Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
байбол есембет шежіресі.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3 Мб
Скачать
☆

Адамзат,... Алаш,... Алшындар

Ұлық, мейірімді, құл сүйгіш Алладан пана тілеймін, шайтанның азғыруынан сақтағай!

Бисмилләһир-Рахмаанир-Рахиим!

Аса мейірімді, ерекше рахымды Аллаһ тағаланың атымен бастаймын.

Сізді,бізді мұсылман етіп жаратқаны үшін: өзінің тура, пәк жолына бағыттап, жүрегімізді имандылық нұрымен нұрландырғаны үшін; құтты кәламын оқып, тұрақты амал-ғибадат ету бақытына бөлегені үшін; фәнилік қызық, қуанышты өскен орта мейірімі, жалындаған жастық жігерімен жар таңдау-үйлену және ұлмен қыз сүйгізуге нәсіп еткені үшін; бұйырған мамандығымен отбасын бағу, ең бастысы деннің саулығымен, жанның тазалығын бергені үшін – бүкіл әлемдердің раббы теңдессіз, жалғыз жаратушы Аллаһ тағалаға шүкіршілігім және мадақтап мақтауым шексіз.

Аса мейірімді, ерекше рахымды Аллаһ тағала - Өзінің рахым етуімен сүйікті құлы хәм адамзаттың соңғы пайғамбары (с.ғ.с) Мұхаммедтің нұрынан бүкіл әлемді жаратқанын жан-жүрегімізбен сезгендіктен; жаралғандардың абзалы (с.ғ.с) Мұхаммедке, отбасына, сахабаларына және оларға ілескен имандыларға – темірқазық жұлдызымыздай құрметтеп, Аллаһтың салауатымен сәлемі болғай!- деп тілеймін.

Рамазан –Қараша айының 9-жұлдызы,2004-жыл. Қадір түнін күтер намаздігер. Аллаһ бұйыртса, түнімен ғибадат жасап, Жаратқаннан отбасымның, көшелес – ауылдастарымның, аймағымның, тұтас Қазақ Елімнің, жер жүзімен әлемдердің-амандығын; иманды - өсіп өркендеуін, бірлігімен берекесін тілеу ойымдағы басты мақсат.

Ораза ұстаған, тарауих намазын бірге оқитын жамағат-тобымызды бүгінгі ауызашарға күтуге, отбасыммен туыс, жегжат, көршілерім дайындық шаруасында.Ораза жамағатымыз үйіме келе бастады.Шалбар Өмірзақ Қалбайұлы, Тобыштың Қожасы Тәтіман Қартбайұлы, Қараш Мақсымұлы Қадірберген, Ақпан Берниязұлы Әліпбай, Көшке Өтесінұлы Қылыш, Ақпан Бәйділләұлы Ержан ұста, Қосқұлақ Қалмышұлы Инаятолла, Табын Қалауұлы Базарбай, Қарақалпақтың Мүйтені Құралбайұлы Өсербай молла, Қырықмылтық Аманұлы Мүтилла, Қараш Жақсылықұлы Али, Қосқұлақ Ақбердіұлы Мейірман, Ақпан Сапарұлы Махсат, Шегем Салықұлы Тәжімұрат, Орта жүздің Қоңыратының Қожасы Диханбайұлы Орынбасар, Айтқұл Қылышмағамбетұлы Жолдасбай, Қосқұлақ Таубайұлы Насыролла, Балықшы Құламанұлы Құдайберген, Қосқұлақ Дәрібайұлы Атағұлла, Айтқұл Беласарұлы Бекарыс, Құнанырыс Жаңғақбайұлы Қашқынбай, Қосқұлақ Жарылғасынұлы Базарбай, Қырықмылтық Ізбасарұлы Сабырбай, Қырықмылтық Сағындықұлы Шеркешбай, Қосқұлақ Дәрібайұлы Халиулла, Мете Орақбайұлы Муса, Айтқұл Іниятұлы Нұрлан, Құнанырыс Қашқынбайұлы Жақыпбек, Бегей Рахманбердіұлы Құралбек т.б.келіп, төргі үлкен бөлмеге жайғасуда. Ораза әйелдер жамағаты, жақын-жегжаттар басқа бос бөлмелерде.

Бір-бірімізбен амандық сұрасып, келгені-келгендей сәлемдесудеміз. Кісі үйіне барсақ әдетіміз ғой, отырған бөлмемізді бір шолып, әр түрлі ой-пікірлерімізді іштей түйетін.

Келген меймандарым да жан жағына көз салуда. Өзіміздің, Теңге ауылының имамы Қамысбайұрпағы Қайрат діни білімін жетілдіру курсында оқуға кеткендіктен, оның орынына уақытша имамдар жұмыс жасауда. Имамымыз Қайрат жылда рамазан айында тарауих намазымызда имамдық жасап, бізбен бірге болатын. Биыл, тарауих намазымызда Қарақалпақ Елінің астанасы (пайтахты) -Нөкіс қаласынан келген, Қарақалпақтың Мүйтені Құралбайұлы Өсербай орынынан тұрып, рұқсат сұрап, бөлме қабырғасындағы сурет-жазбаларға қарай бастады. Дауыс ырғағы,пішіні таңданысқа толы Өсербай молда:-

-Қаржаубай аға! Мына“Қосай ата күмбезі”суретін салған кім? Қосай ата Құдайкеұлы - Адай немерелерінің ең үлкені тарихта болған. Қарақалпақстанның пайтахты(астанасы) Нөкістің құбыла шығысында “Бройлер құс фабрика” ауылы ≈13≈14км қашықтықта жайғасқан. Сол ауылдан шығыста 1-км қашықтық шамасында “Бестөбе” таулары көрініп тұр. “Бестөбе” аталғандай Бестөбе дегенмен, қарақалпақ, қазақ, өзбек, түркмен миллеттері (ұлт,ұлт өкілдері) жақын маңда тау болмаған соң, тау атаған. “Бестөбенің” ең үлкеніндегі “Қосай ата күмбезін” мына суретінен көргенімде көзіме ыстық көрінеді. Суретші сол кездегі мазарды дәл, әдемі салған екен. Суретші де жерлесім болар?... –деп, маған қарап жауабын күтуде.

