Фил. словарь новый
.docШОҚАЙ Мұстафа аса көрнекті казақтың саяси қайраткері. Өте жас кезінен саясатқа араласқан. Оқып жүргенде тек ғылыми мәселелермен айналыспай, ұлттық күрес жағдайын, отанының болашақ құрылысын терең методологиялық тұрғыдан зерттеп, практикада жүзеге асыруға тырысқан. Басты мақсаты – өлкені автономиялық режимге көшіру, ұлт күресін рухани жағынан күшейту. Бір айта кететін жағдай, қазақ жерінде патшалық империяға қарсы шын мәніндегі мақсатты, барлық әлеуметтік күштерін қамтыған ұлттық саяси – қозғалыс Ақпан төңкерісінен (1917 ж.) кейінгі кезеңде басталды. Жылдың ортасында Алаш партиясының, сосын Түркістан автономиясының (Қоқан), оның артынан Алаш-Орда өкіметінің (Орынбор) құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. М. Шоқай жас болса да, білімі, тәжірибесі арқылы, Қоқан автономиялық өкіметінің мүшесі, сосын басшысы болып сайланды. Өкінішке орай, өкімет басында болуы ұзаққа созылмай, шет елге кетуге мәжбүр болды. Тыс жерде басталған қоғамдық – саяси қызметі 20 жылдан астам уақытқа созылды. Шет елде философиялық идея мен іс-әрекеттің адамы ретінде қысқа мерзімде танылды. Түркістан ұлттық күресінің көсемі М. Шоқай – құлдықтан азат болу жолындағы жұмысқа тұтасымен берілді. Эмиграцияда жүріп ол алдымен «Жаңа Түркістан» (1927-1931 ж.), содан кейін «Жас Түркістан» (1929-1939 ж.) деген журналдар шығарып тұрған. Басқа көптеген баспасөз бетінде жарияланған жүздеген мақалалары мен еңбектері баршылық. Жарық көрген еңбектерінде (белгілі себептерге байланысты жұмыстарының шыққанынан шықпағаны көп) осы бір алып тұлғаның рухани ізденістері мен философиялық ой-пікірлері, күрескерлік көзқарасы тәнті етеді. Халықтың барлығы бірдей, бірақ саяси тұрғыдан алғанда мәселе басқаша дей келіп, тарихты сыңаржақты таптық тұрғыдан ғана түсінбеу, жалпыадамзаттық, өркениеттік деңгейге көтерілу керек екендігін атап өтеді. Сонымен қатар Түркістан жерінде етек алған халықтың саяси дайындығының бейқамдық деңгейінде көрініс беретіндігін ашып көрсеткен. Сол бейқамдықтан айырылуға, еркіндікке құлаш сермеуге, халықтық саяси оянуына, белсенділік – өмір-қажеттілігі екенін жария етуге тырысқан. (Қараңыз: Мұстафа Шоқай. Түркістанның қилы тағдыры. Алматы, 1992 ж. 126-127-беттер.).
ШОҚАН Уәлиханов (шын есімі Мұхаммедханафия; 1835-1865) –қазақтың ұлы ғалымы, 19 ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы. Өзінің қысқа өмірінің шеңберінде ол өте көп істер тындырып, тек қана қазақ халқының өткен тарихын, әдет-ғұрпын, жалпы руханиятын зерттеп қана қоймай, сонымен қатар сол кездегі нақтылы өміршеңді мәселелерге атсалысып, қалың бұқараның мүдделерін аса батылдықпен қорғаған. Шоқанның онтологиялық көзқарасы бойынша адамның күнделікті тәжірбиесінен шығатын, сол кездегі жаратылыстану ғылымдарына сүйенетін материалистік бағытта болды. Табиғат бірінші де, адамның өзі сол табиғаттың төл туындысы деп түсінді. Сонымен қатар, ол «географиялық детерминизм» бағытын ұстады. Оның ойынша, қоғамның дамуына айнала қоршаған ортаның жазықтығы, я болмаса тау-тастағы ауа-райы, жер құнарлығы, т.с.с. факторлар ықпал етеді. Шоқан Уәлихановтың әлеуметтік-саяси, құқықтық көзқарастарына келер болсақ, ойшыл жан-тәнімен халықтың қамын ойлап, «әділетті басқару» жүйесі арқылы «парасатты реформалардың» негізінде халықтың хал-ахуалын өзгертуге болатынына сенген және оған жетудің жолында барлық күш-жігерін салған. Ғалым қазақ халқының рухани өмірін зерттеуге де қомақты үлес қосқан. Оның даналығы – болашақтағы халықтың рухани жаңаруындағы тарихи қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен жыр-дастандардың, аңыздардың, т.с.с. халық туындыларының маңыздылығын ұғып, олардың әртүрлі түпнұсқаларын қағазға түсіріп, болашақ ұрпақтарға қалдыру болды.
