Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
6.Қан жүйесінің патофизиологиясы.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
4 Мб
Скачать
☆

Сүлде лейкоздар

Сүлде миелолейкоз (СМЛ) гемопоездік бағаналық жасушалардың өсіп-өнуімен сипатталатын сүлде миелопролиферациялық синдромдар тобына жатады. Бұл кезде сүйек кемігінің барлық бөліну сатысындағы жасушаларының 95%-да филаделфиялық хромосома байқалады. Дерттік өзгерістерге ұшыраған жасушаларда 9-хромосоманың c-abl-онкогені 22- хромосома геніне ауысып қонады. Ол тирозинкиназа ферментінің белсенділігі өзгерістерімен байланысты болуы мүмкін.

Сүйек кемігінде мегакариоциттердің өзгеру түріне қарай СМЛ-дың екі түрін ажыратады. Бірінші түрінде сүйек кемігінде мегакариоциттер, екінші түріне қарағанда, аз болады. Бірақ екі жағдайда да шеткері қанда тромбоциттердің саны көбейеді. Осыған байланысты сүйек кемігінде мегакариоциттердің санын анықтау арқылы СМЛ-дың миелосклерозға ауысу мүмкіндігін болжауға болады. Сүйек кемігінде мегакариоциттердің саны көп болғанда онда талшықты тіндердің өсіп-өну қарқыны және миелосклероз даму қауіпі артып кетеді.

СМЛ өтуінің үш кезеңін ажыратады:

● жетілген нейтрофилдерге дейін нақтылана алатын гранулопоездік жасу-шалардың бақылаудан тыс өсіп-өну кезеңі;

● нейтрофилдерге дейін жетілуі үдемелі баяулаған гранулопоездік жасуша-лардың өсіп-өну кезеңі;

● гранулопоездік жасушалардың өсіп-өнуі кезінде тек бластық жасушалар өндірілу кезеңі.

СМЛ-дың бұл даму кезеңдері цитогенетикалық бұзылыстармен (филаделфиялық хромосомамен) тығыз байланысты.

Бұл лейкоздың клиникалық көріністері сүйек кемігіндегі дерттік өзгерістерден байланысты болады. Сондықтан аурудың барысында ушығу және ремиссия сатыларын ажыратады.

Ушығу сатысы функциялық көріністері бойынша жіті миелолейкозға ұқсайды. Бұл сатыда сүйек кемігінде бағаналық және унипотентті (коммитациялаған) жасушалардың нақтылануын бәсеңсітетін факторлар көптеп өндіріледі. Қанайналымға түскен бластық жасушалар көптеген ағзаларға сіңбеленеді. Қалыпты қан өскіндерінің өсуі толығына жуық тежелуінен сүйек кемігінде әсіресе бүлінген миелоидтық өскін жасушаларының пролиферациясы қатты азаяды. Содан қимылдық, фагоцитоздық және бактерицидтік белсенділігі төмендеген, лизоцим, сілтілік фосфатаза, миелопероксидаза ферменттері, катиондық нәруыздары аз бүлінген гранулоциттер өндіріледі. Бұл жасушаларда гликоген болмайды. Қанның қалыпты қызмет атқаратын жетілген жасушалары тез азайып кетуінен организмнің иммундық қорғанысы әлсірейді, жұқпаларға төзімділігі төмендейді. Бластық ушығу панцитопениямен, миелофиброзбен, көкбауырдың, сүйек кемігінің қызметтері бұзылыстарымен және тромбэмболия дамуымен аяқталады.

Ремиссия сатысы әдетте сүйек кемігіндегі пролиферациялық үрдістерді дұрыс емдегенде байқалады. Ол бағаналық және унипотентті жасушалардың реттеуші ықпалдарға сезімталдығы және миелопоез жақсаруымен, организмнің иммундық қорғанысы дұрысталуымен сипатталады.

Мегакариоциттік-гранулоциттік сүлде миелоз сүйек кемігінде мегакариоциттердің көп пішінді және атипиялық түрлерінің саны дерттік көбейіп кетуі нәтижесінде пайда болады. Солармен бір мезгілде сүйек кемігінде гиперплазия дамып, нейтрофилдік гранулоцитопоез күшейеді. Сүйек кемігінде талшықты тіннің өсуі жиі байқалады. Шеткері қанда дерттің бастапқы сатысында шамалы лейкоцитоз және тромбоцитоз болады, тромбоциттердің көлемі мардымды өзгермейді.

Эритромиелоз бағаналық жасушалардың нақтыланбаған түріне ауысуы жиілеуімен және олардың өсіп-өнуі күшеюімен көрінетін дерт. Осыдан сүйек кемігінде эритроидтық, миелоидтық және мегакариоциттік өскіндердің гиперплазиясы дамиды. Содан сүйек кемігінде эритроциттердің өндірілуі қалыптыдан 5 есе артып кетеді. Бұл дерт миелопролиферациялық ауруларға жатады. Сондықтан қанда эритроциттер мен гемоглобиннің деңгейі көтеріледі, гематокриттік көрсеткіш 85%-ға жетеді, қанның тұтқырлығы артады, тіндерде микроциркуляция бұзылады. Осылармен бірге нейтрофилдік лейкоциттердің, тромбоциттердің саны көбейеді. Қанның жалпы көлемі ұлғаюдан гипертензия дамиды. Сүйек кемігінде жетілмеген эритроциттер өндіріледі және олар бауыр мен көкбауыр макрофагтарымен фагоциттелінеді. Содан бұл ағзалардың көлемі ұлғаяды, гепато- және спленомегалия дамиды. Гипоксияның нәтижесінде ағзалар мен тіндерде дистрофиялық өзгерістер дамуынан иммунитет және басқа қорғаныстық тетіктер әлсірейді, науқастарда жұқпалы асқынулар пайда болады.