Жасүлкенді сыйлау, жол беру атасалтымызбен, мен:- “Өмекем сұрағыңа жауап берер. Өмекем-деп, отырғаным – Қазақ халық шежіреші ақыны Өмірзақ Қалбайұлы. Өсербай інім, сенен басқасы Өмекемді жақсы біледі. Білгенің жөн, Өмекемнің ататегі - Қазақ→ Елеу→ Алаш→ Бекарыс→ Мөңке→ Алшын→ Алау→ Құдияр→ Қадірқожа(“БАЙ”)→ Байқожа→ Елтай→ “Адай”→ Құдайке→ Қосай(“Түрікменадай”)→ Байбол→ Мәмбетқұл(“Шалбар”)→ Балтай→ Текебай→ Отарбай→ Қосмәмбет→ Шопық→ Қапа→ Нұрмағамбет→ Қалбайұлы Өмірзақ. Атамекені Маңғыстау, Сам құмында 1926-жылы туылған. 1927-жылы, аласапыранда, Хожелі қаласы, дария бойына елмен босып келген ата-анасы, саясат ыңғайымен, құжат алу кезінде, сол жерде, Құмжыққанда, 1929-жылы туылған,-деп, туу куәлігін алған. Өмекемнің “Алаңқай батыр” ертегі дастаны, сол аттас кітапта тарихи-шежірелік дастандары-жырлары, термелерімен толғаулары Алматыдан, баспадан шыққан. “Ер Шабай”тарихи дастаны Қарақалпақстан, Хожелі баспаханасынан, “Қосай ата” тарихи-шежірелік танымдық кітабы Алматыдан шықты. Тағылымды-танымдық зерттеу мақалалары баспа беттерінде жарияланып, замандас ұрпақтарды бауырластыққа, бір тіл, бір дін, бір мәзхабта, ортақ салт-дәстүрмен ерлік рухта, Адамзаттың, Қазақ Елінің бірлігімен мәңгі жасауына үлес қосуға тәрбиелейді. Аруақты атамыз ақ жол би, ер, пір Қосайымыздай екі дүниелік абыройға ие болғайсыз Өмеке!-деймін. Сіздің қадір-қасиетіңізді бағалап, құрметтеген барлық замандастарыма ерекше ілтипатпен бас иемін. Өмеке! Өсербай молланың сұрағына сіз жауап берсеңіз. Жол сіздікі!-дегенде, Өмекем ұшатын сұңқардай айналасына көз салып, қанатын қомдағандай, иығын сәл көтерді. Отты жанарын, сұрақ иесі Өсербайға бағыттап, тамағын бір кенеп алып сөйлеп кетті:-

-Аласапыран заманда аумалы-төкпелі саясатпен, тілсіздендіру, дінсіздендіру, салтсыздандыру, құнсыздандыру, ұлтсыздандыру сойылсоғарлары, өскен елімде - Қазақ, Қарақалпақ, Өзбек, Түркмендерді де соққылап естерінен тандырды. “Құдайсыздар қоғамы” мүшелері-шолақ белсенділер атеистік насихатын желеу етіп, дінге, діндарға, қожа, молда, қарапайым мұсылманға ынғайсыздық туғызды. Қожаны - “Қожа емеспін”, молданы - “молда емеспін” деуге мәжбүрледі. Қосай немересі-Есембетұрпағы Күшікбай, Мысықбай мырзаларға туысып кеткен Асқар қожа Хожеліде, оның ұлы Мұса қожа Бейнеуде жерленген. Мұса қожа ұрпағы Алекен қожа қуғындалып, бас амандық үшін, ел асып,“Мырзашөлге” барды. Есембет Алекен қожа “Славянка”да, мәңгі мекен тапты. Алекенұлы Аманжол қожа ағайыным Хожеліде жерлес болдық. Ол тұз-дәм айдап, Маңғыстауға келіп, “Тенге” қауымында жатыр... Шоңай Шайхы, Шегем Әмин т.б. көп ахұн, ишан, молдалар қуғындалды. Аман қалғанын “ сен тимесең, мен тимен” – деген, жағдайға түсірді. Әр пенде өз күнәсіне өзі жауап береді – деп, шариғат тыйымдарын талап ете алмай, мүсәпір күй кешті. Мысалы, арақ-шарап ішетіндер:- Осы уақытқа дейін, талай молдалармен табақтас болғанда, ішуге болмайды деген жоқ еді, Өмеке, енді ішуге сен де қарсысың!-дейді, ішетіндер... Әрине, Алла тағаланың тыйғанынан отбасымның, елімнің тыйылғанын мен де қалаймын. Жаратқан Ием бәрімізді тура жолына салғай!...

. . . 1930-жылдары,... Нөкіс қаласын көркейтіп, үлкейтіп, құрылыс жүргізгенде, “құрылысқа тас жетпейді” – деген дәлелмен, “Бестөбе” т.б. қауым-мазар молаларды бұзып, мазар тастарын қала іргетасына пайдаланған. Ондай бассыздық Харазым ойында, Маңғыстауда, жалпы Кеңестер Одағының барлық жерінде етек алған. Ата-баба, ана, бауырлас, жегжаттардың сүйегін қорлатпаймыз! –деп, қазақ, қарақалпақ, өзбек, түркменнің арлы азаматтары қарсылық білдіріп, көтеріліске дайындалған. Шоңай Шайхы, Шегем Әмин ахұндармен т.б. ахұн, ишан, қари, молдалар елге басу айтып, сабырлыққа шақырған:- “Өткендеріңнің мазар орындарын белгілеп, ұмытпай, ұрпақтарға жалғаңдар. Мәңгілік бір Аллаһ, жаралғандардың бәрі уақытша. “Қырық жылда қазан, елу жылда ел жаңа” – деген, атадан қалған асыл сөз айдан анық...Міне, сол аталарымыздың, әулие кісілеріміздің айтқаны келіп, Кеңестер Одағының іргесі ыдырап бастағанда, әркім өз ата-баба, ана, жегжатын іздеп, дәріптеп, ас беріп, құран бағыштау өмірге қайта келе бастады...

...Әкем Қалбайдан, шежіре қарттарымыздан, көзі көргендерден естіп, білгенім “Бестөбенің” ең үлкенінде, батыс арқасындағы биігінде, жерөлшегіштердің мосыағашының астында, түп атам Қосай және солтүстік іргесіне жақын Түркментегі, Ата тиресі(ру)нің Сейіт хожасы Беглі ишан қызы Оғылмеңлі әжемнің сүйегі жатқанын, білетінмін. Бірақ, бірінші Алла, екінші халықтың алдында ұятты болмайын! – дедім. Ел азаматтарына ауызша, жазбаша сұрастырып, ел пікірі менің пікіріммен – ойыммен қосылғанда, ақсақалдар алқасының талқылап – шешуімен; жергілікті үкіметтің, ғалым-зерттеушілердің келісімімен, бәтуа бекіді. Анық Қосай атам екендігіне, халық көңілі орныққанда, бастамамды бірінші Құдай, екінші халық қолдап; осы суреттегідей көк күмбезді, Хиуаның, Хожелінің күйдірілген қыш-кірпішінен, Хиуалық шебер салып, бітіріп, халық мұрасына айналды...

...Өзің сұраған, “Қосай ата күмбезі” суретін салған суретші – Тіней Қойшыбай Тәжімұратұлы Төремұрат немересі. Қойшыбай – Шоманай ауданы, Гагарин кеңшары, Лобачевский орта мектебінің сызу-сурет пәні мұғалімі , “Қосай ата күмбезі” суретін 1992-жылы 29-қарашада салып, маған сыйлады. Мен, ақбатамды алған шәкіртім, мұнайшы, шежіреші ақын інім Қаржаубай Рейімбайұлына 2002-жылы 6-желтоқсанда, 50-жасқа толғанына орай, сыйладым...

...Айтсақ әңгіме көп, соң, реті келгенде жалғармыз, - деп, Өмекем, келгендермен амандаса бастады...

Қосқұлақ Инаятоллла жездей:-

- Күн ұясына қонған болар, “әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер!” – дегендей, кеш қалмалық, Өсербай молда мезгілінде бастарсың,-деді. Молда жігіт Өсербай азан шақырып, жамағат намазшамға ниет етіп, имамға ұйыдық...