ШОПЕНГАУЭР Артур (1788-1860) – неміс ойшылы. Гегельге қарсы шығып, қайрат пен ұғымға негізделген жаңа ілім жасаған. Шопенгауэрдің танымында тірі өмір, өлі дүние құбылыстарының бәрі жігерге негізделген, себебі бәрі бір нәрсеге ұмтылады. Осы ұмтылыстардан пайда болып, жігер мен қатар ұғым қалыптастырады. Шопенгауэр моралистикасы жан ашу, аяу сезіміне негізделіп, Канттың мораль философиясын тереңдетуге тырысқан. Негізгі туындысы: «Әлем қайрат пен ұғым ретінде» (1818 ж.).
ШПЕНГЛЕР Освальд (1880-1936) – немістің идеалист-философы, өмір философиясының өкілі, мәдениет теоретигі, тарихшы, публицист. IIIпенглердің тарих философиясын баяндайтын негізгі шығармасы – «Европаның құлдырауы» (1-2т, 1918-22) – Германия бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқаннан кейін көп кешікпей жарыққа шықты және зор табысқа жетті. IIIпенглер «ескі пруссиялық рухты», монархияны, дворяндық сословиені және милитаризмді дәріптеді. Шпенглер үшін соғыс – «ең жоғары адам болмысының мәңгілік формасы». Шпенглер тарихи прогресс ұғымын теріске шығарып, тарихты материалистік тұрғыдан түсінуге фатализмді қарама-қарсы қояды. Шпенглер – тарихи релятивизмнің жақтаушысы. Ол бүкіл дүниежүзілік тарихи дамудың заңды бірігіп жоққа шығарады. Онда тарих бірқатар тәуелсіз, қайталанбас, томаға-тұйық циклды «мәдениеттерге», жеке-дара тағдыры бар және пайда болу, гүлдену, күйреу кезеңдерін бастан кешіретін ерекше организмдерге бөлінеді. Тарих философиясының міндеті Шпенглер «мәдениеттің жаны» негізіне алынатын әрбір «мәдениеттің» «морфологиялық құрылымын» тануға әкеліп саяды. Шпенглерге сәйкес, 19 ғ-дан бастап, яғни капитализм жеңгеннен кейін Батыс мәдениеті құлдырау сатысына аяқ басты. Теориялық жағынан Шпенглерге жақын тарих философиясын Тойнби де дәріптеді.
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ – сапалық жаңа, бұрын ешқашан болмаған бірдеңе тудыратын қызмет.
-Э-
ЭВДЕМОНИЗМ (гр. eudaimonia – рахат, бақыт) – этиканың гедонизмге жақын методологиялық принципі. Көне дүниенің этикалық теорияларында мейлінше толық көрінеді (Дамокрит, Сократ, Аристотель). Адамгершіліктің басты өлшемін және адамның моральдық мінез-құлқының негізін эвдемонизм бақытқа ұмтылу: жеке адамға – индивидуалистік, қоғамға – әлеуметтік эвдемонизм тән деп санайды. 18 ғ. француз материалистері Гелвеций, Дидро эвдемонизмнің жақтастары болды. Эвдемонистік этика өзінің белсенділігі мен ізгілігі жағынан христиандық бақытқа шақырады, өйткені ол о дүниелік емес осы дүниедегі бақытқа шақырады. Алайда, эвдемонизм бақыт ұғымына әлдебір жалпыадамзаттық, тарихтан жоғары мағына береді, ал антагонистік таптық қоғамда адамның мақсаты туралы бірыңғай ортақ түсінік жоқ және болуы мүмкін емес. Адамның мақсаты әлеуметтік жағынан әрқашан шартты. Сондықтан адамгершілікті эвдемонистік тұрғыдан негіздеу ғылымға сай емес.
