Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
шарттық құқық мазмұны.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
205 Кб
Скачать
☆

7.Заемдық міндеттемелер. Факторинг (1 сағат)

  1. Заем шартының ұғымы мен нысаны. Шартты жасасу.

  2. Заем шартындағы сыйақы.

  3. Заем пәнін ұсыну.

  4. Заем алушының міндеттемесін орындатуды қамтамасыз етудің әдістері.

  5. Заемның жекелеген түрлерінің ерекшеліктері.

  6. Заем пәнін қайтару.

  7. Факторинг шарты: ұғымы, пәні және ақшалай талапты беріп қаржыландыру шартының нысаны.

  8. Тараптардың жауаптылығы.

  9. Борышқордың қарсы талабы.

Заем шарты бойынша бiр тарап (заем берушi) басқа тараптың (заемшының) меншiгiне (шаруашылық жүргiзуiне, оралымды басқаруына) ақша немесе тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды бередi, ал осы Кодексте немесе шартта көзделген жағдайларда оларды беруге мiндеттенедi, ал заемшы заем берушіге дәл осындай ақша сомасын немесе осы тектегi және сападағы заттардың тең мөлшерiн уақытында қайтаруға мiндеттенедi.

Орындалуы ақша немесе тектiк белгiсiмен айқындалған заттарды беруге байланысты шарттарда заем, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе және тиiстi мiндеттемелердiң мәнiне қайшы келмейтiн болса, аванс, алдын ала ақы төлеу, тауарларға (жұмысқа және қызмет көрсетулерге) мерзiмiн ұзартып және бөлiп-бөлiп төлеу түрiнде беру көзделуi мүмкiн.

Заңды тұлғалар мен азаматтарға кәсiпкерлiк қызмет ретiнде азаматтардан заем түрінде ақша тартуға тыйым салынады және мұндай шарттар олар жасалған кезден бастап жарамсыз деп танылады.

Бұл тыйым салу заемшылар депозиттер қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы бар банктер болған жағдайларда, сондай-ақ шығарылуы заңдарда белгiленген тәртiппен тіркелген бағалы қағаздарға ақшаны айырбасқа қабылдау жағдайларында қолданылмайды.

Заем шарты ҚР АК 151-152-баптарының ережелерiне сәйкес нысанда жасалуға тиiс. Заем шарты заемшының облигациясы, қолхаты немесе оған заем берушiнiң белгiлi бiр соманы немесе заттардың белгiлi бiр мөлшерiн бергендiгiн куәландыратын өзге де құжат болған жағдайда да тиiстi жазбаша нысанда жасалды деп танылады.

Заем шарты, егер ҚР АК немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, ақша немесе заттар берiлген кезден бастап жасалды деп есептеледi. Шартта ақшаны немесе заттарды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) беру көзделген жағдайларда, егер шартта өзгеше көзделмесе, олардың бiрiншi бөлiгi берiлген кезден бастап шарт жасалды деп есептеледi.

Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасын пайдаланғаны үшiн заемшы шартта белгiленген мөлшерде заем берушiге сыйақы төлейдi. Егер заем шарты бойынша заемшыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу олардың көлемі мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi. Сыйақы төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi заем шартында белгiленедi. Егер сыйақы төлеу тәртiбi мен мерзiмi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi. Егер заемшы заем нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы заем нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.

Заем нысанасын шартта көзделген мерзiмде, мөлшерде және жағдайда берiледi. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заемшыға берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша қаражаты есептелген кезден бастап берiлген деп есептеледi.

Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заемшы заем берудiң шартта белгiленген мерзiмiне дейін заем берушiнi бұл туралы хабардар ете отырып, заем алудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.

Тектiк белгiлерiмен айқындалатын заттарды заемға берген кезде олардың саны, түр-түрi, жинақтылығы, сапасы, ыдысы және (немесе) буып-түйiлуi туралы шарттарды орындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу-сату шарттары туралы (ҚР АК 406-492-баптары) ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады. Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

Заемшы заем нысанасын нысаналы пайдалану жөнiндегi мiндеттердi, сондай-ақ жоғарыда көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда заем берушi заем нысанасының берiлмеген бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.

Заем нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындау осы Кодексте көзделген әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда заемшы, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заем берушiге заемның қамтамасыз етiлуiн бақылауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.

Заемшы нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ заем берушi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi заем нысанасының тиiсiнше ұсынылмаған бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.

Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша есептелген кезде қайтарылды деп есептеледi. Егер заем нысанасын қайтару мерзiмi шартта белгiленбесе, оны заемшы ол туралы заем берушi талап еткен күннен бастап отыз күн iшiнде қайтаруы тиiс.

Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем нысанасы мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Сыйақы төлеу шартымен берiлген заем нысанасы заем берушінің келісімімен не, егер ол шартта көзделсе, мерзімінен бұрын қайтарылуы мүмкін. Егер шартта өзгеше белгiленбесе, заем бойынша сыйақы кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын төленуi мүмкiн.

Заем берушiнiң келiсiмiмен заемшының мiндеттемелерi: ақша заемы шарты бойынша - борыш есебiне тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды қабылдаумен; заттар заемы шарты бойынша - борыштың есебiне ақша қабылдаумен орындалуы мүмкiн. Аталған заттардың құны тараптардың келiсiмiмен айқындалады.

Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.

Егер шартта заем бойынша сыйақыны заем нысанасының өзiн қайтару мерзiмдерiнен бұрын төлеу көзделсе, сыйақыны төлеу үшiн белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда заем берушi заемшыдан заем нысанасын тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.

Заем берушi 720-баптың З-тармағында, 721-баптың 2-тармағында, 722-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талаптар қойған кезде заем нысанасын қайтарудың және ол бойынша сыйақыны төлеудiң жаңа мерзiмi ҚР АК 722-бабының 1-тармағында белгiленген ереже бойынша есептеледi.

Заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы.

Заем шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс жағдайларда (ҚР АК 716-бабы), шарт алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келiсiмiнiң немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайларды қоспағанда (ҚР АК 159-бабының 9 және 10-тармақтары), оны куәгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi.

Сатып алу-сату, мүлiктi жалға алу немесе өзге негiздегi мәмiлелерден пайда болған кез келген мiндеттеме тараптардың келiсiмi бойынша заем шартымен ресiмделуi мүмкiн. Мiндеттеменi заем шартына ресiмдеу жаңалау туралы талаптарды (ҚР АК 372-бабы) сақтай отырып жүзеге асырылады және заем шарты үшiн көзделген (ҚР АК 716-бабы) нысанда жасалады.

Мемлекеттiк заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады. Мемлекеттiк заемдар ерiктi болып табылады. Мемлекеттiк заем шарты заем игерушiнiң шығарылған мемлекеттiк облигацияларды, сондай-ақ заем берушiнiң заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгiленген сыйақыны немесе өзге де мүлiктiк құқықтарды осы заемды айналымға шығару шарттарында көзделген мерзiмде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттiк бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады. Мемлекеттiк заем шартынан туындайтын өз мiндеттемелерi бойынша, заемшы тиiстi қазынаның мүлкiмен жауап бередi. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк заем қатынастарына қатысу ерекшелiктерi заң актiлерiмен белгiленуi мүмкiн.

Банк заемы шарты бойынша заем берушi заемшыға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен қарызға ақша беруге мiндеттенедi. Ислам банкі заем беруші болып табылатын банк заемы шарты бойынша ақша заемы мерзімділік және қайтарымдылық талаптары бойынша және ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы алынбай жүзеге асырылады.

Банк заемы шартының мынадай ерекшелiктерi бар:

1) заем берушi ақша нысанында заем беруге уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензиясы бар банк немесе өзге де заңды тұлға болады;

2) шарттың нысанасы алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша болып табылады. Соңғы жағдайда шарт, егер осы шартта өзгеше көзделмесе, оның жасалған кезiнен бастап (ҚР АК 393-бабының 1-тармағы) күшiне ендi деп есептеледi;

3) шарт жазбаша түрде жасалуы тиiс. Жазбаша түрдi сақтамау банк заемы шартының жарамсыздығына әкеп соғады;

4) банктiк заем шартына, банк заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ҚР АК 722-бабы 2-тармағының ережелерi қолданылмайды.

Банктерге осы банк эмитенті болып табылатын акциялармен қамтамасыз етілген заемдар беруге не осы акцияларды сатып алуға арналған заемдар беруге тыйым салынады.

Ақшалай талап беріп қаржыландыру шартының түсінігі, пәні мен нысаны.

Заем шартының жаңа түріне факторинг немесе ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты жатады оның негізі рим құқығындағы цессия (кредиторды ауыстыру) болады. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг) шарты бойынша бір тарап - қаржы агенты (фактор) ақшаны басқа тараптың, клиенттің билігіне береді немесе беруге міндеттенеді, ал клиент қаржы агентіне клиенттің (несие берушінің) осы үшінші тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзінің ақшалай талабын қаржы агентіне береді немесе беруге міндеттенеді (ҚР АК 729 б.). Яғни клиент қаржы агентіне (фақторға) өзінің борышкеріне деген талап етү құқығын аударады. Аудару заты – қаржыландыру алу мақсатында аударылатын, сол кезде бар немесе алдағы уақытта пайда болатын талап (алдағы уақытта ақша алу құқығы) болады. Клиентпен қаржы агентына аударылатын талап жарамды болуы тиіс. Шарт консенсуалды да, нақтылы да болуы мүмкін. Шарт мерзімі тараптардың келісімімен бекітіледі. Шарттың бағасы – ол клиенттің борышкерге аударылған талабының құны болып танылады.

Тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі

Қаржы агентының міндеттеріне - клиентті қаржыландыру; шартта көзделген жағдайларда, бухгалтерліқ есептерді жүргізү үшін, клиенттен құжаттарын қабылдап алу; клиентке өзгеде қаржылық қызмет көрсетү және т.б. жатады. Клиенттың міндеті - факторға ақшалай талапты аудару және оның жарамдылығын қамтамасыз ету. Және де клиент пен фактор борышкерді несие берүшінің ауыстырылуы жөнінде ескертүі қажет.

Банктік қызмет көрсету шартының түсінігі мен түрлері Банк шарттарына «Банктік қызмет көрсету» жөніндегі ҚР АК-ның 38 Тарауы арналған. Банк қызметтері: банктік шот, ақша аудару туралы, банк салымы шарттарынан және өзге де шарттардан тұрады (ҚР АК 739 б.).

Банктiк қызмет көрсету шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша банктiк қызмет көрсетуге, ал клиент, егер шартта өзгеше көзделмесе, осы көрсетiлген қызметке ақы төлеуге мiндеттенедi.

Банктiк қызмет көрсету шарты:

1) банктiк шот шарты;

2) ақша аудару шарты;

3) банк салымы шарты;

4) заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде көзделген өзге де шарт түрлері болып бөлінеді.

Банк клиенттiң өз ақшасына кедергiсiз иелiк жасау құқығына кепiлдiк бере отырып, шотта бар ақшаны пайдалана алады. Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегi ақшаларына тек соттар, тергеу орындары және анықтау органдары және атқарушылық iс жүргiзу органдары өздерiнiң iс жүргiзуiндегi қылмыстық және азаматтық iстер және атқарушылық іс жүргiзу iстерi бойынша қылмыстық iс жүргiзу және азаматтық iс жүргiзу заңдарында және атқарушылық іс жүргізу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен және негiздерде тыйым сала алады.

Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі ақшаларына тыйым салу мерзiмi тиiстi iстердi жүргiзу үшiн қылмыстық iс жүргiзу және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген мерзiмдерден аспауға тиiс.

Тергеу органдары мен анықтау органдарының клиенттiң ақшасына тыйым салу туралы шешімдеріне заң актілерінде белгіленген тәртiппен сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшаларын олардың келісімінсіз алып қою тек қана заңды күшіне енген сот актісі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық, Кеден кодекстерінде және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда жүргізілуі мүмкін.

Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болған жағдайда, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ақшаны алу клиенттiң немесе өзге тұлғалардың өкiмдерi түсу ретiне қарай (күнтiзбелiк кезектiлiк) жүзеге асырылады.

Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған кезектi талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда банк сомасы аталған талапты қанағаттандыруға жеткiлiктi, клиенттің пайдасына түсетiн ақшаны жинақтайды. Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектiлiк бойынша алуды жүргiзедi:

1) бiрiншi кезекте адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөнiндегi талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;

2) екiншi кезекте еңбек шарты жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбекақы төлеу жөнiндегi, авторлық шарт бойынша сыйлықақы төлеу, клиенттiң мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына және мiндеттi әлеуметтiк аударымдарды Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына аудару жөнiндегi мiндеттемелерi бойынша есеп айырысу үшiн ақша алуды көздейтiн атқару құжаттары бойынша ақша алу жүргiзiледi;

3) үшiншi кезекте клиенттiң бюджет алдындағы мiндеттемелерi бойынша ақша алу жүргiзiледі;

4) төртiншi кезекте басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;

5) бесiншi кезекте клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектiлiк тәртiбiмен ақша алу жүргiзiледi.

Бiр кезекке жататын талаптар бойынша банктен ақша алу тиiстi құжаттардың түскен уақыты бойынша кезектiлiкпен жүргiзiледi.

Клиент болып табылатын заңды тұлға тараған кезде кредит берушiлердiң талабын қанағаттандыру ҚР АК 51-бабында көзделген кезектiлiкпен жүргiзiледi.

Банктiк қызмет көрсетудiң жекелеген түрлерiн банктiк қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар көрсетуге құқылы.

Мұндай ұйымдардың банктік қызметтің жекелеген түрлерін көрсетуi ҚР АК және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiмен белгіленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады. Клиент банктiк қызмет көрсету шарты бойынша өзiне банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген ережелер мен тәртiп бойынша ақы төлейдi.

Банк құпиясын жария етпеуге банк кепiлдiк бередi. Банк құпиясын құрайтын мәлiметтер тiзбесi және оны беру негiздерi банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiмен белгiленедi.

Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар клиенттерге банктiк қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiнде және банктiк қызмет көрсету шарттарында белгiленген шекте жауап бередi.

Банктiк шот шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) пайдасына түсетiн ақшаны қабылдауға, клиенттiң клиентке немесе үшiншi тұлғаларға ақшаның тиiстi сомаларын аудару (беру) туралы өкiмдерiн орындауға және банктiк шот шартында көзделген басқа да қызметтердi көрсетуге мiндеттенедi.

Банктiк шот шарты бойынша клиентке немесе ол көрсеткен адамға клиенттiң банктегi ақшасына есеп жүргiзу мақсатында тараптар келiскен шарттар бойынша клиенттiң бiр ыңғайландырылған дербес коды берiледi. Клиенттiң бiр iзге түсiрiлген дербес кодын беру, жою, банктiң клиент ақшасына есеп жүргiзу тәртiбi банктiк заңдармен белгiленедi.

Заңды тұлғалар мен азаматтар қызмет көрсету банктерiн өз бетiнше таңдайды және олар банктiк шот шартын бiр банкпен де, бiрнеше банкпен де жасауға құқылы. Егер заң актілерінде немесе тараптар келісімінде өзгеше белгіленбесе, банктік шот шарты мерзімсіз болып табылады.

Банктiк шот шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс. Банктiк шот шартының жазбаша түрiн сақтау осы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

Банк клиенттiң банктегi ақшасын алып қоюды егер заң актiлерiнде немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, клиент өкiмiнiң негiзiнде жүзеге асырады. Егер заңдарда немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, банк клиенттiң ақшаны пайдалану бағытын белгiлеу мен бақылауға және оның өз қалауынша ақшаға билiк ету құқығына заңдарда көзделмеген шек қоюға құқығы жоқ. Егер ақшаны азамат салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын не азаматтың өзi, не ол осы құқықты сенiп берген адам пайдаланады.

Егер ақшаны заңды тұлға салған болса, банктегi ақшаға билiк ету құқығын осы заңды тұлғаның басшысы және (немесе) ол уәкiлдiк берген өзге адамдар пайдаланады. Банктегi ақшаға клиент атынан билiк етудi жүзеге асыратын адамдардың құқықтары клиент банкке заңдарда және шартта көзделген құжаттар ұсыну арқылы расталады. Банктiк шот шартында банктегi ақшаға билiк етудiң тәртiбi белгiленуге тиiс. Мұндай тәртiпке қойылатын талаптар банктiк заңдармен белгiленедi.

Банктiк шот шартына сәйкес банк:

1) клиент талап еткен кезде ақшаның болуын қамтамасыз етуге;

2) клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға;

3) клиенттiң үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы өкiмiн орындауға;

4) үшiншi тұлғалардың, егер бұл банктiк шот шартында көзделсе, клиенттiң ақшасын алып қою туралы өкiмдерiн орындауға;

5) банктiк шот шартында белгiленген тәртiп бойынша клиенттен қолма-қол ақша алуды және оған берудi жүзеге асыруға;

6) клиенттiң талап етуi бойынша клиенттiң банктегi ақша сомасы және жүргiзiлген операциялар туралы ақпаратты шартта көзделген тәртiппен беруге;

7) клиентке шартта, заңдарда және банктiк тәжiрибеде қолданылатын іскерлік айналым дағдыларында көзделген өзге де банктік қызмет көрсетуге мiндеттi.

Банк клиенттiң пайдасына келiп түскен ақшаны қабылдауға, сондай-ақ клиенттiң ақшасын алып қоюды немесе оның ақшасын берудi, егер заң актiлерiнде және соларға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шығарған нормативтiк құқықтық актiлерде өзге мерзiмдер көзделмесе, оның бір ізге түсірілген дербес коды бойынша тиісті нұсқаумен банкке келiп түскен күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, сондай операцияларды көрсете отырып жүргiзуге мiндеттi.

Банктегi ақшаны пайдаланғаны үшiн банк шартта белгiленетiн мөлшер мен тәртiп бойынша сыйақы төлейдi.

Банктiк шот шарты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, клиенттiң өтiнiшi бойынша кез келген уақытта бұзылады.

Банктік шот шартын бұзу клиенттің бір ыңғайландырылған дербес кодын жою үшiн негiз болып табылады.

Банкте қалған ақша клиентке берiледi не оның нұсқауы бойынша үшiншi тұлғалардың пайдасына аударылады (алып қойылады).

Ақша аудару туралы шарт бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша клиентке бiр-ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ үшiншi тұлғаға ақша аударуға мiндеттенедi. Банктiң клиентке бiр ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ ақша аудару тәртiбi банк қызметiн реттейтiн заң актiлерiмен белгiленедi.

Егер банк қызметін реттейтін заң актілерінде өзгеше көзделмесе, егер банк клиенттiң тапсырмасын клиент оған осындай банктiк қызмет көрсету туралы ұсыныс жасаған кезде орындауға қабылдаған жағдайда, банктік шот ашпай-ақ ақша аудару туралы шарт жасалған болып есептеледi.

Банк салымы шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және салымның осы түрi үшiн заң актiлерiнде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша салымды қайтаруға мiндеттенедi.

Салымдар түрiнiң әрқайсысы бойынша банктер клиенттiң ақшасын есепке алу мақсатында оған бiрыңғайландырылған дербес код бередi. Бiрыңғайландырылған дербес кодты беру, жою, клиенттiң ақшасына есеп жүргiзу тәртiбi Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленедi. Банк салымдарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленуі мүмкін.

 

Салымдарды қайтару талаптарына қарай олар мынадай түрлерге бөлiнедi:

1) талап етiлмелi салым;

2) мерзiмдi салым;

3) шартты салым.

Талап етiлмелi салым салымшының бiрiншi талап етуi бойынша толық немесе iшiнара қайтарылуға тиiс. Мерзiмдi салым белгiлi бiр мерзiмге салынады. Шартты салым банк салымы шартында белгiленген мән-жайлар болғанға дейiн салынады.

Мерзiмдi салымды салымшы белгiленген мерзiм өткенге дейiн, ал шартты салымды банктiк салым шартында белгiленген мән-жайлар басталғанға дейiн талап еткен жағдайда салым бойынша сыйақы, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе талап етiлмелi салым бойынша белгiленген мөлшерде төленедi.

Банк салымы шарты жазбаша түрде және заң актiлерiнде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерінде және банктiк тәжiрибеде қолданылып жүрген іскерлік айналым дағдыларында белгіленген талаптарға сай жасалуға тиіс. Салымшының талап етуi бойынша салымның жасалғанын куәландыратын құжат не оның атына, не белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына ресiмделуi мүмкiн. Банк салымының жазбаша нысанын сақтамау осы құқықтың жарамсыздығына әкеп соғады.

Банк салымы шарты салым сомасы банкке келiп түскен күннен бастап жасалған болып саналады. Талап етiлмелi банк салымы шарты мерзiмсiз болып табылады. Салымшы мерзiмдi салымның сомасын оның мерзiмi өткеннен кейiн, сондай-ақ шартты салымның сомасын банк салымы шартты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар пайда болғаннан кейiн талап етпесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, банк салымы шарты талап етiлмелi салым шарттарымен ұзартылған болып саналады.

Банк салымшыға банк салымы шартында белгiленетiн мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейдi. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, банктiң салым бойынша сыйақының мөлшерiн бiржақты тәртiппен өзгертуге құқығы жоқ.

Банк салымы шарты бойынша банк сыйақыны банк салымы шартында белгiленген тәртiппен және мөлшерде төлейдi. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, банк салымы бойынша сыйақы салымшыға оның талап етуi бойынша әр тоқсан аяқталғаннан кейiн салым сомасынан бөлек төленедi, ал бұл мерзiмде талап етiлмеген сыйақының сомасы салымның сыйақы төленетiн сомасын арттырады. Салымды қайтару кезiнде салымшыға сол кездегі оған тиесілі барлық сыйақы төленедi. Талап етiлмелi салым бойынша салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы.

Мерзiмдi салым бойынша да салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны оның мерзiмi аяқталғанға дейiн салым сомасынан бөлек алуға құқылы, бiрақ бұл ретте, банк салымы туралы шартта өзгеше көзделмесе, сыйақының мөлшері банк талап етілмелі салым үшiн қолданатын мөлшерге сәйкес қайта есептелiнедi. Салым мерзiмiнiң аяқталуы бойынша салымшы өзiне тиесілі сыйақыны ол салымды талап ете ме немесе етпей ме оған қарамастан, толық мөлшерде алуға құқылы (ҚР АК 759-бабының 3-тармағы).

Шартты салым бойынша салымшының оған тиесiлi сыйақыны салымның сомасынан бөлек алуы банк салымы шартында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi. Сыйақы салымды қайтару үшiн көздемеген мерзiмдерде және нысанда төленедi (ҚР АК 765-бабы). Салымды толық қайтару кезiнде салымшыға сол кездегi өзiне тиесiлi барлық сыйақы төленедi.

Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшылар салымдарды қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз аудару арқылы да енгiзедi. Талап етiлмелi салым кезiнде салымшы ақшаны кез келген сомада және кез келген кезеңде жекелеген жарналармен енгiзе алады. Бұл ретте жаңа түскен сомалар бойынша сыйақы есептеу, сыйақының банкке ақша түскен күнi қолданылған мөлшерiне қарай жүргiзiледi. Мерзiмдi салымдар, сондай-ақ шартты салымдар кезiнде, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшы ақшаны бiр жолғы жарна түрiнде енгiзедi. Банкке үшiншi тұлғалардан салымшының атына оның бiрыңғайландырылған дербес коды туралы қажеттi деректер көрсетiле отырып түскен ақша салымға енгiзiледi.

Банкке салым белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына енгiзiлуi мүмкiн. Пайдасына салым енгiзiлетiн азаматтың атын (ҚР АК 15-бабы) немесе заңды тұлғаның атауын (ҚР АК 38-бабы) көрсету тиiстi банк салымы шартының елеулi талабы болып табылады. Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың не сол кезде болмаған заңды тұлғаның пайдасына банк салымы шарты жарамсыз болады.

Үшiншi тұлға салымшының құқығынан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда банк салымы шартын жасаған тұлға салымға өзi енгiзген ақшаға қатысты салымшының құқықтарын пайдалана алады.

Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген жағдайда, ол банк салымы шартында көзделген талаптарды сақтаған кезде ғана оларға билiк етуге құқылы. Бұл талаптар басталғанға дейiн үшiншi тұлға салымға тек салым енгiзген тұлғаның жазбаша рұқсаты бойынша ғана билiк ете алады.

Салым бойынша талап, банк салымы шартында жазбаша түрде жазылуға, заң актiлерiне қайшы келмеуге және салымды берудi қиындататын түсiнiксiздiгi болмауға тиiс.

Шартты салымды алу үшiн үшiншi тұлға банкке белгiленген талаптарды орындағандығын растайтын құжаттар табыс етедi.

Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген тұлғаның: үшiншi тұлға осы талаптың орындалғанын растайтын құжат ұсынбаған жағдайда, өзi белгiлеген талаптарды өзгертуге; үшiншi тұлға салым енгiзу кезiнде көрсетiлген талапты орындамаған не ол банк салымы шартында көзделген талапты орындағанға дейін қайтыс болған жағдайда салымға билік етуге құқығы бар.

Yшiншi тұлғаның пайдасына шарт туралы ережелер (ҚР АК 391-бабы), егер ол осы баптың ережелерiне қайшы келмесе, үшiншi тұлғаның пайдасына банк салымы шартына қолданылады.

Банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының алғашқы талап етуi бойынша:

1) талап етiлмелi салымдар бойынша - салымшы талаптарының келiп түсуi бойынша;

2) мерзiмдi салымдар бойынша - банк салымы шартында көзделген мерзiмнiң басталуы бойынша;

3) шартты салымдар бойынша - банк салымы шарты басталуымен салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар болған кезде беруге мiндеттi.

Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының талабы келiп түскен кезден бастап бес күннен кешiктiрмей беруге мiндеттi.

Шартты салымдар бойынша салымшының банк салымы шарты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар басталғанға дейiн салымды қайтарып алуға құқығы бар. Бұл ретте банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн осы баптың 2-тармағында көзделген мерзiмде беруге мiндеттi.

Салымшының мерзiмдi салымды мерзiмiнен бұрын алу құқығынан бас тартуы туралы банк салымы шартының, сондай-ақ шартты салымның ережелерi көзделген талаптар басталғанға дейiн жарамсыз болып табылады.

Шетел валютасымен енгiзiлген салым, егер заң актiлерiнде, банк салымы шартында немесе тараптардың қосымша келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, нақ сондай валютамен қайтарылуға тиiс.

Банк салымшының салымды немесе оның бiр бөлiгiн қайтару туралы талабын жоғарыда көзделген мерзiмде орындамаған жағдайда сыйақыны төлеу банк салымы шартында көзделген талаптарда жалғастырылады.

Банк өзі алған салымдарды қайтаруды қамтамасыз ету үшін пайдалануға мiндеттi амалдар мен әдiстер заң актiлерiмен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен және банк салымы шартымен белгiленедi. Салымшы банк салымдары бойынша жасалған операциялар жөнiндегi банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген тәртiппен ақы төлейдi.

Сақтау шарты бойынша бiр тарап (сақтаушы) оған екiншi тараптың (жүк берушiнiң) берген затын сақтауға және бұл затты сақталған күйiнде қайтаруға мiндеттенедi. Сақтау шарты зат сақталуға берiлген кезден бастап жасалған деп танылады. Қозғалмайтын мүлiктi күзетуге осы тараудың күшi қолданылмайды.

