Фил. словарь новый
.docАЛХИМИЯ – дүниетанымдық, натурфилософиялық және діни-мистикалық ортағасырлық ілім. Оның мақсаты «философиялық тасты» алу болды. Алхимия ілімі бойынша философиялық тас (даналар тасы, эликсир, тинктура) – ерекше зат, яғни өзінің ықпалымен жай металды алтын және күміс сияқты бағалы металдарға айналдыруға, жастық шақты қайтаруға болады деген түсінік қалыптастырды. Кейбір алхимиктер жасанды жолмен адамды (гомункулус) жасаудың тәсілдерін іздестірді. Алхимия жердегі және космостық, тірі және өлі табиғат, табиғат және қоғам, адам және заттардың әрекеттері процесінің бөлінбеген бейнесін көрсетті. Заттар әлеміне билікке иелікті алхимия табиғаттың объективтік заңдылықтарын танумен байланыстырмады. «Ақиқат» дегеніміз өзіміз тілеген заттың айналу кілті, ол «жоғарыдан» берілген, оны аяқтау үшін философиялық тастың көмегімен мистикалық ашылулар мен магиялық жоралғыларды пайдалану керек. Алхимияның идеялық тамыры ертедегі батыс және шығыстық дүниетанымдарда төрт элементтің (от, су, ауа, жер) бір-біріне айналуы туралы ілімінде кездеседі. Алхимия мың жылдан (4-16 ғғ.) артық өмір сүрді. Батыс Еуропаға Египет пен араб елдерінен енді, сонымен қатар Қытай мен Үндістанда да тараған. Танымал өкілдері: Ұлы Альберт, Р.Бэкон, Луллий. Философиялық тасты іздеу мақсатында жүргізілген түрлі стихиялық эксперименттер маңызды заттар мен материалдарды (фосфор, мүсәтір, фарфор, т.б.) алуға, техниканың дамуына, металды, тұздарды, дәрілерді алу тәсілдерінің жетілуіне әкелді. 17-18 ғғ. алхимия идеялары жоққа шығарылды.
АЛЬБЕРТ (Ұлы Альберт – туған жылы шамамен 1193-1207 жж., өлген жылы – 1280 ж.) – неміс философы, жаратылыстанушы және теолог. Өзінің шәкірті Фома Аквинскиймен аристотелизмді аверроизм рухында талқылауға және схоластикадағы белді мектептерге қарсы шықты, ол өзі аристотельдік ілімді тұтас философиялық-теологиялық жүйе жасауға қолданды. Ұлы Алберттің философиялық еңбегінен («Теология жинағы») басқа, жаратылыстық-ғылыми трактаттары да бар, ол інжілдік және діни-фантастикалық аңыздарына табиғатты тікелей бақылауды қосып қарастырған.
АЛЬТЕРНАТИВ – бір-бірін өзара жоққа шығаратын шешімдердің бірін таңдау қажеттігі.
АЛЬТРУИЗМ (лат. аlter – басқа) – адамның өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүруі, басқаларға әрдайым қамқор болуы сияқты қасиеттерді басшылыққа алатын адамгершіліктік принцип, эгоизмге қарсы ұғым. Терминді философияға алғаш енгізген О.Конт болды. Буржуазиялық этикада альтруизм ұғымы жақыныңа махаббат, кешірімді болу сияқты принциптерге негізделген діни моральдық іліммен ұштасты. Жаңа заман ағартушылары: Юм, А.Смит, Руссо, Гёте және т.б. кеңінен қарастырды. Социализм дәуірінде ұжымдастық, бірлестік және өзара көмектесу, қоғамдық борыш ұғымдарымен астасты.
АНАКСАГОР (шамамен б.з.б. 500-428) – көне грек философы, математигі және астрономы, афиналық философиялық мектептің негізін қалаушы. Анаксименнің шәкірті. Құдайға сенбегендігі үшін айыпталып, қудаланған. Бізге белгілі еңбегі «Табиғат туралы». Анаксагор астрономия мен метеорология салалары бойынша зертеу жасаған. Оның ойынша, Күн – Құдай емес, орасан зор жанып жатқан от, Күннің тұтылуын Айдың жабуымен, ал Айдың тұтылуын Жердің Күнді жабуымен түсіндірді, Ай Жер сияқты және онда тіршілік бар, Күннің күркіреуі, найзағайдың жарқылдауы – бұлттардың соқтығысуында, Фракияға метеориттің түсетіндігін туралы сияқты бірқатар болжамдар жасаған. Анаксагор «Әр нәрсе өзіне өте ұқсас бөлшектерден – «тұқымдардан», гомеомериялардан пайда болады». – деп түсіндірді. Ол тұқымдар стихиялардың ішінде қалқып жүріп, бір-бірімен қосылып заттарды тудырады. Ал барлық заттардың пайда болуына түрткі болған, оларды ретке келтіріп отыратын ол НУС (nous – грек сөзі, ақыл-ой) – дүниежүзілік ақыл-ой.
