Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Периодонттың анатомиясы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2 Мб
Скачать
☆

Периодонттың созылмалы қабынуы.

Периодонттың созылмалы қабынуы клиникалық белгілерге аса бай емес. Сондықтан созылмалы қабыну өршу сатысымен асқынбаған жағдайда, тісі сырқат адам көпке дейін стоматолог-дәрігерге көрінуге келе бермейді.

Периодонттың созылмалы фиброзды қабынуы.

Қабынудың бұл түрі өз бетімен дамыған жедел қабынудың барысы ретінде және дұрыс емделген созылмалы қабынулардың басқа түрлерінің (гранулден және гранулемаланып) дұрыс емделу нәтижесі ретінде дамуы мүмкін. Периодонттың фиброзды қабынуы көптеген тістер жұлынған кезде қалған тістерге шайнау күшінің шамадан тыс түсуіне байланысты дамуы да мүмкін. Бұл кезде тіс сауыты бұзылмаған болады және периодонт тінінің фиброздануға ұшырауына байланысты периодонт саңылауы тұтас біркелкі кеңейеді (сурет).

Периодонттың созылмалы фиброзды қабынуы кезінде тісі бұзылған адам ешқандай ауыру сезіміне шағымданбайды, тек тісінің түсінің өзгергенін байқауы мүмкін. Егер тісінде тісжегі қуысы болатын болса, беткей немесе терең сүңгілеп және қағып тексергенде ауыру сезімі болмайды, сауыт қуысы көбінесес ашық болады. Температуралық және химиялық тітіркендіргіштерге ешқандай жауап туындамайды, тіс күші 100 мка дейінгі электр тогына жауап бермейді. Тіс төңірегіндегі қызыл иек өзгеріске ұшырамайды. Қорытынды диагноз тек рентгендік тексеру әдісінің көмегімен қойылады. Тістің рентген суретінде түбір ұшы төңірегіндегі периодонт саңылауы аздап кеңеюі нәтижесінде деформациялануға ұшыраған, бірақ тіс альвеоласының қатты сүйек қабаты аздап қалыңдағанымен онда сорылу әдісі байқалмайды. Кейбір жағдайларда периодонт саңылауы тарылып, тіпті анық көрінуі қиын болады. Мұндай жағдай түбір ұшында цементтің шамадан тыс құрылуы нәтижесінде туындайды және түбір ұшы үшкір конус пішінді болмай, түйреуіш басына ұқсас болып келеді, кеиік сүйек бағаналары қалыңдап, склероздану үрдісі орын алады.

Патологиялық анатомиясы. Периодонттың фиброзданып қабынуы кезінде клеткалық құрылымдардың азайып, коллаген талшықтарының жуандап, фиброзды тінге айналғаны байқалады. Талшықтар шоғырларының арасында көбінесе склерозға ұшыраған тамырлар төңірегінде орналасқан домалақклеткалы қабыну инфильтраттарының ошақтары кездеседі. Ретсіз орналасқан жуанталшықты құрылымдар периодонтқа тыртық тініне тән қасиет береді және периодонттың түбір ұшы аймағындағы бөлігінің тұтас қалыңдауын қамтамасыз етеді. (сурет).

Ескере жүретін жағдай, ертеректе асқынған тісжегімен емделген тістің түбір өзектері жақсы пломбыланған болса, бірақ түбір ұшы периодонтында фиброзданып қабынуға тән өзгерістер анықталғанымен, мұндай тісті қайта емдеудің қажеті жоқ.

Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы.

Периодонт қабынуының бұл түрі де уақытында емделмеген жедел қабынудан дамиды немесе созылмалы қабыну үрдісінің белгілі бір сатысына жатады. Көп жағдайда ешбір клиникалық белгісіз дамиды, ал кейде әлсіз ауыру сезімдері (тіс түбірі тұсында ыңғайсыздық, ауырсыну, кернеу сияқты) мазалауы мүмкін. Оқта-текте сырқат тіспен ас шайнағанда аздаған ауырусыну белгісі біліну мүмкін. Ауық-ауық қызыл иектің түбір ұшы проекциясы деңгейінде жыланкөз пайда болып, мазалауы да мүмкін.

