Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Интеллектуалды меншік ыы азаша ДОТ.doc
Скачиваний:
16
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
4 Мб
Скачать
☆

Аралық бақылау Пән бойынша №1 аралық бақылауды тапсыру үшін жобаның тақырыптары

1.Интеллектуалдық меншік түсінігі және оның объектілері.

2.Интеллектуалдық меншік құқығының негізгі институттары.

3. Интеллектуалдық меншікті қорғау жөнінде заңдардың жүйесі.

4.Авторлық шарт түсінігі, белгілері.

5.Автролық шарттың мазмұны.

6.Фонограмма жасаушылардың, эфирлік және кабельдік хабар таратушылардың құқықтары.

7.Сабақтас құқықтарды жүзеге асыру және қорғау.

8. Интеллектуалдық меншік құқығының объектілері

9. Интеллектуалдық меншік объектілеріне жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар

10.Интеллектуалдық меншік объектілеріне айрықша құқықтар

11. Лицензиялық шарт

12. Айрықша құқықтардың басқа адамға ауысуы

13. Айрықша құқық және меншік құқығы

14. Айрықша құқықтарды қорғау әдістері

15. Патенттік құқықтың жалпы сипаттамасы.

16. Объектінің патентке қабілеттігінің шарттары

17. Авторлық құқықты қорғау белгісі

18. Авторлық құқық объектілері болып табылмайтын туындылар

19. Автордың жеке мүліктік емес құқықтары

20. Ресми құжаттардың, мемлекеттік рәміздер мен белгілердің жобаларына құқық

Пән бойынша №2 аралық бақылауды тапсыру үшін коллоквиум сұрақтары

1.ҚР аумағында авторлық құқықтың қолданылуы

2. Сабақтас құқықтардың субъектілері және объектілері.

3. Автордың қызметтік өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі алу үшін сыйақы алуға құқығы

4. Сабақтас құқықтардың қолданылуы

5. Сабақтас құқықтар субъектілерінің құқықтарын қорғау

6.Өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге құқық

7. Патенттік құқықтарды беру туралы шарт

8.Инновациялық патент пен патентті бұзғаны үшін жауапкершілік

9. Селекциялық жетістіктерге құқық

10. Өсімдіктердің жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқықтық қорғаудың талаптары

11.Патент иесінің міндеттері

12. Интегралды микротәсімдер топологиясына құқықтарды қорғау талаптары

13. Топологияларды тіркеу

14. Интегралды микротәсімдер топологиясына айрықша құқық

15. Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы

16.Фирмалық атауға құқық

17. Фирмалық атауды иеліктен алу құқығы

18.Тауар белгісін пайдалану құқығы

19. Авторлық құқықты қорғаудың халықаралық мәселелері.

20.Патент беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық.

Қолданылатын әдебиеттердің тізімі:

Нормативтік-құқықтық актілер:

1.ҚР Конституциясы. 30.08.1995ж. 02.02.2011 жылғы № 403-IV заңында енгізілген өзгертулер мен толықтырулармен.

2.ҚР Азаматтық Кодексі (жалпы бөлім). 27.12.1994ж. 12.01.2012 жылғы №537- IV, №538- IV, №539- IV заңдарында енгізілген өзгертулер мен толықтырулармен.

3.ҚР Азаматтық Кодексі (ерекше бөлім). 05.07.1999ж. 27.12.1994ж. 12.01.2012 жылғы №537- IV, №538- IV, №539- IV заңдарында енгізілген өзгертулер мен толықтырулармен.

4.«Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» ҚР Заңы. 10.06.1996.

5.ҚР Патент Заңы. 16.07.1999.

6.«Тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және тауар шығарылатын жердің атауы туралы» ҚР Заңы. 26.07.1999.

7.«Интегралды микросхемалар топологиясын құқықтық қорғау туралы» ҚР Заңы. 4.07.1992.

8.«Селекциялық жетістіктерді қоғау туралы» ҚР Заңы. 19.06.1997.

9.«Өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы» 1883 ж. Париж Конвенциясы.

10.«Тауар белгілерін тіркеу туралы» 1891 ж. Мадрид келісімі.

11.«Авторлық құқықтар туралы» 1952 ж. Женева Конвенциясы.

12.«Интеллектуалдық меншіктің бүкіләлемдік ұйымын бекіту туралы» Стокгольм Конвенциясы.

13.«Патенттік кооперация туралы шарт» 1970 ж. Вашингтон.

14.«Евразиялық патенттік Конвенция» 1994 ж. Москва.

15.«Әдебиет және бейнелеу туындыларын қорғау туралы» Берн Конвенциясы.

Негізгі әдебиеттер

1.Азаматтық құқық. І-том. Жоғарғы оқу орындарына арналған оқулық (академиялық курс) Жауапты ред. М.К.Сүлейменов, Ю.Г.Басин. -Алматы: ҚазГЗУ, 2003ж.

2.Е.Ш. Дүсіпов, О.К. Қағазов. Қазақстан Республикасының азаматтық құқы. Жалпы бөлім Оқу құралы - Алматы, 2006.

3. Ғ.А. Жайлин. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Ерекше бөлім. 1-ші том. Оқулық Ғ.А. Жайлин.- Алматы: Заң әдебиеті, 2006.

4. Ғ.А. Жайлин. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Ерекше бөлім. 2-ші том. Оқулық Ғ.А. Жайлин.- Алматы: Заң әдебиеті, 2008.

5. Комментарий к ГК РК. Особенная часть. / Отв. ред. М.К. Сулейменов, Ю.Г. Басин. – Алматы: Жетi Жарғы, 2005г.