АНАКСИМАНДР (б.з.б. 610-540 жж.) – Милеттен шыққан ионийстік натурфилософ, Фалестің шәкірті және оның ізін жалғастырушы. Анаксимандр «Табиғат туралы» алғашқы прозалық жазба деректің авторы ретінде танылады. Ол көптеген отарлау экспедицияларына қатысқан, осының нәтижесінде географиялық шығармалар жазған, алғашқы болып картада сол кездегі әлемнің шекарасының сызбасын жасаған. Анаксимандр бірнеше инженерлік жаңалықтар жасаған, күн сағатын («гномон») ойлап шығарды және т.б. Астрономиямен көп айналысқан, Жердің көлемін сол кездегі белгілі планеталармен салыстырды. Философтардың ішінде Анаксимандр бірінші болып, алғашқы негіз ұғымы ретінде – апейронды енгізді. Апейрон – заттай, сапалы анықталмаған және шексіз. Оның көзқарасы басқа ойшылдардың алғашқы бастама жалғыз және міндетті түрде нақты анықталған болуы тиіс деген пікірлерімен келіспеді. Апейронның кеңістікте сыртқы шектеуі жоқ, яғни сандық жағынан шексіз, сонымен қатар ішіне қарай шектелмеген, яғни сапа жағынан да анықталмайды. Сонымен ішкі және сыртқы жағынан алғанда шексіз апейрон Дүниедегі шектелген әртүрлі заттарды тудырады. Апейрон бүкіл Дүниені қамтып, қоршап, бүкіл заттарды тудырып, ауыстырып отырады. Анаксимандр апейронды Құдаймен теңестірді, себебі, апейрон Құдай сияқты – өлмейді де, құрымайды, мәңгілік, шексіз, оның басы да соңы да жоқ. Анаксимандр – дүниедегі заттардың табиғатының қарама-қарсы жақтарын аңғарған ойшыл. Олар жылы мен суық, құрғақ пен дымқылдың күресі.
АНАКСИМЕН (б.з.б. 585-525) – ионийстік (Милет) натурфилософ, Фалестің, Анаксимандрдың шәкірті. Табиғаттың негізінде жатқан алғашқы негіз шексіз және біреу болғанымен ол бейнақтылы емес, керісінше, нақтылы – ол ауа (aer – ауа, грек сөзі). Бірақ ауаның ерекшелігі – ол көрінбейді, сонымен қатар ол үнемі қозғалыста, олай болса өзгерісте. Ауа сирей келе отты тудырады, қысыла келе желге, содан кейін бұлтқа, суға, содан кейін жерге, сосын тасқа, т.с.с. айналады. Грек мифологиясындағы жанды адамның тынысымен теңеуін, Анаксимен өзінің философиясында пайдаланды. Ауа адамның жан дүниесін де тудырады. Олай болса, Құдайды да тудырған ауа деген пікірге келеді.
АНАЛИЗ ЖӘНЕ СИНТЕЗ (грек. analysis – бөлу, synthesis – қосу) жалпы мағынасында ойдағы немесе фактілік процестердегі бүтіннің құрылымдық бөліктерге, ал бөліктердің бүтінге айналуы. Анализ және синтез ойлаудың логикалық әдісі ретінде оның барлық деңгейлері мен ойлау операцияларында (абстрактілеу, жалпылау) қолданылады.
АНАЛИТИКАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ – 20 ғасырда кеңінен таралған және әртекті бағыттардан құралған, түрлі топтарды, ағымдар мен жекелей философтарды біріктірген, осыған дейін де философияның дәстүрлі мәселелері болып келген, проблеманың мәнісін айқындау мақсатында тілдегі сөздерді, ғылыми сөйлемдерді логикалық жолмен талдау жасау философияның міндеті деп қарастырған. Анализ тілдегі мәселенің анық емес бейнесін, мәселенің айқын шынайы мәнімен ауыстыруы қажет. Бұл ретте проблема дұрыс қойылмауы мүмкін, немесе түрлі тілдік формалардың қолданылуынан, немесе философияға оның мүлдем қатысы болмауы мүмкін де, оны жеке ғылымдардың құралының негізінде шешу қажет. Аналитикалық философия негізінен АҚШ пен Англияда кеңінен тарады, оның кейбір өкілдері мен топтары Скандинавия елдері мен Австралияда да болды. Англияда аналитикалық философияның басты түрі лингвистикалық философия қалыптасты. Ал АҚШ-та лингвистикалық философияға жақын философтардың көзқарастарынан басқа логикалық эмпиризм (Карнап, Г.Фейгль, т.б.) және неопрагматизм (В.Куайн, Н.Гудмен, М.Уайт) ағымдары пісіп жетілді. Сонымен қатар ешқандай ағымдарға жатпаған американдық еркін аналитиктер (У.Селларс және т.б.) болды. Философиялық білімнің дүниетанымдық мазмұнын жоққа шығарған, аналитикалық философия қазіргі батыс философиясында позитивизм үрдісін тудырды. Аналитикалық философияның көпшілік өкілдері тілді талдаудың құралы мен нақты формасына ауырпалықты салды. Мұнда басты екі жолды ерекше атауға болады: 1) нақты назарға алынған логикалық құрылымға ие жасанды «модельдік» тілді құрастыру (логикалық эмпиризм, неопрагматизм, «еркін» аналитиктердің қатары). Бұл зерттеулер қазіргі заманғы формальдық логикаға сүйенді. 2) аналитикалық философия өкілдерінің көзқарасы бойынша тілдегі сөздерді ұқыпты пайдалану мақсатында, тарихи ұлттық тілді зерттеу, философиялық мәселелерді толыққанды талдауға өз септігін тигізер еді. Аналитикалық философия философияны метафилософияға, яғни философиялық мәселе тіліндегі түрлердің анализі және көрсете білу әдісіне бұрады, кейде философияны мүлдем логикалық немесе лингвистикалық зертеулермен алмастырады. Бірақ қазіргі күні бұл философияның ықпалы едәуір төмендеп, Ұлыбританияның университеттік философиясымен ғана шектелген.
АНАЛОГ (грек. analogos – сәйкестік) идеалдық объектіні анықтайтын (ұғым, теория, зерттеу әдісі, т.б.), материалдық затты, процесті, заңдылықты толықтай айқын көрсететін таным теориясының термині.
АНСЕЛЬМ КЕНТЕРБЕРИЙСКИЙ (1033-1109 ж.ж.) – теолог, схоластикалық реализмнің өкілі, 1093 ж. архиепископ Кентерберийский (Англия) атағына ие болады. Негізгі еңбектері: «Монолог», «Пайымдауға қосымша», (Proslogion), «Грамматика туралы диалог» және т.б. Ансельм Кентерберийский аристотелизмнен көрі платонизм ілімін жалғастырушы, сондықтан оның көзқарасы толығымен схоластикалық болған емес. Сенім мен ақыл қатынасын августиандық сарында шешті, яғни, сенімді ақылдан жоғары қойды («Сенемін, түсіну үшін»), бірақ сенім «рационалдық» тұрғыдан дәйектелуі мүмкін. Христиандық догматтар Ансельм үшін – мызғымас ақиқат; бірақ оны рационалды ұғыну қажет, сонда ғана діндар адамның сенімін нығайтуға болады. Осылайша оның рационализмі фидеизмге бағытталған. Универсалийлер айтысында шегіне жеткен реализмді ұстанды. Ансельм құдай болмысының онтологиялық дәлелдемесін жетілдірді, яғни оның болмысының ақиқаттылығын негіздеп, ең жоғарғы құндылық деп санады. Кентерберийский, ойлаудан болмысқа қарай ойша пайымдауға бола ма, анық ойдан іс жүзіндегі өмірге өтуге бола ма, деген маңызды мәселені таза логикалық түрде тұжырымдады. Сонымен қатар философ этикалық мәселеге де (Мыс: ерік еркіндігі және таңдау еркіндігі) көңіл аударған, өзінің ақиқат қағидасын (референциалдық, препозиционалдық және өзекті ақиқат ілімі) тілмен басқарудағы ішкі заңдылықтарды іздеу және тілдің семантикалық функционалдығы негізінде зерттеуді ұсынған. А.Кентерберийскийдің Құдайлық тіл теориясы Платонның «логос» және Августиннің «Verbum» (Құдай тілі – заттар табиғатының нақты бейнесі, адам сөзі – заттардың толық емес, тиянақсыз бейнесіне сәйкес) ұғымдарымен салыстырылады. Оның «шегіне жеткен реализм» ұстанымы, өз замандастарынан бастап және Кантқа дейінгі философиялық сынға қайта-қайта түскен. Дегенмен, оның ілімінің мәні бір жағынан, августиандықты рационалдау болса, екінші жағынан, схоластикалық философияның концептуалдық негізін жасаумен анықталады.
