- •Сұрақ-жауап әдісі арқылы оқытудың тиімділігі
- •Мемлекеттік тілді оқытудағы диалогтың рөлі
- •Газет-журнал мәтіндері негізінде қазақ тіліндегі тілдік қатысымның диалогтық формасына оқыту әдістемесі
- •Сөйлесім әреткеті және оның түрлері
- •Қазақ тілін оқып-үйренуші оқушылардың білім дағдыларын есепке алу. Бақылау жұмыстары және оны жоспарлау
- •Дыбыстарды оқытудағы тиімді әдістері
Қазақ тілін оқып-үйренуші оқушылардың білім дағдыларын есепке алу. Бақылау жұмыстары және оны жоспарлау
Білім, білік дағдыларын есепке алу жолдары үш жолмен жүзеге асырылады:1) бір сабақтың негізінде бағалау; 2) бірнеше сабақтың негізінде бағалау; 3) бір ғана жұмыстың негізінде бағалау.
Оқушылардың білім-білік, дағдысын бір сабақтың негізінде бағалағанда мұғалім сабақтың басынан аяғына дейін қай оқушының қандай сұрақтарға қалай жауап бергенін және қандай жұмысты қандай дәрежеде орындағанын алып отырады. Сабақтың соңында бірнеше оқушыға бүкіл сабақ бойы істеген жұмыстарынң негізінде баға қояды. Және әр бағаны талқылап, бүкіл сыныпқа талдап береді (дәлелдейді). Мұндай жағдайда мұғалім сабақ бойы кез келген оқушыдан сұрай алмайды. Кімдерді бағалау керектігін қалай сұрақтар қоятынын, қандай жұмыстар жасайтынын алдын-ала жоспарлап алады. Сабақта сұрақтар бүкіл сыныпқа қойылып дағдыландыру жаттығу жұмыстарына барлық оқушылар қатыстырылып тұрса да мұғалім білімін, білігі мен дағдысын есепке алатын оқушыны іштей байқап сұрағанда көбіне соларды тұрғызады. Мысалы, 6-сынып оқушыларына реті бұзылған мәтін ұсынылып, ондағы сөйлемдерді тауып, соңынан нүкте қою керектігі тапсырылды делік. Оқушылар тапсырманы орындап болған соң, мұғалім олардан сөйлем жөнінде не білетіндерін сұрайды: 3-4 оқушыдан сұрағына жауап алады.
1. Аяқталған ойды білдіреді;
2. Қара сөздерден тұрады. Соңынан !? белгілері қойылады.
3. Бас әріппен жазылады.
Кейін бүкіл сыныптың тапсырманны қалай орындағаны жалпы түсіндіріледі. Бұл үшін жекеленген оқушылардан сұралады. Алдыңғы сұралған 3-4 оқушыны тақтаға шығарып дәптерлерін тексереді. Тақтаға сөз. Сөз тіркесі, сөйлем жазылады. Осылайша оқушыны бағалау үшін мұғалім бір сабақ бойы материал жинайды.
2. Бірнеше сабақтың негізінде бағалау
Сабақ барысында бірер сұраққа жауап берген бірнеше оқушы және жаттығуды орындаған еңбектері атаусыз қалмайды. Олардың қай сабақта қандай сұраққа жауап бергені, қандай жұмысты орындағанын ескере отырып, бірнеше сабақтағы еңбектері қорытылып бағаланады. Балалардың әрбір жауабы, әрбір еңбегі ескерілетіне көзі жетсе, әр сабақта өз білетіндерін көрсетуге тырысады. Белседіліктері артады.
3. Бір ғана жұмыстың негізінде бағалау.
Оған үйге берілген тапсырманың орындауына, жазбаша бақылау жұмысының нәтижесіне, бір күрделі сұраққа дұрыс, толық жауап бергені үшін тест, диктант, грамматикалық талдаулар үшін баға қойылады. Бағаны дәптердің сол жақ бұрышына қояды.