6.Интеллектуальная собственность в Республике Казахстан. Сборник нормативных актов. –Алматы:Юрист, 2012г.

7.Каудыров Т.Е. Гражданско-правовая охрана объектов промышленной собственности. –Алматы, 2008г.

8.Каудыров Т.Е. Право интеллектуальной собственности в вопросах и ответах. –Алматы, 2011г.

9.Ынтымақов, С.А. Азаматтық құқық: Практикум. Жалпы және ерекше бөлім.1-2 бөлім. - Алматы: Заң әдебиеті, 2006.

10.Сәбікенов С., Сәбікенова Г.Заң терминдері мен ұғымдарының қазақша-орысша орысша-қазақша сөздігі. 17000 жуық термин. Казахско-русский русско-казахский словарь юридических терминов и понятий. Около 17 000 терминов. - Алматы: Жетi жарғы, 2007.

Бақылау өлшем құралы

  1. Интеллектуалдық меншік құқығының түсінігі және оның объектілерін атап көрсетіңіз.

  2. Интеллектуалдық меншік құқығына жалпы сипаттама беріңіз.

  3. Интеллектуалдық меншік құқығының негізгі объектілеріне сипаттама беріңіз.

  4. Интеллектуалдық меншік құқығының негізгі институттарын атаңыз.

  5. Авторлық құқыққа жалпы сипаттама беріңіз.

  6. Патенттік құқыққа жалпы сипаттама беріңіз.

  7. Интеллектуалдық меншікті қорғау жөнінде заңдардың жүйесін саралаңыз.

  8. Интеллектуалдық меншікке байланысты негізгі құқықтық актілерге сипаттама беріңіз.

  9. Интеллектуалдық меншікке байланысты негізгі халықаралық актілерді атаңыз.

  10. Авторлық құқық және авторлық құқық объектілері дегеніміз не?

  11. Авторлық құқыққа жалпы сипаттама беріңіз.

  12. Авторлық құқықтық қатынастардың субъектілерін атап көрсетіңіз.

  13. Туындының түсінігіне, түрлері, белгілеріне сипаттама беріңіз.

  14. Туынды деп танылмайтын объектілерді атаңыз.

  15. Тең авторлық дегеніміз не?

  16. Тең авторлық түсінігі, түрлеріне сараптама жасаңыз.

  17. Тең авторлардың туындыға деген құқықтарына сипаттама жасаңыз.

  18. Авторлық шарт түсінігі, белгілеріне анықтама беріңіз.

  19. Авторлық шарт түсінігі және түрлерін сипаттаңыз.

  20. Авторлық шарттың мазмұны неден құралады?

  21. Авторлық шарттың жасалуы, өзгеруі және тоқтатылуы негіздерін атаңыз.

  22. Айрықша құқық және лицензиялық шарт дегеніміз не?

  23. Айрықша құқықтар түсінігі, түрлеріне сипаттама беріңіз.

  24. Лицензиялық шарттың мазмұнын сипаттаңыз.

  25. Сабақтас құқықтар түсінігі, мазмұнына сипаттама беріңіз.

  26. Сабақтас құқықтарға сипаттама беріңіз және түрлерін атаңыз.

  27. Сабақтас құқықтардың субъектілерін атаңыз.

  28. Сабақтас құқықтарды жүзеге асыру және қорғау қалай жүзеге асырылады?

  29. Сабақтас құқықтарды жүзеге асыру механизмдері қалай жүзеге асырылады?

  30. Сабақтас құқықтардың қорғалуын қамтамасыз ету дегеніміз не?

  31. Патенттік құқыққа жалпы сипаттама беріңіз.

  32. Патенттік құқық түсінігі, пәні, жүйесіне сипаттама беріңіз.

  33. Объектілерді патенттеу дегеніміз не және маңызы неде?

  34. Объектінің патентке қабілеттігінің шарттарын атаңыз.

  35. Патенттеуге жататын объектілердің түрлерін атаңыз.

  36. Объектінің патент қабілеттігінің шарттары қандай?

  37. Патент алу жөнінде өтінім беру тәртібі қалай жүзеге асырылады?

  38. Патент алуға деген өтініштің мазмұнына сипаттама беріңіз .

  39. Патент алуға деген өтінішті қабылдайтын органдардың құзіретін атап көрсетіңіз.

  40. Патент алуға деген өтінімге сараптама жасау қалай жүзеге асырылады?

  41. Өтінімге жасалатын сараптаманың түрлерін атаңыз.

  42. Өтінім бойынша қорытынды беру қалай жүзеге асырылады? Қорытындының түрлерін атаңыз.

  43. Патентке байланысты дауларды қарау тәртібіне сипаттама жасаңыз.

  44. Патентке байланысты дауларды қарайтын органдарды атап көрсетіңіз.

  45. Патентке байланысты дауларды қарау тәртібін сипаттаңыз .

  46. Тауар таңбасы дегеніміз не және оның құқықтық қорғалуы қалай жүзеге асырылады?

  47. Тауар таңбасына қандай талаптар қойылады?

  48. Тауар таңбасының құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету жолдарын сипаттаңыз.

  49. Тауар шығарылатын жердің атауына деген құқықтарды қорғау тәсілдерін атаңыз.

  50. Тауар шығарылатын жердің атауына қандай талаптар қойылады?

  51. Тауар шығарылатын жердің атауын құқықтық қорғау жолдарын көрсетіңіз.

  52. Азаматтық айналым қатысушыларын ерекшелеудің басқа да құралдары қандай?

  53. Дараландыру құралдарын құқықтық қорғау әдістерін көрсетіңіз.