Сақтауды кәсiпкерлiк қызмет ретiнде жүзеге асыратын сақтаушы шарт бойынша өзiне жүк берушiнiң затын сақтауға қабылдау және жүк берушiнiң берген затын осы тараудың ережелерiне сәйкес сақтау мiндеттемесiн өз мойнына алуы мүмкiн. Шарт бойынша өзiне затты сақтауға қабылдау мiндеттемесiн алған сақтаушының бұл заттың өзiне сақтауға берiлуiн талап етуге құқығы жоқ. Алайда шартта көзделген мерзiмде затты сақтауға бермеген жүк берушi, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сақталмай қалуға байланысты келтiрiлген залалдар үшiн сақтаушының алдында жауапты болады. Егер жүк берушi сақтаушының қызметiнен бас тартқандығы туралы қисынды мерзiмде мәлiмдеген болса, ол затты сақтауға бермегенi үшiн жауапкершiлiктен босатылады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, шартта келiсiлген мерзiмде зат сақталуға өткізілмеген, ал бұл мерзiм шарт жасалған күннен бастап отыз тәулiк өткенге дейiн белгiленбеген жағдайларда сақтаушы затты сақтауға қабылдау мiндетiнен босатылады.

Өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне қарай сақтауды жүзеге асыратын сақтаушының, егер заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, техникалық мүмкіндік бола тұра затты сақтауға қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. Мұндай жағдайларда сақтау шарттары жария деп танылады (ҚР АК 387-бабы).

Иесiздендiрiп сақтау кезiнде сақтауға алынған заттар басқа жүк берушiлердiң сол тектес және сапасы сондай заттарымен араласып кетуi мүмкiн. Жүк берушiге заттар сол тектес және сапасы сондай тең немесе тараптардың келiсiлген мөлшерiнде қайтарылады. Заттарды иесiздендiрiп сақтау кезiнде, егер заң актiлерiнде немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленсе, заттар осы тектес және сапасы сондай заттардан оқшау ұсталуға тиіс.

Сақтаушының нөмiрлер, жетондар және басқа да заңды деп танылған белгiлер беруi арқылы заттарды қысқа мерзiмге сақтауға сақтау камераларына және вокзалдардың, әуежайлардың, мекемелердiң, кәсiпорындардың, театрлардың, мұражайлардың, стадиондардың, асханалардың және т.б. киiм iлгiштерiне өткiзулердi қоспағанда, сақтау шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.

Егер сақтауға алынған заттар сақтаушы жүк берушiге сақтау қолхатын, түбіртек, куәлік, сақтаушы қол қойған өзге де құжаттар беру жолымен куәландырылған болса, шарттың жазбаша нысаны сақталған болып есептеледi. Тұрмыстық қызмет көрсету түрiндегi сақтау шарты ауызша нысанда жасалуы мүмкiн. Сақтауға алынған зат пен сақтаушы қайтарған заттың бірдейлігі туралы дау туған жағдайда куәгерлік айғақтарға жол берiледi.

Заттарды төтенше жағдайлар (өрт, су тасқыны және басқалар) кезiнде сақтауға өткiзу, шарттың жазбаша нысаны болмаған жағдайда сақтауға өткiзiлген заттардың құнына қарамастан куәгерлiк айғақтар бойынша дәлелденуi мүмкiн.

Егер зат талап етiлмелi сақтауға немесе мерзiмi көрсетiлмей өткiзiлген болса, сақтаушы осындай жағдайлардағы заттың әдеттегi сақталу мерзiмi өткен соң жүк берушiнiң заттарды қайтып алуын талап етуге құқылы, бiрақ жүк берушiге затты қабылдап алуға жететiндей қисынды мерзiм беруге мiндеттi.

Жүк берушi шарт бойынша сақтаудың өзге мерзiмi көзделгенде де кез келген уақытта сақтаушыдан затты талап етуге құқылы. Алайда бұл жағдайда жүк берушi, егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтаушыға мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын, тоқтатылуынан туған залалдарды өтеуге мiндеттi.

Сақтау шарты бойынша сақтаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi тараптардың келiсiмiмен белгiленедi. Заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда сыйақының мөлшерi таксалар, ставкалар, тарифтер бойынша айқындалуы мүмкiн.

Тараптардың келiсуiмен немесе заң актiлерiмен сақтаудың тегiн түрi шарттастырылуы мүмкiн. Тегiн сақтау кезiнде жүк берушi сақтаушыға заттарды сақтау үшiн қажеттi, нақты жұмсалған шығындарды өтеуге мiндеттi.

Егер заңдарда немесе тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмеген болса, сақтаушыға сақтағаны үшiн сыйақы сақтау аяқталған соң, ал егер кезең бойынша төлеу көзделген болса - әрбiр кезеңнiң аяқталуы бойынша төленуге тиiс. Егер сақтау, шартта белгiленген сақтау мерзiмiнен бұрын тоқтаса, сақтаушыға сыйақының соған мөлшерлес бөлiгi төленуi тиiс.

Егер шартта көзделген мерзiм өткеннен кейін сақтауда тұрған затты жүк беруші қайтарып алмаған болса, ол сақтаушыға затты бұдан әрi сақтағаны үшiн сол бұрынғы мөлшерде сыйақы төлеуге мiндеттi.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтау бойынша шығындар сыйақының сомасына енгiзiледi. Төтенше шығындар сыйақының сомасына немесе шартта көзделген шығындардың құрамына кірмейдi деп ұйғарылады.

Сақтаушы өзiне берiлген заттардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн шартта көзделген, сондай-ақ басқа да қажеттi барлық шараларды қолдануға мiндеттi. Егер сақтау тегiн жүзеге асырылатын болса, сақтаушы сақтауға алынған затқа өз заты сияқты қамқорлық жасауға мiндеттi. Зат оның табиғи бұзылуы немесе табиғи кемуi ескерiле отырып сақтауға қабылданған күйiнде қайтарылуға тиiс. Шартта көзделген, сондай-ақ, егер затты пайдалану оның сақталуын қамтамасыз етуi үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, сақтаушының затты пайдалануға құқығы жоқ. Сақтаушы затты қайтарумен қатар, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, оны сақтау уақытында алынған нәтижелер мен кiрiстердi де беруге құқылы.

Затты сақтаудың сақтау шартында көзделген жағдайларын өзгерту қажет болған кезде сақтаушы бұл туралы жүк берушiге дереу хабарлауға және оның жауабын күтуге мiндеттi. Заттың жоғалу және бүлiну қаупi туған жағдайда сақтаушы жүк берушiнiң жауабын күтпестен, сақтаудың шартта көзделген әдiсi мен орнын өзгертуге мiндеттi.

Егер зат сақталу кезiнде бүлiнуге ұшыраса немесе оның сақталуын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бермейтiн және жүк беруші тарапынан шаралар қолдануды күтуге болмайтын басқа жағдайлар туындағанда, сақтаушы сақтау және сату бойынша өз шығындарын өтей отырып, затты немесе оның бiр бөлiгiн сатуға құқылы.

Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмеген болса, сақтаушының жүк берушiнiң келiсiмiнсiз, егер бұл орайда жүк берушiнiң мүдделерiндегi қажеттiлiк тумаса және сақтаушы оның келiсуiн алу мүмкiндiгiнен айырылса, затты үшiншi тұлғаға беруге құқығы жоқ. Заттың үшiншi тұлғаға берiлгендiгi туралы сақтаушы дереу жүк берушiге хабарлауға мiндеттi. Сақтаушы затты сақтауға берген үшiншi тұлғаның iс-әрекетi үшiн жауап бередi.

Сақтаушы сақтауға алған заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi. Егер ол заттың жоғалуы, кем шыққаны немесе бүлiнуi өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдесе, жауаптылықтан босатылады.

Сақтауды өзiнiң кәсiпкерлiк қызметiне орай жүзеге асыратын тұлға, тек заттың жоғалуы, кем шығуы немесе бүлiнуi дүлей күштiң салдарынан не заттың өзiне тән ерекшелiгiнен, не жүк берушiнiң қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан болған жағдайларда ғана заттың сақталмағаны үшiн жауаптылықтан босатылады.

Егер шартта көзделген сақтау мерзiмi немесе ҚР АК 773-бабында белгiленген тәртiппен сақтаушы көрсеткен мерзiм өткен соң жүк берушi затты қайтарып алмаған болса, оның тарапынан қасақана пиғыл немесе өрескел абайсыздық болғанда ғана сақтаушы бұл заттың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.

Заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушiге келтiрiлген шығындарды, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, ҚР АК 350-бабына сәйкес сақтаушы өтейдi. Егер шартта немесе сақтаушы берген өзге де жазбаша құжатта көрсетiлгендей сақтауға өткiзу кезiнде затқа баға беру жүргiзiлген болса, сақтаушының жауаптылығы баға сомасының негiзiнде айқындалады.

Тегiн сақтау кезiнде жүк берушiге заттың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен келтiрiлген залалдар:

1) затты жоғалтқаны және оның кем шыққаны үшiн - жоғалған немесе кем шыққан заттың құны мөлшерiнде;

2) заттың бүлiнгенi үшiн - оның құны төмендеген соманың мөлшерiнде өтеледi.

Егер сақтаушы жауап беретін заттың бүлінуі салдарынан, зат сапасының соншалықты өзгергендiгiнен оны бастапқы мақсат бойынша пайдалану мүмкін болмайтын жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi одан бас тартуға және сақтаушыдан бұл заттың құнын өтеуді, сондай-ақ басқа да залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

Жүк берушi ҚР АК 773-бабында көзделген мерзiм аяқталғаннан кейiн сақтауға берiлген затты қайтарып алуға мiндеттi.

Жүк берушi өз затын алудан жалтарған жағдайда сақтаушы кемiнде бiр ай бұрын ескерткеннен кейiн, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде көзделген тәртiппен затты сатуды талап етуге құқылы. Затты сатудан түскен сомалар сақтаушыға тиесiлi сома шегерiлiп тастап жүк берушiге берiледi.

Егер сақтаушы заттың сақтауға қабылдағанда бұл ерекшелiктер туралы бiлмесе және бiлуi тиiс болмаса, жүк берушi сақтаушыға заттың өз ерекшелiктерiнен туындаған залалдардың орнын толтыруға мiндеттi.

Егер ҚР АК 784-802-баптарында көзделген сақтаудың жекелеген түрлерi туралы ережелерде және (немесе) басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгiленбеген болса, сақтау туралы жалпы ережелер оның жекелеген түрлерiне қолданылады.

Ломбардта сақтау

Затты ломбардта сақтау шарты ломбардтың атаулы сақтау түбiртегiн беруiмен ресiмделедi. Ломбардқа сақтауға өткізілетін зат тараптардың келісуі бойынша, осы тектес және сапасы сондай затқа, оны сақтауға қабылдау кезі мен жеріндегі саудада әдетте белгіленетін бағаларға сәйкес бағалануға тиiс. Ломбард сақтауға қабылдаған затты оның жоғарыда аталған сәйкес жүргiзiлген толық бағасының сомасына қарай жүк берушiнiң пайдасына сақтандыруға мiндеттi.

Жүк берушi затты қайтарып алудан жалтарған жағдайда ломбард оны үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң ломбард талап етiлмеген затты ҚР АК 781-бабының 2-тармағында белгiленген тәртiппен сатуы мүмкiн.

Затты сатудан түскен сомадан сақтағаны үшiн ақы және ломбардқа тиесiлi өзге де төлемдер өтеледi. Қалған соманы ломбард сақтау түбiртегінiң иесiне оны көрсетуі бойынша қайтарады.

Құндылықтарды банкте сақтау

Банк бағалы қағаздарды, қымбат металдарды, тастарды және өзге де құндылықтарды, сондай-ақ құжаттарды сақтауға қабылдай алады.

Құндылықтарды банкте сақтау шарты банктiң жүк берушiге атаулы сақтау құжатын беруiмен ресiмделедi, оны көрсету банктiң жүк берушiге немесе оның өкiлiне сақтаудағы құндылықтарды беруi үшiн негiз болып табылады.

Жеке банк сейфiн (сейфтiң ұясын, сақтауға арналған бөлек үй-жайды) пайдалану арқылы құндылықтарды сақтау шарты банктiң құндылықтарды сақтауға қабылдау жөнiнде iс-әрекет жасауы және жүк берушiге сейфтiң кiлтiн, жүк берушiнiң сәйкестендiрме карточкаларын, көрсетушiнiң сейфтi ашу мен одан құндылықтарды алу құқығын куәландыратын өзге де белгi немесе құжат беруi жолымен жасалады.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүк берушi кез келген уақытта сейфтен құндылықтарды алуға, оларды қайта қоюға, сақтаулы жатқан құжаттармен жұмыс iстеуге құқылы. Банктiң бұл орайда жүк берушiнiң құндылықтарды алғандығын және қайтарғандығын есепке алуға құқығы бар.

Жүк берушi сейфтегi құндылықтардың бiр бөлiгiн, оның ішінде уақытша алған жағдайда банк құндылықтардың қалған бөлігінің сақталуына жауапты болады.

Көлiк ұйымдарының қарамағындағы сақтау камералары жол жүру құжаттарының болуына қарамастан жолаушылардың және өзге де азаматтардың заттарын сақтауға қабылдауға мiндеттi. Көлiк ұйымдарының сақтау камераларында сақтау шарты жария шарт деп танылады (ҚР АК 387-бабы).

Заттардың сақтау камерасына (автоматты камерадан басқа) қабылдануын растап жүк берушiге түбiртек немесе нөмiрлi жетон берiледi. Түбiртек немесе жетон жоғалған жағдайда сақтау камерасына өткiзiлген заттар жүк берушiге бұл заттардың оған тиесiлi екендiгiне дәлелдер көрсетуi бойынша берiледi.

Сақтау камерасына өткiзiлген заттардың жоғалуынан, кем шығуынан немесе бүлiнуiнен жүк берушi шеккен залалдардың сомасы, егер заттарды сақтауға өткiзу кезiнде оған бағалау жүргiзiлген болса не егер тараптар өтелуге тиiстi залалдардың сомасына қатысты келiсiмге келген болса, жүк берушiге тәулiктiк мерзiмде төленедi.

Заттар сақтау камерасына арнайы ережелерде немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген шектердегi мерзiмге өткiзiледi. Көрсетiлген мерзiмде талап етiлмеген заттарды сақтау камерасы тағы да үш ай бойына сақтауға мiндеттi. Бұл мерзiм өткен соң талап етiлмеген заттар сатылуы, ал сатудан түскен сомалар ҚР АК 181-бабына сәйкес бөлiнуi мүмкiн.