Қарап тексергенде, сырқат тісте үлкен тісжегі қуысы анықталады, көбінде сауыт қуысымен байланысқан. Беткей және терең сүңгілеп байқағанда ауыру сезімі болмайды. Температуралық тітіркендіргіштерге ешқандай жауап болмайды, тістің ЭҚ. 100 мка. жоғары. Тісте кейде тұрақты пломбы тұруы да мүмкін (ертеректе асқынбаған немесе асқынған тісжегімен емделген болса).

Кейде тіс тұсындағы қызыл иекте ауыспалы қатпарға жақын жыланкөз анықталады, аузынан бүршіктеніп жас грануляциялық тін немесе іріңді жалқық шығып тұруы мүмкін немесе бітіп кеткен жыланкөз орнында ақшыл-сұр түсті тары дәніндей тыртық анықталады (мұның бәрі тұрақты белгілер емес). Жыланкөз аймағын сипап тексергенде альвеола сүйегінің беті тегіс емес, кедір-бұдырлы екені анықталады (қатты сүйек қабатының сорылып, бүтіндігінің бұзылуы нәтижесінде).

Жыланкөз болмайтын көпшілік жағдайда тіс тұсындағы қызыл иек аздап қызарыңқырағанын байқауға болады; нығыздағыштың домалақ ұшымен басып көргенде бозғылт түсті ойық пайда болып, тез арада тегістеліп кетеді (вазопорез симптомы) және ашық қызыл түске боялады. Ал саусақпен басып сипағанда ыңғайсыздық немесе аздаған ауырсыну сезімі білінеді. Тісті салыстырмалы әдіспен қағып тексергенде, сау тіске қарағанда ыңғайсыздық немесе аздап ауырғандай сезім анықталады.

Ұзақ уақыт дамыған қабыну үрдісі кезінде сырқат тіс жақтағы аймақтың лимфатүйіндерінің ұлғайғандығы және аздап ауыратындығы байқалады.

Рентгендік тексеру кезінде созылмалы қабыну үрдісі аймағында тіс альвеоласының қатты сүйек пластинкасы мен кеуек сүйектің сорылуы нәтижесінде сырқат тістің түбір ұшында жиегі тегіс емес иір-қиырлы шекара құрайтын, кейде от жалынына ұқсас әртүрлі көлемді қаракөлеңкелі ошақ анықталады. (сурет).

Сорылу үрдісіне кейде түбір ұшын жауып жатқан цеметпен түбір дентині де ұшырауы мүмкін. Бұл кезде түбір ұшы жойылып, шекарасы ойлы-қырлы болып көрінеді және түбір ұзындығы біршама қысқарады.

Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезінде өршу үрдісі жиірек кездеседі (басқа қабыну түрлеріне қарағанда) және көбіне жыланкөз пайда болып басылады. Егер жыланкөз бітіп қалмай, ұзақ сақталатын болса, өршу үрдісі де жиі қайталанбайды.

Патологиялық анатомисы. Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезінде ұзақ қабыну әсерінен бұзылып, ыдырауға ұшыраған периодонттың орнын грануляциялық тін басады. Бұл тіннің құрамы капиллярларға (қылтамырларға), фибробластарға, домалақ плазматикалық клеткаларға және лейкоциттерге бай болады (сурет). Жас грануляциялық тіннің қалыптасуы кезінде оның құрамында гликогеннің, бейтарап және қышқыл мукополисахаридтердің мөлшері жоғарылайды. Түбір ұшы периодонтының орнын грануляциялық тін басқан кезде, осы аймақтағы қатты тіндер (альвеоланың қатты сүйек пластинкасы, кемік сүйек, кейде цемент және дентин) остеокластар мен грануляциялық тіннің қатысуымен сорылуға ұшырайды. Грануляциялық тін сүйек майы қуыстарын қуалай өсіп, қызыл иекте іріңді жыланкөз пайда болуын қамтамасыз етеді, кейде кілегей қабық немесе теріасты гранулемасын (подслизистая или подкожная гранулема) айналады. Мұндай гранулемалардың қабыну ошағынан қашық орналасуына байланысты, кей жағдайларда себепкер тісті анықтау дәрігер-стоматологқа біраз қиындықтар тудыруы мүмкін.

Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы кезінде альвеола өсіндісіндегі сорылу үрдісіне және көптеген тіндердің ыдырауына байланысты қабыну ошағында пайда болған уытты заттар қанға сіңіп, организмнің созылмалы улануын туындатады. Сондықтан созылмалы қабынудың бұл түрі – ең белсенді үрдіс деп саналады. Осыған қарамай, емдеу шараларын дұрыс жүргізген жағдайда оның нәтижелелігі жоғары болады және қабынудың тиімді түріне – созылмалы фиброздана қабынуымен алмасады.

Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы.

Периодонт қабынуының бұл түрі кезінде өршу сатысы болмаса, ешқандай клиникалық белгілер орын алмайды. Тек сирек жағдайда ғана периодонттың гранулдене қабынуына тән белгілер (қызыл иектің аздап қызарып, ісінуі, жыланкөз) болуы мүмкін.

Тіс қатарын әртүрлі мақсатпен қарап тексергенде, себепкер тісте терең тісжегі қуысы немесе пломбы анықталады. Сүңгілеп және қағып тексергенде ешқандай ауыру сезімі анықталмайды, тістің ЭҚ. 100 мка жоғары болады.

Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуының немесе түбір гранулемасының қорытынды диагнозын рентгендік тексеру арқылы анықтайды. Бұл кезде сырқат тістің түбір ұшында немесе бүйір бетіне жақын домалақ немемсе сопақ пішінді шекарасы тегіс және анық диаметрі 0,5 см шамасында қара-көлеңке ошақ анықталады (сурет). Егер қара-көлеңке ошақтың диаметрі 0,5-0,8 см болса, кистогранулема, ал одан үлкен болса түбір кистасы (корневая киста – cysta radicularis) деген диагноз қойылады. Дегенмен гранулема мен кистогранулеманы толық ажырату үшін патологоанатомиялық зерттеудің қорытындысы қажет. Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы кезінде қызыл иекте өзгеріс байқалмайды, тек кистогранулема немесе киста кезінде тістің түбір ұшы проекциясындағы қызыл иекте басып сипаған кезде ауырмайтын томпақ құрылым анықталады. Кейде кистаның үлкею бағытындағы жақ сүйегінің қатты сүйек пластинкасының жұқарғаны соншалықты, сипап тексергенде томпиған сүйек аймағы пергамент қағазын ұқалаған кезде шығатын шуға ұқсас дыбыс береді (симптом хруста).

Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы өршіген кезде қызыл иекте жыланкөз пайда болуы мүмкін.

Түбір гранулемалары көбінесе жоғарғы жақ тістерінің периодонтында (63%), сирегірек жағдайда (37%), төменгі жақ тістерінің периодонтында дамиды. Сонымен қатар кіші азу тістер аймағына қарағанда (38%), үлкен азу тістер аймағында көбірек (54%) анықталады.

Патологиялық анатомиясы. Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы – созылмалы үрдістің тұрақтанған және аса белсенділікпен дамымайтын түрі, себебі, бұл кезде қабынбалық қызару мен ісіну пролиферативтену үрдісімен алмасады. Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуындай, гранулема дамыған кезде жойыла бастаған периодонттың орнын грануляциялық тін басады және ол сорыла отырып қоршаған сүйек тінінен талшықтары периодонт тінімен байланыса орналасқан фиброзды қабық арқылы бөлінеді.

Гранулеманың орта бөлігінде біраз мөлшерде плазматикалық, гистиогендік және гематогендік клеткалар орналасады.

Көпшілік гранулемалардың құрамында жас грануляциялық тіннен басқа Маляссе эпителиалды аралшықтарынан дамыған құрылымдар (тяждер) кездеседі, кейде фиброзды қаншықтың ішкі беті эпителийден тұратын қабықпен төселген болады (сурет). Осыған байланысты құрамының күрделілігіне қарай түбір гранулемалары қарапайым (простые, неэпителиальные) және күрделі (сложные, эпителиальные) болып екіге бөлінеді. Қарапайым гранулемалар 8-10% жағдайда кездеседі.

Гистохимиялық зерттеулер кезінде гранулемада аз мөлшерде гиалурон қышқылы, ал эпителиалдық клеткалардың протоплазмасында сульфатталған мукополисахаридтер анықталады.

Эпителиалдық құрылымдардың арасында дегенеративті үрдістердің әсерінен қуыстар пайда болып, оларда бұзылған эпителий клеткаларының қалдықтары, эозинофильді қабыну жалқығы, белокты және майлы детрит жиналады. Детрит ыдыраған кезде кистогранулема мен киста сұйығының құрамына кіретін халестерин кристалдары пайда болады.

