- •Тақырып 1. Қаржы нарығының инфрақұрылымы және оның құрамдас элементтері.
- •Тақырып 2. Ақша нарығы және оның қаржылық құралдары
- •Тақырып 3. Депозиттік нарықтың қызмет ету ерекшеліктері
- •Тақырып 4. Несие нарығы, оның мәні және мазмұны
- •Тақырып 5. Валюта нарығы және валюталық операциялар
- •Тақырып 6. Бағалы қағаздар нарығы, оның функциялары және құрылымы.
- •Тақырып 7. Сақтандыру нарығы
- •Тақырып 8. Зейнетақы нарығы
- •Тақырып 9. Қаржылық делдалдылық және қаржылық делдалдар
- •Тақырып 10. Қаржы нарығындағы коммерциялық банктер қызметі
- •Пассивті операциялар өзіндік қаражаттың, тартылған қаражаттың және эмиссияланған қаражаттың есебінен банк ресурстарын қалыптастырумен байланысты болады.
- •Тақырып 11. Зейнетақы нарығының қаржылық институттары
- •Тақырып 12. Инвестициялық компаниялар және қорлар
- •Тақырып 13. Сақтандыру компаниялары және қорлары
- •Тақырып 14. Арнайы мамандандырылған қаржы-несиелік институттар
- •Тақырып 15. Қазақстанның қаржы нарығын
Тақырып 11. Зейнетақы нарығының қаржылық институттары
Жинақтаушы зейнетақы қор – бұл ҚР заңында белгіленген тәртіппен зейнетақы жарнасын тарту және зейнетақы төлеу бойынша қызметті, сондай-ақ, зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.
Жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшылардың міндетті жарнасын шоғырландырып, оларды әр түрлі бағалы қағаздарға орналастырады әрі осылайша қордың инвестициялық портфелін қалыптастырады. Олар мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қорына (МЗЖҚ) және мемлекеттік емес зейнетақы жинақтаушы қорына (МЕЗЖҚ) бөлінеді.
Мемлекеттік зейнетақы жинақтаушы қоры заңды тұлғаны білдіреді, оның құрылтайшысы – мемлекет. Мемлекет салымшылардан міндетті зейнетақы жарнасын алады және зейнетақы алушыларға зейнетақы төлейді, сонымен бірге, зейнетақы активтерін қалыптастырып, оларды мемлекеттік құнды қағаздарға, мемлекеттік банктің депозиттеріне, халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздарына инвестициялайды.
Мемлекеттік емес зейнетақы жинақтаушы қоры – бұл салымшылардың міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын алуды әрі зейнеткерлердің зейнетақысын төлеуді, сондай-ақ, зейнетақы активтерін қалыптастыру және оларды инвестициялау бойынша қызметтерді жүзеге асыратын заңды тұлға. Ол міндетті қорларға қарағанда ерікті зейнетақы жарнасын да тарта алады. Оны (ерікті зейнетақы жарнасын) салымшылар заңда және зейнетақы келісім-шартында белгіленген тәртіппен және мөлшерде өз бастамасы бойынша енгізеді. Зейнетақы активтері ЖЗҚ-дан зейнетақының төленуін қамтамасыз етеді әрі жүзеге асырады. Қор зейнетақы активтерін инвестициялау арқылы инвестициялық табысқа қол жеткізеді.
Жоғарыда аталған оның түрлерінен өзге ашық ЖЗҚ-ны және корпорациялық ЖЗҚ-ны бөліп көрсетуге болады.
Ашық ЖЗҚ салымшының зейнетақы жарнасын оның жұмыс орнына және тұрғылықты жеріне қарамастан қабылдай береді. Резидент болып табылатын заңды және жеке тұлғалар да, резидент емес заңды және жеке тұлғалар да оның құрылтайшылары әрі акционерлері бола алады. ҚР-ға резидент болып табылмайтын, яғни резидент еместердің ашық ЗЖҚ-сы – бұл 25%-тен де көп дауыс берішінің акциясы меншік иесінде немесе басқаруда болатын зейнетақы қоры:
ҚР-дың резиденті еместер;
50%-тен де көп акциясы ҚР резидент еместердің меншігінде немесе басқаруында болатын ҚР резидентінің заңды тұлғасы;
ҚР резиденті еместерінің бағалы қағаздарына атаулы ие болып табылатын ҚР резиденттері.
