Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция материалдары (1).docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
253 Кб
Скачать
☆

Қоғамның мәдени саласы

Мәдениет ұғымы. «Мәдениет» күнделікті қолданылатын сөздердің бірі. Мәдениеттің жан-жақты саласын тарих, археология, өнертану, этика секілді пәндер зерттейді. Әр адам аталмыш ұғымды өз пайымы негізінде түсінеді. Мәдениеттің ең ортақ түсінігіне қоғам өмірі, этикет, даму деңгейі (сөйлеу мәдениеті, тұрмыс мәдениеті және т.б.), материалды құндылықтардың жиынтығы, жалпы адамзат жетістіктері жатқызылады. «Мәдениет» латын тілінде адамның жерді өндеу мағынасын білдіреді. Мәдениет материалды және рухани құндылықтардың жиынтығы. Ең маңызды мәдени құндылықтарға көркем өнер жатқызылады. Ең танымал көркем құндылықтарға Қайта өрлеу дәуірінің қылқалам шеберлерінің туындыларын жатқызамыз.

Леонардо да Винчи (1452-1519), Ренессанс кезеңінің ғұламасы. Ол тек қана ұлы суретші ғана емес, сондай-ақ ұлы мүсінші, музыкант, архитектор, жаратылыстанудың зерттеушісі және дарынды өнертапқыш болған. Леонардо да Винчидің ең атақты суреті «Мона Лиза» немесе «Джоконда» болып табылады. Бұл сурет Франциядағы Луврда көрмеге қойылған.

Ә.Кастеев атындағы мұражайы - Қазақстандағы ең ірі көркем мұражай болып табылады. Ол жерде Қазақстанның графиктерінің, суретшілерінің және мүсіншілердің соңғы 100 жылдағы үздік жұмыстары жинақталған. Мұражайда тоғыз ғылыми орталық бар. Атап айтқанда: Қазақстанның бейнелеу өнері, Қазақстанның қолданбалы өнері, классикалық шетел өнері, шет елддің жаңа заман өнері, қорлар, өндеу, көрмелер және экспозициялар, экскурсиялық қызмет көрсету, насихат, ақпарат, баспа ісі. Бүгінгі таңда өзінің жинақтарының көркемдік деңгейінің жоғары болуына байланысты аталмыш мұражай ешбір әлемдік жинақтармен тең. Мұражайдың қоры бай, негізгі қор экспонаттарының саны 22.500 дананы құрайды, олардың ішінде Қазақстан, Ресей, Еуропа, Америка және Шығыс халықтар елдерінің әмбебап көркемөнер туындылары, графика, мүсін және қолданбалы өнер туындылары жинақталған. Ә.Кастеев атындағы мұражай әлемдік мәдени мұраның сақталуын, оны танып, халыққа таныту секілді маңызды миссияны атқарады.

 Мәдениет субъекті – мәдениет құндылықтарын, нормаларды және ережелерді жасақтап, елге тарататын нақты индивид немесе әлеуметтік топ.

Ежелгі Грецияда мәдениет ұғымы «пайдейя» яғни «білімділік» ұғымымен бір деңгейде қарастырылған. Орта ғасыр кезеңінде «культ» ұғымы кеңінен қолданылған. Аталмыш ұғым Құдайға деген адамның махаббатының шығармашылық әлеуетін ашатын қабілетін суреттеген. Ренессанс кезеңінде суретшінің тұлғасы кең мағынаға ие болады. Жасаушы-адам идеясы басты маңызда болды. Адам әлемді, сұлулықты, өзін-өзі жасаушы болып табылады. Неміс философы Иммануил Кант «Адам – жоғары мәдени құндылық», деп көрсетті. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адам баласы жамандықтың алауын өшіріп, өз ішіне тазалық орнатып, рухани дамуға көңіл тоқтатуы қажет», – деп жазды. Мәдениет түрлі сипатта өрбиді. Әртүрлі кезеңдердегі мәдениеттер туралы (ежелгі, ортағасырлық, заманауи); адамзаттың ортақ мәдениеті туралы; әртүрлі этностардың мәдениеті туралы; діни мәдениет туралы; кәсіби топтар мәдениеті туралы; жеке-дара тұлғалар мәдениеті туралы бөліп айтуға болады.

