Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция материалдары (1).docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
253 Кб
Скачать
☆

4. Адам және экономика

Адамзат өмірінің материалдық жақтары

Адам өмірінің материалдық жақтары. Әрбір адамға лайықты өмір сүру үшін белгілі бір материалдық игіліктер қажет. Адамның ең негізгі материалдық қажеттіліктері – бұл тамақ, киім, баспана, денсаулық пен қауіпсіздік. Қажеттілік – өмірдің, қызметтің, материалдық объектілердің немесе белгілі бір әлеуметтік факторлардың белгілі бір жағдайларындағы мұқтаждық жай-күй, оларсыз бұл индивид жайсыздық жағдайды бастан кешіреді.

Адам мен қоғамның материалдық қажеттіліктері. Адамның қажеттіліктері саналуан болады. Азық-түлікке деген қажеттіліктер ағымдық тұтыну және ұзақ уақыт пайдаланылатын азық-түліктерге деген қажеттілікке бөлінеді. Адам қажеттіліктерінің көпшілігі ағымдық қажеттіліктер – бұл тамақ, ауызсу, киім, тұрғын үй және т.б. Ұзақ уақыт пайдалану қажеттіліктеріне бағалы терілер, қымбат бұйымдар, автомобильдің беделді маркалары, виллалар жатады. Адам материалдық қажеттіліктермен ғана шектеліп қоймайды.

Қоғамның дамуы адамның әртүрлі әлеуметтік қажеттіліктерін туындатады.

Америкалық ғалым А.Маслоу адамның мынадай қажеттіліктерін бөліп көрсетеді:

1. Физиологиялық (аштық, шөліркеу, демалыс, ұйқы);

2. Өзін-өзі сақтау (қауіпсіздік, қорғалғандық);

3. Әлеуметтік (адамдармен араласу, билік, махаббат);

4. Адамды жеке тұлға ретінде тану қажеттілігі (мәртебе, бедел);

5. Өзін-өзі көрсету қажеттігі (өздігінен даму, өзі қабілетін іске асыру).

Бұл ретте А.Маслоу қажеттіліктердің иерархиялылығын атап көрсетеді. Әрбір адам бәрінен бұрын, ең бастапқы қажеттіліктерді қанағаттандыруға тырысады. Қажеттілік қанағаттандырылған кезде ол адам мінез-құлқының қозғаушы уәжі болудан қалады. Адам маңыздылығы жағынан келесі қажеттіліктерді қанағаттандыруға ұмтылады. Адам қажеттіліктерінің өсуі, әдетте, өндіріс мүмкіндіктерінен озып кетеді және іс жүзіндегі тұтыну көлемімен сәйкес келмейді. Қоғамның экономикалық қажеттіліктері шексіз, ал экономикалық ресурстар шектеулі деуге болады. Осылайша, материалдық қажеттіліктердің тұрақты өсуі мен адам тұтынуының, сондай-ақ өндіріс мүмкіндіктерінің арасындағы қарама-қайшылық өндіріс үдерісіне, жаңа тауарларды шығаруға түрткі болады. Ұстаным бойынша адам өзінің барлық табиғи қажеттіліктерін (өзіне тамақ, киім табу) өздігінше қанағаттандыра алады. Адам мен қоғамның тарихи дамуының бас кезінде осылай болды, әрбір отбасы қажетті нәрселермен өзін-өзі қамтамасыз етті. Алайда адам қажеттіліктерінің тұрақты өсуі ресурстарды тиімді пайдалану қажеттігін туындатады. Ресурстарды тиімді пайдалану әдістерінің бірі мамандандыру мен еңбектің қоғамдық бөлінуі болып табылды.

Қоғамның дамуына қарай адамға өз қажеттіліктерін қанағаттандыру анағұрлым жеңілдеу бола түсті, өйткені өндіріс пайда болды, барлық қажетті заттарды жасау қажеттігі жоғалды. Адамға тауардың қандай да бір түрін шығаруды үйрену жеткілікті болды. Адамға қажет болғандардың бәрін ол басқа тауарларға айырбастай алды. Адам басқа адамдармен біртіндеп тауарлық қатынастарға кірісті. Нарық негіздері осылай қаланды.

Өзін қамтамасыз ету үшін адам басқаларға айырбас жасауды ұсынады. Айырбас нәтижесінде адам қажеттісін алады, ол жаңа қажеттіліктерді ұсынады. Осылайша оның тұтыну сұраныстары орындалады. Ал бұл үшін оған бұдан кейін өз тауарын өндіру қажет болды.

Экономиканың маңызы, оның қоғам өміріндегі рөлі. «Экономика» (грек. oikonomike – үй шаруашылығын жүргізу өнері) сөзі үй шаруашылығын жүргізу заңдарын білдірді. Бүгінгі күні бұл сөз арағұрлым кең мағынада қолданылады.

Экономика материалдық игіліктер өндірісі үдерісін, оларды айырбастау, бөлу мен адамдардың тұтынуын, сондай-ақ осының нәтижесінде олардың арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды білдіреді. Экономикалық қатынастар барлық басқа қатынастарды анықтайды, олардың базисі болып табылады.

Еңбек бөлінісі және маманданудың дамуына байланысты материалдық игіліктерді өндірушілер өзара тәуелді бола түседі. Еңбек бөлінісінің деңгейі жоғары болған сайын, бұл өзара тәуелділік те жоғарылайды, бұл олардың іс-әрекеттерін реттеу қажеттігінің артуына әкеледі. Тауар өндірушілердің іс-әрекеттерін реттеудің жиынтығы экономикалық жүйенің орнығуына жағдай жасайды.