ЭВРИСТИКА – анық емес жағдайларда проблемаларды шешу негізгі пәні болып табылатын метод немесе методологиялық пән. Эвристиканың басты проблемасы – қайшылықтарды жою.
ЭКВИВАЛЕНТТІЛІК (лат.aeguivalens - шамалас,мәндес) логикалық-екі пікірдің ақиқаттық маңызының бірдей болатындығын білдіретін қатынас. Эквиваленттілік термині неғұрлым кең мағынасында, тендік типінің алуан түрлі қатынастарын, яғни рефлекстік симметриялық және алмастырушылық қасиеттері бар қатынастарды белгілеу үшін де қолданылады. Мұндай қатынастарға геометриялық фигуралар көлемінің бірдей немесе әр түрлі болуы, көп түрлілік күшінің әр алуан болуы, қандай да болсын жүйелердің изоморфизимі, түзу сызықтардың немесе көлбеулердің паралельдігі мысал бола алады.
ЭКЗИСТЕНЦИАЛИЗМ (өмір сүру философиясы) – жалғыз нақты шындық ретінде адам болмысын танитын қазіргі заманғы иррационалистік философиялық бағыт. Экзистенциализмнің жалпы қағидасы – адамның өмір сүруі индивидтің әлеуметтік өмір сүруімен салыстырғанда алғашқы. Ол өз-өзіне сенімсіздікті, адамның дүниедегі жатырқаушылығын бейнелейді. «Болмыс пен әлем, - дейді экзистенциалистер, - адам тіршілігі, уайым, сезім, индивид ойларының ағыны». Экзистенциализмнің басты тақырыбы – адамның рухани әлемі, қазіргі замандағы жеке тұлғаның тағдыры; жеке адам болмысы. Тікелей өмірмәнділік, экзистенционалдық мәселелерге өмір мен өлім мәселесі жатады. Экзистенциализмді философияның ерекше бағыты ретінде қалыптастыру 20 ғ. 20 ж. аяғында өтті. Оның негізін салушылар – неміс философтары М.Хайдеггер мен К.Ясперс. М.Хайдеггер өзінің зерттеу нысанасына қорқыныш, үрей, қамқорлық сияқты түсініктерді алды. Олар сезім, адамның қайғыруы мен эмоциясы әлемін білдіреді. Зиялылық экзистенциализм (М.Хайдеггер, Ж.П.Сартр, А.Камью) мен діни экзистенциализмнің (К.Ясперс, Марсель) ара жіктері бөлініп те қарастырылады, алайда олардың арасындағы айырмашылықтар өте шартты.
ЭКЛЕКТИКА - өзара іштей қабыспайтын, кейде тіпті бір-біріне қарама-қарсы тұрған көзқарастарды, идеяларды, принциптерді жай ғана механикалық түрде біріктіріп, дамудағы объект туралы түйін жасайтын әдіс.
ЭКОЛОГИЯ – (гр. oikos – мекен және logos – ілім, сөз) – организмдердің бір-бірімен және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін ғылым. Экология терминін 1866 ж. Геккель енгізді, ол бұл ұғымды табиғат экономиясы туралы ғылым ретінде түсіндірді. Яғни, экология қоғам мен табиғаттың бір-біріне әсері туралы ғылым деп те түсіндірілді.