Егер затты сақтауға өткiзу кезiнде сақтағаны үшiн сыйақы беру айтылмаған болса, ұйымдардың киiмiлгiштерiнде сақтау тегiн болады деп ұйғарылады. Сақтаушы заттың киiмiлгiште сақтауға қабылданғанын растап, жүк берушiге заттың сақтауға қабылданғандығын растайтын нөмiрлi жетон немесе басқа да таңба бередi. Киiмiлгiшке өткiзiлген зат жетонды көрсеткен адамға берiледi. Бұл ретте сақтаушы жетонды көрсетушiнiң затты алуға өкiлеттiгiн тексеруге мiндеттi емес. Алайда сақтаушы жетонның оны көрсеткен адамға тиесiлi екендiгiне күмән келтiрсе, затты жетон көрсетушiге қайтаруды тоқтата тұруға құқылы. Сақтаушы жүк берушi жетонды жоғалтып алғанда да киiмiлгiштен затты беруге құқылы, бiрақ оның киiмiлгiшке зат өткiзгендiгi фактiсi немесе оның жүк берушiнiкi екендiгi күмән тудырмауы немесе жүк өткiзушi оны дәлелдеуi керек.

Қонақүйде сақтау

Қонақүй сақтаушы ретiнде, онда тұратын адамның қонақүйге енгізген ақшасын, өзге де валюталық құндылықтары мен бағалы қағаздарын қоспағанда, жоғалу мен бүлiну дүлей күштiң, заттың өз ерекшелiктерi салдарынан не тұратын адамның өзiнiң, оның қасында жүргендердiң немесе оған келушiлердiң кiнәсiнен болған жағдайлардан басқа кезде, бұл туралы ерекше келiсiм жасамай-ақ, заттың жоғалғаны немесе бүлiнгенi үшiн жауап береді.

Қонақүй ақшаның, өзге де валюталық құндылықтар мен бағалы қағаздардың жоғалғаны үшiн олар сақтауға қабылданған жағдайда ғана жауап бередi. Қонақүйде тұратын адам өз затының жоғалғанын немесе бүлiнгенiн байқаған бойда бұл туралы дереу қонақүй әкiмшiлiгiне мәлiмдеуге мiндеттi. Бұлай жасамаған жағдайда қонақүй заттың сақталмағаны үшiн жауапкершiлiктен босатылады.

Қонақүй мұндай жауапкершiлiктi өзiне алмайтындығы туралы хабарлама бергенмен, онда тұратындардың заттарын сақтау жөнiндегi жауапкершiлiктен босатылмайды.

Даулы заттарды сақтау (секвестр)

Секвестр туралы шарт бойынша затқа деген құқық жөнiнде араларында дау туған екi немесе бiрнеше адам даулы затты даудың шешiлуi бойынша соттың шешiмi не дауласып жүрген барлық адамның келiсуi (шарттық секвестр) бойынша бұл зат кiмге берiлсе, соған қайтаруды мiндетiне алатын үшiншi адамға бередi.

Даулы зат соттың шешiмi бойынша секвестр тәртiбiмен сақтауға берiлуi мүмкiн (сот секвестрi).

Сот секвестрi бойынша сақтаушы сот тағайындаған адам да, дауласушы жақтардың өзара келiсуi бойынша белгiленген адам да болуы мүмкiн. Екi жағдайда да, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, сақтаушының келiсiмi талап етiледi.

Секвестр тәртiбiмен сақтауға қозғалатын да, қозғалмайтын да заттар берiлуi мүмкiн.

Тауар қоймасы

Тауарлар сақтауды жүзеге асыратын және кәсiпкерлiк қызмет ретiнде сақтауға байланысты қызметтер көрсететiн коммерциялық ұйымдар тауар қоймасы деп танылады. Егер заң актiлерiне сәйкес шектеулi адамдар тобынан тауарлар қабылдайтын қоймалар қатарына жатқызылмаған болса, тауар қоймасы ортақ пайдаланылатын қойма деп танылады.

Ортақ пайдаланылатын тауар қоймасымен жасалатын қоймада сақтау шарты жария шарт деп танылады (ҚР АК 387-бабы).

Тауар қоймасы стандарттарда, техникалық талаптарда, технологиялық нұсқаулықтарда, сақтау жөнiндегi нұсқаулықтарда, тауарлардың жекелеген түрлерiн сақтау ережелерiнде, қойма үшiн мiндеттi өзге де арнаулы нормативтiк құжаттарда белгiленген сақтау талаптарын (режимiн) сақтауға мiндеттi.

Тауар қоймасы сақтауға қабылдау кезiнде өз есебінен тауарларға тексеру жүргiзуге мiндеттi. Тауар қоймасы, тауар иесiне тауарларды немесе олардың үлгiлерiн тексеру егер сақтау иесiздендiре отырып жүзеге асырылатын болса, байқап көру және тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қабылдауға мүмкiндiк беруге мiндеттi. Тауарлардың сақталуын қамтамасыз ету үшiн сақтау жағдайын дереу өзгерту қажет болған жағдайда тауар қоймасы талап етiлген шұғыл шараларды өз бетiнше қабылдауға құқылы. Ол тауар иесiне қабылданған шаралар туралы хабарлауға мiндеттi. Тауардың бүлiнуi байқалған жағдайда қойма дереу акт жасауға және тауар иесiн оның тауар қоймасына мәлiмдеген мекен-жайы бойынша хабардар етуге мiндеттi.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар иесi қоймадан тауар алу кезiнде дұрыс сақталмаудың салдарынан тауардың жоғалғаны, кем шыққаны немесе бүлiнгенi туралы, ал көзге байқалмайтын бүлiнулер туралы - оларды табу үшiн қажет әдеттегi мерзiм iшiнде тауар қоймасына мәлiмдеуге мiндеттi. Егер тауардың бүлiнгенi және кем шыққаны туралы тиiстi мерзiмде мәлiмденбеген болса, бұл залалдар оның қасақана пиғылынан немесе өрескел абайсыздығынан келтiрiлген жағдайларды қоспағанда, тауар қоймасы залалдар үшiн жауапты болмайды.

Қойманың жүк берушiнiң мүдделерiнде жүзеге асырылған (тауарларды сақтандыру, тиеу-түсiру жұмыстары, кеден баждарын төлеу және т.б.) қосымша операциялар бойынша, шартта көзделген немесе заң актiлерiнде көзделген шығындар ставкаларының орнын толтыруға құқығы бар. Бұл құқық сақталатын тауарды қойманың ұстап қалу құқығымен қамтамасыз етiледi.

Егер жүк берушi елеулi зиян келтiруге қауiп төндiретiн тауарлардың қатерлi сипатын жасырса, тауар қоймасы сақтау шартын орындаудан бас тартуға құқылы.

Тауар қоймалары тауарлардың сақтауға қабылданғандығын растап мынадай қойма құжаттарын:

1) жай қойма куәлiгiн;

2) қос қойма куәлiгiн беруi мүмкiн.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда тауар қоймалары тауарлардың иесіздендіріліп сақтауға қабылданғанын растайтын қос немесе жай қойма куәлігін беруге міндетті.

Қос қойма куәлiгi, оның әр бөлiгi және жай қойма куәлiгi бағалы қағаздар болып табылады. Қос және жай қойма куәлiгi кепiл нысанасы бола алады. Жай қойма куәлiгi ұсынушының атына берiледi.

Қос қойма куәлiгi мазмұны бойынша бiрдей және қажет болған жағдайда бiреуiн басқасынан айыруға болатын қойма куәлiгiнен және кепiлдiк куәлiктен (варранттан) тұрады.

Қос қойма куәлiгiнiң әр бөлiгiнде:

1) қос қойма куәлiгiнiң тиiстi бөлiгiнiң атауы;

2) тауарды сақтауға қабылдаған қойманың атауы мен мекен-жайы;

3) қойма тiзiлiмi бойынша қойма куәлiгiнiң ағымдағы нөмiрi;

4) сақтауға тауар қабылданған ұйымның атауы немесе азаматтың аты-жөнi, сондай-ақ тауар иесiнiң орналасқан жерi (тұрғылықты жерi);

5) тауардың атауы мен мөлшерi, тауарларға арналған орындардың саны;

6) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, қабылданған тауардың сомасы;

7) сақтауға алынған тауардың, егер бұлай белгiленетiн болса, сақталу мерзiмi;

8) сақтауға ақы төлеудiң тарифтерi мен тәртiбі;

9) қойма куәлiгiнiң берiлген күнi;

10) уәкiлеттi адамның қолы және тауар қоймасының мөрi көрсетiлуге тиiс.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қос қойма куәлігінің нысаны мен мазмұнына қойылатын қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.

 

Қос қойма куәлiгiн ұстаушының қоймада сақтаулы тауарға толық көлемде билiк етуге құқығы бар. Кепiл куәлiгiнен бөлiп алынған қойма куәлiгiн ұстаушы тауарға билiк етуге құқылы, бiрақ оны кепiл куәлiгi бойынша берiлген кредиттi өтегенге дейiн қоймадан ала алмайды. Қойма куәлiгiн ұстаушы тапсыру жазбаларын (индоссамент) жасау және құжаттың өзiн беру жолымен, бiрақ тауардың орнын ауыстырмай, қоймаға қойылған тауарға меншiк құқығын басқаға беруді жүзеге асыра алады. Кепiл куәлiгi бөлiп алынбаған қойма куәлiгiн индоссамент бойынша алған сатып алушы кепiлден бос қойма тауарының иесiне айналады. Кепiл куәлiгiнсiз қойма куәлiгін алу кезiнде тауарға меншiк құқығы кепiл құқығымен жүктемеленген болып ұйғарылады. Кепiл талаптары туралы (тауарға кепiлдiк құқығын белгiлеудiң сомасы мен мерзiмi туралы) мәлiметтердi, мүдделi тұлғалар айқын көре алатын қойма тiзiлiмiнен алуға болады.

Кепiл куәлiгiн ұстаушының осы куәлiк бойынша берiлген қарыздың және сол бойынша сыйақының мөлшерiнде тауарға кепiл құқығы болады. Тауарға кепiл құқығын белгілеу кезiнде бұл туралы қойма куәлiгiне белгi жасалады. Сатып алушы немесе сатушы кепiлмен қамтамасыз ететiн тиiстi соманы кепіл ұстаушыға (кредиторға) немесе тауар қоймасына енгiзе отырып, тауарды кепiлден босата алады, оны тауар қоймасы кепiл куәлiгiн заңды ұстаушыға беруге мiндеттi. Кепiл куәлiгiн ұстаушы оның кепiлмен қамтамасыз етiлген талаптарын мерзiмiнде қанағаттандырмаған жағдайда заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен оған кепiл куәлiгi бойынша берiлген тауарды сатуға және кепiл берушiнiң басқа да кредит берушiлерi алдындағы өз талаптарын артықшылықпен жабуға құқылы. Сатудан түскен сома жетпеген жағдайда кепiл куәлiгiн ұстаушы оның алынбаған бөлiгiн кепiл куәлiгiмен қамтамасыз етілген талаптарға ақы төлеу жөнінде бірге жауапты болатын барлық индоссанттардан өндiрiп алуы мүмкiн.

Қойма куәлiгi мен кепiл куәлiгi беру жазбасы (индоссаменттер) бойынша бiрге немесе бөлек берiлуi мүмкiн. Тауар қоймасы қойма және кепiл куәлiктерiн (қос қойма куәлiгiн) ұстаушыға қоса алғандағы осы екi куәлiктiң орнына тауар бередi.

Кепiл куәлiгi жоқ, бiрақ ол бойынша қарыз сомасын енгiзген қойма куәлiгiн ұстаушыға тек тауар қойма куәлiгiне айырбастап және кепiл куәлiк бойынша барлық қарыз сомасының жарнасы талабымен берiледi.

Қойма және кепiл куәлiктерiн ұстаушы тауарды бөлiп-бөлiп берудi талап етуге құқылы. Бұл орайда бастапқы куәлiктердiң орнына оған қоймада қалған тауарларға жаңа куәлiктер берiледi.

Сақтандыру шарты бойынша бiр тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге мiндеттенедi, ал екiншi тарап (сақтандырушы) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде өзiнiң пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн төлеуге мiндеттенедi.

Сақтандыру сақтандыру шарты негізінде жүзеге асырылады.

Сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы қатынастар, сондай-ақ олардың сақтандыру шартын жасау және оны орындау процесi кезiнде туындайтын сақтандырылғандармен және пайда алушылармен қатынастары осы Кодекспен реттеледi.

Сақтандыру нысандары:

1) мiндеттiлiк дәрежесi бойынша - ерiктi және мiндеттi;

2) сақтандыру объектiсi бойынша - жеке және мүлiктiк;

3) сақтандыру төлемiн жүзеге асыру негiздерi бойынша жинақтаушы және жинақтаушы емес болып табылады.

Сақтандыру қызметiн лицензиялау мақсатында заң актiлерiнде өзгеше жiктеу көзделуi мүмкiн.

Міндетті сақтандыру - егер сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, талаптары тараптардың келісімімен айқындалатын, заңнамалық актілердің талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру.

Өз өмiрiн немесе денсаулығын сақтандыру мiндетiн азаматқа заң актiлерiмен де, шартпен де жүктеуге болмайды. Мiндеттi сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.

Мiндеттi сақтандыру кезiнде сақтанушы, егер сақтандырудың осы түрін реттейтін заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, тараптардың келісімімен айқындалған талаптар бойынша сақтандырушымен шарт жасауға мiндеттi.

Мiндеттi сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалады. Сақтандырудың міндетті түрін реттейтін заңнамалық актілерде тәртібі мен талаптары белгіленген міндетті сақтандыру шартын жасасу, егер осы заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жоғарыда аталған сақтандырушы үшін міндетті болып табылады.