Сүлде лимфолейкоз – иммундық жүйенің аналық жасушалары өспеге ұқсап өсіп-өніп кетуіне байланысты дамитын лимфалық-пролиферациялық аурулар тобына жатады. Сүлде лимфолейкоз 45-65 жастағы адамдарда кездеседі. Ол ұзақ сылбыр өтуімен, шеткері лимфалық түйіндердің, көкбауырдың және бауырдың көлемі ұлғаюымен сипатталады. Дерттік өзгеріске ұшыраған лимфоидтық тінде, сыртқы беттерінде CD5, CD6, CD10, CD22 т.б. корецепторлары бар, лимфоциттер өскіні (клоны) құрылады. Қалыпты жағдайда апоптоз дамуына әкелетін Са2+- және Mg2+-тәуелді эндонуклеаза ферментінің белсенділігі төмен болуынан моноклондық лимфоциттердің (жиі В-жасушаларының) орташа тіршілік ұзақтығы 85 тәулікке дейін ұзарып кетеді. Сүйек кемігіне ұсақ және ірі лимфоциттер сіңбеленеді, шеткері қанда лейкоциттер, негізінен лимфоциттердің есебінен, 100 х 109/л-ге дейін көбейеді. Бұл лимфалық-пролиферациялық ауру кезінде лимфоидтық тінде және сүйек кемігінде дерттік өзгеріске ұшыраған лимфоциттердің жиналуы болады. Апоптоз тежелуінен өспеге айналған жасушалардың орташа тіршілік ұзақтығы ұзарады және олар табиғи киллер, Т-киллер жасушаларының әсерлеріне төзімдірек келеді. Сүлде лимфолейкоз кезінде қанда Т-лимфоциттері азаяды. Қанда негізінен мембранасында кезкелген иммуноглобулинге рецепторлары бар В-лимфоциттері болады. Бақылаудан шығып кеткен В-жасушаларының өскінінде аденозиндезаминаза, пуриннуклеотидфосфорилаза ферменттерінің белсенділігі қатты азаяды. Биохимиялық сипттамасы бойынша қанда қартайған В-лимфоциттері тәріздес жасушалар болады. Оларда холестерин көбейген және мембраналарында фосфолипидтер, рецепторлар және антигендік анықтағыштар азайған. Өспеге айналған лимфоциттерде аминқышқылдарының сіңірілуі және нәруыздар түзілуі төмендейді, аденозин мен пиримидиндік нуклеотидтердің қайта пайдаланылуы артып, соңғыларының түзілуі көбейеді. Бұндай лимфоциттерде анаэробтық жағдайда гликолиз артқанымен АТФ, АДФ түзілулері шамамен 50%-ға кемиді. Осындай зат алмасуларының бұзылыстары нәтижесінде лейкоздық жасушалалардың көпшілігінің өсіп-өнуі азаяды. Бұндай жасушаларда пероксидаза, қышқыл фосфатаза, нуклеаза, РНКаза т.б. көптеген ферменттердің белсенділігі төмен болады. Тек аздаған лейкоздық жасушалар ғана өсіп-өну қабілетін сақтап қалады. Сүлде лимфолейкоздың патогенезінде анемия және тромбоцитопения дамуына әкелетін аутоиммундық үрдістердің маңызы артады. Аутоиммундық ушығуларды аластағанда (мәселен, көкбауырды отап тастау арқылы) сүлде лимфолейкоз қатерсіз өспе тәрізді өтеді. Осымен бұл лейкоз басқа лейкоздардың барлық түрлерінен ерекшеленеді.

Аутоиммундық ушығулар аластанбағанда сүйек кемігінде лейкоздық жасушалардың ошақтары пайда болуы миело- және эритропоездік тіндердің өсіп-өнуін тежеп қалады. Орташа тіршілік ұзақтығы 2-3 есе қысқарған гранулоциттер өндіріледі. Жасушаларда гликогеннің қоры, ферменттердің белсенділігі 2 есеге жуық азаяды, олардың қимылдық, фагоцитоздық және бактерицидтік әсерлері төмендейді. Дерттің ұзақ өтуі кезінде иммундық қорғаныстың әлсіреуі нәтижесінде лейкоздық В-лимфоциттерінің аз нақтыланатын жасушаларға ауысып кетуі ықтимал. Осыдан пролимфоциттерге немесе лимфобластарға ұқсаған қатерлі қасиет қабылдаған В-лимфоциттерінің өзбыр өскіндері қалыптасады. Бұндай жағдайларда лимфоидтық ағзаларда лейкоздық тіннің массасы ұлғаяды, шеткері қанда лейкоздық жасушалар азаяды. Бұл дегеніміз дерттің қатты ушыққанын көрсетеді. Сүлде лимфолейкоздың иммундық тежелу даму сатысының келесі бір ерекшелігі болып басқа лейкоциттердің (мәселен, гранулоциттік жасушалардың) қатерлі қасиет қабылдаған жаңа өскіндері пайда болуы есептеледі. Бұндай жағдайда сүлде лимфолейкоздың өтуі сүлде немесе жіті миелолейкоздың дамуымен ушығады. Сүлде лимфолейкозбен сырқаттанған науқастарда екіншілік қатерлі өспелердің (карцинома) дамуы да мүмкін. Сүлде лейкоздар әдетте сепсис даму сатысымен аяқталады. Науқас иммунитеттің спецификалық және бейспецификалық тетіктерінің бұзылыстарынан, жұқпалардың өршіп кетуінен жан тапсырады.