ЭКСПЕРИМЕНТ (лат. еxperimentum-үлгі, тәжірибе) – белгілі бір құбылыстарды зерттеу мақсаттарына сәйкес келетін жаңа жағдайлар жасаумен оларға белсене ықпал ету арқылы немесе процестің барысын қажетті бағытта өзгерту арқылы зерттеу. Эксперимент – адамзаттың қоғамдық-тарихи практикасының бір қыры, сондықтан таным көзі және болжамдар мен теориялардың шынайылығының өлшемі болып табылады. Ғылым мен техниканың дамуымен эксперименттің өрісі кеңіп, материалдық дүниенің барған сайын көптеген объектілерін қамтиды. Эксперимент зерттеу объектісін бөліп алуды, оған қажетті жағдайлар жасауды, бөгет болатын барлық факторларды жоюды, объектіге материалдық ықпал ету көздерін немесе шарттарын, тиісті техникалық құрылғыларды қолданып бақылау және өлшеу актілерін қамтиды. Сондықтан эксперименттен объектіге белсенді ықпал етпейтін, жай бақылаудан, сондай-ақ техникалық немесе басқа себептермен дәл осы сәтте жүзеге асырылмайтын процестерді яки жүйелерді, теория жүзінде модельдеу формасы болып табылатын «ой жүзіндегі экспериментті» ажырата білу керек. Қазіргі жағдайда күрделі процестерді немесе конструкцияланатын жүйелерді немесе олардың тех. модельдері бойынша зерттеу - эксперименттің ерекше формасы болып табылады. Ол электронды-есептеу машиналарының көмегімен процестерді теория жүзіндегі модельдеумен толықтырылуы мүмкін. Априоризмнен (Априори) өзгешілігі, диалектикалық материализм экспериментті және бақылауды теориялық түсініктердің көзі деп біледі. Теория экспериментпен салыстырғанда, танымның сапалық жаңа деңгейі болып табылады. Ол ойдың құбылыстар арқылы заңдардың мәнісін түсінуге, оларды неғұрлым терең танып-білуге жол ашады. Эксперименттің күрделі формалары қазіргі кезде теориялар негізінде есептеледі және жобаланады.
ЭКСПЛИКАЦИЯ – дәл емес ұғымды дәлірек ұғыммен ауыстыру. Экспликация термині символдар мен шартты белгілерді бейнелеу үшін қолданылады.
ЭМПИРИЗМ (грекше emperia – тәжірибе) таным процесін тек сезімдік тәжірибемен (эмпирия) байланысты қарастыратын гносеологиялық бағыт, бүкіл ғылым, өмірлік тәжірибе және адамгершілік тәжірибеге ғана негізделуі тиіс деп түсіндіретін методологиялық принцип.
ЭМПИРИОКРИТИЦИЗМ – («тәжірибені сынау»), яғни махизм – негізін Авенариус пен Мах қалаған субъективтік идеалистік ағым. Эмпириокритицизм позитивизмнің бір түрі ретінде («екінші позитивизм») байқалды. «Ойлау жүйесінің экономикасын» танымның негізгі заңы деп есептеп, эмпириокритицизм тәжірибе ұғымын материя (субстанция) ұғымынан, қажеттіліктен, себептіліктен және тәжірибеге «заңсыз» қосылған «априорлық апперцепциядан» (ойлау ұғымдары) «тазартады». Соның салдарынан эмпириокритицизм «бейтарап элементтердің» немесе «иесіз» сезім-түйсіктердің жиынтығы ретіндегі дүние туралы түсінік ұсынады. Принципті координация, яғни субъекті мен объектінің тығыз байланысы туралы ілім шығара отырып эмпириокритицизм субъективтік идеализм жүйесіне айналады. Эмпириокритицизм – философиялық бейтараптылық жөніндегі талапты бүркемеленген берклишілдік пен юмизмнің қайта түлеуі. Эмпириокритицизм сондай-ақ физикадағы метедологиялық дағдарыспен, физикалық идеализм мектебімен байланысты болды. Авенариус және Махпен қатар И.Цетцольд, Ф.Карстаньен, Р.Вилли, Ф.Адлер, А.А.Богданов, В. Базаров т.б. эмпириокритицизмнің өкілдері қатарына жатады. Неопозитивизм эмпириокритицизмнің «антиметафизикалық» ілімінің жалғасы болды.
ЭНГЕЛЬС Фридрих (1820-1895) – Маркспен бірігіп марксизімнің негізін жасаған, ғылыми коммунизм теориясының, диалектикалық, тарихи материализм философиясының іргетасын қалаушы. Гегельшілдер деп аталатын философиялық ағымның сол қанатына кіретін Шеллингтің діни мистикалық көзқарасына, гегельдік диалектикалық қайшылықтарына, консервативтік қорытындыларына сын айтқан. Энгельс көзқарастарына түпкіліктей әсер еткен жағдай Англияда сол кездегі жұмысшы табының өмірі мен тұрмысы болды. 1844-46 жж. Энгельстің «Англиядағы жұмысшы табының жағдайы» деген еңбегі жарыққа шықты. Бұл енбектерінде ол пролетариаттың «тарихи миссиясын» ғылыми түрде дәлелдей отырып, пролетариатты тек қана қорлық көріп жүрген тап емес, ол өзінің бостандығы үшін күрес жүргізіп жатқан тап ретінде көрсетеді. Энгельс маркстік философияның қалыптасуы және дамуына зор үлес қосты. Диалектикалық және тарихи материализмнің идеяларын Энгельс табиғаттану ғылымдарына таратты. Мұндағы негізгі идеялары, материя мен қозғалыстың, кеңістік пен уақыттың ажырамас байланыстылығы, материя формаларының сарқылмастығы атом құрылысының күрделілігі, органикалық емес табиғаттың белгілі бір кезенде пайда болған тірішіліктің қозғалыс формасы екендігі, т.б. ғылымның классификациясын жасауға мүмкіндік берді. Энгельс Ресейдегі төңкерістік қозғалысқа да көңіл бөліп, төңкерістің жақын кезде болатынын болжады және оған үлкен сенім артқан. Өз өмірінің соңғы сәтіне дейін Энгельс Европаның саяси өміріне араласты.
