1.Қазымбет батырдың алғашқы ерлігі
Батыр бабамыздың тек ту астында тулап өлген соңғы ерлігі ғана үлгі емес, оның бала кезінен жасаған батырлықтары да өнеге. Сол бір «ақ табан шұбырынды», «Алқа көл сұлама» атанған зарлы замандарда үнемі жау шабуылына ұшырап, қырғын тауып, қан жұтқан замандардағы аталарымыз бесіктен белі шықпай жатып ат құлағында ойнап, бес жасында жай тартып үйренген. Ыстық – суыққа бірдей төзетін төзімді, баршылық пен жоқшылыққа мойымайтын қайратты болып өскен. Нағыз дала бөрілері сияқты еді. Туған жерден қуылып, қарындастан айырылып, тоз – тозы шықса да көсемдері мен батырлары елге қорған болып қана қоймай, даланың ерлікке толы заңына үйреткен ұрпағын. Амалдап ұрпақ сақтап қалып отырған. Хандар мен билеушілердің бақталас, бәсекелерінен тек қара халық зардап шеккен. Ондаған мың жас бала опат болып, ондаған мың ару жар құшағынан айырылған қасіретті кезеңді көз алдыңа елестетудің өзі қайғылы. Алмағайып замандардағы жастар ерлігін «Жау жүрек мың бала» кино фильмі барынша сомдаған. Жаугершілік заманда он үштегі бозбала «отау иесі» атанып жеке жауынгерлік жарақ пен атқа ие болған. Елі мен жерін қорғау жолында қаншама жас қыршын кетті. Біздің санамыздағы жаудан жеңіліс тауып қаза болған көп сақталмаған. Әйтпесе.... Ал ерлік ісі үлгі боларлықтай батырлардың, батыр балалардың жастардың жеңісі халық ауызында сақталынып жырланады, ұрпақтан ұрпаққа жетті...
Қазақтың қай батыры болса да бала кезін ерлік жасау мен бастаған. Аман қалғандары аңызға айналған. Жас кезінде жауды бөгеп қыршынынан қиылған боздақтарды бір соңғы жорықта Қабанбай, Боранбай батырлар еске, алып ағыл тегіл жылаған деген сөз бар.
-Егер Тоқта барлық етегінде Бұқа батырдың ұрпақтары мен сол төңіректегі елдің бес жүзге жуық жас батырлары жоңғардың алғашқы легін тоқтатпағанда, қамсыз жатқан қазақ ауылдары бас сауғалап, көшіп, тығылып үлгермес еді. Көзсіз батырлар Бұқа атасымен бірге екі күн бойы саны өздерінен бірнеше есе көп қалмақтың алғашқы қолын тоқтатқан. Солардың ішінде менен әлде қайда күшті жас батырлар бар еді, атаусыз қалды. Ал ана найман Бұқаның қос немересінің сүйегін артынан жаудан тығылып қалған ауылдың қариялары елу-алпыс қалмақ мәйітінің астынан әрең алыпты...
Иә, талай боздақ елі үшін мерт болды. Ол кезде қысылтаяңда жас та болса жауға шабуға рұқсат сұрау ата салты болған. Атақты Әбілмансұр-Абылай да он бес жасында жауға шауыпты. Енді көп созбай, Қазымбет атамыздың ауыздан-ауызға жеткен алғашқы ірі жеңісі туралы аңызды айта кетейін.
Жоңғарлардың оңтүстіктен селдей тасып, қазақ жеріне анталап енген кезі болуы керек. Орта жүзге дарынсыз хандардың бірі Сәмеке иелік етіпті.
Тәуке ханнан соң Болат хан дарынсыз болып, төбе хан билігінен айырылғаны, оның орнына өзге хандардың таласып, қазақты бөлшектегені, ақыры жоңғар шапқыншылығына ұшырағаны, тек жоңғар емес, өзгелер де қазақ даласын талауға кіріскені тарихтан белгілі сол кездерде орта жүзге қарасты ең іргелі ел найман да, көршілес керей де ата жұрттарынан шегініп, арқаға, сырдың бойына ауған кезі екен. Жетісудың шұрайлы жерінің көбін, Алтай-Тарбағатайды жоңғарлар басып алыпты. Кейінгі итшығыс ұрыстарда найман тайпасы бас болып, талай-талай ұрыс салыпты. Жоңғар қолын әлсіретіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп ес жинай бастаған екен. Осындай бір ұрыста Қазымбеттің әкесі Құттымбет батыр жараланып, қол бастауға жарамай қалады. Дәл сол кезде наймандарға жоңғарлар (көбіне қалмақтар делінеді) тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сәмеке хан тез-тез шабарман, хабаршыларын жіберіп қарсы әскер жинайды. Сол кезде бұрын қанша соғысқа қатысқанын кім білсін 17 жасар Қазымбет ту ұстап өз аталастарын әкесі Құттымбеттің орнына жауға қарсы соғысқа әзірлеген екен. Алғашында Құттымбет батыр Қазымбетті баласынып рұқсат бермейді. Сонда Қазымбет: «Әке, ел шетіне жау келсе, «жаспын» деп жата көрме», не күшім көп «баспын» деп аса көрме» шайқас, жеңемін деп алыс, батыл бол, жеті атаң жеңіліп көрмеген жаудан, бәрі де өз ажалынан өлген. Қорыққанды оқтың өзі іздеп табады»-деп айтатын ақылыңыз қайда? Мен бала емеспін. Батаңызды беріңіз тездеп, Сәмеке ханның қолына уақыт оздырмай қосылуымыз керек,-деген екен. Сонда қарт батыр орынынан тұрып:
Тапсырдым бір өзіңді хақ тағалла,
Аттанды қан майданға бір жас бала.