Корпорациялық ЖЗҚ осы қордың акционері және құрылтайшысы ретінде алға шығатын ҚР-дың бір немесе бірнеше заңды тұлғасының алушы-жұмыскерлері үшін құрылады.
Ашық ЖЗҚ қызметі кезінде немесе оған құрылтайшы болған кезеңде бірде бір тұлғаның дауыс құқығы бар акцияның жалпы санында 25%-тен артық акцияны тікелей немесе жанама иеленуге, өкім жүргізуге немесе басқаруға құқығы болмайды. Корпорациялық ЗЖҚ-да мұндай шектеулер жоқ. Алайда, зейнетақы жинағының нақты құны кеміген жағдайда соңғы акционерлердің жауапкершілігі үлкен болады әрі инвестициялық табыс ысырабының орнын толтырады.
Зейнетақы активтерін бастапқыда ЗАБК (зейнетақы активтерін басқару жөніндегі компания) ғана орналастыра алады. ЖЗҚ жарна түсімін кастодиан банктің шотына орналастырады, ал ЗАБК үш күннің ішінде оларды әр түрлі құнды қағаздарға орналастыруға міндетті. Бір ЖЗҚ тек бір ғана ЗАБК-мен келісімшартқа отыра алады, ал, Компания өз кезегінде бірнеше ЖЗҚ-ға қызмет көрсете алады. Бүгінгі таңда оның атауы өзгерген: ЗАИБЖҰ – зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқаруды жүзеге асыратын ұйым. Зейнетақы жинақтаушы қорларына инвестициялық портфелді қалыптастыру барысында активтерді дербес орналастыруына рұқсат етілген.
ЗАИБЖҰ қаржы нарығының кәсіби қатысушысы, заңды тұлғасы болып табылады және АҚ формасында құрылады. Оның қызметін ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігі лицензиялайды. Агенттік Компанияның қызметін мынадай шарттармен лицензиялайды: жарғылық капиталдың мөлшері бойынша белгіленген талаптар мен нормативтердің орындалуы, 3 санатты біліктілік куәлігі бар мамандардың штатта болуы, зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқару бойынша қызметті реттемелейтін ішкі құжаттардың болуы.
ЗАИБЖҰ өз қызметінде зейнетақы қорларының инвестициялық портфелін қалыптастырады, зейнетақы активтерін ұдайы бағалап отырады, зейнетақы жинағын зейнеткерлердің зейнетақы төлемдеріне бағыттап отырады. Ол өзінің қызметі туралы зейнетақы қорларына және ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігіне ұдайы есеп беріп отырады, сондай-ақ, өзінің атқарған жұмыстары туралы ақпаратты жариялайды.
Алайда, ЗАИБЖҰ қызметінде белгілі бір шектеулер бар. Ішінара мыналарға тыйым салынған:
акциядан басқа бағалы қағаздарды шығаруға;
банктерден өзіндік капиталдың мөлшерінен артық мөлшерде 3 ай мерзімнен көп мерзімге қаражатын тартуға;
үлестес тұрғыдан бағалы қағаздарды тартуға және олармен басқа мәмілелерді орындауға;
қарызды кез келген тәсілмен беруге;
зейнетақы активтерінің құрамына кіретін бағалы қағаздарды оларды кері сатып алу шартымен болса да сатуға;
ЖЗҚ -ға тиесілі емес бағалы қағаздарды сату бойынша келісім-шартты және эмиссиялық емес бағалы қағаздарды сатып алу жөніндегі келісім-шартты бекітуге;
тапсырма мен кепілдік беруге, мәмілелерді зейнетақы активтерін кепілге салып орындауға;
инвестициялық зейнетақы активтері бойынша табыстың уәдесін және кепілдігін қамтитын ақпаратты жариялауға;
бағалы қағаздар мен қаржылық құралдардың саудасынан өзге материалдық өндіріс пен сауда саласында қызметті жүзеге асыруға.
Қазақстандық зейнетақы жинақтаушы қорлар өз қызметін ҚР-сының қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі Агенттігі берген лицензияның негізінде жүзеге асырады. Бұл лицензияда зейнетақы қорларының тек мемлекеттік емес зейнетақымен қамтамасыз етуге маманданатынына, мәселен, саудамен немесе өндіріспен айналыспайтынына кепілдік беріледі.