ЭНЕРГИЯ (грек. energeia–іс) – материя қозғалысының түрлі формаларының жалпы өлшемі. «Энергия» терминін 1807 жылы алғаш қолданған ағылшын ойшылы Т.Юнг болды, оның түсінігінше, қозғалыстағы дененің массасы оның жылдамдығының квадратын тудырады. Аристотель философиясында күштің бір түріне және қанадай да бір жетістікке, іске ие нәрсе, бұл сөз адам іс-әрекетіндегі белсенділігінің, батылдылығының, ерікке ұмтылысының мағынасына тең. Галлийлейден бастап 19 ғ. орта шеніне дейінгі уақытта энергияның физикалық түсінігінің пайда болуы ол қозғалысты белгілі бір шарттарда тудыру, жылдамдату, тоқтату қабілетін білдіреді, оның өзгерісі немесе қозғалыстан туындауы. Қазіргі физикада энергия түсінігінің орнына «энергияның сақталу заңы» тұжырымдалады. Ол бойынша әртүрлі энергия түрлері сәйкес шарттарда бірі басқасына айнала алады. Алайда энергия бүтіндеп және барлық айналуларда өзі өзіне тең болып қалады. Бұл принципті Роберт Майер анықтап, энергияның сақталу заңы «энергия-масса заңында» дамытты.
ЭНТЕЛЕХИЯ – (грекше entelechia – аяқталу, жүзеге асу) – мүмкіндікті шындыққа айналдыратын белсенді бастау, ал шындық мүмкіндіктің болуын жүзеге асуға әкеледі. Аристотель энтелехияны затта жүзеге асатын форма деп түсінді және актуальдік іс-әрекет ретінде энергия деп атады. Мысалы, дененің өзгеріп- қалыптасуында жүзеге асатын энтелехия – жан.
ЭНТИМЕМА (гр. еntime - ақылды) – дәстүрлі формальды логикада не алғышарт, не қорытынды айқын формада көрінбейтін дедукциялық ой қорытындысы.
ЭНЦИКЛОПЕДИСТЕР – «Энциклопедия немесе ғылымның, өнердің және қолөнерінің түсіндірме сөздігі» деген еңбектің (1751-80) құрастырушылары мен авторлары. Бұл еңбек 18 ғасырдың аяғындағы француз буржуазиялық революциясын идеологиялық жағынан әзірлеуде үлкен рөл атқарады және өз заманындағы ғылыми жетістіктердің жүйелі жинағын жасап берді. 1722 ж. дейін «Энциклопедияны» Дидро басқарып, оған Даламбер, көмектесті. Энциклопедистердің қатарында Монтескье, Руссо, Вольтер, Гельвеций, Гольбах және т.б. ойшылдар болды. «Энциклопедияда» материалистер феодалдық идеологияға қарсы мейлінше дәйекті күрес жүргізді. Э. шіркеудің ғылым істеріне араласпауын жақтады, өздерін өздерін қоғамдық прогрестің жақтаушылары деп жариялады, деспотизмді сынап, сословиелік теңсіздіктің жойылуын қуаттады.