Дұрыс емделген периодонттың гранулемаланып қабынуы да көбінесе фиброзданып қабынуға ауысады. Ал емделмеген және түбір өзегі дұрыс өңделіп, пломбыланбаған жағдайда кистогранулемаға немесе түбір кистасына ауысады, кейде бет-жақ сүйегі аймағының одонтогендік қабыну үрдістерімен асқынады.

Периодонттың созылмалы қабынуының әр түрлерін бір-бірінен, орта тісжегіден, ұлпаның созылмалы шіри қабынуынан ажырата білу керек.

Периодонттың созылмалы қабынуының өршуі.

Көбірек өршуге ұшырайтын – периодонттың созылмалы гранулденіп және гранулемаланып қабынулары. Периодонттың жедел қабынуына қарағанда өрши қабынуы жиірек кездеседі. Өршудің басты себептері – организмнің қорғаныс қасиетінің төмендеуі (жедел жұқпалы аурулармен ауру, бойындағы созылмалы аурулардың өршуі, суыққа шалдығу), тіске шайнау күшінің көбірек түсуі, периодонттың созылмалы қабынуының емін дұрыс жүргізбеу.

Периодонт қабынуының өршуінің клиникалық белгілерінің ерекшеліктігі түбір ұшы төңірегіндегі тіндердегі деструкциялану үрдісінің деңгейіне байланысты. Сондықтан сырқат тісте ауыру сезімі қабыну ошағында біраз мөлшерде жалқық жиналғаннан кейін ғана мазалай бастайды.

Бұл кезде сырқат тістің толассыз сыздап, немесе солқылдап ауыруы, тістің тез арада қозғалмалы болуы, жұмсақ тіндердегі коллатералды домбығу, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, тіс тұсындағы ауыспалы қатпардың тегістелуі, сипап тексергенде ауыратындағы сияқты белгілер пайда болады. Кейбір жағдайларда сырқат тіс аса қатты мазаламай, бірінші кезектегі белгілер қатарында сырқат тіске жақын және алыс аймақтарында орналасқан жұмсақ тіндерде коллатералды домбығу және ісіну белгілері орын алуы мүмкін.

Бұл кезде сырқат тісті қағып тексергенде, аса көп ауыру сезімі болмайды, керісінше көрші тұрған тістер көбірек ауырсынады, тіс аздап қана қозғалуы мүмкін. Сырттай қарап тексергенде, бет аймағында асимметриялану белгілерін көруге болады. Сонымен қатар дымкәстік, бас ауруы, ұйқының қашуы, дене қызуының көтерілуі, асқа тәбеттің шанпауы сияқты белгілермен қатар, қанда анықталатын лейкоцитоз, ЭШЖ (эритроциттердің шөгу жылдамдығының) өсуі периодонт қабынуының өршуіне де тән. Периодонттың созылмалы қабынуының өршуі (әр түрлерінің) 37% жағдайда жақсүйек аймақтарындағы абсцесстер және флегмоналармен асқынады екен (Боровский Е.В., 2002). Рентгендік тексеру кезінде периодонтта әртүрлі көлемді деструкциялану ошақтары байқалады. Сондықтан, периодонттың фиброздана қабынуы болса, гранулденіп және гранулемаланып қабынуының өршуін бір-бірінен ажырату қиындау болады.

Патологиялық анатомиясы. Периодонттың созылмалы қабынуының әр түрлерінің өршуі кезіндегі патоморфологиялық өзгерістер қабыну үрдісінің қарқындылығына және организмнің иммундық реактивтігіне байланысты болады. Көбінесе ошағында жалқық мөлшерінің жоғарлауы, нейтрофилді лейкоциттер, клеткалар және талшықтар санының көбеюімен сипатталады.

Периодонттың созылмалы қабынуының өршуін периодонттың жедел қабынуынан, ұлпаның жедел қабынуынан, ұлпаның жедел іріңді қабынуынан, Гаймор қуысының қабынуынан, периостың және сүйек майының қабынуынан (остеомиэлит) ажырата білу керек.

Не шайнағанда сырқат тісте аса қатты ауыру сезімі болмайды (периодонттың жедел қабынуына қарағанда). Түбір ұшы аймағындағы альвеоланың қатты сүйек қабатының ертеректе бұзылуына байланысты жиналған жалқық кедергісіз сүйек қабы астына өтіп, жақын орналасқан жұмсақ тіндерге коллатералды домбығуды жылдамырақ туындатады.