Экономикалық жүйе – бұл белгілі бір қоғамда қалыптасқан шаруашылық тетіктерінің, заңдарының, экономикалық институттардың, меншік қатынастарының жиынтығы. Экономикалық жүйенің басты міндеті – қажетті тауарлар түрлерімен байланысты мәселелерді шешу, көрсетілетін қызмет түрлерін анықтау, қажетті технология мен өндіріс тәсілін таңдау, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар шеңберін анықтау. Осы проблемаларды шешу тәсіліне қарай экономикалық жүйе үш: дәстүрлі, әміршілік және нарықтық түрге бөлінеді. Дәстүрлі экономикалық жүйеде өндіріс, бөлу және тұтыну қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар негізінде жүреді. Әмішілік-әкімшілік экономикалық жүйеде бұл мәселелер директивалық нұсқаулар (бұйықтар, өкімдер) жолымен шешіледі. Ал нарықтық экономикада тауар өндірушілер бәсекелестікке бағдарланады.

Материалдық өндіріс – адамдардың өз тіршілігі үшін қажетті материалдық жағдайларды жасау мақсатымен табиғатты белсенді қайта өзгерту үдерісі. Адамның қажеттіктері өсіп келеді, сондықтан адам қажетті тауарларды өндіруге мәжбүр болады. Кез келген тауарды өндіру үшін төрт шарт қажет: 1) тауар жасалатын табиғи шикізат немесе табиғат заты; 2) көмегімен тауар өндірілетін еңбек құралдары; 3) тауар өндірісіне жұмсалатын адам еңбегі; 4) тауарды шығару үшін барлық шарттарды біріктіретін ұйымдастырушылық қызмет. Экономикалық тілде бұл шарттар өндіріс факторлары деп аталады. Өндіріс факторларына ғылыми-техникалық прогресс, басқа факторларды пайдалану тиімділігін арттыруға жағдай жасайтын ғылым жатқызылады.

Өндірістің қоғамдық сипаты бар және өзіне қатынастардың екі түрін: адамдардың табиғатқа қатынасын және адамдардың бір-біріне қатынасын қамтиды. Өндіріс өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардан құралады.

Өндіргіш күштер – бұл жұмыс күші, яғни білім мен шеберліктерді меңгерген субъектілер мен өндіріс құралдары, яғни технология мен еңбек құралдары. Өндірістік қатынастар – бұл ұйымдастыру формалары, бәрінен бұрын меншіктің өндіріс құралдарына деген қатынастары.

Тауарлар өндірісі. Еңбек бөлінісі тауар өндірісіне әкелді. Алмастыру үшін өндірілген өнім тауар деп аталады. Нарықтық экономикада тауар – негізгі түсінік. Нарықтың пайда болуы тауар өндірісіне байланысты. Тауар жеке тұтыну үшін емес, айырбастау үшін өндіріледі. Нарықтық заңдар бойынша тауар өндірісі мен оның айналымы тауарлық қатынастар деп аталады. Дамыған тауарлық өндіріс кезінде еңбектің барлық өнімдері ғана емес, сондай-ақ өндіріс факторлары, оның ішінде жұмысшы күші де тауарға айналады. Нарықтық қатынастар жалпыға ортақ сипатқа ие болды.

Нарық – сатып алушыны (сұранысты тұтынушыны) және сатушыны (өнім берушіні) қосатын институт немесе тетік. Бастапқыда тауар айырбастау бартер түрінде жүргізілді, яғни ақшаның қатысуынсыз, бір тауар тікелей басқа бір тауарға айырбасталды. Алайда сатушы мен сатып алушының мүдделері әрқашанда сәйкес келе бермеуі мүмкін. Кейде көздеген тауарды алу үшін бірнеше айырбас жасауға тура келді. Сондай-ақ құны жағынан ұтылып қалмау туралы да ойлануға тура келді. Бұл жағдайдан шығаратын нәрсе – ақша еді.

Құн. Баға. Біз тауар сатып алған кезде белгілі бір соманы төлейміз, ол баға деп аталады. Әрбір тауарда баға мен құн бар құнның негізінде еңбек жатыр. Кез келген тауар – адам еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, тауар құны жұмсалған еңбектің шамасымен анықталады. Сатып алушы сатып алу кезінде ұсынған баға – маңызды көрсеткіш. Екі жақ та сатушы ұсынған баға мен сатып алушы бағасының арасында теңгерім табуға тырысады. Сатушының бағасы өндірушінің барлық шығындарын есепке алады, ал сатып алушының бағасы тек тұтынушылық жағын ғана бейнелейді. Сатушы бағасы мен сатып алушының бағасы сатып алушылық сұраныс заңдылықтарын туындатады.

Ақша. Ақша дегеніміз «ерекше қасиеті бар тауар», тауар айырбасы үдерісіндегі әмбебап құрал. Ақша нарықтың барлық қатысушылары үшін көпшілік мойындаған және тұрақты құндылықты иеленеді. Ақша басқа тауарларды алмастыру кезінде тауар – делдал қызметін атқарады. Әр заманда және дүниенің әртүрлі бөліктерінде адамдар ақша ретінде әртүрлі заттарды – астықты, малды, асыл тастарды, металды пайдаланды.

Ұзақ уақыт бойы алтын мен күміс ақша қызметін атқарды. Біздің заманда алтын ақшаның баламасы болудан қалды. Қағаз ақшалар пайда болды. Ақшаның мәні оның функцияларынан көрінеді. Ақшаның мынадай функциялары бар: 1) ақша – айналым құралы; 2) ақша – тауар құндылығын көрсететін құн өлшемі; 3) ақша – жинақтау құралы.

Банкілер. Банкілердің функциялары. Нарықтық экономиканы дамыту, кәсіпкерлерді қолдау, инвестициялар тарту мен олардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін банкілер қажет. Банкілердің басты функциясы бос ақша қаражатын жинақтау және одан кейін оны қайтарымдық негізде орналастыру. Салымдарда жинақталған қаржыны банкілер оларға несие берушілерге айнала отырып, шаруашылық жүргізуші субъектілеріне, мемлекет пен халыққа несиеге (кредитке) береді.