  54. Жаңалық түсінігі, мәні, белгілері, мазмұнына сипаттама беріңіз.

  55. Жаңалық деп танылмайтын объектілерді атап көрсетіңіз.

  56. Жаңалықтарды құқықтық қорғау механизмдеріне сипаттама жасаңыз.

  57. Жаңалықтарды құқықтық қорғау әдістерін атаңыз.

  58. Жаңалықтарға деген құқықтарды бұзу үшін жауапкершілік дегеніміз не?

  59. Коммерциялық құпияға құқықтық сипаттама беріңіз.

  60. Коммерциялық құпия түсінігі, мәні, белгілеріне не жатады?

  61. Коммерциялық құпия болып табылмайтын мәліметтер дегеніміз не?

  62. Коммерциялық құпияны құқықтық қорғау қалай жүзеге асырылады?

  63. Коммерциялық құпияның қорғалуын қамтамасыз ету әдістерін атап көрсетіңіз

  64. Коммерциялық құпияға қол сұғу үшін жауапкершілік дегеніміз не?

  65. Интегралдық микросхема топологиясы дегеніміз не?

  66. Интегралды микросхема топологияларына қойылатын талаптарды атап көрсетіңіз.

  67. Интегралды микросхемалар топологиясына байланысты мемлекеттік органдардың өкілеттігін атап көрсетіңіз

  68. Интегралдық микросхема топологияларын құқықтық қорғау қалай жүзеге асырылады?

  69. Интегралды микросхемалар топологияларына байланысты құқықтарды бұзу әрекеттеріне сипаттама беріңіз.

  70. Селекциялық жетістіктер дегеніміз не және оның мәні неде?

  71. Селекциялық жетістіктерге қойылатын талаптарды атап көрсетіңіз.

  72. Селекциялық жетістіктерге байланысты мемлекеттік органдардың қызметі неден көрінеді?

  73. Селекциялық жетістіктерді құқықтық қорғау дегеніміз не?

  74. Селекциялық жетістіктерді заңсыз пайдалану әрекеттеріне сипаттама беріңіз.

  75. Селекциялық жетістіктерді құқықтық қорғау механизмдері қалай жүргізіледі?

  76. Авторлық құқықты қорғаудың халықаралық мәселелеріне жеке-жеке сипаттама беріңіз.

  77. Авторлық құқыққа байланысты халықаралық ынтымақтастықты саралаңыз.

  78. Авторлық құқыққа арналған халықаралық актілерді атаңыз.

  79. Патент беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық дегеніміз не?

  80. Халықаралық деңгейде патенттеу түсінігіне және маңызына тоқталыңыз.

  81. Патенттеу саласындағы халықаралық актілер дегеніміз не?

  82. Интеллектуалдық меншіктің басқа объектілерін қорғаудың халықаралық мәселелерін атаңыз.

  83. Коммерциялық құпияларды қорғаудың халықаралық мәселелеріне сипаттама беріңіз.

  84. Басқа да объектілерді халықаралық деңгейде қорғау дегеніміз не?

Дәріс кешені

1 тақырып. Интеллектуалдық меншік түсінігі және оны құқықтық қорғау жүйесі.

Жоспар:

1. Интеллектуалдық меншік түсінігі және оның объектілері.

2. Интеллектуалдық меншік құқығының негізгі институттары.

3. Интеллектуалдық меншікті қорғау жөнінде заңдардың жүйесі.

Негізгі ұғымдар: интеллектуалдық меншік, интеллектуалдық меншік құқығы, объект, интеллектуалдық қызмет,пайдалану құқығы, автор, жеке мүлік.

1. Интеллектуалдық меншіктің түсінігі. ҚР АК 115 бабы азаматтық құқықтар объектілері қатарына интеллектуалдық қызмет нәтижелерін, соның ішінде оларға деген айрықша құқықтарды жатқызады. АК 125 б. сәйкес заң актілерінде белгіленген реттер мен тәртіп бойынша азаматтың немесе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметінің нәтижесіне және оларға теңестірілген заңды тұлғанаң өзі орындайтын жұмыстың немесе қызметтің өнімдеріне (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және т.б.) деген айрықша құқығы танылып қорғалады. Интеллектуалдық меншік құқығы дегеніміз, интеллектуалдық қызмет нәтижелеріне, сондай-ақ оған теңестірілген өзге де объекілерге, соның ішінде азаматтық айналым қатысушыларын және олар өндіретін өнімдерді дараландыру құралдарына деген айрықша құқықтардың жиынтығы.

Шығармашылық қызмет нәтижесін жасаушы оны пайдалану құқығын иеленеді және ол құқық өзге тұлғаларға еркін беріледі. Бұл құқық мүліктік құқықтар қатарына жатады және бірқатар белгілері бойынша меншік құқығына ұқсас. Екінші жағынан автор жеке мүліктік емес құқықтардың жиынтығын иеленеді, айталық авторлық құқық, авторлық есімге құқық және т.б. Бұлар өздерінің табиғаты бойынша өз иесінен бөгделене алмайды. Мүліктік және мүліктік емес құқықтар бір-бірімен тығыз байланысты және біртұтас құрылым болып табылады.

АК 961 б. сәйкес интеллектуалдық меншік құқығының объектілеріне мыналар жатады:

интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелері;

азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмыстарды немесе қызмет көрсетулерді дараландыру құралдары.