ЭПИКУРЕИЗМ – антикалық философиядағы эллинизм дәуірінде пайда болған философиялық мектеп, негізін қалаушы Эпикур болды. Онтология, таным теориясы, физика, логика және этиканы зерттеген Эпикур философиясының басты мәселесі – адам және бақыт. Философияны ол үш бөлікке бөледі: каноника – ақиқаттың критерийлері туралы диалектикалық зерттеулер; физика – табиғаттың пайда болуы және бұзылуы туралы ғылым; этика – өмір салты, нені таңдап, неден бас тарту керектігі және түпкілікті мақсат туралы ғылым. Эпикур даңқтың көпшілігіне өз этикасы арқылы жетті. Ойшыл философияның мақсаты бар деп есептеді. Бұл мақсат – адамның бақыты. Адам өлімнен, тағдырдан, о дүниеден, қайғыдан қорқады. Басқа жағынан адам рахатқа, оның ішінде сұлулықтан, талғамнан, сүйіспешіліктен мейірленуге ұмтылады. Еркін адам үшін басты рахат – таным. Дұрыс өмір сүрудің арқасында біз адамгершіліктен, әділетпен ғұмыр кешеміз. Бақытты өмірдің мақсаты – жан тыныштығы мен тәннің саулығы. Бастысы – уайым-қайғыдан қашу. «Өлімнің бізге ешқандай қатысы жоқ: біз тірі болғанда – өлім әлі жоқ, ал өлім келгенде – біз жоқпыз» деп пайымдайды Эпикур. «Елеусіз өмір сүр!» дей отырып, Эпикур әрекеттіліктен гөрі тыныштықта, атаракцияда болуды ұсынады. Табиғат туралы ілімінде Эпикур Демокриттің атомдар ілімін қолдайды.
ЭПИСТЕМА (грек. epistemos – білім) – нақты тарихи кезеңдегі білім шеңберін белгілейтін тәжірбиеден бұрын берілген тарихи өзгермелі құрылымдар.
ЭПИСТЕМОЛОГИЯ – философияның бөлімі, онда таным табиғатының проблемалары, білімнің шындыққа қатынасы, танымдық процестің жалпы алғышарттары зерттеледі, оның ақиқаттылығының шарттары анықталады.
ЭРИСТИКА (гр. Eristikos-даукес) – айтыса білу өнері, ол әсіресе ежелгі грек софистері арасында кең тараған. Эристика ақиқатты талас жолымен іздестіру құралы ретінде пайда болды; көп кешікпей диалектика және софистика болып бөлінді. Біріншісін Сократ өз тәсілінде дамытты. Ал софистика таласта қарсыласын жеңуге ғана ұмтылып, эристиканы кез келген пайымдауды бірдей дәрежеде ойдағыдай дәлелдеуге де, теріске шығаруға да болатын тәсілдер жиынтығына айналдырды, сондықтан Аристотельдің өзі Эристика мен софистиканың арасында айырмашылық бар деп санамады.
ЭСТЕТИКА (грек. aisthetikos – сезіну, сезімдік) – адамның дүниені танудың эстетикалық заңдылықтары туралы және әдеміліктің заңы бойынша шығармашылықтың түрлері мен мәні туралы ілім. Эстетика б.з.б. 2,5 мың жыл бұрын құлиеленушілік қоғамдық құрылыста Египетте, Вавилонда, Үндістанда және Қытайда пайда болды. Антикалық Грекия мен Римде одан ары шарықтап дамыды. Өзінің дамуы барысында эстетика философиялық, дүниетанымдық ғылым болып қалыптасқандықтан, эстетикалық сана мен өнердің қоғамдық болмыс пен адамзат өміріне қатынасыны проблемасын шешуді қойған болатын.
ЭСХАТОЛОГИЯ – (грек. eschatos – соңғы, logos – ілім, сөз) – дүние мен адамзат өмірінің шектілігі, заман ақыры жайындағы діни ілім. Эсхатологияның негізі өзегі ретінде табиғаттағы көзге көрінбейтін күштер, жақсылық пен жамандықтың күресі, күнәһарлардың о дүниеде тозақ отына түсуі мен күнәсіздардың жұмаққа баратындығы туралы көне түсініктер болып табылады. Бұндай түсініктер иудаизм, христиан, ислам діндеріне тән. Қазіргі күні эсхатология діни футурологияның өзекті тақырыбына айналып отыр, ол қазіргі батыстық болжамшылардың өркениеттік прогресстің шектілігі, болашақтағы экологиялық және демографиялық апаттардың болуы туралы идеяларымен сіңісіп кетті.