Адамдар банкілерде өздерінің жинақтаған қаржыларын ақтайды, кредиттер алады. Банкілер банк шоттарында өз капиталын сақтайтын кәсіпкерлердің ақшасын және салымшылардың сақтаулы ақшаларын айналымға жібереді, басқа банкілерден пайыздармен нарыз алады. Банкілердің ойдағыдай жұмысы үшін салымшылардың депозиттері, халықтан әртүрлі көрсетілетін қызметтер үшін төлемдер қабылдау, кредиттер беру қажет. Депозит – ақшаны банкіде сақтау формасы, ол үшін банк салымшыға пайыздар төлейді.

Қазақстандағы банк жүйесі екі деңгейлік: бірінші деңгейі – елдің Ұлттық банкі, екінші деңгейі – мемлекеттік, коммерциялық, акционерлік және шетелдік банкілер. Елдің бас банкі – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі.

Ұлттық валюта. Әрбір мемлекет өзінің ұлттық валютасының болуына ұмтылады. Қазақстанда ұлттық валюта теңге болып табылады. Ұлттық валюта айналымға 1993 жылы 15 қарашада шығарылды. Ұлттық валютаның экономикалық маңызы оның елдің алтын қорын жасауға, валютаның құнсыздануына қарсы шаралар қабылдауға, кәсіпкерлерге несиелер беруге, демеушілік көмекті жоюға, импортқа бюджеттен ақша бөлуді тоқтатуға, сондай-ақ мемлекеттің бюджеттік және ақша-қаржылық жүйесін қатаң бақылауға мүмкіндік беретіндігінде.

Шетелдік валюта – бұл шетелдердің ақша белгілері (банкноттар, қазынашылық билеттер, монеталар), халықаралық есеп айырысуларда пайдаланылатын кредиттік және төлемдік құжаттар (вексельдер, чектер және басқалар). ҚР заңнамасына сәйкес ақшалай міндеттемелер теңгемен жүргізілуі тиіс. ҚР-нда шетелдік валюта еркін қолданылады. Шетелдік валютаны пайдалану кезінде теңгемен төленуі тиіс сома төлем күніндегі шартты ақша бірліктерімен немесе тиісті валютаның ресми бағамымен анықталады.

ҚР аумағында міндеттемелер бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыру кезінде шетелдік валютаны, сондай-ақ шетелдік валютадағы төлемдік құжаттарды пайдаланудың барлық жағдайларына ҚР заңымен белгіленген жағдайларда, тәртіппен талаптарда жол беріледі.

Ақша эмиссиясы – айналымға жаңа ақшаларды шығару, айналымдағы ақша массасын арттыру. Ақшаны айналымға шығару күн сайын банк операцияларын өткізу үдерісінде жүзеге асырылады. Эмиссия нақты ақшамен және нақты ақшасыз болады. Нақты ақшаларды айналымға шығару банкілер өз кассаларынан, клиенттеріне нақты ақша (жалақы төлеу, халыққа нақты ақшамен несиелер беру және т.б.) беретін, сондай-ақ орталық банк жарамсыз болған ақша белгілерін жаңаларымен алмастырған кезде, кассалық операциялар өткізу кезінде жүргізіледі. Айналымға нақты емес ақшаны шығару банкілер өз клиенттеріне нақты ақшасыз формада несиелер берген кезде, несиелік операцияларда өткізу кезінде жүзеге асырылады.

Нарықтық экономика. Меншік және оның түрлері

Нарықтық экономика. Нарық – сатып алушыны (сұранысты тұтынушыны) және сатушыны (өнім берушіні) қосатын институт немесе тетік. Нарық дербес өндірушілердің бәсекелестік қатынастардан қалыптасады. Нарықтық экономиканың мәні меншіктің саналуан формаларын жасауында. Нарықтық экономика жағдайларында өндіруші тауарды қажет деп есептейтін мөлшерде өндіреді. Бұл ретте ол сұранысты зерделейді. Тұтынушылар не және қаншалықты керек екендігін өздері анықтайды. Бағаны өндіруші ұсыныс пен сұранысты есепке ала отырып, белгілейді. Нарық өзінің объективті-экономикалық заңдылықтарына бағаға, сұраныс пен ұсынысқа бағынады.

Сұраныс пен ұсыныс заңы. Нарықта сұраныс пен ұсыныс шешуші рөл атқарады. Сұраныс – сатып алушы нақты сол баға мен нақты уақытта сатып ала алатын тауар мөлшері. Сұраныс – тауар бағасы мен сатып алынатын игіліктер мөлшері байланысының көрсеткіші. Ұсыныс – сатып алушыға ұсынылуы мүмкін тауар мөлшері. Сұраныс пен ұсыныс нарықтық өндірістің тиісті заңдылықтарымен реттеледі. Тауар бағаларының деңгейі мен олардың мөлшері өзгеруі мүмкін: тауарға баға жоғары болған сайын, нарыққа тауарлар көбірек түседі, ал егер баға төмен болса – түсетін тауарлар мөлшері азаяды.

Екінші жағынан, баға төмен болған сайын тауар соғұрлым көп сатылады және тауарлар өндірісі артады және керісінше, тауар бағасы жоғары болған сайын тауар соғұрлым аз өткізіледі және өндіріледі.

Бағаның төмендеуі бұрын бұл тауарға ақшасы жетпеген әлеуетті сатып алушыға қымбат тауарды сатып алуына мүмкіндік береді. Тауар бағасы сатып алу қабілеттілігін ынталандырады.

Сұранысқа басқа да факторлар әсер етеді. Мұндай факторлардың бірі сатып алушының бұл тауарларды қажетсінуі, тауарлар мөлшері мен қабылдауға болатын баға болып табылады. Сұраныс халық санының өсуімен артуы мүмкін.