Интеллектуалдық шығармашылық қызметтің нәтижелеріне төмендегілер жатады:

  • ғылым, әдебиет және өнер туындылары;

  • орындау, фонограмма және хабар таратуды ұйымдастыру;

  • өнертабыс;

  • селекциялық жетістіктер;

  • интегралдық микросызба топологиялары;

  • ашылмаған ақпарат, оның ішінде өндіріс құпиялары;

  • АК-те немесе өзге заң актілерінде көзделген реттерде интеллектуалдық шығармашылық қызметтің басқа да нәтижелері.

Азаматтық айналымға қатысушыларды, тауарларды, жұмысшыларды немесе қызмет көрсетулерді дараландыру құралдарына төмендегілер жатады:

  • фирмалық атаулар;

  • тауарлық белгілер (қызмет көрсету белгілері);

  • тауарлар шығарылатын жерлердің тауарларды (шығатын жерін көрсету);

  • АК-те және заң актілерінде көзделген реттерде азаматтық айналымға қатысушылардың, тауармен қызмет көрсетулердің басқа да дараландыру құралдары.

2. Интеллектуалдық меншік обьектілерін пайдалануға және қорғауға байланысты қатынастар азаматтық құқықтың реттеу пәніне кіреді. Жекелеген интеллектуалдық қызмет нәтижесіне жене оған теңестірілген объектілерге айрықша құқықтарды қорғауға арналған нормалардың жиынтығы азаматтық құқықтың бір саласы болатын интеллектуалдық меншік құқығы саласын құрайды. Интеллектуалдық меншік боъектілерінің ерекшеліктерін және аталған саланың қайнар көздерін ескере отырып интеллектуалдық меншік құқығы саласын төрт дербес институтқа бөлуге болады:

1. Авторлық және сабақтас құқықтар институты. Бұл институт ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық) құруға және пайдалануға байланысты қатынастар, фонограммаларды, орындауларды, қойылымдар, эфирлік және кабельдік тарату ұйымдарының хабарларды жасау және пайдалануына байланысты қатынастарды (сабақтас құқықтар) реттейді.

Авторлық құқықтың негізгі міндеті біріншіден ғылым, әдебиет және өнер салаларында шығармашылық еңбекпен айналысу үшін жағдайлар жасауға ықпал ету, авторлардың өз туындысын пайдалануға және табыстарды алуға құқығын бекіту және т.с.с., екіншіден - туындыларды қоғам мүддесі үшін кең қолдануға жағдай жасау.

2. Патенттік құқық институты. Авторлық құқық сияқты, патенттік құқық интеллектуалдық шығармашылықтың өнімдері болып табылатын материалдық емес игіліктерді қорғау және пайдалануға байланысты. Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі ғылым, әдебиет және өнер туындылары сияқты авторлық құқықпен қорғалатын, ой қызметінің нәтижесі ретінде, қандай да бір техникалық немесе көркем-конструкторлық міндеттердің шешімдері ретінде болады. Олар өндіріске енгізу нәтижесінде ғана нақты бұйымдарға, құрылымдарға, механизмдерге, процестерге, заттарға және т.б айналады. Егер ғылым, әдебиет, өнер туындыларының негізгі құндылығы олардың даралығын бейнелейтін көркемдік нысаны мен тілі болса, патенттік құқық объектілерінің құндылығы - өнертабысшылар ойлап тапқан шешімдердің мазмұны болады. Іс жүзінде қайталанбас және тек алып пайдаланылуы мүмкін авторлық туындының нысанынан айырмашылығы, құрылғы, әдіс, заттар немесе бұйымның сыртқы түрін өзге тұлғалар оның авторынан тәуелсіз жасай алады.

3. Азамматтық айналым қатысушыларын және олар өндіретін өнімдерді (жұмыс, қызмет) дараландыру құралдары институты патенттік құқық сияқты, өнеркәсіптік меншікке, яғни өндіріс, сауда айналымы, қызмет көрсету және т.б. салаларда жүзеге асырылатын айрықша құқықтармен байланысты. Бірақ айрықша құқықтарды иеленушілерді қоғау, патент иеленушілер мен өнертабысшылардың құқықтарын қорғауға қарағанда біршама өзге принциптерде құрылады. Мысалы, заң кәсіпкерлерді және олардың өнімдерін дараландыру құралдарын шығармашылық қызмет нәтижелері ретінде қарастырмайды және оларды нақты жасаушылардың қандай-да бір ерекше құқықтарын танымайды.

Фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және өнеркәсіптік меншіктің өзге ұқсас объектілеріне байланысты нормалардың негізгі міндеті өндірушілерді және олардың тауарларын (жұмыстарын, қызметтерін) тиісінше дараландыруды қамтамасыз ету.

Кәсіпкердің коммерциялық аты болып табылатын фирмалық атау оның іскерлік беделімен тығыз байланысты. Осы атауды пайдалану барысында кәсіпкер әртүрлі әрекеттер жасайды, өз өнімін жарнамалайды және өткізеді т.б. Тұтынушы алдында беделді және әріптестеріне сенімді пайдаланылатын фирмалық атау кәсіпкерге тиімді. Сондықтан фирмалық атау маңызды мүліктік емес, жеке игілік ретінде қарастырылуы қажет. Фирмалық атауды ақпараттық қызмет атқарады, өйткені ол үшінші тұлғаларға кәсіпорынның типі және ұйымдық нысаны туралы мәлімет береді.

4. Интеллектуалдық меншіктің дәстүрлі емес объектілерін қорғау институты. ҚР Азаматтық құқығы селекциялық жетістіктерді, интегралды микротәсімдер топологияларын, қызметтік және комерциялық құпияны құрайтын ақпаратты және интеллектуалдық қызметтің өзге нәтижесін қорғауды қамтамасыз етеді. Рационализаторлық ұсыныстар, ғылыми жаңалықтар ҚР құқығы үшін айрықша орын алады. Бұлардың барлығын интеллектуалдық меншіктің дәстүрлі емес объектілеріне жатқызуға болады. Аталған объектілердің барлығы интеллектуалдық еңбектің нәтижелері болып табылады және оларды жасаушының иелігінен негізсіз шығарылмайды.