* * *

... Ораза жамағатымыз ауыз ашардан соң, тарауих намазы кіргенше, дем алып, сөйлесіп, пікір алысу, сұхбаттасып сырласуға кең бөлмемізге келдік. Өсербай молда бөлме қабырғасындағы шежіре-дерек жазбаны оқып:-

-“Қазақ, Раззақ-бір туған”,-деген, аталарымыздан қалған сөз жобаға келеді. Өмірзақ аға, Қаржаубай аға, менің де, жастарымыздың да түбіміз бір, туысқандарымызды қысқа-нұсқа деректі әнгімелерден естіп, біліп, үйренгіміз келеді.Мүмкіндіктерің қалай? Тыңдауға біз дайынбыз...

Қараш Али көршім:-

- Көпшіліктің ықыласы ауды, тарауих намазға дейін тыңдалық!-деді.

...Өмірзақ аға маған,мен оған қараймын:- Өмеке жол сіздікі. Сіз айтыңыз,біз тыңдаймыз! –дедім.

Шежіреші Өмірзақ:-

- Атақозы батыр Айтқұлұлының 1789-жылы, 85 жасында, інілеріне, ізбасарларына айтқаны есіме түсіп тұр. Атақозы:- 1790-жылы, тауық жылының шығысы, ит жылының кірісі-Ұлыстың ұлы күні Түркмендермен арамыздағы жетіммен жесір, мал, жер жөнінде басталған дауларымызды шешіп; келісіп, достасуымыз қажет. Бұрынғы айтқан ұсынысым-ұсыныс! Есембет Мерген биім, Қосқұлақ Мырзағұлұлы Бекет әулием, жасы үлкен, - деп, жол бергеніңізге рахмет! Бірақ, мен 4-5 жыл өмірім қалғанын сеземін. Аяқ үстінде, Адайларға ағалық қалпымда, өз ажалымнан кетермін. Сол аз қалған өмірім саз өмір болсын. Ізімде сөзімді ұстайтын; елімді тура жолға нұсқайтын; сеніммен үміт ақтайтын; алтынға елін сатпайтын; жетім-жесірді қақпайтын; имансызға жақпайтын; имандыны сатпайтын, ұрпаққа үміт баптайтын; шарғи заңды жаттайтын –Мергенмен Бекет –екеуіңнен үмітім мол! Елім келер жылы – Ұлыстың ұлы күні, Қараман ата басына Түркмен. Қазақ жиналамыз. Теңдігімізді – тура билігімен інім Мерген би, “Аққа Алла жақ болғай!” – деп, қасиет-киесімен інім Бекет әулием қорғап шығар,-деген сенімдемін. Екеуіңе де ақ батамды бергенмін. Арысы Алашқа, берісі Алшынға билігімен сөзін тыңдатқан, Ерлігімен сыйлатқан, босын есіп ширатқан, үлгісімен шыңдатқан, інім Мерген би сен дайын бол. Пірлігімен нұр шашқан, атам Қосайдың аруақты ақ жолымен; келер жылы аруақ-киеңді асырып, дұшпандарым басылып, ақыл таппай шашылып, бағынғаннан бас ұрып, сол кезде елім тасынып тұрамыз. Қосайдан соңғы Пір Бекет, аруағың менен тұр демеп, зарыққанды жүр жебеп, Тарыққанға бер медет, Бір Алладан білеміз, дәнекері сен-себеп!-деуімізге, аса рахымды, ерекше мейірімді, Жаратқан Ием-Жалғыз Аллаһ жар болғай! – деген Атақозы Айтқұлұлының ақ арманы орындалыпты...

...Сол, атамыз Атақозы батыр Айтқұлұлының ой-сөзі, ісін мен де қолданамын.Қалған өмірімде, сенімді ізбасар інім, кемімді толтырып жүйрігімді оздырып, бәйгемді алып беретін, дұшпанымды шалып беретін, жүрегімді анық көретін, ойымды жазып беретін шәкіртім, ақ батамды алған шежіреші ақыным, сүйектесім жақыным Қаржаубай Рейімбайұлына сенемін.

Қаржаубай Өсербайдың сұрағына жауап бер! – деді...

...Көпшілік меймандар құлақ түріп, ынғайласқанымен, мен іркілдім.

Көршім Али Жақсылықұлы:-

- Қаржеке! Осы жамағаттың, шежірені шындығымен естігісі келіп отырған көпшілігінің ықыласын қабыл ал! Ал, тыңдалық! – деп,манағы сөзін қайталады...

...Мен:-

- Жаратқанымның білдіргенін баяндайын, жаңылдырмағай! – деп, кірістім.

...Тіліміз шыққалы, құлағымыз естігелі адамзат баласы тегі бір Адам-Хауадан –деген, деректі бәріміз де естіп өскенбіз. Киікбайұлы Әлжан атамнан жеткен жетелі сөз:- жеті атасын талдаса, Қазақты түгел қамдаса, тектіліктің белгісі,- дегенін бойтұмар еткен ұрпақпыз.

Ата-бабалары Санахайдан, Мұраттан, Ырысбайдан жалғасқан тарихи шежірелік әнгімелерден, естігенін елеп, су түбінен маржан сүзгендей таңдап-талғап алғаннан әкем Рейімбай сары майдай сақтап, маған айтқандары ай нұрындай жаныма сәулеленіп себілген, сіңген.

Шежіре шешен аталарым, аналарым, ағаларым:- “Өміріңе өзек, қажетіңе керек!” – деп, баяндайтын.

Сол шежірелік деректерден ұққанымыз, әр адам –бала, немере, шөбере, шөпшек, жүрежат, туажат, жегжат, жұрағат, жамағат болып жалғасады. Жеті атаға дейін рулас, одан әрі – тайпалас, топтас, жүздес болып, Қазақ Елінің ұлттық негізін қалаған.

Қазақ ұлтының табиғи жаралымын құраған ру, тайпа, топ, жүз тарихи дәуірлестігімен бірігіп, “үш жүздден”, Қазақ ұлты ұйысқан.

Тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбайнемересі: -

- “Ру шежіресін білу – сахара төсінде көшіп қонған қазақтар үшін өмірлік қажеттілік. Қазақ халқының ру тайпалық, жүздік қауымдастық біртұтас ғажайып бітімі ғасырлар бойы бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы деген ұстаным бойынша өсіп-өркендеп отырған, -дей келіп, ойын одан әрі жалғастырады, - Қазақ халқы үшін жеті аталық ұстаным мен одан туындайтын рулық байланыс институттарының қандай әсері болған?

Біріншіден, жеті аталық ұстанымға негіз болған туыстық байланыс институттары әрбір қазақтың, қала берді бүкіл халықтың ақыл-ойын баураған.

Өзінің қазақ екенін білген соң, жеті атасын білген соң, одан әрі өзінің руымен жүзін білген соң, қазақтар туған жерінің кез-келген шалғайында туысқандарының ортасында жүргенін танып, біліп, өзін алып жанұяның бір мүшесіндей сезінген.Осының ерекше мазмұнындағы далалық білім, алып жанұялық сана жай ғана жаттанды дерек болмаған.Мұндай білім көшпелілер санасына мекен-тұрақтың жай-жапсарынан бастап бүкіл этнос аясындағы рулардың қарым-қатынас ахуалына дейін орнығып отырған...

Нәтижетінде біртұтас жанұя сияқты, ұлттың біртұтас зердесі қалыптасып, тек қазіргі жер басып жүргендер ғана емес, жадында сақтаған баяғы ата-бабалары да тірілердің санасында тірлігін жалғастырған. Халықтың мұндай зердесі әрбір қатардағы далалықтың тарихты айқын елестейтін, жан-жүрегімен сезіп отыруына себепші болған.