Баға мен тауар мөлшері арасындағы сәйкессіздік өндірушіге әсер етеді. Егер бағалар жоғары болса, онда осыған сәйкес пайда артады, ал бағалар төмен болса, онда пайда азаяды. Мысалы, егер жеміс-жидектің бағалары өсетін болса, онда оларды өсіру пайдалы іс болады және олардың өндірісін арттыруға жағдай жасайтын болады. Ал егер сұраныс өспесе, онда бағалар да төмен болады, бұл, әрине, өндірушіге тиімсіз. Демек, сұраныс пен ұсынысты бағалар реттейді. Тауар өндіруші әдетте тауар мөлшерін арттыру жолын іздестіреді.

Өндіруші бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлай отырып, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағалар мен ұсынысты арттыру немесе азайту туралы шешім қабылдайды. Сұраныс пен ұсыныстрың арасындағы өзара кемсудің нәтижесінде тауардың түпкілікті нарықтық бағасы белгіленеді. Осылайша, нарық өндірістің реттеушісі болып табылады, тауардың құны мен бағасының көмегімен нені және қаншалықты өндіру керек екендігі белгіленеді.

Мысалы, тігін фабрикасы ер адамдардың костюмін шығарады. Костюм құнына тігіншінің еңбегі ғана емес, сондай-ақ матаның, керек-жарақтарының бағасы мен басқа да шығындар: электр қуаты, шикізат, көлікті пайдалану да кіреді. Жаңа костюмдер тігу үшін фабрика тігілген костюмдерін сатуы және түскен пайдаға жаңа маталар мен басқа да қажетті материалдарды сатып алуы, жабдықтарды жөндеуі немесе жаңартуы, қызметкерлерге жалақы төлеуі тиіс. Егер тігілген костюмдер 150 мың теңгеге түссе, онда оның 50 мың теңгесі шикізатқа, 50 мың теңгесі қызметкерлердің жалақысына жұмсалады. Ал қалған 50 мың теңге пайданы құрайды.

Бәсекелестік – нарықтық қатысушылары арасында еңбектің және өнім өткізудің жақсы жағдайлары үшін бақталастығы. Нарықтың басты шарттарының бірі – өндірушілердің арасында тауарды шығару мен өткізу құқығы үшін бәсекелестік. Бәсекелестікте еңбек өнімділігі арттырған өндірісін кеңейткен, тауар сапасын жақсартқан өндіруші жеңіп шығады. Өндіруші жеңу үшін сапаны арттырып, бағаны төмендетуге тырысады.

Бәсекелестік жоқ жерде, нарық та жоқ. Сатып алушы үшін күрес фирма-өндірушілерді шығарылатын тауар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы үшін күресуге мәжбүр етеді. Нарықтағы бәсекелестік үш белгісімен сипатталады.

1. Сатып алушылар мен сатушылардың көптігі. Бұл ретте ешкім де бекітілген бағаны енгізе алмайды. Бағаны сұраныс белгілейді.

2. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер біртекті және бір-бірін оңай алмастырылады.

3. Нарыққа қатысушы болу және одан шығу қиын емес.

Монополия – бәсекелестіктің қарама-қарсылығы. Монополия жағдайларында өндіруші тауар ұсынысы көлемін толықтай бақылауға және бағаларды белгілеуге қабілетті. Бұл монополистерге неғұрлым көбірек пайда алу есебімен мүмкін болатын бағалардың кез келгенін ұсынуға мүмкіндік береді. Ірі бизнес жасырын монополияны жасайды. Кез келген күшті корпорация нарықта өз билігін орнату үшін өзінің барлық мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады. Нарықтық қатынастарда мемлекет табиғи монополиялардың іс-әрекеттерін бақылауға мүдделі. Табиғи монополиялардың өмір сүруі қажет. Олар ресурстарды сақтауға және үнемдеуге мүмкіндік береді. Әдетте табиғи монополиялар мемлекетке тиесілі немесе оның бақылауымен әрекет етеді. Бұл телефон компаниялары, электрмен, газбен, сумен қамтамасыз ететін және басқа компаниялар. Бұл бақылау көрсетілетін қызметтерге халықтың қолжетімді болуына бағытталған.

Монополияға қарсы комитет – өндіріс пен тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатуда еркін бәсекелестікті қолдау, нарықта монополияның орнатылуына жол бермеу мақсатымен нарықты реттейтін ресми үкіметтік ұйым. ҚР монополияға қарсы органы 1991 жылы 31 тамызда құрылды. 2007 жылы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі (Монополияға қарсы агенттік) құрылды. 2008 жылы 25 желтоқсанда ҚР-ның «Бәсекелестік туралы» Заңы қабылданды. Монополияға қарсы комитет бәсекелестікті қорғау, монополистік қызметті шектеу, тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады.

ҚР-нда нарықтың дамуында оңды сәттермен қатар белгілі бір проблемалар да бар: жыл өткен сайын нарық бұрынғыдан да монополиялануда, шоғырлануы жоғары базарлардың саны артуда, тұтынушылардың монополистер көрсеткен қызметтер сапасына шағымдары өсті, жосықсыз бәсекелестік орын алды. Азық-түліктік тауарлар нарығы проблемалық болып табылады, импорттық азық-түлік тауарларының жоғары үлесі байқалуда, жыл өткен сайын мемлекет қатысатын кәсіпорындар саны артуда, бұл бәсекелестік ортаға жағымсыз әсер етеді. Бұл проблемалар бүкіл қоғам мен әрбір адамды толғандырады. Мемлекет бұл проблемаларды жою жөнінде шаралар қабылдайды.

Меншік және меншіктің түрлері. Адамның меншікке қатынасы. Нарықтық экономика жеке меншікке негізделген және бәсекелестікке бағдарланған.

Меншік – белгілі бір субъектіге тиісті объектіге қатысты қоғамдық қатынастар. Меншік иесінде меншік объектісіне билік етуге, иеленуге және пайдалануға ерекше құқық бар. Меншік иесіне тиісті заттар жиынтығы тиісті тұлғаның мүлкін құрайды. Сондықтан меншік қатынастары сондай-ақ мүліктік қатынастар деп те аталады.

Меншіктің негізгі формалары: жеке меншік, ұжымдық (топтық) және қоғамдық (мемлекеттік) меншік болып табылады.