АНТИКА – көне гректік құлиеленушілік қоғам (б.з.б. 7 ғ.) мен ежелгі римдік құлиеленушілік қоғамындағы (б.з.б. 2 ғ. – б.з. 6 ғ.) қалыптасқан философиялық ілімдер мен мәдениеттерінің жиынтығының кезеңі.
АНТИЛОГИЗМ (грек. anti-қарсы, logos-ақыл) – категориялық силлогизмнің сілтемелердің үйлесімсіздігін көрсетіп, оның қорытындысын да терістейтін логиканың түрі. Антилогизм теориясы силлогистика нұсқаларының бірі.
АНТИНОМИЯ (грекше – заңның өзіне өзі қайшы келуі) – 1) зат туралы екеуі де қайшылықты пікірлердің бірлігі, бұл пікірлердің логикалық негізделуі бірдей дәрежеде нанымды бола алады; 2) идеяны немесе заңды дәлелдеп тұжырымдауға тырысқанда пайымдалатын жойылмайтын қайшылық.
АНТИСФЕН (б.з.б. 435-370 жж) Афинадан шыққан, Сократтың шәкірті, киниктік мектептің негізін салушы, жекелік туралы білімді ғана ақиқат деп санаған. Платонның идеялар туралы ілімін сынға алып, жеке заттардың болмысын ғана мақұлдады. Әсіресе, өркениеттік жетістіктер, сословиелік және таптық бөліністер, сол кездегі қоғамның демократиялық элементтері киниктік сынға қатты ілікті, сондықтан, өмірдегі тек ең қажетті мұқтаждықтарды ғана қанағаттандыруға шақырды.
АНТРОПОЛОГИЗМ – философиялық концепция, оның өкілдері «адам» ұғымын негізгі көзқарастық категория деп қарастырады және табиғат, қоғам, ойлау туралы түсініктер жүйесін тек осы категория арқылы ғана жасауға болады деп тұжырымдайды.
АНТРОПОМОРФИЗМ (грек. anthropos-адам, morphe-түр) – табиғаттың сыртқы күштеріне және қияли мифтік бейнелерге адам қасиеттері мен ерекшеліктері тән деп қарастыру. Яғни, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Ксенофан антропоморфизмде діннің ерекше белгілерін байқаған, ал Фейербах діндегі антропоморфизмнің маңызын толық ашты. Антропоморфизм анимизммен, тотемизммен байланысты және қазіргі діндердің көбіне тән; ислам мен иудаизмде жасырын түрде келеді. Жаңа заманда дінді антропоморфтық түсініктерден тазарту әрекеттері жасалынған (деизм, теизм, т.б.). Антропоморфтық жеке ғылыми ұғымдарға да (Мыс: күш, энергия, басқару, т.б.) тән сипат. Алайда, «семаниткалық» антропоморфизм олардың объективтік мазмұнын жоққа шығармайды.
АНТРОПОЦЕНТРИЗМ (грек. anthropos – адам, centrum – орталық) – дүниенің орталығына адамды қоятын италияндық Қайта Өрлеудің концепциясы. Ол еуропалық Жаңа заман мен Ағартушылық идеологиясы һәм өмірлік өлшеміне және гуманизмнің маңызды шартына айналды. Адамды әлемнің түпқазығы деп есептеу арқылы оның белсенділік идеясы тұжырымдалды. Еуропалық жасампаз «фаустық адам» іргетасы антиктік қоғамда қалыптасқанымен, антиктік субъект табиғат аясынан шыға алмады. Жаңа заманда адам еріктері мен мінез-құлықтары туралы концепция қалыптасты, оның қағидалары нарыққа, демократияға, азаттық қоғамға бет бұрған әлеуметтік мәдениетті басшылыққа алды. Неміс философы И.Кант адамды қашанда құрал түрінде алмай, оған түпкі мақсат ретінде ұмтылу керек деді. Антропоцентризмнің кейбір қағидалары 19 ғ. екінші жартысында қалыптасқан мәдени антропологияда ұтымды қолданылды. 20 ғ. кейбір мәдениеттанушылары антропоцентристік өркениеттің шектерін де атап өтті: табиғатқа қарсы бағытталған тежеусіз адамдық шовинизм экологиялық дағдарысқа әкелді.