Сол себептен де,бұл жерде тарихтың тереңіне бойлаған сайын бабалардың басынан кешкендері мифологияланып отыратынын қаперде ұстап отыру қажет. Пенде шіркіннің өз бабаларын әспеттеп, оның орнын былайғы тумаларынан биіктетіп көрсетуге бейім болып отыратын әдеті.

Жазба дәстүр болмаған соң, мұндай үрдіс ұдайы етек алып, өткен оқиға мен кешкен ғұмырдың нақтылығы да обьективті көрініс таба бермеуіне себепші болған.

Екіншіден, жеті аталық ұстаным әрбір қазақтың, бүкіл халықтың құлағына күн сайын бабалары туралы тек жақсылықты құйып, рухани тектілігін дәріптеп, ұлттық сенімін орнықтырып отырған. Бұл әсіреқызыл сенім емес, әрбір қатардағы көшпелінің тарихи нақтылы деректі өз жүрегімен сезінуіне негізделген... Бұл ойдың орнын бүгінгі оқырман дұрыс түсінуі үшін, бір пікірмен толықтыра кету қажет, Мен үшін ата-баба рухына, аруаққа бас ию сезімдері олардың идеясын жалғастыру деген сезімдермен астасып кеткен. Ал, ата-бабамыздың идеалы біздің бүгінгі өмір-тіршілігіміздің ең киелі ұстанымдарымен сай келіп жатыр...

Үшіншіден, жеті ата ұстанымдары, туыстық байланыс институттары бабалар рухының алдында әрбір қазақ пен бүкіл халықтың іштей жауапкершілік сезімін оятып отырған. “Малым-жанымның садағасы, жаным арымның садағасы”. Көшпелілердің осынау өмірлік ғажайып, психологиясы ғасырлар сынынан өтіп шегіне жете шыңдалған. Бір ауыз сөздің аясына сахара төсіндегі мінез-құлық, салт-жора, моральдық-этникалық сапа, адамдар арасындағы қарым-қатынас қалыптары сияқты қасиеттердің баршасы шоғырланған. Жеті ата ұстанымын тұғыр еткен қазақтардың барша материялдық және рухани өмірі руаралық қарым-қатынастың айнымас әдебіне айналған. Сондай-ақ бұл ұстанымның аясына қазақ өмірінің қылдай ауытқымайтын моральдық кодексі де, салт-дәстүрмен тыйым-жораларының негізі де қамтылған...

Төртіншіден, жеті ата ұстанымы, туыстық байланыс институты әрбір қазақтың, бүкіл халықтың бойына еш мәжбүрлеусіз мейлінше тегеурінді рухани бірлік сезімін терең сіңіріп отырған. Бір қарағанда жеті ата ұстанымы қарапайым болып көрінгенімен, жанұялық-туыстық етенелікті тірек етіп этникалық туыстықтың қуатты арқауы, тапжылмас темірқазығы болған. Күні бүгінге дейін, сахараның жазылмаған заңы бойынша, жеті атаға дейін бір-бірімен үйленуге рұқсат етпейтін қазақтан басқа жер бетінде бірде бір ел жоқ. Міне қазақ халқының даналығы тудырған қуатты генетикалық тамыр қайда жатыр,” – деп, нақты тұжырымдайды.

“ Тарих толқынында” Атамұра баспасы. Алматы. 1999-ж. Шыққан кітабынан 34-42-беттерден оқып бердім де, кітапты орынанына қойдым.

* * *

Тектілік – тегін білгеннен, тектіден ұл, қыз бүрленген, ар-намысты, ұлтжанды, иманды ұрпақ гүлденген.Атамекен, ел! – дейтін, бабамұрам – жер! – дейтін; аталастық ары үшін, қарындастың қамы үшін, ару да, асыл жары үшін, ұл, қыз-бала, жаны үшін, нағыз қазақ ерлейтін, жалған сөзге сенбейтін, имансызға ермейтін – тегім текті осындай! Аталасым сүйегім, қарындасым, күйеуім, бөле, құда, жиенім, таныссам, бауыр бар Қазақ, бар Қазағым – бір Қазақ, қолтықтасқан сүйеуім, таянышым, тіреуім, күйсем-бірге күйерім, жүрсем-бірге жүрерім, пәни-бақи өрілген, өзіңмен бір тілерім, тектес түгел сүйемін, Қазағым түгел асылдай! Бірдей Қазақ тілімде, бірдей сүнни дінім де, мейірімім үнімде, ортақ қуат күнімде, кездескенде қол алыс, ақ пейілмен күлімде, көңіл көзің ашылғай! – деп, көңілім ақ сұңқардай аспан көгінде қалықтайды...,-деп тыныстадым.

* * *

Әл-хисса... Қазіргі, Елбасымыздың саясатының, елімізге жолдаған бастамалары баянды болып, өзгерістері оңға айналып, әділ шешімін тапқай, елім игілігін көргей!-деп, тілеймін.

Тарихымыз бен аталар шежіресінің ақ-қарасын ажыратып, елімнің мәңгүрттіктен арылуына, тілін, дінін, салт-дәстүрін; халықтың –ұлттық мәдениетін толық сақтауына өз үлесімді қоссам бақыттымын.Ұстазым Өмірзақ Қалбайұлының үмітін ақтаймын.

“Ештен –кеш жақсы”. Шежірені ендігі дәуірде оқып, зерттеп,үйренер,-деген үмітпен жинақтадық. Адамзат ататегін білсе, түбі бір туыстығын сезсе, бір-бірінің ар-намысына тимей, жүректеріне бауырластық мейірім нұры толып, берекелі бірлігіміз артар еді.

Әкем Рейімбай Ырысбайұлы әкесінен он бір жасында, анасынан он үш жасында айырылып, жетімдік көрген. Бірақ, ағасы Дербіс Жоламанұлы қамқорлығына алып, жанын жанып, жігерлендіріп, от тілді, ер мінезділікке баулыған.

Әлжанұлы Санахайдан Мұратқа, Мұраттан Ырысбайға, Ырысбайдан өзіне мұралыққа қалған “Қазақ шежіресін” Ырысбай атам ұлы Рейімбайдың тілі шығып, құлағы естіп, сөз тыңдап, ұғарлығынан, төрт жасынан бастап оқып, әңгімелеп отырады екен. Жеті,... он бес,... қырық атасына дейін тізбелеп жаттатып, сұрап іркілмей айтқанын қызықтайтын болған. Былғарымен тысталған сандықтағы кітаптарынан, халық ақын –жырау, шайырларының “Бесік жырлары”, “Санамақ”, “Беташар” терме-толғауларымен сан түрлі тақырыптағы тұрмыс – салт жырларымен бірге, жан-жүректі рухтандырып еліктіретін ерлікке толы жыр-дастандарды және ислами-сүнни имандылыққа тәрбиелейтін аңыз-хикаяларды оқып, әңгімелеп беретін. Мән-мазмұнын тәптіштей сұрап, ұлы Рейімбайдың құймақұлақтылығына ризалығы – басынан сыйпап, батасын бергенін,... Әкем есіне алғанын, көз алдыма елестетемін...

...Әкем Рейімбай, әкесінен қалған арабша қолжазба кітаптарды, өзі түсініп, жүргізе оқып үйренгенде керек болады, -деп, мұқият сақтаған.