3. 1992 жылдан бастап осы күнге дейін Қазақстан Республикасында интеллектуалдық меншік мәселелерін реттеудің нормативтік-құқықтық негізі қалыптасты, біршама маңызды шығармашылық объектілерінің статусы анықталды, интеллектуалдық меншік құқықғы саласы қалыптасып, дамып келе жатыр. Бұл саланы ұлттық заңдардың нормалары және халықаралық құқықтың қайнар көздері құрайды.

Бірінші топты АК Жалпы бөлімнің 14, 38, 59, 115, 119, 125 баптары және «Интеллектуалдық меншік құқығы» атты 5-ші тарауы, «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» 1996 жылдың 10 маусымындағы ҚР Заңы, 1999 жылдың 16 шілдесіндегі ҚР «Патенттік Заңы», 1998 жылдың 26 шілдесіедегі «Тауарлық белгілер, қызмет көрсету белгілері және тауарлардың шығу жерлерінің атауы туралы» ҚР Заңы, 1999 жылдың 13 шілдесіндегі «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» ҚР Заңы, 2001 жылдың 29 маусымындағы «Интегралды микротәсілдер топологияларын құқықтық қорғау туралы» ҚР Заңы т. б. нормативтік-құқықтық актілер құрайды.

Халықаралық құқықтың қайнар көздері көпжақты және екіжақты келісімдерге бөлінеді: Қазақстан Републикасы қатысатын көп жақты келісімдерге:

а) Авторлық және сабақтас құқықтар саласында – 1952 жылдың қыркүйегіндегі авторлық құқық туралы Бүкіләлемдік (Женева) конвенциясы; Әдеби және көркем туындыларын қорғау туралы Берн конвенциясы (6.09.1886 ж.); Фонограммаларын заңсыз қайта жаңғыртудан фонограмма жасаушылардың мүдделерін қорғау туралы Конвенция (29.10.1971 ж.) т.б.

ә) Өнеркәсіптік меншік объектілері саласында - Өнеркәсіптік меншікті қорғау бойынша Париж конвенциясы 1883 жыл 20 март; Патенттік кооперация туралы шарт (19.06.1970 ж.). Белгілерді халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісімі (19.06.1970 ж.) «Белгілерді тіркеу үшін тауарлар мен қызметтерді халықаралық классификациялау туралы» Ницца келісімі (15.06.1957 ж.); «Халықаралық патенттік классификация туралы» Страсбург келісімі (20.03.1971 ж.); «Евразиялық патенттік конвенция» (9.09.1994 ж.); «Тауарлық белгілер бойынша заңдар туралы » шарт (27.10.1994 ж.). Бұл топқа ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің «Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау саласында ынтымақтық туралы» (24.09.1993 ж.); «Интеллектуалдық меншік саласында құқықтық бұзуларды алдын алу туралы» (6.03.1998 ж.) және т.б. көпжақты келісімдері де жатады.

2 тақырып. Авторлық құқық.

Жоспар:

  1. Авторлық құқық түсінігі, авторлық құқық объектілері.

  2. Тең авторлық.

Негізгі ұғымдар: авторлық құқық, авторлық репутация, шығармашылық, тең авторлық, авторлық құқық объектілері, туынды, авторлық есім,

1. Автролық құқық санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын, қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi.

Авторлық құқықтың принциптері:

  1. Шығармашылық еркіндік принципі;

  2. Авторлық жеке мүдделерін қоғам мүдделерімен сәйкестендіру;

  3. Автордық жеке мүліктік емес құқықтарының иелікпен шығарылмайтындығы. Авторлық құқық, авторлық есімге құқық, авторлық репутациясын қорғауға құқық мұрагерлік бойынша ауыспайды, туындыларды еркін пайдалану жағдайларына автордың есімін белгілеу міндетті және т.с.с. Автордың мүліктік құқықтары авторлық шарт бойынша, мұрагерлік тәртібінде, сондай-ақ заңға сәйкес (қызметтік туындылар) өзге тұлғаларға беріле алады.

  4. Авторлық шарт еркіндігі.

      Авторлық құқық ҚР аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ авторлардың немесе олардың құқықтық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болсын объективтi нысанда болатын туындыларға қолданылады.

Авторлық құқық объектілеріне мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындылары жатады. Ол жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты), ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық т.б.), үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық), бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне, фотокадрлар), көлемдi-кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты), өзге де нысанда жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшiлiк алдында орындалған, көпшiлiк алдында көрсетiлген), жарияланбаған да туындылар нысанында болуы мүмкін.

      Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.

      Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:

  • әдеби туындылар;

  • драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;

  • сценарий туындылары;

  • хореография және пантомима туындылары;

  • мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;

  • дыбыс-бейнежазу туындылары; 

  • кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;

  • қолданбалы өнер туындылары;

  • сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ өнерi туындылары;

  • суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;

  • карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;

  • ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;

  • өзге де туындылар.

      Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:

      1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);

      2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.

      Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды:

  • ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;

  • мемлекеттiк нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк нышандар мен белгiлер);

  • халық шығармашылығы туындылары;

  • оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.

      Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Құқық пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.

      Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:

      1) қоршауға алынған латынша "С" әрпi;

      2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);

      3) туындының алғаш жарияланған жылы.