АПАРИГРАХА – джайнизм іліміндегі ұғым: дүниедегі заттарға қызықпау, байланбау, самарқау қарау.
АПАТИЯ (грек. apatheia - бейтараптық) – қандай да бір әрекетке бейқам, ниетсіздікпен қарайтын адамның күйі (көбінде жоғарғы нерв қызметы бұзылған адамдарда кездеседі). Стоиктердің этикалық ілімінде, апатия – бейтараптық, рухани сабырлылық, сезімнің ақылдың қызметіне кедергі жасамайтын сәтімен анықталған. Стоиктерге, сірә шығыстық діни-философиялық ілімдер ықпал етуі мүмкін, әсіресе, буддизм мен джайнизм ілімдеріндегі адам жанының ең жоғарғы күйі, абсолюттік тыныштыққа жетуі – нирвана түсінігімен байланыстылығы.
АПЕЙРОН (apeiron – шектелмеген) – шексіз. Анаксимандрдың пікірінше, формасы жоқ алғашқы зат, барлық заттар осы апейрондардан құралған. Натурфилософтар апейронды алғашқы бастау деп қабылдады. Платон мен пифагоршылар оны материяның синонимі ретінде түсінді.
АПОЛОГЕТИКА (грек. apologetikos – қорғаушы) – теологияның тармағы. Христиандық дүниетанымды негіздеу мен қорғауда маңызды роль атқарды. Апологетиканың құрамына: құдай болмысын дәлелдеу, жанның мәңгілігі туралы, дін мен оның жеке догматтарына қарсы шығушыларға тойтарыс беруге арналған ұғымдар, т.б. кіреді. Апологетика діни догматтарды меңгеруде ақылдың күші жетпейтіндігін айтып, иррационалистік мазмұнға жақын болды. Апологетикаға софистика, догматизм, обскурантизм және антиғылымилық белгілер тән. Апологетиканың көрнекті өкілдері: Квинт Септимий Тертуллиан, Тит Флавий Климент және Ориген.
АПОРИЯ (грекше aporia - тығырық) – көне грек философиясында шешімі қиын немесе шешілмейтін мәселелерге байланысты қолданылған ұғым. Алғаш рет апория ұғымы Зенонның қозғалыстың болмайтындығы туралы философиялық талқылауынан көрініс табады. Бірақ ойшыл бұл ұғымды тікелей мағынасында қолданбаған. Апория философиялық термин ретінде Платонның, кейін Аристотельдің еңбектерінде «қарсы қорытындылардың теңдігі» мағынасында беріледі. Апорияға Канттың антиномиялары да жақын келеді.
АПОСТЕРИОРИ (лат. a posteriori – келесіден) – тәжірбиенің нәтижесінде алынатын білімді анықтайтын термин.
АППЕРЦЕПЦИЯ (лат. perception – қабылдау) – адамның әрбір қабылдауының оның өткен өмірлік тәжірбиесі мен психикалық қалпына тәуелділігі. Терминді алғаш енгізген Лейбниц болды, оның философиясында апперцепция өзіндік санамен байланысты.
АПРИОРИ (лат. a priori – тәжірбиеге дейін) – тәжірбиеге, іс-әрекетке дейін, оған тәуелсіз танылатын, ешқандай тәжірбиелік дәлелдеуді қажет етпейтін ұғым. Априориге қарсы Кант философиясында апостериори ұғымы қолданылады.