...Күнкөріспен әр туысының үйіне қанғып жүргенде, шежіре қолжазбаларды жоғалтпау үшін, жездесі Малдыбайға тапсырған. Ол Санахайдан қалған қолжазбаларды латынша әліппемен қазақшаға көшірген. Ұ.О.С-нан аман-есен келіп, үйленген соң, жездесі Малдыбай молда латын әліппемен жазылған аманат қолжазба дәптерлерді балдызы Рейімбайға тапсырған. Әкем Рейімбай Шоманайдағы “Сталин” кеңшарына “Соржап” бойына, бақ түбіне қоныстанған. 1948-жылы жертөлесі өртеніп, жалғыз сандық ішіндегі шежірелік түрлі қолжазбалары жанып кеткен...

...“Әке көрген оқ жонар”, дегендей, әкем мені тілім шыққаннан баулып, жеті ата, шежірелік деректерді тыңдатып, айтып, жаттағанымды қайталап айтсам ырзалығын білдіретін. Аңызға айналған ақиқат тарихи-шежірелік әңгіме – хикаялары есімде қалыпты.Топырағы торқа болғай, жандары жаннатта болғай ақсақалдар-Жеменей Баймұңал, Құнанырыс Дүйсен батыр, Құнанырыс Бермағанбет, Бәйімбет Құлжан, Әли Еділ, Әли Смадияр, Әли Бұрхан, Бәли Пірімбет, Ақпан “Құлыш”, Қырықмылтық Сатыбай, Жары Сәби, Есембет Нұрғали, Қадір Мәди, Шегем Сабытай, Есек Ауданбай, Киікбай Бисенғали, Қосқұлақ Ақайдар, Тіней Бисенбет, Балықшы Төрехан, Ақбота Сатқан, Жары Муса, Шалбар Жұман, Қараш Қалиса, Әлім Әлмағанбет сопы т.б. Көптеген замандастарым Қараш Сахидәулет , Қосқұлақ Аяу, Қосқұлақ Ислам, Тіней Орынбай, Қосайдың Бегейі Әлқуаттегі Темір, Бәли Жарбол т.б.-нан үйренгенім көп...

...Ең негізгі, Қазақ халық шежіреші ақыны Қалбайұлы Өмірзақ ағамның шежіре тануда темірқазықтай адастырмас бағыт бергеніне ризамын!

Ал, Өмекем халық шежірешілері (көшірме – түбіртегі ұстазым Өмірзақ Қалбайұлының үй мұрағатында.)- Кете Қайролла Иманғалиұлынан, Төре Мұсадан, Алаша Қаратайдан, Шөмекей Күзенбайдан, Қарасақал Төлептен, Қараш Ыбырайым ахұннан, Шалбар Дүзбай ахұннан, Қосқұлақ Сәрсенбай молдадан, Қарақалпақ ұйғыры Орынбай Үббниязовтан, Шеркеш Жолжан жыраудан, Маңғыстаулық Елубай Берниязовтан, Керейдің Ашамайлысы Дәулен батырдан, Өзбектескен Найман Темірбайұлы Әләминнен, Киікбай Рейімбайдан (1945 -жылы латынша әліппеден кириллица әліппесіне қазақша аударып алған.), т.б. көптеген шежірелік нұсқаларды жинаған. Шалбар Қалнияздың жырлары, толғауларын және оның жинақталған жазбаларын ел ішінен жинаған. Көнекөз қариялардан мол мәлімет жинақтаған. Сахидәулет Өтесінұлын өзіне сыншы ұстаз санайды.

Аты аталған шежірешілердің бәрі Табын Досеке хазірет шежіресін негізгі нұсқа деп қабылдаған. Біреуден-біреуге әңгімеленіп, ата орыны ауыстырылып, немесе қысқартылып-қосылған жазылған деректерін салыстыра, шындыққа сәйкесін алуды халық талап етеді, солай айтамыз да.

Ұстазым Өмекем кезек берген соң, Алла тағала ақ сөйлеткей!-деп, бастайын. Енді шежіреден сөйлейін!

...Атамыз Адам ата Сафиолла,анамыз Хауа әйел затының асылы-аруы еді. Олардың және өткен ұрпақтарының жазған-жаңылған жерлерін Бір Алла өзі кешіріп жайын жаннаттан еткей!...Адамнан Нұхқа дейін есебін Бір Алла біледі...

...Нұх ғалейһс-с-саламнан: - Сам, Хам, Иафес.

Иафестен: –Түрік, Хазар, Сақлаб, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих.

Түріктен:- Түтік(“Тұтақ”), Шығыл(Хақал), Барсашар, Имлақ.

Түтік (“Тұтақ”)-тен Алдансарыға дейін бір Алланың өзі біледі...

...Барқын(“Жарқын”) батырдан:-Арман, Алдан. Арманнан орын жоқ.

Аңыз-хикая ізімен айтқанда, Түркістан үшін Қарақытаймен соғысып, ел мен жеріміз үшін 537-жылы жүз мыңдаған Түркі тектес туыстарымыз шаһид болды. Бірақ, еліміз жеңіске жетіп Түрік қағанаты болып гүлденді. Сол 537 жылғы шаһид болған ерлеріміздің бірі Барқын (кейде Жарқын Р.Қ) ұлы Алдансары батыр еді. Барқынның әйелі Түркістан базарында сатып алып, күңдіктен азат етілген славиян тектес қыз екен. Барқын батыр сол қызға ақ некемен қосылып, жыл өткен соң егіз ұлды болыпты. Ата-анасы:- «Бақытымызды Арман, Алдан күтеміз» - деп, ат қойған. Егіздің бірі, Арманы жастай қайтқан.

Анасына түстес сары болғандықтан, Алдан - «Алдансары» атанған. Алдансары батыр шаһид болғанда жеті жасар Назар, сегіз жасында анасынан жетім қалып, аталастарының үйінде жүрген. Түркістан базарында, жұмыс істеп жүріп, Басырадан келген саудагер қартпен танысқан. Басыралық араб анасы түрік тектес, арабқа жиен екен. Кей деректе, түркітектесіміз арабтасқан, -деп те, айтылады. Сенімді, адалдығына түркітектес араб саудагері ұнатып, Назарды Басырада қызымет жасауға көндіреді. Назар он жас шамасында араб саудагерімен Басыраға барып, саудагердің бүкіл ісін он сегіз жасында меңгеріпті. Ал, араб саудагері ұлсыз, үш қызы бар екен. Кемпірімен кеңесіп, Назар келіссе, қалаған қызын қосып, мұрагер бала етуге келіседі. Ұсынысты Назар да қабылдап, арабтың бір қызы Ажарға үйленіп, адал қызымет жасай береді.

Саудагер қартайғандықтан, бар шаруасын Назарға сеніп тапсырады... Назардан, Мәлік, Мәліктен -Әнес атты немере сүйеді. Әнес ибн Мәлік атты белгілі үш сахаба болған. Үшеуін шатастыруға болмайды. Құран хикаяларындағы нағыз араб Әнес ибн Мәлік. Түркітектес, біздің атамыз Әнес туралы Орта Азияға белгілі Наурызбек жыраудың жыры бар...

Алдансары(~520~537)дан: - Назар.

Назар(~550)дан: - Мәлік.

Мәлік(~580~617)тен: - Әнес.

Әнес атамыз үш әйел алған.

Әнес(~607~713)тің:

1-әйелінен: - Тәбірани,Тәбірази,

2-әйелінен: - Хүптан,

3-әйелінен: - Жәбал (“Жебел”).