Жеке меншік – бұл жеке немесе заңды тұлғаның немесе олардың топтарының меншік нысанына деген заңмен қорғалған құқығы. Жеке меншікке жеке, корпоративтік, акционерлік меншік және меншіктің мемлекеттік емес кез келген басқа да формасын жатқызады.

Жеке меншік өндіріс құралдары мен нәтижелері жекелеген тұлғаларға тиісті болған жерде орын алады. Ол бұл тұлғаларда барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізу мақсатымен өндірістің заттық факторларын ұтымды пайдалануда материалдық мүдделілік туындатады.

Ұжымдық (топтық) меншік – өндіріс құралдары мен нәтижелерінің тұлғалардың жекелеген тобына тиістілігі. Бұл топтың әрбір мүшесі өндіріс факторлары мен өндірілетін өнімнің меншік иесі болып табылады. Топтық меншікке қауымдық, отбасылық, кооперативтік, меншік, еңбек ұжымының меншігі және басқалар жатады.

Қоғамдық меншік – қандай да бір объектілердің бүкіл қоғамға тиістілігі. Меншіктің бұл формасына сондай-ақ мемлекеттік меншік де жатады.

Жеке меншік мынадай негізгі формалардан көрінуі мүмкін:

  • бірліктік меншік – жеке немесе заңды тұлғаның меншігі. Жеке кәсіпорынның қожайыны өз отбасының немесе жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдалана алады;

  • әріптестік меншік – ортақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатымен бірнеше жеке немесе заңды тұлғалардың қандай да бір формада мүліктерін, капиталын біріктіруі;

  • корпоративтік меншік – акцияларды еркін сату жолымен қалыптасатын капиталды біріктіру.

Қоғамдық меншік меншіктің үш негізгі формаларында болады:

  • ұжымдық меншік белгілі бір кәсіпорын, ЖАҚ (жабық акционерлік қоғам) ұжымы мүшелерінің арасында бөлу жолымен қалыптасады;

  • мемлекеттік меншік – бұл жерде меншік иесі мемлекет болып табылады;

  • қоғамдық. Діни ұйымдардың, партиялардың, әртүрлі қоғамдық ұйымдардың меншік формалары.

Өндіріс – еңбек қызметі үшін құрылған, дербес бөлінген, заңды ресімделген өндірістік-шаруашылық бірлестігі. Ол пайда алу мақсатымен қоғамның әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жұмыс істейді, заңды шаруашылық жүргізуші бірлік ретінде еңбек ұжымының көмегімен тауарлар өндіреді, қызметтер көрсетеді. Заңмен тыйым салынбаған кез келген өндіріс құжаттарда келісілген шаруашылық қызметімен айналыса алады. Өз шаруашылық қызметімен дербес айналысатын өндіріс салықтар төлеуге міндетті, тек осыдан кейін ғана онда пайда алу құқығы болады.

Кәсіпорындар және олардың түрлері. Кәсіпорын – қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыру және пайда алу мақсатымен өнім өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету үшін құрылған, дербес шаруашылық жүргізуші субъект. Кәсіпорындар өз қызметін дербес жүзеге асырады, шығарылған өнім мен алынған пайдаға билік етеді. Кәсіпорын қызметінің мақсаттарын оның меншік иесі белгілейді.

Қазақстан Республикасында кез келген субъект кәсіпорынның меншік иесі бола алады. Кәсіпорындар жеке, мемлекеттік, муниципалдық меншікте және қоғамдық және діни ұйымдардың меншігінде болуы мүмкін. Экономикалық жағынан дамыған елдерде жеке кәсіпорындардың меншікті үлесі елеулі.

Кәсіпорындардың түрлері:

  • Жеке кәсіпорын өз меншігінен кіріс табу мақсатымен жұмыс күшін жалдауды жүзеге асыру құқығы бар жеке тұлға немесе тұлғалар тобының жеке меншігі негізінде құрылады.

  • Ұжымдық және кооперативтік кәсіпорын жеке тұлғалардың ақшалай-мүліктік жарналарына (үлестік негізде) негізделеді және олардың біріккен еңбек қызметін көздейді.

  • Акционерлік кәсіпорын акцияларға акционерлердің меншігі және жеке немесе мемлекеттік кәсіпорынның дамуына салған қаражаттары негізінде жұмыс істейді.

  • Қоғамдық ұйым кәсіпорны осы ұйымның қаражаты есебінен құрылады және оның қызметін қамтамасыз ету үшін әрекет етеді.

  • Діни ұйымның кәсіпорны осы ұйымның жеке қаражаттары, азаматтардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың ерікті жарналарының есебінен құрылады;

  • Салт-жоралық қызметті, әлеуметтік және қайырымдылық шараларын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді;

  • Мемлекеттік мекеме – негізгі қаражаттары мемлекеттік меншікте болатын, ал басшылары тағайындалатын немесе мемлекеттік органдармен контракт бойынша жалданатын кәсіпорын.

  • Басқа мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, шетелдік заңды және жеке тұлғалардың меншігіне негізделген кәсіпорындар.

Шетелдік және бірлескен кәсіпорындар – бұл шетелдік инвестициялары бар заңды тұлғалар, мұндағы шетелдік қатысушының (акционерлің) үлесі жарғылық капиталдың 10%-ынан кем емесе бөлігін құрайды. Кәсіпорындардың құрылтайшылары шетелдік жеке немесе заңды тұлғалар бола алады. Шетелдік инвестициялары бар заңды тұлғаны тіркеу рәсімі мен тәртібі отандық кәсіпорындар үшін белгіленген тәртіптен іс жүзінде ерекшеленбейді.

ҚР заңнамасында шетелдік инвестицияларды салу формалары айқын белгіленген. Олар құрылымы бойынша сондай-ақ ұйымдастыру-құқықтық формалары бойынша да ерекшеленеді, бұл жұмыстың өзінен де, сондай-ақ кірістер алудан да тікелей көрініс табады.

