- •2,21 В. М. Хвостов (1868-1920) (Мемлекеттің пайда болуына септесетін факторлар) в.М. Хвостов. Құқықтың жалпы теориясы. Қарапайым очерк.
- •2,22 Г.Ф. Шершеневич (1863-1912) Мемлекеттің пайда болу әдістері Құқықтың жалпы теориясы
- •2,23 Е.Н. Трубецкой (1963-1920) (Құқықтың пайда болуы туралы тарихи мектеп) е.Н. Трубецкой. Құқық энциклопедиясы
- •2,24 Н.М. Коркунов (1853-1904) (Құқықтық туралы көзқарастардың психологиялық тұрғыдан алғандағы дамуы) н.М. Коркунов. Құқықтың жалпы теориясы бойынша лекциялар
- •3.1. Сартаев с.С., Нұрпейісов д. «Мемлекеттің белгілері»
- •3.2. Сартаев с.С., Нұрпейісов д. «Мемлекеттің түсінігі»
- •3.3. Сартаев с.С., Нұрпейісов д. «Мемлекет егеменігі мемлекетке тән басты белгі»
- •29. Құқықтың мәні және оның қоғам мен мемлекет өміріндегі рөлі.
- •30. Әлеуметтік және техникалық нормалар. Әлеуметтік нормалардың түрлері.
3.1. Сартаев с.С., Нұрпейісов д. «Мемлекеттің белгілері»
Мемлекетке тән белгілер мемлекет ұғымын аша түсуге тиіс. Оған жасалатын талдаулар ұғымды тереңдетіп, ерекшеліктерін айқындап, оның мәндік сипатын анықтауы керек. Яғни, мемлекеттің белгілері оны рулық қауым құрылымынан, сондай-ақ басқа да қоғамдық бірлесулерден ажыратуға мүмкіндік беруі тиіс.
Біріншіден, мемлекет бүкіл ел көлеміндегі аумақтық ұйым ретінде танылуы керек.
Аумақ (территория) мемлекеттің бір белгісі ретінде жердің (құрғақта, суда, ауада) бір бөлігінде мемлекеттік іс-шараларды қалыптастьіруға себепші болып, мемлекеттік билік осы аумақтың көлеміне толығымен жүргізіледі. Аумақ мемлекеттің егеменді билігінің кеңістігін құрайды. Билікті аумақтық негіз бойынша жүргізу дегеніміз, мемлекеттің аумақтық көлемге ие болу арқылы бір мемлекетті екіншісінен бөліп тұратын мемлекеттік шекараға ие болуы деп түсінген жөн. Мемлекет өз шекаралық аумағында үстемдік жүргізе алады. Олай болса, аумақ оның өмір сүруінің табиғи негізі ретінде танылуы керек. Мемлекет аумағын жете түсіну оның мақсаты мен қызметіне қатысты тұтас ұғымды танып-білу үшін де маңызды. Мәселен, мемлекет аумағын қорғауды алыңыз.
Тұрғындар - белгілі қоғамға қатысы бар адамдардың қүрамы мен қатарын анықтайды. Тұрғындарды аумақтарына қарай бөлшектеу, қоғамдағы қандас туыстардың байланысындай емес (мемлекеттік-ұйымдық қоғамдарда қандас-туыстық байланыстар маңызын жояды) азаматтық немесе қоластылық, бодандықта болу (подданство) сияқты жаңа құқықтық ережелерді туындатады. Аумақ ерекшеліктеріне қарай бөлшектеу шағын мемлекеттердің пайда болуымен қоса, жеке елдердің де құрылуына жол ашты. Біз сөз етіп отырған жағдайда "мемлекет" пен "ел" ұғымдары бір-бірімен сәйкес. Басқа қүрылымдарға қарғанда мемлекет өзінің барлық түрғындарын белгілі бір ауқымда біріктіруі арқылы ерекшеленеді. Ал саяси партиялар, түрлі қоғамдық қозғалыстар мен кәсіподақ ұйымдары тұрғындардың белгілі бір топтарының мүддесі үшін қызмет етеді.
Осыдан барып, тұрғын да, аумақ та мемлекеттің пайда болуымен өмір сүруіне қажетті объективті шарт екеніне және мемлекеттің аумақсыз, аумақтың тұрғын халықсыз болмайтынына көз жеткізу қиын емес.
Екіншіден, қоғамды басқару мен оның қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету үшін мемлекет арнаулы басқару аппаратына (жүйесіне) сүйенеді.
Қоғамның өркендеу тарихы - күні бүгінге дейін жүйесіз және күш қолдану тетігінсіз өмір сүрген бірде-бір мемлекетті білген емес. Мемлекет - мемлекеттік органдар мен оның арнаулы мекемелері арқылы қоғамды тікелей басқарумен қоса, белгілі бір саяси билікті орнықтырып, оның іс-шараларын жүзеге асырады. Мемлекеттік биліктің рулық құрылым билігінен ең басты айырмашылығы оны басқарудың айрықша жүйелеріне зәру болуында.