Ерiктi сақтандыру - тараптардың еркiн бiлдiруiне орай жүзеге асырылатын сақтандыру. Ерiктi сақтандырудың түрлерi, шарттары мен тәртiбi тараптардың келiсiмi бойынша белгiленедi.

Азаматтардың және заңды тұлғалардың, соның ішінде:

1) азаматтардың белгілі бір жасқа дейін немесе сақтандыру шартында белгіленген мерзімге дейін өмір сүруіне, өліміне, азаматтардың өмірінде белгілі бір оқиғалардың басталуына;

2) жазатайым жағдайлардың және өзге де оқиғалардың, аурулардың салдарынан азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілуіне;

3) мүлікті иеленуіне, пайдалануына және оған билік етуіне;

4) басқа тұлғаларға, соның ішінде шартты (міндеттемелерді) бұзу салдарынан келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты кез келген мүліктік мүдделері мүліктік және жеке сақтандыру объектілері бола алады.

Сақтандырудың мiндеттi түрлерi бойынша сақтандыру объектiсi заң актiлерiмен айқындалады. Сақтанушының құқыққа қайшы мүліктік  мүдделерi сақтандыруға жатпайды.

Заң актiлерiне сәйкес пайдасына мiндеттi сақтандыру жүзеге асырылуы тиiс болған адам, егер оның сақтандырылмағандығы белгiлi болса, осы мiндет жүктелген тұлғадан оны сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.

Егер сақтандыру мiндетi жүктелген тұлға оны жүзеге асырмаса немесе сақтандыру шартын заң актiлерiнде көзделгенмен салыстырғанда сақтандырылғандардың жағдайын нашарлататындай жағдайда жасаған болса, бұл тұлға сақтандыру жағдайы басталған кезде дұрыс сақтандыру кезiнде сақтандыру төлемi қандай талаптарда жүзеге асырылатын болса, сақтандырылғандардың алдында сондай талаптарда жауапты болады.

Сақтанушы ретiнде оны жүзеге асыруға мiндеттi тұлғалардың, сондай-ақ сақтандырушы ретiнде iс-қимыл жасауға мiндеттi сақтандыру ұйымының сақтандырудан жалтаруы заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.

Азаматтың өмiрiн, денсаулығын, еңбекке қабiлеттiлiгiн және жеке басына байланысты өзге де мүліктік мүдделерiн сақтандыру жеке сақтандыруға жатады. Жеке сақтандыру шарты бойынша сақтанушының өзi, сондай-ақ шартта аталған басқа (сақтандырылған) адам сақтандырылған болуы мүмкiн.

Мүлікті және оған байланысты мүліктік мүдделерді сақтандыру мүліктік сақтандыруға жатады.

Сақтанушының немесе пайда алушының мүлiктердi сақтандыруға мүддесi болмаған жағдайда жасалған мүлiктiк сақтандыру шарты жарамсыз болады.

Азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру кезiнде, үшiншi бiр адамдардың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне зиян келтiрудiң салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапты болу, сондай-ақ шарттардан туындайтын мiндеттемелер бойынша жауапты болу  тәуекелiн сақтандырады.

Сақтандыру жағдайы туған кезде, соның ішінде сақтандыру шартында белгіленген кезең не олардың қайсысының бұрын туындауына байланысты сақтандыру шартында көзделген өзге оқиға аяқталғанда сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін сақтандыру жинақтаушы сақтандыру болып табылады.

Туындауының ықтималдық және кездейсоқ белгілері бар сақтандыру жағдайы туған кезде ғана сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн сақтандыру жинақтаушы емес сақтандыру болып табылады.

Аннуитеттік сақтандыру шарты - сақтандырушыны шартта белгiленген мерзiм iшiнде пайда алушының пайдасына мерзiмдi төлемдер түрiнде сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi ететiн сақтандыру шарты.

Жинақтаушы сақтандыру шарттары тек қана жеке сақтандыру бойынша жасалуы мүмкiн. Аннуитеттік сақтандыру шарты жинақтаушы сақтандыру шарттарына жатады.

  Сақтанушы - сақтандырушымен сақтандыру шартын жасасқан тұлға. Заңды тұлғалар мен азаматтар сақтанушылар бола алады. Сақтанушы сақтандырудың ерiктi де, мiндеттi де нысандары бойынша сақтандырушыны таңдап алуға ерiктi.

Сақтандырушы - сақтандыруды жүзеге асыратын, яғни сақтандыру жағдайы пайда болған кезде сақтанушыға немесе пайдасына шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) шартта айқындалған соманың (сақтандыру сомасының) шегiнде сақтандыру төлемін жүргізуге мiндеттi тұлға. Сақтандыру ұйымы ретiнде тiркелген және сақтандыру қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар заңды тұлға не Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамалық актісіне сәйкес өзара сақтандыру қоғамы ғана сақтандырушы бола алады.

Сақтандырылған адам - өзіне қатысты сақтандыру жүзеге асырылатын тұлға. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сақтанушы бiр мезгiлде сақтандырылған адам болып табылады.

Заңнамалық актілермен сақтанушыға үшiншi тұлғаны сақтандыруды жүзеге асыру мiндетi жүктелуi мүмкiн. Өз еркiмен сақтандыру кезiнде сақтанушы үшiншi тұлғаны сақтандыру шартында сақтандырылған адам ретінде айқындай алады. Бұл жағдайларда сақтандырылған адамның жеке басы және соған байланысты оның мүдделері (сақтандырылған адамды жеке сақтандыру) не сақтандырылған адамның мүлкі және мүліктік мүдделері (сақтандырылған адамның мүліктік сақтандырылуы) сақтандыру объектiсi болады.

Мүлiктi сақтандыру кезiнде сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам бұл мүлiктiң сақталуына мүдделi болуға тиiс.

Егер шарттың талаптары бойынша сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адамға белгiлi бiр мiндеттер жүктелген болса, сақтанушы осы шартты жасасуға сақтандырылған адамның келісімін алуы тиіс.

Мiндеттi сақтандыру кезiнде, сондай-ақ топтастырып иесіздендірілген сақтандыру кезінде, шарт жасасу үшін оның өзі сақтандырылған адам ретiнде көрiнетiн үшiншi адамның келiсiмi талап етiлмейдi.

Өз еркiмен сақтандыру кезiнде адамдардың оның жеке басын немесе мүлкiн сақтандыру жөнiндегi қарсылығы шарт жасасудың мүмкiн еместiгiне, ал егер ол жасалып қойған болса - шарттың бұзылуына әкеп соғады.

Сақтанушыға үшiншi тұлғаны сақтандыру мiндетi жүктелген жағдайда, аталған тұлға сақтанушыдан бұл мiндеттiң орындалуы туралы есеп талап етуге, ал заң актiлерiнде көзделген жағдайларда - оның сақтандырылған адам болып табылатындығын дәлелдейтiн құжатты алуға құқылы.

Кәмелетке толмаған азамат сақтандырылған болып табылатын жағдайда оның құқықтары ҚР АК 22-24-баптарында көзделген тәртiппен iске асырылады.

Сақтандырылған адамның пайдасына шарт жасасу, сақтанушыны осы шарт бойынша мiндеттердi орындаудан босатпайды.

Үшiншi адамды сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.

Сақтандырылған адам шартқа сәйкес өзiне тиесiлi сақтандыру төлемiн алудан бас тартқан жағдайда сақтандыру төлемiн алу құқығы сақтанушыға көшедi. Сақтанушы болып табылмайтын, оған қатысты мұндай жағдайды көздемейтiн жеке басты сақтандыру шарты жасалған сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, егер заң актiлерiнде немесе шартта сақтандырылған адамды ауыстыру көзделмесе, бұл шарт тоқтатылуға жатады. Егер сақтандырылған адамның қайтыс болуы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру жағдайы болса, бұл шарт онда көзделген талаптармен орындалады.

Сақтанушы болып табылмайтын, оған қатысты мүлiктiк сақтандыру шарты жасалған сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, сақтандырылған адамның құқықтары мен мiндеттерi сақтанушының келiсуiмен, егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сол мүлiктiң және сақтандырылған адамның мүлiктiк құқықтарының мұрагерлерiне ауысады.

Егер сақтанушы қайтыс болған сақтандырылған адамды ауыстыруға келiспесе не мұрагерлер оның сақтандыру шартынан туындайтын құқықтары мен мiндеттерiн қабылдауға келiспесе, бұл шарт тоқтатылуға жатады.

Үшiншi адамның (сақтандырылған адамның) пайдасына жасалған сақтандыру шартына ҚР АК 391-бабының осы бап ережелерiне қайшы келмейтiн бөлiгiндегi ережелерi қолданылады.

Пайда алушы - сақтандыру шартына немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiне сәйкес сақтандыру төлемiн алушы болып табылатын тұлға. Заңды тұлға да, азамат та пайда алушы бола алады. Пайда алушы жеке де, мүлiктiк те сақтандыру бойынша тағайындала алады. Сақтандырудың мiндеттi түрi бойынша пайда алушы сақтандырудың осы түрiн реттейтiн заң актiлерiмен айқындалады, ерiктi түрi бойынша оны сақтанушы тағайындайды. Егер мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде немесе өз еркiмен сақтандыру туралы шартта өзгеше көзделмесе, сақтанушы пайда алушы болып табылады.

Егер сақтанушы сақтандырылған адам болып табылмаса, пайда алушы сақтандырылған адам болуы тиіс не ол сақтандырылған адамның жазбаша келiсiмi бойынша тағайындалады. Егер пайда алушы сақтандыру шартында көрсетiлмесе, ол сақтандырылған адам деп ұйғарылады.

Егер сақтандырылған адамның қайтыс болуы, сақтандыру шартында көзделген жағдай болып табылса, онда бұл сақтандырылған адам сақтанушы болмаған күнде де, болған күнде де, бірақ шартта пайда алушы көрсетiлмесе, сақтандырылған адамның мұрагерлерi пайда алушылар деп танылады.

Сақтандыру жағдайы басталған кезде пайда алушы тікелей сақтандырушыға сақтандыру шартында көзделген сақтандыру төлемiн төлеу туралы талап қоюға құқылы. Пайда алушының пайдасына шарт жасасу сақтанушыны осы шарт бойынша мiндеттердi орындаудан босатпайды.

Сақтандыру жағдайы - басталған бойда сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтiн оқиға. Мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру жағдайының түрлерi мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiмен, ал өз еркiмен сақтандыру бойынша - тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.

Жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша көзделуi мүмкiн оқиғаларды қоспағанда, cақтандыру жағдайы ретiнде қарастырылатын оқиға, оның басталуының ықтимал және кездейсоқ белгiлерiне ие болуы тиiс.

Сақтандыру жағдайының басталғандығын, сондай-ақ ол келтiрген зияндарды дәлелдеу сақтанушының мiндетiне жатады.

Сақтандыру сыйлықақысы - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру шартында көзделген мөлшерде сақтандыру төлемiн жүргiзу мiндеттемесiн қабылдағаны үшiн сақтанушы сақтандырушыға төлеуге мiндеттi ақша сомасы. Сақтандырушы сақтанушыдан алған сақтандыру сыйлықақылары оған меншiк құқығымен тиесiлi болады.

Сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде олар заңнамалық актілермен белгіленеді. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi бойынша олар заңдармен белгiленуi мүмкiн. Тараптар сақтандыру шарты бойынша төленуге жататын сақтандыру сыйлықақыларының мөлшерiн айқындау кезiнде, сақтандыру объектiсi мен сақтандыру тәуекелiнiң сипатын ескере отырып, сақтандыру сомасы өлшемiнен өндiрiлетiн сақтандыру сыйлықақысының ставкасын белгiлейтiн сақтандырушы әзiрлеген сақтандыру тарифiн қолдана алады. Шартта сақтандыру сыйлықақысын мерзiмдiк сақтандыру жарналары түрiнде бөлiп-бөлiп төлеу көзделуi мүмкiн. Егер сақтандыру шартында сақтандыру сыйлықақысын бөлiп-бөлiп төлеу көзделген болса, шартты мерзiмiнен бұрын бұзуды қоса алғанда, шартта кезекті сақтандыру жарналарын белгіленген уақытта төлемеудiң зардабы айқындалуы мүмкiн. Егер сақтандыру жағдайы енгiзу мерзiмi өтiп кеткен белгiлi бiр сақтандыру жарнасын төлеуден бұрын басталған болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiнің мөлшерiн айқындау кезiнде мерзiмi өтiп кеткен сақтандыру жарнасының сомасын есепке алуға құқылы.

Сақтандыру сомасы - сақтандыру объектiлерi сақтандырылған адам және сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтандырушы жауаптылығының шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы. Сақтандыру сомасының мөлшерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде олар заң актiлерiнде белгiленген мөлшерден кем болмауы керек.

Мүлiктi сақтандыру кезiнде сақтандыру сомасы шарт жасалған кездегi оның нақты құнынан (сақтандыру құнынан) артық бола алмайды.

Тараптар, оны сақтанушы қасақана жаңылыстырғанын сақтандырушы дәлелдеген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру шартында белгiленген мүлiк құнына талас тудыра алмайды. Егер сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сомасы сақтандыру құнынан артық болса, онда ол сақтандыру сомасының шарт жасалған кезiндегi сақтандыру құнынан артылған бөлiгiнде жарамсыз болып табылады.

Сақтандыру төлемi - сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру жағдайы туған кезде не жинақтаушы сақтандыру шартында белгiленген мерзiм туған кезде сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы. Аннуитеттік сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемі біржолғы төлеммен жүзеге асырылады.

Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау тәртiбi шартта белгiленедi. Сақтандырудың мiндеттi түрлерi кезiнде сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.

Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi шартпен белгiленедi. Сақтандырудың міндетті түрлері бойынша олар заң актілерімен белгіленуі мүмкін.

Мүлiктi және азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру бойынша сақтандыру төлемi сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде сақтанушыға (сақтандырылған адамға) келтiрiлген нақты зиянның мөлшерiнен аспауы керек.