Осылайша, мәдениет – адам мен қоғамның қызметі мен барлық саласына енетін жан-жақты құбылыс болып табылады. Мәдениет – материалды және рухани құндылықтарды құрастыруда пайда болатын адам қызметі және ұйымдасудың тәсілі, қоғам мен адамның тарихи дамуының деңгейі.

«Мәдени адамның» бейнесі жалпы және жеке қасиеттердің байланыстыру негізінде қалыптасады.

ХХІ ғасырдың адамы жақсы киінген, қолында iPad, iPhone, iPod секілді соңғы технологияның жетістіктері бар. Заманауи поп және рок-музыканы, брендтерді, автокөлік маркаларын жақсы біледі. Алайда, өкінішке орай заманауи прозаны оқымайды, концерт залдарына бармайды, өнердің түрлері бойынша танымы төмен, этикет нормаларын білмейді. Мұның бәрі дөрекіліктің көрінісі болып табылады. бір кездері Джим Рон: «Көргенсіздік – бұл шаттық емес. Көргенсіздік – бұл рухтың сынуы. Көргенсіздік – бұл трагедия. Көргенсіздік – бұл ауру. Көргенсіздік – бұл кедейлік. Барлық сәтсіздіктер көргенсіздіктен болады»,- деген екен.

Өз бойымыздағы тұрпайы, көргенсіз мінез-құлқымызбен не істеуіміз қажет? Олардан қалай құтыламыз?

Мәдениет қызметі. Мәдениеттің күрделі жүйесі, оның көп түрлі қызметін анықтайды. Солардың негізгілеріне тоқталайық:

Гуманистік қызметі – бүгінгі ғасырдың ең маңызды міндеті адам рухын жасақтау. Гуманизм адамның адамдығын танытатын гумандылықтың белгісі, ол туралы қазақтың ойшылдары (Абай, Шәкәрім, Бұхар жырау, М.Дулатов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов) жазды. Адамның бойында тәжірибе жинақтау, оны дұрыс қолдану жадысы, сонда-ақ рухани өсуіне, жақсы тұрмысқа лайық жолға өзгеруіне қабілет бар. Сондықтан адамның өмірге құштарлығы, саналығы және конструктивтілігі басым болатындығына үміт зор.

Танымдық қызмет – мәдениет объективті баға берудің, ең үздік үлгілерді белсенді түрде тасымалдаудың және таңдаудың құралы. Танымның нәтижесі бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ерекше рәміздерді тасымалдау көмегімен беріледі (ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ, мәдениет тарихында бәрі болған). Мәдени сабақтастықтың сөгілуі әлеуметтік жадыны жоғалтуға алып келеді (мәнгүрт – өткені жоқ адам).

Құндылықты қызметі – мәдениеттің сапалы жағдайын көрсетеді. Құндылықтық қажеттіліктері мен бағдары қалыптасады. Адамды қоршаған ортасының бәрі құндылық ретінде қарастырылады, жақсылық пен жамандық, тыйым мен еркіндік негізінде бағаланады. Құндылықтарды бағалау тәсілі бекітілген ереже немесе тыйым ретінде беріледі.

Коммуникативті қызметі – рәміз және рәміздік жүйе көмегімен адамдар арасында ақпарат алмасу үрдісі. Анықталған рәміздік жүйені меңгермейінше мәдениет табыстарын игеру мүмкін емес. Жазбаша, ауызша тіл адамдар сөйлесуінің басты құралы болып табылады.

Мәдениетті келесі салаларға бөліп қарастыруға болады.

1) материалды: еңбек құралдары, өндіріс құралдары, киім, тұрмыс, үй-жай;

2) рухани: дін, өнер, идеология, рухани тілдесу;

3) әлеуметтік: мемлекеттің, басқа әлеуметтік институттардың, азаматтық институттардың қызметі;

4) физикалық: адамзат тегін көбейтумен байланысты. Бұл жерге медицинаны кіргізе аламыз.

Мәдениеттің негізгі түрлері – материалды және рухани болып бөлінеді.

Материалды мәдениет – адамның заттар формасында көрініс тапқан рухани әлемінен сыр шертеді.