Мемлекеттік билікті жүргізудің айрықша жүйелерінің қатарына заң шығару, атқару және сот органдары жатады. Мемлекет бұйрық беру мен оның орындалуын қадағалауда, соның ішінде заңды мойындату өкілеттігіне бір жақты ие болады. Мемлекеттік органдардың арқасында қоғамдық билік мемлекеттік билікке айналып, қоғамды басқару былай тұрсын, тіпті мемлекет тарапынан күш қолдану әрекетіне дейін барады. Мемлекет жүйесінен ішкі және сыртқы қауіпсіздікті сақтау мемлекеттің өзі мен оның барлық азаматтарының тынштығын қорғауға кепілдік беретін әскер, полиция, түрме мен еңбекпен түзеу мекемелері сияқты ерекшелік атрибуттары (анықтауыштары) әр уақытта да айрықша орын алған және ала бермек. Бұл органдар үшін күш қолдану, сонымен бірге жазалау әрекеттері де тән. Сөйтіп, мемлекет, басқа қоғамдық үйымдардың қай-қайсысынан да өзінің мәжбүрлеу, күш қолдану пәрменімен өзгешеленеді. Күш қолдану мүмкіндігі болмаған жағдайда мемлекеттік билік те болмаған болар еді. Алайда мемлекет қолдануға тиісті күштердің тәсілі мен шарттары қатаң түрде заңмен мөлшерленуі керек.
Үшіншіден, мемлекет қоғамдық өмірді қүқықтық негізде үйымдастырушы және өзі де қүқықпен ажырамас бірлікте болуы тиіс.
Қоғамдық көптеген басқа құрылымдардың ішінен тек мемлекет қана өз органдарының нүсқауымен ел тұрғындарының барлығына міндетті жарлық шығара алады. Мемлекеттің бар іс-қимылын құқық заң жүзінде рәсімдейді. Өз қызметін мемлекет құқықтық нысан негізінде жүзеге асырады. Құқықсыз және оның нормалық анықтауларынсыз мемлекет қоғам өмірін тиімді басқара алмайды, сондықтан да қоғам өмірін құқықтық нысан тұрғысында ұйымдастыру тек мемлекетке ғана тән құбылыс. Заңдық жүйе нормаларының көмегі арқасында мемлекеттің жалпыға бірдей міндет-жүктеулері мен оның қабылдаған шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, заңдық нормалар өзінің жалпыға бірдей және жалпыға міндеттілігімен мемлекет органдарының іс-әрекеттерін де қажетті деңгейде реттейді.
Құқық мемлекеттің іс-қимылын белгілі бір құқықтық қатаң тәртіпке бағындырып, оның әрекеттерін заңдыдылық ауқымына енгізеді. Сөйтіп, құқық мемлекеттік билікті заңды түрде дайындап, оны әрі заңды деп тануға болатынына жол ашады. Осылайша құқық нормаларына бағыну арқылы мемлекет әрі демократиялық, әрі құқықтық мемлекет ретінде қалыптасады. Мемлекет өзінің мамандандырылған органдары мен мекемелерінің (полиция, сот және басқа) көмегімен қажет кезінде заңдық нормалардың талаптарын жүзеге асырады.
Төртіншіден, мемлекет қажетті мөлшерде мемлекеттік аппаратты ұстау және әлеуметтік жоспарды жүзеге асыруды қамтамасыз ететін салық салу жүйесінің барлығымен де сипатталады. Алғашқы қауымдық құрылым кезінде салық салу жүйесі болған жоқ. Руды басқару сайлау арқылы жүргізіліп, аламдар өз міндеттерін өз еріктерімен орындағандықтан ешкімге де ешқандай жеңілдіктер жасалмады. Мемлекеттің пайда болуымен оның аппаратын ұстау қажеттілігі туындады. Демек, мемлекеттік аппарат қаншалықты үлкен болған сайын, салық мөлшері де ұлғая түседі деген сөз. Сөйткенімен де, салық жүйесі мемлекеттік аппаратты ұстап тұру үшін ғана емес, мемлекеттің әлеуметтік және қорғаныс іс-шараларының орындалуына да тікелей қатысы бар.
Бесіншіден, мемлекет егемендік билік ұйымы, яғни егеменділікке иелік етеді. Өзі жүргізіп отырған басшылыққа өзінен жоғарыдан үстем немесе бәсекелескен билікті мойындамайтын мемлекеттік билік - мемлекеттік егеменділік болып табылады. Мемлекеттік егеменділік, ол билік жүргізіп отырған аумақтағы барлық нысандар мен көріністер билігінің барлығынан мемле-кеттік биліктің жоғары туруы деген сөз. Сондықтан да мемлекет егемендігі өзін-өзі басқару және өзін-өзі қорғау құқы мен билігін қамтамасыз етуге де қызмет етеді1.
/Тәуелсіз Қазақстан – егеменді мемлекет
Алматы, 2004ж., Қазақ құқықтану және
халықаралық қатынастар институты
С.Сартаев, Д.Нұрпейісов
22-26 беттер/