Жекешелендіру. Қазақстанда жетпіс жылдан астам әміршіл-әкімшіл экономика үстемдік етті, жеке меншікке тыйым салынды, барлық өндіріс құралдары мемлекеттік меншікте болды, жоспарлы экономика өмір сүрді. ХХ ғасырдың 80-жылдарының бас кезінде КСРО экономикасын терең жүйелік дағдарыс қамтыды. Экономиканы мемлекеттік реттеуді қайта құру саясаты жарияланды. Нәтижесінде экономика нарықтық қатынастарға көшті.

Нарыққа көшу шаруашылық жүргізудің ескі жүйесінің түпкілікті қирауын, бірінші кезекте меншік қатынастарын қайта қарастыруды білдірді.

Жекешелендіру – меншік қатынастарын реформалау, нәтижесінде меншіктің мемлекеттік формасы меншіктің өзге формалары мен экономикалық қатынастарға ауыстырылды. Жекешелендіру бұрынғы социалистік экономика жүйесін шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін белсендіру және олардың арасында бәсекені дамыту үшін нарыққа көшірудің негізгі шарттарының біріне айналды.

Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру ауыр іс болды, өйткені ол қоғам психологиясына нұсқан келтірді және де оны тез өткізуге болмайтын еді. Әсіресе жер мен табиғи байлықтарды жекешелендіру туралы мәселе ауыр өтті. Жекешелендіруге стратегиялық маңызды салалар (қару-жарақ, ядролық зымырандар және т.б.) немесе нарыққа өтуге әлі де дайындалмаған салалар (іргелі ғылым, кейбір білім беру мекемелері, мәдениет пен өнер объектілері) жатпады, олар мемлекеттік меншікте қалды. Қазақстанда меншіктің бұрын өмір сүрмеген формалары – серіктестіктер, акционерлік қоғамдар пайда болды.

Елдегі жекешелендіру екі кезеңмен өткізілді. Бірінші кезеңде жекешелендіруге ұсақ және орта кәсіпорындар – сауда объектілері мен қызметтер көрсету саласы, орта және ірі кәсіпорындар (1991–1996 жылдар) жатқызылды. Екінші кезеңде (1997 жылдан бастап) ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар жекешелендіріле бастады. Бірінші кезеңде халық өздерінің мемлекеттік меншіктен үлес алу құқығын растайтын жекешелендіру купондарын пайдаланды. Екінші кезеңде ақшалай жекешелендіру, яғни ірі мемлекеттік кәсіпорындарды «жанды ақшаға» сату жүзеге асырылды. Жекешелендіру біздің қоғам үшін теория мен іс-тәжірибеде көптеген жаңалықтар алып келді.

Отбасы.

Психолог, саясат және мемлекет қайраткерлерінің, заңгер, педагог, әлеуметтанушылардың қалт жібермей қадағалайтын пәндер – отбасы болып табылады. Адамның жасына, жынысына, мамандығына, талғамына қарамастан өзін жайлы, жайбарақат, ыңғайлы сезінетін жері болуы қажет.бұл жерге отбасы жатады.

Отбасы – белгілі бір әлеуметтік нормалар, мінез-құлық (жүріс-тұрыс), тұрмыстың ортақтығы, екеуара моральдық жауапкершілік қалыптасқан ұйымдасқан әлеуметтік топ.

Отбасы – некеге немесе туысқандыққа негізделген кіші топ, оның мүшелері бір-бірімен тұрмыс ортақтығымен байланысқан. Заң отбасыны неке, туыстық, баланы асырап алудан туындаған жеке мүліктік немесе мүліктік емес құқық пен міндеттер арқылы байланысқан адамдар деп қарастырады.

Отбасы маңызды қоғамдық құндылық. Отбасы – бұл жақын және туыс адамдар, олар бір-біріне алыс қашықтықта да қолдау көрсетеді. Бала үшін отбасы – бұл оның физикалық, психологиялық, эмоциялық, интеллектуалды дамуына жағдай жасалатын орта болып табылады. Үлкен адам үшін отбасы оның көптеген қажеттіліктерін қамсыздандыратын кіші ұжым ретін танылады.

Отбасы қоғамда маңызды қызмет атқарады.

Солардың бірнешеуіне тоқталайық:

репродуктивті қызмет — адамзат ұрпағын жалғастыру;

тәрбие қызметі — рухани-адамгершілік бағдар, құндылық, рухани қарым-қатынасты қалыптастыру;

шаруашылық-экономикалық қызмет — отбасының тұрмыс-тіршілігін ұйымдастыру;

рекреативті қызмет — (латын тілінде. recreatio — қайта қалпына келу), бос уақытты тиімді өткізу, отбасы мүшелерінің әл-ауқаты мен денсаулығына қамқорлық таныту;

мәртебелік қызмет — отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесін қалыптастыру.

Әр отбасы дамудың өзіндік жеке фазаларын басынан өткереді. Басқаша айтқанда отбасының өмірлік циклін былай сипаттай аламыз:

  • Некеге отыру - отбасыны құру;

  • балаларды дүниеге әкеле бастау – алғашқы баланың туылуы;

  • балаларды тууды аяқтау – соңғы баланы дүниеге әкелу;

  • «бос ұя» - соңғы баланың некеге отырып, өз отбасын құрып, бөлек шығуы;

  • Отбасының өмір сүруінің тоқтауы – отбасындағы бір жұбайдың қайтыс болуы.

Отбасы әр кезеңде арнайы әлеуметтік және экономикалық сипаттамаларға тобы болады. Сәйкесінше отбасындағы адамның мәртебесі мен қызметі өзгеріп отырады. Отбасыны әлеуметтік институт ретінде түсіну үшін отбасындағы рөлдік қатынастарға сараптама жасаған жөн. Отбасылық рөлдер келесідей бөлінеді:

– некелік – әйелі, күйеуі;

– ата-аналық – шешесі, әкесі;

– балалар – үлы, қызы, ағасы, әпкесі, қарындасы, сіңілсі;

– ұрпақаралық және ұрпақ ішілік – ата, әже, үлкен, кіші.