АРАБ ФИЛОСОФИЯСЫ – орта ғасыр дәуірінде мұсылман дінін қабылдап, араб тілінде сөйлеген, Шығыс халықтарының ойшылдары негіздеген философиялық ілімдерінің жиынтығы. Араб философиясының бастамасы каламның (рационалды тұрғыдан дін оқытушылар) алғашқы өкілдері мутазилиттердің (оқшауланушылар) қызметімен байланысты, олар адам еркінің еркіндігі және құдайлық құдіретті қасиеттер туралы мәселесінен бастап, діннің шеңберінен асып кетіп, тіпті оның кейбір догматтарын жоққа шығарған тұдырымдаманы жасаумен аяқтайды. 9 ғ. арабтар антикалық жаратылыстану және философиялық мұралармен кеңінен танысады. Олардың зерттеулерінің бел ортасында Аристотель философиясындағы жаратылыстану және логика мәселелері тұрды. Аристотельдің мұраларымен кеңінен таныс болған олар, Афиналық және Александриялық неоплатондық мектептердің түсініктемелерімен де танысып, орта ғасырлық араб философиясының арнасындағы жетекші бағыт – шығыс перипатетизм ілімін қалыптастырды. Бұл бағыттың негізін салушы Әл-Кинди, кейін оның дамуына көп үлес қосқандар –
Әл-Фараби және Ибн Сина.
АРГУМЕНТ (лат. argumentum) – логикада қандай да бір ойдың ақиқаттылығын растауды пайымдау немесе дәлелденеген барлық дәлелдеулердің жиынтығы.
АРИСТОТЕЛЬ (б.з.б. 384-322) – көне заманның ең ұлы философы, заманының ең дарынды, жан-жақты білімі бар тұлға болған. Аристотель сонымен бірге өз заманының ұлы қолбасшысы, үлкен империя жасаушы Александр Македонскийдің оқытушысы ретінде де тарихта аты қалған. Фракиядағы Стагир қаласында дүниеге келген; Афинадағы Платон мектебінде дәріс алған. Платонның денесіз түр (идея) теориясын сынға алды, бірақ идеализм мен материализмнің екеуінің де шеңберінен шыға алмай, платондық идеализмді толығымен еңсере алмады. Аристотельдің тағы да жасаған бір үлкен жұмысы – ол Афина қаласында даңқы бүкіл Дүниеге әйгілі мектеп – Ликейді ашады. Мектептің жанында үлкен бақ болған, онда адамдар серуендейтін үсті жабық жолдар болған, оларды грекше «перипатос» дейді. Тарихта Аристотельдің философиясын қолдап, әрі қарай жалғастырған мектепті перипатетиктер дейді. Аристотель жан-жакты терең білімді тұлға болғаннан кейін, оның мұрасын ғалымдар бірнеше топқа бөледі. Логикалық еңбектері: «Органон», «Категориялар»; Табиғат философиясына арнаған еңбектері: «Физика» 8 кітап, «Аспан жайлы» 4 кітап, «Аспандағы құбылыстар жайлы»; Жан дүниесі философиясына арналған: «Жан дүниесі жөнінде», «Өмір мен Өлім туралы», «Тыныс алу туралы»; Тіршілік философиясына арналған: «Жануарлардың дене мүшелері жайлы», «Жануарлардың дүниеге келуі жайлы»; Бірінші физика 14 кітаптан тұратын. Соңынан «Метафизика» деген атаққа ие болды. Моральдық философияға арналған: «Никомахтың этикасы», «Үлкен этика»; Саясат пен экономикаға арналған: «Саясат», «Экономика», «Афинаның саяси өмірі»; Көркем сөйлеу мен көркем сөзге арналған: «Риторика өнері», «Өлең сөз жөнінде».
АРОН Реймон Клод Фердинанд (1905-1983) — француз философы, әлеуметтанушы, публицист. Сартрмен (1924-1928) Жоғарғы мектепте бірге оқыған. 1930 ж. бастап Кельн, одан соң Берлин университетінің профессоры. Билік басына Гитлер келген соң Францияға қайта оралып, Гавр лицейінде, Тулуз университетінде дәріс оқыды. 1955-1968 жж. – Сорбонда әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі, 1970ж. – Коллеж де Франстың «Бүгінгі күнгі өркениеттер» кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1962 ж. – Дүниежүзілік әлеуметтану ассоциациясының вице-президенті. 1963 ж. – моральдық және саяси ғылымдардың Француз академиясының мүшесі. Базель, Брюссель, Гарвард университеттерінің құрметті докторы атанған. Шығармашылығының алғашқы кезеңінде неокантианшыл Бадендік мектептің, әсіресе, ұстазы Л.Брюневильдің, одан сон М.Вебер мен Гуссерльдің ықпалдары зор болған. Арон 60-тан астам ірі монографиялық зерттеулер жариялады, онда философиялық рефлексияны теориялық әлеуметтік ізденістермен, сонымен қоса тарихи таным мәселелерін эпистемологиялық және әдістемелік зерттеу жүргізуімен өзара ұтымды ұштастырады. Аронның негізгі философиялық мектептері: «Сыни тарих философиясы» (1935), «Тарихи сананың өлшемі» (1961), «Прогрестен көңіл қалу» (1963), «Еркіндік туралы эссе» (1965), «Бір қасиетті отбасынан екіншісіне. Киялдағы марксизм туралы очерк» (1969), «Еуропаны құлдыраудан сақтау» (1977) және т.б.