Бақылау жұмыстары мен оны жоспарлау. Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінің ең басты мәселесі – білім сапасының деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу. Ол үшін қазіргі заман талабына сай білім беруде жаңа технологияларды, ұтымды әдіс-тәсілдерді пайдалану, білім беру саласында жүйелі жұмыстар атқару еліміздегі ең маңызды әрі кезек күттірмейтін ауқымды мәселелердің бірі болып отыр.
Оқушылардың сауаттылығын арттыру мақсатында кез келген сабақта оқушының сауаттылығын арттыратын жұмыстар жүргізуге болады. Оқушының сауаттылығын арттыру үшін түрлі жұмыстар, түрлі тапсырмалар жүргізуге болады. Олар: шағын диктанттар (өзара диктант), көру диктанттары, сөздік диктанттар, шағын мазмұндама, шығын шығарма жаздыру т.б.
Сауаттылықтың өзін сөйлеу сауаттылығы, жазу сауаттылығы деп бөлуге болады. Сөйлеу сауаттылығына әдеби тілде ойын жүйелі, анық, ашық етіп қыстырма, жаргон сөздер қоспай жеткізу жатса, жазу сауатылығына ойлаған ойын қағаз бетіне сауатты етіп түсіру, кез келген тапсырманы сауатты орындау жатады.
Сауаттылыққа баулудың ең негізгі жолы дәстүрлі оқыту кездерінен-ақ қалыптасқан, ұстаздар жиі пайдаланатын – диктанттар. Диктант – қазақ тіліндегі жазба жұмыстарының ең негізгі әрі көне түрі. Ғалым И.Ұйықбаев диктантты: түсіндірмелі диктант, терме диктант, өздік диктант, шығармашылық диктант, еркін диктант, сөздік диктанты және бақылау диктанты деп бөлсе, Е.Көшербаев: көру диктанты, шығармашылық диктант, еркін диктант, өздік диктант, ескерту диктанты, бақылау диктанты деп бөледі.
Диктанттың қандай түрінде болмасын, тіпті бүгінгі технологиялық оқыту кезінде де оны жазғызудың басты мақсаттарын былай саралауға болады: берілген теориялық білімді жинақтау, жүйелеу, тәжірибеде пайдалану, қорытындылау, коррекция жасау; оқушылардың көру, есту, еске ұстау сынды іскерлік дағдыларын дамыту; орфоэпия, орфография ережелері, талаптарын меңгерту әрі оларды тәжіриебеде пайдалана білуге дағдыландыру; сауатты жаза білуге, сауаттылыққа баулу; жазу мәдениетіне жетелеу.
Диктант оқушылардың естіген, көргенін қатесіз жазуға бейімдейді. Сонымен қатар ол оқушылардың есту қабілетіне негізделген ыждаһаттылықты, ойлы, сабырлы еңбекті сарабдалдықты, алғырлықты да қажет етеді.
Оқушылардың шығармашылық қажетіне жол ашатын диктанттың тиімді бір түрі – шығармашылық диктант.
«Шығармашылық» ұғымы туралы И.Лернер «Шығармашылық әрекет – білім, білік, дағдыны жаңа жағдайға тасымалдай білу, жаңа шешім табу» десе, ғалым А.Лук «Шығармашылық әрекеті мәселені шешуге көрегендік, идеяларды іске асыру, болжай білу» деп атап көрсетеді.
«Шығармашылық» сөзінің төркіні «шығу», «ойлап табу» дегенге саяды. Көрнекті психолог-ғалым Л.С.Выготский «шығармашылық» деп жаңадан ашатын әрекетті атаған.
Ғалым А.Жанәбілованың айтуы бойынша шығармашылық диктанттар пәнаралық байланысқа негізделуі керек. Ол бір сыныптағы қазақ тілі мен әдебиет пәнін бірлікте қарастыра отырып, оның төмендегідей түрлерін саралап, мақсатын айқындайды. Шығармашылық диктанттардың түрлерін төмендегіше қарастырады.