Зат – адам баласының білімін, тәжірибесін және кәсіби деңгейін өз бойына ізін қалдырған бұйым немесе керек-жарақ. Оған материалды өндірістің алуан түрлі құрал-саймандар жатады. Сондай-ақ, материалды құндылықтардың алуан түрі, атап айтқанда архитектура, ғимараттар, құрылыс, коммуникация құралдары, парктер және т.б. материалды мәдениетке тарихи және мәдени ескерткіштер жатады. Біздің мемлекет көне мәдени жәдігер ескерткіштерге өте бай.

Бүгінгі таңда 18,5 мың тарихи ескерткіштер белгілі. Олардың ішінде құжатталғаны – 13,5 мың, мемлекет қорғауына алынғаны – 3,1 мың, республикалық маңызы бар ескерткіш саны 205-ті құрайды. Олардың қатарында Қорқыт ата мемориалды кешені (Қызылорда облысы), Хажа Ахмет Яссауи кесенесі (Түркістан қаласы), Шоқан Уалиханов кешені (Алматы облысы), Абайдың әдеби-мемориалды кешені (Жидебей), Айша бибі кесенесі ( Тараз қаласы) бар.

Рухани мәдениет – адамның әлемде өмір сүруімен байланысты туындаған идеялар әлемі. Рухани мәдениет – адамның рухани дамуына бағытталған қызмет және осы қызметтің нәтижелері. Оның нәтижелері болып жаңа білімдер, жаңа идея және рухани құндылықтар табылады.

Ежелгі гректер адамзаттың рухани мәдениетінің классикалық үштігін қалыптастырған: ақиқат, жақсылық, сұлулық.

Рухани мәдениеттің негізгі формалары ретінде ғылым, өнер, дін, философиялық мәдениет, құқықтық мәдениет, көркемөнер мәдениеті, зияткерлік мәдениеті, адамгершілік мәдениеті жатқызылады.

Рухани мәдениет – мәдениет пен қоғамның басқа салаларынан бөлінбеген, керісінше адамзат қызметінің барлық саласына еніп өзінің өн бойына адамның рухани қызметімен қатар, рухани құндылықтардың жиынтығын жасақтайды. Рухани мәдениет пәні ретінде салт-дәстүрлер, нормалар мен мінез-құлықтар, идеалдар мен құндылықтар, ғылыми білімді жатқызуға болады. Рухани мәдениет адам бойында тұлғаны табады, оны қолдап, дамытады. Ол көп оқығандықпен немесе білімпаздықпен өлшенбейді. Ешбір білім адамды өздігінен жауапкершілікті іс-әрекет жасайтын тұлға ретінде қалыптастырмайды.

Сондай-ақ, материалды және рухани мәдениеттен өзге, алайда осы екі мәдениеттің ерекшеліктерін бойына жинаған келесі мәдениеттер туралы сыр шертеміз:

– экономикалық мәдениет – қоғамның экономикалық дамуының жалпы заңдылықтарын, тауар мен қызмет көрсетудің өзара бөлісуін және айналымын білу;

– саяси мәдениет – қоғамның саяси құрылымының, түрлі әлеуметтік топтардың, ұлттардың, саяси құрылым элементтер арасындағы, саяси сана мен тәрбиенің даму кезеңі;

– құқықтық мәдениет – мемлекеттілік және құқық нормалармен, қоғамның құқықтық жүйесімен, заңдарды бүлумен байланысты;

– экологиялық мәдениет – адамның табиғатпен, қоғаммен қарым-қатынасының мәселелері, түрлі экологиялық теориялар, қоршаған ортамен байланысты сұрақтар;

– эстетикалық мәдениет – эстетикалық сезім, идеал, талғаммен байланысты сұрақтарды қарастыру жатады.

Тұлға және мәдениет. «Тұлға» және «мәдениет» ұғымы бір-бірімен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда мәдениет пен тұлғаның қарым-қатынасының мәселелері екі аспектіні қамтиды. Біріншісі, мәдениет анықталған тұлғаның типін қалыптастырады. Ал екіншісі, тұлға мәдениетті өзгертеді.