АРХАТ – Көне Үнді философиясының ұғымы, «жеңімпаз» дегенді білдіреді. Архат деп нирванаға жеткен, сананың тыныш ағынын бұзатын құштарлық-құмарлық сезімдерін жеңген адамды атайды.
АРХЕТИП – алғашқы образ, идея. Архетиптер аналитикалық психологияда инстинктілермен қатар «ұжымдық бейсаналықтың» қатпарларында болатын және жалпыадамзаттық символиканың негізін құрайтын, туа біткен психикалық құрылымдар болып табылады.
АР ілімі – Шәкәрім философиясының негізгі категорияларының бірі. Ол барлық әдептілік түсініктерін «ар ілімі» маңайына топтастырған. Шәкәрімнің «Үш анық» еңбегіндегі басты мәселе «Адамдағы ынсап, әділет, мейірім – үшеуі қосылып ұждан деген ұғымды құрайды. Ұждан адамның ішкі тұңғиық жанын да, сыртқы мінез-құлқы мен тәртібін реттеуші, бақылаушы құралы міндетін атқарушы, оның тұлғалық негізін анықтаушы қасиеті, Шәкәрім де ар-ұят, ұжданды адамның қалғып кетпеуін қадағалайтын, оның санасына үнемі қозғау салып отыратын мазасыз, тыныш таппайтын болуы керек деп қарастырды, ұждансыз адам адам атына сай емес деп түсінді. Ар-ұждан тұлғаның адамгершілік даму дәрежесінің, оның бойындағы әділдік, мейірімділік, шыншылдық, жауапкершілік секілді қасиеттерінің өлшемі деуге болады. Сондықтан да ар-ұжданын үнемі дамытып, оған тыныштық бермеген адам ғана өзінің адамгершілігін жетілдіріп отырады. Жанды жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, адамның өлгеннен соң да өмірі бар екедігіне сенімді Шәкәрім ұждан жанның азығы ретінде екі өмірде де керек деп ұғынады. Бұл тұжырымның түбінде адамды қайткенде де түзеу ниеті жатқан секілді.
АСКЕТТІК (грек. asketes – жаттығу, ерлік) – саналы түрде табиғи қызықтардан, өмір игіліктері мен ләззаттықтан өзін рухани құтқару мен жоғары мағыналықты көздеп, адами немесе діни мұраттарға жету үшін бас тартып, өткінші дүние құндылықтарын тәркі ету. Аскетизм көптеген діни (буддизм, индуизм, иудаизм, христиан, ислам) және философиялық (пифагоршылар, стоиктер, гностиктер, неоплатоншылдар) жүйелердің жалпы принципі болып келеді.
АСТЕЙЯ - джайнизм іліміндегі ұғым: ұрламау, өлейін деп жатсаң да, еш нәрсені рұқсатсыз алмау, сұрап қана алу.
АТАРАКСИЯ (грек. ataraxia – тыныштық) – кейбір көне грек философтары мен данышпандарының көзқарастары бойынша жан тыныштығы немесе бейқам сәт. Демокрит, Эпикур, Лукрецийдің пікірлерінше атаракцияға қол жеткізу дүниені танып білу, қорқынышты жеңу, үрейден арылу арқылы болады. Скептиктер (Пиррон, т.б.) ойлауды шектеген кезде мүмкін деп санаса, стоиктер апатия туралы ілімді одан ары дамытып, болып жатқан құбылыстарға бейқам қарауға шақырды.
АТЕИЗМ (франц. atheiste, грек. аtheon – құдайсыздық) – табиғаттан тыс күштерге (рухтар, құдайлар, ақыреттік өмір, т.б.) сенуді жоққа шығаратын көзқарастар жүйесі, бүкіл дін атаулыны бекерге шығару. Адамзаттың тарихи даму барысында атеизм әртүрлі әлеуметтік топтардың идеялық қаруы ретінде пайдаланылды. Мысалы, маркстік атеизм диалектикалық және тарихи материализмді өзінің философиялық негізі етіп алды. Ол атеистік тәрбие жүйесінің теориялық негізін құрайды. Коллективтендіру, тәркілеу, т.б. саяси науқандарда дін иелері қатты қудаланды. Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан Ғылыми атеизм институты құрылып, «Ғылыми атеизм мәселелері» атты мерзімді басылымды жарыққа шығарды. Кеңестік жүйенің әрбір халыққа тән өзіндік салт-дәстүр, діни наным-сенім ерекшеліктерін күштеп жою бағытында жүргізген әрекеттері бұқара халықты рухани тоқырауға соқтырды.