Шығармашылық диктант төртке бөлінеді:
Сөздік диктанттың жаңа түрі
Модельге негізделген диктант
«Өзің тап» диктанты
«Бестік» диктанты
Дәстүрлі сөздік диктантын жаздырғанда белгілі бір мақсатқа байланысты сөздерді алып, жаздырады, ондағы мақсат қиын сөздердің жазылу емлесін еске сақтату. Ал сөздік диктантының жаңа түрі дегенде мұғалім алдына белгілі бір мақсат қойып, өтіліп жатқан тақырыпқа байланысты сөзден сөз тудырып жазу, сөздерге қосымшалар қосып жазу, айтылған сөздерден сөз тіркесін жасау немесе берілген сөздердің мағынасын ашып жазу сияқты жұмыстар атқарады. Мәселен, етістіктің ауыспалы шақтарын пысықтау мақсатында мынадай бағытта сөздік диктант жаздыруға болады. Мұғалім осы шақтағы етістіктер айтады, оқушы бірден ауыспалы осы шақтағы етістік жасап жазады немесе жедел өткен шақты етістік айтады оны оқушы бірден дәптеріне ауыспалы өткен шақ етістік жасап жазады.
Мұндай диктанттарды қазақ тілінің қай тақырыбы болмасын әдебиеттен өтіп жатқан шығармаларды негізге ала отырып, бірлікте жүргізуге болады. Сөздік диктантына қойылатын талаптар: тұжырымдылық, яғни сұрақтың да, жауаптың да нақты, жинақы алған білімдерін қазақ тілі пәніне пайдалана білулері.
Сөздік диктантының тіл дамытудағы тиімділігін төмендегідей саралауға болады: оқушыларды қазақ тілінен оқып жатқан тақырыптарды қайталап, оны әдебиетпен байланыстыра отырып, жаңа мақсатта пайдалануға, білімдерін тереңдетуге көмектеседі; сауатты жазуға, сөздік қорын дамытуға әсер етеді; еске сақтау қабілетіне игі ықпалын тигізеді.
Сөздік диктанттарды түрлендіріп отыруға болады. Оқушыларды қызықтыра отырып, тиімді әдіс-тәсілмен алған білімдерін ары қарай дамытуға дағдыландыру керек.
Шығармашылық іс-әрекеттің өнімді жолдары баршылық. Соның бірі алған білімді модельдей білу, оны мазмұны мен мәніне қарай көз алдыға келтіру немесе бір белгілермен жобалау, сұлбасын нобайын салу, бейнесін болжау болып табылады.
Модульдеу технологиясы қазақ тілі сабақтарында сызба, макет арқылы емес, тіл арқылы жүргізіледі. Сол себептен де модульдеу шығармашылық жұмыстың бір түрі ретінде тіл дамыту үрдісінің жемісі, өнімді тәсілі болып табылады. Модульдеуді диктант жаздыруда да пайдалануға болады. Модельдеу диктанттарға да пайдалануға болады.
Сөздік диктанттардың келесі түрі модель толтыру негізінде жазылады. Оның әдістемесі. Диктант екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде диктант мәтіні оқылады. Ол әдебиеттен өтіп жатқан көркем шығармадан алынады. Көп нүктенің орнына оқушылар керекті сөзді тауып, жазады, оқушы табиғаттың керемет сұлулығына тамсана отырып, туған жерге деген махаббатын еске түсіре отырып жазады. Екінші кезеңде мұғалім алдарына ұсынған модель-сызбаны толтырып, диктантты ары қарай жалғастырады.
Біріншіден, дәстүрлі диктанттағыдай оқушы орындаушы, естігенін ғана жазушы емес, ең бастысы қабілетті, ізденістеріне қарай шығармашылықпен түрлендіруші орнында болды. Екіншіден, өз жұмыстарына, бір-бірінің жұмыстарына баға беруші, салыстырушы дәрежесінде көрінеді. Үшіншіден, өздерін-өздері, бір-бірін оқытушы, өз тілдерін, білімдерін өздері жетілдіруші, дамытушы іс-әрекетінде болады. Төртіншіден, бұл диктанттар тексеруге, жедел қорытынды коррекция жасауға тиімді болып келеді. Бесіншіден, алған білімдерін шығармашылықпен жаңа өнім жасауға бағыттайды. Бұл үрдіс бесінші, алтыншы кезеңдерде жүзеге асады. Алтыншыдан, қаламгер еліктеу, оның көркем тілдерін меңгеру, оны өз тәжірибелеріне пайдалану дағдылары жетіледі, тілдері дамиды.