Тұлғаның ерекшелігіне байланысты тұлға мәдениеті келесі элементтерден тұрады:

  • Ақыл мәдениеті (тиянақтылық, жинақылық, логикалық);

  • Сезім мәдениеті (эмоционалдылық, экспрессивтік);

  • Жігер мәдениеті (шешім қабылдағыштық, мақсаткерлік, алған бетінен қайтпаушылық);

  • Мінез-құлық мәдениеті (ішкі ережелердің сырттағы көрінісі және тұлғаның принциптері);

  • Сөйлеу мәдениеті (дұрыс сөйлеп, жаза білу, сөйлесу мақсатында және тілдік нормаларда тілдік құралдарды тиімді пайдалану);

  • Адами қарым-қатынас мәдениет.

Адамгершілік ұғымы. Адамгершілік мәдениеті. Руханилық

Руханилық дүниеге келгеннен бастап адамдар санасында беки отырып, қоғамның негізгі діңгегін құрады. Қазіргі қоғамда адамзаттың рухани бастауының құлдырап бара жатқандығы жиі айтылады. Материалды құндылықтардың рухани құндылықтардан басым болуы бүгінгі тұрмыстың нақты жайттары болып табылады. Руханилықтың жүгенсіздігіне бірін бірі сыйламау, қоғамда өзің ұстай алмау, тұлға аралық жанжалдар, үлкендерге қарсы сөйлеу, бөтен адамның еңбегін сыйламау жатқызылады. Қыздар бойында инабаттылық, сыпайылық қасиеттері азайып, жігіттер нағыз ерге тән қасиеттерді жоғалтуда. Руханилық дегеніміз не?

Руханилық дегеніміз – адам баласы басшылыққа алатын ішкі рухани қаситеттер, аталмыш қасиеттер өз кезегінде этикалық нормалар мен мінез-құлық ережесін анықтайды.

Рухани-адамгершілік иесі болу дегеніміз – қоғамда қалыптасқан тарихи, рухани және мәдени құндылықтарға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген адамгершілік, рухани тәртіпті қатаң ұстану.

Қазақ халқында ежелден рухани мінез-құлықтың өлшемі белгіленген. Егер дәстүрді сақтағыңыз келсе, төмендегі жоралғыларды орындауды қаперіңізді ұстаңыз:

  • жақсы хабар жеткізушіге – сүйінші;

  • балаға – базарлық;

  • жетім-жесірге – көмек қолын созу;

  • өз байлығыңыздың бөлігін басқаларға бөліп беру;

  • көрші орналасқан үйге ерулік;

  • үлгенге салем беру.

Рухани мәдениет - қоғам мәдениеті мен рухани санасының әр адамның түсіну деңгейі. Жеке тұлғалардың іс-әрекетінде көрінетін руханилық талаптарының көрсеткіші болып табылады. рухани мәдениет индивидуалды және жеке сұраныстар мен қызығушылықтарды келісу мүмкіндігіне жағдай туғызады. Рухани мәдениет саласында әр адам өзінің жеке құндылықтар мен мінез-құлық өлшемін жасақтайды.

Ойланатын мәселе: 1983 жылы «Нараяма туралы аңыз» атты фильм көрсетілді. Оның сюжетін сипаттайтын болсақ, ХІХ ғасырдағы жапон ауылының аштығын суреттейді. Аштықтан өлім құшпас үшін тұрғындар қауымның әлсіз мүшелерінің тез өлімін әкелетін салт жоралғы енгізеді, жаңа туға ұлдарды қолдан өлтіріп, ал кәрілерді өз балалары Нараяма тауының шыңына апарып, өлімге қалдырады. Орин – өлуі қажет 69 жастағы әйел. Оның баласы аталмыш салт жоралғыны орындағысы келмейді, бірақ салтқа берін анасы салт жоралғыны орындауын талап етеді. Балаларына әйел алып берген соң, ол өзінің ұлының арқасына байланып, шыңға соңғы рет шығуда... Осы қатал салт жоралғы турасында өз ұстанымдарыңызды білдіріңіздер. Сіздің ойыңызша туған балалары неліктен өз ата-аналарын қазіргі таңда қарттар үйіне береді? Мұндай адамдардың ісін ақтауға бола ма?

