму императордың билікке келген күнінен басталатын жапон жыл санау жүйесі енгізілген. Императордың тақ мұрагерін сайлау және оның үйленуі, т.б. сарай рәсімдері синтоизм ережелеріне сай жүргізіледі. Синтоизм храмдары сыртқы дарбазадан соң 3 қатар қоршалған алаң түрінде болып келеді. Оның ішіне жуынып, тазаланатын хауыз жабдықталған. Мінәжат рәсімін атқаратын басты орын 3-ші қоршаудың ішінде. Елдегі мыңдаған храмдардың ішіндегі Бас храм Исэ қаласында. Ол 7 ғ. тұрғызылған. Синтоизмнің дін қызметшілері 8 сатыға бөлінеді. Олар діни орынға мұрагерлік жолмен ие болады. Храмдарда дін қызметкері өз атынан немесе әлдебір ками атынан уағыз айтады. Әншілер, музыканттар мен бишілер қызмет етеді, салт-дәстүр берік сақталады. Синтоизмнің басты мейрамдары - желтоқсанның соңғы күніндегі арылу мерекесі. Синтоизм догматикасы мейлінше қарапайым және мұнда құдай жөнінде айқын орнықты түсінік жоқ. Күнә, жаза, о дүние туралы ілімдері солғын. Адамшылық нормалары көбіне конфуцийшілдік қағидалармен, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлермен, қатаң тәртіппен реттеледі.