ЭТИКА (грек. ethos - әдет, дағды, мінез) – мораль туралы философиялық ілім. Этика терминін ғылымға Аристотель енгізді. Этиканың негізгі категориялары жақсылық пен жамандық, мінез-құлықтың моральдық принциптері мен нормалары, адам өмірінің мәні мен мақсаты. Кейіннен этикада екі мәселе ажыратыла бастады: адамның қалай әрекет етуі туралы мәселе (нормативтік этика) және моральдың пайда болуы мен мәні туралы теориялық мәселе (философиялық этика).
-Ю-
ЮМ Дэвид (1711-76) – ағылшын философы, психолог, тарихшы. Юм білімінің міндеті – практикалық өмірге басшылық ету қабілетінде емес, қайта болмысты тануда деп білді. Юм бойынша, дұрыс білім беретін бірден-бір пән- математика объектілері; зерттеудің басқа пәндерінің бәрі фактірлерге қатысты, ол фактілер логикалық тұрғыдан дәлелденуі мүмкін емес, қайта тәжірбиеден ғана шығарылады. Тіршілік туралы пайымдаулардың бәрі де тәжәрбиеден туады, алайда тәжірбиені Юм өмір шындығы, «әсерлердің» тасқыны ғана, олардың себептері беймәлім және танылмайды деп идалистік тұрғыдан түсінді. Объективті дүние бар ма, жоқ па деген сұрақты ол шешілмейді деп санады. Тәжірбие белгілейтін негізгі қатынастардың бірі-себептер мен іс-қимылдың қатынасы: оның интуициямен де, логикалық талдау жасау мен дәлелдеу жолымен де шығарылуы мүмкін емес. Бір құбылыстың алдында басқа құбылыстың болатынан алдыңғысы – себеп те, кейінгісі - соның салдары деген тұжырым жасауға болмайды. Тіпті оқиғалар байланысының уақыт жағынан тым жиі қайталануы да бір объектінің екінші объектіні туғызуына көмектесетін жасырын күшті білуге әкелмейді. Сөйтіп, Юм себептіліктің объективті сипатын теріске шығарады, алайда, сезімдік әсерлер арқылы идеяларды ассоциациялау және идеяларды туғызу түрінде жалаң себептіліктің бар екенін моындады. Юм бойынша, біздің әсерлеріміздің тасқыны мүлде бей-берекет емес: кейбір объектілер бізге айшықты, тірі, тұрақты болып көрінеді, ал осының өзі, Юм бойынша, практикалық өмір үшін жеткілікті. Іс жүзіндегі сенімділіктің көзі теориялық білім емес, наным екенін түсіну қажет. Этикада Юм утилитаризм теориясын дамытып, пайдалықты адамгершіліктің өлшемі деп жариялады, сонымен бірге адамдарда бір-біріне альтуристік «ұнатушылық» болатыны туралы қағиданы ұсынды; эстетикада «талғам туралы таласпайды» тезисін классицизмге, ал содан соң өнердегі реализмге ұштастырды; философияда ғаламдағы рет себебінің парасатпен кейбір ұқсастығы бар деп, дінге орын берді. Сонымен қоса, философ құдай туралы діни ілімнің қандайын болса да қабылдамады, сөйтіп, тарихи тәжірбиеге сүйене отырып, діннің адамгершілік пен азаматтық өмірге теріс ықпал ететінін мойындады. Юм скептицизмді буржуазияның утилитарлық және соқыр сенімдік дүниетанымын теориялық жағынан негіздеді. Юм агностицизмі идеализмге елеулі ықпал жасап, неопозитивизмнің негізгі идеологиялық бастауларының бірі болды.