Руханилық әдебиетте адамның физикалық болмысына қарама-қайшылықта ашылады. Руханилық танымды, өзін-өзі тануды, сыртқы әлеммен адамның байланысын және адамның ішкі әлемін танытады. Руханилық адам көзқарасының кеңдігімен, оның эрудициясымен, мәдениетімен жалпы тұлғаның дамуымен байланысты болады. Руханилықты жоғалту тұлғалықты жоғалтумен пара-пар. Жекелеген тұлғалардың бойындағы рухани қасиеттердің дағдарысқа ұшырауы оның өзін-өзі жоғалтуына алып келеді. Руханилық менмендікпен, қарабайырлықпен, материалдық пайданы жоғары қоюмен қатар емес. Қоғам, білім беру жүйесі әр адамның бойынша материалды және рухани құндылықтарды дамытатын, руханилық қасиеттерін көбейтуі қажет.

«Адамгершіліктің алтын ережесі» ежелгі замандарда түрлі халықтардан шыққан ойшылдармен қалыптасты. Адамгершілікті мінез-құлық дегеніміз басқа адамдармен келісілген мінез-құлық болып табылады. Басқа адамдарға құрмет тұтып, олардың ойымен санасу да адамгершілік қасиетіне жатқызылады.

Жалпы адамзаттық құндылықтар – әр адамның әлеуметтік жағдайына, азаматтығына, нәсіліне қарамастан әр адам үшін маңызды мәні бар. Жалпы адамзаттық құндылықтар адамдар ынтымақтастығын қалыптастыруда ғана маңызды емес, сондай-ақ қоғамның қажеттіліктері мен мүдделерін топтастыруда мемлекет үшін де маңызды болып табылады.

Заманауи қоғамда жалпы адамзаттық құндылықтар қатарына отбасы, денсаулық, білім, жұмыс жатқызылады. Жалпы адамзаттық құндылықтар адамның тұлғалық құндылықтарымен, атап айтқанда материалды және рухани (адамгершіліктік) құндылықтарымен тығыз байланысты. Бұл құндылықтардың тұлға бойында жүзеге асуы тұлғаны тұлға ретінде тануда аса маңызды.

МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ. Құқық пен заң түсінігі. Заманауи құқық жүйесінің дамуы

Әлеуметтік нормалар. Әлеуметтік нормалар адамдардың арасындағы қатынастарды реттейді. Әлеуметтік нормалардың алуан түрлері бар. Бұл – әдет-ғұрыптар, салттар, мораль, дін, құқықтық нормалар. Әлеуметтік нормалар адам өмірінің барлық салаларын қамтиды. Адам туғанынан бастап-ақ әлеуметтік нормаларға бағына бастайды. Адам үшін күнделікті өмірдегі әдеп ережелері, өнегелілік нормалары сияқты мінез-құлық нормаларының маңыздылығын ерекше атап өтеміз. Әлеуметтік нормаларды орындау адамға сенімді болуға, басқаларды құрметтеуге, тұрақты қоғамда өмір сүруге мүмкіндік береді. Сондықтан да әлеуметтік нормалар барлық адамдар үшін маңызды.

Құқық түсінігі. Құқық ең жалпы мағынасында қоғамдағы тәртіп болып табылады. Бұл тәртіпті қоғам мен мемлекет белгілейді, қолдау жасайды, қамтамасыз етеді. Құқық «шындық», «әділеттілік» сөздерімен телінеді. Және де мұндай сәйкестік кездейсоқ емес, өйткені құқықтың негізі жалпыадамзаттық идеялар мен құндылықтар: әділеттілік, адамгершілік, теңдік, бостандық болып табылады.

Құқық терминінде әртүрлі мән бар.

Біреулер үшін құқық олардың қоғамдағы жағдайын, құқықтары мен міндеттерін білдіреді. Басқалар үшін құқық қоғамда қолданылатын заңдармен байланыстырылады. Үшіншілер үшін – қылмыстық қол сұғушылықтан қорғаумен байланыстырылады. Бұл түсініктердің барлығы өзінше дұрыс болып есептеледі, өйткені құқықтың әртүрлі жақтарын қамтиды. Бұлардың бәрі қоғамдағы белгілі бір тәртіп ретінде құқыққа деген жалпы көзқарасты білдіреді.