Отбасы әр адамға қажет. Бала үшін ол қорғаныс болып табылады. ынтымақтығы берік отбасында кез-келген сәтсіздіктерді жеңуге болады.

Отбасының түрлері. Отбасының құрамына байланысты мына түрлерге бөлінеді:

Толық отбасы – бір ғана баласы болса да отбасы құрамында екі ата-анасы бар отбасы жатқызылады;

Толық емес отбасы – баласы жоқ отбасы немесе баласымен бір ғана ата-ананың болуы жатқызылады;

Күрделі отбасы – бірнеше ұрпақтары сабақтасқан үлкен отбасы. Отбасының негізгі мүшелерінен өзге басқа да туыстары (атап айтқанда, арғы атасы, арғы әжесі), әр жұбайдың да туысқандары кіреді.

Отбасыны формасына қарап, нуклеарлы және кеңейген отбасы деп бөледі. Нуклеарлы отбасы дегеніміз – екі ұрпақтан тұратын, ата-ана мен балалары тегіс қамтылған отбасы болып табылады. Кеңейген немесе көп ұрпақты отбасы дегеніміз – отбасындағы жұбайлар мен балаларға қоса, басқа да туыстарды қосады. Олармен бір үйде ата-әжесі, аға-апалары, сіңілдері тұруы ықтимал.

Көшпелі қоғамда ұжымдық шаруашылық жүргізуге негізделген кеңейген отбасы жеке мал шаруашылығын бағуға, жалпы қоғамды және отбасыны сақтаудың ең тиімді жолы болған. Мұндай отбасылардың ішінде қолайлы отбасылық моральдық климат қалыптасқан болатын. кейінірек, қоғамда қалыптасқан шаруашылықты жүргізудің түрі өзгеруіне байланысты, мұндай кеңейген отбасылардың өмірі де күрделене бастады. Кейін келе бір отбасыда көп адамдардың өмір сүруі мүмкін емес болды.

Моногамды және полигамды отбасылар. Моногамия – бұл бір некені білдіреді. Полигамия – көп некені білдіреді. Моногамды отбасы некелік одақтың кеңінен тараған түрі. Полигамды отбас бір еркек екі немесе одан да көп әйелге үйленген некеге негізделеді. Қазақстанда моногамды отбас кеңінен таралған. Кейбір ислам мемлекеттерінде полигамия ресми рұқсат етілген. Ал дамыған мемлекеттердің азаматтары некенің бұл түрін қолдамайды. Өткен заманда қазақтар арасында некенің полигамды формалары кездескен. Отбасында екі әйелдің болуы отбасылық шаруашылықты оңтайлы жүргізуге мүмкіндік берген.

Некелік серіктесті таңдау тарихи қауымдастықта екі принциптермен анықталған. Атап айтқанда: экзогамия (анықталмаған топтан тыс) және эндогамия (анықталған топтың ішінде). Жаңадан құрылған топтың тұратын жайы патрилокалды (күйеудің ата-анасының тұрғылықты жері), матрилокалды (әйелдің ата-анасының тұрғылықты жері), неолокалды (ата-аналардан тыс) болады. Ертеректе жас жұбайлардың патрилокалды тұрғын жайы кеңінен дамыды. Қазіргі таңда жас жұбайлардың неолокалды тұруы үрдіске айналуда.

Ежелгі қоғамдарда жақын туыстар арасында некелік қарым-қатынасқа тыйым салынған болатын, оның басты себебі қанды араластырмау болатын. бұл тыйым-табу адамзат дамуында үлкен маңызы бар. Себебі көптеген аурулар ұрпақ арқылы беріліп отырады. Сондықтан жақын тума-туыстар арасфында неке қиюға қатаң тыйым салынады. Қазақ халқында бұл тыйым әлі күнге дейін өз қатаңдығын сақтауда. Халқымызда жеті атасына дейін қыз алыспайды.

Отбасының құндылықты-нормативтік реттеуіштері. Отбасы құру күрделі процес болып табылады. Қоғамның бастапқы даму кезеңінде әйел мен еркектің, үлкен мен кішінің арасындағы қатынас рулық дәстүр негізінде реттеліп отырған. Кейін келе бұл реттеушілік моральды принциптерге негізделетін болды. Мемлекеттің пайда болуынан кейін отбасылық өмірдің құқықтық сипаты танылды. Некені заңды рәсімдеу тек ерлі-зайыптыларға ғана емес, сондай-ақ, мемлекетке де міндеттер жүктейді.

Неке және неке қатынастарының негізі туралы.

«Неке» және «отбасы» ұғымдары күнделікті өмірде синонимдер ретінде қолданылады. Неке дегеніміз азаматтар арасында қатынастарды реттеудің қоғамдық институты болып табылады. Бұл жыныс иелерінің арасында, яғни ер азамат пен әйелдің арасындағы қалыптасқан қатынастардың тарихи формасы. Некеде бір-біріне, балаға, ата-анаға, өз ұрпағына деген қарым-қатынастағы міндеттер және құқықтар айқындалады. Отбасы неке арқылы құрылады. Қоғамдағы қалыптасқан нормаға сай отбасында дүниеге келген балалар заңды түрде туылған болып есептелінеді

Қоғам одақтың әр мүшесіне, яғни ана мен әкенің алдында өз ұрпақтарына қамқорлық танытып, оларды қорғау, тәрбиелеуді міндеттейтін әлеуметтік рөлдерді айқындады. Неліктен адамдар некеге тұрады? Себебі барлық адамдар сүйікті болып, бақытты өмір кешкілері келеді. Отбасында жақсы сөздерді тауып, сүйкімді сөздер айтып, махаббатпен бөлісу, мақтан тұтарлық іс-әрекет жасау маңызды болып табылады. Махаббат дегеніміз адамдардың бірін-бірін толықтырып, түсініп, тануға байланысты қосылуға негіз болатын жүрек жағдайы.