Сол балама оң сапар берсін алла,
Қолдасын аруағы ата-баба.
Ел қорғау ұрпағыма болған мұра,
Аталар көп айқасқан жаумен дара.
Солардың жолын берсін хақ
тағала,
Қорғаса ата аруағы жау ала ма.
Я, Алла балама аброй мен қайрат
бер,
Жеңімпаз атандыр да айбат бер.
Рұқсат, ақ батамды бердім балам,
Дұшпанды малша қуып, айдап кел,-деген екен.
Бес мыңдай қолға қарсы екі мыңдай жауынгер дайындап үлгерген Сәмеке ханға жас Қазымбет келіп қосылады. Ертеңінде жау жағы жекпе-жек сұрайды.
Сонда 17 жасар Қазымбет хан алдына барып, жекеге шығу үшін бата сұраған екен.
Хан:
-Әй, балам, сен тым жас екенсің, Анау қалмақтың бас батыры Жолан талайды көрген жырыды, алапат күш иесі. жасы да анағұрлым үлкен. Өзіңе-өзің сенбесең шықпай-ақ қой. Жеңіліп, опат боларсың,-депті.
-Жоқ, хан ием! Мен өзіме-өзім сенемін. Жіберіңіз, бата беріңіз,-депті жұлқынып.
-Тұла бойың тұнған күш, жүректі жассың мәрт мінез. Жеңіп жауыңның басын қырқ. Опасыз дұшпан табаныңда болсын, бар балам,-депті Сәмеке хан.
Жекпе жекке шыққан қалмақтың бас батыры Жолан жас арыстандай күжірейген жалынды жас батыр Қазымбеттің көзіне көзі түсіп, ажалы келгенін сезгендей бірінші болып, кезек сұрайды. Қарсыласының мысы басып, құты қашып жоңғар жебесі адасып далаға кеткен екен.
Кезегін алған Қазымбет батыр қозы жауырын жебесін шірей тартқанда, оқ қақ жүректің тұсынан өтіп, Жолан жерге өкіріп құлайды. Жас батыр қолма-қол қалмақ батырына жетіп барып басын кесіп алыпты. Мұны көріп тұрған қалмақ ханы Зерен Қазымбетті қоршап, қолға түсіруге бұйырыпты. Арыстанша алысқан жас батырды өзгелер келіп құтқарған екен. Жоланның басын Сәмеке хан алдына тастаған батырға барлық сардарлар мен сарбаздар риза болыпты. Саны аз болса да жас батыр ерлігі мен жігерленген қазақ қолы жоңғарларды жеңген екен. Осы жеңістен кейін 17 жасар Қазымбет Сәмеке ханның жасағына бас қолбасшы болады. (Шежіреші қария Дүйсен Нүрпейісовтың қол жазбасындағы деректер бойынша). Осыдан кейінде жоңғар-қазақ арасындағы қантөгіс ондаған жылдарға созылды. Ірілі-ұсақ сансыз ұрыстар болды.
Соның көбі тарихшылардың айтуына қарағанда Аягөз-Алакөл маңында болған. 1723-27 жылдардағы ірі соғыс Аягөз өзенінен он шақырым Қарауыл маңында өткен. Онда қазақ хандарының алауыздығынан қазақ әскері жеңіліс табады. Оның алдында Балқаш пен Алакөл аралығында Аягөз өзенінің Балқашқа құяр сағасында қанды қырғын болған. Алакөлден Солтүстікке қарай Қарақол тұсында, одан кейін үш Ақшәулі төңірегінде (Тарбағатай тауының етегі), Еңірекейде, Ащысуда, Тарбағатайдың Өкпетісінде, Қабанбай асуында болған жерді қайта азат ету жолындағы ондаған жылдарға созылған ұрыстарға қолбасы, он мың басы ту ұстаушы болып қатысқан Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп ел қорғапты. Қазақ жерін жаудан азат ету жолында соңғы ұрыста 69 жасында Қазақ жасағының туын шықпай, ту түбінде мерт болған. Қазымбет пен аты аңызға айналған Аягөз өңірінен шыққан батырлар ерлігін толық зерттеген ешкім жоқ. Дегенмен, Қабанбайдан бастап, Ақтамберді, Ер Еспембет (Жеке батыр), Орыс батыр, Шыңқожа, Шанышқылы Бердіқожа, Қасабай, Бөдес, Барақ, Кедей батырлар мен сонау Нарынбай, Құттыбай, Ақтайлақ, Аққожа, Төбет сияқты батыр-билерді тізбелей берсек том-том кітап болар еді...
Енді Қазымбет бабамыздың екінші бір өмірінен аңыз болып жеткен деректен үзінді келтіре кетейік. Өйткені, ол туралы осы журналдағы еңбектерде кеңірек айтылған. Мен оның тек үлгі боларлық жерінен ғана мысал келтіремін.