Құқық тұтастай алғанда заңтану деп аталатын заң ғылымдарының кешенімен зерделенід. Құқық – күрделі құбылыс. Ол үш қабатты, үш элементті қамтиды. Бірінші қабат – құқықтық идеялар, құқықтық сана, екінші – құқықтық нормалар және үшіншісі – осы нормалармен реттелетін қоғамдық қатынастар. Құқықтың нақты мысалдағы құрылымы былай көрінеді. Қоғамда жеке тұлғаға қол сұғылмайтындық идеясы пісіп жетіледі және қалыптасады. Бұл идея адамзат өркениеті дамуының белгілі бір кезеңінде ғана туындайды, жеке тұлғаға жасалатын жүгенсіздікке жауап ретінде көрінеді.

Тарихтан мысал. Құлдық мыңдаған жылдар бойы өмір сүрді. Құлдар сөйлейтін құрал болып есептелді, оларды сатуға, алмастыруға, сыйлауға болатын еді. Ежелгі заманда құлдық Мысырда, Римде, Грекияда өмір сүрді. АҚШ-та құлдық 1865 жылы жойылды.

Қазақ дәстүрлі қоғамында құлдық болған жоқ. Бұл жерде көшпелі құрылыс болды. Көшпелілер ерікті адамдар еді. Қазіргі уақытта құлдыққа тыйым салынған және қылмыстық заңмен жазаланады.

Қоғам жеке тұлғаға қол сұғылмайтындықты сезінгенге дейін көтерілетін белгілі бір кезеңде идея заң түріндегі, құқықтық нормаға айналады. Азаматты еркінен соттың үкімінсіз айыруға тыйым салу туралы азаматты еркінен тыс ұстауға жол бермеу туралы, азаматтың тұрғын үйіне қол сұғылмайтындығы, оның жеке меншігі туралы және т.б. заңдар пайда болады. Бұл нормалардың бәрі жиынтығында жеке тұлғаға қол сұғылмайтындығы туралы құқықтық идеяларды іске асыру болып табылады. Ал одан кейін қабылдаған заңдардың әсерімен жаңа қоғамдық қатынастар қалыптасады. Бұл қатынастар азаматты еркінен, оның меншікке деген құқығынан негізсіз айыру мүмкіндігіне жол бермейді. Құқық осылай әрекет етеді және тәртіп қамтамасыз етіледі.

Заңгерлер құқықты қоғамдық қатынастарды реттейтін және заңдармен бекітілген жалпыға міндетті нормалар жүйесін түсінеді.

Құқық мемлекеттік мәжбүрлеу күшімен қамтамасыз етіледі.

Заң түсінігі. Құқықтық нормалар заңдар формасында өмір сүреді. Заңдардың сапалы, қоғам қажеттіліктеріне сәйкес келетін болуы, табиғаттың жаратылыс заңдарын бұзбайтын, адам өмірін қорғайтын, адамның ар-намысын, абыройын құрметтейтін болуы маңызды. Сондықтан да мемлекетте кәсіптік парламент болуы керек. Және де барлық азаматтар саулауларға қатысулары тиіс. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» – дейді құқықтық ұстаным. Бұл әрбір азаматтың өз елінің заңдарын білуі мен құрметтеуі тиіс екендігін білдіреді.

Сонымен, біз заң сөзін қалай түсінеміз?

Заң екі мәнінде – кең және тар мағынасында түсініледі.

Кең түсінік: заң дегеніміз – мемлекет қабылдаған және орындалуы жалпыға бірдей, кез келген нормативтік құқықтық акт. Тар мағынасында біз заңды жоғары заңдық күші бар ресми акт ретінде түсінеміз. Заңды елдің парламенті немесе референдумда халық қабылдайды.

Қазақстан Республикасы 1995 жылы 30 тамызда осылай қабылданды. Барлық адамдар заң алдында тең. Бұл құқықпен заңның басты идеяларының бірі.

Заңның жоғары заңдық күші мынаны білдіреді:

  • заң парламентпен немесе тікелей халықпен референдум тәртібімен қабылданады, жойылады және өзгертіледі;

  • заң ерекше процессуалдық тәртіппен қабылданады;

  • барлық өзге нормативтік-құқықтық актілер заңдарға қайшы келмеуі тиіс, егер мұндай қайшылық ар болса, онда заң әрекет етеді;

  • заңда бастапқы сипаттағы нормалар бар. Барлық өзге актілер заңдардан шығады, заңдарды орындау үшін қабылданады және заңдар нормаларын нақтылау үшін қажет;

  • заң неғұрлым аса маңызды негіз қалаушы қатынастарды реттейді.