Пәнаралық байланысқа негізделген шығарма-шылық диктанттардың тағы бір түрі – «Өзің тап». «Өзің тап» диктанты әдебиеттен өтіп жатқан көркем шығармалармен байланыс негізінде жүгізіледі. Диктант мәтінінде мұғалім сын есімдер орнына зат есім немесе сан есім орнына үстеулер т.б. жазады, оқушы дұрысын өздері табады. Диктанттың қай түрі болмасын сауаттылыққа ерекше көңіл бөлінеді. Бұл диктантта да мәтін алдыда жататын себепті тапқан сөздерін жазылу емлесі басты назарда болады. Осындай оқушылардың көру, есту қабілеттерінің дамуына да ықпал етеді. Ол оқушылардың тікелей өз іс-әрекетеріне негізделеді. Мұғалім диктант мәтінін жазып, әрқайсысының алдына тастайды. Мәселен, мұғалім мақсатты түрде 10 қате жібереді, яғни он сөзді мәтін мазмұнына сәйкес келмейтіндей немесе әдеби тілде емес, қарапайым сөйлеу тілінде ұсынады. Көбінде сөз таптарын өзгертіп береді. Оқушының мақсаты сол сөздерді тауып, орнын мәтіндегі сөздермен дәл ауыстырады. Диктанттың бұл түрі де шығармашылық жұмыстар арқылы тәл дамыту үрдісінде тиімді болып келеді. Мұғалім неше қате сөзді тапқанына қарай бағалау, коррекция жұмысын жүргізеді.
Біз өз тақырыбымызға қарай диктант әдістемесін шамалы өзгертік. Мақсаты: көп нүктенің орнына етістіктің ауыспалы шағында тұрған етістіктерді қойып жазыңдар.
Мұғалім өз мақсатына қарай диктант әдістемесін басқаша өзгертіп қолдануына болады. Екі баған етіп сөздер беріледі, Екі бағандағы сөздерден өзара мағыналарына қарай сөз тіркесін құрастырып жазады. Немесе сөйлемдегі сөздер арастырылып беріледі. Сол сөздерден оқушы дұрыс етіп сөйлемдер құрастырады.
Шығармашылық диктанттың бір түрі – «Бестік» диктанты. Өтілу моделі:
1 2 3 4 5
Сөз – сөйлем – сұрақ – жауап – жазу
Түзету жұмысынан кейін дайын болған мәтінді мұғалім қайта оқып жаздырады. Осы үлгіде диктант ары қарай жалғасады.
Оқушылар өздерінің жасап келген үлестірмелі карточкасы (жеңіл үш сөйлемнен тұратын) бойынша парталас құрбысымен жұптасып, өзара диктант жазады. Бірінші оқушы карточкаға қарамай тексереді, сонан соң карточкаға қарап тексереді де, кім тексергенін жазып қол қояды. Бұл диктант негізінде оқушы құрбысына диктант жаздыра отырып, өзінің де сауаттылығын арттарады. Себебі бір диктантты бірнеше рет жаздырып, жаттап алуға жақын қалады. Сонда оқушы әр сөздің жазылу емлесін есіне сақтап, үнемі «бестік» бағаға жазатындай дәрежеге жетеді.
Зерттеуші шығармашылық диктанттарды жүргізудің басты мақсатын былай саралайды: қазақ тілі мен әдебиетінен алған білімдерін тәжірибеде пайдалана білу дағдыларын жетілдіру; сауаттылққа, жазу мәдениетіне баулу; көркем мәтін негізінде әдеби тілін ұстарту; еске ұстау қабілетін, зейінін, дарынын, қабілетін дамыту; білімді өз ізденістері арқылы алу, өзін-өзі тану іс-әрекеттерін ұйымдастыру; тіл дамытуға негізделген шығармашылық диктанттар технологиясын жетілдіру.