Жеке сақтандыру бойынша сақтандыру төлемi сақтанушыға (сақтандырылған адамға) әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша, сақтандырудың басқа шарттары бойынша оған тиесілi сомаларға қарамастан және зиянның орнын толтыру тәртiбiмен жүзеге асырылады.

Мүлiктiк сақтандыру шартының талаптарымен сақтандыру өтемiнiң сомасы шегiнде сақтандыру өтемiн зиянның заттай нысандағы өтемiмен ауыстыру көзделуi мүмкiн.

Сақтандыру төлемін жүзеге асыру кезiнде сақтандырушы өзiне сақтанушыдан тиесiлi болатын сақтандыру cыйлықақыларына не сақтандыру жарналарына есеп жүргiзуге құқылы.

Егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде жауаптылықтың бұдан жоғары мөлшерi көзделмесе, сақтандыру төлемiн уақытында жүзеге асырмағаны үшiн сақтандырушы ҚР АК 353-бабына сәйкес жауап бередi.

Қос (көпше) сақтандыру - белгiлi бiр объектiнi бiрнеше сақтандырушыда әрқайсысымен дербес шарт бойынша сақтандыру.

Мүлiктi қос сақтандыру кезiнде әрбiр сақтандырушы сақтанушының алдында онымен жасалған шарттың шегiнде жауапты болады, алайда сақтанушының барлық сақтандырушылардан алған сақтандыру төлемдерiнiң жалпы сомасы нақты зияннан аспауы тиiс.

Бұл ретте сақтанушы кез келген сақтандырушыдан онымен жасалған шартта көзделген сақтандыру сомасының көлемiнде сақтандыру төлемiн алуға құқылы. Егер алынған сақтандыру төлемi нақты зиянды жаппайтын болса, сақтанушы жетпеген соманы басқа сақтандырушыдан алуға құқылы.

Келтiрiлген зиянды басқа сақтандырушылар өтегендiктен сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара босатылған сақтандырушы сақтанушыға шыққан шығындарды шегере отырып, сақтандыру сыйлықақыларының тиiстi бөлiгiн қайтаруға мiндеттi.

Жеке өзiн қос (көпше) сақтандыру кезiнде әрбiр сақтандырушы өзiнiң сақтанушы алдындағы сақтандыру мiндеттемелерiн, оларды басқа сақтандырушылардың орындағандарына қарамастан, өз бетiнше атқарады.

Топтық сақтандыру кезiнде бiр сақтандыру шартымен бiр мезгiлде өздерi пайда алушы болып табылатын бiрнеше сақтандырылған адамдар қамтылады.

Топтық сақтандыру адамдардың белгiлi бiр санаттарын қамтитын жеке де, мүлiктiк те, дербестендiрiлген де, иесiздендiрiлген де болуы мүмкiн.

Иесiздендiрiлген сақтандыру кезiнде сақтандырылған адамдар тобы сақтандыру шартында бұл оның әрбiр сақтандырылған адамға қатысты зардабын және оған тиесілі сақтандыру төлемiнің төлеу мөлшерiн дараландыру үшiн қажеттi шамада нақтылануға тиiс.

Жұмыс берушiлердiң өз қызметкерлерiн ұжымдық сақтандыруы тек жеке сақтандыру түрiнде ғана болуы мүмкiн.

Сақтандыру объектiсi бiрнеше сақтандырушы (ортақ сақтандыру) бірлескен бір шарт бойынша сақтандырылуы мүмкін. Бұл орайда шартта әрбiр сақтандырушының келiсiлген үлестердегi құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын талаптары болуы тиiс.

Егер мұндай шартта әрбiр сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi айқындалмаған болса, олар сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн сақтанушының (пайда алушының) алдында ортақтасып жауап бередi.

Iрi немесе аса iрi тәуекелдердi бiрлесiп сақтандыру үшiн ортақ сақтандырушылар бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде жай серiктестiктер (сақтандыру пұлдары) құра алады.

Ортақ сақтандырушылар арасында тиiстi келiсiм болған жағдайда, олардың бiреуi сақтанушының алдында тек өз үлесiмен ғана жауапты болып қала отырып, онымен өзара қатынаста барлық ортақ сақтандырушылардан өкіл болуы мүмкін.

Сақтандырушы сақтанушы алдындағы өз мiндеттерiнiң бәрiн немесе оның бiр бөлiгiн орындау тәуекелiн жабуды басқа сақтандырушыда (қайта сақтандырушыда) қайта сақтандыру жолымен қамтамасыз етуге құқылы.

Қайта сақтандырушымен қайта сақтандыру (қайта сақтанушы) шартын жасасқан сақтандырушы онымен жасаған сақтандыру шартына сәйкес сақтанушының алдында толық көлемде жауапты болып қалады.

Қайта сақтандыру талаптары Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен және қайта сақтанушы мен қайта сақтандырушы арасындағы қайта сақтандыру  шартымен айқындалады. Қайта сақтандыру шарты ҚР АК сақтандыру шартына қойылатын талаптарына жауап беруге тиiс. Бұл жағдайда сақтандырушы сақтандырудың негiзгi шарты бойынша қайта сақтандыру шартында сақтанушы болып есептеледі. Қайта сақтандыруды ұйымдастыру үшiн қайта сақтандырушылар бiрлескен қызмет туралы шарттың негiзiнде жай серiктестiкке (қайта сақтандыру пулдары) бiрiге алады. Екi немесе бiрнеше қайта сақтандыру шарттарын біртіндеп жасауға жол берiледi.

Сақтандыру шарты жазбаша нысанда:

1) тараптардың сақтандыру шартын жасасуы;

2) сақтанушыны бiр жақты тәртiпте (бiрiгу шарты) сақтандырушы әзiрлеген үлгiлiк шарттарға (сақтандыру ережелерiне) қосу және сақтандырушының сақтанушыға сақтандыру полисiн беруi;

Мiндеттi сақтандыру бойынша жазбаша шарттың нысаны Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде айқындалады, ал ерiктi сақтандыру бойынша - сақтандырушы айқындайды не тараптардың келiсiмiмен айқындалады.

Сақтандыру шартының жазбаша нысанын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соқтырады.

 Сақтандыру ережесiн сақтандырушы әзiрлейдi және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда ол уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiлуге тиiс. Сақтандырудың нақты түрi бойынша сақтандыру ережесi осы баптың талаптарына сәйкес келуге тиiс.

Сақтандыру ережелерiнде:

1) сақтандыру объектiлерiнiң тiзбесi;

2) сақтандыру сомасын анықтау тәртiбi;

3) сақтандыру жағдайларының тізбесі;

4) сақтандыру жағдайларынан алып тастау және сақтандыруды шектеу;

5) сақтандыру шартының қолданылу мерзiмi мен орны;

6) сақтандыру шартын жасасу тәртiбi;

7) тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;

8) сақтанушының сақтандыру жағдайы туған кездегi iс-әрекетi;

9) сақтандыру жағдайының туғандығын және шығын мөлшерiн растайтын құжаттар тiзбесi;

10) сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен шарттары;

11) сақтандыру төлемi немесе сақтандыру төлемiн жасаудан бас тарту туралы шешiмдi қабылдаудың мерзiмi;

12) сақтандыру шартын тоқтату талаптары;

13) дауларды шешу тәртiбi;

14)  қосымша талаптар болуға тиіс.

Сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы келiсiм бойынша сақтандыру ережелерiнiң негiзiнде сақтандыру шартын жасасу кезiнде анықталатын қосымша талаптарды көздейтiн сақтандыру шарттары жасалуы мүмкiн. Сол қосымша талаптар үш реттен астам қайталанған жағдайда сақтандырушы сақтандырудың белгiлi бiр түрi бойынша ережелердi заңдарда белгiленген тәртiппен өзгертуге мiндеттi.

Сақтандыру ережелерiне өзгерiстер енгiзiлген жағдайда сақтандырушы осы өзгерiстердi келiсу үшiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға ұсынуға тиiс.

Сақтандыру шартында мыналар болуы тиiс:

1) сақтандырушының атауы, орналасқан жері және банктік реквизиттерi;

2) сақтанушының (егер ол жеке адам болса) тегi, аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тұрған жерi немесе (егер ол заңды тұлға болса) оның атауы, орналасқан жерi және банктiк реквизиттерi;

3) сақтандыру объектiсiн көрсету;

4) сақтандыру жағдайын көрсету;

5) сақтандыру сомасы мен сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың тәртiбi мен мерзiмдерi;

6) сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi, оларды төлеудiң тәртiбi мен мерзiмдерi;

7) шарттың жасалу күнi және қолданылу мерзiмi;

8) егер олар сақтандыру қатынасына қатысушылар болса, сақтандырылған адам мен пайда алушы туралы көрсету;

9) шарттың (сақтандыру полисiнiң) номерi, сериясы;

10) шарттың талаптарына өзгерiстер енгiзу жағдайлары мен тәртiбi;

11) сатып алу сомасын (жинақтаушы сақтандыру үшiн) төлеудiң шарты және оның мөлшерi.

12) салық төлеушінің тіркеу нөмірін (eгep бар болса), резиденттік белгісін және сақтанушының экономика секторын көрсету;

13) салық төлеушінің тіркеу нөмірін (eгep бар болса), резиденттік белгісін және егер ол сақтандыру шарты бойынша сақтанушы болып табылмаса, сақтандырылушының (пайда алушының) экономика секторын көрсету;

14) сақтандыру сомасының, сақтандыру төлемі мен сақтандыру сыйақысының валюта түрі.

Тараптардың келiсiмi бойынша шартқа өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.

Франшиза - сақтандырушыны сақтандыру талаптарында көзделген, белгілі бір мөлшерден аспайтын залалды өтеуден босату. Франшиза шартты (шегерілмейтін) және шартсыз (шегерілетін) болады. Шартты франшиза кезінде сақтандырушы франшизаның белгіленген мөлшерінен аспайтын залалды өтеуден босатылады, бірақ егер оның мөлшері осы сомадан көп болса, залалды толық өтеуге тиіс. Шартсыз франшиза кезінде залал барлық жағдайларда белгіленген сома шегеріле отырып өтеледі. Франшиза сақтандыру сомасына қатысты процент бойынша не абсолютті мөлшерде белгіленеді.

Егер сақтандыру шартында заң актiлерiнде көзделгендермен салыстырғанда сақтанушының жағдайын нашарлататындай талаптар болса, заң актiсiмен белгiленген ережелер қолданылады. Егер қайта сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, қайта сақтандырушының қайта сақтандыру шарты бойынша жауаптылық кезеңi сақтандырушының сақтандыру шарты бойынша мiндеттемесi қайта сақтандыруға берiлген сақтандыру шарты бойынша жауаптылық кезеңiне сәйкес келуге тиiс.

Сақтандыру шартында көрсетiлуге тиiс талаптардың толық болмағаны үшiн сақтандырушы жауапты болады. Оның жекелеген талаптарының толық болмауы салдарынан сақтандыру шарты бойынша дау туындаған жағдайда дау сақтанушының пайдасына шешiледi.

Сақтанушы жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру жарнасын төлеу талаптарын қатарынан екі рет сақтамаған жағдайда сақтандырушы жинақтаушы сақтандыру шартында белгіленген мерзімде сақтанушыны сақтандыру жарнасын төлеу қажеттігі туралы хабардар етуге міндетті.

Хабарламада:

1) сақтандыру жарнасын төлейтiн кезең (сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңi);

2) сақтандыру жарнасын төлеу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн өсiмпұлдың мөлшерi;

3) сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңi iшiнде сақтандыру жарнасы төленбеген жағдайда шарттың қолданылуын бiржақты тәртiппен тоқтату құқығы болуға тиiс.

Сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңi 30 күнтiзбелiк күннен кем болмауға тиiс. Жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысының мерзiмiн ұзарту кезеңiнде сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы берешек сомасын ұстай отырып, сақтандыру төлемiн жүзеге асыруға мiндеттi. Сақтандыру жарнасын төлеу қажеттiгi туралы хабарлама сақтанушыға оның жiберiлгенiн растауға мүмкiндiк беретiн тәсiлмен жiберiледi.

Егер жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуы сақтанушының сақтандыру жарнасын төлемеуi негiзiнде тоқтатыла тұрса немесе тоқтатылса, сақтанушы:

1) мерзiмi өтiп кеткен сақтандыру жарналарын;

2) сақтандыру жарналарын ҚР АК 353-бабында көзделген мөлшерде төлеудiң мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн өсiмпұлды төлеген кезде сақтандырушы шарттың қолданылуын қалпына келтiруге мiндеттi.

Сақтанушы шарттың қолданылуы тоқтатылған немесе шарт тараптарының өз мiндеттемелерiн орындауын тоқтата тұрған күннен бастап бiр жыл iшiнде жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуын қалпына келтiруге құқылы.

Сақтандырушы жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуын қалпына келтiрген кезде сақтандырылған адамның денсаулық жағдайына медициналық сараптама жүргiзуге құқылы.

Сақтандырылған адамның денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда сақтандырушы сақтандыру төлемiнiң және (немесе) сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн қайта есептеуге құқылы. Сақтанушы шарттың қолданылуын жаңа талаптармен қалпына келтiруден бас тартқан жағдайда шартты қалпына келтiруге болмайды.

Егер жинақтаушы сақтандыру шартының қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылса және сақтандырушы сатып алу сомасын төлеген болса, сақтандырушы мұндай шарттың қолданылуын қалпына келтіруден бас тартуға құқылы.

Сақтанушының сақтандырушымен келiсiмi бойынша бiртектi мүлiктiң (тауарлардың, жүктердiң және т.с.с.) әр түрлi топтамаларын ұқсас жағдайларда белгiлi бiр мерзiм iшiнде жүйелi сақтандыру сақтандырудың бiр шарты - бас полис негiзiнде, оны сақтанушыға беру жолымен жүзеге асырылуы мүмкiн.