АТМАН – бұл ұғымның бірнеше мағынасы бар: «мен», «өзімді», «дене». Бірақ атман ұғымының ең басты мағынасы – индивидуальдік және универсальдық космостық психикалық болмыс ретіндегі «адам». Осы мағынада атман бүкіл бар болып отырғанның генетикалық және субстанционалдық бастауы, негізі және соңы. Атман рухани және денелік деп бөлінеді, сондай-ақ, ол көбіне ақыл-ойдан, сөз бен тыныстан тұратын рухани бастау ретінде, «брахман» ұғымымен бірдей деңгейде түсініледі.
АТОМИЗМ – «әлемде атомдар мен бос кеңістіктен өзге ештеңе жоқ» және «барлық заттар атомдардан тұрады» деп санайтын философиялық ілім. Мұндай тұжырымдама 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Атомистиканың алғашқы түсініктемесі көне үнді философиясындағы ньяя, вайшешика ілімдерінде беріледі, ал толыққанды жүйеленген түрде Левкипп, Демокрит, Эпикур және Лукрецийлер қарастырады. Демокрит атомдардың бір-бірінен өзгешелігі формасында деп санаса, ал Эпикур салмағында, шамасында деді.
АТРИБУТ (лат. attribuo – бөлемін) – заттың онсыз ойлай да, өмір сүре де алмайтын ажырамас қасиеті. Аристотель атрибутты акциденциядан бөлек деп қарастырса, Декарт субстанцияның маңызды қасиеті деп санады. Сондықтан оның материалдық субстанциясының атрибуты созылмалылық, рухани субстанцияда – ойлау. 18 ғ. француз материалистері материяның атрибуты кеңістікте көсілу мен қозғалыс, ал кейбіреулері (Дидро, Робине) ойлау деген пікірде болды. Термин қазіргі заман философиясында да қолданылады.
АХИМСА – джайнизм іліміндегі ұғым: ешнәрсеге зәбірлік жасамау, өйткені барлық тіршіліктің жаны бар.
– Ә –
ӘБУ НАСЫР ӘЛ ФАРАБИ (870-950) – қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ғұлама, энциклопедист ғалым, философ, математик, музыка теоретигі. Отырар қаласында әскербасының отбасында өмірге келген. Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб, Бағдат шаһарларында білім алған. Әл Фараби – түрік ойшылдарының ең мүшһірі, «Әлемнің 2-ұстазы» атанған ғұлама. Әл Фараби философиясының негізгі зерттеу объектілерінің бірі – адам. Антика дәуірінің ойшылдары секілді әл Фараби де адам өмірінің мақсаты бақытқа жету деп түсінеді. Адам әуелі бақыттың не екенін түсініп, оны өзінің мақсаты ретінде анықтап алған соң ғана оған жетудің жолдарын танып-біле алады. Әл Фарабидің пікірінше, шын бақыттың не екенін түсінуге көмектесетін – адамның ақыл-ойы. Ақыл адамға күш береді, ақыл-ойына көбірек жүгінген адам ғана жақсы мен жаманды айыра алады. Жігердің үш түрі бар: 1) түйсіктен, 2) елестетуден, 3) ойлау қабілетінен туындайды деп көрсеткен әл Фараби соңғысын еркін таңдау деп атайды және ол адамға ғана тән, басқа жануарларда ол жоқ дейді. Әл Фараби нағыз бақыт деп білімге, ізгілікке және әдемілікке ие болу деп түсінді. Оған жету үшін адамның бойында жігердің үш түрінің бәрі де болуы шарт. Бірақ адамдардың бәрі бірдей бақытқа бөлене бермейді, себебі олардың ойлау қабілеттері, мүмкіндіктері әртүрлі. Негізгі философиялық еңбектері: «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары», «Сауалдардың мәні», «Платон мен Аристотель көзқарастарының ортақтығы туралы», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жөнінде», т.б.