Құқықтық нормалар. Құқық нормалары – бұл мемлекет белгілеген, мінез-құқықтың жалпыға міндетті ережелері. Құқық нормалары нормативтік-құқықтық актілер баптарынан көрініс табады. Олар қажет болған кезде мемлекеттің мәжбүрлеу күшімен қамтамасыз етіледі.

Құқық нормалары үш элементтен – гипотеза немесе жорамал, диспозиция және санкциядан тұрады.

Гипотеза немесе жорамал – белгілі бір құқықтық норма қолданылатын кездегі жағдайлар мен мән-жайларды анықтайды. Болжам: кім, қайда, қашан, қандай жағдайларда сұрақтарына жауап береді.

Диспозиция – мінез-құлық ережелерін қамтиды, субъективтік құқықтар мен заң міндеттерін жасайды. Диспозиция – не істеу керек, нені істемеу керек сұрақтарына жауап береді.

Санкция – құқық нормаларын бұзғаны үшін жазалау. Санкция бұзушылық жағдайынан кейін болатын қолайсыз заңдық салдарларды анықтайды.

Осылайша, болжам – бұл құқықтар мен міндеттер туындайтын жағдайларды көрсету, диспозиция – бұл құқықтар мен міндеттерді көрсету, санкциялар – бұл құқықтық норма бұзылған кезде басталатын қолайсыз салдарларды көрсету.

Құқықтық норманың қисындық формуласы мынадай түрде ұсынылуы мүмкін: «Егер (болжам)... онда (диспозиция) ... әйтпесе (санкция)». Мысалы, ҚР-ның неке мен отбасы туралы Заңының 9-бабында былай делінеді: «Некелесу үшін некеге тұратын ер адам мен әйел адамның өзара ерікті келісімі және олардың неке жасына жетуі қажет». Бұл норма қисынды түрде былайша тұжырымдалуы мүмкін: егер кәмелетке толған тұлғалар және оларда ерікті келісім болса, онда олар некеге тұра алады. Норманың қандай да бір шарты (кәмелетке толмаған тұлғамен некеге тұру, некеге тұруға мәжбүрлеу) бұзылған жағдайда заңдық жауапкершілік басталады.

Заманауи құқық жүйесінің дамуы. Құқықтар жүйесі – бұл қолданыстағы барлық құқықтық нормалардың күрделі бірлігі. Құқықтар жүйесінің қалай әрекет ететінін түсіну үшін құқық жүйесі элементтерін білу қажет. Мысалы, құқықтар жүйесі құқық нормаларынан құралады. Бұл нормалар құқық салалары бойынша бөлінеді. Салалар ішінде құқық институттары өмір сүреді. Құқықтар жүйесі – бұл құқықтың өз құрылысы, оның құқық нормаларына, құқық салаларына, құқықтың қосымша салалары мен институттарына бөлінуі. Құқықтың жүйелік құрылғысы өзара белгілі бір иерархиялық байланыста болатын көптеген элементтерден құралатын біртұтас құрылымды білдіреді. Құқықтар жүйесінің қалай әрекет етуін түсіну үшін құқықтық реттеу нысаны мен әдісін білу керек. Құқықтық реттеу нысаны – бұл құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастар.

Құқықтық реттеу әдісі – бұл көмегімен сапалы біртекті қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу жүзеге асырылатын заңдық құралдардың жиынтығы.

Құқықтық реттеудің екі негізгі әдісі бар:

1) императивті – тыйым салуларға, міндеттерге, жазалауларға негізделген өкіметтік ұйғарымдар, субординациялар әдісі;

2) диспозитивті – тараптардың тең құқықтық әдісі, қимыл-әрекеттер еркіндігінің әдісі, ерік берулер әдісі.

Құқықтар жүйесінің құрылымдық элементтерін қарастырайық.

Құқықтық норма – бұл мемлекет кепілдік берген және санкциялайтын, нормативтік актілер баптарында білдірілген, реттеуші қоғамдық қатынас, мінез-құлықтың жекелеген жалпыға міндетті ережесі.