ЮНГ Карл Густав (1875- 1961) – швейцарлық психолог және психиатр, психоаналитикалық мектептің негізін салушы. 1907-12 ж.ж. З.Фрейдтің шәкірті. Бастапқыда өз ұстазының көзқарасында болғанмен, жүре келе бейсаналықты басқаша түсіне бастайды. Тәжірбиесінің нәтижесінде, өзі емдейтін аурулардың көрген түстерін сараптай келе, онда халықтардың тарихи аңыз-әңгімелеріндегі кейіпкерлердің бейнелерін байқайды. Олай болса, адамның жеке басының бейсаналығынан басқа, одан да терең «ұжымдық бейсаналық» формалардың бар екенін байқайды. Егер жеке адамның бейсаналық формалары сол адамның тәжірбиесінен шыққан неше түрлі психикалық, уақытында ұмтылып, я болмаса ығыстырылған тебіреністерден тұратын болса, «ұжымдық бейсаналық» бүкіладамзаттық тәжірбиені қамтиды. Онда мыңдаған жылдардағы жиналған адамзат тәжірбиесін, сонымен қатар адамға дейінгі хайуандық «жасырылған іздерді» байқауға болады. Оқтын-оқтын бұл бейнелер адамның түсіне келеді. Олардың бәрін К.Юнг «архетиптер» деген ұғыммен береді. Олардың нақтылы мазмұны жоқ символикалық бейнелер, тірі тұлға өзінің өмір шеңберінде алған тәжірбиесін сол символдарға толтырып, өзінің тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады. Негізгі еңбектері: «Метаморфоз және либидо символы», «Психологиялық түрлер», «Мен және бейсаналық арасындағы байланыс».
-Я-
ЯСПЕРС Карл (1883-1969) – неміс экзистенциализмнің өкілі. Қызметін психиатр болып бастаған ол, артынша философиялық мәселелерге қызығу танытқан. Негізінен Ясперстің шығармашылығын төрт кезеңге бөліп көрсетуге болады: 1) Психиатриялық кезең (1913); 2) Экзистенциализм философиясы кезеңі (1919-37); 3) Ұлтшылдық жылдары (1937—1945); 4) Соңғы кезең (1945 жылдан кейін). Ясперс түсінігінше адам өзінің бұл дүниеде мәңгі еместігін ұмытпай, түйсінуі оның мінез - құлқын, әрекетін, арманын және моральдық, құқықтық, эстетикалық құндылықтарын анықтайды. Шексіз, транцедентті болмысқа адам санасы тек әдеттен тыс халде (медитация) шыға алады. Психопатология құбылыстардан Ясперс жеке адамның құлдырау бейнесін ғана емес, қайта адамның өз даралығын ширыға іздестіруінен көреді. Осы жанға батарлық ізденістерді нағыз философияға салынудың ұйтқысы деп санаған Ясперс мынадай тұжырымға келді: дүниенің кез келген рационалды көрінісін ешқашан ақырына дейін ұғынылмайтын жан құлшыныстарын рационализациалау деп қарауға болады. Ясперстің пікірінше, болмыстың шын мағынасы аса терең күйзелістер (ауру, өлім, күнәсін сезіну, т.б.) кезеңінде ашылады. Ясперстің «шекаралық ахуал» туралы ілімі соғыс кезінде «мәдени-психологиялық құндылықтарды» қорғауға негіз болды. Ясперстің шығармашылығы соғыстан кейін екі бағытта жүрді. Біріншіден, ол өзінің экзистенциализмін реттеді. Оның нәтижесі – екі томнан тұратын, өте ауқымды «Философиялық логика» еңбегі өмірге келді. Бұл еңбек негізінен категориялар табиғаты, ақыл-ойдың мәні, еркіндік ұғымының мәні, адамның өмір сүруін философиялық тұрғыдан қалай дұрыс түсіндіру керек және тағы басқа сұрақтарға арналған. Екінші бағыт – көпшілікке белгілі «Тарихтың бастаулары және мақсаты», мәтіні жеңілдетілген «Философияға кіріспе» сияқты саяси, тарихи шығармалармен толықты. Бұл еңбектердің басым көпшілігінен діни басымдылық жақсы байқалады, негізінен еңбектерінің көбі, мысалы, «Сенім философиясы», дінді философиялық тұрғыдан пайымдауға негізделген.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1 Ғабитов Т. Мәдени – философиялық энциклопедиялық сөздік. – А.,
2 История философии: Энциклопедия. – М: «Интерпрессервис», 2002. 1376 с.
3 Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. – А., 2003.
4 Мырзалы С. Философия: Оқулық. – А., «Бастау», 2008.
5 Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Философия/жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006.
6 Современный философский словарь: Под общ. ред. доктора фил. наук профессора В.Е.Кемерова. – Москва. Бишкек. Екатеренбург; 1996.
7 Философиялық сөзік: Н.М.Нұрғалиев, Г.Ғ.Ақманбетов, Ж.М.Әбділдин.
– А., 1996.
8 Философский словарь: под. ред И.Т.Фролова. – М., «Политиздат», 1991.
