- •Қазақ өлеңінің құрылысы туралы теориялық еңбектер
- •Көркемдік ойлау және көркемдік қиял
- •Төлен Әбдіковтын «Парасат майданы» хикаяты
- •Эстетика және поэтика
- •Стиль және көркемдік әдіс
- •Дулат Исабеков повестеріндегі өмір мен өлім
- •Пафостың түрлері
- •Әдебиет тектері мен түрлері
- •Мұхтар Мағауин шығармашылығындағы саяси пафос
Стиль және көркемдік әдіс
Стиль – қаламгердің жазу мәнері, ой түйінін ашу тәсілі, образдар жүйесінің тұрақты белгілері. Стиль (лат. stylus, грек. stylos – жазуға арналған таяқша) – қаламгердің жазу мәнері, ой түйінін ашу тәсілі, образдар жүйесінің тұрақты бірлігі. Стиль суреткердің қолтаңбасын анықтаумен қатар, сөз өнеріндегі көркемдік әдіс-тәсілдерді, әдебиеттің бағыт-бағдарын ажыратады. Стиль түр мен мазмұнның бірлігін қалыптастырып, көркем мәтіннің тұтастығын қамтамасыз етеді. Әдебиеттану ғылымында стильдің дәуір стилі (қайта өркендеу, барокко, классицизм, реализм), түрлі ағымдар мен бағыттардың стилі, ұлттық стиль және суреткерге тән жеке стиль, т.б. түрлері кездеседі. 17 ғасырда стиль филологиялық пән ретінде қалыптасса, 18 ғасырда философиялық эстетиканың назарын аударды. И.В. Гете мен Г.Гегель стильді дүниені танудың көркем белгісі санаған. Стиль жайында В.В. Виноградов “стиль көп мәндес” деген пікірді айтса, зерттеуші Л.Шепилова стильді әдіс ретінде танып, “әдіс – өмірді образ арқылы көрудің айрықша түрі” дейді. 20 ғасырдың 20-жылдары лингвистик. стилистика қалыптасып, кеңестік кезеңде стиль шығармалар әдісі ретінде танылды. Стиль тіл көрінісі ретінде өнердегі стильден ерекшеленіп, шығарманың мағыналы түрі, эстет. тұтастық ретінде мойындалды. А.Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде стиль туралы “Әр ақын, әр жазушы сөздің басын өзінше құрастырып, өз оңтайымен тізеді, әрқайсысының лұғатында өзіндік айырымы, өзіндік белгісі болады. Ол белгі әркімнің өз ыңғайымен сөз тізіп, әдеттенуінен, салттануынан болады. Ол салттар жалпы сөз тізу салттарынан, шарттарынан аса алмайды. Сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады. Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз дауысынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білуі қажет” дейді. Ол стильді тіл қисыны мен лұғат қисынының бірігуі деп таниды. Зерттеуші Қ.Жұмалиев “Стиль – өнер ерекшелігі” (1966) атты еңбегінде қаламгердің жазу мәнерін, көркемдік шеберлігі мен талант табиғатын, ал З.Қабдолов “Әдебиет теориясының негіздерінде” суреткерге тән шығарм. ерекшелікті стиль ретінде қарастырды.
Көркемдік әдіс. Абай поэзиясында кең өріс алған көркемдік әдіс - реализм. Бұл әдіс өмір шындығын неғұрлым терең, жан-жақты көрсетуге мүмкіндік береді. Айналадағы өмірдің өзін тереңдеп ұғып-түсінуге, күнделікті жайларды, қарапайым адамдардың бейнесін суреттеуге бет бұру - бұл реализм әдісінің бағалы жағы еді. Ф.Энгельс реализм типтік характерлерді типтік жағдайда алып суреттейтінін атап көрсетті. Реализм әдебиетте, көркем өнерде бұқара халықтың өмірін неғұрлым мол, шыншылдықпен бейнелеуге жол ашты. Орыс әдебиетінде реалистік әдіс А. С. Пушкин шығармалары арқылы қалыптасып, М. Ю. Лермонтов, Н. В. Гоголь, И. А. Гончаров, И. С. Тургенев, Л. Н. Толстой, Ф. М. Достоевский, А. П. Чехов сияқты жазушылардың шығармаларында жан-жақты дамыды. Кейде реалистік әдіспен жазылған шығармаларда шыншылдық пен сыншылдық араласып келгенде сыншыл реализм деген ұғым да қолданылады.