Сақтанушы жоғарыда аталған шарттың күшi қолданылатын мүлiктiң әрбiр топтамасына қатысты мұндай шартта көзделген мәлiметтердi сақтандырушыға ол көздеген мерзiмде хабарлауға, ал егер ол көзделмесе, оны алғаннан кейiн дереу хабарлауға мiндеттi. Сақтанушы, тiптi, мұндай мәлiметтердi алған кезде сақтандырушы өтеуге тиiстi шығынның болу мүмкiндiгi iске аспай қалса да, бұл мiндеттен босатылмайды.

Сақтанушының талап етуiмен сақтандырушы осы баптың 1-тармағында аталған шарттың күшi қолданылатын мүлiктiң жекелеген топтамалары бойынша сақтандыру полистерiн беруге мiндеттi.

Сақтандыру полисiнiң мазмұны бас полиске сәйкес келмеген жағдайда сақтандыру полисiне басымдық берiледi.

Сақтандыру шарты сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын төлеген кезден бастап, ал оны бөлiп-бөлiп төлеу кезiнде, егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, бiрiншi сақтандыру жарнасы төленген кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.

Сақтандыру шарты, егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, алғашқы басталған сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру төлемі жүзеге асырылған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.

Сақтандырып қорғаудың қолданылу мерзiмi, егер шартта немесе мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шарттың қолданылу мерзiмiне дәл келедi.

Сақтандырушы:

1) сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру шартында немесе заң актiлерiнде белгiленген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде сақтандыру төлемiн жүргiзуге;

1-1) сақтанушыны сақтандыру ережелерiмен таныстыруға;

2) сақтанушыға (сақтандырылған адам) сақтандыру жағдайы кезiнде олардың залалдарды азайту үшiн жұмсаған шығындарын өтеуге;

3) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге мiндеттi.

Сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заң актiлерiнде, сондай-ақ сақтандыру шартында сақтандырушының басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.

Мүлiктiк сақтандыру шартында көзделген сақтандыру жағдайы басталған кезде, болуы мүмкiн залалдарды болдырмау немесе азайту үшiн сақтанушы (сақтандырылған адам) қалыптасқан жағдайларда қисынды және қолдан келетiн шаралар, оның iшiнде сақтандырылған мүлікті құтқару және сақтау шараларын қолдануға мiндеттi.

Сақтанушы (сақтандырылған адам) осындай шаралар қолдана отырып, егер олар сақтанушыға (сақтандырылған адамға) хабарланған болса, сақтандырушының нұсқауларын ұстануға тиiс.

Залалдарды болдырмау немесе азайту мақсатында сақтанушы (сақтандырылған адам) шеккен шығындар, егер мұндай шығындар қажет болса немесе сақтандырушының нұсқауларын орындау үшiн жүргiзiлген жағдайда, тиiстi шаралар тiптi сәтсiз болса да, сақтандырушының өтеуiне жатады.

Мұндай шығындар нақты мөлшерде өтеледi, алайда сақтандыру төлемiнiң және шығындар өтемiнiң жалпы сомасы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру сомасынан аспауы тиiс. Егер шығындар сақтанушының (сақтандырылған адамның) сақтандырушы нұсқаларын орындауы нәтижесiнде туындаған болса, олар сақтандыру сомасына қатыссыз толық мөлшерде өтеледi.

Болуы мүмкiн залалдарды азайту үшiн сақтанушының (сақтандырылған адамның) қисынды және қолдан келетiн шараларды қасақана қолданбауы салдарынан туындаған залалдар бөлiгiнде сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.

Сақтандыру құпиясына сақтандыру сомасының, сатып алу сомасының мөлшерлерi туралы және төленген сақтандыру сыйлықақылары, сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының сақтанушының, сақтандырылған адамның немесе пайда алушының жеке басына қатысты өзге де талаптары туралы мәлiметтер жатады. Таратылу процесiндегi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жасаған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарты туралы мәлiметтер сақтандыру құпиясына жатпайды.

Міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актілерде сақтандыру құпиясын құрайтын мәліметтерді жария етудің өзге де талаптары мен тәртібі көзделуі мүмкін. Сақтандыру рыногының кәсiби қатысушыларының, сақтандыру агентiнiң өз кәсiби қызметiнiң нәтижесiнде алған сақтандыру құпиясын құрайтын мәлiметтердi, кәсiби сақтандыру рыногының басқа қатысушысына не сақтандыру агентiне қайта сақтандыру шарттарын жасасуға немесе қосарлас сақтандыру жөнiндегi қатынастарға байланысты ақпарат беру жағдайларын, сондай-ақ жоғарыда көзделген жағдайларды қоспағанда, жария етуге құқығы жоқ. Өздерiнiң қызмет мiндеттерiн жүзеге асыруына байланысты сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi алған лауазымды адамдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметкерлерi, сақтандыру брокерлерi, сақтандыру агенттерi және басқа да адамдар оларды жария еткенi үшiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен жауап бередi. Сақтандыру құпиясын үшiншi адамға сақтанушының (сақтандырылған адамның, пайда алушының) жазбаша келiсiмi негiзiнде ашуға болады.

Сақтандыру құпиясы бар мәлiметтер:

1) сақтанушының (пайда алушының) өкiлiне - нотариатта куәландырылған сенiмхат негiзiнде;

2) анықтау және алдын ала тергеу органына - оның өндiрiсiндегi қылмыстық iстер бойынша;

3) сотқа - сот ұйғарымы негiзiнде оның өндiрiсiндегi iстер бойынша;

4) прокурорға - оның құзыретi шегiнде өзiнiң қарауындағы материалдар бойынша тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде;

5) уәкiлеттi мемлекеттiк органға - сақтандыру қызметiн қадағалауды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша;

6) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актілеріне сәйкес өзге де тұлғаларға беріледі.

Сақтандыру құпиясы бар мәлiметтер сақтанушы, сақтандырылған адам, пайда алушы қайтыс болған соң:

1) мұрагерлерге;

2) соттарға және нотариустарға - соттың ұйғарымы, қаулысы немесе нотариустың мөрi басылған жазбаша сауалы негiзiнде олардың өндiрiсiндегi мұрагерлiк iстер бойынша берiледi. Нотариустың жазбаша сауалына сақтанушының қайтыс болғаны туралы куәлiктiң көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс;

3) шетелдiк консулдық мекемелерге - олардың өндiрiсiндегi мұрагерлiк iстер бойынша берiледi.

Сақтандыру қызметiн жүзеге асырудың жалпы шарттары, ұсынылатын сақтандыру қызметтерiнiң тiзбесi, сақтандыру тарифтерi, сақтандыру мерзiмдерi, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) шартының өзге де негiзгi талаптары ашық ақпарат болып табылады және сақтандыру құпиясы мен коммерциялық құпияның нысанасы бола алмайды.

Сақтандырушы сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi жария еткен жағдайда сақтанушы (сақтандырылған адам, пайда алушы) келтiрiлген шығынды өтеудi, ал тиiстi жағдайларда - моральдық нұқсанның орнын толтыруды талап етуге құқылы.

Сақтанушы:

1) сақтандыру шарты белгiлеген мөлшерде, тәртiппен және мерзiмдерде сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге;

2) сақтандыру тәуекелiнiң жай-күйі туралы сақтандырушыны хабардар етуге;

3) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы хабарлауға;

4) сақтандыру жағдайынан туатын залалдарды азайту үшiн шаралар қолдануға (ҚР АК 829-бабының 1-тармағы);

5) сақтандыру жағдайының басталғандығы үшiн жауапты адамнан талап ету құқығының сақтандырушыға өтуiн қамтамасыз етуге мiндеттi (ҚР АК 840-бабы).

Сақтандыру шартында сақтанушының басқа да мiндеттерi көзделуі мүмкін. Шарт жасасу кезінде сақтанушы сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталу ықтималдығын және оның басталуынан (сақтандыру тәуекелінен) туындауы мүмкін залалдардың мөлшерiн айқындау үшiн елеулi мәнi бар сақтанушының өзiне белгiлi жағдайларды, егер бұл жағдайлар сақтандырушыға белгiсiз болса және белгiсiз болуға тиiстi болса, хабарлауға мiндеттi.

Қалай болғанда да сақтандырушы әзірлеген сақтандыру ережелерiнде немесе шарт жасасу кезеңiнде сақтанушыға жiберiлген сақтандырушының жазбаша сауалына нақты айтылған мән-жайлар елеулi деп танылады. Егер сақтандыру шарты сақтандырушының қандай да бiр сұрақтарына сақтанушының берген жауаптарынсыз жасалған болса, соңғысы сақтанушының тиісті жағдайларда хабарламағандығын негiзге ала отырып, кейiннен шарттың бұзылуын немесе оны жарамсыз деп тануды талап ете алмайды. Егер шарт жасалып болған соң сақтанушының сақтандырушыға жоғарыда көрсетiлген жағдайлар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер бергендiгi анықталған болса, сақтандырушы шартты жарамсыз деп тануды және ҚР АК 844-бабының 1-тармағының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген салдарды қолдануды талап етуге құқылы.

Егер сақтанушы жасырып қалған мән-жай жоққа шығып қалған болса, сақтандырушы шартты жарамсыз деп тануды талап ете алмайды.

Мүлікті сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандырушы сақтандырылатын мүлiктi қарап тексеруге және бағалауға, ал қажет болған кезде оның шынайы құнын анықтау мақсатында сараптама тағайындауға құқылы. Сақтандырылатын мүлiкке және келтiрілген зиянға сақтандырушы жүзеге асыратын бағалау сақтандырудың құрамдас бөлiгi болып табылады және қосымша лицензиялауды талап етпейдi.

Жеке сақтандыру шартын жасау кезiнде сақтандырушы оның нақты денсаулық жағдайына баға беру үшiн сақтандырылатын адамға тексеру жүргiзуге құқылы.

Сақтандырушының сақтандыру тәуекелiне осы баптың негiзiнде берген бағасы өзгеше дәлелдеуге құқығы бар сақтанушы үшiн мiндеттi емес. Сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде келтiрiлген зиянның мөлшерiн сақтанушының немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша сақтандырушы айқындайды. Қажет болған жағдайда келтiрiлген зиянның мөлшерiн бағалауды бағалаушы (тәуелсiз сарапшы) жүргiзедi. Келтiрiлген зиянды бағалау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда тараптар өзгеше дәлелдеуге құқылы.

Сақтандырудың міндетті түрлері кезінде сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде келтірілген зиянның мөлшеріне бағалау жүргізудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен айқындалады.

  Мүлiктiк сақтандыру шартының қолданылуы кезеңiнде сақтанушы (сақтандырылған адам) шарт жасау кезінде сақтандырушыға хабарланған мән-жайлардағы өзiне белгiлі болған елеулi өзгерiстер туралы, егер бұл өзгерiстер сақтандыру тәуекелiн арттыруға елеулі ықпал жасайтындай болса, сақтандырушыға дереу хабарлауға мiндеттi. Қалай болғанда да сақтандыру шартында айтылған өзгерiстер елеулi деп танылады.

Сақтандыру тәуекелiн арттыруға әкеп соғатын мән-жайлар туралы хабардар етілген сақтандырушы, шарттың талаптарын өзгертудi немесе тәуекелдiң артуымен мөлшерлес қосымша сақтандыру сыйлықақысын төлеудi талап етуге құқылы.

Егер сақтанушы немесе сақтандырылған адам сақтандыру шартының талаптарын өзгертуге және сақтандырудың қосымша сыйлықақысын төлеуге қарсылық білдірсе, сақтандырушы осы Кодекстің 24-тарауында көзделген ережелерге сәйкес шартты бұзуды талап етуге құқылы.

Сақтанушы немесе сақтандырылған адам осы баптың тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда сақтандырушы шартты бұзуды және шартты бұзудан болған залалдардың орнын толтыруды талап етуге құқылы.

Егер сақтандыру тәуекелiн арттыруға әкеп соғатын мән-жайлар жоққа шығып қалған болса, сақтандырушының шартты бұзуды талап етуге құқығы жоқ.

Сақтанушы сақтандыру жағдайының басталғаны туралы өзiне мәлiм болған соң оның басталғандығы жөнiнде сақтандырушыға немесе оның өкiлiне дереу хабарлауға мiндеттi. Егер шартта немесе Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заң актiсiнде хабардар ету мерзiмi және (немесе) тәсiлi көзделсе, ол келiсiлген мерзiмде және шартта немесе Қазақстан Pecпубликасының заң актiсiнде көрсетiлген тәсiлмен жасалуға тиiс.

Егер сақтанушы сақтандырылған адам болып табылмаса, мұндай мiндет сақтандырылған адамға жүктеледi.

Егер жеке сақтандыру кезiнде сақтандырылған адамның қайтыс болуы сақтандыру жағдайы болып табылса, сақтандыру жағдайы туралы сақтандырушыға хабарлау мiндетi сақтанушыға, ал егер оның өзi бiр мезгiлде сақтандырылған адам болса - пайда алушыға жүктеледi. Бұл ретте сақтандырушыға хабарлаудың шартта белгiленген мерзiмi отыз күннен кем болмауы тиiс.

Пайда алушының барлық жағдайларда, мұны сақтанушының немесе сақтандырылған адамның жасаған-жасамағанына қарамастан, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлауға құқығы бар.

Егер сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушының дер кезiнде бiлгендiгi дәлелденбесе не бұл жөнiндегi мәлiметтердiң сақтандырушыда болмауы оның сақтандыру төлемi мiндеттерiне ықпал етпейтiн болса, сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабар бермеу оған сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тарту құқығын бередi.

Мүлiктi сақтандыру шартын жасасқан сақтанушы қайтыс болған жағдайда сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi мұрагерлiк тәртiбiмен осы мүлiктi қабылдаған адамға ауысады. Меншiк құқықтары (немесе өзге де заттық құқықтары) ауысуының басқа жағдайларында сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi, егер шартта немесе заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, сақтандырушының келiсуiмен жаңа меншiк иесiне (немесе өзге де заттық құқықтардың иесiне) ауысады.

Жеке сақтандыру шартын сақтандырылған адамның пайдасына жасаған сақтанушы қайтыс болған жағдайда, осы шартта айқындалған құқықтар мен мiндеттер оның келiсімiмен сақтандырылған адамға ауысады. Сақтандыру шарты бойынша міндеттерді сақтандырылған адамның орындауы мүмкін болмаған жағдайда, оның құқықтары мен міндеттері заң актілеріне сәйкес оның құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асырушы тұлғаларға ауысуы мүмкiн.