     Өзге дәлелдер болмаған жағдайда туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы деп саналады.

      Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар.

2. Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады.

      Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.

Егер тең авторлар арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келiсiм арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.

Дыбыс-бейнежазу туындысының авторлары (тең авторлары)төмендегілер:

  • сценарий авторы;

  • дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының авторы (сазгер);

  • қоюшы-режиссер;

  • қоюшы-оператор;

  • қоюшы суретшi.

Бұрын шығарылған, қайта өңделген немесе дыбыс-бейнежазу туындысының құрамдас бөлiгi ретiнде енгiзiлген туынды авторы да дыбыс-бейнежазу туындысының тең авторы болып саналады.

Дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға немесе бұрын жасалған туындыға құқық беруге авторлық шарттың жасалуы, осы туынды авторларының (немесе бұрын жасалған туынды авторларының және өзге де авторлық құқықтар иелерiнiң) дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушыға, егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалануға айрықша құқық беруiне әкеп соғады.

Дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушы бұл туынды кез келген жағдайда пайдаланылса да өз есiмiн немесе атауын көрсетуге, не солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы. 

Дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы шығарылған музыкалық туындының (мәтiнмен немесе мәтiнсiз) авторы осы музыкалық туындының дыбыс-бейнежазу туындысы ретiнде көпшiлiк алдында әрбiр орындалуы жағдайында оның көпшiлiкке хабарланғаны, сондай-ақ дыбыс-бейнежазу туындысы данасының прокатқа (жалға) берiлгенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.

Дыбыс-бейнежазу туындысына құрамдас бөлiк ретiнде енген, бұрыннан бар (сценарий негiзiне алынған роман авторы және басқалар), сондай-ақ жұмыс процесiнде туған (қоюшы-оператор, қоюшы-суретшi және басқалар) туындылар авторларының әрқайсысы өз туындысына авторлық құқықты пайдаланады.

Қызметтік туындылар. Қызмет бабында мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртiбi бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авторы иеленедi.

Егер жұмыс берушi мен автор арасындағы шартта көзделсе және өзгеше көзделмесе, қызметтiк туындыны пайдалануға мүлiктiк құқықты жұмыс берушi иелендi.

Қызметтiк туынды кез келген жағдайда пайдаланылса, жұмыс берушi өз атауын көрсетуге немесе солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.

Туынды табыс етiлген кезден бастап он жыл өткеннен кейiн, ал жұмыс берушi келiскен жағдайда - одан да ертерек, жұмыс берушiмен жасасқан шартқа қарамастан, оның туындыны пайдалануға және авторлық сыйақыны алуға толық көлемде авторлық құқығы болады.

Қызмет бабындағы мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмаларын орындау тәртiбiмен энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, ғылыми еңбектердiң мерзiмдi және жалғастырыла беретiн жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жасауға бұл ережелер қолданылмайды.

Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:

  • туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);

  • туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);

  • туындының атауымен қоса, оған қол сұғуға жол бермеу, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың ар-ожданына яки беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).

  • туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (жариялау құқығы).

Автордың туындыны пайдалануға қатысты мынадай мүліктік құқықтары болады:

  • туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);

  • туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген тәсiлмен тарату: сату, айырбастау, прокатқа беру т.б. операциялар жасау (тарату құқығы); 

  • тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);

  • туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);

  • туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);

  • туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);

  • жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);

  • жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);

  • туындыны аудару (аудару құқығы);

  • туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);

Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi. Туындыны автордың немесе құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей төмендегідей пайдалануға болады:

  • заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;

  • заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде пайдалану;

  • ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмелеуге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнауы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;

  • көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;

  • ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру немесе кинематография құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар;

  • заңды түрде жарияланған туындыларды бедерлi-нүкте жазумен немесе зағип адамдарға арналған басқа да арнайы тәсiлдермен, осылайша көшiрмелеу үшiн арнайы жасалған туындыларды қоспағанда, пайда таппай көшiрмелеу.

Авторлық құқық мерзімі. Авторлық құқық, автордың бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

Авторлық құқығын, оның есiмнiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.

      Жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған туындыға авторлық құқы ол туынды заңды түрде жарияланған күннен кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

      Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Егер автор қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталса, онда құқық қорғаудың осы бапта көзделген мерзiмi ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.

Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуi олардың қоғамдық игiлiкке айналғандығын бiлдiредi.

Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды кез-келген адам авторлық сыйақы төлемей еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiнiң құқығы мен оның беделiн қорғау құқығы сақталуға тиiс.

Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды пайдаланушылар авторлардың шығармашылық қызметiне ықпал ету, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында авторлардың кәсiби қорына немесе авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдарға қаржы аударуға ерiктi.

3 тақырып. Автролық шарт.

Жоспар:

  1. Авторлық шарт түсінігі, белгілері.

  2. Автролық шарттың мазмұны.

Негізгі ұғымдар: авторлық шарт, мүліктік құқық, туынды, туындыны пайдалану, тапсырыс.

1. Автордың заңда белгіленген мүлiктiк құқықтары толық немесе iшiнара берiлуi, сондай-ақ айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт бойынша немесе айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт бойынша пайдалануға берілуі мүмкін.

Мүлiктiк құқықтарды қалай да болсын басқаға беру автордың және мүлiктiк құқықтар берiлетiн адамның қолы қойылатын жазбаша шартпен ресiмделуге тиiс.

Айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт осы құқықтар берiлген адамға ғана туындыны белгiлi бiр әдiспен және шартта белгiленген шекте пайдалануға рұқсат етедi және мұндай адамға басқа адамдардың туындыны осылайша пайдалануына тыйым салу құқығын бередi. Егер айрықша құқықтар берiлген адам бұл құқықты қорғауды жүзеге асырмаса, туындының авторы басқа адамдарға туындыны пайдалануға тыйым салуға құқылы.

Айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт пайдаланушыға осындай құқықты берген айрықша құқық иесiмен және осы туындыны сондай әдiспен пайдалануға рұқсат алған басқа адамдармен туындыны тең жағдайда пайдалануға рұқсат етедi.

2. Авторлық шартта:

  • туындыны пайдалану әдiстерi (осы шарт бойынша берiлетiн нақты құқықтар);

  • құқық берiлетiн мерзiм мен аумақ;

  • сыйақы мөлшерi және (немесе) туындыны пайдаланудың әрбiр әдiсi үшiн сыйақы мөлшерiн белгiлеу тәртiбi, оны төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ тараптар осы шарт үшiн маңызды деп есептейтiн басқа да жағдайлар көзделуге тиiс.

Авторлық шартта құқықтың берiлу мерзiмi туралы ереже болмаған жағдайда, егер пайдаланушыға бұл жөнiнде шарттың бұзылуына дейiн үш ай бұрын жазбаша хабарланған болса, автор шартты ол жасалған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұза алады.

Авторлық шартта құқық берiлетiн аумақ туралы ереже болмаған жағдайда шарт бойынша берiлетiн құқықтың қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.

Шарт жасалған кезде белгiсiз болған туындыны пайдалану құқықтары авторлық шарт мәселесi бола алмайды. Сыйақы туындыны тиiсiнше пайдалану әдiсiне сәйкес түсетiн табыс процентi түрiнде немесе, шартта көрсетiлген сома түрiнде не басқаша түрде белгiленедi.

Авторлық шарт бойынша берiлген құқықтар, егер ол тек шартта тiкелей көзделген болса, басқа адамдарға түгелдей немесе iшiнара берiлуi мүмкiн. Автордың болашақта белгiлi бiр тақырыпта немесе белгiлi бiр салада туынды жасауына шек қоятын авторлық шарт ережесi жарамсыз болып табылады.

Авторлық шарт жазбаша түрде жасалуға тиiс. Туындыны мерзiмдi баспасөзде пайдалану туралы авторлық шарт ауызша түрде жасалуы мүмкiн.

Электрондық нысанда жасалған туындылардың, соның iшiнде ЭЕМ-ге және деректер базасына арналған бағдарламаның даналарын сату кезiнде, сондай-ақ көпшiлiк пайдаланушыларға оны пайдалануға рұқсат беру кезiнде оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де шарт нысандары мен оларды жасасу тәртiбiн қолдануға болады.

Авторлық шартта көрсетiлген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған тарап екiншi тарапқа келтiрiлген залалды, соның iшiнде алынбаған пайдасын өтеуге мiндеттi.

Тапсырыстың авторлық шарты бойынша автор шарт ережелерiне сәйкес туынды жасап, оны тапсырысшыға беруге мiндеттенедi. Тапсырыс берушi шартта келiсiлген сыйақы есебiнен авторға аванс төлеуге мiндеттi. Аванстың мөлшерi, төлеу тәртiбi мен мерзiмi тараптардың келiсуiмен шартта белгiленедi. Тапсырыс шартының ережелерiне тапсырыс туындысын табыс етпеген автор тапсырыс берушiге келтiрген нақты зиянды өтеуге мiндеттi.

4 тақырып. Фонограмма жасаушылардың, эфирлік және кабельдік хабар таратушылардың құқықтары.

Жоспар:

  1. Сабақтас құқықтар түсінігі, мазмұны.

  1. Сабақтас құқықтарды жүзеге асыру және қорғау.

Негізгі ұғымдар: сабақтас құқық, сабақтас құқықтарды қорғау, қойылымдар, фонограмма, эфирлік хабар, кабельдік хабар.

1. Фонограмма жасаушылардың, эфирлік және кабельдік хабар таратушылардың құқықтары сабақтас құқықтар деген ортақ атаумен қамтылады.

Сабақтас құқықтар қойылымдарға, орындаушылықтарға, фонограммаларға, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларына олардың мақсатына, мазмұны мен сапасына, сондай-ақ жеткiзiлу әдiсi мен нысанына қарамастан қолданылады.

Орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдары сабақтас құқықтардың субъектiлерi болып табылады.

Фонограмма жасаушы, хабар таратушы ұйым заңда көзделген құқықтарын орындаушымен және фонограммаға жазылған не эфирде немесе кабель бойынша берiлетiн туындыны орындаушымен және оның авторымен жасалған шарт бойынша алған құқықтары шегiнде жүзеге асырады.

Орындаушы өз құқықтарын орындалатын туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда жүзеге асырады.

Сабақтас құқықтардың пайда болуы және жүзеге асырылуы үшiн қандай да болсын формальдылықты сақтау талап етiлмейдi. Фонограмма жасаушы және (немесе) орындаушы өз құқықтары туралы хабарлау үшiн фонограмманың әр данасында және (немесе) оның әрбiр қорабында көрсетiлетiн және үш элементтен тұратын сабақтас құқықтарды қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, олар:

  • қоршауға алынған латынша Р әрпi: Р;

  • айрықша сабақтас құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);

  • фонограмманың алғаш жарияланған жылы.

Егер өзгеше дәлелденбесе, фонограммада және (немесе) оның қорабында есiмi немесе атауы көрсетiлген жеке немесе заңды тұлға фонограмма шығарушы болып танылады.