Әнес(~607~713)тен – Назарға, Назардан – Мәлікке, Мәліктен Әнеске, Әнестен – Жебелге қалған аманат – Атажұрты Түркістанға оралу, түркі тілін, ата салтын жалғастыру еді. Аманатты тек Жебел орындап, Балхантау етегіне келіп, сол жерде дін исламды насихаттасып, жерлесіп қалған.

Бұл әңгімені баяндаған себебім, тағдыр жазуымен шетке кеткен ағайынды, шежіресін зерттемей, надандықпен үркітпейік. Мысалы: 1840 жылдан бастап, Орыс патшасының отарлау саясатына бағынғысы келмеген қазақтарымыздың дәм-тұзы түгесілгендері Қытай, Моңғолия, Индоқытай, Пәкстан, Ауғанстан, Иран, Түрік және көптеген араб елдерімен Түркімен, Өзбек, Тәжік, Қырғыз, Орыс, Қапқаз елдерінде, жер жүзінде сүйегі қалып, ұрпақтары егемен елімізге оралып жатыр.

Әлемге әйгілі Халифа Алтайды, Ислам Жеменейді, Мұстафа Өзтүрікті, Әзім Адайды, Аман Төлеевті, Наурызбек, Өсербай жырауларды, Бердәулет хажыны, Ебжан хажыны, шежіреші ақын Өмірзақ Қалбайұлын, ақын Есенғали Бөкенбаевті, тағы да басқа жүз мыңдаған қазақтарымызбен өз атамекенімізде қауыштық.

Жебел (~650) ден: - Сейіл.

Сейіл (~670) ден: - Мағаз.

Мағаз (~730) дан: - Сахи (“Жайыл”).

Сахи (“Жайыл”~750)дан: -

1-Орыс қыз әйелінен: - Естек, Ноғай.

2-қыпшақ қыз әйелінен: - Қырым, Қараноғай.

3-қыпшақ қыз әйелінен: - Ақшолпан, Қурай.

Ақшолпан(~780)нан: - Қобан.

Қобан(~835)нан: - Жайылхан,Сейілхан...

Қурай баласыз болып,Ақшолпанның Сейілханын асырап алған.

Қурайдан: - Сейілхан( сегіз арыс түрікмен халқының негізі қаланды).

Жайылхан (~900) нан: - Майқы, Мүйтен.

Майқы (~960дан): - Өзбек, Жаһан(“Түмен”).

Өзбек –Харазым,Бұхара-Сарттары мен Түркі халықтары Оғыздармен бірігіп, Өзбек халқының негізі қаланды.

Жаһан батыр өз заманында он мыңдықты басқарып,“Түмен” атанды.

Жаһан(“Түмен”~1020)нан: - Әлмұхаммед(“Айырқалпақ”), Келемек(“Келжек”).

Келемек(“Келжек”)- тағдыр айдап,Алтай-Сібір жеріне барғанында, түркі тектес тайпалармен бірігіп Қырғыз елінің негізін қалады.

Айырқалпақ(~1040)тан: - Қазақ, Раззақ (“Сөзақ-Созақ”)

Мағаз ұрпағы қазіргі Маңғыстау түбегіне; жылжып- Жем,Сағыз, Елек Қобда, Жайық, Еділ, Қобан, Қырым далаларынан өтіп, Күйеу қыстағының маңына барып жайғасады.

Күйеу қыстағының маңында, Әнес ұрпақтары мұсылмандар, Түркі тектес туыстарымен бірігіп кішілеу хандық құрады. Мұсылман Түркі тектестер хандыққа Қазақты, әскербасылыққа Раззақты сайлайды. Ағасы-хан, інісі-әскербасы ауызбірлікпен елін әділ басқарып, жауынан қорғап отырады.

Аз мұсылман түркілерден, түрлі сенімдегі түркілер көп болды.Жан-жағы христиан ұлыс-ұлттар түрлі сенімдегі түркілерді әр түрлі жолдармен аздырып, Қазақ хандығының берекетін алды. Елі талап етіп, Қазақ хан кеңес жасады. Көпшіліктің ұйғарымымен, тіл, дін, салттың бірлігімен хандықты сақтауға ниет етті. Қазақ хандығы ішінде шариғат заңымен өмір сүретін ел қалып, бағынбайтындар шекарадан шығуын талап етті. Шекара іргесіне тыным бермегендермен қалай есеп айырысу жөнінде ел тағы кеңесті: - “Сыртқы жауларымыз өзіміздің алыс-туыстарымыз. Түрлері ұқсас болғандықтан қалай соғысамыз?”-дегендерге, әскербасы Раззақ оңай амал тапты. Ол: - “әскерімізге қара шапан, қара киіз қалпақ кигізіп, мұсылмандық белгіміз-күміс айлы, ақ ту, қолымызға ұстап жауымызбен соғысамыз. Әскери киімімізбен ерекшеленіп, жауымызды оңай ажыратамыз,”-деп, Раззақ еліне қарады. Ел: - “Раззақтың сөзі-сөз ақ,”-деп, мақұлдасты. Раззақтың көптеген тапқыр ойлары мен амалдары, ел ризалығымен сөз ақ, “Созақ” аталды.

Сонымен, сыртқы жаумен соғыста, Раззақтың он төрт рудан құралған әскері қырық күнде жеңіске жетті. Қазақ хандығының шекарасын бұзбауға келісімшарт жасасты. Бірақ, әскерінің жартысына жақыны қырылып, әскербасы Раззақпен бірге шаһид болды.

Ел: - “ Қазақ хан, уақытша жеңісімізге малданбайық. Көп – қорқытады, терең – батырады. Абзалы, бұл жерден Түркістанға қоныс аударалық,”-деді.

...Қазақ хан көреген ақсақал, замандастарының кеңесімен, өзі туылғалы отырған жерін қимаса да, елі үшін қоныс аударуға мәжбүр. Көрегендер: -

-“бірінші, Ата-бабабларымыз түркі тектес Назар, Мәлік, Әнес, Жебелдердің аманатын орындап, атамекен Түркістанға барсақ, ұрпақтарымыздың маңдайы ашылады.

Екінші, тез шешім қабылдап,Тұран даласына көшпесек, басқа сенімдегілерге жұтылып кетеміз. Хандығымыздағы әділдікті көрген, естіген, жан-жағымыздағы ұлт, ұлыс өкілдері еркіндікті, әділдікті аңсап, бізге келіп:- Қазақ елімен мәңгі бірігеміз! Біз де Қазақ боламыз. Қазақпыз–деп, келуде. Бірақ, тіл, дін, салтымызды бұзатын түрі бар”(Әр түрлі ұлт ұлыстардан құралған қазақтар- казактар. Дон казагы, Еділ казагы, Орал казагы, Қапқаз казагы, Терек казагы, Краснодар казагы, Астрахан казагы, Сібір казагы, -деген, тағы басқа қоғамдастықтарға біріккен. Р.Қ).

Сол үшін, Қазақ хан бір шешіммен, көшуге дайындалғанда, “қарақалпақты” он төрт рудан құралған әскерлер: - “Біз жеңімпазбыз! Хан мен халықтан бөлініп қаламыз,”-деп,қалды...