Шығармашылық диктант – оқушыларды шығарма жазуға да жетелейтін бірден-бір жол. Бұл диктантқа төселген оқушылардың бойында шығарма жазуға деген икемділік, бейімділік дағдылары жетіледі. Ол үшін әдебиет пәніне жүгінудің маңызы зор.
Шығармашылық диктантты мақсатқа сай тиімді ұйымдастыру оқушы білімін тәжірибеде қолдана білуге, шығармашылық қабілеттерінің ұштала түсуіне, әдеби көркем сөйлеуіне, сауатты жазуына да түрткі болмақ. Сондай-ақ ол оқушының жазба тілін дамытып қана қоймай, олардың сөздік қорының молаюына, ойлау белсенділіктерінің артуына, өз-өзіне деген сенімдерін қалыптастырып, дарын көзін ашуға, жеке тұлға қалыптастыруда да маңызы зор. Оны жазуда мына мәселені ескеру керек: диктант мәтініне ерекше көңіл бөлу. Мәтінге қойылатын талаптарды төмендегіше саралауға болады: мәтін түсінікті, қабылдауға жеңіл, мазмұндап айта білуге қолайлы болу керек; мәтіннің өтіп жатқан, не өтіп кеткен тақырыптарға негізделгені дұрыс; оқушылардың өз ойын, көзқарасын туғызатындай деңгейде алыну; ой еркіндігіне, шығармашылық шабытына жағдай туғызу; оқушылардың шығармашылық қабілетін ескере отырып, көмек қажет ететіндеріне көмек-нұсқау ұсыну.
Шығармашылық жұмысқа кемінде бір апта дайындалу керек. Диктант мәтіні алынатын тарауға түсінік береміз, әдебиет сабағында ең негізгі жерлерін мәнерлеп, түсіндіре оқу арқылы таныстырамыз. Төменгі сыныптарда жеңіл, қызықты мәтіндер таңдалынып алынады. Қазақ тілінен өтіліп жататын материалдарды қайталап әрі мәтінді соған бейімдеп, таңдап аламыз.
Шығармашылық диктант мәтінінің бірнеше үлгілерінен мысалдар келтірейік.
Қазақ тілі. Етістіктің шақтары. 7-сынып.
Әдебиет. М.Әуезов «Абай жолы», «Қайтқанда» бөлімі.
Тапсырма. 1. Оқиғаны өз қиялыңа ерік бере отырып, ары қарай жалғастырып жазыңдар. 2. Мәтіннен етістіктерді тауып, қандай шақта тұрғандарын ажыратып, шақ түрлерің анықтаңдар.
Шығармашылық диктантты алғанда да әр сыныпқа байланысты белгіленген сөздер санын (нормасын) басшылыққа алған дұрыс. Дегенмен, оқушылар оны ары қарай өз қалаулары бойынша жалғастыру үшін сөз санын қысқартып беру қажет. Алайда оқушыға қаншалықты сөз қосу керектігін анық түсіндірген жөн. Нақтылық, тұжырымдылық – бұл диктанқа қойылатын басты талап.
Тіл дамыту – тілді оқытудағы негізгі мақсат
Тіл дамыту – оқушыны тілдік тұлғаларды дұрыс қолданып, ойын басқа адамға толық жеткізуге дағдыландыру, басқа адамдардың сөзін жақсы түсінуге үйрету. Басқаша айтқанда, тіл дамыту – қазақ тілін орыс тілді оқушының қарым-қатынас құралына айналдыру. Бұл жалпы тіл үйрету мақсатымен толық сай келеді. Орыс тілінде оқытатын мектептерде оқушының қазақ тілін дамыту ұғымына қазақ тілінің лексикалық, грамматикалық тұлғаларын меңгерту, оларды сөйлемде қолдану дағдыларын қалыптастыру, яғни қазақ тілінде сөйлеуге үйрету жатады; қазақ тілінің орфографиялық нормасын оқушыда қалыптастыру, қазақша сауатты жазу дағдысын меңгерту де осы ұғымға кіреді; сөздерді бір-бірімен дұрыс байланыстырып, сөз тіркесін жасау арқылы оларды сөйлемде дұрыс орналастырып, сөйлем құрау, сөйлем арқылы ойын басқаға жеткізу, басқаның сөзін түсіну де тіл дамыту ұғымына жатады. Сөйтіп тіл дамыту- мағынасы, көлемі кең ұғым.