Құқық саласы – бұл құқықтар жүйесінің неғұрлым ірі бөлігі. Құқық саласы қоғамдық қатынастардың сапалық біртекті саласын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын білдіреді. Бұл ретте әрбір сала құқықтық реттеуінің өз әдісін пайдаланады.

Құқық саласының белгілері:

– әрбір салада құқықтық реттеудің өз нысаны және құқықтық реттеудің өз әдісі болады;

– өз заңнамасы, әдетте, дербес кодекстері болады;

– өзінің ерекше заң режімі болады. Бұл режім құқық субъектілерінің құқықтық жағдайын реттейді, құқықтар мен міндеттерді іске асыру тәсілдері мен құқықтық нормаларды бұлжытпай жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық шараларды белгілейді.

Құқықтар саласымен салыстырғанда құқықтардың қосымша саласы құқықтық нормалардың кіші топтарын біріктіреді және туыстас қоғамдық қатынастарды реттейді. Мысалы, кәсіпкерлік құқық – бұл азаматтық құқықтық қосымша саласы, салықтық құқық – бұл қаржылық құқықтың қосымша саласы.

Құқықтар институты – бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін (тобын) реттейтін заң нормаларының ретке келтірілген жиынтығы. Құқықтар институты – бұл құқықтық нормалардың салыстырмалы түрдегі шағын орнықты жиынтығы.

Құқықтардың әрбір саласында көптеген институттарды бөліп көрсетуге болады. Мысалы, қылмыстық құқықта – жазаны тағайындау институты, қылмыстық жауапкершіліктен босату институты; отбасылық құқықта – неке институты, асырап алу институты, ажырасу институты; азаматтық құқықта – ату-сатып алу шарты институты, заңды тұлға институты, талап арыздың ескірмеу институты және т.б.

Құқықтың негізгі салаларын атаймыз – конституциялық құқық; азаматтық құқық; әкімшілік құқық; қылмыстық құқық; жер құқығы; еңбек құқығы; отбасы – неке құқығы; қылмыстық – іс жүргізу құқығы және басқалары.

Құқықтың негізгі салаларын атаймыз

Бүгінгі күні де құқықтық реттеуді талап ететін жаңа қоғамдық қатынастар туындауды құқықтың қалыптасу сатысында тұрған жаңа салаларын атауға болады; кәсіпкерлік құқық, муниципиалдық құқық, компьютерлік құқық, ғарыштық құқық.

Құқықтар жүйесін зерделеу үшін құқықтың негізгі салаларына сипатама беру қажет. Бұл нақты нысанды және құқық салаларын құқықтық реттеудегі басым әдісті қарастыруды білдіреді.

Құқықтың кейбір салаларын қарастырамыз.

Конституциялық құқық – құқықтың жетекші саласы, реттеу нысаны конституциялық құрылыстың негіздері, жеке тұлғаның құқықтық жағдайы, басқару формасы мен мемлекеттік құрылыс болып табылады. Басымдыққа ие әдісі – императивті әдіс.

Азаматтық құқық мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды реттейді. Негізгі әдісі – диспозитивті әдіс.

Әкімшілік құқық мемлекет органдарының атқарушылық – өкімдік қызметінің үдерісінде туындайтын басқарушылық қатынастарды реттейді. Басым әдісі – императивті әдіс.

Қылмыстық құқық адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығына қылмыстық қол сұғушылықтан, конституциялық құрылысты, жеке және мемлекеттік меншікті және басқаларын қорғайды.

Үстемдік етуші әдісі – императивті әдіс.

Отбасылық – некелік құқық неке құрудың салдарынан туындайтын қатынастарды, сондай-ақ отбасы мүшелерінің арасындағы қатынастарды реттейді. Негізгі әдісі – диспозитивті әдіс.

Еңбек құқығы еңбек және еңбек қызметі саласында туындайтын қатынастарды реттейді. Негізгі әдісі – императивті әдіс.

Өз ісін жүргізу, салықтарды өз уақытында төлеу, қылмыстың құрбандығына айналмас үшін әрбір азамат өз елінің заңдарын білуі тиіс. Құқықтар жүйесін білу адамға көптеген нормативтік-құқықтық актілерде бағдарлануға көмектеседі.