Қазақ хан елімен Қобан даласына көшіп келгенінде, қазіргі Әзірбайжан жеріндегі мұсылмандар Қап тауындағы христиандардан теңдігін алып беруін өтінеді. Қазақ хан олармен одақтасып, мұсылман жауларымен соғысып, жеңіске жетеді. Ортақ келісімге келеді. Сол жерде қыстағанда, Қазаққа риза болған жергілікті түркілер ақылды ару қызын сыйлап, жегжат болады. Келер жылы көктемде, тағдыр айдап, Қазақ қол астындағы елімен Еділ бойына көшкенінде, соңғы әйелі ауырып, төркінінде емделіп қалады. Сол әйел айы-күні жетіп, егіз-ұлды, қызды болыпты. Жазмыш қоспағандықтан, сол ұл, қыз Әзірбайжан ұлтына сіңісіпті. Бірақ, Қазақтығын сол ел ұмытпай, атай бергендіктен, өскен ұрпақтың отырған жері - Қазақ ауданы аталыпты.

Қазақ(~1100~1200)тан:-Елеу.

Елеу(~1130)ден:-Алаш,Маңғыбай

Алаш(~1150~1235)тан:-Ақарыс,Жанарыс,Бекарыс(үшен).

Маңғы бай Жаратқан Иесінің берген мал-дүниесінің төрттен бірін жылда Ұлыстың ұлы күні – Наурызда елге ас-садақа етіп, құрмет көрсетеді екен. Риза болған елі Маңғы байды -“Наурыз” атап кетіпті, ұрпағы жоқ, баққан ұлдары мен қыздары соңғылықты “ноғайланып” кеткен.

Аруақты Алаш айбарлы батыр, би, көсем, шешен, даңқты, қайырымды, өте иманды жан болған.

Өсербай молда: -

- Қаржаубай аға, Қарақалпақ халқының тарихи шежірелік деректерін, Төлепберген Қайыпбергеновтың “Қарақалпақ нама” кітабынан, Камал Мәмбетовтың “Посқан ел” тарихи романынан оқып, хабарым бар. Сіздің айтқан деректі әңгімелеріңіз де тарихшы, шежірешілерге сәйкес келіп тұр. Қарақалпақтардың қазақтардан бөлініп, қалып, Балкан түбегіне барып, кейін қайтып келіп, Күйеу (Киев) қыстағы маңынан бұрынғы жерін алалмай, Еділ – Жайық бойына босып келгені ел есінде (~1200~1500), үш жүз жылдық тарих. Ел қамын жеген Едіге батырдың тұсында етек-жеңін жинап, “Ноғайлық” болдық. “Орманбет хан өлгенде, Он сан Ноғай бүлгенде” – шамамен, 1560 жылдары Еділ-Жайықтан аталарымыз сексен күн жүріп, Түркістанға – атамекенге келіпті. “Посқан ел” тарихи романында баяндалғандай және ел аузындағы хикая бойынша, Түркістанға жақындағанда, Адай немересі, Пір, Би, Ер Қосай Құдайкеұлының ауылында, Қарақалпақтар екі күн ерулікте болыпты. Қосай ата: - бауырластар, жеті сиырым Құдай жолына садақам, әрі сіздерге берген қонақасым болсын. Жасым келіп қалсада, реті болар. Бақилық болсам, “иіс” - деп, берілетін жетпіс шапанымды сіздерге сыйлаймын. Өздеріңіз келісіп, көсем, шешен, батыр, билерің бөлісіп киер, “ таныған жерде бой сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы”, деген, халық даналығы барғой. Соң, Түркістан маңына барсаңдар, жайғасарсыңдар. Бір Алла жар болсын. – деген...

Қосай атамның ұрпағының шаңырағында тұз-дәм қосып отыр. Қызметке өте ризамын, – деп, Өсербай молда сөзін көңілдене аяқтады..

* * *

Айтқұл Жолдасбай ағам: -

- Қазақ, Қарақалпақтың туыстығына дейін білдік. Өзіміздің үш жүзбен, “Әлімұлы”,“Жеті ру”,“Байұлы” – бауырластарымыз туралы білейік те, - деп, ұсыныс жасады.

Қосқұлақ Насыролла молда: -

- Біздер де, білгенімізді айтайық десек, ағасы ұсыныс жасап қойды-ау. Неде болса, көптің де ықласы ауған екен. Қаржаубай құда Алты алашты түгелдеп, әңгімеңді бітірерсің, - деп, әзілдей, күле, тыңдауға ниетін білдірді.

Мен: -

- Шежіреден сыр шерткен түн болсын. Әл хисса .... бастап кеттім.

Меймандар ұйып тыңдауда.

...Ер Алаш еліне баспана сұрап, қамқорлығына алуды өтінген, ислами иманын бұддаға сатпаған Үйсін, Ойсыл елінің жігіттері қашып келген.Ер Алаш: –Үйсін, Ойсыл, Керей, Найман, Қоңырат, Маңғыт, Қыпшақ, Қият, Қаңлы, Арғын, Алтай, Мыңқол т.б. елдерінің бірнеше мың жылдық тарихы бар, қағанаттар екенін аталарымыз аңыз-әфсаналарымен айтып отыратын. Қытайлық кеңесшіні тыңдап,мақұлдап, Ұлы “Шыңғысхан”-Теміршын қол астына бағынышты елдерді тастұлыбына табындырғысы келеді. Қолдан жасалғанына құлшылық ететіндерін ұят санаймын. Ұят-иманның қабы. Иманымызды сатпаймыз!-деп, келгеніңіз өте дұрыс болыпты. “Бұта да торғайға пана болыпты”-деген, үлгісөз есімізде. Бұтадай паналығымыз болмаса, өмірімізде мән болмас! Сізге, бізге Бір Аллаһ өзі жар болғай! Сізге де, келетіндерге де өз құшағым мен ұрпағымның құшағы да ашық болғай!-деймін.

Тарих шежіремізден белгілі, адамзат дәуірінде аласапыран замандар кезек-кезегімен келген. Тұтас ұлт, ұлыс,патшалықтың аты қалып, заты жоғалған.Біреу-біреуге сіңіскен, талай тағдырлар тоғысқан. Соның бірі сіздер түркітектес елдеріміздің жұрнағысыз. Өздеріңіздің ат-есімдерің өздеріңе олжа, арғы тегіңіз, еліңіздің құрметі үшін, Үйсін елдерінің жігіттерін - “Үйсін” балам, Ойсыл елінің жігіттерін - “Ойсыл”балам,-деймін. Тектес, тілеулестерің келсе қосыла берсін...

...Тағы бірде, Арғын, Қыпшақ жігіттері баспана іздеп келіп, оларда Ер Алаштың қамқорлығына ие болыпты...

Соңғы, аңыз-хикаяларға қарағанда, Ер Алаш: - “Менің жасым келіп қалды. Ақарысым мен Жанарысымның балалары ел, жер үшін ерлікпен шаһид болып еді. Екеуінің көңілі толып жүрсін. Ақарысыма“Үйсін” мен “Ойсыл” ұрпағы бала болыңдар.“Арғын”мен“Қыпшақ” ұрпағы Жанарысыма бала болыңдар. Аталас ағайындарың келсе ыңғайласып қосылып, еншілесіңдер. Қызылдас, жылулас, құндас болып, ар-намысыңыз бір болсын.

Алаш атам айтқандай, тағдыр қосып, қазіргі қазақ халқының негізін қаласқан үш жүздің бәрі осылай бірікті.

Ақарыс,Жанарыс,Бекарыс бірлестіктері-“Ұлы жүз”,“Орта жүз”,“Кіші жүз”.