Жинақтаушы зейнетақы қорлар лицензия алу үшін Агенттікке өз мамандарының біліктілігі туралы аттестаттың және олардың қаржы институттарында кем дегенде 2 жыл жұмыс істегенін айғақтайтын құжаттың нотариалдық тұрғыдан расталған көшірмелерін береді.
Жинақтаушы зейнетақы қорлары АҚ формасында құрылады. ЖЗҚ-ның Жарғылық капиталы акциямен қалыптасады әрі ақшалай қаражатпен ғана төленуі тиіс. Мұнда акцияның төлемі үшін заңды тұлғаның қаражаты оның өзіндік капиталы немесе таза табысының шегінде пайдаланылады. Лицензияны алу туралы өтініш берілетін сәтте жарғылық капитал толық төленіп бітуі тиіс.
ҚР резиденттері болып табылатын заңды және жеке тұлғалар ЗЖҚ-ның құрылтайшылары және акционерлері болуы мүмкін. Ал, рейтингтік агенттіктердің бірінде нақты рейтингісі бар ҚР резиденті болып табылмайтын заңды тұлғалар ашық ЗЖҚ-ның құрылтайшысы және акционері болуы мүмкін. Мемлекеттік кәсіпорындар ЗЖҚ-ның құрылтайшысы немесе акционері бола алмайды.
Қордың өзіндік капиталы құрылтайшылардың (акционерлердің) жарғылық капиталындағы салым ақшасының есебінен, комиссиялық сыйақыдан, сонымен бірге, өзіндік капиталды орналастырудан түскен өзге табыстан және негізгі қызметті орындаумен байланысты қызмет көрсетуден түскен табыстан қалыптасады. Бұл капитал басқа ұйымдарды құруға, міндеттемені, кепілдікті қамтамасыз ету ретінде уақытша қаржылық көмек көрсетуге пайдаланылмауы керек.
Комиссиялық сыйақының шекті шамасы ҚР Үкіметі белгіленген мыналардың шегінде белгіленеді:
инвестициялық табыстың 15% -і шегінде;
айына зейнетақы активтерінің 0,05%-і шегінде.
Ол жылына бір мәртеден артық өзгертілмейді және күнтізбелік жылдың басына дейін ең аз дегенде бір ай бұрын жариялануы керек.
Зейнетақы қорларының қызметі мынадай принциптерге негізделеді:
қорды жеке басқарады және салымшылар қорды өз қалауынша таңдаудың мүмкіндігіне ие;
қарапайымдылық, сенімділік және айқындық;
мемлекеттік өкілетті органдардың тарапынан қатаң реттеледі әрі қадағаланады;
операциялық тиімділік;
салымшыға оның зейнетақы жинағының мөлшері туралы ақпаратты береді.
ЖЗҚ өз қызметінде зейнетақы жарнасын жинай алады, өзінің қызметі үшін комиссиялық сыйақы алады және зейнетақы келісімшартының шарттарына сәйкес басқадай құқықтарды жүзеге асырады, зейнетақы активтерін инвестициялық тұрғыдан басқаруды жүзеге асыратын ұйымдармен келісім-шартқа отырады. Сонымен қатар, зейнетақы жинақтаушы қорлары мыналарға міндетті:
зейнеткерлердің зейнетақысын төлеуге;
зейнетақы жинағы мен төлемдерінің есебін дербес жүргізуге;
салымшы мен зейнетакерге (алушыға) оның зейнетақы жинағының жағдайы туралы ақпаратты жылына бір мәрте және олардың сұрау салуы бойынша беруге;
алушының зейнетақы жинағының жағдайы туралы ақпараттың құпия болуын қамтамасыз етуге;
зейнетақы заңдарының және зейнетақы келісім-шартында қарастырылған шарттардың бұрмалануына жауап береді;
алушының өтініші бойынша оның зейнетақы жинағын бір қордан екіншісіне аударуға;
бір, үш, бес, он күнтізбелік жылдарында стандартты уақыт кезеңі ішіндегі өз қызметі туралы статистикалық және басқа да ақпараттарды жариялауға, бұл арада зейнетақы жинақтаушы қорындағы салым ақша бойынша табыстың уәдесін немесе кепілдігін қамтамасыз ететін ақпарат жарияланбайды;
зейнетақы келісім-шартына отырған азаматтардың бәріне бірдей жағдай жасауға;
ҚР заңдарына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға.