Заңды тұлға болып табылатын сақтанушыны қайта ұйымдастырған кезде, сақтандыру шарты қолданылу кезеңiндегi оның осы шарт бойынша құқықтары мен мiндеттерi сақтандырушының келiсуiмен, осы Кодексте айқындалған тәртiппен тиiстi құқықтық мирасқорға ауысады.

Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықты сақтандыру шарты бойынша сақтанушының емес, өзге тұлғаның жауаптылығы сақтандырылған жағдайда, сақтанушы шартта өзгеше көзделмегендiктен, бұл туралы сақтандырушыға жазбаша хабарлап, сақтандыру жағдайы басталғанға дейін кез келген уақытта бұл тұлғаны басқасымен ауыстыруға құқылы.

Жеке сақтандыру, сондай-ақ мүлiктiк сақтандыру шартында аталған сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам тек өзінің (топтастырылған жеке сақтандыруды қоспағанда,)және сақтандырушының келісімі бойынша ғана басқа тұлғамен ауыстырылуы мүмкiн. Егер үшiншi тұлғаны сақтандыру мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнiң талаптарынан туындайтын болса, сақтандырылған адамды ауыстыру заң актілерінде көрсетілген тәртiппен және соларға негiзделген шартпен жүзеге асырылады.

Сақтанушы сақтандыру жағдайы басталғанға денiн сақтандырылған адам болып табылмайтын, сақтандыру шартында аталған пайда алушыны, бұл жөнiнде сақтандырушыны жазбаша хабардар етіп, басқа адаммен ауыстыруға құқылы.

Пайда алушыны оның сақтанушымен жасаған келiсiмiнен туындайтын белгiлi бiр мiндеттердi сақтандыру шарты бойынша орындағаннан немесе сақтандырушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асыру жөнiндегi талап қойғаннан кейін басқа адаммен ауыстыруға болмайды.

Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:

1) сақтанушының, сақтандырылған адамның және (немесе) пайда алушының, қажетті қорғану және аса қажетті жағдайда жасалған іс-әрекеттерді қоспағанда, сақтандыру жағдайын тудыруға бағытталған не оның басталуына ықпал ететін қасақана жасалған іс-әрекетінің;

2) заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтанушының, сақтандырылған адамның және (немесе) пайда алушының қасақана жасалған қылмыстар немесе сақтандыру жағдайына себептi байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған iс-әрекетiнiң салдарынан болса, сақтанушыға сақтандыру төлемiнен толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.

Егер сақтандыру жағдайы жауаптылықта сақтандыру объектiсi болып табылатын тұлғаның кiнәсiнен болса, онда сақтандырушы азаматтық-құқықтық жауаптылықты сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылмайды .

Сақтандырушы сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда, егер өлiм өзiн-өзi өлтiрудiң салдарынан болса және осы уақытқа дейiн сақтандыру шарты кемiнде екi жыл қолданылып келсе, жеке сақтандыру шарты бойынша төленуге тиiс сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылмайды.

Өз еркiмен сақтандыру шартында және мiндеттi сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмегендiктен, егер сақтандыру жағдайы:

1) ядролық жарылыстың, радиацияның немесе радиоактивтiк зақымданудың әсерi;

2) әскери қимылдардың;

3) азамат соғысының, алуан түрлі халық толқуларының, жаппай тәртiп бұзушылықтардың немесе ереуiлдердiң салдарынан басталған болса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.

Мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмегендiктен, сақтандырушы алып қою, тәркілеу, реквизициялау, тұтқындау немесе мемлекеттiк органдардың өкiмiмен сақтандырылған мүліктерді жою салдарынан болған залалдар үшін сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатылады.

Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн мыналар да:

1) сақтанушының сақтандырушыға, сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның зардаптары туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлауы;

2) сақтанушының сақтандыру жағдайынан болған залалдарды азайту жөнiндегi шараларды қасақана қолданбауы (ҚР АК 829-бабы);

3) сақтанушының залалдар келтiруге кiнәлi тұлғадан мүлiктiк сақтандыру бойынша залалдарға тиiстi өтем алуы;

4) сақтанушының сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайын тексеруде және одан келген залалдардың мөлшерiн белгiлеуде сақтандырушыға кедергi жасауы;

5) сақтандыру жағдайының басталғандығы туралы сақтандырушыға хабарламау (ҚР АК 835-бабы);

6) сақтанушының сақтандыру жағдайының басталғандығы үшін жауапты адамға талап қою құқықтарынан бас тартуы, сондай-ақ сақтандырушыға талап ету құқығын өткiзу үшiн қажеттi құжаттарды беруден бас тартуы (ҚР АК 840-бабы). Егер сақтандыру өтемi ендiгi төленiп қойған болса, сақтандырушы оның толық немесе iшiнара қайтарылуын талап етуге құқылы;

7) заң актiлерiнде көзделген басқа да жағдайлар негiз болуы мүмкiн.

Сақтандырушыны сақтанушының алдындағы сақтандыру жауаптылығынан оның осы бапта көзделген заңсыз iс-қимылдарының себептерi бойынша босату, сақтандырушыны сонымен бiр мезгiлде сақтандырылған адамға немесе пайда алушыға сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан да босатады.

Сақтандыру шартының талаптары бойынша, егер бұл заң актiлерiне қайшы келмейтiн болса, сақтандыру төлемінен бас тартудың басқа да негiздерi көзделуi мүмкiн. Сақтандыру төлемінен бас тарту туралы шешiмдi сақтандырушы қабылдайды және ол бас тартудың дәлелдi негiздерiмен жазбаша нысанда сақтанушыға хабарланады. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүргізуден бас тартуына сақтанушы сотқа шағымдануы мүмкін.

 Егер мүлiктiк сақтандыру шартында өзгеше көзделмесе, сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыға, сол төленген соманың шегiнде, сақтандыру нәтижесiнде өтелген залалдар үшiн жауапты адамға қоятын сақтанушының (сақтандырылған адамның) талап қою құқықтары ауысады. Алайда қасақана залал келтiрген адамға қойылған талап қою құқықтарының сақтандырушыға ауысуын жоққа шығаратын шарт талабы жарамсыз болады.

Сақтандырушыға ауысқан талап қою құқығы сақтанушы (сақтандырылған адам) мен залалдар үшiн жауапты адамның арасындағы қатынасты реттейтiн ережелерді сақтай отырып жүзеге асырылады.

Сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандыру төлемiн алған кезде сақтандырушыға барлық құжаттар мен айғақтарды беруге және оған талап қою құқықтарын жүзеге асыру үшiн қажеттi барлық мәлiметтердi хабарлауға мiндеттi.

Егер сақтанушы (сақтандырылған адам) сақтандырушы төлеген шығындар үшiн жауап беретiн адамға талап қою құқықтарынан бас тартса немесе сақтанушының (сақтандырылған адамның) кiнәсiнен бұл құқықты жүзеге асыру мүмкiн болмаса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн толық немесе тиiсiнше оның бiр бөлiгiн жүзеге асырудан босатылады және артық төлеген соманы қайтаруды талап етуге құқылы.

ҚР АК көзделген мiндеттемелердi тоқтатудың жалпы негiздерiнен басқа, сақтандыру шарты мынадай жағдайларда:

1) сақтандыру объектiсi өмiр сүруiн тоқтатқан;

2) сақтанушы болып табылмайтын сақтандырылған адам қайтыс болғанда, ол ауыстырылмаған (ҚР АК 815-бабының 8-тармағы);

3) сақтанушы мүлiктiк сақтандыру объектiсiн өз иелiгiнен шығарған, егер сақтандырушы сақтанушыны ауыстыруға қарсылық білдірсе, ал шартта немесе міндетті сақтандыру туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген ҚР АК 836-бабының 1-тармағы);

4) өзiнiң кәсiпкерлiк тәуекелiн немесе осы қызметке байланысты азаматтық-құқықтық жауаптылығын сақтандырған сақтанушы белгiленген тәртiппен кәсiпкерлiк қызметiн тоқтатқан;

5) сақтандыру жағдайының басталу мүмкiндiгi жойылған және сақтандыру жағдайынан басқа жағдайлар бойынша сақтандыру тәуекелiнiң болуы тоқтатылған;

6) соттың сақтандырушыны мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгізілген реттерде мерзімінен бұрын тоқтатылады. Бұл ретте міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде өзі кепілдік берген сақтандыру шарттары бойынша өз міндеттемелерін орындайды;

7) уәкілетті органның сақтандырушының epiкті таратылуына pұқcат бepу туралы шешімі күшіне енгізілген реттерде мерзімінен бұрын тоқтатылады.

Аталған жағдайларда шартты тоқтату үшiн негiз ретiнде көзделген мән-жайлар туындаған кезден бастап шарт тоқтатылған болып есептеледi, бұл туралы мүдделi тарап дереу екiншiсiн хабардар етуге тиiс.

Егер жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сақтанушы шарт жасасқан күннен бастап он төртінен отызына дейінгі кезеңде оны біржақты тәртіппен бұзса, онда сақтандырушы жинақтаушы сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандыру сыйлықақысының сомасынан алынған жиырма проценттен аспайтын, сақтандырушы көтерген шығыстар шегеріле отырып, алынған сақтандыру сыйлықақысының сомасын сақтанушыға қайтаруға міндетті.

Сақтанушы сақтандыру шартын кез келген уақытта бұзуға құқылы.

  Жинақтаушы емес сақтандыру шарты ҚР АК 841-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде сақтандырушының сақтандыру сыйлықақысының осы сақтандыру қолданылған уақытқа барабар бөлiгiне құқығы бap.

Сақтандырушыны тарату кезiнде сақтандыру сыйлықақыларын (жарналарын) қайтару Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметi туралы заңдарында белгiленген кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектiлiгiне сәйкес жүзеге асырылады.

Сақтандыру шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы шарт талаптарының сақтандырушының кiнәсiне байланысты орындалмауынан болған жағдайда, сақтандырушы сақтанушы төлеген сақтандыру сыйлықақысын не сақтандыру жарналарын оған толық қайтаруға мiндеттi.

Мәмiлелер жарамсыздығының ҚР АК көзделген жалпы негiздемесiнен басқа, сақтандыру шарты мына жағдайларда, егер:

1) шарт жасасу кезiнде сақтандыру объектiсi болмаса;

2) құқыққа қарсы мүліктік  мүдделер сақтандыру объектiсi ретiнде әрекет етсе (807-баптың 2-тармағы);

3) соттың заңды күшiне енген тиiстi шешiмiнiң негiзiнде тәркiленуге жататын мүлiк не қылмыстық жолмен алынған немесе қылмыстың нысанасы болып табылатын мүлiк сақтандыру объектiсi болып табылса;

4) басталу мүмкiндiгі мен кездейсоқтық белгiлерi жоқ (ҚР АК 817-бабының 3-тармағы) және шарттың қолданылуы шегiнде амалсыз әрi нақты болуға тиiс оқиға сақтандыру жағдайы ретiнде көзделсе, бұл туралы тараптар немесе, кем дегенде, сақтанушы алдын ала білген болса;

5) сақтанушы шарт жасасу кезiнде заңсыз пайда табуды алдын ала мақсат еткен болса, оның iшiнде сақтандыру жағдайы басталған соң шарт жасалса;

6) сақтандырылған адамның келiсiмi мiндеттi болып табылатын жағдайларда, оның келiсiмi болмаса;

7) шарттың жазбаша нысаны сақталмаса жарамсыз деп танылады.

Міндетті сақтандыру туралы заң актілерінде сақтандырудың жекелеген түрлерiне қатысты шартты жарамсыз деп танудың басқа да негiздерiн қолдану көзделуi мүмкiн.

Сақтандыру шарты жарамсыз деп танылған жағдайда сақтандырушы сақтанушыға одан алған сақтандыру сыйлықақыларын не сақтандыру жарналарын қайтаруға, ал сақтанушы (пайда алушы) сақтандырушыға одан алған сақтандыру төлемiн қайтаруға мiндеттi.

Егер шарт сақтанушының заңсыз iс-әрекеттерiнiң салдарынан туындаған негіздер бойынша жарамсыз деп танылса, ол туралы сақтандырушы шарт жасалған кезде, оны орындау процесiнде де бiлмесе және бiлуге тиiстi болмаса, сақтандырушы шыққан шығындарды шегере отырып, сақтанушыға шарттың аяқталмаған мерзiмi үшiн сақтандыру сақтандыру сыйлықақыларын не сақтандыру жарналарын қайтарады, ал егер сақтандыру төлемi жүргiзiлген жағдайда оның төленген соманы қайтаруды талап етуге құқығы бар.

Сақтандырушыға сақтандыру төлемiнен бас тартуда негiз беретiн себептер бойынша сақтандыру шарты жарамсыз деп танылған жағдайда (ҚР АК 839-бабы) нақ сондай салдар туындайды.

Азаматтар мен заңды тұлғалар қажеттi қаражатты өзара сақтандыру қоғамдарына бiрiктiру жолымен өзара негiзде  ҚР АК  807-бабының 1-тармағында аталған өзінің мүліктік мүдделерін сақтандыра алады.

Өзара сақтандыру қоғамдары өз мүшелерінің мүлiктiк мүдделерiн сақтандыруды жүзеге асырады және коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

Өзара сақтандыруды жүзеге асырудың, өзара сақтандыру қоғамдарының құқықтық жағдайының ерекшелiктерi мен олардың қызметiнiң шарттары ҚР АК және өзара сақтандыру туралы заң актiлерiне сәйкес айқындалады.

Өзара сақтандыру қоғамдары өз мүшелерінің мүліктік мүдделерін сақтандыруды мүшелік және сақтандыру шарттары негізінде жүзеге асырады. Өзара сақтандыру жолымен мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыруға өзара сақтандыру туралы заң актiлерiнде көзделген жағдайларда жол берiледi.