Ақарыс,Жанарыс,Бекарыс-үшен,екен деген де әңгіме бар...

Ақарыс(~1170)тан: - “Үйсін”,“Ойсыл”.

Жанарыс(~1170)тан: - “Арғын”,“Қыпшақ”.

Бекарыс(~1170)тан: - Мөңке.

Мөңке(~1185)ден: - Алшын,Кеншін.

Алшын(~1200)нан: - Алау,Арғымақ.

Алау(~1215) дан: - Құдияр(“Тентек”)

Құдияр(~1240)дан: - Сәдірқожа, Нәдірқожа, Қадырқожа.

Сәдірқожа - “Әлімұлы”,Нәдірқожа - “Жетіру”,Қадырқожа - “Байұлы”,

арғы аталары атымен Алшын-Кеншін бірлестігі.

Інісі Кеншінге, Алшын кіші ұлы Арғымақты ырзалығымен берген. Арғымақ та баласыз болған.

Ұлсыз ағасы Арғымаққа, Құдияр:- екінші ұлым Нәдірқожаны Алла атымен, фәни-бақида сұраусыз, ырзалығыммен бердім,-деп, ағасының көңілін хош еткен.

Сәдірқожа ұрпағы -“Әлімұлы”, Нәдірқожа ұрпағы-“Жетіру”, Қадырқожа ұрпағы-“Байұлы”.

Әлім ұрпағы- Жаманақ, Қарамашақ, “Қарасақал”, “Қаракесек”, “Кете”(Кетебике анадан); Шөмен ұрпағы- Шөмекей. Алты ата “Әлімұлы”. “Әлімұлы”→Әлім, Шөмен. Шөменнен→Шөмекей, Дөйіт. Дөйіт батыр, ел-жер үшін, өз атын ұрандап, жауды жеңген, сол соғыста шаһид болған. Әлім, Шөмен ұрпақтары туысы Дөйіт батыр атын ұран етіп, ел есінде сақтаған.

Кеншін→Арғымақ ұлдары Тама, Табын, Кердері, Керейіт, Рамадан (Рамазан атын жеңгелері “Рамадан”,-деп бұрып атап кеткен.), Тілеу, Жағалбайлы соңғылықты, “Жетіру” аталды.

Орта азияның мұсылмандарының ортақ пірі, астанамыз Түркістанның төл перзенті, түркілескен қожа отбасында дүниеге келген Хожа Ахмед Яссауи адамзаттың асылы еді. Себебі, өзбек, қазақ, қарақалпақ, түрікмен, қырғыз әлі еншімізді бөліспеген, тұтас түркілік мемлекет кезіміздегі, діни, Имам Ағзам жолының қайраткері - данышпанымыз Хожа Ахмед Яссауи. Оның әйгілі шәкірттері Хәкім ата, Шопан ата, тағы да басқа, барлығы үш жүз алпыс еді... Солардың дәуірінде және осы күнге дейін отбасымызда қожа, софы, молда, тәуіптердің шарафат-жәрдемімен болған ұлдарымызға ат қойғанда атына қожа, софы, молда сөзін жалғаймыз.Немесе, Киелі Құрани кәрімге қаратып ұл,қызымызға ат қойдырамыз.Мұның бәрі бірінші Аллаға; қалды, қасиетті кісілерімізге құрметтен туындаған.

Қадірқожа заманында Қыдыр көрген, бақ қонған, құт дарыған, бай, мырза. Құдайдың бергенін біліп, байығасын туылған ұлына: - “Үйімнен дәм татқан қожалардың батасы қабыл болды. Бірінші ұлыма–Байқожа, деп ат қойыңыз,” – деген үлкендерге. Екінші ұлы туыларда, Қыдыр көргендіктен, ұлына Қыдырқожа-деп, ат қойғызыпты.

Қадірқожа елге “Бай”, “Байеке” атаныпты. Сондықтан, екі ұлынан он екі немере, шөбересі - “Он екі ата БАЙҰЛЫ” аталады.

Қадірқожа(~1280)дан: - Байқожа, Қыдырқожа.

Байқожа(~1320)дан: - Ата, Қалпақ, Естай, Елтай.

Ата(~1351)дан: - Темір (“Есентемір” аталды).

Қалпақ(~1353)тан: - Тұяқ (“Таз” аталды).

Естай(~1356)дан: - Бердіхақ (“Беріш” аталды).

Елтай(~1360~1380)дан: - Адай.

Қыдырқожа(~1283)дан: -

1-арғын қызы әйелі Жанбибіден: - Қыдырсиық, Бақсиық, Сұлтансиық.

2-қыпшақ қызы әйелі Ақтотыдан: - Жаппас.

Қыдырсиықтан: - Шенеш, Шеркеш.

Шенеш батыр ел қорғап, шаһид болып, екі қабат әйелі ұл туғанында, Шеркеш: - “Құдай берді,қосым тіктелді.Шенешімнің ұлы-Қосым,”-деп, азан шақыртып ат қойғызған. Өзінің төрт ұлымен қосып өсіріп, Қосым – Бес арыс Шеркештің бірі.

Бақсиықтан: - Ысық,Сасық,Мысық,Дауыл.

Сасық, Мысық, Дауыл ұрпақтары қай елге сіңіскені белгісіз. Ізделуде.

Сұлтансиықтан: - Асқар, Масқар, Тана, Қызылқұрт, Алаша.

Асқардан: - Байбақты, Жанбақты, Дінбақты.

Жанбақты,Дінбақты жастай шаһид болып, олардың ұрпақтары Байбақты құрамында, Асқар ұрпағы “Байбақты” аталуда.

Он екі ата БАЙҰЛЫ жасы үлкендігіне орай, ретімен атағанда:

Шеркеш, Ысық, Байбақты, Масқар, Тана,

Қызылқұрт пен Алаша, Жаппас –дара.

Есентемір, Таз, Беріш, Адайменен,

БАЙҰЛЫ – деп, атанған он екі ата.

Адайдың немересі Ақпан батыр еліміздің,жеріміздің бүтіндігі үшін Қобда бойында шаһид болған. Тарихи себептеріне байланысты, өкіл төркіні Жаппас еліне іргелес жүрген. “Алтын”-“Алтын Жаппас” аталып, Соңғы дәуірде он үшінші БАЙҰЛЫ делінуде.

Алты ата-“Әлімұлы”, Жеті ата-“Жетіру”, он екі ата-“Байұлы” жиырма бес таңбалы аталаспыз. Қожа, Төре, Төлеңгітпен жиырма сегіз аталық – Кіші жүзбіз... Ноғайлықтар тағдыр жазмышымен бөлшектеніп, үш жүзімізге, және басқа ұлттарға сіңісіп кетті. Аз Ноғай Қапқаз елінде отыр...

...Аталғандай,... Қазақтың қара шаңырақтық орыны – Кіші жүзден он екі ата “Байұлы”, “Байұлының” кенжесі – Адай!-деп, салтын сақтаған аталарымыз айтып кеткен...

Шыңғыс ұрпақтары – Төрелер. Төрелердің қызыметшілері – Төлеңгіт. (с.ғ.с) Мұхаммед пайғамбарымның аманатымен, төрт досының және сахабаларының ұрпақтары жер жүзіне таралып, имандылықты насихаттаған. Барған жеріне жайғасып, елінің абыройлы азаматына бала немесе бауыр болып, сіңісіп кеткен. Сондықтан, әр ру, тайпаның атымен қожалары бар.

* * *