Адам ойын ауызша не жазбаша түрде жеткізеді. Сондықтан оқушы тілін дамыту екі бағытта жүргізіледі: ауызша және жазбаша. Жалпы алғанда тілді оқытуда бұл екі бағыт қатар байланыста жүргізіледі. Бірақ қазақ тілін оқытудың ең алғашқы кезіңде ауызша тіл дамыту басымырақ болады. Сөйлеу тілі кейінірек жазба тілді дамытуға негіз болады.
Адамның сөйлеуінде қолданылатың тілдік нұсқалар дыбыс, сөз, сөз тіркесі, сөйлем, сөйлемдердің тіркесі. Бұлар – тілді оқытудағы негізгі мәселелер. Тіл дамытуда тіл дыбыстарын дұрыс айтуға жаттықтыру, қазақ сөздерінің айтылу нормасын қалыптастыру, қазақ тілінің орфоэпиясын меңгерту жұмыстары жүргізіледі. Ауызша сөйлеу тілінің бұл - негізгі мәселесі.
Сөз, сөз тіркесі, сөйлем – байланысты сөйлеудің құралдары. Қазақша сөйлеу үшін оқушының жеткілікті сөздік қоры болу керек, оқушы сөздерді байланыстырып сөз тіркестерін жасаудың, сөз тіркесінен сөйлем құрастырудың заңдылықтарын білу қажет. Сонда ғана байланысты ойды басқаға білдіруге, басқаның сөйлеуін түсінуге болады. Сөйтіп, сөз және сөз тіркесі бірігіп сөйлем құрамына кіріп, олардың бір-бірімен тығыз байланысы арқылы байланысты ой білдіреді. Байланысты ойды білдіретін бұл құралдар сөйлемде бір-бірімен ойдың ішкі баланысына қарай байланысқа түседі.
Байланысты сөйлеудің құралдарының тілде қолданылу заңдылықтарын оқушыға ереже түрінде емес, тәжірибе жүзінде, яғни сөйлеуде қолдануда жаттықтыру, оларды дұрыс қолдану дағдысын оқушыда қалыптастыру – тіл дамытудағы негізгі мақсат болып табылады. Сондықтан тіл дамыту осы тілдік нұсқаларды оқытумен бірге, байланыста жүргізіледі. Яғни тіл дамыту тілдік нұсқаларды, тұлғаларды оқыту барысында бірге жүргізіледі. Атап айтқанда, фонетика, лексика, грамматика салалары ереже жаттау ретінде жеке оқылмайды. Бұл тілдік материалдарды оқыту олардың қолданылуын меңгерту мақсатына бағындырылады. Оқушы қазақ тілінің тілдік материалын білмей, ойын байланысты түрде басқаға жеткізе алмайды. Сондықтан оқушыға қазақ тілінің тілдік нұсқалары таныстырылады.
Оқушыға сөздерді, тілдік нұсқаларды таныстырумен, білдірумен бірге,олардың әрқайсысының тілде қалай, қандай жағдайда қолданылатыны үйретіледі. Егер оқушы олардың қалай қолданылатынын меңгермесе, ойын қазақша жеткізе алмайды. Оқушы ойвн қазақша еркін жеткізу үшін ,тілдік нұсқалардың қалданылуын білуі қажет,біліп қана қоймай,оларды дұрыс қолдану дағдысын оқушыда қалыптастыруға бағытталады.
Сөйтіп, тіл дамыту сөйлеуге жеткілікті сөздік қорды және ол сөздерді сөйлемде бір-бірімен байланыстыратын тілдік нұсқалардың қолданылу заңдылықтарын меңгерту болып шығады. Оқушының сөздік қорын байыту тілдік нұсқалардың қолданылу дағдысын қалыптастырумен тығыз байланыста жүргізіледі.
