- •Қазақ өлеңінің құрылысы туралы теориялық еңбектер
- •Көркемдік ойлау және көркемдік қиял
- •Төлен Әбдіковтын «Парасат майданы» хикаяты
- •Эстетика және поэтика
- •Стиль және көркемдік әдіс
- •Дулат Исабеков повестеріндегі өмір мен өлім
- •Пафостың түрлері
- •Әдебиет тектері мен түрлері
- •Мұхтар Мағауин шығармашылығындағы саяси пафос
Пафостың түрлері
Пафос (гр. pathos — сезім, құмарлық), құлшыныс, құштарлық, асқақтық, қуатты сезім мен терең шабыт мағынасында қолданылған. Ежелгі грек әдебиетінде Пафосты қаламгердің шығармашылық ойының сын-сипатын айқындауда, туындыларында заман бейнесінің бейнеленуі дәрежесін бағалауда негізгі көрсеткіш ретінде таныды. Пафос арқылы ақын-жазушының қоғамдық-әлеуметтік идеалын анықтау да қалыптасты. Көркем шығарманың идеалы мен оның Пафосының тығыз байланыста болатындығы осы екі ұғымды бірде ыңғайлас, бірде қарама-қарсы сапада қарастыруға негіз болды. Пафос қаламгердің “соты” мен “үкімі” деген де көзқарас бар. Аристотель Пафосты объективтік жайлар арқылы экспрессивтік бейнелер жасау деп есептеген. Лонгин Пафостың субъективтік негізге тәуелді екенін дәріптеп, “тәңірлік шабыт”, “таланттың әулиелік ақымақтығы” сияқты ұғымдар енгізіп, Пафосты қиялмен байланыстырды. Шиллер оны көркем туындының жанрын анықтайтын басты көрсеткіш десе, Лессинг эстет. категориялар дәрежесіне көтерді. В.Г. Белинский Пафосты жеке қасиеттермен байланыстырды. Гегель Пафосты екі мағынада қарастырды:
кейіпкердің қоғамдағы, тұрмыстағы ерекше құлшынысты іс-әрекеті;
шығарма авторының “жаны”, оның болмысқа көзқарасы, ақиқатқа жетудегі құралы.
20 ғасыр да Пафосты көркем мазмұнмен, шындықпен бірлікте зерттеу белең алды. Пафос түрлерін анықтау біресе жанр ыңғайында, бірде әдеби ағым мен бағыт аясында жүргізілген. Пафостың түрлерін негізінен трагедия, қаһармандық, комедия, романтика,сатиралық, драмалық деп жіктеу қалыптасқан. Пафос субъективті, объективті, шын және жалған болуы да мүмкін. Көркем шығармадағы “негізгі ой”, “өзекті идея”, “авторлық бояу”, “ұлттық реңк”, “басты желі” деген ұғымдарды Пафоспен тығыз байланыста қарастырған дұрыс.
Әдебиет тектері мен түрлері
Әдебиеттің тегі мен түрі әдебиет яғни сөз өнері эпос, лирика, драма дейтін негізгі үш салаға жіктеледі. Бұлар әдеби жанрлар мен түрлердің тегі деп те аталады және олардың әрқайсысы мазмұны және суреттеу, баяндау тәсіліне қарай өз тарапынан жүйе құрып, жанрлық түрлерге бөлінеді. Бөлінгенімен, ішкі байланыстарын үзбей, бояулары бір-біріне кіріксе де, өздеріне тән ерекшеліктерін сақтап қалады. Эпос — әдебиеттің негізгі үш тегінің бірі, әдебиеттің баяндау жанрларының басын құрайды. Эпостық шығармада оқиға өз бетінше автордың еркінен тыс жүріп жатқандай әсер береді. Мұнда оқиғаны суреттеу тәсілінің бір ерекшелігі — сюжет желісінің тежелетіндігі. Эпостық жанрдағы шығармаларда негізгі әңгімеге қатыссыз “бөгде” бір нәрселер бейнеленетін секілді. Шын мәнінде бұл — эпостың өзінің жанрлық мақсатына жету үшін қолданатын тәсілдерінің бірі. Эпос тұтастықты көксейді, шындық дүниені қалайда кең көлемде көрсетуді қалайды. Нәтижеде қомақты, өркешті, кең тынысты шығарма туады. “Батыр Баян” поэмасында Мағжан осы тәсілді шебер іске асырады.
Эпос жанры негізгі үш арнамен атқарылады. Ол жанрлар шағын көлемді (анекдот, мысал, әңгіме, новелла, әпсана-хикаят), орташа көлемді (поэма, повесть) және ірі көлемді (эпопея, роман) болып бөлінеді. Үш текті әдебиет жанрларының бірі — лирика, адамның көңіл-күйін шертеді. Бұл жанрда “ақын адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі” (Байтұрсынов). Эпоста автор оқиға көлеңкесінде қалса, лирикада алға шығады, өзі өлең мазмұнына айналады. Және өз қалпын “бетін өзгертпейді” (Аристотель). Өлеңнің лирик. кейіпкері көбіне автордың өзіне тартады. Лирик. кейіпкер — жүрегін от сезімге ораған ой адамының бейнесі. Лирик. жанр түрлері қазақ ауыз әдебиетінде терме, толғау нысанында қалыптасты. Әлемдік әдебиетте ертеден өріс алған элегия (мұңды өлең), ода (мадақ өлең), эпиграмма(әжуа өлең), эпитафия (жоқтау), сонет сыршыл, композициясы белгілі нормамен жазылатын өлең секілді түрлері қазақ поэзиясында берік орын тепті. Саяси-әлеум. лирика түрлері де дамыды. Тақырыбы мәңгілік саналатын махаббат лирикасы, табиғат лирикасы түрлерінен қазақ поэзиясы әлемдік поэзияның қай-қайсысымен де иық теңестіретін шығармалар тудырды. Әдебиеттің үшінші тегі — драма. Мұнда оқиға көз алдында өтіп жатады. Кейіпкерлер бастарынан шиыршық атқан шым-шытырық оқиға кешеді. Бәрі әрекет үстінде. Жәй әрекет емес, тайталасқан күрес, айтыс-тартыс. Оны істейтін кейіпкерлердің характері. Бәрі соған байланысты: жақсылық та, жамандық та. Характер, мінезділік — адамның өзегі, алтын арқауы.
Эпос, лирика, драма іштей бір-бірімен байланысты. Бір әдебиет көзінен тарайтын бұлақтар.Үшеуі де даму барысында біріне бірі әсер етіп, бірін бірі демеп, ашып, толықтырып отырады. Мыс., жаңа эпос-роман жанры психологизм, драматизм құралдарын барынша пайдаланады. Демек, лирика, драма жанрларынан өзіне керекті нәр алып отырады деген сөз. Ертегілік дастандармен қатар, новеллалық, романдық дастандар дейтін түрлер ғыл. айналымға енгізілді. Жанрлық ауыс-күйіс — әдебиет дамуындағы табиғи процесс. Әдебиеттің үш текті жанрларға жіктелуі күллі көркемсөз дүниесіне қатысты заңдылық. Міне, осы ортақ заңдылықтан фольклор, дара ақындық ауыз әдебиеті және жазба әдебиеті саларын бір-біріне қарсы қоймай, араларына өтпес ор қазбай, қайта оларды бір-бірімен тығыз байланыста тұтас өнер жұйесі ретінде қарап зерттеу қажеттігі туындайды.