Отбасы бір-біріне деген мөлдір махаббатың сипаты. Бірақ әр отбасында түрлі ұрыс-керістер, түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін. Отбасы кез-келген мәдени құрылым ретінде адамдардан тұрады. Адамдар тумысынан идеалды бола бермейді. Отбасыны сақтап қалуға көмектесетін отбасылық құндылықтарды жасақтап, эмоционалды буырқанған сезімдерді дұрыстау қажеттігін түсіну маңызды.

Отбасында ең бастысы махаббатты сақтау, басқа адам үшін жауапкершілікті сезіну. Отбасы құрған кезде адам баласы өзіне ең жақын, туыс саналатын сүйген адамының дамуы, оның болашағына жауап беретіндігін ұмытпау қажет. Бұл турасында қытайдың атақты философы Конфуций: «Мемлекет – бұл үлкен отбасы, ал отбасы – бұл махаббаттан тұратын кішкене мемлекет», - деген болатын.

Өмірде заңдастырылмаған некелер де кездеседі. Бұл жерде әйел және ерке тек бірге тұрады, мұндай неке азаматтық неке болып аталады. Олардың отбасы экпериментальды болып табылады. Мемлекет мұндай некелерді мойындамайды. Бірақ ерлі-зайыптылардың қатынасына араласпайды. Кей жағдайларда адамдар некені мешіт, шіркеуде қияды. Діни некелердің де заңды күші болмайды. Қазақстан зайырлы мемлекет болып табылады. Сондықтан маңызды қатынастардың барлығы заң жүзінде жүзеге асырылуы қажет.

ҚР неке және отбасы Заңы бойынша неке жасы ер мен әйелдің он сегіз жасқа келуі негізінде анықталады. Себепті жағдайларға байланысты неке жасы екі жасқа дейін төмендеуі мүмкін. Мұндай жағдайларда үйленетін жастардың ата-аналары ұсыныс білдіруі қажет.

Ата-аналар және балалары, олардың міндеттері. Отбасылық дәстүрлер және ұрпақ сабақтастығы.

Туыстық байланыстар жақын және алыс туыс, ағаның немесе әпкенің баласы, анамның немесе әкемнің туысқаны, құда-жегжаттық туыстар болып анықталады. Әр отбасында ата-ана жеке мінез-құлықтың (жүріс-тұрыс) үлгісі ретінде маңызды рөл атқарады. Ата-ананың міндетіне тек баланы дүниеге әкеліп қана қоймай, оны тәрбиелеу де жатады. «Ана» және «Әке» ұғымдарын бөліп қарастыру мүмкін емес. Әр отбасында ата-ана өз балалары үшін үлгі болып табылады. Ата-ана мен балалары бір-бірімен үздіксіз байланыста болады. Ата-ананың басты міндеті балаларына жақсы тәрбие беру болып табылады. Балалардың да өз құқықтары мен міндеттері бар. Балалар өз ата-аналарына құрметпен қарап, олардың айтқандарын тыңдаулары абзал. ҚР Конституциясының 27 бабында: «Неке және отбасы, аналық, әкелік мемлекет қорғауында болады. Балаларға қамқорлық көрсетіп, оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы мен міндеті болып табылады. Кәмелет жасына толған балалар ата-аналарына қамқорлық көрсетуі міндетті», - делінген.

Халқымызда: «Анаңды үш рет Меккеге апарсаң да оның аналық парызын өтей алмайсың», «Әкеңе мойын ұсыну – Аллаға мойын ұсыну», «Ананың ақ сүтін ақтау» - деген халық даналығы бар.

Отбасыны сақтаудағы үлкен роль әйелге байланысты. Философ Қорқыт ата: «Үйдің тірегі болатын әйелдер бар. Ол үйге алыстан қонақ келгенде, ал үйдегі отағасы аң аулауда болғанда дастархан жайып, қонақасы береді. Мұндай әйелдер мыңдап өссе игі, ол сенің де отбасыңа бұйырса игі».

Туыстық (туысқандық) – адамдар арасында неке қиюдан немесе қандық туыстықтан туындайтын қатынас болып табылады.

Туыстық байланыс жақын және алыс туысқандық, бір-біріне қарасты ағаның немесе әпкенің баласы, құдалар жағынан туысқандар болып бөлінеді.

Қазақ тілінде отбасылық туыстықтың түрлі дәрежесін көрсететін көптеген ұғымдар бар. Атап айтқанда, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат. Бұл қазақ қоғамында ұрпақтар арасындағы байланыс ере

кше жақындықпен сипатталатындығын көрсетеді. Сондықтан болар жеті алаға дейінгі туыстың өз атаулары бар.

Ал ағылшын тілінде туысқандықты төрт атаға дейінгі аралықта сипаттайтын да ұғымдар жоқтың қасы. Оның себебі ағылшын және американ қоғамдарында отбасылық қатынастардың аса тармақталмаған жүйесі қалыптасқан. Сондықтан да бұл арада алыс туысты сипаттайтын ұғымдарға сұраныс жоқ.

Қазақ қоғамында күйеудің туыстары – қайын, ал әйелдің туыстары – төркін деп аталады. Отбасындағы ер азаматтың әйелі үлкен туысқандарға –келін, ал іні-бауырларына – жеңге болады.

Отбасылық дәстүрлер —үйдің тұрғындары құрайтын күн тәртібі, салттар, тұрмыс-тіршілігі және әдет-дағдылардан жасақталған рухани атмосфера. Кейбір отбасылада кешкілік шай басында күн ұзағында болған оқиғаларды талқылау дағдыға айналған. Болашаққа жоспарларды да бірігіп отырып талқылайды. Сол секілді кейбір отбасыларда күнделікті кешкілік кітап оқып, оны талқылау, ой бөлісу дәстүрі сақталған. Мұндай отбасылар дәстүрлер отбасыны біріктіріп, оның ынтымағын күшейтеді.