Орындаушының құқықтары заңның 36 б. сәйкес мына жағдайларда танылады :

  • орындаушы ҚР азаматы болса;

  • орындаушылық, қойылым алғаш рет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса;

  • орындаушылық, қойылым осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын фонограммаға жазылса;

  • фонограммаға жазылмаған орындаушылық, қойылым осы баптың 3-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабарына енгiзiлген болса.

Фонограмманы жасаушының құқықтары осы Заңға сәйкес мына жағдайларда ҚР аумағында алғаш рет жарияланды деп саналады:

  • фонограмма жасаушы ҚР азаматы немесе ҚР аумағында ресми тұрғылықты жерi бар заңды тұлға болса;

  • фонограмма тұңғыш рет ҚР аумағында жарық көрсе, танылады. Егер фонограмма ҚР-нан тыс жерлерде жарияланған күннен кейiн отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса.

Заңда көзделген реттердi қоспағанда, орындаушыға мынадай мүлiктiк емес жеке және мүлiктiк құқықтар берiледi:

  • есiмiнiң құқығы;

  • орындаушылықты немесе қойылымды орындаушының ар-намысына және қадiр-қасиетiне нұқсан келтiре алатын кез келген бұрмалаудан немесе өзге де қолсұғушылықтан қорғалу құқығы (беделiн қорғау құқығы); 

  • орындаушылықты немесе қойылымды пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, кез-келген түрде пайдалану.

2. Мүлiктiк емес жеке құқықтар орындаушыға оның мүлiктiк құқықтарына қарамастан тиесiлi және орындаушылықты пайдалануға айрықша мүлiктiк құқықтарын берген жағдайда да олар өзiнде сақталып қалады. 

Орындаушының орындаушылықты немесе қойылымды пайдалануға айрықша құқықтары мынадай iс-әрекеттердi жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу құқығын бiлдiредi:

  • бұрын жазылмаған орындаушылықты немесе қойылымды жазу;

  • орындаушылық немесе қойылым жазбасын кез келген нысанда тiкелей немесе жанама қайта шығару;

  • орындаушылықтың немесе қойылымның жазбасын пайдаланбай-ақ  оны эфирге беру, кәбiл арқылы жалпыжұрттың назарына хабарлау немесе жеткiзу;

  • орындаушылық немесе қойылым жазбасын эфирге беру, кабель арқылы жалпыжұрттың назарына хабарлау немесе жеткiзу;

  • орындаушының қатысуымен орындаушылық немесе қойылым жазылған, коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы прокатқа беру.

Орындаушылықты фонограммаға жазуға шарт жасалған кезде бұл құқық фонограмманы шығарушыға ауысады. Бұл ретте орындаушы мұндай фонограмманың даналарын прокатқа (жалға) бергенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады. 

Орындаушының құқығы мына жағдайларда қолданылмайды:

  • орындаушылықтың немесе қойылымның бастапқы жазбасы орындаушының келiсiмiмен жасалған;

  • орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу оны жазу кезiнде орындаушының келiсiмi алынған мақсатпен жасалған;

  • орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу заңға сәйкес (41б.) жазба жүргiзiлген мақсатта жүзеге асырылған жағдайда.

Фонограмма жасаушы өз фонограммасы жөнiнде фонограмманы пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, фонограмманы кез-келген нысанда пайдалануға айрықша құқықтар иеленедi.

Фонограмманы пайдалануға айрықша құқықтар мынадай iс-әрекеттердi қамтиды:

  • фонограмманы тiкелей немесе жанама түрде кез келген нысанда қайта шығару;

  • меншiк құқығын сату немесе өзгеше беру арқылы фонограмманың түпнұсқасы мен даналарын тарату, оның iшiнде импорттау;

  • фонограмманы шығарушының өзі немесе оның рұқсатымен жүргізілген таратудан кейiн де фонограмманы прокатқа беру;

  • фонограмманы қайта жасау немесе кез келген тәсiлмен өңдеу;

  • фонограмманы жалпы жұрттың назарына жеткiзудi жүзеге асыру, жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу.

Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы жасаушының және осындай фонограммаға орындауы жазылған орындаушының келiсiмiнсiз, бiрақ сыйақы төлей отырып фонограмманы көпшiлiк алдында орындауға, эфирге беруге, кабель арқылы жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн хабарлауға жол берiледi.

Эфирлiк және (немесе) кабельдiк хабар тарату ұйымына оның хабарына қатысты хабарды кез келген нысанда пайдалануға және, мұндай рұқсат бергенi үшiн сыйақы алу құқығын қоса алғанда, хабарды пайдалануға рұқсат етуге айрықша құқықтар берiледi.

Хабарды пайдалануға айрықша құқықтар мынадай iс-әрекеттердi қамтиды:

  • хабарды эфирге беру;

  • жалпы жұрт назарына жеткiзу үшiн хабарды кәбiл арқылы хабарлау немесе хабарды эфирге беру;

  • хабарды жазып алу;

  • хабардың жазбасын көшiрмелеу;

  • жалпы жұрт назарына жеткізу үшін хабарды ақы төлеп кіретін  жерлерде хабарлау;

  • хабарды жалпы жұрт назарына жеткізуді жүзеге асыру, мұндай iс-әрекеттердi жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу.

Орындаушыға, фонограмманы жасаушыға, эфирде хабар тарату ұйымына, кабельдiк хабар тарату ұйымына қатысты құқықтар алғашқы орындалудан немесе қойылымнан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

Орындаушылыққа, қойылымға, фонограммаға, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарына сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмiнiң өтуi олардың қоғам игiлiгiне айналғанын бiлдiредi.